Бүгін, 23 маусымда еліміздің әдеби өмірінде елеулі оқиға болды. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада атақты қытай жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Мо Яньмен кездесу өтті. «Әдебиет порталы» оқырмандары назарына кездесуде белгілі әдебиеттанушы Сауытбек Абдрахмановтың сөйлеген сөзінің қағазға түсірілген нұсқасын ұсынамыз.
Жаңа Төлен Әбдік айтқан «Бүгін тарихи күн» деген сөзге қосылуға болады. Өйткені Нобель сыйлығы әлем әдебиетіндегі ең басты өлшем ретінде қабылданған. Әрине, оның өзі де шартты нәрсе, бірақ бәрібір біз оны мойындаймыз. Нобель сыйлығының кейінгі кезде біршама саясиланып кеткенін де білеміз. Ол сыйлық Швед академиясының саяси көзқарасына байланысты берілген бірнеше авторды айтуға болады. Бірақ бұл әңгіме біздің бүгінгі қонағымызға қатысты емес. Алғашқы кезде Мо Яньға Нобельдің берілуі қытай жазушысының Қытай жүйесін сынауымен байланысты деген пікірлер болғаны рас. 2012 жылы Нобельді алғаннан кейін Мо Янь одан кейінгі шығармаларымен сол сыйлыққа лайық екенін даусыз дәлелдеді. Уақыт өзінің сөзін айтты, міне, қазір біздің алдымызда уақыт таныған классик отыр.
«Шығыс жақта бір алып ұйықтап жатыр. Ұйықтай берсін! Егер ол оянар болса, әлемді дүр сілкіндіреді». Наполеон осылай деген. «Ұйықтап жатыр» деген сөз заманында Шығыстағының бәріне мұрын шүйіре қарайтын батыс адамының астам көзімен қарап айтылғаны белгілі. Әйтпесе, адамзат өркениетінде шешуші маңызы болған керемет жаңалықтардың талайы Қытай жерінде дүниеге келгені баршаға мәлім. Қытай мемлекеттілігінің тарихы бес мың жылға кетеді деп саналады. Қытай мемлекеттілігінің жазба мәліметтерінің өзіне үш жарым мың жыл. Соның өзінде де ондаған ғасырлар бойы Қытайдай ұлы ел әлем тарихында өзіне сай орын ала алмай келгенін де жоққа шығаруға болмас. Наполеон ұйықтап жатыр деген сол алып екінші және үшінші мыңжылдықтардың айрығында оянды ақыры.
Бүгінде бүкіл әлем Қытай кереметін біледі, мойындайды.
Қытай кереметі барлық салада мойындалып келеді.
Соның ішінде әдебиетте де.
Қытай әдебиетін бүкіл әлемге танытқан аса айрықша жай – сіздің 2012 жылы Нобель сыйлығын алғаныңыз. Бұл арқылы біз жалпы шығыс мәдениеті үшін мақтанамыз. Бұл арқылы біз ұлы көршіміздің ұлы руханияты үшін мақтанамыз. Сол үшін сізге алғысымызды айтамыз.
Өкінішке қарай, кәсіби әдебиеттанушы болсам да, мен сіздің шығармаларыңызбен толық таныс емеспін. Қазірше оқығаным аты орыс тіліне «Большая грудь, широкий зад» деп аударылған романыңыз ғана. Оның қазақша аудармасының үзіндісін тек интернеттен ғана қарай алдым.
«Красный гаолян» фильмінің әлем прокатындағы табысын білеміз.
Әлемде отбасылық сагалар баршылық. Ең ерекше үшеуін айтсақ, Томас Манның «Будденброки» романы, Джон Голсуорсидің «Сага о Форсайтах» романы, Габриэль Гарсиа Маркестің «Сто лет одиночества» романы. Сіздің романыңыз сол қатарға қосылады деп санаймын.
Өзіңіз ерекше бағалайтын Уильям Фолкнерді оқығаннан кейін бүкіл әлемді суреттеу міндетті емес, жер шарының бір бөлігін көрсетудің өзі жетіп жатыр деген ойға тірелген екенсіз. Фолкнер Йокнапатофа округін ойдан шығарса, сіз Шаньдун провинциясындағы Гаоми деген уезді ойдан шығардыңыз.
Мо Янь прозасы әлемдік әдебиет тарихына қытай фольклорын магиялық реализммен байланыстырған құбылыс ретінде енеді деп ойлаймын.
Бұл романдағы басты желі қазақтың жанына да өте жақын. Қазақ отбасысы да баланы ұл, қыз деп бөлмейді. Бірақ бәрібір ұрпақ жалғастыратын ұлдың орнын бөлекше бағалайды. Сондықтан да жеті қыздан кейін ұл көретін ананың тағдыры біз үшін өте жақын. Қазақтар да ұл күткен кезде туған қыздарға «Ұлбосын», «Ұлмекен», «Ұлжан», «Ұлдана» деген сияқты аттарды ырымдап қояды. Сіздің кейіпкеріңіз де сондай. Аудармада былай келтірілген:
Тұңғыш қыз: Шаңгуэн Лэйди – Ұлкелсін
Екінші қыз: Шаңгуэн Жауди – Ұлшақыр
Үшінші қыз: Шаңгуэн Лиңди – Ұлерсін
Төртінші қыз: Шаңгуэн Шияңди – Ұлсағын
Бесінші қыз: Шаңгуэн Пэнди – Ұлберсін
Алтыншы қыз: Шаңгуэн Ниянди – Ұлбосын
Жетінші қыз: Шаңгуэн Чюди – Ұлтілеу
Кенже қыз: Шаңгуэн Үйнүй – Гауһар, Алтынұлдың егізі.
Сіз бүкіл жиырмасыншы ғасырдың эпопеясын жазып шыққансыз. Сіз қарапайым адамдардың тағдырын тарих фонында ашып көрсеттіңіз. Сіз әйел-ананың ерекше бейнесін жасадыңыз. Сіз дәстүрлі Қытай мен өткен ғасырда Қытайдың басына түскен революциялық өзгерістердің қарама-қайшылығын көрсеттіңіз. Сондай сұмдықтардан өткен қытай халқының ұлы болашағына деген сенімді суреттедіңіз.
Отбасын аман алып қалу, ұрпақ жалғастыру үшін жанталасқан бас кейіпкердің күрделі бейнесін соншалықты айқара ашқаныңыз қайран қалдырады.
Жапон оккупациясы, азамат соғысы, «Үлкен секіріс», «Мәдени революция» сияқты сойқандардың бәрінен аман өтіп, ұрпағын жалғастырған Ана бейнесі – әлемдік әдебиеттегі сирек бейнелердің бірі.
Сіз осы роман арқылы халықтың негізгі бейнесі әйел екенін, ал ер адамдар сол халықты алға жылжытатын идеялар иесі екенін айта алдыңыз.
Ана бейнесі – Қытайдың өзі, оның балалары – Қытайдың халқы.
Қытай халқының бойындағы ұлы рухтың тұншығып келуі Ананың өз қыздарының башайларын қысып орауды қойғызбауынан танылады. Ол дәстүрден бас тарту халықтың тынысын ашқанын көреміз.
Сіз әйел төсіне ең тамаша поэтикалық теңеулерді лайық көргенсіз. Мысалы, таулар – жердің төсі, толқындар – теңіздің төсі, сөз – ойдың төсі, гүлдер – шөптің төсі, күн – Ғаламның төсі... Бәрі төске қайтып оралады, бүкіл материалдық әлемді төс байланыстырып тұрады.
Сондықтан сіздегі әйел төсінде рухани сипат көбірек.
Интернеттен бұл романды өз көкірегіңізде он жылдай бойы пісіріп келгеніңізді, ал тікелей жазуға кірісуге сіздің анаңыздың дүниеден өтуі түрткі болғанын, жалпы қолжазбаны 83 күнде бітіргеніңізді оқыдым. Мұндай шығармалар осындай шабыттан туатын болса керек.
Сіздің жазушылық шеберлігіңізді халық тарихы мен жеке адам өмірін соншама жарасымды байланыстырудан көреміз.
Реализм мен фантастиканың қиюласуы таң қалдырады.
Магиялық реализм дегеніміз де сол.
Мо Янь атты құбылыстың қуаты әлем оқырманын әлі талай қуантады.
Біздің мемлекетімізде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен кітап оқу мәдениетін жақсарту қолға алынып жатыр. Президентіміздің осы шешімін іске асыруға сіздің тамаша шығармашылығыңыз да көмектесетініне сенеміз.
Нобель сыйлығы лауреатының Қазақстанға келуі біздің әдебиетіміздің әлемге танылуына септессе екен деп тілейміз. Қазақ әдебиетін насихаттай жүруіңізді сұраймыз.
