Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
«Замандас пікірі». Қараша келді деп қабағы түспейт...

«Замандас пікірі». Қараша келді деп қабағы түспейтін ақын

30.11.2025

4096

«Замандас пікірі». Қараша келді деп қабағы түспейтін ақын - adebiportal.kz

Бұл «Замандас пікірі» айдарының кезекті шығарылымы. Бұған дейін бұл айдарда талантты ақын Ерлан Жүніс, Жанат Жанқашұлы және Қалқаман Сариннің шығармашылығы туралы замандастарының шынайы пікірлерін жариялаған едік. Біз сұраған, жариялаған пікірден бөлек, әлеуметтік желіде оқырмандар да түрлі пікірлері мен көзқарастарын жазып жатыр. Бұл қуанарлық жағдай. 

Ал «Замандас пікірі» айдарының бүгінгі кейіпкері – ақын Мерей Қарт. 

Мерей – қазіргі қазақ поэзиясындағы ең танымал жаңа буын өкілдерінің бірі. Оның өлеңдері туралы алдыңғы буын ағалары да жақсы пікір білдіріп жүр.  Ал замандастары не дейді? 

ЖАН-АМАЛЫ

Ауа райы, амал кірмей бұзылдың.

Ал, сенің не, жабырқаулы жүзің - мұң?

Жар шетінен баяу сырғып барады,

Әне, қара, жарған қарбыз – қызыл Күн!

Қабағыңнан қар жауып тұр, мұң есіп?

Жадырашы, жұлдыздарға ілесіп.

Көктем жәйлі ой салып өт көшеге,

Жүрегіңе  нұрдан қызыл гүл өсіп!..

Қиялыңнан құс ұшырсаң қырларға,

Одан асқан ғазал бар ма, жыр бар ма?!

Еркелеші, иығыма бас сүйеп,

Шын сүйетін бір адамың тұрғанда!

Ән айтайық ешкім әлі салмаған,

Жақынырақ отыршы енді сәл маған!

Екеумізге ортақ ұғым – махаббат.

Екеумізді тербететін сол ғалам!

Көңіліңді енді қайда бұрайын?

Неге солғын шырайың?

Жадырашы!.. 

Жаратты ғой Біз үшін,

Бұл әлемді көркем етіп Құдайым!

 

Ғазал

Семейтаудың сауырынан сырғыды,
сырға қанып сырғалы Ай!
Қыр басында қылығы бал құрбыны
құшақтаймын құр қалай?!

Жол-жөнекей жұлдыздарды сиреттік.
Шөкімдей бұлт төбемде.
Бойымызды бірте-бірте үйреттік
сүйіп... құшу дегенге...

Әлденеден бұрыңғыдай қысылып,
ұялудан адамыз.
Қос жүректен құсша тілек ұшырып,
жадырасып аламыз.

Аунаймыз кеп, асыр салып шалғынға!..
Біз — көңілді, Жаз — мұңлы.
Шынымен-ақ ғашық болып қалдым ба?
Шаттығым ба аз күнгі?!

Тағдыр шіркін тағдыр емес шүбәсіз...
Сірә, кештеу жолықтың...
Мөлдіреген жанарыңнан күнәсіз,
өмір жайлы гәп ұқтым!..

 

Кейде Мен

Кейде Мен —
суы тартылған өзеннің арнасындаймын,
Ішім тұрады аңырап.
Кейде мен —
Теңіздің толқын жалғасындаймын,
жағаға келген жамырап.

Кейде Мен —
төмен тартатын шыңырау шатқалындаймын,
Түнек төнеді төбемнен. 

Кейде Мен —
Аспанның жұлдыз-шоқтарындаймын, 

жарқ еткен нұрлы әлемнен!

Кейде Мен —
Бетбақдаланың қаңсыған құм-сорындаймын!
Кенезем кеуіп тұрады.
Кейде Мен —
таулы өлкенің сел-нөсер, бұршағындаймын,
қанғанша жауар құмары.

Кейде Мен —
құйындай ойнап, дауылдай аласұрамын,
ұшқынын шашып үміттің.

Сондықтан болар жанымның наласы қалың...
Арылтар кім бар?! Күдікті!..

Кейде Мен —
шу асау сынды тулаймын, бауырға алып,
ер-тоқымын ескі-тоз...
Кейде Мен —
мауқымды басам ауылға барып! 

Қарияларға да ескі көз!..

Кейде Мен —
сурет саламын, музыка ішімде ойнап!
Өлең тұрады көңілде!
Кейде Мен —
Өңімде солғын жүремін, түсімде – жайнап...
Құдайдың түсі — Өмір де!

Мерей Қарт

Ақын Олжас Қасым

Мерей Қарттың өлеңдерімен студент кезімнен жете таныспын. Ол – бүгінгі қазақ поэзиясындағы тілдік қоры бай, табиғаттың алуан бояуларын жанына сіңірген шайыр. Замандас ақын ретінде оның жырларының тініне үңілсең, қазақтың бай тілін еркін иіріп, бейнелі түрде жеткізе алатын шеберлігін бірден аңғарасың.
Әр ақынның боямасыз болмысын, өмірлік кредосын анық аңғартатын өлеңдері болады. Мерейдің “Арқыраса тарпаң күреңім” деген өлеңі қаламгердің жан дүниесін барынша ашып көрсететін жыр десек артық болмас. 
“Арқыраса тарпаң күреңім,
Бал-бұл да жанар түр-өңім.
Көнеден қалған көзімсің,
Күміс көмкерген жүгенім.
Өмілдірігім де дін аман.
Өң-бойын ою құраған.
Омырау тұсы шашақбау,
Астары – қызыл шұғадан.
Көшпенді елміз көшелі.
Маңдай бақ біткен бес елі.
Құйысқаным да – құйма алтын,
Өркениетім ғой кешегі.
Жаратып мінген күлігін,
Сайыпқыран Сақтың ұлымын!
Үзеңгімен-ақ үзгенбіз,
Қарсы шапқан қасқыр жұлынын...”, деп толғанады.  Кешегі жыраулардың екпіндете, лекіте жырлайтыны секілді шұбыртпалы жолдар ақынның арғы бастауларының діңі мықты екенін аңғартады.  Жалпы, шайырдың туындыларында күліктер картинасы, құстар әлемі, қоршаған ортамен ажырағысыз байланыс бар.  

Ал енді бір өлеңіне зер салсаңыз, уақыттың жүйрік екенін, жастықтың өткінші сұлулығын, тіршіліктің бір күнгі жарқ еткен сәулесін философиялық оймен өрнектейді. “Ғайыпқа сіңер ғұмыр тез” деген жолдар өмірдің құбылмалылығын терең сезіндіреді.
«Күрсініс» атты шығармасында қоғамның сұрқай тұстарын, адамдардың күйзелісі мен үміт аралас тартысы көрінеді. Ертіс, тау, қала бәрі де жан дүниенің күрсінісімен үндеседі.
«Құсойнақ» өлеңінде табиғат суреті пен адам сезімнің астасып кеткенін көресіз. Көктем мен құстар арқылы жаңғыру, сағыныш, қызғаныш әрі сүйіспеншілік сезімі қатар беріледі.
Мерей балалар әдебиетіне де олжа салып келеді. Балаларға арналған «Қызанақ», «Алма» сияқты өлеңдері кішкентай оқырманды бірден баурап алады. Ал «Бүркіт», «Қазақстан», «Домбыра» секілді туындыларында ұлттық рух, табиғат пен тарихты бала санасына лайық нәзік өрнекпен, түсінікті тілмен сіңіреді. 
Мерей Қарттың шығармашылық әлемі поэзиямен ғана шектелмейді. Ол сөз өнеріндегі ізденісін кеңейтіп, драма жанрына да батыл қадам жасады. Ақынның тұңғыш драмалық туындысы – «Белгісіз бағыт» қойылымы – оның жаңа жанрда да қабілетінің мол екенін айғақтағандай. Драманың психологиялық иірімдері мен философиялық тереңдігін автор сәтті ашады.  
Осылайша, Мерей Қарт – қазақтың бай тілін шебер қолданатын, балаға да, үлкенге де жүрек жылуын сезіндіре алатын ақын ғана емес, драматургияға да сенімді қадам басқан қаламгер. 
Поэзияда тіл, образды ойлау, әуен дейтін үш фактор болса, олардың бәрі де ақынның шығармашылығынан табылады.  

Ақын Айзада Рахымжанова  

Мерей Қарттың өлеңдері өмірдің өзіндей шынайы. Ол күйзелістің күртесін киіп, қайғыдан қара жамылған ақын емес. Бордай үгіліп, жалғаннан түңіліп кеткен кезі жоқ. Бәлкім ат үстіндегі алаңсыз күндері, қансонардағы қамсыз шақтары шығармашылығына шуағын шашып, дархан даладай кең тыныс беріп, жырларында да жарқын көрініс тауып тұр ма? Оны біз білмейміз. Білетініміз, Мерейдің өлеңдерінде көп ақында кездесе бермейтін құлшыныс бар. Сезімді сүре білуге, өмірді сүйе білуге, тіршіліктің әр сәтін бағалай білуге үндейтін ақынның ішкі дауысы, жүрек үні сөйлеп тұрады.
«Аспанға құлау» кітабының аты айтып тұрғандай әлденеге қайшылық пен қарсылықты қатар сезгендей күй кешеміз. Оның поэзиясы сан жылдар сақталған тәтті шараптың өзіндей бойға баяу тарап, жүректе өшпес із қалдырады.

Ақын Жәнібек Әлиман

Қараша келді деп қабағы түспейтін ақын

Оның бір өлеңінде бәйшешек жарып, қызғалдақ қауызын ашса, енді бір шумағында дүниенің екінші бұрышы солып, семіп бара жатады. Құлпырған өмірдің бояуы мен нұрын майлы кенепке жазғандай қанық салса, әлгіндей кем тұсына өкіне қоймайды. Жазмыш дейсіз бе, жоқ басқадан көресіз бе, әйтеуір өмірдің кем тұсын қарғап-сілеп, таусылмайды. Күнгей барда көлеңкенің де болатынын бағамдап, оттан кейін күл қаларын біліп туған еркіндік иесінің сөзін сеземіз. Қараша келді екен деп қабағы түспейтіні оқырманын жігерлендірсе керек. Ал өлең болса қай уақытта, қашан хатқа түскені белгісіз және күй талғамайды. Сүйіспеншілігін, махаббатын жырлайды. Сүйініші мен күйінішін білдіреді.
Үзілген сәттің жалғасы рухани кеңістікте өмір сүреді. Жер баласының еншілі өмірінен кейінгі екінші бақыты осы шығар. Бұйрықты өмірдің бақытты шақтарын елес, естеліктер әлеміне жалғастыра алады. Мерей ақын махаббат жырларында соған құлаш ұрғызады. Еркіндігін, жанының азаттығын осылайша сездіреді. Уақыттың еркін жыршысындай ашық аспан астында қалықтағанды ұнатады. Қалықтап та келеді. Қалғаны оқырманның өз қабылдауындағы нәрсе.
 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan