(жазушы Жолтай Әлмашұлының үш романы хақында)
Көркем сөз – халықтың рухани қазынасы. Ой маржандарын кестелеген әрбір суреткер өз шығармасында халықтық тілді пайдалану, орнымен қолдану жағынан алып қарағанда бір-біріне ұқсамайтын, әрқилы болып келеді. Ол ерекшелік – жазушының өзіндік тіл өрнегі мен сөз саптау, сөзбен сурет сала- білу шеберліктерімен үндес келіп, қаламгердіңшығармашылық қолтаңбасын қалыптастырады. Еңбектері бүгінгі көзі қарақты оқырман қауымға етене таныс белгілі жазушы-драматург, филология ғылымдарының кандидаты, қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Әлмашұлы бірнеше жылдардан бері мемлекеттік қызметпен қатар, шығармашылық жұмыстармен де белсенді айналысып, оқушысына тың дүниелер ұсынып келеді. Жазу өнерін мұрат тұтқан қаламгердің шығармалары орыс, ағылшын тілдеріне аударылып, кең көлемде әдеби талдауға еніп жүр. Автордың драматургиялық және ғылыми-тарихи еңбектерінің орны бір төбе, ал біз суреткердің әр жылдары жарық көрген «Күлкі мен көз жасы», «Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ» (осы үш туындыны трилогия десе де болатындай) романдары туралы айтқымыз келеді.
Танымалдылық – таланттың табысы, үздіксіз ізденіс пен жақсылықтың жауабы емес пе? Ұлттық идеяның әдебиеттегі көрінісі – кейіпкер мінезі арқылы айшықталатын ұлттың даралық сипаты.Жазушының 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, 1928-1932 жылдардағы кәмпеске мен ашаршылық және 1937-1938 жылдардағы қуғын-сүргін кезеңін, тарихи себептерін жан-жақты аша суреттейтін суреттейтін «Күлкі мен көз жасы» («Арыс», 2007) романында ұлттық тағылым көріністері бабалар өсиеті арқылы түйінделген:Елден бөлінген бай – бай емес. Жұрттан жырақтанып жиған дүние – дүние емес. Осының бәрі де бір-ақ күндік. «Байлық бір-ақ жұрттық», «Байлыққа көп белдене берме, пейілің бұзылады» Бұл – Мелде бабадан қалған өсиет. Демек, дүние емес, айнала жатқан қалың еліңе, халқыңа сен. Ал, елге арқа сүйей алмасаң... онда тамырын тереңге бойлата алған бәйтерек іспеттісің. Ондай бәйтеректі жел де, дауыл да, боран да құлата алмайды (10-б.). – Мен айтсам, дүниеңді жөнді-жөнсіз шашып таста демеймін, тықыр сараң мен дүниеқоңыздықтан қаш деймін. Дүниеге ие болу мен дүниеқоңыз болу екі басқа... (21-б.).
Роман желісі бойынша ата-баба мен болашақ ұрпақ, әдет-ғұрып заңдылықтары асқан сезімталдықпен, үйлесімді көркемдікпен бейнеленеді: Әлгінде келіннің айтуымен қызметшілердің ең әуелі бай алдына қасиеттеп нан әкелуі – ішін жылытып сала бергені. «Бұл да көргенділіктің белгісі, тәрбие тамыры» деп ой толғады. «Ой барлай білгенге наннан үлкен, наннан қасиетті не бар! Нанды қастерлеуі – өзін-өзі құрметтеуі. Дәмнен дәмнің үлкені жоқ. Бәрі де қадірлі... Әйтсе де, нанның аты – нан» (16-б). Қала берді – Нарша ата тегінің әруағына көбірек жүгінетін болып барады. Екі сөзінің бірінде атақты Мелде бабаны тілге тиек етеді, сөзді «сол кісі былай деген екен» деп сабақтауды әдет қыла бастады. «Өткенді білу – парыз, өткенсіз ертең жоқ» деп көп айтады (67-б.).
Тізе берсек, шығарма мазмұнында мұндай мысалдар молынан кездесіп отырады. Бір сөзбен айтқанда «Күлкі мен көз жасы» романы XXғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ өмірінің көркем картинасы десе де болғандай.
Әр кейіпкерді қоғамда алатын орны мен ой-өрісі, рухани өсуі мен дүниетанымына байланысты сөйлету – тілдік-стильдік амалдардың бірі болмақ. Автордың келесі бір шығармасы – «Оянған ұрпақ» («Елорда», 2002) романында студент-жастардың өмірі мен олардың еңбек жолына араласып билік, мансапқорлық, мінездегі қарама-қайшылық мәселесі кейіпкер Алтайдың ой-таразысы арқылы суреттеледі: Жә, біреудің нәпсісін біреу тыйған ба?! Тыя да алмайды. Жаратылыс соның жағында. Тек, бір өкініштісі – әке атын жамылып, әке атын былғайтындығы. Ана атын жамылып, ана атын былғайтындығы (396-б.). Қателесу! Осы бір ауыз сөзді кез-келген жұмыр басты пенде үнемі іштей қайталап, өз әрекетіне баға беріп отырса, мүлт кету болар ма? Болар ма жаңылыс қадам?! Сол кішкентай жаңылысу атты дүниенің алақанында бүкіл жалпақ әлемнің тағдыры дірілдіп тұрса, онда ойланбасқа шараң қайсы?! (399-б.) Роман барысында одан әрі қарай да кейіпкердің ішкі монологын ашу мақсатында мынадай авторлық баяндаулар ұтымды жұмсалған: – Ее, жастардың қазіргі тірлігіне таң қалар не бар? Қызды жігіттен, жігітті қыздан айырып болмайды. Бұрын қыздың кең етек көйлегі бар десек, ол енді жоқ, шалбарланып алған. Бұрындары... бойжеткенде бұрым болушы еді, енді ол да келмеске кеткен, тіпті бұрымды айтасың-ау, басындағы шашының өзі болар-болмас қана... (228-б.). Жә, туған жерді кім ұмытады, Арал мен үшін жер бетіндегі ең қымбат, ең ыстық, ең асыл топырақ. Айтсам, жаным сыздап, жүрегім ауырған соң айттым да. Егер теңіз тағдыры маған ғана қарап тұрса бүгін-ақ жетіп баруға әзірмін, әйтсе де… Менде тұрған не бар? Менің қауқарым кімге керек?..(249-б.). Жазушының тіл байлығы деген жеке сөздердің көптігі емес, оларды ұтымды қолдану ерекшелігінде. Шебер жазушы кейіпкер тілін әрлеп, оның сөз қолданысына поэтикалық өң береді.
Халқымызда «Балалы үй базар...» деген даналы сөз бар. Әрине, баланың толыққанды өсіп-жетілуі мен болашағының баянды болуы – алдымен өз отбасындағы тәлім-тәрбие мен бағып-қағуға тікелей байланысты. Өкінішке орай, бүгінгі күні осы мәселенің де өзекті өртер кеселдері болып тұр. Ж. Әлмашұлының тағы бір туындысы – «Ұмытылған ұрпақ» («Нұржол», 2012) романы – жастар махаббаты мен адам, жас сәби тағдыры, ата-ана қамқорлығы, қарттар мәселесіне арналып, шығарма тілінде диалогтық қатынастардың диалог-арыздану, диалог-танысу, қалжың-диалог түрлері мен эмоциялық тілдесулер кеңінен қолданылған.
Жазушы кейіпкер әрекетін бейнелеуде ауызекі сөйлеу стиль үлгілерін, мақал-мәтелдерді молынан жұмсайды: «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді» (22-б.). «Жақсы мен жаманның парқын айыра білу керек» деді (36-б.).– Пешенеңе жазылғанның бәрін көрмейінше, бұл тірліктен өтпейсің. Қиыншылық та, таршылық та, кеңшілік те, бақыт та, барлығы өз кезегімен, өз ретімен... (77-б.).Мұндағы әрбір сөз мағыналары өзінің лексика-семантикалық қолданысы жағынан ерекшеленіп, кейіпкер бейнесін ашуға ат салысып тұр: Қызған темірді дер кезінде соқпаған соң, газет үшін оның маңыздылығы жоқ (6-б.). «Ұлтқа жұққан кесел... Ғасыр кеселі... Бұдан емделе аламыз ба, жоқ па?» (7-б.). «Қарттар үйі – жылуы жоқ жатақ» (7-б.). Жеңістің бәрі де, тәуекелге бара білуде (12-б.). Сәду атам: «Жақсы болғың келсе, кісіге шарапатыңды тигізе жүр», – демеуші ме еді (14-б.). Автор шығармада кейіпкерлерден тысқары тұрып, болып жатқан жағдаят легін екінші жақтан таныстырады: «Шатырхан қоқыр-соқыр салынған ескі шелекке тақап барып, ішінен атасы соққан шолпыны алмақа ниет қылды. Қарманып, қолын бір рет сұқты. Шолпы жоқ. Өрілген жуан бұрым енді жиырылып, бүрісіп қалыпты. Жүргенде шолпының салмағымен олай-былай ырғалып, екі жағына кезек-кезек тербелетін. Шатырхан сонысын керемет қызық көретін. Сонан ба, ана деген ат естілсе ең әуелі оның көз алдына жуан өрілген шолпысы бар бұрым елестейтін-ді» (29-б.).
Шығарма барысында жазушы өзінің түпкі ойы мен тұжырымдарын ашып айтып, оны оқиғалардың өрістеу барысында көрсетеді: Алтай осы көп қабатты еңселі үйдің жанынан өтіп бара жатып, ойға қалады. Басын төмен салып, ол жаққа қарамауға тырысады. Қарамаймын дей ме!.. Қараса болды, терезеден телмірген мүсәпір қариялардың жетімсіреген жанарлары бойын дір-р еткізеді. Жүрегі сыздап қоя береді. Ойы сан-саққа жүгірер еді сондайда (245-б.).Суреткердің шеберлігі – ең алдымен өмірді бақылау мен ұғу ерекшелігімен сипатталса, мына үзінді арқылы замана шындығы мен халық психологиясының иірімдерін көре аламыз: «Өмірді өмір ететін – үміт, арман. Үміті үзіліп, арманы жарым жолда тұсауланған адамның арғы тағдыры турасында сөз қозғаудың өзі ауыр» (54-б.). «Бір үйдің иесі болу кейбіреулер ойлайтындай, ойыншық шаруа емес. Ол – ауырдың ауыры. Сен шаңыраққа ісіңмен де, сөзіңмен де, ең ақыры мінезіңмен де үлгісің. Жаман тірлік жасасаң – жаман ұрпақ бересің. Қисық-қисық мінез байқатсаң, сенен де қисық, сенен де қыңыр адам келеді жарық әлемге...» (241-б.).
Сөйлем түрлерінің жасалуында қашанда интонация ерекше орын алады. Мысалы шығармадағы «...Апа, апатай, мені жалғыз қалдырмашы. Мен тек қана сенімен бірге болғым келеді. Сенсіз қалай сабақ оқимын? Сенсіз қалай ұйықтай аламын? Апатайым?!...» (31-б.)деген бала үніндегі оңаша тілдесулер сұраулы сөйлемдер сипатында берілгендігі байқалады. Автор осы сөйлемдерді әсерлі мағына, ойталқы жасау үшін орынды пайдаланған. Мұндағы пәлсафалық түйіндер мен толғамдар толықтай автор бейнесі арқылы жұмсалып тұр.
Бұл талдаулар арқылы жазушы-драматург Ж. Әлмашұлының өз шығармаларында оқиғалар желісін қарама-қарсы қойып суреттеуде, оларды бір-бірімен қатар қойып шендестіруде, көркем бейне жасауда, «автор бейнесі» мен кейіпкер монологтарынұтымды пайдаланып, үлкен суреткерлік рөл атқарғандығы байқалады. Шебер қиюласқан сөз өрнегін орынды жұмсай білу – қаламгердің эстетикалық талғамын, философиялық көзқарасы мен жүйелі ойлылығын аңғартады. Сөз құрау, жүйелі ой айту жағынан келгенде, жазушының таңдау-талғамы жоғары. Кейіпкер тіліндегі әрбір мақсатты ой шешендік тілмен әсерлі ұйқасқа, суреткерлік мұратқа құрылған. Сондықтан да суреткер қаламынан туындаған қанатты сөздер, сөз жоқ, көркем тілді байытуға қосқан зор үлес болып саналады. Суреткердің көзқарасы, сырлы ойлары қарапайымдылығымен, көркемдігімен құнды дер едік. Шығарманың көркем бейнелері де қазақ ортасындағы кейіпкерлеріміз. Қаламгер менталитеті туған топырағына сәйкес қалыптаса отырып, рухани дүниесі, ойлау жүйесі, мінез-құлқы – жалпы психологиясы жазушының өзіндік болмыс-бітімімен бірге тұрақталған деп айтуымызға толықтай негіз бар.
Біз қысқаша ой түйіп, әңгімеге желі еткен қаламгердің үш романы, сөз жоқ, бүгінгі ұлт әдебиетінен өз орнын алады. Олардың бағасы әлі талай-талай зерделі зерттеулерге негіз болмақ... Шығармашылық еңбекпен айналыса бастағанына 40 жылдай уақыт болған қаламгердің көркем дүниелері оқушысын әсемдік әлеміне еріксіз жетелеп отырады. Автордың прозасынан бөлек драмалық туындылары еліміздің Астана, Қызылорда, Түркістан, Қарағанды, Семей, Жетісай сынды театрларында сахналанып, «Қауын мен қарбыз», «Алтын балық» әңгімелері мектеп бағдарламасына енгізіліп, тәуелсіз еліміздің жас буынына рухани азық болуда. Бұл, әрине, бөлек әңгіме тақырыбы..!
Айнұр Найманбай,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің
доценті, филология ғылымдарының кандидаты
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.