Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

02.02.2016 59530

“Аласапыран”

Автор: Мұхтар Мағауин
Түсінік: Рымғали Нұрғалиұлы


Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 1940 жылы 2 ақпанда бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданында туған. 1962 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, 1965 жылы осы университеттегі қазақ әдебиеті кафедрасы бойынша аспирантураны бітірген. М.Мағауин – ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ поэзиясын алғаш кең көлемде арнайы зерттеп, ғылыми айналымға енгізген білімді оқымысты, филология ғылымдарының кандидаты. Әр жылдары “Қазақ әдебиеті” газетінде бөлім меңгерушісі, “Жазушы” баспасында бас редактордың орынбасары, бас редактор, бұрынғы Қазақ КСР Ғылым академиясы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтында доцент қызметтерін атқарды. Қазір – республикалық әдеби, әлеуметтік “Жұлдыз” журналының бас редакторы. М.Мағауин – Қазақстан республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, халық жазушысы.


“Аласапыран” роман-дилогиясы 1980-1982 жылдары жарияланды. Шығарма архитектоникасы бір адам, нақты тарихи тұлға бас қаһарман Ораз-Мұхамед сұлтанның өмір жолы, бастан кешкен сергелдеңді тағдырына негізделген. Алайда Ораз-Мұхамед куә болған, қатысқан, ұғынған дүние шындығынан ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы орыс, қазақ қоғамында орын алған қым-қуыт өзгерістер, күрт бұрылыстар сырын кең де айқын топшылау қиын емес.


Роман-дилогияның орталық тұлғасына Дәшті-Қыпшақтың падишаһы Тәуеккел ханның қалғаны (орнын басушы адам), Ұзын оқты Ондан сұлтанның баласы Ораз-Мұхамедтің алынуы орынды. Ораз-Мұхамед қазақ өлкесі мен Ресей жерін жалғастырушы буын, рухани, дипломатиялық жақындықтың жанды көрінісі. Бар саналы ғұмырын Россия патшалығында өткізгендіктен ол туралы ғылыми еңбектердегі нақты мәліметтер де сенімді.

Автор екі халық арасындағы тарихи достық, серттестік күйлерін жалған сүйіспеншілік, көлгір сый-сияпат, алдамшы күлкі арқылы аңғарылатын қалың ресми қатынастар немесе әй-шәйсіз ауыз жаласа кету сияқты кісі иланғысыз жағдайлар ауқымында шешіп, оңай “олжа” табуға тырыспайды. Көршілес жұрттар, бір халық, бір ру, бір ата тұрған, жекелеген адамдар арасындағы бірлік, ынтымақ жолдарының шынайы күрделілігі бұл тәрізді аса маңызды саяси-әлеуметтік мәселеге байланысты нағыз диалектикалық, барынша шыншыл суреткер көзқарасын талап етеді.

М.Мағауиннің ішкі дүниесіне бар назарын сала тұрып, сыртқы орта, әлем қайшылықтарына ең алдымен көңіл бөледі, ал Ораз-Мұхамед сезіміндегі, ой орманындағы тылсым пернелер шектеулі мөлшердегі интроспекция тәсілімен ашылады. Қаламгер атақты Г.Флобер, О.Бальзак, Ф. Достоевский үлгісіндегі аналитикалық психологизм дәстүрі емес, өзі аса жоғары бағалайтыны анық байқалатын Г.Мопассан, А.Чехов, Э.Хемингуэй тәріздес дара сипатты классиктерге ортақ қасиет – ықшам суреттеме, бір тұсқа көп айналсоқтай бермейтін жүрдек сезгірлік, түйіп айтар өткір түйсік айшықтарына бейім динамикалық, яки синтетикалық психологизм принциптерін ұтымды санаған. Бұл аз сөйлеп, көп ұқтыратын, әр алуан қалтарыс-қатпарларды бірдей ақтарып салмай, жұмбақтың шешімін көрер көз, естір құлаққа қалдыратын суреттеу амалдарын молырақ пайдалануға тиіс стильдік аңсар. Мәселен, “Аласапыранның” бірінші кітабында жан-дүние тартысын түбірлей бедерлеу екіншісімен салыстырғанда аз. Тұтас алғанда ол кейінгі Ораз-Мұхамедтің дүниетанымы, көңіл әуеніндегі қарама-қарсы мезеттерді дайындаушы алғышартың, кең тынысты эпикалық прологтың ролін атқарған.

