«Күміс ғасыр» ақындарының Музасы – Саломея Андроникова
Оның таңғажайып әрі ұзақ өмірі – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы орыс интеллигенциясын құрушылардың жанында керемет оқиғаларға, жаңа таныстықтарға және шексіз достастыққа толы болды. Ол ақын да, биші де емес еді, сурет те салған жоқ, ол тек қана барлығы ғашық болған, сүйген, өлең арнаған сұлу бикеш болатын.
Как спорили тогда — ты ангел или птица!
Соломинкой тебя назвал поэт
Равно на всех сквозь черные ресницы
Дарьяльских глаз струился нежный свет.
Анна Ахматова
Бір күні кешқұрым уақытта Саломеяны Блок байқап қалады...
«Кенет ғайыптан келгендей есіктің көзінен әйелдің жіңішке сұлбасы пайда болды. Оның жаны шаттыққа толы еді. Демек бұл түс емес! Қанша күннен бері дәл осы уақыт, дәл осы сағатта мейрамханаға осы бір бейтаныс ару кіретін. Масаң тобыр бір сәтке үнсіз қалды. Еркектер жібекке оранған әсем мүсінді қызғаншақ көздерімен ішіп-жеп қоярдай қарайды. Ал, қыз болса ешкімге де мойын бұрмай, жеп-жеңіл жүрісімен терезе алдындағы үстелге барып жайғасқан еді. Аққайнар сұратты. Содан соң өзіне тесіле қараған сан көзге назар да аудармастан, шараптан ұрттады. Ара-тұра айналасына көз тастап қоятындай. Ақын сұлудың көзіне іліккісі келіп қанша тырысқанмен де, ол байқар емес. Түпсіз алысқа қарайды. Ақынның: «И очи синие бездонные цветут на дальнем берегу...» , - деп мұңаюы да содан. Ақын қойнынан дәптерін шығарып, жүрегін жарып шыққан жолдарды жылдамдатып жаза бастайды:
И каждый вечер, в час назначенный
(Иль это только снится мне?),
Девичий стан, шелками схваченный,
В туманном движется окне.
И медленно, пройдя меж пьяными,
Всегда без спутников, одна,
Дыша духами и туманами,
Она садится у окна.
И веют древними поверьями
Ее упругие шелка,
И шляпа с траурными перьями,
И в кольцах узкая рука.
И странной близостью закованный,
Смотрю за темную вуаль,
И вижу берег очарованный
И очарованную даль.
Сол кеште Блоктың «Незнакомка» деп аталатын ғажайып туындысы өмірге келді...
Саломея Николаевна Андроникова (Андроникашвили) 1888 жылы Тифлисте дүние есігін ашқан. Саломеяның әкесі Иван (Нико) Андроникашвили (1862-1947) агроном, қоғам қайраткері болған екен. 1887 жылы Мәскеудегі орман академиясын бітіріп, он үш жыл бойы өсімдіктерді бітеден қорғау жөніндегі Кавказ комитетінің бас сарапшысы болып жұмыс істейді. Ақын А.Плешевтің немере қарындасы Лидия Николаевнамен ол Петербургте танысады. Лидия Николаевнаның алғашқы некесінен қайғылы жағдайда үш баласы қайтыс болған. Ол Николайдан үлкен еді, бірақ өзінің бірінші күйеуін тастап, Николай Захариевичпен бірге Тифлиске келеді. Оны шексіз жақсы көреді. Николай мен Лидия отыз жылдан астам бірге өмір сүріп, Саломея, Мариам және Яассе есімді сәбилерін дүниеге әкеледі.
1970 жылдардың бірінде белгілі тбилиси коллекционері Папун Церетелиге жолдаған хатында Саломея анасы жайлы: «Оның тегі орыс болатын. Өте әдемі, өте ақылды әйел еді. Бізді орыс дәстүрінде тәрбиеледі. Әкем біздің тәрбиемізге аса қатысы жоқ еді. Ол анамды жақсы көрді, оған шексіз сенетін. Мен үйдің үлкені болғандықтан, түрім, келбетім әкеме ұқсаған. Бірақ мінезім анамдыкі. Сіңілім Машенька грузиялыққа көбірек келеді. Ал інім елуде елу. Біз үшеуміз де өте бауырмал болып өстік. Мен үлкен болғандықтан, жауапкершіліктің бәрін көтердім», - деп жазады.
Андроник тегі – отбасылық аңыздары бойынша, Комнин әулетінен шыққан Византия императоры Андроник (1113 — 1185) есімімен тығыз байланыста болса керек. Саломеяның әкесі Николай Захарьевич Андроников қарапайым агроном болып істеп, тек қана адал еңбек етіп, балаларын оқытуды мақсат еткен бейнетшіл әке болған.
1906 жылы уыздай жас қыз Саломея Ресей империясының астанасына келеді. Мұнда туыс әпкесімен бірге үш бөлмелі пәтер жалдап тұрып жатады. Және де сол пәтерлерін әдеби ортаға айналдырады. Ол жерде талай жазушылар, ақындар, актерлер қонақ болған. Солардың ішінде өткен ғасырдың жарқын әрі жұмбақ тұлғаларының бірі Зиновий Пешков та бар еді. Ол пролетарлық жазушы Максим Горькийдің өкіл баласы болатын. Зиновий мен Саломея бір-бірін ұнатып, 1907 жылы шаңырақ көтермек болғанда, Саломеяның әке-шешесі қарсы болып, қыздарын өзінен он сегіз жасқа үлкен бақуатты Павл Семёнович Андреев деген көпестің етегінен ұстатып жібереді. Бірақ кейіннен күйеуі өзінің туыс әпкесіне, содан соң туған сіңлісі Машенькаға да көз сала бастағанын байқап, бірден ажырасуға арыз береді. Қып-қысқа отбасылық ғұмырларында олардың Ирина есімді қыздары дүниеге келген.
Мандельштамның Музасы.
«Достыққа деген үмітпен, Анна Ахматова».
Петербургке барып Саломея көптеген ақындармен, суретшілермен танысады. Әдеби ортада оны бәрі құрметтей бастайды. Теффидің мемуарлық жазбаларынан (1913) Саломея жайлы мына бір жолдарды кездестіруге болады: «Украшением вечеров, как всегда, была Саломея Андреева (Андроникова) -
не писательница,
не поэтесса,
не актриса,
не балерина
и не певица.
— сплошное не.
Но она была признана самой интересной женщиной нашего круга...»
Әйгілі ақын Осип Мандельштам оған арнап қаншама өлеңдер жазды. Өнертанушы И. Дзуцева: «Петербургтік сұлу Саломея Андроникованың әсерімен Мандельштам поэзиясында Грузияның картинасы жасалды», - деп баға береді:
Я научился вам, блаженные слова:
Ленор, Соломинка, Лигейя, Серафита.
В огромной комнате тяжелая Нева,
И голубая кровь струится из гранита.
Декабрь торжественный сияет над Невой,
Двенадцать месяцев поют о смертном часе.
Нет, не соломинка в торжественном атласе
Вкушает медленный томительный покой.
В моей крови живет декабрьская Лигейя
Чья в саркофаге спит блаженная любовь.
А та, соломинка — быть может, Саломея —
Убита жалостью и не вернется вновь!
Осип Мандельштам. «Соломинка»
Анна Ахматова өзінің «Четки» жинағын «Достыққа деген үмітпен» деп жазылған қолтаңбасымен сыйға тартады. Ақын Саломеяға арнап өлең жазады:
Всегда нарядней всех, всех розовей и выше,
Зачем всплываешь ты со дна погибших лет?
И память хищная передо мной колышет
Прозрачный профиль твой за стеклами карет.
Как спорили тогда — ты ангел или птица,
Соломинкой тебя назвал поэт,
Равно на всех сквозь черные ресницы
Дарьяльских глаз струился нежный свет.
О тень! прости меня,
но ясная погода, Флобер, бессонница и поздняя сирень
Тебя, красавицу тринадцатого года,
И твой безоблачный и равнодушный день
Напомнили, а мне такого рода
Воспоминанья не к лицу. О тень!
А. Ахматова. «Тень»
1917 жылдың жазында ақын досы Сергей Рафалович Саломеяны жөргектегі қызымен бірге Қырымға ертіп апарады. Сол жерде суретші Василий Шухаев Саломеяның портретін жазады. Сол жылдың қыркүйегінде ол Тифлиске оралады. Бұл жақта да Саломея ақындар мен музыканттардың, артисттердің ортасында жүреді. Тіпті ақын С. Городецкиймен, досы Сергей Рафаловичпен бірігіп ай сайын «Орион» әдеби-поэтикалық журналын шығара бастайды.
Саломеяға «Көгілдір мүйіз» деп аталатын грузиндік әдеби қоғамдастықтың көшбасшысы Григола Рабакидзе «Офорт» атты өлеңін арнап жазады:
Кровавый хмель гранатов зноя
Зовет всех женщин на разгул.
И слышен, слышен темный гул
Любовных помыслов в ночноя.
Горит тигрица Саломея
В садах, у дикого куста,
Зовя любовь, янтарно млея
Целует мертвые уста.
«Сізді өте жақсы көремін... Сіз маған шексіз ұнайсыз.
Марина Цветаева».
Революция мен Азаматтық соғыстың салқыны Саломеяны айналып өтпеді. Басқа да жүздеген зиялы қауым шеккен рухани да, физикалық тұрғыдан да ауыр соққан азапты бейкүнә бикеш те көрді. Бұған 1923 жылы жазған Георгий Ивановтың өлеңі де куә:
Январский день. На берегу Невы
Несётся ветер, разрушеньем вея.
Где Олечка Судейкина, увы,
Ахматова, Паллада, Саломея?
Все, кто блистал в тринадцатом году —
Лишь призраки на петербургском льду.
Революцияның желі Саломеяны Украинаға, Қырымға, Грузияға, тіпті Парижге де айдап әкелді. Осынау соқтықпалы, соқпақты жолында Саломеяны Харьков түрмесінде жатқанында Зиновий Пешков шығарып алған еді. Зиновий ол кезде Францияның елшілігінде қызмет жасайтын. Ғашығының түрмеге қамалғанын естігенде, өкіл әкесі әйгілі «революция дауылпазы» Максим Горькийге «Әке! Ленинге ме, Троцкийге ме, тіпті Карл Маркске қоңырау шаласың ба, әйтеуір, Харьков түрмесінен Саломея Андроникованы құтқар!» деген мәтінде телеграмма жолдайды. Саломея түрмеден босатылып, ары қарай өмір сүруді жалғастыра береді. Яков Свердловтың бауыры, Максим Горькийдің өкіл баласы, болашақ бригада генералы, Франция елшісі, Шарль де Голльдің серіктесі, Францияның жоғарғы ордендерімен марапатталған Зиновий Пешков 1922 жылы Саломеяны Парижге әкеледі. Олар ұзақ уақыт ғашықтар болып жүре алмайды, бірақ, ешқашан достық қарым-қатынастары үзілмейді.
1925 жылы Парижде Саломея атақты адвокат, либерал, Уақытша үкіметтің экс-басшысы, А.Ф. Керенскийдің жақын досы – Александр Яковлевич Гальпернге тұрмысқа шығады. Енді өз тегіне Гальперн тегін де қосады. Ол Парижде де өз орнын таба білді. Сөз жетпес сұлулығының арқасында манекен болып жұмыс істей бастайды. Ал, жолдасының дәрежесі Саломея үшін көптеген кәсіпкерлер мен аристократтардың үйінің есігін ашады. Солай бола тұра, ақиқатын айту керек, Андроникова-Гальперн ханым өзінің жастық шағын, жарқын жылдарын бірге өткерген достарын ешқашан ұмытпайды.
Париж өмірі Саломеяны Марина Цветаевамен таныстырды. Ол Цветаеваға рухани тұрғыда да, материалдық жағынан да үнемі көмектесіп тұратын. Қиналғанында ақша беретін, поэтикалық кештерінің билетін тарататын. Ал, Цветаева үшін ол Музаға айналды. Бір хатында: «Сізді өте жақсы көремін... Сіз маған шексіз ұнайсыз» (22 наурыз 1931) – деп жазады. Тағы бірде: «Күштінің әлсізге, әлсіздің күштіге тартылыс заңында Сізді үнемі әлсіздер жақсы көреді», - деп ағынан жарылады.
Саломея бірде суретші Зинаида Серебрякованың Ленинградта шығармашылығында тоқырау болып, қарапайым өмір кешіп жатқанын естіп, 1926 жылы сол баяғы өзіне адал Зиновий арқылы Францияға алдыртады.
Күміс ғасыр ақындарына шабыт сыйлаған таңғажайып әйел
1940 жылға дейін Саломея Париждің Колизе көшесіндегі пәтерде тұрмыс кешіп, Вожеля журналында қызмет жасайды. 1940 жылы немересімен бірге жолдасының қызмет жайына байланысты Америкаға көшіп барады. Коммунист қызы Ирина мен француз армиясында қызмет еткен орыс күйеуі екеуі нацисттік тұтқынға түскен болатын.
Кейін С.Андроникова «Ақымақ болдым. Отанымды ең қиын шақта тастап кеттім», - деп өкінген екен. Десе де, грузиялық ақылына көркі сай бекзада өмірінің соңына дейін Ресейді, Грузияны сағынады.
Жылдар өтеді... Саломея Андроникова-Гальперн Лондондағы Челси-Парк-Гарденс көшесінде орналасқан өзінің жайлы, жарық, әдемі жиһаздармен жабдықталған үйінде тұрып жатты. Оның өмірінің соңғы жылдары туралы Лариса Васильева: «Біз оның кең ас бөлмесінде кешкі ас ішіп отырмыз. Ол әдеттегідей өзінің аспаздық шеберлігімен тағы да тәнті етеді. Саломеяның бойы ұзын,сұрша келген, белі қыз күніндегідей қылдай, шашын қысқа ғып қиған, бұйра, ерні қызғылт, Батыс халқының ғұрпымен үстіне қонақ күту үшін ұзын көйлек киген», - деп бейнелейді.
«Кешкі ас уақытында үнемі ұзын көйлек киемін. Бұл қонақтың бар-жоғына байланысты емес. Әдеттеніп кеткенмін. Жо-жоқ, сіз мені Ресейге турист ретінде шақырмаңыз. Мен таңертең Петроградта, не Ленинградта оянсам, жан-жағымның бәрі орысша сөйлеп жатса... Не болады дейсіз ғой? Өліп кетсем де, арманым болмас еді ғой!»
1982 жылдың мамыр айында лондондық «Таймс» газеті: «Лондонда сегізінші мамыр күні орыс поэзиясының Күміс ғасыр ақындарына шабыт сыйлаған таңғажайып әйел Саломея Николаевна Андроникова 94 жасында дүниеден озды. Ол өз дәуірінің ең сұлу бикеші еді... » - деп суық хабар таратады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.