Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
Меңдібек Лұқпан. Қарашықта қалқыған хикаялар...

27.05.2025 1152

Меңдібек Лұқпан. Қарашықта қалқыған хикаялар

Меңдібек Лұқпан. Қарашықта қалқыған хикаялар - adebiportal.kz

(Жазушы Ғалымбек Елубайдың «Жүз жетінші көктем» кітабы жайында эссе)

Есімі елге енді таныс болып, қырыққа жетер-жетпес шағында өмірден озған Алтай аймағының тумасы  Ғалымбек Елубайдың 2023 жылы жарық көрген «Жүз жетінші көктем» кітабына алғы сөз жазған белгілі ақын Мұрат Шаймаранның: «Ғалымбек қарапайым адамдардың бастан кешкен қилы өмірін жазу арқылы, тұтас бір дәуірдің шынайы бейнесін оқырмандарына сәтті көрсете алған. Дәл осындай шеберлікті Акутагавадан, Лу Шұннен немесе Оралханның ауыл жайлы жазған әңгімелерінен байқайтынбыз. Асыра сілтеп отыр демеңіз, біз атын атаған хас суреткерлердің «сезіну», «жеткізу», «ойға бастау» қасиеттері жас жазарман Ғалымбектен де мен-мұндалап тұрады» деген пікірі анық, дәл.

         Жазушының «Жүз жетінші көктем» кітабына алпыс тоғыз әңгімесі жарияланған. Әр шығармасындағы бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлер, жадында қайта-қайта жаңғырып, есіңе оралатын Серіліктау тұрғындары, жазушының көңіл-күй толғанысы мен өмірінің соңғы жылдары  «мекеніне айналған» құл базары қоңырқай түсті кітап парақтарын нұрландырып тұрғандай. Автордың жарияланған әңгімелері қысқа әрі тиянақты, әрісі екі бет, берісі бес-алты беттен аспайтын, кейіпкерлерінің санына емес олардың ішкі психологиясына,  ой детальдарына басымдық беріп, «жалғасы қандай болды екен» деген сауалдар санада сұрақ күйінде қалып жатады. 

Көмілген асық – мәңгілік сағыныш мекені

«Бұланай асқан бұлдырық» әңгімесінде алпыс жыл бұрын елден кетіп, кетерінде бір дорба асығын жерге көміп, алпыс жылдан соң қайта оралған сәтінде асығын тауып сағыныштан көз жасы төгілген қарияның күйі суреттеледі. Бұланай жер картасындағы Гималай тауының көне атауы, ал Бұлдырық кептерге ұқсас құмды, шөлді жерлерде мекендейтін шапшаң ұшатын, ұшқанда дыбыс шығаратын құс. Автордың әңгімеге тақырып қоюдағы шеберлігі таулы аймақта туған перзенттің сағынышын Алтайдан емес Бұланайдан асыруы, аңсарын алып құспен емес кішкене ғана бұлдырықпен жеткізуі оқырманды ойландырары кәміл.

Екі беттік әңгіменің алғашқы мәтіні Серіліктаудың ұшар басындағы ескі жұртқа табан тіреген қария, жерге көмген бір дорба асығын қазып алып, қуанышы мен қорқынышынан тоғысып тамған көз жасын тоқтата алмай жылайды. Жазушы әңгімені алыстан орағытып әкелмей оқиғаға бірден еніп кетеді де, оқырманға үш нүкте арқылы белгісіздік сауалын жолдайды.

Осы тұста мәтінге көптің көзі және ішкі сезімнің ойымен екі ракурстан келеді. Көптің көзі қарияның бұл суыт жүрісін Европа жұрты секілді суық көзқараспен «эмигрант» десе, бауырмалдық ниетпен тілге жеңіл, жүзін қуантатын «оралман» дейді. Ал күбірлеп қана сөйлеген ішкі сезім әр тарапқа сауал жолдау арқылы мәңгілік сағыныш мекеніне оралуы, перзент парызы,  «әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деп ақтап алуға ұмтылады.  Оқиғадағы қарияның алғашқы тұрағы, келер бағыты Анадолы жақ екені «Таң намазын Сүлеймен мешітінде отырып, жұмақ туралы уағыз естісе көзін кіреукелеп алатын жұмақ жұртын айтшы...» деген мәтіннен аңғаруға әбден болады. Автор осы тұста әңгіме арқау болған атауларды айшықтап, олармен сағыныш мекеніне ұмтылған қариямен байланыстырады да, оқиғаның іс-әрекетіне диалогсыз үш кейіпкердің үнсіз ымдасуына монолог арқылы еніп кетеді.

 Автор оқиғаға шіліңгір шілденің аяғы, тамыздың басында талтүс мезгілінде беткейден құлаған қария оның көрген бейнеті мен азабын жеткізгендей. Қарияның қазақы тақиялы болуы із аңдушыға туыстығын білдірсе, үстіндегі неміс ақбоз костюмі европалық үлгіде киінген мекенсіз тұрғынды тұспалдайды. Алдынан шыққан жанашырлық ниеттегі атқосшы немере мен із аңдушыны суреттемей-ақ,  алыстан абайлауын өтінген немере мен қарияны осы тұста автор рухани байланыстырады. Қарияның шағылдарға көз тастауы алдағы сапарының белгісіздік күйде екендігін, қимастық сезімнің оты лаулай бастағанын аңғартады. 

Беткейден құлап келе жатқан қария бейнесі көз алдымызға мектеп кезінде оқыған жазушы Қабдеш Жұмаділовтың «Қаздар қайтып барады» әңгімесін елестетеді. Екі шығармадағы ортақ картина – қандастарымыздың тағдыры, атамекеніне оралуы. Бірі табан тіреген сәтінде туған жерінің топырағын сүйсе, бірі туған жеріндегі бұлағының суына көзінің жасын жуып, маңдайына салқын леп ескенін сезеді.

Әңгімедегі қарияның состиып тұрған немереге тіл қатуы әңгіменің шарықтау шегі. Қарияның:«...Қарағым, мен тоғыз жасымда топан суды тобығымнан кешіп жүріп, біреу үшін «қаралы», тағы біреу үшін «соңғы» болып суреттеліп жүрген көштің бел ортасында тұтас дүниені кездім. Жанға керектің бәрін басымнан бұлтша көшірдім. Еркіндік, бостандық дедім. Тапқан да шығармын, бірақ менің жұмағым осында екен... осы жерде қалыпты. Тоғыз жасымда көміп кеткен асығым ғана ма екен?! Қайта жерледім. Асылы, менің рухымның бейіш мекені осы екен...» деген  өсиеті немеренің жүрегін тілгілеп, ататұрағының қасиетін сездіргендей. Әңгіме бұдан кейін құлдырамай, бірден шығарманың түйініне әкелініп, үш нүктелі сөйлемдермен тағдырлары белгісіздік күйінде аяқталады. Осы тұстағы қарияның немереге қарата айтқан өсиеті – ұрпақтар сабақтастығы, келешекке деген аманат, ұрпақ алдындағы ататұраққа деген жауапкершілік. Автордың әңгіменің соңында әлқисасындағы бір дорба асығына қайта оралып, оны қимастық күймен қайта жерлеуі рухының бейіш мекені мәңгілік сағынышқа айналғанын жеткізеді. Бір дорба асық – балалықтың, адалдық пен ақ пейілдің, кіндік қаны тамған топыраққа деген ыстық пейіл.

Әңгіменің соңғы жолындағы: «Қайтар жолда торы тобылғының топырағын сүйген қарт ақтық орамал байлайды» деген сөйлемнен, ақтық орамал байлау арқылы кие ұғымын тұспалдайды. Бұрынғы, кейбір өңірлерде қазіргі таңда әулие, қасиетте мекендерге зиярат ете барған адамдар ниеттерін білдіріп, ақ орамалын байлау ырымы бар. Бұл орналасқан мекеннің киелі жер, адасқан жанға жол көрсетер бағыт-бағдар екендігін көрсетеді. Жазушы осы арқылы көне ырымды көрсетіп, оқырманның көкірек көзіне сәуле түсіреді. Автор қарияны оқырманға идеал тұлға ретінде ұсынбайды және белгілі бір деңгейге биіктетпейді. Тек оқырманға ойлануды, өзіне-өзі сауал жолдауға жетелейді. 

Бәлкім бұл Ғалымбектің ерте есейген сағынышы, алға жетелеген аңсары шығар...

 

Бауырмалдық пен бауыр басу кезеңдері

Белгілі әдебиет сыншысы Айгүл Кемелбаева Ғалымбектің шығармашылығы жайында жазылған «Тірісінде айтылмаған сөз» эссесінде: «...Ол адам психологиясын, болмыс-бітімін бір сөйлемге сыйдыра салады. Әр әңгімесі бір-бір тағдырды жоқтайды. Автордың жазуында қыстығу мен өксік бар. Ішін өртеп бара жатқан қайғы-шерін, наласын шығармалары арқылы шығарады. Өсіп-өнген, көзі көрген, жүрегі сүйген ел-жұртының салт-дәстүрі, өмір көріністері, менталитеті анық берілген»деген пікір білдіреді. Жалпы алғанда, Ғалымжай жайында сөз қозғаған әр пікір иесі осы төңіректі айналшықтап жүреді.  Себебі ол – Ғалымбек портреті, Алтай пейзажы еді. Қаламгердің «Далаға тасталған соңғы мүрде» әңгімесінің алғашқы абзацында:«Алтайда қалған мола көп. Моладан қалған аңыз көп. Моласыз кеткен бейбақ көп. Моладан қашқан аруақ көп. Сылынып түскен сіңірі жыл он екі ай көктемінде қара жердің бетіне тырмысады. Жамырай гүл ашып, жарық күнге тәу етеді. Айлы түндерде сыбызғыдай сыңсытып сыр төгеді...» деген сөйлемі туған топырағының тарихын сөйлеткен поэзиялық пейзаж іспеттес. Кітап авторы эпиграфты мүлдем пайдаланбағанмен, әңгімелерінің біразын тосын тақырыптан бастайды. 

Әңгіменің әлқиссасы мола туралы басталған болатын. Қазақы тұрмысы бұзылмаған алтайлықтардың іргесіне өздері Бат деп атап кеткен нәсілдің көшіп келгені анық та, қашан, қайдан келгені олардың жадынан өшкен болатын. Тегін ардақтап, тұқымын сақтаған, байырғы жұрт түпкі жұрты белгісіз баттықтармен қыз алысып, қыз беріспей келгенін автор анық айқындайды. Осы жолы арқылы бүгінгі һәм келешек ұрпақ саулығын аманаттап кеткендей көрінеді. Шығармаға кейіпкер болған Баттың қарт анасы, әйелі мен  жалғыз ұлы болып, Ертіс аңғарындағы құлама шатқалдарды мекендегін өз нәсіліне қосылмай, қазақ жұртына жақын орналасыпты. Қазақ жұртының қашанда кеңпейілдігі оның тарихы туралы сөз қозғалған әр шығармада айтылып, ардақталады. 

Ғалымбектің көптеген шығармасында тың тақырыптар, өзге жаратылыс иелері туралы сөз қозғалады. Осы шығармасында Баттың тоқсандағы қарт анасының: «Менің белімді опырып, қапқа салып, анау жалама жартасқа шығарып тастайтын бір ұл туа алмағанымды-ай!» деген есік алдындағы зары санаға сауал жолдайтын сөйлемдер. Себебі, біздің тәлім-өнегемізде қарт анасын сыртқа апару тексіздік пен тәрбиесіздіктің белгісі. Тірісінде төбеге жету арманы болған қарт ананың мүрдесін өлгеннен соң апару бұйырады. Ақысына бір ту бие беруге уағдаласады.  Келісті уәдесінен таярын сезгендей  Ағайдар мүрдені межелі жартасқа жетпей салқын үңгірдің бір бүйіріне сүйеп кете барады. Жазушы осы орайда әңгімені шығарманың басында айтылған Баттың шық бермес шығайбайлығына қайта айналып соғады. Себебі ол келісімді бұзып, кісі ақысын жейді. Сондағы өзін жұбатқан ойы: «Апам ендігі аспан серісі қыранның, жер еркесі бөрінің рухына айналып, жортып кеткен болар.» Бұл сөйлемдер Бат нәсілінің танымындағы өлген адам жанының рухы өзге мақұлық иелеріне ауысады дегенді білдіргендей.

Ағайдардың өлген мүрдені қайта әкеліп, баласының ауласына тастап кетіп, оларға қорқыныш пен үрей сыйлау әңгіменің шарықтау шегіне көтерілуі. Серттен тайғанда сайтан ұратынын сезген өзге нәсілдік өкінішін білдіріп, мүрдені қайта апаруды өтініп, келісті уәдесін көбейтіп беретінін айтады. «Бұл Бат нәсілінен далаға тасталған соңғы мүрде еді. Кейінгі жылдары олар да қазақ зиратының шетінен қалқайтып, өз молаларын тұрғызатын болды» деген жолдар арқылы екі беттік әңгімедегі Алтайдың арғы да бергі даласын мекен еткен қазақ тұрмысын дөп басып бейнелейді. 

Құм құшағындағы құштарлық немесе өзен жұтқан өкініш

Жазушының «Кісікиіктің махаббаты» әңгімесі тосын диалогтан басталып, беймәлім бейненің Қойторы аттың жалын өруі сөз болады. Қыстың қаһарлы күндерінің бірінде иен құмда қой баққан екі қойшының дастархан басындағы әңгімесі, болашақ тағдырларын айшықтай түскендей. Ас ішіліп болған соң, егде қойшының құлын теріден жасалған тұлыптан «Құран Кәрімді» шығарып, «Әл-Фатихтан» әрі аса алмай, ұйқыға кетуі, жастауының жастық астынан «Мың бір түнді» қолына алып, парақтай беруі – екі дәуірдің кескін-келбетін суреттегендей. Қаламгердің қос кітаптың атын атау арқылы екі жан иесінің таңдау мүмкіндіктерін бір-біріне қарама-қарсы қояды. 

Таңның бейнесі көрінер-көрінбес сәтті ұйқысынан ерте оянған егде қойшы Қойторының жалына шырмалып қалған қарғысқа ұшыраған адамға ұқсас әйел бейнені көріп, ұйқыдағы Изатты оятады. Кісікиікпен жолыққан алғашқы сәтінен оған еркектік көзқараспен қараған Изаттың бойында бір құмарлықтың басталғаны байқалады. Ат жалын өріп, оған өзі оратылып қалған мақұлықтың денесін тазалау сәтінде оның еркек кіндік құшпаған пәктігі мен аңсары жас жігіттің қолы тиген сәтте дірілдейді. Қос қойшының кеңпейілділігі арқасында аман қалған кісікиік алдына тасталған шикі етті ашқарақтана жеп, иен далаға тұра қашады. Соңыңда «шын сүйсе оралады» деген жас жанар мен үміті үзілген қарт жанар жасаурап тұрады. Шығармадағы оқиғаларды автор көп қиындатпай, романға татырлық сәттерін жолдарға сыйдырып жібереді. Қысқа жазудың һас шебері Ғалымбектің қалыпты әдісі бұл шығармада да көрініс табады.

Қос қойшының күйбең тірлігі жалғасын тауып, кісікиіктің белгісіз оралулары жоғалған шикі еттерден біліне бастайды. Жазушы осы ретті шикі етті таңдауы белгісіз жан иесінің адамға ұқсастығын, дәм татып, ауқаттанатын және тағдырынан хабардар екендігін көрсетеді. Шикі етті аулаға шығарып, сырттай бақылаған Изат қойшының әрекеті кісікиікпен жақын ұшырасуға себеп болады. Жазушының шикі етті қайталап көрсетуі – толыспаған ақыл мен басылмаған сезімді бейнелегендей көрінеді. Екеуінің оңашада ойындары жас жұбайлардың отау құрғаннан кейінгі күндеріндей көрініс табады. Алысады, жұлысады, қытықтайды, қар лақтырады, бір-біріне деген ыстық сезімдерінің өртінен жылылық табады, жалын құшады, жас жігіттің тұтқынына айналады.

Жазушы шығармадағы әр оқиғаға бірден еніп кетеді. Қыстың қызықты күндері аяқталып, көктемде көшер көшті дайындайды. Сол жылдың жазортасында көздеулі қалындығымен сөз байласқан Изат соңғы рет қарт қойшымен құм сағалап, құмдағы қонысына келеді. Олар келген күннің келесі таңында қолтығына баласын қысқан кісікиікпен ұшырасады.  Жас сәбидің денесін түк басқаны болмаса, адамға ұқсас бейне қарт қойшының жүрегін ауыртады. Жылға жуық уақыт жоғалған жолығысу қайта жалғасын тауып, кісікиіктен кеудесіне үміт отын сыйлайды. Күндер мен түндер қайталануы және ұқсас сәттер мен сезімдер әлемінің үйлесім табуы, мақұлық пен адамның аңсар ойлары әдетке айналуы, «киікгүл» деп еркінсуі – сезімнің шарықтау шегіне жеткендей. Құмдағы күндер аяқталып, көшер сәтінде қосын қасынан шықпай қойған сәбидің әрекеті – бірінің арына тисе, бірінің қамына кедергідей көрінді. Өздерімен бірге ала кетуді айтқан егде қойшыға: «Құрысын, ертең соңымыздан сөз ерсе, сүйекке таңба болар. Үрім-бұтағымыз жерге қарап жүрер» деп күнәсін көмкерген жас жігітттің жәйі – бүгінгі қоғамдағы некесіз көңіл қосып, құрсақ көтерген қыздардың тағдыры мен жас қыздарды алдаған ездердің ессіз тірлігін суреттейді.

Қаламгер шығарманың соңғы абзацтарының бірінде: «Өзеннің жарлауыт тұсында отар соңынан үш күн бойына көлеңкедей өкшелеп келе жатқан құс тағысы тұр. Баласын басынан асыра биік көтерген. Екі қолынан ұстап, әлпеншекте отырғандай жеңіл ырғады. Ішегін тарта сұңқылдады.» деген сөйлем бар.  Осы сөйлемдерді қуаттай түскен: «...Дәл осы сәтте тұтас дүниенің басына көтере шыңғырған ащы үн өзеннің екі бетін дүр сілкіндірді. Бұл адам мен түз тағының ортақ күнәсінің жантәсілім сәті еді» деген жолдар бес беттік әңгіменің ішінде жүрек тұсыңды шымырлатар сөйлемдер еді. Жазушы шығармадағы кей сөйлемдерімен де бүгінгі таңдағы қоғамның басты мәселерінің бірі – тастанды сәбилердің көбеюі мен олардың жансыз мүрдесінің дүниенің әр қиырынан табылуын суреттейді. Өзеннің жарлауыт тұсында шаранасын өлімге қиған әйел құрсақ пен тегінен безген тексіз еркек кіндіктің әрекеті – қос құшақтағы құштарлық пен құмарлықтың құлдырап, жеріген сәтін дөп басады. Әңгіменің соңғы абзацы: «Екі тағының қанынан жаралып, екі жағалаудағының құшағына сыймаған...неге туып, неге өлгенін де білмейтін... қол-аяғы бұтарланған сәби мақұлықты қағып алған ана-өзен ғана кеудесін ашып, әлдилеп бара жатты....» деген жолдармен аяқталады және сол сәтте оқырман кеудесін үнсіздікпен күйініш кернеп, жүрек шыңырауынан сәби үн естілгендей болады.

Жүрекке жерленген бейне һәм жауапсыз жұмбақ

Ғалымбек Елубай шығармаларында тақырыптық шекара шектеулі болғанмен, оның ішіндегі образдар сан алуан. Бір образ бір шығарманы түгелдей жетелесе, кейбірі санаулы сөйлемдермен шектеліп қалып жатады. Бұл қаламгердің өзіне тән қасиеті мен қысқа жазудағы өзіне шегелеп алған шартты келісімдей. Ғалымбек әңгімелеріне тақырып қойғанда поэзиялық екпінге ұрынып, адам жанына әсер етумен ерекшеленеді. Соның бірі – «Біз жылқыларды жүрегімізге жерледік» әңгімесі. Тақырыптан-ақ автордың оқырманды елең еткізуге және санаулы беттік әңгімемен өзіне иіріп алуға ұмтылғаны байқалады. Ғалымбек шығармаға ат қойғанда аса бір күрделі формаға жүгінбейді, жүрегінде сөйлеген сөйлемдер мен атауларға ерік береді. Бұны кітапты толық оқып шыққан оқырман сезіне алады.

Әңгімеге оралсақ, оның өзегі – Алтай тұрмысы, ғұмырдариясы еркіндікке байланған байырғы жұрт, жылқы жануарының жан күйі. Елубай әке ауыр жұмысты еңсеріп, күзде салған жаңа тамның ақысына жирен бесті еншілеген сәті. Беске толған Ғалымбектің үйінде бұған дейін қылқұйрықтың болмауы, тұрмыстарының аса жараспағанын топшылайды.  Тәңір Тағала қарасқандай келген жылқы жыл он екі ай күйін сақтап, шапқанда шашасына шаң жұқпай, шаң қаптыратындай желісті еді. Алтай аймағы еңбекші ел екендігі Ғалымбек шығармаларында жиі айтылады. Ақыға алынған жануардың еңбегі әулетке молынан сіңгені: «...Қыр жылқысы саналатын жирен ат сол күзден-ақ біздің үйдің ұшы-қиыры жоқ тірлігіне араласып кетті...» деген сөйлеммен суреттеледі.

Осы ретте, әңгіме ауаны басқа арнаға бұрылып, «...Әкемнің оған деген ықыласы ерекше еді. Күні бойы жанында жүргені аздай, үйге келгесін де соны айналып-үйіріліп қасынан шықпайды» деген сөйлем арқылы Ғалымбек қаламы – әке жүрегінен жаза бастайды. Әке сезімі сөйлейді. Тұрмыстан қажып, екі аяқ тұсамыспен ұзап, өресін үзіп Алтай тауының жыра-жықпылдарына сіңіп, жоғалатын сәтіндегі әке шешімі: «Қажыған шығар, жануар, бірер күн өз бетінше еркін жүрсін» деуі әке кеудесінде ұлы сағыныш пен атамекенге деген аңсар алыстан қол бұлғайды. Жазушы шығармаларында кейіпкерлер болмаса жан-жануарлардың Алтай тауына асығуы, оның жұмбақ толы қойнауына ұмтылуы жиі айтылып қалады. Бәлкім, бұл – кеудесіне ұлы мұрат мекендеп, тұла бойында байырғы жұртының балбал тасы сөйлеген Ғалымбектің алып аңсарының қылаң беруішығар...

Шығармада күзгі Алтайдың күрең тіршілігіне нәр сыйлап, үш ауысым бойы ауыр тұрмысқа жегіліп, еңселері көтерілер сәті қыркүйек еді. Оны автор: «... олар жылдың осы уағында ғана ән салатын, жылдың осы уағында ғана өткен-кеткенді айтып, жылдың осы уағында ғана мас болып, айызы қанғанша жылап-күлетін еді. Олардың жылқылардан мәртебесін асырып, бәсін биіктетіп тұрған жалғыз айырмасы да сол ғана секілді еді» деген жолдармен жеткізеді. Сөйлемнің соңғы жолындағы жиреннің тірлігі арқылы автор шешілмейтін жұмбақты жасырады. Сол жұмбақ қайтадан «...Бірде Қозы Көрпеш – Баян сұлудың ізі қалған дейтін Белқайың жеріндегі бәйгеде, төрт жүз ат қатысқан бәйгеге қаны қызып, қиқулаған жұрттың қатарында көптің бірі, көрермен болып тұрған әкемнің тақымындағы жирен қаумалаған топтың ішінен суырылып шығып, бәйге аттарының қарасына қосылған. Әкем ауыздығын кере тартыпты. Езуі қан болғанша қасарысқан жануар қозыкөш жерге дейін шауып барған екен» деген жолдарымен қайталанып, тұсауда тұрмыс кешкен тағдырлы жұртты жирен жылқымен жеткізеді. Осы әңгімедегі: «Одан кейін жиреннен мұндай мінез көрмедік. Ондай бір дүбірлі жиын да көрмедік» деген сөздер жаныңа жабырқау мұң сыйлайтын сөйлемдер еді.  Тұрмысына жүз аттық күші бар тракторлар еніп, бір әулеттің бағын асырып, қажетін өтейтін жылқылардың бас сүйегі әр шаңырықтың өзі еккен бақша ағаштарының бұтағына ілінуі, жирен ат та бұл тағдырды құшуы – ауыр картина, бұлыңғыр бейне болатын. Қанға қимаған әке туысына соғымға сатып, кейін бас сүйегін алдырып, кәрі үйіңкінің бұтағына ілген сәттегі әке сезімін, әке жан-күйін сезініп,  соңғы сөйлеммен: «Әттең! Сол бәйгеде өлсең, екеуміз де мұндай қамықпас едік қой» деп әке өкінішін жеткізген қаламгер Ғалымбектің  жүрегін аяп тұрарың анық. 

Көл бетіндегі ғұмыр мен жел өтіндегі өмір

Ғалымбек шығармашылығы хақында толымды пікір, қонымды ой білдірген әдебиетшілер санаулы-ақ. Мүмкін, бұл өз кезегінде жарнамасы аз, әдеби ортадан алшақ жүрген жазушының әрекеті ме, әлде, әдеби ортаның қысқа жазылған шығармаларды қабылдай алмағаны ма, оны әркім өз таразысына салып, өлшей жатар. Ел білетін әдебиетшілер қарасынан Ғалымбек шығармашылығына сыншы Айгүл Кемелбаеваның назары ертерек түскені мәлім. Сыншы «...Жазушы кең байтақ тарихи отанына кеткен қазақ пен қос империяның арасында жыртыс құсап, жатқа кеткен туған жерін қимай қала берген қазақтың арасындағы өлара беймаза күйді жиі жазды. Онда бірнеше ғасырлап атамекенде отырған қазақ, бергі беттен бұлғақта бас сауғалап барған қазақтың да ұрпағы бар. Жазушы жүрегін қан жылатып, кеміріп бара жатқан тап сол өлара күй» деген пікірі жазушының әр шығармасынан көрініс табады.  Соның бірі – «Көл бетіндегі зират». 

Қарт Ертістің жоғарғы аңғарындағы алапат жер сілкінісі үш күн, үш түн тулап, елдің есін шығарғаны жазушы жадына көнекөз қариялардан жеткені мәлім. Таулы аймақта туып-өскен ұлдың оның тума табиғатын тереңірек меңгеріп, тарихын танығаны көңіл қуантады. Құдайдың «сынындай» болған сілкіністі өткерген жұртты Ертістің тар қысаңға құяр тұсында опырылған жерден тосыннан пайда болған көл таң қалдырды.  Автор оны Алтай картасына кештеу еніп, «Атақты Көктің көлі» деп аталғанын атап өтеді. Көлге айналған орын бұрыннан ауыл зираты орналасқан мекен. Талай зиратты жұтқан көл құшағы Топан қажы күмбезіне дәрменсіздік танытып, жарты ғасырға жуық уақыт ауыл аңызына айналып, дұға жасайтын мекенге айналады. Көл жағасына табан тірегін жұрттың: «Ей, желдің тісі батпайтын, судың күші жетпейтін аруақтым! Асыл сүйегіңді көл тағанында шірітсек кеш бізді! Адамның ғана емес моланың да тірілердікіндей тағдыры боларын кім болжаған. Кеш бізді!» деген жалынышты үні жылдар бойы өз сарынын жоғалтпай, желдей есіп тұрғаны ел жадында еді. 

Жазушы осы әңгімесін бірнеше тарауларға бөліп, оқиғаларды тізбелеп жеткізеді.  Әңгіменің екінші тарауында Алтай өлкесіндегі Сусар бидің үйіне ұрлана келген құлды бауырына басуы айтылады. Көші адастырып, тастап кеткен Қаман есімді жетімді бауырына басқан бидің мейірімділігі ел жұртты таң қалдырады. Екі ұлының кенжесі кірме бала Қаманның ауызы аққа тиіп, байдан бір елі қалмай, ақысын өзге ұлдарынан кемітпей өсіреді. Еңсесін тіктеп, есі түзелген шақта ессіз тірліктерімен елді есеңгіреткен Қаманның емі үйлену екенін Сусар би дөп басады. Елдегі бай-бағландардың қатарынан ерекшеленген Арғанат байдың қызымен отауластыруды көздегенмен, байдың Гүлсағи есімді қызы қарсыласып, іс насырға шауып, ата жолына қайшы келген қыз жазасын алады. Сол суретті жазушы сәтті суреттейді. «...Гүлсағи қой қораның есігіне қазыққа керіліп байланды. Балғын арудың күн иіскемеген арқасын қоралы мақұлық кимелеп, таптап өтіп жатты. Арқасына кіріш-кіріш кірген тұяқ ізінен саулаған қан тұмса қыздың омырауын суарып жатты. Жалғыздың құлында-құлын «апам-айлап» шыңғырғанына шыдамаған бай бәйбішесі есінен танды. Қол-аяғы байлаулы әкесінің жанарынан кесек-кесек тамшылар үзілді.» Азапты амалмен жар еткен Қаманның отауында қан-жоса болған Гүлсағидың төсегінен таң атысында жігіт жеңгелері жар төсегінен қарағай түймештеріндей төгілген қара қотыр жараның қабығын отқа тастап, көздерінен жас парлатқан екен. Отқа тасталған жара қабыршықтары – пәленің бәрі отпен оранып кетсе екен деген ізгі жанашырлықтарын жеткізгендей көрінеді.

Әңгіменің келесі тарауы – Сусар бидің жер үстіндегі дәурені таусылып, қос ұлы және асыранды құлымен әскерилерден таяқ жеп, темір торға қамалған сәтін суреттеумен басталады. Тілмашын ерте келген әскери адамдардың Сусар биге әулетімен бірге өлтірілетінін ескерткенде асыранды ұлы Қаманның жан сауғалап, басына пана сұрайды. Жалынышты сөзіне сенген күштілер оған бауырға басқан бидің сақалын талдап жұлуды тапсырған сәт – оқиғалар тізбегінің шиіленіскен тұсы болатын. Би сақалын талдап жұлып, басы аман қалған Қаманға: «...Менің табалдырығымды аттаған тағдырым екенсің ғой! Ей, қара көлеңке! Сені қаңғытып кеткен керуенбасы кемеңгер екен! Қалған өмірің тас қараңғыда өтсін! Тексіз!» деп қарғысын жеткізген Сусар би қан сорғаланған қалыпта жан тапсырып, екі ұлының денесімен бірге «Сусарбай белі» атанып кеткен асуға арулап көмілген екен.

 Әңгіменің одан кейінгі тарауында – қарғыс атқан Қаман ғұмыры айтылады. Айғаным есімді ананың екі шақалағы шетінеп, үшінші ұлын күтіп жүрген кезі еді. Құрсағындағы шаранасының кіндігі мойын тұсына оралып, байланып қалған екен. Емхана есігінен алып кеткен енесі оны ел ішіндегі Қажікен кемпірге қаратып, батып бара жатқан күннің алауына шарпытып айбалтамен ұшықтатады. Осы реттегі батып бара жатқан, сәулесі тарқаған күн – ғұмырының берекесі тарқаған Қаманның тағдырын тұспалдағандай болады. Емшінің шекеге қыстырған дұғалықты жастанып үш күн, үш түн ауырсынған Айғаным ауыр ұйқысынан жалынышты үннен оянып кетеді. Бұл үн – Қаманның зары еді, қарғыстың тиген тұсы еді, киенің атқан сәті еді. «...Құдай үшін Қажікен! Қанша ғұмырым қалды дейсің?! Жарық жалғанның сұлбасын көріп өлейін! Иненің саңылауындай болса да сәуле түсіріп бер!» деген запыран-қайғысына тіл қатқан Қажікен: «Кет! Аулақ! Жанымда Сусар бидің аруағы тұр! Саған ем жоқ! Ақыретің де қараңғы сенің Қаман!» дейді. 

Әңгіменің соңғы тарауындағы: «...Су бетінде қалғып тұрған Топан қажының төрт құлақты күмбезі Қаман қайтқан жылы су астына бір жолата шым батып, шөгіп кетті...» деген сөйлеммен жазушы: «қарт Алтайдың тасын сүртсең, жасыңды сүртесің» деп тарихын сөйлетеді. 

Сөз қадірін сезінген Серіліктау іргесіндегі жұрттың қарғыс пен киенің бар екендігі, оның ғұмыр жолына әсер ететіні – әңгіменің негізгі өзегі.

«Жүз жетінші көктем» – жазушының кескін-келбеті, туған мекенінің тағдыры, Алтай жұртының аяулы үні, өзі сезінген және басынан кешкен сәттері бейнеленген автобиографиялық жинақ. 

«Жүз жетінші көктем» – көзіңе жас үйіртіп, жанарыңды мөлдіретіп, бір жылатып, кеуде тұсыңды шымшып өтетін шығармалар шоқтығы.

«Жүз жетінші көктем» – қарашықта қалқыған қысқа хикая, Ғалымбек ғұмырнамасы.

 

(Суреттер жазушының әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды)

Автор туралы.  Меңдібек Лұқпан  – 1995 жылы 10 ақпанда Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті филология факультетінің түлегі. 

Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы стратегиялық әріптестік аясында өткен «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасына қатысушы. Облыстық, республикалық әдеби байқаулардың, мүшәйралардың жеңімпазы. 

 

 

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар