Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Қаламгерге де ақша керек......

15.02.2017 5322

Қаламгерге де ақша керек...

Қаламгерге де ақша керек... - adebiportal.kz

Тиын санап жолына, көлеміне,

Қаламақы алмаймын өлеңіме.

Жазғандарым жүрекке жетсе болды,

Басқа маған байлықтың керегі не?

...Тоқсан тарау өмірдің торабында,

Одан өткен бақытты табамын ба!

Жырым тегін – жұрағат, халқым үшін,

Қаламақым – халқымның қабағында, -

деп жырлапты ақиық ақын Серік Томанов.

Әдебиетке деген адалдық – осындай болса керек-ті. Дегенмен, қалам кеміріп, парақ жастанып еткен еңбегіне төленер қаламақының қаламгер үшін үлкен қолдау, стимул екендігі рас.

Әдебиет порталы


Қаламгердің жай-күйі дегенде «ауызымыздың суы құрып» кеңестік кезеңдегі жасалған жағдайды тәптіштей жөнелетініміз бар. Социалистік реализмнің боданында болғанымен ол кезеңнің қаламгерлері еткен еңбегінің жемісін көрердей-ақ көретін еді. Қаламақысының өзі жазушының қаламына желік бітіретіндей болатын. Бір ғана мысал, жазушы Адам Мекебаев бір сұқбатында кешегі жүйе мен бүгінгі жүйе туралы ой өрбіте келе: «Кешегі жүйе мен бүгінгі жүйе салыстыруға келмейді. Ол заманның жазушылары дайын ақшаға жазды. Мәселен, егер мен 20 баспа табақтық кітап жазатын болсам, тиражына 500 сом қоятын. Ол кезде 500 сом деген көп ақша. Жұрттың жылдық табысы 2000 сомға жетпейтін. Аудан әкімдерінің айлығы 200 сом ғана болатын. Облыс басқаратын адам 260 сом алатын, кейіннен 400 сомға көтерілді. Ал менің баспадағы айлығым 130 сом-тұғын. Сыйақымызбен 150 сомға баратын. Бұған қаламақыны қосыңыз. Екі жылда бір кітап шығарамыз. Отыз мың данамен шығатын болса, яғни облыстардан сондай тираж жинай алса, әлгі 500 сомның үстіне тағы 500 сом қосады. Сонда мен кейбір адамдардың он жыл жұмыс істеп табатын ақшасын бір кітап жазсам, бір жылда табатынмын. Салыстыру үшін айтсақ, 20 мың сомға, яғни жаңағы бір кітаптан алатын ақшама 2 «Волга», 2 жақсы гарнитур келетін. «Волгаңыз» – машинаның төресі. Ал сол кезде 1200 сомға сатып алған гарнитурды күні бүгінге дейін пайдаланып отырмыз», - дейді ағамыз. Осыдан келіп бүгінгі жағдайды бағамдап көріңіз.

Байтанұлы


Бүгінде кейбір кітаптардың алғашқы бетін я соңғы бетін парақтар болсаңыз: «Кітаптың жарық көруіне демеуші болған Пәленше Түгеншеевке зор алғысымды білдіремін» деген автордың тілегін оқисыз. Яғни, демеушілікпен шыққан кітап екені, таралымы мардымсыз екені айтпаса да түсінікті. Қаламақыдан бұрын кітаптың демеушімен шыққанына тәубе етеді, автор. Мемлекеттік тапсырыс болмағандықтан, қаламгер кітапты өзі саудалауға мәжбүр. Бірнеше рет қаламдас ағаларымыздың қорап толы кітаптарын пойыздан түсірісіп, саудасына араласқанымыз бар. Сол ағалардың көшеде кітап сатқанына да куә болғанбыз. Мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптың жағдайы да көңіл көншітерлік емес. Таралымы - «тауыққа шашқан тарыдай» ғана. Бар-жоғы 2000 дана немесе одан сәл ары. 17 миллион халқы бар елімізде жаңағы таралыммен кімді жарылқайтынымызды ойлап көріңіз?! Бұл жағдайда қаламақы туралы сөз қозғаудың өзі артық.

Кезінде француз жазушысы Камю киносценарийлер жазып күн көрген екен. Ал Таласбек Әсемқұлов жайында жазушының жары Зира жеңгеміз былай дейді: «Есімде, Таласбек бірнеше жыл бойы тәулігіне 16-18 сағат жұмыс жасап, «Хабар» үшін адамның жүрегін айнытатын сериалдарға аударма жасады. Әр парағы 200 теңге тұратын. 10 мың бет, қалың-қалың 20 том. Содан бері мен өзім үшін ақша жұмсауды ұмыттым. Баспана алуға ақша жинағандықтан емес. Алатын заттың құнын автоматты түрде өзім үшін ең қымбат валютамен есептей бастайтынмын. Ол – менің күйеуімнің, керемет музыкант, жазушы, ойшыл адамның алтын уақыты болатын...». Егер де кеңестік кезеңдегідей қаламақы мәселесі жақсы болғанда, Таласбек ағамыз қазақтың руханияты мен дүниетанымы үшін қадау-қадам қаншама дүние қалдырар ма еді, деп ойға қаласың. Бұл бір ғана мысал. Қаншама ақын-жазушыларымыз күнкөріс қамымен журналистік, аудармалық жұмыспен шығармашылығына арнайтын алтын уақытын жоғалтып жатыр екен?!

Есенғали ағамыздың бір сұхбатында өзінің алдындағы ағалары жайында тебірене айта келе: «Олардың өлеңнен басқа шаруалары болған жоқ, тек шығармашылықпен айналысты. Менің жинағанда бір ғана томдық шығармаларым бар. Егер баспа ісі болмағанда 2 томдық шығармалар жазар ма едім» деген сыңайдағы жолдары бар. Бұл да бір өзек өртер жәйт.

ea5b9a3ca445b3d578368f0dc3a09006.jpg


Жазушы Қажығали Мұхамбетқалиұлы бір сұхбатында: «Жазушы бірнеше жыл уақытын сарп етіп, кітап жазады, ол он жыл, яки он бес жыл болуы мүмкін. Сонша жылын сарп еткен еңбегіне ең болмаса 5000 доллар гонорар алмайды. Қаламгер осы аралықта аш отырмасы белгілі, бес жыл бойы қолынан қаламы түспесе де, бес мың теңге таппаған жазушының қатын, бала-шағаның алдында қадірі жоқ. Ал қатын, бала-шағаның алдында қадірі болмаған жазушының халық алдында қайдан қадірі болсын?», - дегені – бүгінгі қаламгерлердің жай-күйінен хабар береді. Иә, жазушы ақша табу керек. Өзін, отбасын асырау керек. Бірақ, осы тұрмыстың ауанымен қанша шығармаларды кеудесінде тұншықтырып алады, бір Тәңірге аян.  

Шет елдерде жазушының еңбегі барынша жоғары бағаланады. Кез келген кітапты шығарарда оның авторына лайықты қаламақы төлеу мәселесі бірінші кезекте ескеріледі. Кезінде жас жазушы Лира Қоныстың: «Мен алты ай бойы сарылып жазған кітабымды өз қалтамнан алты жүз мың теңге беріп, мың дана шығарып, оны әркімге бір тықпалап сатып жүрсем, АҚШ жазушылары 6 ай жазған кітабына 6 миллион доллар алады екен», - деген таңданысы сөзіміздің дәлелі.

Түптеп келгенде, барлығы мемлекеттің қамқорлығына келіп тіреледі. Руханият – елдің арқауы болса, ұлт азып-тозбау үшін әдебиет, мәдениетке көп көңіл бөлінуі керек. Қаламгердің ұлт әдебиетін дамыту жолындағы еңбегіне төленген қаламақы елімізді өрге сүйремесе, көрге сүйремесі анық.

                                                                                                                                                                       Сарша портал


Наурызбек САРША



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар