Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЗЕРТТЕУ
Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 2...

28.03.2019 4527

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 2

Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 2 - adebiportal.kz

ПАРТИЯ ТҰРМЫСЫ

РК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің жаңа хатшысы­

ФИЛИПП ИСАЕВИЧ ГОЛОЩЕКИН

(Оның Қазақстанға келуіне орай)

Филипп Исаевич Голощекин 1876 жылы Витебск губерниясындағы шағын Невель қалашығында дүниеге келді. Ата-анасы ұсақ буржуазия ішінде шағын мердігерлікпен шұғылданған.

Филипп Исаевич алғашында қаладағы төрт сыныптық мектепте оқыды, одан соң үйде дайындалу арқылы техникалық мектеп пен гимназияға емтихан тапсырып, одан сәтті өтті, алайда еврейлерге шектеу қойылуы себепті оқуға қабылданбады. Жалпы алғанда, Филипп Исаевичтің гимназияның алты сыныптық курсын бітірген білімі бар, ал 1901-1903 жылдары тіс дәрігері мектебінде оқып, бітіріп шыққан; 1896 жылдан 1900 жылға дейін жазу қағазын сататын дүкенде жалдамалы сатушы (приказчик) болды.

Филипп Исаевич бала кезінен көп оқыды, бірақ барлық мәселе бойынша тиіп-қашып, жүйесіз үйренді. Алғашында оны философия қызықтырды, ал кейін қоғамдық ғылымдарға ден қойды. Жасырын кітаптарды 1900 жылдан там-тұмдап оқи бастады.

1903 жылы Петербургтегі Медицина академиясына тіс дәрігері мамандығы бойынша емтихан тапсыра жүріп, оны үйірмеге тартқан партиялық ұйымдардағы жолдастармен танысты, алайда Филипп Исаевич көп өтпей Петербургтен жер аударылып, 1905 жылға дейін Вяткада тұрды да, онда тіс дәрігерінің кабинетін ашты және орта оқу орындары оқушыларынан құрылған үйірмедегі жұмыстармен шұғылданды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Валерий Михайлов. Ғаламат жұт шежіресі - 1

Филипп Исаевич 1905 жылы күздің басында кабинетін сатып, Петербургке қоныс аударды да, осында біржола партиялық жұмыстармен шұғылданды. Бастапқыда большевиктердің әскери ұйымына кіріп, Петропавл бекінісі солдаттарының үйірмесінде жұмыс жүргізді.

1905 жылдың жазында Петербург округтік ұйымына жолдама алып, алғашқы кездері Ижорск зауытында және Сестрорецкіде үгіт-насихат жұмыстарын атқарды. Кейін осы ауданда ұйымдастырушы болып, аудан атынан партияның петербургтік комитетіне сайланды. Петербург ұйымының бірқатар конференцияларына қатысты. Ижорск зауыты жұмысшыларының көпшілік жиналыстарында үш рет тұтқынға алынып, оның екі ретінде тексеруден кейін бірден босатылды да, үшінші жолы бірнеше аптаға полицияда ұсталды. Патшалық-Селолық жандарм басқармасында 129-бап бойынша іс қозғалды.

1906 жылдың жазында Петербург комитеті бүкіл құрамымен тұтқынға алынды да, 19-процесс бойынша сотталып, бәрін қосқанда 3,5 жыл қамақта болуға кесілді. Іс қайта қаралып, Филипп Исаевич кепілдікпен босатылды. Түрмеден шығысымен Петербург комитетінің шешімі негізінде Невский ауданына барып, онда Лондонда өтетін съездің алдында ж. Зиновьевтің орнын ауыстырды. Филипп Исаевич Невский ауданынан Петербург комитетіне сайланды, сонымен бірге атқару комитетінің құрамына енді.

1908 жылдың 1 мамыры қарсаңында ол тағы да тұтқынға алынып, 1909 жылдың маусымына дейін қамауда отырды. Босап шыққаннан кейін шақырымпаздармен байланысты үзу мәселесі шешілген большевиктік конференцияға қатысу үшін Петербург комитетінің жолдамасымен Парижге аттанып кетті. Филипп Исаевич Парижден Лейпцигке келіп, Вильноға жеткізілген әдебиеттермен шұғылданды, одан соң Петербургке барып, шақырымпаздар мен жойымпаздарға қарсы күреске қатысты және көп ұзамай ОК-нің (Орталық Комитеттің – ауд.) нұсқауы бойынша ОК-нің агенті болып тағайындалған жолдас Томскийдің орнын ауыстыру үшін Мәскеуге келді.

Филипп Исаевич Мәскеуде 1910 жылдың қысында Мәскеу комитетімен және Я.М.Свердловпен бірге инженер Тимковтың пәтерінде тұтқынға алынғанға дейін жұмыс істеді және түрмеде 5 айдай отырғаннан кейін Нарымскіге жер аударылды. Нарымскіде бірнеше ай болғаннан кейін, Филипп Исаевич басқа жолдастармен (Козырев, Куйбы­ шев және басқалар) бірге маркстік үйірме ұйымдастырғаны үшін тұтқындалып, Томск түрмесінде бірнеше ай отырды. Іс қысқартылып, ол қайтадан Нарымскіге жер аударылды. 1911 жылдың жазында Нарымскіден Петербургке қашып келген ол жұмысқа бел шеше кірісіп, ж. Бреславпен бірге құлаған ұйымды қайтадан қалпына келтіру үшін және Париж конференциясына делегаттар сайлауды ұйымдастыру мақсатында Мәскеуге аттану жөнінде ОК-ден нұсқау алды.

Мәскеу ұйымынан конференцияға Зиновьев, Малиновский жолдастар және Филипп Исаевич сайланды.

Осы конференцияда Филипп Исаевич ОК мүшелігіне өтті.

Париж конференциясынан кейін Мәскеуге келісімен ол тұтқындалып, Таганкада біраз уақыт отырғаннан кейін Тобылға жер аударылды. Көп ұзамай Тобылдан тағы да қашып шығып, Петербургке келді. 3-Думаның жұмысы кезінде Петербург комитетінде ОК-нің өкілі ретінде жұмыс істеді. Я.М.Свердлов ж.Петровскийдің пәтерінде тұтқындалғаннан кейін Филипп Исаевич Малиновскийдің пәтерінде қоршауға түсті, бірақ ол жерден сәтімен жасырынып шығып, ОК-нің шешімімен Уралға жол тартты. Уралда бірнеше апта жұмыс істегеннен кейін Мотовилихинск зауытынан шығып, өзінің пәтері орналасқан Екатеринбургке бара жатқан жолда ол тағы да тұтқындалды. Кейін анықталғанындай – Малиновскийдің көрсетуі бойынша. Оның Уралға келгендігі күзет бөлімшесіне белгілі болған, бірақ бірнеше апта бойы олар оны ұстай алмаған. Екатеринбург түрмесінде біраз отырғаннан кейін Филипп Исаевич Туруханский өлкесіне жер аударылып, онда Ақпан революциясына дейін болды.

Ақпан революциясынан кейін наурыздың алғашқы күндері Филипп Исаевич Петербургке келіп, сәуір конференциясына дейін сонда жұмыс істеді. Кейін Уралға жіберілді. Пермь губкомының хатшысы, одан соң Урал облыстық комитетінің және Екатеринбург губкомының хатшысы болды.

Пермьді қолдан бергенге дейінгі аралықта (18-жылдың желтоқсаны) әр алуан партиялық және жауапты кеңес жұмыстарында (Урал облыстық кеңесінің мүшесі, округтік әскери комиссар, 3-армияның бас саяси комиссары т.б.) болды. 3-съезден кейін Курганды алғанға дейін ОК-нің Сібір бюросының мүшесі болды. 19-жылдың тамызынан 20-жылдың маусымына дейін Түркістан Орталық Комитетінің және БОАТКОМ (Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті – ВЦИК) мүшесі, 20-жылдың шілдесінен 21-жылдың шілдесіне дейін Главруданың төрағасы болды, онан соң ОК оны съездер өткізу үшін Башкирияға жіберді. 21-жылдың наурызынан 23-жылдың қаңтарына дейін Костромск губаткомының төрағасы және губкомның мүшесі болды. 22-жылдың мамырынан 23-жылдың шілдесіне дейін ОК-нің Урал бюросының хатшысы, ал 22-жылдың қыркүйегінен Самарск губкомы төрағасының міндетін атқарды және Приволжье әскери округі Революциялық әскери кеңесінің мүшесі болды.

Астыртын революциялық қызметі барысында Филипп Исаевичтің Филипп, Борис Иванович, Жорж және Н.К.Крупскаяға жазған құпия хаттарында Фран деген бірнеше лақап есімі болды.

Қазіргі кезде Ф.И.Голощекин – ОК мүшелігіне кандидат және РК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы.

Қызылорда қаласына 12 қыркүйекте келді”. Сөйтіп, жиырма жасында – жазу қағазын сататын дүкенде жалдамалы сатушы, жиырма жеті жасында – партия мүшесі және тіс технигі, жиырма тоғыз жасында – кәсіби революционер. Сонымен, большевиктерге Голощекин әбден есейген шағында келіп қосылды. Егер оның “бұрқ-сарқ қайнаған” бітімін, неге болса да құлай берілетін қызметін еске алар болсақ, онда оның таңдауы кездейсоқ емес, ойланып істелінген қадам деп пайымдауға болады және бәлкім, “барлық мәселелер бойынша жүйесіз де шашыраңқы” оқыған, алғашында “философияға, ал одан соң қоғамдық ғылымдарға” ден қойған осы бір жігерлі адам Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясына (РСДЖП – РСДРП) кіргенге дейін-ақ саяси және әлеуметтік ой-пікірдің бір ғана емес, әртүрлі бағыт-бағдарын бойына сіңіріп үлгерген болса керек.

27 жасар Голощекин большевиктер қатарына кірген соң қызу іске кірісіп кетті. Тіпті революциядан кейін де бірде онда, бірде мұнда жылт етіп көрініп, жоқ болатынын айтпағанның өзінде, оның үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген орындарының саны-ақ бұл адамның тапсырылған істі тындырушы, орындаушы, жүктелген қызметті атқарушы, қазіргі кезде айтылатынындай, тез бейімделгіш адам болғанын дәлелдейді. Теориялық ізденіс, терең ақыл-ой жұмысы оған жат еді, оның табиғаты Қазанға дейінгі астыртын жұмыс па немесе аштық қысқан 21-жылғы Кострома облысында азық-түлік дайындау ма, бәрібір, әй­ теуір, қолма-қол, тікелей орындайтын жұмысқа лайық-тын.

Оның Қазанға дейінгі кезеңдегі өміріне қатысты замандастарының естеліктері, мәліметтердің сиректілігі мен кейбір кездейсоқ сипаттарына қарамастан, қалай дегенмен де белгілі бір деңгейде оның ішкі дүниесінен хабар береді.

Н.К.Крупская Прага конференциясына байланысты 1912 жылғы оқиғалар туралы былай деп жазады:

“Владимир Ильич Прагаға кетіп қалған. Филипп (Голощекин) партиялық конференцияға бару үшін Брендинскиймен бірге келді. Брендинскийді мен сырттай естуім бойынша ғана білетінмін, ол көлік қатынасында жұмыс істеген. Двинскіде тұрған. Оның басты қызметі – алынған әдебиеттерді ұйымға, негізінен, Мәскеуге жіберіп беру еді. Брендинскийге қатысты Филипптің күмәні болды.

Мен Брендинскийден әдебиеттерді қандай мекенжай бойынша кімдерге жіберетінін сұрай бастағанымда, ол күмілжіп, өзінің... жұмысшыларына жіберетінін айтты. Мен олардың нақты аты-жөндерін сұрадым. Ол ойланбастан, долбарлап айта бастады да: “Мекенжайлары есімде жоқ”, – деді. Өтірік айтып тұрғаны бірден көрінді... Мен оған: “Конференция Бретаньда өтеді, Ильич пен Зиновьев сол жаққа кетті”, – деп өтірік айттым да, одан соң Филиппке Григорий екеуі түнде Прагаға кетуі керек екенін, ал Брендинскийге “Бретаньға кеттік” деп қағаз қалдыруы қажеттігін айтып келістім. Осылай болды да...

Мен конференцияны арандатушыдан қорғап қалғаным үшін қатты қуандым”.

Бұл Надежда Константиновнаның Голощекинді бірінші көруі емес: 1909 жылдың жазында Голощекин Парижге келіп, Ленинмен бірнеше рет кездескен болатын. 1909 жылдың 25 шілдесінде ол Парижден: “Әдебиеттермен танысып, Ильичпен әңгімелескеннен кейін... “Пролетарийдің” бүкіл саяси бағыты революциялық социал-демократияның теориялық ұстанымы болып табылады... және тек осы жолмен жүріп қана біз іс жүзінде партияны нығайтып, бұқара көпшілікті оның айналасына топтастыра аламыз... деген нық сенімге келдім” деп жазды.

Н.К.Крупская құпия партиялық хаттар жазып тұрды және Голощекин оның тұрақты тілшілерінің бірі болды. Ұйымдастыру және насихат жұмыстарының қандай деңгейде болғанын Крупская хаттарындағы шағын екі үзіндіге қарап білуге болады. “Ах, Ресейде қаншама ырың-жырың алауыздық! – деп күйіне жазады ол ғасыр басында. – Біздің басты сорымыз сонда: адамдардың өздерінің жергілікті жеке патриотизмі шамадан тыс көп.

Хаттарды оқысаң, көңілің құлазиды”. Несі бар, “ізбасар­ революционерлер” үшін патриотизм қашанда бақытсыздық болып келген: әлемдік өртті тұтату үшін, ең алдымен, жергілікті “өзінікін” тамызық ету керек...

1913 жылдың 3 наурызында Голощекин Пермьнен оралды. Екатеринбургтің теміржол бекетінде ол “тыңшы” деп танылып, тұтқындалды. Тұтқындау кезінде Филипп Исаевич өзін газет қызметкерімін деп атап, Самуил Котисстің атына жазылған төлқұжатты көрсетті. Ол өзін күзетке хабарлаған – Париж конференциясына бірге барып, ОК-ге де бірге сайланған партиялас серігі Р.В.Малиновский деп санады.

Голощекинді Туруханский өлкесіне, Селиваниха деревнясына жер аударды. Онда Филипптің Мәскеу мен Нарымскіден бергі жақсы танысы, “жария бақылау” астында жүрген Я.М.Свердлов тұратын; бұл жерден онша қашық емес Курейкада И.В.Сталин тұрды. 1913 жылдың 3 қыркүйегінде Свердлов В.С.Мицкевич-Капсукасқа: “Бізден кейін тағы екі партия келді, енді үшіншісін күтудеміз. Әрқайсысы 3 адамнан. Менің ескі танысым да келді, онымен бірге мен бір іс бойынша бірнеше жыл бұрын Сібірге саяхат жасағанмын. Әрине, мен бұған қуандым. Ол менімен бірге тұрады”, – деп жазды. Әңгіме Ф.И.Голощекин туралы болатын. 1913 жылдың 7 қыркүйегінде күзет қарауылы кезекті мәлімдемесінде: “... саяси-әкімшілік жер аударылған Яков Свердлов, Николай Орлов, Шая Голощекин орманға жасырынып, Монастырьға кетіп қалды” – деп хабарлады (Монастырь – Монастырское селосы, Туруханский өлкесінің орталығы, Шая – Голощекиннің туғанда Шая Ицкович деп азан шақырып қойған аты).

Свердловты көп ұзамай Сталин тұрып жатқан Курейкаға ауыстырды. Кейін ол Петербургтегі достарына: “Біз екеуміз. Жанымдағы – грузин Джугашвили, ол менің бұдан бұрынғы айдауда болған кезде бірге болған ескі танысым. Жақсы жігіт, бірақ әдеттегі өмірде өте-мөте дарашыл”, – деп жазды.

Екеуін қашуды ойластырып жүр деген негізі де жоқ емес күмәнға байланысты екі айырды – Свердловты кері қайырды. К.Лисовский өзінің Свердлов туралы кітабында Туруханскийдегі бөлім жасауылының Енисей губернаторына: “Полицияның жария бақылауына сеніп тапсырылған әкімшілік жер аударылушы Яков Мовшев Свердлов үстіміздегі (1913) жылдың 22 маусымында Монастырское селосына келді және Туруханский өлкесінің Селивановский қонысына орналасты” деп мәлімдеген хабарламасын келтіреді.

Селиванихада Свердлов пен Голощекин, жалпы алғанда, жылға жуық уақыт бірге тұрды. Яков Михайлович бұл кезде үздіксіз хат жазысып тұрды және онда, Голощекинді өзі солай атағанындай, “Жорж досы” туралы жиі айтатын еді. Арасында ол Филипп Исаевичтің мейлінше қанық бейнесін айшықтап беретін.

1914 жылдың 3 наурызында Париждегі өзінің Нарымскіден бергі ежелгі досы В.А.Дилевскийге жазған хатында: “Жаңаға, өзгеріске деген құштарлық аса күшті, тіпті айтып жеткізу де қиын...

Менің досым өзінің шұғылданатын істерінің кестесін үнемі өзгертіп отырады... Жаздың соңынан бері біз екеу болғанбыз. Қазір де екеуміз. Бірімізді-біріміз жалықтырған жоқпыз, жоқ, ренжіспейміз. Бір-бірімізден (бөлектенбейміз). Бірақ екеуміз де адамдар арасын сағындық. Жай ғана көптің ішінде (болғымыз) келеді... Біздің, досым екеуміздің ұқсамайтын жақтарымыздың көп екенін мен саған бірде-бір рет жазған емеспін. Бұл, әрине, жаман емес. Расында, кейде талас пікірлер де туып қалады. Олар әртүрлі себептен туындайды. Саяси мәселелерде біз дерліктей айтысқа түспейміз, мұнда ойымыз көбінше бір жерден шығып отырады... Екеуміз де тұрмыс кеңдігіне зәруміз”.

Жер аударылған екі достың Селиванихадағы өмірі, барлық жағынан алып қарағанда, барынша еркіндікте болды, олай болса, пенделік қуаныштардан – балық аулау, аңшылықтан да құралақан емес еді. 1914 жылдың 22 наурызында Свердлов К.А.Эгон-Бессерге былай деп жазды:

“...Мен аңшылық ортаға тап болдым. Мұнда ақ түлкі, ұрғашы түлкі, сусар ауланады. Аңшылық үшін ерекше білім керек емес. Міне, біз досым екеуміз жыртқыштарға “із” қалдырдық. Бір күннен кейін былғары қолғап киіп, 9-10 шақырым жүру керек болады. Ауа райы тамаша, табиғат таңғаларлық, ауа тап-таза.

Айнала толы остяктар, тұнғыстар, юрактар. Өте қызықты пішіндер бар”.

Әйелі К.Т.Новгородцеваға жазған хаттарында ойын барынша ашып айтқан. 1914 жылдың 27-29 маусымында Яков Михайлович Курейкадан өзінің досы Жорж туралы мейлінше егжей-тегжейлі жазады (әдетте, оған бірнеше жол арналатын). Хатында ол шын көңілімен алаңдаушылық білдірген: “Ж-мен бірнеше күн бірге болдым. Оның жағдайы жақсы емес. Оның жүйкесі жұқарған, нағыз мизантропқа (Мизантроп – адамды ит етінен жек көретін адам. – ауд.) айналып барады. Жалпы адамға, дерексіз адамдарға жақсы көзқараста бола тұра, ол өзі қарым-қатынаста болуына тура келетін нақты адамға өте әдепсіздік көрсетеді. Соның салдарынан ешкіммен де дұрыс байланыс жасай алмайды. Әрине, менен басқалармен, ал мен оны жақсы білемін, оның қандай жігіт екенін, жан дүниесінің тазалығын түсінемін. Сондықтан оған қайнаған өмірдің ортасынан алыста ұзақ уақыт жүруге болмайды деген қорытындыға келдім. Ол құриды, өзіне-өзі жан төзгісіз жағдай жасап алады.

Оның жеке байланыстарының жоқтығы шошытады, тіпті менікінен де аз. Оны, бұл туралы өзі ештеме айтпаса да, өзін достарының еске алмайтыны қорқытады. Өйткені осы уақытқа дейін оған ешкім еш нәрсе жібермейді. Ең болмаса оның қарындасы Питерде болғанда да біршама жақсы болатын. Оны тәуірірек жерге апарса болар еді. Бірақ мұны қалай істеу керек? Мейлі, ол да бір қиыр шет бола берсін. Әйтсе де онда ол өзінің күш-жігерін “өмір сүру үшін күреске” арнай алатын болса ғой. Әйтеуір оның ішкі қуатын сыртқа шығаруына мүмкіндік туар еді... Әзірше мен сенен онымен хат жазысып тұруды сұрар едім. Ол маған сені мен жігіттерге қатысты жақсы пікір білдіреді. Жай ғана достық көңілмен жазылған хаттар бұл жерде үлкен мәнге ие. Егер мүмкін болса, оған бір-екі беллетристикалық кітапшалар жібер. Өлең болса жақсы. Менен басқа онымен шын көңілден шыққан әңгіме түгіл, жай ғана сөйлесетін де адам жоқ! Соның өзінде қоғамдық мәселелерде оның сергектігі мен оптимизмі ғажап! Менің көзімше ол сенен хат алды, сонда қалай қуанғанын айтсаңшы! Өте риза болды. Маған Берта ғана жиі хат жазып тұрады”.

Осы соңғы адам есіміне назар аударайық. Әңгіме Берта Иосифовна Перельман туралы. 1903 жылы большевиктердің Мәскеу кеңесінің мүшесі болған ол Голощекинмен және Свердловпен бірге тұтқынға алынып, Нарымск өлкесіне жер аударылды. Революциядан кейін Самарада және Свердловскіде жұмыс істеді. Бұл Голощекиннің 1911 жылы қолындағы баласымен тастап кеткен әйелі болатын. Свердлов оның есімін әйеліне жазған хаттарында жиі есіне алатын.

1914 жылдың қыркүйегінде Свердловты қайтадан Селиванихаға ауыстырды. Ол Голощекинмен бірге балықшы әрі аңшы Самойловтың лашық үйіне орналасты.

1914 жылдың 16 қарашасында Свердлов әйеліне мынадай хат жазды:

“...Менің миым қалың ұйқы құшағында қалған сияқты... Ж-мен бірге тұрған алғашқы айда мен өзімнің ойларымның оянғанын өте сирек сезіндім...

Ж-мен бірге тұрғаным оянуыма аз әсер еткен жоқ. Ол мейлінше ширақ адам. Оның басында әңгімелесу арқылы шешкісі келетін толып жатқан сұрақтар бар... Теориялық жағынан мен сөзсіз есі кірген адаммын, ол енді ғана басын қатырып жүрген сұрақтардың көпшілігі – мен үшін әлдеқашаннан белгілі жайлар. Дегенмен бізде екеуара бәрі жақсы екен, арамызда жолдастық көңілді қарым-қатынас бар екен деп ойлап қалма...

Біздің әңгімелеріміз, негізінен, соғыстың айналасынан ұзамайды... Аса зор еуропалық соғыс... уақыт аралығына соғысқа дейін және одан кейін деген белгілі бір сызық жүргізілуге тиіс”.

Көп ұзамай хат жазысудың керегі болмай қалды. Клавдия Петровна күйеуіне келіп, олар Монастырскіге орналасты да, отбасымен тұрды. “Оның денсаулығы Селиванихада біртіндеп жақсара бастады, – деп еске алды ол, – әрине, мұнда да өмір онша жайлы болған жоқ. Азық-түлік адам айтқысыз қымбат еді, болмашы жәрдемақы ашқұрсақ өмірге әрең-әрең жетіп отырды... Жер аударылғандар нан, жарма, көкөніс дегенді көрмейді де, бұғының етінен басқа ет болмады, жұмыртқа мен ұн да жоқ болды. Май, картоп, сүт сирек болатын. Қант, тұз, сіріңке, темекіге қол жеткізу де қиын еді”.

Сәл кейінірек сүт пен май мәселесі шешілді.

Свердловтар қолға сиыр ұстайтын болды.

“Бізге Яков Ефимович Боград, Борис Иванов, Жорж Голощекин... және басқа жер аударылғандар үнемі келіп тұрды, олар Яков Михайловичтен кейін көп ұзамай Селиванихадан Монастырскіге ауысқан болатын. Барлық маңызды әңгімелер мен дәрістер аяқталғаннан кейін біз көңілді тобымызбен тайгаға баратынбыз... Аязға мүлгіген тыныштықта еркін шырқалатын, кең тынысты орыс әндерін айтар едік немесе сол кездегі революциялық пролетариаттың жауынгерлік гимндерін күркіреттік, оның ішінде, әсіресе “Варшава қызы”, “Қызыл туды” айтуды ұнататынбыз”.

Жер аударылғандар саны Монастырскіде он бес-жиырма адамға жетті, сөйтіп Свердловтың үйі олардың саяси оқуының орталығына айналды. Б.И.Ивановтың есінде жаңажылдық кездесу сақталып қалыпты:

“Біздер, мен, Долбешкин, Булатов, Голощекин, Боград, Яков және Клавдия Свердловтар, Валентина Сергушева, Иван Петухов және басқалар, бүгін 1916 жылды қарсы аламыз. Бүгін бізде Яков Михайлович бас аспаз. Бұғы етінен жаншылған үш жүз тұшпара оның ауызүйінде пісіруге дайын тұр. Ішкі бөлмедегі екі үстел газетпен жабылған, үстіне қойылған түрке балық пен бұғы еті көз тартып, тәбетті ашады. Кірпіш шаймен демделген екі шәйнек ол тұр...

...Жаңажылдық кездесуді Яков Ефимович Боград ашты. Ол бәрімізден үлкен ғана емес... философияның және математика ғылымдарының докторы.

– Жолдастар! – дейді ол жуан дауысын созып. – Николай патша және оның қарғыбаулы жексұрын баскесерлері бізді осы Туруханскінің қар-мұзында қатырып тастағысы келеді, бірақ біздер тіріміз және осы бір қанды соғыс жылын барынша сергектікпен әрі жарқын болашаққа деген сенімді үмітпен қарсы алып отырмыз...”

Яков Ефимович қызыл сөзді қалай сапырады! Өзінің дегдарлық жасына және философиялық атақ-шеніне қарамастан, осындай кесек сөздер айту үшін өте кішкентай болып көрінеді ол. Ол тіпті Туруханскінің қар-мұзында қатып қалуға тиісті болған он шақты жер аударылушының әлі де тірі екеніне монархтың, бәлкім, ешбір күмәні жоқ екенін де ойлай алмаған. Иә, тіпті “жексұрын баскесерлер” өздерінің “құрбандарына” мерекелік үстел басында той тойлатуға жол беру арқылы “зұлым” деген аттарына лайық емес іс істеген болып шықты. Уақыт көрсеткеніндей, олардың ешқайсысы да Сібір суығына үсіп өлген жоқ. Дұрысын айтқанда, олар бұл “қанды соғыс жылында” сергектігін жоғалтатындай не көріпті? Біреулердің дәл осы сәтте жау оғының астындағы окоптарда жатуына тура келген болса, бұлар жылы үйдің ішінде дәмді тағам жеп, шай ішіп отырды емес пе?!

Сөйтіп, тағдыр тәлкегімен, олардың өмір мен өлім мәселесін ІІ Николай император шешкен жоқ, жағдай тура керісінше болды. Үш жарым жылдан кейін бұрынғы Ресей патша ағзамы мен оның отбасының тағдырын осы мерекелік үстелде отырғандардың ішіндегі екеуі белгіледі.

Тағы да он төрт жылдан кейін, Яков Ефимович Боград пен оның дастарқандастары армандаған “жарқын болашақ” әлдеқашан туған кезде, бұл жолы да қыста, 1933 Жаңа жылдың қарсаңында, Ф.И.Голощекиннің жалғыз өзі патшалық құрған Қазақстан жерінде, Әулиеатадан жеті шақырым жердегі толып жатқан ұжымшарлардың ішіндегі Я.М.Свердловтың есімімен аталатын біреуінде бірде-бір адам тірі қалған жоқ. Аштық пен суықтан қырылып қалды. Ал, шын мәнінде, оңтүстік өлке Туруханск жері емес қой. Көрші ауылда оның ақырғы тұрғыны – соңғы күндерінде адам етімен азықтанған қазақ жігіті ғана қалған. Аштықтан ақыл-есінен алжасқан ол әйелді бауыздаған­ және мұнысын әлдебір жақтан келген комиссияға өлер алдында айтып, мойындаған. Қазақ жерінде, Ресейдің көптеген облыстарында, Украинада, Орта Азия мен Сібірде ондаған мың адам өлігінен тау тұрғызылды. Алайда заң бойынша да, саяси тұрғыдан да аштық құрбандары қылмыскерлер емес болатын. Олар поляр жағалауындағы тайгада емес, өздерінің туған жерлерінде өмір сүріп, тұрып жатқан және өздерінің туған үйлерінен мыңдаған шақырым алыс жерлерге қуылғандар да емес еді.

Аштық пен адам жегіштік туралы жан-жақтан хабар алып жатқан кезінде, Голощекин алыс Сібірдің Монастырск селосында 1916 Жаңа жылдың қарсаңында тұшпараны қалай жаныштағанын есіне алды ма екен?..

Орыс тілінен аударған Ғұсман Жандыбаев

Суреттер ғаламтордан алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар