Мәшһүр Жүсіп жаңа мен ескі заман әдебиетінің алтын көпірі іспетті. Мәшһүр шығармашылығына қазақ әдебиетінің алыптары аса зор мән бергенін басында айтқанбыз.
Аса зерделі жанның асыл қасиетін терең сезінген Мұхтар Әуезов: «Өз шығармаларын былай қойып, басы ашық үлгілерді жазып алып, біздің дәуірімізге жеткізген еңбек Мәшһүрде мол екенін және естен шығармауымыз керек. Сондықтан қазақ жазба әдебиеті мен ауыз әдебиетінің ғылымдық бір саласы историография бөлімінде Мәшһүрдің ол түрдегі еңбегіне әрдайым орынды баға берілуі шарт»,- деп жазған екен. Мұхтар Әуезовтей Мәшһүрдің қадір-қасиетін соншама терең түсінген қазақ аз шығар деп ойлаймыз. /1,154/
Өйткені, Мұхаңның өзі Асан қайғы, Жиренше шешеннен бастап, мақал-мәтел, тұрмыс-салт жырлары дейсіз бе, эпос, лиро-эпос дейсіз бе - бәріне қалам тартқан ғұлама ғой. Әсіресе, Мұхтар Әуезовтің ауыз әдебиетімізді тегі мен түріне қарай ажыратып, әрқайсысына анықтама беруі, оларды ішінара топтауы ғажап құбылыс. Мұхаңның төл әдебиетіміздің саф алтындай қорына жан-жақты зерттеу жүргізе отырып айтқан ғылыми пікірі өзінің нақты шындығымен қымбат. М.Көпейұлының ел аузынан жинаған баға жетпес қымбат дүниесін тұтас ақтарып, жете зерттеген, Сәбит Мұқанов әсіресе оның шежіресіне қатты қызыққан. Соның ішіндегі аңыз әңгімесіне тосыннан айтылатын тапқыр сөздер мен өткір қалжыңына ден қойып, көңіл бөліпті.
Мұхтар Әуезов былай дейді: « ХҮІІІ ғасырда жасаған ақындардың ішінен жыры көп сақталған Бұқар жырау. Бұқардың жырларын сақтап, тарих алдында ерекше еңбек сіңірген адам - Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. Бұқардың жырларын жазып алған Мәшһүр Жүсіп «Мес» жинағына қарасаң, көңілің тояттайды, оқысаң көзің қуанады.Әсем көшірілген қолжазба Мәшһүр махаббатына лық толы. Ол көне қолжазбаның әрбір сөзіне дейін жеткізуге, қазақ тілінің алтын қорын шашпай-төкпей сақтауға тырысқан.»,- деген осы екен-ау деп қызығыпты. /1,156/
Мәшһүр Жүсіптің екі томдық еңбегін жинақтап, бастыруда үлкен еңбек сіңірген Сәрсенбі Дәуітовтің еңбегіне зор баға берген қазақ әдебиетінің ақсақалы Әбділдә Тәжібаев былай дейді:
«Қазақ зиялыларының, ішінде Мәшһүр Жүсіп Көпеевті білмейтіндер жоқ шығар. Әрі ақын, әрі ақылгөй жан ұлы Абайға ілесе шықты да осы данышпан ұстаздың ағартушылық жолын берік ұстанды, ақындық мұратын да өзіне мұрат етті.
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда, кім болам?!—
деген жойқын өнерлі ақын Сұлтанмахмұтты Абайға жалғастыратын ортада осы Мәшһүр Жүсіп тұр.
Көпеев 1900 жылы «Қанды жексенбі» атты өлең жазып, бұл тақырыпта бірінші болып қалам тартты:
Орысты туған бауыр есептедім,
Жыланды келіп қондым мұжығына,-
деп те ол Қазан төңкерісіне дейін бірінші айтқан. Осының бәрі Көпеев шығармаларын тексеру, тану үстінде ұзақ зерттеліп, ұзақ айтылуы керек. Біз бұл жерде, әрі ақын, әрі ғалым әдебиетшінің қазақ фольклорын жинау, жүйелеу жөніндегі ерекше еңбегіне ғана аздап аялдаймыз.
Сәбит Мұқанов ілгеріде жазған «Халық мұрасы» атты белгілі кітабында Мәшһүр Жүсіптің көне мұраны жинаудағы зор еңбегін биік бағалап былай деді: «XVIII ғасырда жасаған ақындардың ішінен жыры мол сақталған Бұқар жырау. Бұқардың жырларын сақтап, тарих алдында ерекше еңбек сіңірген адам Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Осы очеркте біз пайдаланған жырлардың бәрі Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының қолжазба қорында сақтаулы. Мәшһүр Жүсіптің «Мес» деп аталатын жинағынан алынып отыр. Бұқардың жырларын жазып алған Мәшһүр Жүсіп: «Бұқарекең сөйлеген уақытында сөзі мұндай жүз есе, мың есе шығар. Бізге келіп жеткен тамыры ғана»,- дейді. Негізінде Бұқардың бұл мұраларын алғаш жазып алған қазақ жерінде Мәшһүр Жүсіптен басқа бұрын-соңды ешкім болған емес. Шоқан Уәлиханов өзінің орыс тілінде жарияланған шығармалар жинағында «Бұқар жыраудың Абылайға айтқаны» деп аталатын бірнеше өлеңін келтіреді. Бұқардың барлық шығармасы сол кездегі халықтың тілегінен туған. Ол тілек қазақ халқының жер бостандығы, ел бостандығы, тәуелсіздігі, тыныштығы, шаттық тұрмысы».
Қолжазба қорындағы «Мес» жинағына қарасаң көңілің тояттайды, оқысаң көзің қуанады. Өшпестей сиямен әсем көшірілген қолжазба Мәшһүр махаббатына лық толы. Ол көне мұрамыздың әрбір сөзіне дейін жеткізуге, қазақ тілінің алтын қорын шашпай-төкпей сақтауға тырысқан.
«Мес» жинағындағы асыл қазынаны бірінші рет барлық ынтасын салып көшіріп, таңдаулыларынан жинақ. жасап, ұсынып отырған жас ғалым Сәрсенбі Дәуітов. Бұл - баланың атаға деген махаббатын дәлелдейтін асыл қасиет.
Ол «Местен» алған материалдарды жіктегенде шартты түрде алты топқа бөлген: 1. «Тұрмыс-салт жырлары». 2. «Аңыздар». 3. «Ақын-жыраулар туралы». 4. «Айтыстар». 5. «Ертегілер». 6. «Батырлар жыры». Бұлай бөлу әдебиет ғылымында әбден қабылданған. Мұхтар Әуезовтің жіктеуіне үйлесіп жатыр. Айтуға оңай, оқуға жеңіл.
Осы жинаққа кірген материалдардың қайсысын алсақ та өзімізге таныс, көптен білетін нәрселеріміз сияқты. Ал оқи келе не бір сөз маржандарына кезігеміз. «Ер Көкше» туралы жырдың бітімі бөлек, айтылуы да тамаша. Бұл жырдан халықтық эстетиканың бұқаралық тенденциясын терең аңғарамыз. Осы тұрғыдан қарағанда жинаққа енген барлық материалдардың біз білетіндерден өзгешелігі ерекше мол: жаңа сөздіктер, сөздің жаңа тіркестері, образдылықтары, тың ырғақ, тың ұйқастары, ой тұжырымдары керемет көп кездеседі.
Мәшһүр Жүсіп жинаған көл-көсір дүниенің бір тобын іріктеп С.Дәуітовтің осындай қызықты жинақ жасағаны дұрыс, болған. Мұның мәдениет үшін де, ғылым үшін де маңызы зор демекпіз.»-, деп орынды бағалайды. /2,3-4/
Мәшһүр Жүсіп Көпеев есімінің ел ішінде аңызға айналуына ақындығы ғана емес, халық ауыз әдебиетінің үлкен жанашыры болғандығы да себеп болса керек. Біз бүгінгі әңгімемізде оның осы өнері жайында сөз қозғамақпыз. Ол ауыз әдебиетінен еліміздің барлық өткен-кеткен жағдайын, тұрмысын, салт-санасын, бай дәстүрін, қилы-қилы тағдырын байқай білген зерделі жан.
Фольклордың осындай көп астарлы, терең мағыналы жағын жан-жақты зерттеген М. Әуезов: «Замана толқыны тарих теңізінің жағалауына көркем өнердің баға жетпес меруерт-маржандарын қалдырды. Бұл бағзы заманнан қалған архитектуралық ескерткіштер, грек храмдары, мысыр пирамидалары, қытай сарайлары, скульптура, лағыл тастар мен мәрмәрден жасалған кереметтер, өткен дәурен адамдарының жай-күйін аңыз етіп шертетін сурет пен музыка. Бірақ сол асылдардың асылы - адам баласының рухы мен ақыл-ойын барша ұрпаққа паш еткен ескірмес, өлмес, өшпес өлең-жыр »,- деп ғылыми тұрғыдан терең талдау жасайды.
Міне, сол өлең-жырдың, басқа да сөз асылының халық өміріндегі рөлін жете түсінген Мәшһүр оны жасынан құлай сүйген, жаттап өскен, хатқа түсіріп сақтай отырып кейінгі буынға жеткізген. Бүгінде Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорында ол жинаған қыруар мұраның бар екенін атап айтуға тиіспіз. Көпті көріп, көп оқыған білгір ақын бұл асыл мұралардың «Үлгілі сөз», «Бата», «Жар-жар», «Беташар», «Сыңсу», «Жоқтау», «Қара өлең», «Қайым өлең», «Айтыс», «Бақсының сөзі», «Өтірік өлең», «Жақсылардың мысал сөзі», «Тақпақ», «Мақал-мәтелдер», «Шешендік сөз », «Лиро-эпос», «Батырлар жыры» сияқты түрлерін хатқа түсіріпті.
Халық мұрасын жинаушы: «Сияның құрамына мышьякты қосып сауытпен жазамын. Сонда менің қолтаңбамнан ешбір жазу көрінбей қалмайды және өшпейді»,- дейді. Ол өзі айтқандай, өшпейтін сиямен күні-түні жаза берген, жаза берген. Әрбір жазғанында тілге тиек етілген ақындарға өзіндік бағасын да беріп отырған.
Мәшһүр Жүсіптің көне мұраны жинаудағы орасан еңбегі деп XVIII ғасырда өмір сүрген Бұқар жырау мен Көтеш, Абай, Ұлбике, Күдері қожа, Жанақ ақынның т. б. сақталған жыр, толғауларын атар едік. Бұқардан қалған сөз маржанын Мәшһүрге дейін хатқа тұтас түсіруші болмаған. Тек Ш. Уәлиханов «Бұқар жыраудың Абылайға айтқаны» деп аталатын өлеңдерін кітабында келтірген.
Ал Бұқар жырау жайында Мәшһүр Жүсіп былай дейді: «Бұқар - Қаржас, Алтынторы Қалқаман батырдың баласы. Бұқар жырау атанған қария тоқсан үш жасында Абылайханның алдында жыр толғаған. Өз заманындағы жандар бұл кісіні «Көмекей әулие» деседі екен. Бір сөз білмейді, тек сөйлесе көмекейі бүлкілдеп жырлай бастайды екен. Сол Бұқарекең Абылай ханға айтқан екен. «Сенен бұрын жеті ханды жебеледім, Еңсегей бойлы ер Есімге де жолдас болдым. Сен оның бір түстігіне де жарамайсың»,- дейді екен. «Абылай хан жорыққа аттанбақшы болса, Бұқарекеңді алдырып, «Жұлдызың оң ба»,- деп айдың, күннің сәтін сұрайды екен. Сәде көріп беріңіз дейді екен. Сары бура келіп, сенің туыңның түбінде тұрып, пәлен жаққа қарай шабынды десе, сол айтқан жағына бет алып аттанса, шауып, жаншып келеді екен. Жоқ, Сары бура келгеннен туыңның түбінде шөгіп, мойнын жерге салбыратып жатып алды десе, аттанбайды екен» ,— деп Мәшһүр Жүсіп Бұқар жырауды әрі жырау, әрі көріпкел әулие етіп суреттейді.
Абайды әдебиет әлемінде Абай еткен Мұхтар Әуезов, Шоқанды Шоқан еткен С.Мұқанов дейтін болсақ, Бұқар жыраудың жауһар шығармалары бар асылымен мөлдіреп бүгінгі ұрпаққа жетуге барынша мол үлес қосқан адам-Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы болып табылады.
«ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақ әдебиетінің жаңа кезеңі – жазба әдебиеті басталады. Жазба әдебиетінің негізін салушы есімі Мәшһүр деген атпен белгілі болған Жүсіп Көпеев... өз руымен өзін мадақтайтын ақындардың ертеден келе жатқан дәстүрінен ірге теуіп, алғашқы рет Жүсіп Көпеев халықтың мұңын жырлай бастады. Мәшһүр Жүсіп өлеңді жазып шығарады, мұның өзі қазақ әдебиетінің тарихында халықтық сипаттағы жаңа бағыттың дамуына зор түрткі жасады. Бұған мысал ретінде сол кездегі талантты жастардың бәрі Мәшһүр Жүсіпке еліктегенін айтсақ та жеткілікті. Бұрын өлең көпшілік алдында ауызша айтылатын, ал ақын атану үшін біреумен айтысқа түсетін, жыршы міндетті түрде суырып салма ақын болуы шартты еді. Енді Көпеев өлеңдері оқырмандарға жазбаша түрде ұсынылады, ақын деген сөз тек ақын-жырауларға қатысты емес, өлең жазуға қабілетті талант иелеріне де қолданыла бастады.
“Көпеев өлең де, қара сөзде жазған. Оның көптеген публицистикалық мақалалары Омбы қаласында шығатын «Дала уәлаяты »газетінде басылып тұрды. Көпеев шығармалары жазба әдебиетпен қатар, дамыған ауыз әдебиетіне ықпал ете алмады. Бірақ ауыз әдебиетінің өкілдері қаншама күш-жігер жұмсағандарымен, бұрынғы деңгейде тұра алмады,- десе, зерттеушінің пікірі негізінен дұрыс деп білеміз. Алайда қазақ жазба әдебиеті тек Мәшһүр Жүсіптен басталады, ақын соның негізін қалады деген сияқты үзілді-кесілді тұжырым ұшқары айтылған дүние.” Ал ақынның әдебиет алдындағы ерекше қызметі мен сол кездегі жас ақындарға әсер ықпалының болғанын Белослюдов өз пікірінде орынды көрсеткен.
Мәшһүр Жүсіптің қоғамдық-саяси өмірге, әлеуметтік-тұрмыстық тірлікке арнап, ел-жұртың қамын ойлап жазған лирикалық өлеңдері өте мол. Ақын өз кезінің кем-кетік, олқы соғып тұрған жағын тебірене жырлаған, әсіресе оқу-ағарту мәселесіне қатты көңіл бөліп, бүкіл ел-жұртты оқу-білімге, өнерге, еңбекке шақырғаны сол кез үшін аса маңызды, аса қажет кезек күттірмейтін мәселе еді. Ақынның осындай мәнді өлеңдерінің қатарына: біз оның: «Ақ қағаз, қалам, сия», «Ырыссыз жоқ нәрсеге ерінеді», «Түркістан, Ташкент сапары хикаясы», «Жылым – қой, тауық жылы мен үш жаста», «Мәшһүр атты қалай алғандығы туралы», «Момынның әйеліне шығарғаны», «Салдым айғай», «Анама хат» секілді туындыларын жатқызамыз.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының саналы ғұмырында бір сәт те қолынан қаламы түсіп көрмеген, бір жағынан жазып, екінші жағынан өнер-ғылым үйреніп, жатпай-тұрмай ізденіп жүріп, Қазан төңкерісіне дейін 1907 жылы бір жылдың ішінде үш бірдей кітабы жарық көрген. Олар: «Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз», «Сарыарқаның кімдікі екендігі», «Хал-ахуал». Ақынның жоғарыда аталған үш кітабы да дерлік өлеңнен тұрады. Жалғыз-ақ «Сарыарқаның кімдікі екендігі» атты туындысында: «Күнбатыстың – Сырдария, күншығысы –ұзын аққан Ертіс оңтүстіктегі– Жетісуы, солтүстігі – Еділ, Жайық сол төрт судың арасы заман хадымда дешті қыпшақ атанған Қыпшақ жұртының қонысы еді. Сол қыпшақтан тоқсан екі ру ел тарайды. «Қытай көп пе, қыпшақ көп пе» деген мақал болған себебі ол... Күншығыс жағында ашық намаз оқылатын қыбылаға төрі тура дәл келген тас қорғандар бар... Өлеңтінің аяғында «Қаратөбе», «Сарыоба» деген екі төбе – Қарабай, Сарыбай екі байдың қоныс қылған мекені екен, бұл екеуі де қазақ байлары» деп Сарыарқа әлімсақтан бері қарай қазақтың жері екенін тебірене айтады, жан-жақты дәлелдеп береді. Мәшһүр Жүсіптің осы үш кітабы ел-жұртың іздеп жүріп оқитын асыл дүниесіне айналған. Сол кездегі зиялы қауымның бәрі де жақсы біліп, терең танып сыйлапты. Мәшһүрдің көңіл-күй лирикасынан басқа мысалдар жазғаны да бар, онысы мол әрі мәнді де маңызды. Әсіресе, «жарты нан хикаясы»деп аталатын туындысы көркемдігімен де, көтеретін өзіндік идеясының тереңдігімен де өзгеше дүние.