Дәшті-Қыпшақтың 1588 жылы Созақ қаласында өткен Құрылтайынан басталатын бұл алғашқы үш бөлімде (“Қазақ даласы”, “Ібір-Сібір жұрты”, “Орыс елі”) негізінен сахара жұртындағы ұлттық дәстүр, тіршілік-ғұрып дағдылары, ел билеу рәсімі, аңшылық, саятшылық өнері, жауынгерлік ереже-салт, соғыс көріністері іспетті тұрмыстық-этнографиялық детальдар тарихи-көркем деректілікпен суреттеледі. Қалға сайлау, уәзір, би, бектерді тағайындау салтанатын, қыр өміріндегі ерекше дипломатия, айтыс, буынсыз тіл, ұшқыр сезім, ұтқыр ой сайысына айғақ құбылыстардың тамырын тап баса өрнектеу бар. Тәуекелдің хандық өлшемдегі әділеттігі мен парасаты, Томан, Сүтемген билердің жорамалға жүйрік сұңғыла жүрек, дәлескер ділмәрлігі, Қадырғали бектің салқын ақылы, Абалақ сұлтанның өршіл, тентек мінезі, кесек қылығы, тақтан үміткер бауырлардың мансап буына құныға тұрып, халық үні, хан үкімінен аса алмай, кішірейер әдеті сол кезеңде одақтасып, Бұхарадағы Абдолла ханның бүлікшіл ордасына қарсы бірге аттанбақ ниеттегі қазақ-қалмақ қауымының мәртебесі биік, мерейі үстем шағынан елес тастайды.

Жау іздеп, өлкемен қабынғандықтан емес, өз ұлысының дербестігін сақтау жолындағы аттаныс, баяғы ата-баба жерін қайтару, есе алу, кек қайыру арқылы еркіндікке, жомарттыққа, дәулет-баққа жету мұраты жас Ораз-Мұхамедтің де көңілін тербеген. Ол Ораз-Мұхамед ойлап тапқан заң емес, қадым замандар қағидасы, тіршілік дәстүрі, қоғамдық қажеттілік. Ол қанаудағы қараңғы халық өкілі, сол төменшік жұрттың жоқтаушысы немесе ұлт-азаттық шаруалар көтерілісінің басшысы болған жоқ. ХҮІ-ХҮІІ ғасырлардағы қазақ хандығында жеке бір мемлекет құру, жаңа этникалық, әскери-азаматтық бірлікті күшейтуден артық мүдде болмағаны хақ. Қалың еңбекқор, жауынгер халық тағдырдан ерекше жомарт талай күткен жоқ, кейінгі лықсыған бай-шоралар емес, қалыптасқан наным бойынша өзгеше туысы, генеалогиялық рәсімі соған сай ержүрек, ақылгөй жаратылысы арқылы өктем орынға иеленген қолбасшы, әкім, бек атаулыға ашық наразылық білдіре қоймаған. Осындай заманда Ораз-Мұхамед сияқты табиғи тәкаппарлығына батырлығы, зерек ұғымына әділдігі, турашыл, сенгіш, адал мінезі жарасқан сұлтанның қарапайым бұқара үшін де белгілі дәрежеде мұрат тұтып, жұмаққа жеткізер деп сенетін, жақсылыққа үміт артар жолбасшы кейпінде тарих сахнасына шығуы заңды еді. Тосын қайырым, дархан, батыл көңілімен жарқ етіп көрінген жас қалғаның кенет ғайып болуы қандай өкініш, арман болса, жат елде билікке қолы жетіп, жеңісті ұрыстарда өркениеттеніп, жарым патшалық құруы – соншалықты таңғаларлық ғажайып оқиға, аңызға бергісіз шындық. Ораз-Мұхамед Ресей жеріне өзі ғана кеткен жоқ, бүкіл ел аманатын, дос пейілін, бейбіт ықыласын ала кеткендей. Қазақ санасында Ораз-Мұхамед жайлы әр қилы жағымды естелік қиялдай әдемі, қиссадай мұңды сырдың ұзақ сақталуы да жоғарыдағыдай құбылыстың ұлттық шеңберден асып, жалпыхалықтық деңгейге ұласуына айғақ мән-мазмұнынан танылса керек. Сондықтан жазушы Ораз-Мұхамед бейнесін ұлттық қаһарман, орыс-қазақ халықтарының достық символы, екі ел көлеміндегі дипломатиялық алыс-берістің тұңғыш қарлығашы ретінде сомдауды көздеген. Алайда қаншалықты ізгі мақсат, ақыл, парасатына жеткен мансап, жеке тіршілікте көрген қуаныш, шаттығына қарамастан, ол – трагедиялық тұлға. Оның трагедиясы туған жерден алыстағы әйтпесе тіпті алмағайып кезеңдегі түңілу шақтарында ойға жиі келетін отансыздық туралы біршама рас, біршама жалған сенімі, күдіктену, күйреу сәттері. Бұған да кейіпкер кінәлі емес, аласапыран уақыт, қатігез замананың аумалы-төкпелі ахуалы.

Әрине, Ораз-Мұхамедтің өзі хандық құрған Хан-Кермен жұртын, тұтас Ресейді Отаны, туған ошағы санайтын мезеттері қаламгер тарапынан тапқыр психологиялық тарихтар нәтижесінде көрсетілген. Батырдың өлімі тұтқиылдан, жүзіқара жендеттен келуі де аянышты. Бір емес, екі рет ел-жұртынан, жар-жолдас, туыс-бауыр, бала-базардан айырылумен де ол адам ретінде өксікті, өкінішті шындыққа кепіл. Бірақ М.Мағауин тұғырнамасында Ораз-Мұхамед трагедиясы бүтін бір қазақ халқының қасіреті емес, орыс патшалығындағы аласапыран дүрбелеңнің салдары, Ресей зарымен сабақтас жағдай орайында суреттеледі. Шығарма оғзасынан айқын байқалатын ішкі драмалық кернеу, психологизм бастауы – Ораз-Мұхамедтің өткен күндеріне, қызықты, алаңсыз, сәнді, мағыналы тіршілігіне деген сағынышы. Барлық пен байлық, атақ, лауазымнан пенде емес Қасимов ханы, іргелі қолбасы, ақсүйек дворен атанған, әйтсе де қамаудағы орыс, күдікті саналатын кейінгі өміріне, бұлғақты жылдар талқысына наразылығы шынайы рухани атмосфера драматизмін кестелемек.

Өзі Тобыл воеводасы Данило Чулковтың айла-шарғысына оңай түсіп, орыс еліне еріксіз бодан болған, соңынан Россия патшасы Федор мен ақта?? Бояр Борис Годуновтың мол қамқорлығын көрген шағынан бастап Ораз-Мұхамед туған қазақ халқын достық пен одақтастық жағдайға қарай бейімдеуге күш салады. Оған кепіл – Тәуекел ханның атынан ресми түрде елшілікке келетін Құл-Мұхаммед бидің әрекеттері.

Келіссөз біршама нақты нәтижеге жетеді. Дәшті-Қыпшақ өлкесі Россия мемлекетімен анттас анда болуға уәделеседі.

Хан-Кермен (Қасимов хандығы) мен Ораз-Мұхамед тағдыры бірінші, екінші жалған. Дмитрийлердің, алаяқ князь Василий Шуйскийдің таққа таласқан күндерінде сансыз сергелдеңге түседі. Ораз-Мұхамед белгілі бір уақытта халық көтерілісіне ұйытқы болған Болатниковпен тізе қосып, Шуйский әскеріне қарсы соғысқа да барады. Әрине, Болатников пен Ораз-Мұхамедтің көзқарасы толық үйлесімге келуі қиын.

Ораз-Мұхамедтің өз басы сансыз дағдарысқа ұшырап, адалдығы опасыздыққа, құлығы зиянға, жігері құмға айналатындай дәркүмән күйде жүріп, Айданақ атты кішкене қызынан өзге жақын-туыстан, екінші отаны – Хан-Керменнен айрылған, тағы да рухани жетімдік жағдайға түскен кезінде балалық дәурені өткен ата-баба даласын аңсауы сенімді. Рахатынан азабы көп, соқтықпалы-соқпақсыз 39 жыл ғұмыр кешкен Ораз-Мұхамед Екінші жалған Дмитрий-Кәззаптың жендеттерінен қапыда қаза табады. Айнымас досы, мәрт мінезді князь Петр Урусов кегін қайырса да, соңындағы елі үшін қамырық жеген азамат арманы көкейде кеткендей.

Кездейсоқтық дауылына ұшыраған Россияның басы дауда қалған. Ораз-Мұхамед те аласапыран дауыл ұшырған тағдыр жаңқаларының бірі.

Романда ерлігі ересен жанкешті Қабан, Манақ батырлар, парасаты кең Қадырғали бек, өркеуде, өзімшіл, кекшіл, намысқой Есеней, адал сарбаз, қадірлі би Нұрұзақ, артын бағар айлакер Төбей мен Шәм сияқты қаһармандардың дара сипаттары бас кейіпкермен қақтығыс не келісім үстінде соның айқын бағасын ашық топшыламай, қиялай пайымдау сарынын бейнелейді.

Орыс қалаларының архитектуралық пішіні, жасақтар, ақсүйектердің киім, сәні, салт-жаралғысы, жауынгерлік эпизодтар соншалық нақты тарихи этнографиялық штрихтармен айшықталған.

Ораз-Мұхамед образындағы осы заманалық мән-маңыз, тартымдылық қасиет кейіпкердің тұтас халық өкілі, отан ұлы, рухани бостандық іздеуші қайраткер санатына өсуінде жатса керек.

Көп оқылғандар