Ыбырай аруағының алдында бір туынды жазу – міндетім деп білдім

105

Ыбырай аруағының алдында бір туынды жазу – міндетім деп білдім - adebiportal.kz

- Ақылбек аға, өткен айда Астана қаласында мерейлі жасыңыздың құрметіне орай дүбірлі шығармашылық кешіңіз өткенін білеміз. Осы кеште он төрт томдық шығармалар жинағыңыз көпшілікке таныстырылды. Жинаққа енген шығармаларыңыз жайлы айтып өтсеңіз. Кейіннен шыққан қандай шығармаларыңыз еніп еді?

- Иә, өткен айда еліміздің бас қаласы Астанада шығармашылық кешім жоғары деңгейде өтті. Бұл кешті өткізуге ұсыныс тастаған әрі толықтай ұйымдастырып берген Қостанай облысының әкімі, ұлт жанашыры Құмар Іргебайұлы Ақсақаловқа ерекше алғысымды айтқым келеді. Шығармашылық кешімде, сәуір айында ғана Қостанайда тұсауы кесілген он төрт томдық шығармалар жинағымның елорда жұртына таныстырылымын жасадық. Жалпы көлемі бес жүз дана болып, фолиант баспасынан жарық көрді. Электронды нұсқасын Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапхананың жанынан ашылған электронды кітапханаға да өткіздік. Қазіргі технология дамыған заманда электронды нұсқа оқырманға керек екен. Жинаққа орыс және қазақ тіліндегі осы уақытқа дейін жарияланған барлық жанрдағы шығармаларым енді. Бір томды тұтас орыс тіліндегі шығармаларыма арнадым. Орыс тіліне аударылған пьеса, поэма, прозаларымды сол томға жинақтадым. Кейінгі шығармаларымнан «Жұлдыз» журналында жарық көрген «Оймақтай ойлар» атты миниатюраларым топтастырылды. Одан бөлек Қостанай қаласында жарық көрген «Оңашадағы оқшау ойлар» деген кітабым да осы жинаққа енді. Енді бір томынан белгілі лингвист, алаш арысы Елдес Омаров туралы жазған «Суық жел» атты деректі хикаямды оқи аласыздар. Сондай-ақ, діндар дәуірінің көрнекті өкілі, алаш партиясының мүшесі болған Нұржан Наушабайұлы жайлы, кезінде халық жауы деп Қостанайдың ақ түрмесінде жазықсыздан-жазықсыз 1938 жылы атылып кеткен ғажап ақын Сейітжан Бекшентайұлы жайлы шығармаларым да жинақталды. Және бір томды кезінде кандидаттық диссертациямның тақырыбына арқау болған, Тобыл-Торғай өңірінен шыққан, елге кеңінен таныла қоймаған билер мен шешендерге арнадым. Оған «Тақтақ ақындар және ділмар шешендер» атты монографиям енді. Жалпы бұл он төрт томға өзім қалам тербеген поэзия да, проза да, драма да жинақталды.

- Бірнеше жанрда еркін жазатын әмбебап қазақ ақыны, жазушысыз. Сіз қалам тербемеген тақырып жоқтың қасы-ау.  Өзіңіз айтып өткендей шығармашылығыңызда поэзия да, проза да, драма да бар. Ал сіздің табиғатыңызға негізінен қай жанр жақын? Қай жанрда көбірек көсіле бергіңіз келеді?

- Бес саусақтың бірдей еместігі сияқты әр жанрдағы шығармаларым - әртүрлі көңіл пернесін шертіп кетеді. Байқап қарасам, шығармаларымның тең жартысы поэзия жанрында екен. Қуанғанда яки жаның жабырқағанда ақын ретінде дәл осы жанрда жиірек қалам тербейтінім рас. Соған қарағанда жаныма жақыны поэзия болып тұр ғой. Алайда, кейде поэзия, поэманың ауқымына симайтын тақырыптар болады. Ондай тақырыптарды проза жанрында, болмаса драма жанрында ашық монолог, диалог ретінде жазатыным бар. 

