Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
РИЯСЫЗ ӘҢГІМЕ
/
Саян Есжан. Талғампаз оқырман жоғала қойған жоқ...

Саян Есжан. Талғампаз оқырман жоғала қойған жоқ

11.01.2026

5315

Саян Есжан. Талғампаз оқырман жоғала қойған жоқ - adebiportal.kz

– Саян, өткен жылдың аяғында бірнеше жас қаламгер Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың иегері атанды. Қатарында өзің де барсың, құтты болсын!  Мұндай сыйлықтар жастарға не береді деп ойлайсың?

– Көп рақмет! Жылан жылыстап, жаңа жылқы жылы табалдырықтан аттағалы тұрған тұста Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың жеңімпазы атандым. «Құмдағы хикая» атты микро-поэмамды ұсындым, көп шығарманың ішінен қара үзіп шықты. Қуандым, әрине. Мұндай сыйлықтар не береді десеңіз, ережесінде көрсетілгендей, шығармашыл жастарды қолдауға, жаңа туындылардың жарық көруіне жол ашады. Талабын ұштайды. Қазір 18 бен 35 жас аралығындағы жастарға арналған беделді сыйлықтың біріне айналып келеді. Қаламгердің дарын қуатын, қарым-қабілетін танытарлықтай ерекше шығармашылық аламан. Қаржысы қомақты. Кез-келген жасты ынталандырады деп ойлаймын. 

Жақында «Әдебиет порталына» ақын Галина Феликсоннан аударған топтама өлеңдерің жарияланды. Оқырман да жақсы қабылдап жатыр. Аудармаға қаншалықты көңіл бөлесің? Тағы қандай қаламгерлерді аудардың?

– Галина Феликсонның өлеңдерін қатты ұнатамын. Сөзінің магиясы бар ақын. Көркемдік деңгейі, эстетикалық қуаты, психологиялық штрихтары, ой драматизмі адамды бей-жай қалдырмайды. АҚШ-тың Чикаго қаласынан шығатын «Новый горизонт» желілік басылымына жариялап тұратын топтамаларын 2019 жылдан бері үзбей оқып келемін. Өлеңдері жиі шығады, кейін интернет кеңістігіндегі басқа сайттарға да таралады. Ерекше әсерге бөлеген, тұла бойымды шымырлатқан жырларын аударуға тырысамын. Жалпы, аударманы көп жасай қоймаймын. Санаулы автордан бірді-екілі аудармам бар. Кәсіби аудармашы емеспін. Көптен өлең жазбай кеткенімде бұл іс – күй шақыртқыға жақсы дүние. 

«Жаңа Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы бойынша «Жайық жырлары» атты жинағыңды оқып шықтым. Қара өлеңді еркін меңгерген ақынсың ғой. Дегенмен өзіңе бейтаныс аймақ туралы жазу қиындық тудырмады ма?

– «Жайық жырлары» қысқа мерзім ішінде жазылған кітап. Төрт-бес поэма мен бірнеше топтамадан тұрады. Жазу кезінде кейбір қиындықтар болды. Бірнеше көлемді шығармам аяқталмай қалды. Оны алдағы уақыттың еншісіне қалдырып отырмын. Көп ұзамай жарыққа шығып та қалар. Жазар алдында өткен жылы өмірден өткен белгілі жазушы, публицист, аудармашы Мақсот Ізімұлы ағамен көп әңгімелестім, сырластым. Нағыз энциклопедиялық білім иесі еді ғой. Кейінірек ол алаштанушы, публицист, баспагер болған Ғарифолла Әнеспен таныстырып, «жазғың келетін дүниелерді ақылдасарсың» деп сол кісіге тапсырды. Бірнеше апта өткеннен кейін Атырауда жүздестік, таныстық. Жазуға қажет біраз материал мен деректерді, тақырыптарды берді. Өңірдің тарихы мен бүгінгі тынысы туралы жарық көрген біршама кітап пен энциклопедияны сыйлады. Араға екі-үш апта салып, Ғарифолла Әнес ағамыз да бақилық болды. Енді ол кісі нұсқаған, тапсырған бірнеше тақырыптағы әдеби шығарманы ойдағыдай аяқтау керек боп тұр. Жазылып, кітапқа енгені де бар. Бірақ көңілім орнына түсуі үшін аманатты соңына дейін жеткізу – парыз. «Жайық жырларын» жазатын кезде Атыраудың бірнеше ауданына бардым. Ол жерде қазақтың аяулы ақын қыздарының бірі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Әлия Дәулетбаеваның, ақын бауырымыз Асланбек Шығырдың, «Индер» аудандық газетінің бас редакторы Жанай Амантурлин ағамыздың көп көмегі тиді. Аудандарға бірге шықтық. Араладық. Ырысы шалқыған өңірдің тынысын сезіндім. Махамбет мәңгі жай тапқан жерден рухтанып, киелі орындарға зиярат еттік. Кітапқа енген бірнеше топтаманың, поэманың құрылымы, детальдары сол жерлерде қағазға түсті. Бір аптадан кейін Астанаға қайтып, жазуға отырдым. Жазу барысында қиынға түскені – шығарманың қалыбы, түрі, формасы болды. Бірақ белгіленген уақытқа қарай аяқтадым. Мен үшін Атырау таныс әрі бейтаныс. Ерекше қуат пен әсерге бөлейтін өңір. Ол туралы әлі көп жазатын секілдімін. Ал кітапқа келсек, сапалы әрі жақсы жазылды ма, жоқ па, оның бағасын оқыған жандар берер. 

Қазір не жазып жүрсің? Шығармашылығыңда қандай жаңалық бар?

– Дәл қазір жазып жүргенім шамалы. Алдағы бірнеше ай көлемінде «Жайық жырлары» кітабына енбей қалған «Қарашүңгіл», «Зұлмат» атты бірнеше көлемді әдеби шығарманы аяқтап, топтамалар мен аздаған аудармаларды жинақтап, бір кітапты жарыққа шығаруды жоспарлап отырмын.

Қазір кітап оқылмайды, оқырман азайды деген пікір жиі айтылады. Бұл пікірмен қаншалықты келісесің?

– Кітап қаншалықты оқылымды, азайды яки көбейді дегеннің есебін нақты білмеймін. Бір білетінім – талғампаз оқырман әлі жоғала қойған жоқ. Жиі қоңырау шалатын адамдар бар. Аға буын немесе өзімізбен қатарлас қыз-жігіттердің жаңа шығармаларын іздеп, өз өлеңдерімді сұрап, жекеге шығып, қырық жылғы танысың болып кеткен жан көп. Неге жиі жарияланбайды деген сыңайда...Соған қарағанда, әдебиетке қызығушылық әлі жоғары.    

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan