Сәрсекеев Қоғабай 1939 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданы бұрынғы Крупская атындағы кеңшарда дүниеге келген. Жазушы, драматург.
1963 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақтың мемлекеттік университетін тәмамдаған соң “Ұлан”, “Егемен Қазақстан” газеттерінде, кейін “Қазақ әдебиеті” газетінде (бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы) қызмет етті.
1983-86 жылдары “Кітап жаршысы” газетінің редакторы, ал 1986-90 жылдары “Жалын” баспасында бас редактор болды.
1967 жылы “Кілт”, 1974 жылы “Қараша қаздар” деген атпен повестер мен әңгімелер жинағы жарық көрді. 1979 жылы “Шырғалаң”, 1983 жылы “Тығырық” деген екі романы оқырман қолына тиді.
Қаламгердің “Қол мерген”, “Кестелі орамал”, “Ыбырай Алтынсарин”, “Мұңлық-Зарлық”, “Фатима”, т.б. пьесалары республика театрлары сахнасында қойылған.
Заманақыр (1-кітап) – тарихи роман.
Жазушының халық батыры, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың қаһарманы Амангелді Иманов өмірі мен күрес жолы жайлы жазылған “Қызыл жалау” деген көп томдық тарихи романның алғашқы кітабы 1979 жылы “Шырғалаң” деген атпен жарық көрген. Ал екінші кітабы 1983 жылы “Тығырық” деген атпен оқырман қолына тиді.
Тарихи роман академик-жазушы Ғабит Мүсіреповтің алғы сөзімен қоса жарияланды.
Автор кейінгі жылдары көпшілік оқырманның сұранысы мен пікірлеріне орай романды қайта өңдеп “Заманақыр” деген атпен жариялаған. Романға 1880-1905 жылдар аралығында Торғай даласында болған тарихи оқиғалар өзек болған.
Роман “Жазушы” баспасынан 1990 жылы жарық көрді.
“Ызғырық”, “Қақтығыс”, “Шер”, “Кек” деп аталатын төрт бөлімнен тұратын бұл романның басты қаһарманы – халық батыры, ұлт азаттығы үшін болған күрестің басшысы Амангелді Иманов.
Қазақ даласы патша отарлауының құл-құрбанын болған айналған халықтың мекеніне айналған. Ел ішін жайлаған бақастық, әлділердің жасаған әділетсіз әрекеті бұқара халықтың титығына тиген. Бала Амангелді осындай ортада өсіп, жетіледі.
Жұттан тұралап шыққан Бегімбет руының жүдеу ауылы Торғай бойындағы Үрпекті бетке алып көшеді. Қараторғай болысы Баймұраттың шабарманы Құсбектің “Үрпекте биыл тек қана Шыли тұқымы қыстайды” деген болыс жарлығымен келіп, Үдербай көшін тоқтатпақ болады. Құсбек өңкей жандайшап, сойыл соғар нөкерлерімен өзіне қарсылық көрсеткен Үдербай бастаған топты соққыға жығып, шулатып кетуінен үлкен лаң басталады. Бала Амангелдінің жүрегінен орын алған осы оқиға, әкесі – Үдербайдың өлімі, көрген озбырлықтары кекті жолға түсуіне себепкер болады.
Болыс жарлығын орындаушылардың бірі болған атақты қарақшы, сойыл соғар Қасқыртаңдай Үдербайдың өлімінен соң, жазықсыз елдің жапа шеккенін ұғып, өзінің өрескел ісіне өкініп, Бегімбет руынан, Үдербай жақындарынан кешірім сұрай келеді. Сол кезден-ақ оның бойында Баймұрат, Наурызбайларға деген кек, өшпенділік оянады. Бірақ бар кінәні Қасқыртаңдайға жауып, Үдербай өліміне себепкер ретінде ұстап бермекші болған болыс жуандары оны қолға түсіре алмағандықтан, жеңгесі жесір Бәтжанды “қайын інісін жасырды” деп жала жауып, абақтыға қаматады. Басын қорғап, ел кезген Қасқыртаңдай жеңгесінің абақтыға қамалғанынан хабарсыз еді. Озбырлық пен қараңғы қапастың азапты сәттерін басынан кешірген Бәтжан қашып шығамын деп ойыққа түсіп опат болады. Ақырында Қасқыртаңдай жеңгесінің кегін аламын деп, жүріп өзі де абақтыға түсіп тынады. Уезд начальнигі Романенко Бегімбет руынан Шотай мен Жұмашты болыстың жазған арызы бойынша абақтыға қаматады. Ағайындары Шотай мен Жұмаштың ісін анықтау мақсатымен бала Амангелді Өзен атасына еріп, Торғайға сапар шегеді. Осы сапар барысында ол қоғамды жайлаған әділетсіздікті көзімен көреді. Сөздеріне құлақ аспақ түгілі адам құрлы көрмей шығарып салған губернатор, ояз алдын торуылдаған, күнін есік күтумен өткізген шарасыз қараңғы халық, мұң-мұқтажын айтар жан таппай сабылған момын жандар – бәрі-бәрі бала Амангелдінің өзегін өртейді, ашындырады. Әділдік іздеген Амангелділер соңғы үмітке сүйеніп адвокат Омарға ат басын тірейді. Бірақ өз пайдасы үшін ғана қызмет ететін Омардан да қайран болмай, қажыған жолаушылар ауылға қайтады.
Шығармадан қара халықты қолындағы қамырандай илеген ояздар ісін, оларға жағымпазданып, небір қилы қулық-сұмдықтарға барған болыс бейнелерін кездестіреміз. Жазықсыз жапа шеккен қараңғы халықтың тұрмыс-тіршілігі, наласы, дәрменсіздігі, міне, осының барлығы бала Амангелдіні ширатады, ерте есеюіне себепкер болады.
Романда сол сияқты Ыбырай Алтынсариннің “жаңа оқуды” үйретер мектеп ашу жолындағы көрген қиыншылықтары, “шоқынған” деп шошынған қажы – молдалар мен олардың қара халыққа таратқан қаңқу сөздері, зымияндық түрлі істері де сөз болады. Ыбырай Алтынсариннің үстінен түскен осындай бір арызды тексеруге келген комиссия мүшелері Н.И.Ильминский, Юзефович, Владимир Никифорович Плотников еді. Патша ұлықтарының тапсырысы бойынша комиссия “Орынбор листогында” жарық көрген Алтынсариннің қол қойған мақаласы негізінде іс жүргізеді. Мақалада халық басына түскен ауыртпалық, қазақ жеріне орыс селендерін әкеліп орнатпақ болған Воронецкий жасаған жобаға ашықтан ашық пікір айтылған. Комиссия мүшелері Ы.Алтынсариннің патша үкіметінің қазақ даласын отарлау, жергілікті халықтың шұрайлы жерлерін мемлекет меншігіне тартып алу жөніндегі заңына қарсы шығу себебін анықтау мақсатымен келген. Сол сияқты шығармада бала Амангелдінің білімге, оқуға ынтызарлығы баяндалады. Медреседегі молда оқуына қанағаттанбауы, Орынбор сияқты шаһарда білім алатын ауылдасы Базаркүл сияқты жаңа оқу оқып, Ыбырай сияқты ұстаздың шәкірті болуды қиялдауы оның өзі құралыптас балалардан өзгешелігін аңғартады.
Оның оқуға деген құмарлығын арттырып, екі жылдық бастауыштық білім берген-ауылдасы Базарқұл. Амангелдінің зеректігіне сүйсінген Базарқұл жанына ерте жүріп, оған көрген-білгендерін, оқығандарын баяндайды, ауыз әдебиетінің небір асыл үлгілерін бойына сіңіре береді. Ұстазы Ыбырай туралы, жаңа оқу жайы туралы сөз етеді. Міне, осы Базарқұлдың тікелей жәрдемімен Амангелдінің бойында білімге деген құштарлық өршіп, ұлғая береді, ол кейін аңсаған арман, алдағы мақсатқа айналады. Еңбекақысын төлеместен, малай етіп мал соңына салып қойған Рахметтен тезірек құтылу мақсатында Амангелді оқу, еңбек жолына белін бекем буады.
1905 жылдың шілде айында Амангелдінің тәу жолына шығуымен шығарма аяқталады.