- Театр саханаларында бірнеше пьесаларыңыз сахналанғанын ел біледі. Тіпті орыс тіліне аударылып, елге ұсынылған спектакльдеріңіз бар. Театр фестивальдерінде жүлделі орындарды алып, бағаланғаны да баршылық. Солай бола тұра, бір сұхбатыңызда «Байқаймын, шығармаларым бір-екі рет сахналанады да, кейін алып тасталынады. Содан кейін драма жазғым келмейтін болды» депсіз. Спектакльдеріңіз қазір қалай бағалануда? Қойылып жүр ме?

- Қойылады. Анда-санда. Негізінен драма жанрына келсек, өзім Қостанай облысында туып-өскен елімізге белгілі қайраткерлер туралы жаздым. Соның бірегейі –  ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин. Ыбырай Алтынсарин туралы «Ыбырайдың өсиеті» деген драмам бар.  

Ыбырайды айтқанда, ол туралы «орысшыл еді» деген пікірлерді құлағымыз шалып қалып жүрді. Алайда Ыбырай Алтынсарин туралы ең әділ бағаны заманымыздың заңғар жазушысы Әуезов берген еді. Ол Ыбырайды Абаймен қатар қоя отырып: «Абай ұлы ақын болса, Ыбырай ұлы ұстаз. Ісімен де сөзімен де өзін дәлелдеген жан» деп айтып кеткен. Ол –  қазақ даласында бұрын-соңды болмаған жаңа үлгідегі мектептер ашып, қазақ-қырғыз хрестоматиясын жазған, ұлттық педагогикалық ой-пікірдің негізін қалаған тұңғыш ағартушы. Ұлы Ыбырайдың туған жерінде дүниеге келген мен үшін Ыбырайдың аруағының алдында жазушы ретінде бір туынды арнауымды міндетім деп білдім. Сондай ниетпен жарыққа шыққан «Ыбырайдың өсиеті» атты пьесамды орыс тіліне аударып, Қостанай облыстық М.Горький атындағы орыс драма театры сахналаған болатын. 2014 жылы туындым үздік драма атанып, тәуелсіз «Алтын қалам» сыйлығына ие болдым. Одан бөлек, Ақсұлу Орысбайқызына арналған «Ақсұлу» атты тарихи драмам Қазақ радиосының алтын қорына қабылданды. Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы  қазақ драма театрында «Таза бұлақ», «Өкініш», «Шоқанның шері», тың игеру жылдарына арналған «Еңбек ер атандырады» деп аталатын спектакльдерім сахналанған. Талдықорған, Орал, Шымкент қалаларының театр сахналарында да драмалық шығармаларым  қойылды. Алайда шығармаларым репертуардан тез түсіп қалатынын байқаймын. Оның орнына Шекспирден бастап бұрынғы шығармаларды қайта-қайта қоюға әуес. Көрерменге ол да керек шығар. Бірақ жаңа шығармаларға да көбірек орын беру керек-ау. Менің жеке ойым осы. 

- Шығармаларыңыз әлемнің жеті тіліне аударылған дарынды қаламгерлердің бірісіз. Атап айтсақ, ағылшын, орыс, қырғыз, өзбек, әзербайжан, түрік тіпті саха тіліне де аударылған екен.  Неге саха тілін таңдадыңыз? Әлде бұл мемлекеттік тапсырыспен аударылды ма? Бүгінгі күні қазақ әдебиетін әлемге таныту үшін шығарманың өзге тілдерге аударылғаны қаншалықты маңызды?

- Қазақ әдебиетін әлемге таныту үшін шығармалардың өзге тілге аударылғаны  керек-ақ. Әдебиетті әлемге насихаттаудың  алғашқы қадамдарының бірі аударма десек де болар. Бірақ аудару керек екен деп көлденең көк атты шетінен тәржімалағанын да құп көрмеймін. Жолма жол аудармай, негізгі мағынасын сақтап, түпкі ойын жеткізе аударса, қәнекей! Ал менің өз шығармаларым біраз тілге аударылғаны рас. Неге саха тілі десеңіз, тура сол саха тіліне аударылған шығармалар жинағы ұжымдық жинақ болатын. Жинақты саха тіліне аударуға ұсыныс тастаған Саят Қамшыгер деген бауырым еді. Бір жағынан сахалардың тілі түркі тілдес біздерге жақын деп, әрі олар осы күнге дейін біздің шығармаларды тек орыс тілінен жолма жол аударма арқылы ғана оқитын болғандықтан, Якутияда саха тіліне сол ұжымдық жинағымыз басылып шыққаны бар.

- Аударма жайлы сөз қозғаған соң, өзіңіздің аудармашылық қырыңызды да айтпай кетуге болмас. Сұхбатыңыздың бірінде А.Пушкиннің өлеңдерін де аударғанмын деп едіңіз. Жалпы аудармалық шығармашылығыңыз жайлы кеңінен айтып өтсеңіз.

- Иә, аударманы Пушкиннен бастағаным рас. Сондай-ақ, орыс ақындарынан Арсений Тарковский, белорус жазушысы Якуб Коласты, солтүстік кавказ ақындарының өлеңдерін аударғанмын. Мәскеудегі Әдебиет институтында өзіммен бірге оқыған Расул Ғамзатов, Алим Кешоков, Қайсын Кулиев  сынды ақындардың да бірнеше өлеңдерін қазақ тіліне аудардым. Түпнұсқадан аударуға аса зер салдым. Мысалы 1826 жылы жазылған Пушкиннің мына өлеңін:

«Всё моё», — сказало злато;
«Всё моё», — сказал булат.
«Всё куплю», — сказало злато;
«Всё возьму», — сказал булат»  

деген жолдарды мен қазақшаға былай аудардым:

«Алтын айтты»,  — бәрі маған

«Санжар айтты», —  бәрі маған

«Алтын айтты», —  бәрін алам

«Санжар айтты», —  тартып алам» деп сөзбе-сөз аударғаным бар еді. Бірақ көп жағдайда еркін аудармаға мән беремін. Еркін аудармада үндістандық атақты ақын қыз Амрита Притамның өлеңдерін аударған бар.

-  Тәржімалаған өлеңдеріңізді жеке кітап етіп жинақтап па едіңіз?

 - Он төрт томдық жинағымның бір томын осы аударма саласындағы шығармашылығыма арнадым. Тәржімалаған барлық дүнием осы бір томға енді. Бұған дейін жеке кітап етіп шығармаған екем. 

- Аға, енді балалар әдебиетіне қарай ойыссақ. Әлгі соңғы сұхбаттарыңыздың бірінде, балалар әдебиеті кенже қалып тұрғанын айтып өтіпсіз. Елімізде он бір мыңға жуық кітапхана болса, балаларға арналған кітаптар саны тек мың-мың жарымды ғана құрайды. Өте аз деген екенсіз. Жаңа заманның балалар әдебиетіне көңіліңіз тола ма? 

- Шынымды айтсам, жас кезде балалар әдебиетін онша менсіне бермейтін ем. Кез-келген адам балаларға тақпақ жаза алады ғой дегендердің бірі мен болдым. Жеңіл деп қараған болармын, бәлкім. Есейе келе біздер жазған табиғат, махаббат тақырыптарына қарағанда, балаларға өлең жазудың қиын екенін ұқтым. Жалпы балалар әдебиетіне арналған алғашқы өлеңім, 17 жасымда Мұзафар Әлімбаев бастаған жас ақын-жазушылардың кеңесіне қатысқан кезде, «Балдырған» журналына ойламаған жерден жарыққа шыққан. 

Сол алғашқы өлеңім «Ұры түлкі» деп аталынды.

«Қорада мен бір күні, 

Ұстап алдым түлкіні.

Тауық жеуге кіріпті, 

Оны құртқан құлқыны» деген жолдары есімде қалыпты. Осы өлеңнен кейін ақырындап балалар әдебиетіне де қалам тербей бастадым. Уақыт өте Шынар деп аталатын жалғыз қызымның атымен «Шынар» деген кітабым шықты. Одан кейін «Білім Медиа» атты баспадан ұсыныс түсіп, өздерінің бұйымтайымен жиырма шақты суретті кітапшаларым «Бала шақтан болашаққа» атты сериямен жарық көрді. Таралымы жалпы алғанда екі жүз мың данадай болды. Сондай-ақ, оған дейін «Балауса», «Жалын» баспаларында балаларға арналған «Аяз және Қыдыр», «Әдемі», «Гүл мен бидай», «Күлімдейді күніміз» деген сияқты кітаптарым жарық көрген. 

Жаңа заманның әдебиетіне көңіліңіз тола ма деп сұрап жатырсыз ғой. Осы тұста айта кетейін, менің жоғарыда аталған балаларға арналған кітаптарым бастапқыда тек жазумен ғана суретсіз жарық көрді. Бұл үлкен кемшілік екен. Ондай кітапты үлкен адам оқығанымен балаларға қызықсыз бола ма деймін. Кейін «Білім Медиа» басып шыққан кітапшаларым суретімен көркем болып шықты. Балалар бір қарағанда-ақ қызығатындай. Бүгінгі балалар әдебиетінің кітаптарында таралымы аз. Мазмұны жақсы болғанымен, таралым жағы қынжылтады. Сол жағынан қадағаланса. Әйтпесе жазылып жатқан шығарма көп. Еліміздің кітапханаларына кең таралса деген тілек қана.

- Бірнеше өлеңдеріңіз мектеп оқулықтарына енген екен...

- Иә, мектеп оқулықтарына «Аяз және Қыдыр», «Мен суретші боламын» деген өлеңдерім енген. Орыс мектебінің оқулықтарына енген шәкірттерге арналған өлеңдерім бар. 

- Ізіңізді басқан жас қаламгерлерден кімнің шығармашылығымен жақын таныссыз? Көтерген тақырыптары ұнап, ойыңызда жүргені бар ма?

- Қазір заман басқа, біздің кезіміздегідей емес. Жас қаламгерлерге мемлекет тарапынан да, Қазақстан Жазушылар Одағы тарапынан да үлкен көңіл бөлініп жатыр. Бүгінде жас қаламгерлердің көптігі қуантады. Қазір мынау-мынау деп атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Біреуін айтпады деп, екінші бірі ренжіп қалар. Жалпы тәуелсіз еліміздің қаламгерлерінің бағыты ұнайды. Тек осы тұста бір айта кететінім бар еді. Ақын-жазушыларға арналған қандай да бір мүшайра, сайыстар болса, жас шектеуін қоятын болыпты. 25-пен 50 жас аралығы деген сияқты. Шығармашылық өнерде жас болмайды. Оны неге шектейді? Осыны көптен айтқым кеп жүр еді. Жас шектеуін алып тастаса дұрыс болар еді.

- Соңғы сұрақ. Қазіргі арманыңыз қандай аға? 

- Адамда арман таусылған ба, қарағым?! Жас кезде қызмет дедік, шабыт дедік, оқу дедік. Қазіргі күні өзім Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде сабақ беремін. Филолог, журналистерге дәріс оқимын. Профессормын. Студенттерге сабақ беріп жүріп түйгенім: жас буын кітапты аз оқиды. Телефон, планшетке телміріп отырады. Заман талабы солай болар. Білімді емес демеймін. Жастар – білімді. Алайда қолына кітап ұстаған студентті аз көрем. Президентіміз де кітап оқитын ұлтты қалыптастыру керек деп насихаттап жатыр ғой. Бүгінгі арманым – жастарымыз кітапты көп оқыса. Қазақ фольклоры керемет бай. Эпостарымыз, жыр-термелеріміз қандай?!  Әдебиетіміз әлемге кеңінен насихатталып, шығармаларымызды әлем оқыса деген ізгі арманым бар.

 

- Сұқбатыңызға рақмет! Уақытыңызды бөліп, сұрақтарға жауап бергеніңіз үшін алғыс айтамын! Деніңіз сау, отбасыңыз аман болсын, аға. Қалам тербеген тың дүниелеріңізбен елімізді қуанта беріңіз!

 

                                                                                                                                                                                      Фотосуреттер Ақылбек Қожаұлының жеке архивінен

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan