Жақында, 28 маусымда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні атап өтілді. Еліміздегі өтіп жатқан әлеуметтік-қоғамдық және саяси мәселелер, сондай-ақ өнер, мәдениет, ғылым туралы жан жақты жазып, жариялап жүрген қалам ұстаған қауымның мерейі тасыған күн. Осы орайда Президент Грантының иегері, Журналисттер одағы Камал Смайылов атындағы сыйлығының лауреаты, журналистика ардагері, еліміздің масс-медиа саласында өзіндік қолтаңбасы мен ізі айқын Раушан Төленқызымен әңгімелескен едік.
– Журналистика мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?
– Өткен ғасырдың 70-жылдарында республикалық «Қазақстан пионері» газетіне ақын Фариза Оңғарсынова редакторлық етті. Фариза Оңғарсынова мектеп тұрмысы, мектеп жасындағы жеткіншектердің отансүйгіш және еңбексүйгіш, зерделі де тәртіпті, саналы да өрелі болып өсуіне газеттің рөлі ықпал ететінін өте жақсы сезінді. Оқушылардың бойында туған жері мен ата-анасына, өзінен кішілерге мейірімді болып өсіп, қоғамдық істерге белсене араласуына «Қазақстан пионері» арқылы өте зор үлес қосты. Басылым, негізінен, оқушылардың, жасөспірімдердің балалық шағы мен оқуы, білімі туралы жазылатын болғандықтан сол жайында жазуға оқушылардың өздерін баулыды, баурады. Бұл үрдістің бір қалыпқа, жүйеге түскені соншалық, еліміздің түкпір-түкпірінен газетке тұрақты, ұдайы мақала, суреттеме, репортаждар, шағын әңгіме мен өлеңдер жазып тұратын оқушы, тілшілер шоғыры қалыптасты. Осы мақсатпен редакция ұжымы 1977-1978 жылдары республиканың әр қиырынан жас тілшілердің қосынын ұйымдастыруды қолға алды. Ең бірінші болып сол кездегі астанамыз Алматы қаласындағы №2 қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектепте Ұлжан Хасенова бастаған «Жауқазын» жас тілшілер қосыны, Қызылорда облысындағы Сунақ ата ауылындағы мектептен Әнуарбек Әуелбеков жетекшілік ететін «Альбатрос», Маңғыстау облысы Сарықамыс орта мектебінен Марал Күзенбаева бастаған «Шынар» жас тілшілер қосыны және тағы басқа осындай жас тілшілердің қосыны пайда бола бастады. Солардың қатарында мен де өзім оқыған Жамбыл облысы Талас ауданындағы «Үшарал» орта мектбінде «Ұшқын» жас тілшілер қосынын жасақтап, жетекшілікті қолға алдым. Біз өзімізге «Ұшқынан жалын лаулайды» деген ұранды ту етіп алдық. Құрамында жазуға талпынысы бар 7-8 оқушы газетке мектеп жаңалықтары және достары туралы балаң үнмен шағын мақалалар жолдап, жариялап тұрдық. Мектептегі қабырға газеттерін, негізінен, «Ұшқынның» тілшілері дайындады. Мен солайша алғашқы журналисттік қадамымды мектептен, өзім құрған «Ұшқыннан» бастадым. Расында, ұшқыннан жалын лаулап, өмірімді де, мақсатымды да журналистикаға арнадым. Ресми түрде 35 жыл тілші болып еңбек еттім. Одан кейінгі зейнет демалысында да қаламым қолдан түскен емес.
– Ең алғашқы еңбек жолыңыз қай газеттен басталды?
–1984 жылы республикалық «Лениншіл жас» газетіне университетке оқуға түскен І курстан бастап, қызметке араластым. Студент болғандықтан мені редакция басшылығы корректор ретінде жұмысқа қабылдады.
«Лениншіл жаста» 1990 жылға дейін еңбек еттім. Бұл кез елімізде қоғамдық-саяси өзгерістер орын алып, Кеңес Одағы әлсіреп, құрамындағы республикалар өз ана тілі мен ата дәстүріне бет бұрып, қоғамдық дамудың жаңаша сипаты алғаш көрініс ала бастады. Осы кезде елімізде сол уақытқа дейін тұншығып келген, қазақ тілі мен ұлттық салт-дәстүрімізге қауырт бет бұрып, жаңаша елдік сипатқа ұмтылыс жасап жатқан кез. Заманның лебімен ана тілімізді насихаттап, нығайтатын, оны мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруді мақсат еткен «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Осынау халықтық ұйымның үні ретінде өмірге «Ана тілі» газеті келді. Мазмұны мен бағыты ұлттық-мемлекеттік сипат алған бұл басылым апталық газет ретінде тұңғыш номері 1990 жылы наурыздың 22-сі күні жарық көрді. Бұл кездейсоқтық емес еді, кеңес кезінде тиым салынып келген Наурыз мерекесі 1988 жылдан бастап, бұқаралық деңгейде тойлана бастаған. Наурыз – мереке ғана емес, жыл басы, жаңарудың белгісі. «Ана тілі» газеті осы күнді арнайы таңдады. Мен «Ана тілінің» тұңғыш номерінен бастап он бір жыл бойы осы газетте қызмет еттім, журналист ретінде қалыптастым, шыңдалдым, тілшіліктің тайқазанында қайнап-пісіп, кәсіпқой маман дәрежесіне жеттім. Корректорлықтан бас редктордың ақпарат жөніндегі орынбасары деңгейіне көтерілдім.
– «Ана тілінен» кейін қандай бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек еттіңіз?
– Өткен ғасырдың соңында Кеңес одағы, яғни қызыл империя құлағаннан кейін тек бұрынғы кеңес аумағында ғана емес, дүниежүзінің түкпір-түкпіріндегі социалисттік бағытпен дамып, қалыптасып, өркендеп жатқан кейбір Шығыс Еуропа елдерінде де үлкен қоғамдық-мемлекеттік, әлеуметтік өзегерістер, қоғамдық, экономикалық қатынастардың алғашқы нышандары белгі бере бастады. Мәселен, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін екі лагерьге болінген Германия Демократиялық Республикасы мен Германия Федеративті Республикасы қосылып, бұрынғыдай тұтас бір мемлекетке айналды. Чехословакия екіге бөлініп, Чехия және Словакия секілді екі республика пайда болды. Әдетте кез келген мемлекеттегі өзгерістер мен бөліністер жай ғана өте салған жоқ, бірқатар республикаларда көтеріліс сипатты қантөгістер де орын алған. Құдайға шүкір, тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстанда, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен басқа ірі толқулар орын ала қойған жоқ-ты... Есесіне елімізде бұқаралық-қоғамдық құбылыстар жаңғырып, Қазақстан нарықтық-экономикалық қатынастарға яғни жаңаша мемлекеттік қоғамдық құрылысқа бет бұрды. Елдің күн көрісі төмендеп, жұрт алакөңіл болып жатқан тұста сол кездегі президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтің бастамасымен ел астанасы Алматыдан Ақмолаға аустырылды. Бұқара әуелде абдырап қалғанымен елдің дамуы үшін жасалған осынау аса батыл бастаманы қолдады. Әлем картасында жаңа елорда пайда болды. Ол кейін Астана қаласы болып аталып, өз еліміздің ғана емес әлемнің халықаралық және саяси құбылыстарына да ықпалын тигізіп, жер жүзінің назарын аудартып, тіпті мойындатып та үлгерді. Республикада бұрын соңды, социализм кезінде қолға алынбаған шағын және орта кәсіпкерлік және жекеменшік сипатты өндірістер мен мекемелер бел алды. Соның ішінде бұқаралық ақпарат құралдары да қоғамнан өз орнын іздеп, әртүрлі газеттер мен журналдар пайда болып, теле және радио арналар іске қосыла бастады. Міне, осы уақытта «Қазақстан» арнасынан бөлініп шығып, жаңадан құрылған «Хабар» арнасы агенттікке айналды.
Мен «Ана тілі» газетінен кейін жаңадан ашылған әуелі «Нұр», одан кейін «Қазақстан» деп аты қайта өзгертілген газеттің Астанадағы тілшісі ретінде парламент және үкімет мүшелерімен сұхбат жүргізіп отырдым. Одан кейін аз уақыт «Хабар» агенттігі құрамындағы «Еларна» телеарнасында, одан соң «ҚазАқпарат» мемлекеттік ақпарат агенттігі Алматы бөлімшесінің қазақ редакциясында еңбек еттім. Бұдан кейін «Қазақстан» телеарнасыда бас редактор болдым. Қызмет бабымен 2008 жылы елордаға ауысып, «Астана» журналы бас редакторының бірінші орынбасары, «Астана ақшамы» газетінің шолушысы қызметін атқардым. «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының баспасөз қызметінде, қоғамдық саясат институтының сарапшысы болдым. «ҚазМедиада» еңбек еттім.
– Журналистік қызметіңізде есте қалған елеулі сәттерді баяндап беріңізші?
– Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, яғни журналисттердің қызметі бұқара үшін болғандықтан, өзі де сол қалың бұқарамен, халықпен, еңбек адамдарымен әрқашанда етене тығыз байланыста қызмет етеді. Журналисттік кәсіптің ерекшелігі де, өзгешелігі де сол, тілшілер өзге мамандық иелері сиякты төрт қабырғаның ішінде, бір кабинетте сегіз сағат бойы қадалып отырмайды. Ол әрдайым елдің ортасында, халықтың ішінде, еңбек адамдарының арасында, алысты-жақынды сапарларда жүреді.
Мен, негізінен жедел ақпарат дайындау және публицистикамен сұхбат жанрына маманданған журналистпін. Қазақ баспасөзінде ең алғаш шұғыл ақпарат беру үрдісін «Ана тілі» газеті бастаған. «Ан-Ақ-Ай», яғни «Ана тілінің ақпарат айнасы» ақпарат бетін жүргізуді қолға алдым. Әрине аптасына бір рет шығатын газетте тың ақпарат су жаңа жаңалықтарды жариялау мүмкін емес. Есесіне, апта ішіндегі елді елең еткізген ерекше жаңалықтар топтамасын іріктеп, оқиғаның мән-мағынасына назар аударту үшін осы «Ан-Ақ-Ай» айдары қолға алынды. Ал «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінде пресс-конференциядан бастап, ел аумағындағы саяси, қоғамдық оқиғалардан, жиын-жиналыстар мен ғылыми-тәжірибелік сондай-ақ халықаралық конференциялар форумдардан репортаждар жүргізіп, жаңалықтар жазуда ең бірінші әрекет ететін ақпарат агентінің тілшілері.
Осы орайда мен журналисттік қызметімде мәселен, жаңа мектеп, жаңа аурухана сияқты мекмелердің ашылғаны туралы қарапайым әлеуметтік жаңалықтан бастап іргелі қоғамдық һәм халықаралық басқосулардан шұғыл ақпараттар дайындап, маңызды жиындардың мән-мағынасы туралы оның елімізге берер пайдасы мен қажеттілігі жөнінде публицистикалық терең зерттеулермен қатар, ғалымдармен, саясаткерлермен және қоғам, мемлекет қайраткерлерімен, өнер менен мәдениет майталмандарымен іргелі сұхбаттар жүргізгенімді айта аламын.
«Ана тілі» газетінде тілшілік қызметте жүргенімде Жамбыл облысы Шу, Мойынқұм алабындағы Бетпақдаладағы жалпы көлемі 720 шақырым жерді алып жатқан доға тәріздес орналасқан алтын желісі кен орындарындағы бірнеше кеніштің көзін тапқан атақты геолог, өкінішке қарай, бүгінде есімі елеусіз қалған алтын тапқыш Дубек Дүйсенбековпен жүргізген «Бетпақ емес, бұ дала алтын дала» деп аталатын ірі көлемді сұхбатты қалай жүргізгенім туралы айтып өтейін. «Алтын алмас» компаниясының қамқорлығы мен Бетпақдалаға «Ана тілінің» тілшісі ретінде Дубек Дүйсенбековпен бірге жол тарттық. Бір бұтақсыз, бір бұтасыз, бұдырсыз бедірейіп жатқан ен даланы жеңіл көлікпен көктей өтіп жүріп келеміз. Автомәшинеден түсіп, даланы жаяу шарлап кеттік. Ондағы мақсатымыз геолог Дубек Дүйсенбеков тілшіге, яғни маған жердің астындағы жатқан алтынның желісі өтетін тұстағы даланың топырағы қандай түстес болып келетінін көрсету еді. Біз солайша шеті, шегі жоқ қиыр даланы кезіп жүріп, қатты шөлдедік те, әбден шаршадық та. «Алтын алмастың» бізді алып жүрген жұмыртқадай жұтынған аппақ автокөлігі түу тым алыста қалды. Мен, ақыры, шыдамсызданып 70 жастағы геологқа «Ата, енді қайтайықшы мына бедірейген бетпақ даладан не іздеп, не танимыз деп жүрміз?..» дедім, шаршаңқы үнмен. Сонда қария маған қарт кісіге тән емес шұғылдықпен шалт бұрылып, жалт қарады да: «Бетпақ емес, бұ дала алтын дала!» деді саңқ етіп. Мен аптап күннің астында шаршағанымды қолмен сылып алғандай: «Ох! Ата, рахмет! Мен сұхбатымның тақырыбын таптым! Енді жүріңіз қайтайық. Сіз енді алтын кенінің көздерін қалай тапқаныңызды баяндап бересіз. Мен жазамын» дедім асықтырып. Сол Дубек Дүйсенбеков бетпақ далада атақты «Ақбақай» кенішінен басқа бірнеше кен орындарын тапқан. Бір қызығы, геолог барлық тапқан кеніштерге «Ақбақай», «Қарғаш», «Япурай», «Айнамкөз», «Жайдарман», «Алқоңыр», «Назқоңыр», «Жәйқоңыр» секілді халық әндерінің атымен атапты.
Кеңес одағының екі дүркін батыры Талған Бигелдиновпен жүргізген «Аспандағы 305-шайқастың бәрінен де ұшқыштарымды аман алып шықтым» деген көлемді сұхбатты алу үшін үйіне күн сайын барып жүріп, ақыры әзер дегенде қол жеткізгенімде, ол кісі менің табандылығыма әрі сүйсініп, әрі ренжіп, маған «Сен өзің бір фашист екенсің!» деп айтқаны бар.
Ал даңқты бұлбұл әнші Роза Бағланованың үйіне сұхбат алуға барғанымда мен ол кісіні бөлмеде жарты сағаттан аса күтіп отырғаным бар еді. Сөйтсем халық әншісі Роза апамыз мың адамның алдында да, бір адамның алдында да сахнадағыдай сәнді көрінуі үшін жасанып, биік өкшелі туфлиін, дүрия көйлегін киіп, үкісін тағынып шығады екен. Онысы өзіне келген адамға деген құрметі көрінеді.
– Тілшілік қызметіңізде өкініш болды ма?
– Журналисттік қызметімдегі үлкен өкінішім бар. Алматыдағы Абайдың алып та, дара ескерткішін жасаған мүсінші Хәкімжан Наурызбаевпен сұхбат жүргізе алмай қалдым. Мені ол кісіден сұхбат алуға ынтызар еткен Хәкімжан ағамыздың: «Мен Абайдың ескерткішін жасай алмай, көп әуреленіп, қатты қиналдым. Қолға алған мүсіндерімнің ешбірі дана Абайдың сипатын бере алмады... Бір күні әбден шаршап, өзіме-өзім ренжіп, тіпті жылап таң алдында ұйықтап кетіппін. Бір кезде терезенің жеңіл шілтері таңғы самалмен бетімді жанап өткенде оянып кеттім. Оянсам, о, тоба, Абай атам басында тақиясы, қолтығында кітабы иығына желбегей жамылған шапаны бар, таудан бері қарай түсіп, самалмен серпілген шілтердің ашық тұсынан кіріп, маған қарай келе жатыр екен. Жанымнан жанай өте беріп, ап‑анық дауыспен: «Менің ескерткішімді дәл осы кейпімдегідей етіп жаса» деді. Мына Абай даңғылында тұрған Абай ескерткіші дәл сол таң алдындағы маған келген қалпында айнытпай жасап шықтым» деген сөзі еді. Мен осы әңгімені дендеп, тереңдетіп сұхбат алғым келген. Амал не, мен барғанда ол кісінің қауқары қайтып, қалжырап қалған екен...
– Жақсы журналист болу үшін тілші қандай қасиеттерге ие болуы керек деп ойлайсыз? Журналист болуды армандайтын жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Біріншіден табандылық керек. Әрбір тілші өзі жазатын дүненің шағын немесе көлемділігіне, үлкен кішілігіне қарамай, терең де жан-жақты дайындықпен қолға алғаны абзал. Ол мейлі шұғыл да шағын ақпарат болсын, мейлі айқара бетті алып жатқан етектей мақала болсын, қажетті деректер мен дәйектерді молынан қамтып, екшеп, талдап, нақтылығына көзін жеткізіп, шынайы жазуы керек. Ешқашан көңіл-күй ауанына төңкерілмей, яғни эмоцияға берілмей жазылып отырған нысананы салқынқандылықпен қабылдап, байыпты түрде жазғаны жөн. Және журналистің жақсысы өзі жазатын мақаланың өзегін бұзып-жармай қоғамға, ортаға қиянат келтірмейтіндей мақаланың кейіпкері болса, оған залалы тимейтіндей асқан сақтықпен, байыппен жазғаны дұрыс. Журналист бір күні құрылыс туралы жазса, келесі сәтте ғылымда үлкен жаңалық ашқан академик хақында жазуы мүмкін. Ондайда қолға алған мақаланың тақырыбы мен мақсатына қарай икемделіп өзін де соған дайындап, әбден зерделеп барып кіріскені жөн. Сондай-ақ сұхбат берушінің немесе мақала кейіпкерінің өз деңгейіне қарай сөйлетіп, сипаттаған жөн. Мәселен, қарапайым еңбек адамы жоғары деңгейлі мемлекеттік қызметшінің дәрежесіндей немесе әдебиетшідей сайратып қойса, онда кейіпкерді ұятқа қалдырады, өзі күлкіге қалады. Және ол журналисттің жазғанына ешкім сенбейтін болады.
Журналистиканы таңдаған талапкерлерге осы қасиеттерді бойына сіңіруді кеңес етер едім.
– Әлеуметтік желілердің журналистикаға әсері туралы не ойлайсыз?
– Бүгін – электронды ақпарат дәуірі. Соған орай ақпарат жариялайтын электронды құрылғылар телефон, гаджет, интернет кеңінен өріс алды. Күні кешеге дейін көпшіліктің, әлеуметтің алдына шығып сөз сөйлеу сөз өнерін меңгерген әдебиетшілердің, қаламгерлердің, дәріскерлердің үлесі деп келген едік. Ал енді ақпарат алаңы кеңейген тұста телефонындағы әріптердің түймесін басып кез келген адамның сөзін, ойын жариялап, спутник арқылы таратып, шашып жіберу түкке тұрмай қалды. Әрине оның пайдалы жағы да бар. Бұрын-соңды тек қағаз бетінде, кітапхана залдарында, кітап сөрелерінде жинаулы тұрған баслымдарға арнайы барып оқудың керегі жоқ. Телефонның бір тетігін бассаң, тізіліп, мәтін атаулы төгіліп түсе қалады. Осыны пайдаланған қара танитын қалың бұқараның ішіндегі кейбіреулер болар-болмас, тіпті кейде түкке тұрғысыз сөздерін орынды-орынсыз әңгімелер мен жаңалықтарды тіптті мән-мағынасыз қалжыңдарды да жариялай беретін болды. Солардың арасында нағыз журналисттердің небір тамаша дүниелері елеусіз немесе солардың қалтарысында қауқарсыз қалып жатады. Міне әлеуметтік желідегі баянды-баянсыз жазу сызулар, осылайша, көсемсөздердің, серкесөздердің сыйын кетіріп, қадірін қашырды.
– Бүгінгі жастардың журналистикаға қызығушылығын қалай бағалайсыз?
– Дүние құбылып, заман қауырт өзгеріп барады, соған орай бүгінгінің жас қайраты жастар да уақыттың ағымына асқан білімділікпен, ілкімділікпен ілесіп, алдыңғы толқын ағалардан көп жағдайда асып түсіп жатыр. Бүгінгі жастардың әсіресе журналист боламын деген жас талапкерлердің білімділігі мен зерделілігіне, мемлекетшілдігі мен ұлтшылдығына, өткірлігі мен қайсарлығына таңқаламын, қуанамын, қуаттаймын. Мағжан Жұмабаев айтқандай «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты мен жастарға сенемін!». Ақ алмастай жарқылдаған өзің сияқты болашақ жас журналисттерден күтеріміз көп. Ең бастысы туған елінің, ұлтының, отанының, ана-тілінің қадірін арттырып, жер жаһанның алдында «Мынау – қазақтың журналисі!» деген сүйсініске лайық болады деп сенемін.
– Егер қайтадан мамандық таңдауға мүмкіндік берілсе, журналистиканы қайта таңдар ма едіңіз?
– Әрине! Себебі журналистика бойыма қонып, сүйегіме дарып, күре тамырымнан қылтамырыма дейін жүріп жатқан қаныма сіңген жаратқаннан жеткен қасиет.
Әңгімелескен Альмира Еслямбекова
