Паң Маралтай
Маралтайды Есенғали Раушанов еркелетіп Тай-Марал дейтін. Тыныштықбек Әбдікәкімов Ай-Марал, Светқали Нұржан Хай-Марал дейді.
Берілмеген бата
Ілбіп келеді. Өзі болса, үйге әлдеқашан жетер еді. Демікпемен ауыратын шешесінің жүрісі өнер емес. Он-он бес метр жүріп тоқтайды да, булыға жөтеледі. Құдды жаны шығып кетердей шиқылдайды. Екі беті қып-қызыл болып, көзінен жас атқақтайды. Сәл басылғасын тағы да ілгері қадам басады.
...Өлең жазатынын кластастары білетін. Білмеске болмай қалған. «Ағай, Ыбыраев суретімді сала береді» дейтін Гүлбану мұның өзіне арнап жыр жазатынын да айтып қойған. Бірақ мектеп түгел білмейтін. Біраз дүние шимайлап тастаған бұл оны жұртқа жариялайтын кез жетті деп есептеген. Ол және салтанатты түрде болуға тиіс. Әрі ойланып, бері ойланып, мектеп бітіру кешінде оқығанды дұрыс деп тапты. Шешесі де таң қалуға тиіс. Мәсі жамап, сырмақ тартып отырып, адамның жүрегін қозғайтын небір ескі мақамдарды сарнайтын ол мұның талабын құптары анық. «Менің балам – ақын!» деп жан-жағына масаттана қарар-ау. Сосын, сөз жоқ, мұның маңдайынан сүйеді: «Құлыным».
Бәрі сәтті басталған. Клуб лық толды. Шешесі алдыңғы қатарда отыр. «Мектеп түлегі Маралтай Ыбыраев өз өлеңін оқиды!» деп шақырғанда бұл адымын нық басып, ортаға шықты. Тірі ақынды кім көрген? Шамамен осылай оқитын болуы керек деп екі қолын жайып жіберіп оқыды өлеңін. Зал сілтідей тынды. Оқып бола бергенде, бәрі дүр сілкінді. Жұрттың бәрі орнынан тұрып кетіпті. Тек шешесі ғана үнсіз отыр. Қол да соққан жоқ. Тек бұны жаңа көргендей әнтек аңтарыла қарап қалыпты. Жанына таяп келгенде де үндеген жоқ. Кеудесін ұстап, сыртқа беттеді. Бұл соңынан ере берді.
...Міне, үйдің қарасы көрінді. Шешесі тағы да тоқтап ұзақ жөтелді. Кеудесіндегі сырыл басылар емес. Бір кезде бұған бұрылып, көзіне көзін қадады:
- Балам, – деді сосын басын шайқап, – керек емес. Керегі жоқ! – деді сосын нықтап. Сосын үйге қарай қадам басты.
«Неге?» деп сұрауға батпады. Шешесін аяды. Үнсіз қалды. Бірақ іші алай-түлей еді. «Неге?», «неге?», «неге?».
...Кейін ақындықтың ауыр жолына түсіп, талай рет далада қалған, көкжалдай жалғыз жортқан, Кеңсайды мекен етіп, әр моланы құшақтап ұйықтаған, лифтіде түнеп оянған, көшедегі қарақшыларға кездесіп, тепкіге, пышаққа түскен, кеудесіне мылтық кезелген, милиция тісін түгел қағып алған, алқаш атанған, басын жаза алмай қалшылдап, бір жұтым арақты аңсаған, биттеп, құрттап қотыр болып кеткен, күллі ғалам теріс айналған сәттерде шешесінің сол бейнесі көз алдына келетін: «Балам, керегі жоқ!» «Апа-ау, менің барым да, нарым да, жалғыз сүйенерім де сол – Өлеңім еді ғой. Батаңды неге бермедің сол жолы» дейтін бұл өксіп. Алты қазға мұң шаққан Төлегендей шешесінің рухына егілетін. Жылдар өте келе сол сәттер өлең болып төгілді.
Алғашқы дебют
Он алты жасымда алғаш рет ел алдында өлең оқитын болдым. Алғашқы өлеңімді анам да тыңдаса екен деп ертіп бардым. Анам үйге қайтып келе жатқанда өлең маған қол емес екенін айтты…
(Автор)
Өлең, сенің тастан ауыр салмағың,
Нәзік жаным толықсыды, тоңды ғой.
Ана тілін неге ғана алмадым,
Алаулаған албырт шақта болды ма ой?!
Жайқадым-ау, жан-жағымды жайындай,
Айдалаға безе қашқан құлыншақ...
Отқа түстім, суға түстім тайынбай,
Ерке, тентек мінезіммен ұрыншақ.
Мен бәріңді... барлығын да түсінем,
Жолым қалды қыл арқандай түйіліп.
Сөз естідім үлкеннен де кішіден,
Көмейіме шарап оты құйылып.
Әлі ұқпаймын, түсінбеймін анығын,
Бір аппақ құс менен қалмай ұшады.
Мен шарапты өмір ғой деп таныдым,
Шарап мені ақын қылды құсалы.
Жатқанымда мәңгүрт құсап мәңгіріп,
Жан анам да бірге азап шекті ме?!
Мола түнеп, диуана боп қаңғырып
Түн қойнында қалған кезде тепкіде.
Есім білмей кең көшеде шайқалсам,
Қандай рақат болу керек ал мұнда.
Осы жолмен кері қарай қайта алсам,
Тізерлер ем жан-анамның алдында.
Көріп пе едің жел қопарған еменді,
Анам байғұс көрмейді ғой жасымды.
Болды енді, жазбаймын мен өлеңді,
Болды енді, жазбаймын мен басымды..
Шешесі анау алапат жылдарда аштықтан өзегі талып құлаған жүздеген адамның аузына су тамызып, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы қазіргі Саудакент ауданына орналастырған, аудандық тұтынушылар одағы басқармасының бастығы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін мінсіз атқарған Ахмедия Сармолдаевтың қызы еді. Сол кезде Ораз Жандосовтың көзіне түсіп, ол оны 1935 жылы орталыққа шақырып, Алматы облыстық атқару комитеті жер бөлімінің басшысы етіп тағайындайды. Дариға да Алматыдағы мектептің табалдырығын аттаған. Белсенді оқушы болған.
Көп ұзамай әулеттің басына бұлт үйірілді. Әке «халық жауы» атанды. Есікпе-есік көрші тұратын Ораз Жандосовты да әлдекімдердің алып бара жатқанын көрді Дариға. Бұлар жан-жаққа шашылып кетті. Қалайда аман қалу керек еді. Бұл кішкентай інісін жетектеп, Сарысуға жетті. Ауыл баласы Райымбектің етегінен ұстады. Ұл сүйді, қыз сүйді. Тек анда-санда аңырайтын. Бода-бода болып жылайтын. Зарлы әуен бала Маралтайдың көкірегіне сіңе берді.
Ел арасында Дәкен апа атанған шешесі өте намысқой еді. Сөзі кестеленіп төгілетін. Бір ауыл аузына қарады.
- Әкеңді шайға шақыр, – деді бір күні бұған жымиып. – Маған белсебет алып беретін болды де. Бұл айнала жүгірген. Әкесі сыртта шыжыған күн астында отыр екен. Жүзі әбден қабартып кеткен. Хабарды ести сала:
- Өй, соны манадан бері айтпай ма? Таңдайымыз әбден кеуіп қалды ғой, – деп күрт жадырап, үйге беттеді. Сәлден соң шешесі екеуі шүйіркелесіп шай ішіп отырды. Сөйтсе, әкесі бұған белсебет алып берейік десе, шешесі қарсы болыпты. Әкесінің наразылық білдірген түрі екен. Қылышынан қан тамған сәбет заманында да осындай жеке пикеттер болған...
Шешесі ұлт бетіне шыққан қаймақтарды сыпырып алғанын көрді. Мұның ақын болғанын қаламағанының бір себебі сол болар. Ал Алматыға барып оқиды деген әңгімені мүлде тыңдағысы келмейтін. Ақыры бұл облыс орталығына баратын болды.
Жалғыз көзді ару туралы «хикая»
Жамбыл педагогика институтының көркем сурет факультетіне түскеннен кейін Мәскеуде оқып келген суретші Талғат Байоразовтың қасына ерді. Бірінші курстың бозбаласын ол да жатсынған жоқ. Әлемнің атақты суретшілері туралы әңгімелерін таң атқанша айтатын. Тыңдаған сайын бұл қызыға түседі. Мен де солардай болсам деп армандайтын. Өзінің ұлы суретші атанатынына титтей де шүбәсі жоқ еді. Қазақтың Джакондасын саламын дейтін. Тек соған лайық қыз керек. Тек ондай қыз жоқ. Бар шығар-ау, тек «Мөп-мөлдір көздің қарасын Тараздан ғана табасың» дейтін Таразда жоқ...
...деп ойлағаны бекер екен. Бір күні алдынан ұзын бойлы, аққұба қыз шыға келгенде есінен танып қала жаздады. Қыз ғажап сұлу еді. Аппақ-ау, аппақ. Аршылған жұмыртқадай. Жұматайша айтқанда, бір шыны сүтке салған суреттей. Тәкәппар ару аңтарылып, аузын ашып тұрған бұны тіпті адам екен деген жоқ. Кербез басып, қасынан өте шықты. Өкшесінің тықылы бала суретшінің жүрегін езіп бара жатты... «Суретін саламын. Қазақ қызының сұлулығына күллі әлем таңғалатын болады». Басына бірінші келген ой – осы! Дереу кім екенін анықтады. Айкөркем. Бәсе, аты да әдемі болуға тиіс еді ғой. Айкөркем десе, Айкөркем! Филология факультетінің қазақ мектебіне орыс тілінен сабақ беретін бөлімінде оқиды екен. Ендеше, не тұрыс? Жетіп барды. Өзінің болашақ ұлы суретші екенін айтты. Ал Айкөркем – Джаконда! Тіпті одан да артық. Ендеше, уақытты өткізбей іске кіріскен абзал. «Не надо...» деді қыз қабағын түйіп. «Не надоға» кете салатын бұл ма? «Мен қалай да саламын». «Сен - өте сұлусың! - деді сосын үздігіп. Сосын сүйіп алуға ұмтылды. “Нахал», – деді қыз ашуланып. - Кто ты такой вообще? Иди отсюда…”.
Содан күнде барады. Оқу корпусында, көшеде, жатақхана дәлізінде қыздың алдынан шыға келеді. Сол өтініш, сол жауап. Тек жауап күннен күнге қатая бастаған. Бір күні өңмеңдеп жетіп барған бұған өте ауыр сөз айтты: «Пошел на ...». Басқа біреу болса, бұл да қарап қалмас еді. Бірақ алдында Айкөркем тұр ғой, Айкөркем. Тыз ете қалған ашуын іркіп, қарқылдай күлген: «Мен саған ғашықпын, Айкөркем. Оны жақында күллі әлем білетін болады». «Псих” - деді қыз. Сосын бұрылып жүре берді. Көктем шыға суретші біткеннің этюднигін арқалап, паркке беттейтін әдеті. Бұл да асай-мүсейін арқалап автобусқа мінген. Міне, ғажап, Айкөркем отыр. Қарсы алдына барып жайғасты. «Суретіңді салайын, Айкөркем”. Қиыла қараған. “Хорошо» – деді қыз кенет жанары жарқ етіп, – тек мен екі аялдамадан кейін түсемін. Соған дейін салып үлгерсең, пожалуйста. Дереу іске кірісті. Бір ғажабы, бұл суретті
екі қолымен қатар салатын. Міне, алғашқы штрихтар түсті. Шаш, маңдай, бет, тамақ... Жанталасып жатыр. Тек уақыт жетпей қалды. Екі аялдамадан соң Айкөркем түсіп жүре берді. Бұның салған суретіне тіпті көз тоқтатып та қараған жоқ. Тұла бойын тер жуып кеткен екен. Суреттің сұлбасы айқындалып қалған. Бір көзі бар, екіншісін салып үлгермеді. «Как жаль...» деді бір орыс кемпір ауыр күрсініп. Қалғандары да шулап қоя берді. Күллі автобус жиналып төбесінен төніп тұрғанын сонда ғана аңғарды. Ішінде бірдеңе үзіліп түскендей болды. Енді ешқашан сурет сала алмайтынын әлдеқандай түйсікпен сезді. Автобустан түсті де, мән-мағынасыз басы ауған жаққа жүре берді. Кешке ащы суға бас қойған...
Өлеңқонған
Қазақта «өлеңқонған» деген сөз бар. Түсіне ақ сақалды қария кіріп: «өлең аласың ба, көген аласың ба депті» деген аңыздарды оқып өстік. «Кеудемнен көкала үйрек қош деп ұшты, Сол, шіркін, кәрі жолдас – өлең, білем» дейді Кемпірбай Әсетпен қоштасарда.
...Ол кезде әке-шешесі қой бағатын. Қырдың басында жалғыз үй отырды. Бір күні бала Маралтай көбелек қуып жүріп байқамай үйден ұзап кетті. Ана қырдан соң ана қыр әдемі көрінеді. Бір кезде анадай жерде өзінен сәл ересектеу әп-әдемі қыздың тұрғанын аңғарды. Бір қызығы, жаздың күні асқабақ түстес қызыл-сары пальто киіп алыпты. Қол бұлғап мұны шақырғанда, еріні сәл ашыла түсіп, маржандай тістері көрінді. Бұл ә дегенде ұмтыла түсті де, тоқтап қалды. Айналада ел жоқ. Сонда бұл кім? Жаздың күні пальто киіп алғаны несі? Кенет бойын үрей биледі. Жалт бұрылды да қаша жөнелді. Артына қарауға қорықты. Боздап келіп, құрт қайнатып жатқан шешесінің етегіне жармасқаны есінде.
9-класта оқып жүргенде сол қыз түсіне кірді. Үстінде сол баяғы пальто. Қол бұлғап шақырады. Бұл кілт бұрылып, қаша жөнелген. Кенет көзін ашса, екі ағасы екі қолтығынан демеп, үйге қарай алып келе жатыр екен. Демек, шынымен де үйден шығып қашқаны ғой. Қатты ұялды.
Екі-үш күннен соң тағы кірді. Бұл тағы да жалт бұрылып, зымырай жөнелді. «Ал кетті, ұстаңдар ананы» депті әкесі. Терезеден түсіп, айдалаға қашып бара жатқан мұны ағалары тағы да алып келді.
Қыз түсіне жиі кіретін болды. Көп ұзамай әуелі көршілер, кейін мектептегілер, сосын күллі ауыл білді. «Райымбектің баласын жын ұрыпты» деген хабар күзді күнгі өрттей өршіді. Бұл қысылып, түнде аяғын есікке байлап жататын. Бірақ оянған сәтінде екі ағасы екі қолтығынан демеп, үйге алып келе жатады.
...Арадан жылдар өтіп, ауылға Алашқа аты мәлім ақын болып келгенде физикадан сабақ берген ағайы Әбдірәлі Бұзауов сол оқиғаны еске алып: «е, Маралтай, саған сол кезде өлең қонғалы жүр екен ғой...» дегені бар. Табиғаттың тылсымына кім бойлаған, бәлкім, солай болған шығар. Әйтеуір, өлең жаза бастағалы бері сол қыз түсіне кірген емес.
Сурет өнерінен ақи-тақи бас тартқасын бұл өлеңге ден қойды. Айтысқа түсіп те көрді. Бірақ бұған қол емес екен. Енді біржола поэзияға бет бұрды. Жамбылды біраз «шаңдатқасын» өзінің бұл қалаға симайтынын сезінді. Демек, Алматыға кету керек.
Маралтай Алматыға жалаңаяқ келді. Жетіп жығылды дегеніміз дұрыс шығар. КазГУ-дің 5-жатақханасына табан тіреп, біреуден костюм, біреуден аяқ киім, біреуден күрте алып, киімін бір түгендеп алғасын Жазушылар одағына қарай бет алды. Әдетте Алматыға жаңа келген адам, оның үстіне қалтасында соқыр тиыны жоқ кісі жан жағына жалтақтап жүреді ғой. Ал мынау аузынан ақ май ағып отырған бай баласындай еркін. Өзін жер шарының төрағасы деп жариялаған Велимир Хлебников секілді құдды әкесінің үйіне келгендей тайраңдайды. Кез келген жерде тұра қалып өлең оқиды. Ол туралы өзі айтсын:
Ықтияр
Ақиқатты танығандар сертім деп,
Көрген жандар, білетіндер мақтасын.
Жиырма жаста Ескендірдей еркін кеп,
Алматының теуіп аштым қақпасын.
Хаққа жаққан көпке қалай жақпасын,
Қара сөзді ете алмадық біз ермек.
Қара өлеңнің жалаңаяқ патшасын
Күллі Алматы қабыл алды тізерлеп.
Пысқырмаймын келекелеп күлгенге,
Бір кірсеңіз біздің дулы кеңеске...
Алматыны мойындату білгенге,
Жарты әлемді мойындату емес пе?!
Тағдыр кешкен заманымен кіл егес,
Абай тіпті Мұқағали, Қасым да.
Жербетілік соғыс деген түк емес
Ақындардың бақталасы қасында.
Мәлім жайды мәлімсізге мәлімде,
Кірлетпесін кіршігі жоқ ойыңды ақ.
Тірісінде Әмірхан да, Әділ де
Кетті мені риясыз мойындап.
Әй, Құдай-ай, соған қарап қалдың ба,
Күйіп кеткен сорлы жұртын сүюмен.
Мен де олардың аруағы алдында
Өтем мәңгі өр басымды июмен.
Өлең – менің өмірім һәм ар, үнім,
Тағдырымды өзім ғана шеше алам.
Буырқанған басылған жоқ арыным,
Мен әлі сол ес кірмеген – есалаң!
Мас ұлың да, тасыр ұл да киелі,
Қара түнде көше кезген салдақың,
Маған ғашық, мені ғана сүйеді...
Қара көзді, сол сүмбіл шаш Алматым..!
Бұл бертінде жазылған өлең ғой. Ал келген кезде Маралтайдың көзіне былай «көрінген»:
...Сол әлі... баяғы ғұмыр нақ,
Айналмас аңға не құсқа.
Жұлдызды иықтар ырылдап,
Кіндіктен сәл төмен тұста.
Қарашы, көшелер әжімдей,
Күн сайын ағылған өлік.
Түн сайын ажалдың тәжіндей
Ай шығар айбарын төгіп.
Ауырлау болса да (аурудай),
Сепкені замани әтір,
Көрпесі ашылған арудай
Алматы түс көріп жатыр!»
Бірнеше айдан соң Маралтайды күллі Алматы танып болды. Теледидарды ашып қалсаң – Ғафекең, Радионы басып қалсаң – Ғафекең!» дегендей, кез келген вешірде, саябақта, сырахана мен барларда, студент жатақханаларында алдыңнан қолында бір бөтелкесі бар, өлең оқып тұрған Маралтай шығатын. Қыл аяғы жазатайым айықтырғышқа түскен адамды да сонда Маралтай «қарсы алатын». Ол кез келген ақынның үйіне түн ішінде кіріп барып, өлең оқитын. Автобус пен троллейбус – ол үшін кәдімгідей «сахна» еді. Газет-журналдар оның өлеңдерін жарыса жариялады. Ағалары әбден еркелетті, қатарластары алақанына салды, інілері пір тұтып соңынан ерді. Аты дүркіреп тұрды.
Маралтай сол кезде жүрегіңді жұлқып-жұлқып алатын әр өлеңін дәл бір соңғы өлеңі секілді жазды. Қара бояу басым еді. «Жазылмаған жырымды оқып тұрамын Қазылмаған қабірімнің басында», «Жалғыз жерде жалғыз ғұмыр кештім мен, Көзім, сірә, көрге кіріп ашылар...», «Бүгінгі күн мен үшін ақырғы күн, Тағдырымның ажалға басын бұрдым...», «Қараңғы жерде жатармын, Суретін салып Құдайдың қара қабырғаға...», «Билеп жүрмін соңғы би, Өмірмен де, өзгемен қоштасар сәт...» «Біздегі үн сізге жетер ме, Түспей тұрғанымызда табытқа...».
Бәріміз де жүз грамдаттық қой, ал бұның ішуі масқара еді. Оған қайыру көрмеген жынды мінезі қосылғанда, әжептәуір «жыртқышқа» айналатын. Мүлде ұйықтамайтын. Онымен бірге жүру ажалмен қақпақыл ойнағанмен бірдей еді. Келесі минутта не болып кететінін білмейсің. Талай рет өліп кететін жерінде айналайын Өлең құтқарды.
Күні-түні ауызы арақтан босамайтын алқашты кім жақсы көрсін, ол бірте-бірте қоғамнан бөлектене бастады. Өлеңінде ғана емес, өмірде де ана дүниеге аяңдап бара жатты. Соның дәлеліндей, көзі тірісінде Кеңсайға көшіп алды. Сонда көр қазатындармен бірге жүрді. Солармен бірге тамақ ішіп, араққа сылқия тойып алғасын олар үйіне кеткенде, бұл жақын тұрған бейіттің жанына барып қисая кететін. Түн ішінде тұрып, Кеңсайды жаңғыртып өлең оқитын. Сол өмірге өзі де әбден үйреніп еді. Бір күні оянбай қалса, қасындағы серіктерінің бұны көметініне сенетін...
Бір қаламгерді жерлеуге келген Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғабиден Құлахмет мұны жазатайым көріп қалмағанда дәл солай болар ма еді, кім білсін? Ғабиден аға шопырын жіберіп, мұны қайтадан қалаға алдыртты. Басын жазды. Моншаға түсіріп, бастан аяқ киіндірді. ...Сонымен бұл тірілердің арасына қайта оралды. Демек, әлі жер бетіндегі миссиясы аяқталмаған-ды.
Маралтай поэзиясының үш кезеңі
«Мен өзімнің ақындық ажалыммен Осымен үшінші рет беттесемін...» дейді Төлеген Айбергенов бір өлеңінде. Өтежан Нұрғалиевтің шығармашылығын зерттегендер де оның ақындық жолында үш кезеңнің болғанына назар аударады. Расында да, Өтежан ағамның алғашқы кездегі таңғажайып лирикалары, одан кейінгі «Соғыстың соңғы жазы» мен «Афина мектебі» – үш бөлек әлем.
Әдебиет сыншысы емеспіз, бірақ Маралтайдың да өлеңін үш кезеңге бөлуге болатын сияқты. Бірінші кезең – тоқсаныншы жылдарда жазылған жырлар, «Ай-Нұр» мен «Ай» кітаптары. Бұл жырларда құдды фотоаппаратпен түсіріп алған секілді Маралтайдың күлдіреген жаны көрінеді. Ешқандай фальш жоқ. Мен бұл өлеңдерді түгелге жуық жатқа білемін. Бір қызығы, ешқашан жаттауға ұмтылған емеспін, көкірегіме өзі көшіп алды. Тек қана мен емес, біраз жұрт солай жатқа оқиды. «Маралтайды оқысам, ішім ұлып жүре береді. Бұл – әбден қамау пен қақпай көріп, қамытқа жегіліңкіреп келген қазақы өлеңнің еркіндікке шыққан кезеңдегі «тентек баласы». Алыс-жақын әдебиетті, ондағы әлі күнге дейін аты, мінезі мен тағдыры аңызға айналып жүрген, бізге «басбұзарлықтың құпия идеалы» болып келген А.Рембо, Бодлер, Мандельштам, Лорка, Поль Верлендерді ғана емес, ұлы француз өнерін, әдебиетін жасасқан қияли суретшілерді де жақсы білетін «соловей-разбойник». Әрине, қазақтың өлеңінің «бұзығы». Мен Маралтайға ғана қызығамын». Мейірхан Ақдәулетұлының Маралтайдың «Ай-Нұр» кітабы туралы жазған осы пікірімен келіспейтін адам аз.
Екінші кезең – 2000 - 2024 жыл аралығында жазылған жырлар. Бұл жылдарда да Маралтай өнімді жазды. Біршама сүйекті дүние оқырман назарына ұсынылды. Арасында тапсырыспен жазылғандары да бар. Ал ондай дүниелерде кем-кетік болмай тұрмайды.
Ертеде бір жыршымен әңгімелестім. Ол маған жыршылық өнердің құпиясын ашты. Таңға жақын жыршының дауысы «отыра» бастайтын көрінеді. Ал тыңдарманға оны білдірмеуі керек. Сол кезде домбыра көмекке келеді екен. Яғни домбыраның дауысы сәл қаттырақ шыға бастайды да, жыршы соның есебінен дауысын «үнемдейді». Тыңдарман оны аңғармай қалады. Яғни, бұл машық.
Маралтайдың тапсырыспен жазған поэмаларында да сондай машық бар. Бірақ тыңдарман мен оқырман – екі бөлек әлем. Оның үстіне Маралтайдан тек «шекер жеп дәніккен» (Ақтан) оқырманның сұранысы да жоғары болатыны мәлім. Өзгелердің халтурасын кешіре беретін ол дәл Маралтайға келгенде жібімейді. Сондықтан да оның атына біраз сын айтылды. Әлі де толастар емес. Негізсіз төбесінен «кірдің суын» төгіп жатқандар да бар. Бір өкініштісі, осы жылдарда жазылған тамаша өлеңдері де ана дүниелердің тасасында қалды. Бар болғаны сол ғана. Әйтпесе «Маралтайдан жаман өлең іздеп әуре болмаңыз, таба алмайсыз» (Есенғали).
Басқа адам болса, іштей мүжіліп кетер еді, ал Маралтай іштей ширығып, бойын жиып алды. Жаңа деңгейге шығуы керектігін ұқты. Жазуды қоя тұрып оқуға ден қойды. Тылсым дүниелерге үңілді. Сурет өнері жампоздарының дүниелерін санада жаңғыртты. Кейбірін қайта қарап шықты. Бәйгеге түсетін аттай өзін өзі жаратты. Жазбауға болмай қалған кезге дейін ақ парақты ластаған жоқ.
Сосын біссімілә деп қолына қалам алды. Жыл бойы күніне бір өлең жазды. Жаза алмай қалған күндері де болды. Ондайда намазы қаза болған жандай мазасы кететін. Есесіне бір күнде екі немесе үш өлең жазған шақтары да бар. Ешкімге көрсеткен жоқ. Ешқайда жарияламады да. Жаза берді, жаза берді. Ішіндегі «жиған-тергені» сарқылғанда бір-ақ тоқтады. «Ақ батпырауық» деп атау беріп кітап етіп шығарды. Алғы сөзін интеллектуал інісі Ерлан Жүніске жаздырды. «Иә, Маралтай Райымбекұлының поэзиясы – тыныштық емес, мазасыздық поэзиясы. Экзистенциалық мазасыздық. Ол аласұрған ақын жанының аңызы. «Ат басындай жүректің» ақжарылқап жазбасы» – депті Ерлан.
«Ақ батпырауық» – Маралтай поэзиясының үшінші кезеңі. Оның ақындық әлеуетін жарқырата көрсеткен кітап. Мұнда сезімнен гөрі ой басым. Пушкинше айтсақ, поэзияның махаббаттан парасатқа ұласқан шағы. Нәзік талғам, ұшқыр қиял, биік парасат ұштасқан дүниенің бағасын әдебиеттанушылар бере жатады деп ойлаймыз. Ал оқырман өте жылы қабылдады. Оны әлеуметтік желіде ақынның парақшасында жарияланған өлеңдердің астында жарияланған пікірлерден көріп отырмыз.
Сол «Ақ батпырауық» – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр. Екі кезеңнен өтті. Алда – үшінші кезең. Одан да маңдайы жарқырап өтуіне тілектеспіз.
F.S. Маралтайды Есенғали Раушанов еркелетіп Тай-Марал дейтін. Тыныштықбек Әбдікәкімов Ай-Марал, Светқали Нұржан Хай-Марал дейді. Маралтайдың осы туралы «Ат қою» дейтін тамаша өлеңі бар. Ал мен ширек ғасырдан бері Паң Маралтай деймін. Мақаламның тақырыбын да солай қойғанды жөн көрдім.
Бауыржан Бабажанұлы, ақын
Қазақстан Жазушылар одағы, Астана филиалының директоры