“Мәшһүр Жүсіп Көпеев есімінің ел ішінде аңызға айналуына ақындығы ғана емес, халық ауыз әдебиетінің үлкен жанашыры болғандығы да себеп болса керек. Ол ауыз әдебиетінен еліміздің барлық өткен-кеткен жағдайын, тұрмысын, салт-санасын, бай дәстүрін, қилы-қилы тағдырын байқай білген зерделі жан. Өлең-жырдың, басқа да сөз асылының халық өміріндегі рөлін жете түсінген Мәшһүр оны жасынан құлай сүйген, жаттап өскен, хатқа түсіріп сақтай отырып, кейінгі буынға жеткізген.” Көпті көріп, көп оқыған білгір ақын бұл асыл мұралардың «Үлгілі сөз», «Бата», «Жар-жар», «Беташар», «Сыңсу», «Жоқтау», «Қара өлең», «Қайым өлең», «Айтыс», «Бақсының сөзі», «Өтірік өлең», «Жақсылардың мысал сөзі», «Тақпақ», «Мақал-мәтелдер», «Шешендік сөз», «Лиро-эпос», «Батырлар жыры» сияқты түрлерін хатқа түсіріпті.
Мәшһүр Жүсіптің жинап, топтастырған «Үлгілі сөзі» небәрі қырық сегіз жол екен. Жинаушы қанатты сөзді шартты түрде бес түрге бөліпті. Бірінші түрі –он жол, екінші, үшінші түрі – сегіз жол, төртінші түрі – жеті жол, ал соңғы – бесінші түрі он бес жолдан тұрады. Өлеңнің қалған сегіз жолы он бір буынды қара өлең үлгісімен берілген. Осы қанатты сөздер тізбегі әртүрлі көркемдік жолдардың сатыларымен жасалған. Біріншіден, жеті-сегіз буынды жыр түрімен беріледі. Енді бір саласы ғажап сазға, үндестікке құрылған. Өлеңнің екпін, ырғағын, сөз қолданысын, әдемі сазын, ішкі музыкасын, үндестігін бізге барынша айқын жеткізген. Жыр жолдарында жеңіл юмор да бар. Біз «Үлгілі сөздің» үшінші жасалу түрінен аз да болса, әлеуметтік теңсіздік мәселесін көреміз:
Үлгілі билер қалды да,
Надандар кірді кеңеске.
Кеңескендік не десті
Тырнадай мойнын теңдесті
Бұл еспе қайталау әдісімен жасалған жыр жолдарының мәніне терең үңілсеңіз, ақылы таяздау билердің жайдақ қылықтарына ашына да, аяи да қарар едіңіз. Олардың іс еместі іс, сөз еместі сөз қылғанына, алтын уақыттың қадірін білмей, пыш-пышпен күн өткізгеніне бір сәт күйінесің. Содан кейін неге бұл туынды «Үлгілі сөз» атанды екен деген ойға келеміз. Бақсақ, осындағы осалдық, босбелбеу күйректік болашақта қайталанбаса екен деген ниетпен жазылған.
Жинаушының архивінде үш жүз елу жол бата сөзі бар. Тең жартысы жеті-сегіз буынды жыр үлгісімен жазылған да, ал жартысы он бір буынды қара өлеңмен өрнектелген. Бір қызығы, олар кейде тақпақ, кейде терме түрінде келсе, ал енді бірде нөсерлі жыр жолдарын еске салады. Мәшһүр жинаған бата сөздердің бір парасы ас қайыруға арналған:
Асың-асың, асыңа,
Береке берсін басыңа
Бөденеден жорғалап,
Қырғауылдай қорғалап,
Қыдыр келсін қасыңа.
Міне, бұл жолдарда үлкен парасаттық, шынайы ақ тілек жатыр. Бір ғажабы, адамның ұғымына соншама жеңіл, қарапайым. Әсіресе, халқымыздың жан дүниесін ашатын тұсы аз емес.
Мал көшпелі халықтың мінсе – жорғасы, кисе – торқасы, ішсе – сусыны, жесе – азығы болды. Осы себепті де, бесік жырынан бастап жар-жарға дейін, мақал-мәтелден дастанға дейін, әннен күнге дейін халқымыз төрт түліктің мінез-құлқын бірде-бір рет тыс қалдырмаған. Алғашқы дидарласудың өзін «мал-басың аманбадан» бастаған.
Мәшһүр Жүсіптің «Қара месіндегі» батаның бір бөлігі қарсы жаққа айтылған қарғыс түрінде келеді. Бата беруші тереңнен тебіреніп үй иесіне бар жақсылықты үйіп төгеді де, енді алғыс алушының дұшпанына өзінің ата жауындай өшіге улы сөзін бұршақтай жаудырады. Қолжазбадағы батаның біраз бөлігі шешендік сөз сипаттас келеді. Мұндай жағдайда жыр жолдары бірде төгіліп ұйқасқан үндес тіркестерге бағынса, енді бірде өлең түрінде келеді. Ақ пейілін білдіруші адам үй иесінің мал-басын, денсаулығын тілей келіп, жақсы ұрпақ өсіріп, үбірлі-шүбірлі болуында айта кетуге міндетті. Батадағы «Ұл берсе оразды берсін» деген жолдағы сөзі береке-бірлікті, тату-ынтымақты болсын деген ұғымды береді.Осы өлеңнің сазы да, өзіндік ерекшелігі де қызық. Ол өсер ұрпақтың жан-жақты жақсы болуын келістіре сипаттауымен дараланады. Сонымен қатар, жас өспірімдердің өмірдегі алатын өз орындарын нәзік те тапқыр айта білген. Ал «адамның жаласынан, бұлтың аласынан, көрінер көрінбес мың да бір пәлесінен, патша құдайым өзі сақтасын» деген тіркесті тек қана ұлы ақындар айтса керек!
Мәшһүр Жүсіптің «Қара месінде» жар-жардың жалғыз ғана түрі берілген. Атап айтсақ, бұл – ұзатылар қыз жағындағы қыз-келіншек пен жігіттердің жиналып хормен айтысуы. Аталған топтың бір жағы өзінің туған әке-шешесін, аға-інісін, жеңгесін қимайтынын айтса, екінші жағы жаңа түсетін келіннің жаңа тумалары болатынын, олардың жас келінді өз туғандарынан кем көрмейтінін толғайды. Осы жар-жарды екі жақтың да айту мәнері, сарыны, сөз саптауы, бір-біріне егіздей ұқсас.
Мәшһүр Жүсіп Көпеев қолжазбасынан алынған «қаршығаны мақтау» атты туынды да бас-аяғы тегіс, жұп-жұмыр келген, он бір буынды қара өлең түрімен жазылған әдемі бір дүние. Бұл шығармадан тек қаршығаның қадір-қасиетін түсініп қоймай, сонымен бірге, құсбегінің де ішкі жан-сырын, психологиясын, Ғабит Мүсіреповше айтқанда, «сәл асыға сөйлейтінін, сәл асыра сөйлейтінін » шамалаймыз. Құс салу да, тазы жүгірту де – серіліктің бір түрі. Сондықтан да «Сұлу қыз тұрушы еді, «келсең кел», – деп аңшының аузынан шыққан әзіл-шыны аралас өлең жолында артық ештеңе байқалмайды.
Әдеби үлгіні жинаушының «Қара месінде» оқушыны тебірентер отты сөздер де аз емес. Тақпақтап айтылып жатталып қалатын талай-талай сөз үлгілері жетерлік. Олардың қай-қайысысы болмасын, ойға қуат, сенімге күш жалғайды. Адамды салмақ сақтауға шақырады, «әр нәрсенің де сұрауы бар, тек оған жеткенше төзімділік керек» дегенге үндейді.
Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Қара месіндегі» ендігі бір айырықша көңіл аударатын материал – Толыбай туралы аңыз. Бұл Толыбайды «Пәлі, Толыбай» деп те атайды екен. Жинаушы «пәлі, Толыбай» атауын былайша түсіндіреді: «Бұрынғы заманда Арғынның қойшысынан өрт кетіп, Ұлы жүз Үйсін Арғыннан даулаған екен. Сонда соның бітіміне Ұлы жүз Үйсіннен Төле би шыққан екен. Арғыннан Толыбай шыққан екен. Үйсін Төле би «Қолыңмен салған өртті етегіңмен қалай сөндіремін – деп келдің, Толыбайым: «Алладан деп білсеңіз, қойыңыз, адамнан деп білсеңіз, алыңыз» – деген екен. «Пәлі, Толыбайым, жарайсың, жарайсың» – деп Төле би тақ тұра қалған екен. Содан «Пәлі, Толыбай» атанған екен деседі. Толыбай мал тауып келмекші болып Орал тауындағы Естекке аттанады. Сонда ол көп жүреді, тіпті бірнеше жыл жүреді. Жай жүрмейді, былайша өлеңдетеді екен:
Ау, көк көгершін, көк көгершін,
Көк кептер ұшар жем үші.
Қара сабам жоғы үшін,
Қатын-балам қамы үшін,
Тең құрбымнан жем үшін,
Ерлер жортар хал үшін.
Бұл жыр жолдарында да байырғы батырлық сарыны, жорық дүбірі суреттеледі. «Едіге жайлы» да М.Көпеев ел аузынан естігенін жинаған екен. Ұзақ жыр емес, қысқа ғана өлең. Кішкентай ғана үзінді бірде қара өлең, бірде тақпақ түрінде берілген.
Мәшһүрдің сөздің қадірін білуге, оны аса қасиет тұтып, бағалауға үндейтін жерлері аз емес. Өзі ақын болғандықтан да болу керек, ол жадында сақталған сөз маржандарының бірде-бірін назардан тыс қалдырмауға тырысты! Мысалы, оның қолжазбасында: «Жан бір асыранды құс. Дүние бір қапас. От, су бермесе қапаста тұрып аштан өліп қалады. Оған қорек беру керек. Адам баласы қайдан тамақтан семіреді, құлақтан семіреді. Мұнан мағлұм болды, жақсы сөзге жан семіреді екен. Жанның қорегі құлақ сүйсінер сөз екен. Адам тіршілігінде, денсаулығында құлақ сүйсінерлік сөз естуге талап қылып, тырмысу керек», – делініпті. Дәл осы ой, дәл осы пікір бүкіл адамзат баласына ортақ. Шынында да адам жаны жақсы лебізге, әсем әнге тәтті күйге ынтық.
«Ақын-жыраулар туралы» атты бөлімде Мәделі қожа, Шернияз, Төлеген қожа, Алтыбас Қыпшақтан шыққан Ақмолла, Шортанбай, Абай, Қайырхан Көпейұлдарының бірді-екі өлеңдері берілген. Бұл өлеңдердің негізгі идеясы – өмірдің бір қалыпты емес, өткіншілігін толғау. Олардың мазмұнына қарасақ, адам әркез күрескер болу керек. Сонымен бірге, адам күні адаммен дегенді де еске салып қояды. Осыған мысал ретінде Қайырхан Көпейұлының мына бір шумағын келтірейік:
Тиеді ер пайдасы сасқан жерде,
Етегін ер жамылып басқан жерде.
Жаманға жазатайым ісің түссе,
Қабысып қалады екен аспан жерге, –
деп толғайды ақын.
Жинаушының қолжазбасында Абылайға байланысты ел аузынан жиналған аңыздар да мол. Әрине, Абылай аты аталған тұста Бұқар жыраудың да болатыны белгілі. Сондықтан бұл аңыздар тек Абылай жайында емес, ол өмір сүрген кездің ел қамқоры болған жақсы адамдары мен ақындары жайлы жазылған.
М.Көпеев біраз айтыстарды қағаз бетіне түсіріпті. Ол айтыстардың қалай, қандай жағдайда болғанын, кімдердің жеңіп, кімдердің не себепті жеңілгенін де айта кетіпті. Қайым өлеңнің, жырдың кімнен басталғанынан да біраз мәлімет беріпті. Ол былай дейді: «Бұрынғылар домбыра ұстап, өлең айтатұғыннан қайым білесің бе деуші еді. ...Қайым деп екі ақынның айтысқанын айтады екен. Сонда қайым өлеңнің ілкі басы Күдері қожа мен Ұлбике қыздың айтысы. Бұл екеуінен бұрын қайым өлең де жоқ, айтыс та жоқ. Бұрынғылардікі мақал, тақпақ. Бұлардан бұрын жырлап сөйлейтін болған. Жырлап сөйлеушінің тұңғышы – Ноғайлыдан шыққан Мөңке би, қазақтан жырлап сөйлеушінің басы – Бұқар жырау», – деп жалпы қайым өлең мен жырдың шығу, қалыптасу жайында біраз сөз етті.
М.Көпеев материалдарынан қазірше бес айтысты алып отырмыз. Олар: «Ұлбике мен күдері қожа», «Жанақ пен Түбек», «Шортанбай мен Орынбай», «Қыз бен жігіт», «Ақбала мен Боздақ». Осы туындыларды талдай отырып, мынандай ой түюге болады – айтыста сол дәуірдің сипаты, адамдардың тірлік - қарекеті әжептәуір көрініс табады екен. Айтыс үшін жалғыз ақындық аздық етеді. Оған қыруар білімдарлықтың қажет екені жұртшылыққа белгілі жай. Ақын дегеніміз, ең алдымен, халықтың сайрап тұрған «тілі, соғып тұрған жүрегі».
Ел арасындағы кейбір қиын жағдайды, жәй адамның айта алмай іштей тынып жүретін ауыр халін ақын тірі жаннан сескенбей батыл толғай береді. Ал өліп қалған адаммен тілдесуі де, ол жөнінде айтып, ішкі шерін тарқату да тек ақындардың қолынан келетін іс. Біз «Ақбала мен Боздақ» айтысындағы осындай шеберлікке қызыға қараймыз. Боздақ өзі үшін де, Ақбала үшін де өлеңді кезек-кезек шығарып, сөз жүйесін қуады. Бұл жағдай халқымыздың тумысында ақын екендігін айтпай танытатын шындық.
Мәшһүрдің «Қара месінің» «Алтынбас – Күмісаяқ ғашық болған», «Еңсегей бойлы ер Есім», «Асанқайғы», «Еділ – Жайық», «Желкілдек», – деп аталатын бес ертегіні алып отырмыз. Осы ертегілердің ішінде «Алтынбас – Күмісаяқ ғашық болған» және «Желкілдек» өлең түрімен жазылумен ерекшеленеді. Әсіресе, «Алтынбас» бастан-аяқ он бір буынды қара өлең түрімен өрнектелген. Ал «Желкілдек» ертегісі шытырман оқиғалар қақтығысымен ерекше, бас кейіпкер Желкілдек Ертөстік сияқты атса мылтық, шапса қылыш кеспейтін, жақса отқа күймейтін жан. Желкілдектің қарсыластары да осал емес. Бұл туындыдағы айрықша бір кейіпкер – мыстан кемпір. Ол айла-шарғысымен, неше түрлі сұм-сұрқия іс-қимылмен көзге түседі. Бір сөзбен айтқанда халық армандаған алып батыр да, сұлу да ақылды қыз-келіншектер де зерек қариялар да бұл ертегілердің ішінде баршылық.
Жинаққа батырлар жырынан біреуі ғана енгізілген. Ол – Мәшһүр қолжазбасынан алған «Сайын батыр». Бұл жыр – қазақ-ноғай жыры делінеді. Хатқа түскен нұсқасы өзі алдына, ел аузында сыны түспей сақталғанын жырдың айрықша көркемдік қасиеті деп білеміз. Сайын батыр да қалмақпен шайқаста жеңіске жетеді. Оны Киікбай мен Бөгенбай атты ұлдары өзі сияқты ержүрек батыр болады. Халықтың қиялынан туған бұл жыр «Ел болса, ер туғызбай тұра алмайды.» деген даналық сөзді еске салғандай.
Пайдаланылған әдебиеттер
1.Аңсабаев Д. «М.Жүсіп шығармаларының тәрбиелік мәні» «Ізденіс- Поиск» 2003 ж 184-190 б
2. Әлиханұлы Ж. «М.Жүсіптің әулеті» Егемен Қазақстан 2003 ж 14-20 б
3. Дәуітұлы С. «Халықтың інжу маржаны-ай» Қазақ әдебиеті 1992 ж 15б
4. Дәуітұлы С «М.Жүсіп шежіресі» ұлт тағылымы 2002 ж №4 86-89 б
5. Жұматаева Е. «М.Жүсіп шығармаларындағы дидактиканың пәлсапалық негізі». Қазақ тарихы №1 4-9 б
6. Көпеев М.Ж. «Әулие ақынның туындысы». Сарыарқа 1995ж №5 8-35 б
7. Көпеев М.Ж. «Екі томдық». Алматы, Ғылым 1992 ж 224 б
8. Кенжебаева Б. ХХ ғ басындағы әдебиет. Алматы «Білім» 1993 ж 60 б
9. Қуандықұлы Е. «Шығыс поэзиясындағы ақиқаттанудың бастау көздері» Ұлағат 2004 ж №4 30-41 б
10. Қабдиева С. «М.Жүсіп шығармаларындағы адамгершілік мәселесі» Қазақстан мектебі 2005 ж №2 59-61 б
11. Мәшһүр Ж.Қ. «Мәшһүр Жүсіп – суреткер» Ұлт тағылымы 2004 ж № 3 143-148 б
12. Негимов С. «М.Жүсіп ауылы» Қазақ әдебиеті 2004 ж №10 146 б
13. Сүтжанов С. «М.Ж. Көпеев шығармашылығы және оның зерттеу жайы» Қазақ тілі мен әдебиеті 1993 ж №1 38-39 б
14. Уалихан Қалижан «Діни ағартушылық ағым» 1991 ж 180-2007 б
15.Әуезов.М.Жиырма томдық шығармалар жинағы. Алматы,1985.17-том.
16. М.Көпейұлы. Қазақ шежіресі.Алматы. Жалын,1993
17. ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиеті.Алматы,Ғылым,1994
18.Торайғыров.С. Шығармалары.Екі томдық .Алматы,1993
19. А.Құнанбайұлы Шығ толық жинағы ІІ томдық, Алматы, Жазушы.1995 ж
20. Әуезов.М. Ел әдебиеті, Алматы, Жазушы1991 жыл
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.