2017 жылы Швед академиясы нобель сыйлығын тегі жапондық, ағылшын тілді британиялық жазушы Кадзуо Исигуроға «романдарындағы алапат сезім қуаты әлем мен адам арасындағы тылсым байланыстың тұңғиығына жол ашқандығы үшін» берілді деп жариялаған болатын. Жазушы осы уақытқа дейін 8 роман жазған. Соңғы романы биылғы жылы «Klara and the Sun» деген атпен жарық көрді. «Жоғалтып алма сен мені» Кадзуоның алтыншы романы. Роман 2005 жылы жарық көрген. Сол жылы Букер сыйлығына және Артур Кларк сыйлығына ұсынылған. Осыдан бұрын жазушы 1989 жылы «Қалғыған күн» романы үшін Букер сыйлығын алған болатын. «Жоғалтып алма сен мені» романы «Тайм» журналының нұсқасы бойынша, 1923 жылдан 2005 жылға дейінгі, ағылшын тіліндегі үздік 100 романның қатарынан табылған. 2007 жылы орыс тіліне Л. Мотылев аударған. Аталмыш роман 2010 жылы Марк Романеканың режиссерлігімен экранға да шыққан. Биылғы жылы белгілі журналист, аудармашы Өмірзақ Мұқайдың тәржімалауында, «Жоғалтып алма сен мені» деген атпен «Фолиант» баспасынан жарық көріп отыр.
Жапонияның көрнекті жазушысы Харуки Мураками: «Жарты ғасырдан бергі оқыған кітаптарымның ішінде, менің ең жақсы көретін шығармам – Кадзуоның «Жоғалтып алма сен мені» романы»,- деген екен.
Шын мәнінде Кадзуо Исигуроның романдары адам мен әлем және ол жасаған орта арасындағы аласапыранға толы ауыр тартысы, барынша бейбіт, тыныш, бейтарап суреттеуімен ерекшеленеді. Осы тұрғыдан оның шығармашылығы беті тынық, ішкі ағысы аса қуатты, арналы алып өзенді елестетеді. «Жоғалтып алма сен мені» ғылыми-фантастикалық сипаты басым шығарма болғандығына қарамастан, шынайы өмірдегі дәлдікті негізгі еткен роман. Шығарманы оқып отырып кейіпкерлердің клон-адамдар екенін есіңнен үнемі шығарып аласың. Сюжеті баяу өрбитін шығармада, кейіпкерлер табиғаты бірте-бірте ашыла бастайды.
Кадзуоның баяндау мәнері мен идеяны барынша бүркемелеп беретін тәсілі, заманауи пәлсапасы – оның шығыс пен батыс «қақтығысынан» туған қаламгер екенін көрсетіп беретіндей. Кадзуоның бұл болмысы Кобо Абэның рухына біршама жақын. Екуінің жан әлемі қосмекенді жануарлардың тіршілік ету түйсігін елестетеді. «Booklist» журналының: "Исигуро – адам бойындағы қатігездік пен мейірімділік, жанкештілік пен ләззат сезімі арасындағы тепе-теңдікті сақтай білген жазушы"- деп бағалауының сыры осында болса керек-ті.
Уақиға ХХ ғасырдың соңында дистопиялық Ұлыбританияда орын алады. Онда мамандар медициналық құрал ретінде, оргоникалық донорларды пайдалану үшін жасанды клон-адамдар өсіріп тарбиелейтін орталық ашады. Ол оталықтың аты Хейлшем. Міне біздің кейіпкерлер сол Хейлшем мектебінің тәрбиеленушілері. Романның басты кейіпкері отыз бір жас шамасындағы Кэти Ш. Есімді қыз. Әңгіме осы кейіпкердің естеліктері негізінде, автордың шегіністі баяндауы арқылы өріледі. Сонымен қатар Кэтидің құрбысы Рут және жігіті Томми, қатал тәрбиешілер Мадам, Эммили, Люси қатарлы негізгі рөлдегі кейіпкерлер бар.
Роман үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім Хейлшем мектебіндегі өмір. Хейлшемді түрмедеуге келмес, бірақ ол қоғамның барлық тарапынан оқшауланған, жабық мектеп. Оның іші тәртіп пен тыйымға толы. Онда Кэти мен оның тәрбиеленуші достары және өздері «қамқоршылар» деп атайтын мұғалімдері ғана тұрады. Тәрбиеленушілер үнемі медициналық тексеруден өтіп тұрады. Оларға ерекше қамқорлық көрсетіледі. Ондағы тәрбиеленушілер сурет салу, өлең жазу, қолөнер бұйымдарын жасау сынды шығармашылық жұмыстармен айналысады. Ең таңдаулы жұмыстарды Мадам есімді түсі суық, қатал әйел галереяға жиып алып кетіп отырады. Бұл бөлімде мектептегі балалардың тәрбиелену барысы, олардың адами достық қатынасы, өзара қайшылықтары мен мініез бітімдері, Рут пен Томми арасындағы махаббат хикаясы басты орында суреттеледі. Оқып отырып Хейлшемнің ерекше мектеп екендігіне, ондағы тәрбиеленушілердің жасанды адамдар екеніне, мұғалімдердің бұл оқушыларды не үшін тәрбиелеп, қандай мақсатта оқытып жатқанына аса мән бере қоймайсың. Автор да тәптіштеп жазбайды. Осының бәрі шығарманың табиғи ағысын бойлап еркін жүріп отырады. Жазушының сабырлы, салқын баяндау тәсілі, романның жасанды адамдар туралы таңғажайып шығарма екендігін айқайлап айтпайды. Қайта клон-балалардың адами сипаттарына барынша назар аудартады. Романнан әсіре қызық, күрделі сюжеттік тартыс іздеген оқырманның тағаты таусыла түседі. Шығарма өзінің шығар биігіне, айтар ойына кейіпкерлерімен бірге баяу жылжып отырады. Күмәнді сұрақтардың салмағын амалсыз әңгіменің соңғы парақтарынан күтесіз.
Осы бөлімде Кэти мен Мадам арасында ерекше бір жағыдай орын алады. Кэти жатын бөлмесінде Джуди Бриджуотердың «Жоғалтып алма сен мені» әнін ерекше әсермен тыңдап жүреді. Ән мәтінінде ұзақ уақыт бала сүейе алмай жүрген ана ақыры нәрестелі болады. Кэти осы әуенге елітіп, ана образына кіріп, қолындағы жастықты бауырына бөпе ғыпқысып «о, балақан, балақан, жоғалтып алма сен мені...» деп ырғала билеп жүреді. Ал клон-адам ешуақытта ана атана алмайтын. Олар ол жағынан қабылетсіз. Осы сәтке оқиаттан куә болған Мадам Кэтиды сыртынан үнсіз бақылап тұрады. Және оның осы күйімен бірге жылап тұрады. Шығарманың басындағы оқырманды анша елең еткізе қоймайтын осындай елеусіз уақиғалардың сыры, роман соңына қарай ашылып, санаңда жарылыс тудыра бастайды. Бұл өзі Кадзуо шығармашылығына тән айрықша нәзік құбылыстардың бірі болса керек.
Романның екінші бөлімінде тәрбиеленушілер Хейлшемнен кетіп өздеріне еркіндік алады. Оларға енді құпия болып келе жатқан сыртқы әлемнің есігі ашық. Өздерінің жаңа ортасында қалағанын істеуге құқылы. Кэтиде өз достарымен бірге ескі коттеджге орналасқан болатын. Бірін-бірі шын жақсы көрген, араларындағы махаббаттары берік донорларға үш жылға дейін бірге тұруға, донор болмауға рұқсат етіледі екен деген әңгімеде осы тұста тарай бастайды. Олардың махаббаттарының саудаға құрылмағандығының дәлелі ретінде – өздерінің мектепте салған суреттері кепіл бола алатындығы да айтылады. Өйткені, тәрбиеленушілердің мектепте салған суреттері өздерінің болмыстарының, жандүниесінің айнасы бола алады екен. Ол суреттер сол үшін де кезінде галереяға топтастырылыпты. Алайда, роман соңында осыншама үміттің бәрі адыра қалғанын түсіну қиын емес. Сонымен қабат осы бөлімде тәрбиеленуші клондардың өздерінің түпбейнесін іздей бастауы да, олардың адами, кісілік қабылеттерін айқындай түседі. Олар тумаған да, туылмаған. Ата-анасыз еді. Бірақ олар өздерінің белгілі бір адамның жасушасынан жаралғандықтарын жақсы білетін. Автор олардың «өздерін» іздеуі арқылы, өздерін табуға, тануға деген әлсіз үміттерін оятатындай нысаналы құбылысты бізге емеурін еткендей. Адамның қандай кепке енседе үнемі түпбастауына тартып тұратынын көрсеткісі келген тәрізді.
Романның үшінші бөлімінде оларды нағыз донорларға тән өмір күтіп тұған болатын. Рут пен Томми донор болса, Кэти донорларға көмекшілік қызымет атқарады. Кэти басында құрбысы Рутқа көмекші болады. Бірнеше реткі донор болудан кейін Руттың өмірі аяқталады. Иә, медицина мамандары оларды өлді демейді, өмірлері «аяқталды» деп жазды. Рут кетерінде өзінің ар алдындағы «қылмысынан» арылып, қателіктерін мойындап, Томми мен Кэтидің қосылуына тілектес екенін, осығанға дейін оған өзі кедергі келтіріп келгенін айтып ақталып кетеді. Осыдан соң Кэти Томмиға көмекші болып тағайындалады да екуі бір палата да тұрады. Сүйіспеншілікке толы өмірлері басталады. Енді олардың алдында Мадамды тауып, донорлықтан құтылып, өздеріне бостандық алу мұраты тұрған еді. Романның ішіне бүккен құпиясы осы тұстан бастап, жел керген желкендей көтеріле бастайды.
Осы уақиғалардың бәрі, үшеуінің қайраңдап қалған қайықты тамашалап баратын сапарларынан басталатыны, шығармаға өзінше бір символикалық мән жүктейді. Романның атмосферасын айшықтай түседі.
Сонымен олар өздеріне мұрсат алу үшін, Мари-Клод пен Эмили бикешке келеді. Алайда олардың естіген әңгімесі жай ғана дақпырт болып шығады. Кэти мен Томми бұрынғы қамқоршыларымен ұзақ әңгімелеседі. Олар қамқоршыларына: «Хейлштем не үшін керек болды, біздің туындыларымызды не үшін жинадыңыздар?» деген сауал қояды. Эмили бикеш: «Ең бастысы, біз әлемге егер тәрбиеленушілер (клондар) адамгершілігі мол, өркениетті жағдайда өссе, кезкелген адам сияқты саналы, салауатты болатынын көрсеттік»,- дегенді уәж етеді. Ал өздері жинаған коллекция туралы: «Олардың ішінен тәуірін іріктеп, арнаулы көрме ұйымдастырғанбыз. Жетпісінші жылдардың соңында ықпалымыз шырқау шегіне шығып тұрғанда, бүкіл ел бойынша ауқымды шаралар өткіздік. Оған министрлер, эпископтар, белгілі тұлғалар келді. Жалынды сөздер сөйлеп, мол ақша құйылды. «Міне көрдіңіздер ме!? дедік біз. Мына өнер туындыларына қараңыздаршы, оның авторларын адам емес деуге қалай дәттеріңіз барады?». Иә, ол кезде бізге қолдау болды. Аяғымыздан нық тұрдық».
Романның көтерген тақырыбы ашыла түсер деген ниетпен, Эмили бикештің Кэти мен Томмиға айтқан ұзақ әңгімесінен мына бір үзіндіні келтірейік: «Сендердің тағдырларың үшін ар алдында ұятты болса да, адмадар балаларының, жұбайларының, ата-аналары мен достарының қатерлі ісіктен, нейрондардың сырқатынан, жүрек ауруларынан өлмеуін ғана ойластырды. Сондықтан сендерді барынша аулақта жасырып ұстауға тырысты. Олар сендерді ойдан шығарудың барлық мүмкіндіктерін жасады. Ал жағдайларыңды ойластырған күннің өзінде, «біз сияқты емес» деп ойлауға бейім тұрды. Кәдімгі адам болмағандықтарыңнан, сендердің тағдырларың да маңызсыз еді. Әлем жаңа донорлар, жаңа ағза мүшелерін талап етіп жатты. Ал осы жағдайлар сақталса, сендерді толық қанды адам есебінде көруге кедергі келтіретін құбылыстар жойылмайды. Біз бұл шайқасты ұзақ жүргіздік...».
Хейлшем мектебі Морнингдейл ісінен кейін біржола жабылады. Ғалым Джеймс Морнингдейл өзінің зерттеу нәтижесінде өмір сүруге, күресуге аса қабылетті, болашақта қоғамның төрінен орын алуға мүмкіндігі мол жасанды ұрпақ өсіріп шығарады. Бұл даулы іске басқада қоғамдық мәселелер қосылып, Хейлшемдегі жасанды балалардың керексіз күйде қалуына әкеліп соғады. Хейлшемдегі күнәсіз жасанды балалар да қоғам үшін қауыпты санала бастайды. Мектепке құйылатын қаржының көзі байланады. Онда қалған басқа тәрбиеленушілер, адами қабылеттері бола тұра, тек донор есебіндегі «құл» ретінде ғана қараусыз қалады. Бұл кезде Руттың өмірі аяқталған. Ал Кэти мен Томми өз өмірлері үшін қанша талпынса да, олардың да алдынан басқа донорлар жүріп өткен жол ғана күтіп тұрған болатын. Томми төртінші реткі операциядан кейін, яғни өз ағзасын науқастарға төртінші рет бергеннен кейін, өз өмірін аяқтайды. Шамалы күндерден соң бұл құрық Кэтидің мойынына түсері анық еді...
Роман соңында Кэтидің ішкі әлемін жазушы былай суреттейді: «...көзімді жұмдым. Бір сәт өзімнің бала күнімен бергі жоғалтқан нәрсемнің барлығы осында тұрғандай көрініп кетті. Егер сабырмен күтсем, көкжиектен көрінген шағын адамның мүсіні өзіме жақындай түсетін сияқты. Ол Томми болуға тиіс. Сол сәтте маған қолын бұлғап, бірдеңе деп айғай салатындай көрінген. Қиялым дәл осы тұстан үзілді. Өйткені оны жалғастыруға құлықсыз едім. Көзімнен аққан жас бетімді жуды. Бірақ өксіп жылағаным жоқ. Өзімді сабырлы ұстауға тырыстым. Жай ғана тағы да біраз тұрдым да, баруға тиісті жерге жету үшін машинама отырдым».
Роман ұзақ дайындалып, баяу жарылатын, ал жарылысы айналасын күл-парша етіп кететін қуатты бомбаға ұқсайды. Бастан-ақыр романның аяғын ауыр алған ырғағына ілесіп, қойныңдағы жарылғыштың білтесін тұтатумен әлек болғаныңды кешірек сезінесің. Бұл біз ойлағандай клон-адам туралы немесе махаббат туралы хикая емес, адамзаттың мәңгілік мәселесі ұрпақ тақырыбын ту етіп көтерген шығарма екенін түсінген абзал. Кадзуоның жас шағында ән айтқанын, музыкалық білімінің биік екенін ескерсек, америкалық әнші Джуди Бриджуатердың әнін артқы фон етіп алуы тегін емес.
Кадзуо Исигуро бір сқхбатында біздің балалық шағымызда түйсінген дүниенің бәрі осы әлемді тану үшін екендігін ұсынғым келді дейді. Біз бала кезімізде айналамыздан алған шағын ақпаратпен дүние танымымызды жетілдіре бастаймыз. Ал дүниенің шынайы мәні туралы шындығында нақты ештеңе білмейміз. Біз өскен сайын әлемнің ақиқаты, қалтарыстары біз үшін аздап ашыла бастайды, біз сол кезде ойламағн дүниелерге тап келеміз, бұл бәріміздің басымыздан өтетін жағыдай деп түйіндейді.
Кадзуоның дүние танымы бойынша, адам баласы қандай азапты кешірсе де, қандай трагедиялық ахуалды бастан өткерсе де, еркіндіктері мен бостандықтары шектемеге ұшыраса да, тағдырдың дегеніне мойынұсынатұра, олар өмірдің қараңғы қапасынан үміттің саңлауын іздеумен болады деген байлам шығарады.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.