1. Әлем сауықшыл бағытқа бетбұрыс жасады. Қазіргі таңда олардың арасындағы той, мереке дегенді санап тауыса алмайсың. Бірақ сол сауық-сайранның ішінде Наурыз тойына теңесетін, оның дәрежесімен пара-пар келетін мереке жоқ. Наурыз тойының тарихы тым әріден бастау алады, ол туралы мыңдаған аңыз-әфсаналар бар. Наурыз алдымен табиғаттың мерекесі, күн мен түннің теңелген күні. Бұл күнде тіршілік атаулыға жан бітіп, адамнан бастап өсімдікке дейін табиғат ананың шапағатына бөленеді.
2. Кейбір аңызда Наурыз деген сөз адамның атымен байланысты делінген. Нұқ пайғамбардың кемесі Қазығұртқа тоқтағанда Нұқ пайғамбар қолындағы жем-шөбін – жан-жануарларға, азық-түлігін адамдарға таратып, күн мен түн теңелді деп той жасаған екен. Кейін осы дәстүр жалғаспай қалыпты. Осы Наурыз деген азамат Нұқтан кейін үш жүз жылдан соң өмірге келіпті. «Біздің бабамыз Нұқ Пайғамбар осыдан үш жүз жылдай уақыт бұрын күн мен түн теңелді деп мереке өткізіп еді. Біз неге осы мейрамды қолға алып дамытпаймыз, неге құрметтеп жалғастырмасқа» деп бар күшін осыған салып, қайтадан тойлатқан екен. Содан бері қазақ халқы Наурыз тойын тойлап келе жатыр. Осындай деректерге сүйенсек, Наурыз тойы көненің мерекесі екеніне дау жоқ.
3. Іргесін Батухан қалаған Алтын Ордада Наурыз мемлекеттік мереке есебінде аталып өткен. Алтын Орда күні кешегі Кеңес империясының жартысынан астамын иемденген құдірет қой. Осы Алтын Ордаға қарасты ұлттар мен ұлыстар Наурызды мемлекеттік мереке есебінде атап өтетін болған. Оның ішінде кәдімгі Русь те бар. Екінші жағы – астрономиялық түсінікте күн мен түннің теңескен шағы. Астрономия ғылымының данышпандары деп – Галилео Галилей мен Николай Коперникті айтады. Ал Орхонның көк тасын жастық қылып, көк аспанын көрпе қылған Көк түріктердің әрқайсысы – Галилей, әрқайсысы Коперник емес пе?! Өйткені көшпелі өмірдің әрбір мезеті астрономиямен байланысты. Ендеше, астрономия ғылымының атасы – осы Көк түріктер.
4. Бір аңызда «Ғұндардың Падишасы Наурыз болған күні, яғни күн мен түн теңелген күні таудың басына шығып, ағарып атып келе жатқан ала таңда екі қолын жайып, содан тілек тілейді екен. Тілегін тілеп болып артына қарағанда, қолында қобызы бар абыз тоғыз қоңыр күй тартады. Осы күй тартылып болған соң, ол үн-түнсіз артына қарайды. Қараса арнайы дайындалған үш жүз алпыс бес адам мерекенің құрметіне үш жүз алпыс бес күй тартады. Сонда бір жылды түгелдеп тұр. Содан кейін ғана Наурыз тойын тойлауға рұқсат етіледі» - дейді. Осындай деректерге қарағанда, бұл мейрам әртүрлі дәрежеде тойланған.
5. Əлихан Бөкейханның Наурыз туралы 1916 жылы Айқап журналына жариялаған мақаласында: "Алғашқы айпарақ Ғайсадан 5000 жыл бұрын Тигр, Ефрат аңғарында өмір сүрген Вавилия (Шүмер) елінде жасалған Халдей календары. Онда жыл санау күн мен түннің теңелуінен басталған. Ұлы көштер салдарынан халдейлер ыдырап, Шумерлердің билігін парсылар тартып алды. Содан айпарақ – Наурыз болып өзгерді. Халдей әулеттері қазіргі угро-фин және қытай жұрты. Кейін Юлиян және Григориян календарлары шықты да Халдейді де, Наурызды да ығыстырды. Ал, астрономиялық дәлдік жағынан Наурыз (Халдей) қолданылғаны дұрыс...» - дейді. Ал Ахмет Байтұрсыновтың жазбаларында Нұқ пайғамбардың кемесі тоқтаған күні күн мен түн теңелген деп көрсетіледі. Үлкен тойдың басы осы күннен бастау алған деседі.
6. Ертеде осыдан бес-он мың жыл бұрын Жер шарының қоңыр үйегін мекен еткен Алтай, Сауыр, Тарбағатай, Жоңғария, Сарыарқа, Ерепей, Каспий, Жетісу, Тұран, Еренқабырғада ту көтерген – Мықтар елі күндей күркіреп, күн санап көркейіп, көбейіп, бір ту астына тұтастай шоғырланып, береке-бірлігі айрандай ұйып, бақ қарап, Қыдыр дарыған бір дәуірде Күн мен түн теңелген Наурыз тойын тойлапты. Сол күні таңда Мық елінің Тәңірқұтылары төбе басына шығып, арайлап шыққан күнге бетін тосып, екі қолын соза жайып: «О, Күнтәңір! Мықтар елінің Көк туын мәңгі желбіретіп, жаққан отын мәңгі лаулат! О, Күнтәңір, жер-жаһанды сілкінуден сақта, жерді топан суыңнан сақта, жерді өрттен сақта, дүлей дауыл желіңнен сақта, елді – жерден, ерді елден қуатын тебінді жаудан сақта, елімді індеттен сақта! О, Күнтәңір, елімді дерт-дербез індеттен, тілден, ділден, діннен, салт-санадан айыратын жын-сайтанның өсек-аяңынан сақта! » - деп көзіне жас ала балқып, орнынан тұрған Тәңірқұтылар енді абызға жол бергендей сыңай білдіреді. Сонда абыз үн-түнсіз қылқобызда «Тоғыз қоңыр» күйін тартады. Абыздан соң алдын-ала дайындалған үш жүз алпыс бес күй тартылады. Тәңірқұтыладың тілегінен кейін «Тоғыз қоңыр» атты күйдің, үш жүз алпыс бес жігіттің үш жүз алпыс бес күй ойнауы Наурыз тойын бастауға рұқсат еткендей беташар сыңай білдіреді. Осыдан кейін бірнеше күнге созылған той-думан басталады.
7. Наурыз мерекесі кеңес үкіметінің тұсында тосылып, өзінің өзектілігін жоғалта бастаған еді. 1987 жылы Мұхтар Шаханов, Жағда Бабалықұлы сияқты азаматтар «Жерұйық» қоғамын құрып, Наурыз тойын тойлауды қолға алды. Сол кезде Колбин қазаққа қарсы көп қастандық жасағанын түсініп, үлкен наразылыққа тап болмас үшін, Наурыз мерекесін тойлауға рұқсат етеді. Содан бері ұлыстың ұлы күнін қазақ халқы ресми түрде тойлап келеді.
adebiportal.kz
Негізгі дерек Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» кітабынан алынды
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.