Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Мистик жазушы...

27.05.2022 4507

Мистик жазушы 12+

Мистик жазушы - adebiportal.kz

Жазушы Қойшыбек Мүбарак өз шығармашылығы жайында: «Әуелде ақын болғымыз келген-ді. Сосын суретші, тіпті музыкант та болуға талпындық. Ортаңқол ақын, иә жақсы суретші бола алар едім. Бірақ музыка маған жаттау екен. Сосын прозаик боламын деп шештім. Мектепті бітіргенше онша-мұнша өлең жазып жүрдік. Прозаны да сол орта мектептен бастадым. Ең алғашқы шығармам 1994 жылы өзім оқыған аймақ орталығындағы жастар мен жасөспірімдерге арналған «Жас түлек» журналына жарияланған екен. Ол кезде 10-сыныпта оқитынмын. Найзағай түсіп қайтыс болған досымның рухына бағышталған дүние еді. Сол досымның рухына берген сөзімді орындап, батып бара жатқан күн астындағы көкшіл тауларды бетке алып осында да жеттік. Жай ғана жеткем жоқ, қаптаған қалың аруақтармен, аласұрған жындармен, сән-салтанатты перілермен, қала берді құтырған құбыжықтармен бірге келдім. Міне, көкшіл таулардың арасында әлі сол рухтармен бірге жүргендеймін. Негізі, прозаны мистикамен бастағаным рас» депті. Ал филология ғылымының кандидаты Жолдасбек Мәмбетов жазушы шығармашылығы туралы «Бүгінде қазақ әдебиетінде дамы­май, болмашы ғана қылаң беріп, бұ­лыңғыр күйде қалып қойып жүр­ген бірқатар жанрлар кездеседі. Дегенмен Қойшыбектің әңгімелері арқылы мистика жанры өз кірпішін қалап та үлгерді. Жанр болмысы, адамтану мен дүниетанудағы ақиқат танымы – мифологиядан бастау алатын секілді» деген пікір айтыпты.

Қазақ ауыз әдебиетінде аңыз-әпсана, миф, ертегі жанрлары кеңінен танымал. Сол жанрлар арқылы түрлі кейіпкерлер жазба әдебиетіне де көшкен. Жалмауыз кемпір, жезтырнақ, жын, пері сынды жағымсыз кейіпкерлер бүгінгі таңда экраннан түспей, кинофильм, мультхикаялардың арқауына айналып отыр. Мистикалық киноларды көрген сайын ауыз әдебиетіндегі образдар санаңа оралады. Ал әдебиетке келсек, қазіргі қазақ әдебиетінде мистика жанрында қалам тербеп жүрген жазушылар көп емес. Бастан-аяқ осы жанрды алып жүрген қаламгер ретінде Қойшыбек Мүбарак шығармашылығын айтуға болды. Мистикалық бағытта жазатын автор шығармаларынан оқырман өзіне белгісіз тылсым әлем сырларына қанық бола түседі.

Жалпы мистика дегеніміз не? «Мистика» грек тілінен тәржімалағанда «құпия, жұмбақ, тылсым» деген мағына береді екен. Қазақ халқының дәстүрлі танымында мистиканың орны қандай болғанын тағы да сол ауыз әдебиетінен аңғарамыз. Бала кезден оқыған «Алтын сақа», «Керқұла атты Кендебай» сынды ертегілерден бізге белгісіз тылсым әлем жайында алғашқы ақпаратқа қанықтық. Жер бетіндегі өмірден бөлек, жерасты патшалығы барын, адамдардан басқа тіршілік иелері жапсарлас ғұмыр кешетінін де түсінгендей болдық. Бірақ бұл – ертегі әлемінде. Реалды өмірде олай болуы мүмкін бе? Жазушы Қойшыбек Мүбарак әңгімелерін оқығанда тылсым әлемнің барына илана бастайсың. Бәлкім, қаламгердің сенімді суреттегенінен солай көрінетін де шығар.

Жазушы тылсым оқиғаларды өмірде болғандай етіп баяндайды.

«– Иен жерде сайтан болады, – деп айтып отыратын үлкендер. Енді қол-аяғым қалтырап, әдетте секіріп мініп алатын құнанның шоқтығынан қанша жармасқаныммен міне алсамшы. Маңайда бір биік тас та, тұмар да көрінбейді. Енді құнанды жетелеп манағы көрген бұлаққа қарай жүгіре жөнелдім. Тұмаға жете бере әлденеге шалынып омақасып кеттім. Құнаным үркіп қолымдағы шылбырды жұлып кетті.

– Абайла, бала, ақырын жүрмейсің бе? Құлағымның түбінен әйелдің мүсіркеген жағымды даусы естілді. Басымды жерден жұлып алдым. Қасымда шамасы менен оншақты жастай үлкен әдемі қыз тұр. Аппақ көйлегі баяу соққан самалмен дірілдеп тұр. Сасқалақтағанымнан:

– Еш жерім ауырған жоқ. Көк бұқа көрдің бе? – деппін...».

«Ақ көйлекті қыз» атты әңгімесінде автор пері жайлы жазады. Перінің адамдарға әсері жайында ел аузында да түрлі әңгімелер бар. Бұл шығармада жазушы сондай оқиғаны баян етеді. Бір ауылдың төңірегіндегі тылсым оқиғаны суреттейді. «Ерменсай» деген жерде перінің жас баламен жүздесуін сенімді жеткізеді. Атасының жоғалған көк бұқасын іздеуге шыққан бала перімен кездеседі.

«Біз бұлаққа қарай бара жатырмыз. Қыздың аяғы жерге тигені білінбейді, сырғып бара жатқан сықылды. Артынан дыздаңдап мен келемін. Кенет ойыма сайтан деген қайта түсті. Жүрегім дір ете қалды. Артынша ойымнан тез арылдым. Осындай әдемі қызды сайтан деуге қимадым...».

Перімен тілдескен адам сау қалмайтыны туралы ел арасында да айтылады. Бала үйіне келіп ауырады. Бұл әңгімедегі көк бұқа деп отырғаны – кие. Автор көк бұқаны бір отбасын перінің кесірінен қорғап тұрған кие ретінде көрсетеді. Әлемдік мифологияда да кейбір жан-жануарларға кие деп қарау түсінігі қалыптасқан. Мәселен, үнді халқы жыланды, сиырды киелі жануар деп санайды. Ал тағы бір халықтар жолбарысты киелі аң көрсе, енді бірі қасқырды кие тұтады. Әсіресе түрік халықтарында қасқыр киелі жыртқыш. Қазақта да қасқырды киелі аң деп біледі. Ал бұл әңгімеде көк бұқа кие ретінде алынған. Оның өз себебі де болса керек. Бір әңгімеде аңшының киеге ұрынғаны туралы оқып едім. Арқар аулап жүріп, оны атып, киесіне қалады. Демек, жануарладың арасында да киелісі болады екен. Мал баққан халық үшін бұл жағдай таныс та шығар. Малшылар мал арасынан киелісін біліп, сол жануарды ерекше назарға алған. Бұл әңгімеде де автор көк бұқаның сондай киелі жануар екенін жеткізеді.

«Сөйтіп отырғанда үстімізге ана жынды Темірхан келді. Не қасиетінің барлығын қайдам... Темірхан келе сала қолындағы арқанымен әйелді байлап тастады да, маған:

– Кет үйіңе, кет!.. Мен өлгенше бұл саған тиісе алмайды... Мен өлген соң ағаңның ала сиыры еркек көк бұзау туады... соны ал... Үйіңнің маңайынан алыстатпай бақ... көк бұқаны ұстап алғанынша саған тиісе алмайды... Көк бұқадан айырылсаң, ұлыңды ананың қызы әкетеді... – деді...».

Демек, көк бұқа – періден қорғаушы кие. Автор шығармаларының көбінде осындай мистикалық оқиғалар баяндалады. Ертедегі қазақ ұғымындағы бақсы түсінігін де жаңғыртады. Әңгімедегі Әдеп бақсының образынан соны аңғарамыз. Шығармада бақсының ақылы арқылы бір отбасы перінің қармағынан құтылып қалады.

Жалпы ұғымда бақсы тылсым әлеммен байланыс орнататын көріпкелдік, сәуегейлік, тәуіптік сынды ерекше қасиеті бар адам. Бұрынғы наным-сенімде адам баласы екі болмыстан тұрады деген түсінік бар. Олар – тұрпайы дене мен нәзік болмыс. Адам өлгенде тұрпайы денесін тәрк етіп, нәзік болмысымен ешкім көре алмайтын жаңа әлемге рух түрінде барады. Ол әлемді фәни өмірдің жалғасы деп қарайды. Рух ол жерде түрлі қалыпқа еніп, әрекет жасайды деген сенім бар. Қазақ ұғымында олардың ізгі істерді басқаратындары – аруақ, періште, перизат, ал жаман істерді басқаратындары – пері, шайтан, жын, албасты, жезтырнақ. Ескі сенім бойынша, бақсы – осы тылсым әлеммен байланысқа түсіп, ондағы рухтарды өз қызметіне пайдалана алатын адам.

Жазушы Қойшыбек Мүбарак шығармашылығында пері мен бақсы образдары жиі ұшырасады. Тылсым әлемді суреттеуге құмар қаламгер үшін бұл образдар таптырмайтын тақырып болған шығар. Бәлкім, автор ел арасындағы естіген әңгімелерін қорытып жазған да болар. Әсіресе ауылдық жерлерде тылсым әлем туралы түсініктер көптеп кездеседі. Қас қарайғанда суға бармау, мазаратқа саусақ шошайтпау, күлді баспау сынды тыйымдар әлі де өзекті. Автор көне түсініктерді қайтадан жандандырады. Пері мен адам арасындағы байланысты суреттеуге әуес жазушы «Пері көші» атты әңгімесінде де осы тақырыпты тереңірек қозғайды.

«Пері көші» әңгімесі көшпелі өмір салтын ұстанған бір отбасының тылсым тағдыры жайлы шығарма. Адам мен перінің отбасы құрып, бала-шағалы болғанын баяндайды. Пері мен адам да отбасы құра алады екен. Бірақ оның өтемі ауыр. О баста қалыптасқан заңдылықты бұзу адамды жарға жығатынын осы әңгімеден көруге болады. Адамның періге ғашық болуы және оны дуалап ұстауы жайында жазылған. Пері мен адам бір жерде өмір сүруі мүмкін емес. Десе де, дуа арқылы періні адамдар арасында ұстауға болатыны баядалған. Былай қарағанда, аңыз секілді. Жат мекенде елден жырақ өзімен-өзі өмір кешкен бір отбасы тағдырын автор қызықты суреттейді. Елден алшақ кетуінің де себебі – пері. Ерте қайтыс болған ағасының отбасын өз қарауына алған Кәрім жеңгесінің пері екенін біліп елден жыраққа көшеді.

«– Жәми жеңгеңді өзіңе аманаттаймын... Сенен өмір бойы жасырған бір сырым бар еді... О дүниеге алып кеткім келмейді... Менің жын-перілермен алым-берім жасап қатынап тұратынымды ана көк бақсыдан басқа ешкім білмейді... Мына жұрт көк бақсыны алдырайық дейді... Оның пайдасы жоқ, оның қолынан келетін шаруа емес... Жәми жеңгеңнің арғы тегі туралы, төркіні туралы көп сұраушы ең... Әншейін әке-шешесіз жетім қыз екен, ғайыптан кезіктік деп алдаушы ем сені... Ол олай емес, перінің қызы... Мен дуамен ұстап қалған ем... Мен кеткеннен соң оған да қиын болары анық... Шамаңша күтерсің...».

Пері жеңгесі Сәлім қайтыс болғаннан соң бұйығы болып кетеді. Жары өлген соң бір жылдан кейін жеңгесі тылсым күш арқылы балалы болады. Баланың атын Бақбөр деп қояды. Анасы пері ол да тылсым түрде пайда болғандықтан періге тән табиғатпен өседі. Ержеткенше есі дұрыс болмаған бала, анасы қайтқан соң ес жияды. Бұл да тылсым. Өмірде кездесе бермейтін жұмбақ құбылыс. Бір қызығы Кәрімнің кіші ұлы Кенжеқұл да перінің қызына ғашық болады. Бір отбасының перілермен байланысын суреттеген автор тылсым табиғаттың жұмбағын осындай оқиға арқылы жеткізген. Бәлкім, ел арасында бұндай да жағдайлар кездесер. Аңыздың артында да бір ақиқат бар дейді ғой.

Жазушы Қойшыбек Мүбарак шығармаларына ден қойғанда ауыз әдебиетіне тән ескі қазақ түсінігіндегі сырларға қаныға түскендей боласыз. Тылсым табиғаттың біз біле бермейтін астыңғы қабатына өтіп, өзге әлемнің де барын сезесіз. Қазақтың бейсаналы түйсігінде пері, жын, бақсы сөздері әлі де жанды екенін көресіз. Автор проза арқылы жадта қалған ұғымды қайта тірілтіп, оқырманды жасырын әлем сырларымен таныстырады. Автор шығармаларына бойласаңыз, сіз де сол беймәлім әлемнің тылсымын тани бастайсыз. Ендеше, оқып көріңіз...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар