Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

18.11.2015 3559

“Комендант”

Автор: Қалмұқан Исабаев
Түсінік: Рымғали Нұрғалиұлы

Жазушы Қалмұқан Исабайдың “Комендант” атты кітабы жанрлық сипаты жағынан шытырман оқиғалы роман түріне жатады. Бір қызығы, осы шырғалаң оқиғалы романның өзі талай шырғалаңға түсті...

Кітап алғаш рет “Бетпе-бет” деген атпен, 9000 дана таралыммен 1963 жылдың аяғында шықты. Арада бір ай өтер өтпесте баспа директорына шақырылып, роман тақырыбының социалистік қоғам талабына сай еместігі себепті қатты айыпталды. Сөйтіп, “Орган қызметін дұрыс бейнелемегені үшін сауда жүйесінен алынып, тиражы жойылсын және қайтып шығарылмасын” деген актіге қол қоюға мәжбүр болады.

Атап айтқанымыз жөн, Қалмұқан Исабайдың “Комендант” атты романы кешегі Отан соғысы және одан кейінгі бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру кезеңдерінің үлкен бір шындығын суреттейді. Шындығы дегенде, жазушы біреу-міреулердің естігендерін, әлдебір құжаттарды жиып-тергенін не қиялмен ойлап тапқанын емес, өзі қазанында қайнап, жүрегінен өткізгенін, көзі көріп, қолымен ұстағанын жазды. Роман оқиғасы екінші дүние жүзілік соғыс кезіндегі Алманияда өтсе, бұл қаламгер онда жастық дәуренін өткізді. Роман қаһарманы Шмальштадт қаласының коменданты болса, роман авторы Ильменау қаласының коменданты болды. Не қиямет қиындықтарды бастан өткерді. Соның бәрі қордалана келе Төлеген деген роман кейіпкерінің бейнесінде жинақталды. Төлеген тұлғасында сонымен бірге концлагерь тамұғынан азат етілген қайсыбір қазақ жауынгерлерінің тағдырынан да қалған белгі бар.

Төлеген соғыстан бұрын суретші өнерін қуды. Арнайы училищеде оқып жүрген жерінен майданға аттанды. Жазушының осы бір көзі ашық, көкірегі ояу кейіпкерге тоқталуының, бас қаһарман дәрежесіне көтеруінің мәні бар. Төлегеннің романдағы әрекет ортасы – шет ел, жат жұрт. Сюжет желісінің бағдары айқындала, анықтала бастағанда Төлеген иығына түсетін жүк салмағы оңай болмады. Концлагерьде неміс, орыс, латыш, т.б. ұлттар өкілдерінен құрылған жасырын ұйымның белсенді мүшесі ретінде бір көрінсе, өркениетті ел қаласында комендант қызметін ойдағыдай атқарып және өзгелерден озығыңқы тұруы тиіс. Және осының бәрі иланымды, нанымды, шындыққа сәйкес суреттелуі керек. Роман бағдарламасының сәтті орындалғаны сондай, Төлеген бұрын көрмеген, білмеген Еуропада өзінің ел жайлауында жүргендей емін-еркін сезінеді. Кей реттерде ол Батыстың жеке зиялыларынан уақыт талабын тереңірек түсінуі жағынан басым түсетінін де аңғартады. Роман өрнегіне осы жайлар табиғи өрілген. Қаһарман Төлеген “Бәрекелді! Тусаң ту!” дегізіп, оқушысын сүйсіндіріп отырады.

Романда жиі ұшырасатын және оның салмағын арттырып тұрған қаһармандардың бірі – профессор Клаус. Жаңа соғыс қаруын ойлап табуда алғырлығымен көзге түскен үздік ғалым. Шытырман оқиғалы романның қым-қиғаш оқиғаларының бір ұшығы осы оқымыстының төңірегінде жүргізілетін шет ел барлау орындарының тіміске әрекеттеріне тіреледі. Көрнекті неміс ғалымын өз жағына шығарып алу жолында Шмальштадт қаласының коменданты майор Төлеген Ақылов та бірқатар қам-харакет жасайды.

Соғыстан кейінгі Алманияның жағдайы белгілі. Кәсіпорындар жұмыс істеуден қалғалы қашан. Комендант болып бар билікті қолға алған екенсің, халықтың ендігі жағдайына сен жауаптысың. Осының бәрін түсінген Төлеген ішкі, сыртқы жаулардың құйтырқы әрекеттеріне тойтарыс бере жүре, халық шаруашылығын қалпына келтіру ісіне жанын салады. Қолға алған шаруаңның оңға басуы немістердің өздеріне тікелей байланысты. Халықты жұмылдырмайынша, көздеген мақсатқа жете алмайсың. Соған қалай жетуге керек? Осы мәселеде Төлеген профессордан кеңес сұрайды, қала жұртымен сөйлесіп беруді өтінеді. Екеуара мынадай диалог жүреді.

- “Менен көмек сұрағыңыз келе ме?

- Әрине.

- Сіз маған бұйыра да аласыз ғой?

- Неміс халқы “біреудің үйіне ақыл айта барма” дейді ғой, - деді Төлеген, - елді қалпына келтіру үшін неміс халқымен тізе қосысып жұмыс істеуіміз керек. Егер халықтың өкілі болып саналатын сіздей адамдарға бұйыра сөйлесек, арамызға суық леп кіріп, жақындаса алмауымыз мүмкін ғой”.

Қазақ әдебиетінде орыс ұлты өкілдерінің бейнесі көңілдегідей шықпайтыны жайында сыни мақалаларда жиі айтылады. Осы олқылықты жоюдың жолдары қайсы? Тіпті аса ірі жазушыларымыз да бұл сұраққа тиісті жауап таба алмай, сүрініп қалып жатады. Меніңше, байқаған кісіге Қалекең қоймаларында бірсыпыра назар аударарлық тәжірибе жинақталып қалған сияқты. “Комендант” романында, мәселен, орыс офицері Деденовтың характері сәтті сомдалған. Бұл – күрделі тұлға. Асыл қасиеттері де, абырой әпермейтін кемшіліктері де бір басына жетерлік. Міне, осы қайшылықтарымен-ақ капитан Деденов роман жүйесіне әдемі кірігіп, шығармаға тосын әр беріп тұр. Мейлінше адал, жүрегі жомарт Деденов бір жағы қызба, кей-кейде бұрқаған сезім жетегінде кетіп, теріс іс істеп қояды. Майор Төлеген Ақылов өзінің орынбасары, қай уақыт бас бермей кететін Деденовты ақылмен жолға салып отырады. Коменданттың бұйрығына қарамастан, Деденов солдаттарына немістерді жұмысқа күш қолданып шығара бастайды.

- Мұныңыз не? Халыққа неге күш жұмсайсыз? – деді Төлеген қатқын үнмен.

- Смоленскіде олар оқ жұмсаған... – деген кезде Деденовтің көзі үлкейе түсті.

Төлеген Деденов көзінен кек ұшқынын көргендей болды. Әлде осы әсер етті ме, келесі сөзі ол майда үнмен айтқан еді.

- Смоленскіге фашистер барған, ал Шмальштадқа кім келіп отыр?!

Деденов үндей алмай қалды. Аузына сөз түспей, көзін басқа жаққа аударып әкете берді”.

Роман кейіпкерлері Деденов пен Төлеген осылай бірінің характерін бірі ашып отырады. Әсіресе Төлегеннің істегі байсалдылығы, сабырлылығы, орынбасарының жөнсіздіктерін жоғары жаққа шағынбай және бастығыңмын деп қоқаңдамай түзетуге тырысатындығы қазақ жігітінің бейнесін шуақтандыра , қомақтантыра түседі.

Шырғалаң оқиғалы роман жанры – қазақ әдебиетінде әзірге сирек кездесетін түр. “Комендант” романының ерекшелігі – шығарма тартысының айырықша сипатында, халықаралық деңгейге көтерілетіндігінде. Мұнда “Интелледженс сервис”, ФБР, бұрынғы Гестапо агенттері қайшыласады. Кейде бір-бірінің алқымынан алса, кей жағдайда Төлеген Ақылов басқарған неміс қаласының бей-берекетін кетіруге әрекеттенеді. Яки Қ.Исабай романының материалының өзі жазушы қаламын шытырман шығарма жанры арнасына түсірген бе дерсің. Майор Төлеген Ақылов түрлі-түсті шпион, жансыздардың қилы-қилы айла-әрекеттерін әшкерелеймін деп жүріп, Шерлок Холмс кәсібімен айналысуға мәжбүр. Болмашы деталь, жай көз елей бермейтін уақ-түйек белгілер арқылы айлалы жаудың нелер жымысқы қылмыстарын ашып, көзінің жітілігімен, қырағы, тапқыш зерделігімен оқушысын қайран қалдырып, шығарма сюжетінің желісіне “байлап”, “көгендеп” қояды.

Сталиндік террор кездерінде көп-көп лауазым иелері небір адал азаматтардың қанын мойындарына жүктеді, жоғарыдан түскен әмірді мүлтіксіз орындаймыз деп әділ қазылықты белінен басып, кешіргісіз күнәға батты. Жасап отырғандары көрінеу қиянат, обал екендігін біле тұра, солай істеді, заңсыздыққа қарсы тұруға бойларынан, ет жүректен жігер таба алмады. Дәл осы типтес бір кейіпкерді біз Қалмұқан Исабай романынан да кезіктіреміз. Ол - Әмір деген қазақ жігіті, КГБ шенеунігі. Бұл бейшара шет елде қызмет етіп жүрген отандастарының арасынан қалайда жау іздеп табу үшін әуре-сарсаңға түседі. Мансап құрты да жыбыр қағып тиыш жүргізбейді. Шпион тапсаң – жұлдызың көбейеді иығыңда, деп мазалайды. Сондықтан Әмір өзінің суқи әдістерін қолданып, Төлегеннің оның айналасындағылардың соңына түседі. Төлегеннің басқа ізін аңдиды, оның әйелін салпаңқұлақ етуге жанталасады.

Құрметті оқушы!

Сіз дұрыс аңғарып отырсыз. Қалмұқан Исабай романының тауқымет шегуі дәл осы Әмір Байтасовқа байланысты. Күллі әрекеттері тіпті кеңес заңдарының өзіне томпақ келетіндігін біле тұра, Алмания жеріндегі кеңес комендатурасына істеген КГБ қызметкерінің ойына келгенін істей беретінін романда жан-жақты және ашық жазылған. Автор кезінде “тұтас КГБ-ні қаралағаным жоқ, бір адамды ғана әшкерелеуге тырыстым” деп ақталғысы келгенімен, сол кездегі Көркем әдебиет баспасы бас редакторының “бір адам бейнесінде КГБ жүйесін әшкерелеп көрсеттің” дегені шындыққа әлдеқайда жанасымды.

Бұдан қырық жыл бұрын баспадан шығып жалп етіп сөнген “Ажал құрсауында” (1961), “Бетпе-бет” (1963) романдарының шырағы қайта жанып, мына жаңа заманда “Комендант” (1998) деген атпен дилогия құраса – бұл фактінің әдебиетіміздің тарихы үшін үлкен маңызы бар. Мұның өзі, біріншіден, қазақ әдебиетіне абырой. Бұдан қырық жыл бұрын тоталитаризмнің оң көзіне тап беріп, еркіндік ауа үшін айқасқа түсу – бүгіндер ғана айтуға жеңіл. Екіншіден, Қалмұқан Исабайдың бұл романы суреттеп отырған заманының шындығын, арылмас қайшылықтарын бетке басып көрсету арқылы жаңа уақы зәруліктеріне қызмет етед диірменіне су құяды.

Қалмұқан Исабай – сақа жазушыларымыздың бірі. Биыл жетпістің бесеуін қайырып тастаған осы бір жағы суалыңқы, шүңірек көзділеу, жұқалтаң кісі әу дегенде қораштау көрінеді. Ал сөйлеп бергенде – шот майдайы жарқырап, мұрынды беті айбын беріп, көз алдыңда көрінеу зорайып бара жатады. Саңқылдаған аумақты даусы екі-үш мыңдық аудиторияға микрофонсыз еркін жетіп тұрғандай. Және сөзі дәмді, нақтылы, жаңалықтарға суарылады. Обьтың бұдан алты миллион жыл бұрын қазақ жерінен батысқа аққанын, егер Сібір өзендерін Аралға бұрса, табиғатқа зияны тимейтіндігін, бір бөшкеден бір кружка су алудан аспайтынын мен осы кісіден есіттім. Мына романында да сөзі дәмді, екпінді, тұжырымды. Ол – қайбір дөй романдардың он бетінде айтылғанды қарапайым сөйлеммен бір жолға сыйғызатын, әр сөзіне қуат дарыта білетін жазушы. Кейіпкерлерінің портретін жасағанда аузы-мұрнын санап түгендеп отыруға уақыт шығындамайды. Сырт келбетін бергенде де кейіпкер мінезін ашуды көздейді. “Әмір келіншек тұлғасынан көз айырмай шығарып салды. Есік жабылғаннан кейін де оның көз алдында мөлдіреген қара көз, қайқы кірпік, мәйегі аузынан шыққандай қып-қызыл еріні, түп-түзу семіз балтыры қалған еді. Солай тұрған бетінде Әмір жұтынып қалды”.

Бұл тәсіл екі қоянды бірден атып жығуға мүмкіндік береді. Әрі кейіпкер кескінін елестетеді, әрі келіншекке сұқтанған кісінің кейпі белгілі болып қалады.

“Комендант” романын ізденімпаз жазушының айтарлықтай табысы деуіміз керек. Біз Еуропа сахнасында қайрат көрсетіп жүрген қазақ жігітіне бір қол соқсақ, соның бейнесін қалауын тауып сомдай білген Қалекеңе екі қол соғамыз. Қазақ өзін ешқандай ұлттан жоғары тұрмын деп есептемейді, бірақ ешкімнен кеммін, төменмін деп те санамайды. Шытырман оқиғалы роман үшін бұл үлкен қорытынды екенін мойындауымыз қажет. Ұлы Вольтерден қалған бір сөз бар: “Зеріктірмейтіннен өзге жанрдың бәрі жақсы” деген (“Все жанры хороши, кроме скучного”). Қазақ әдебиеті үшін сирек жанр есепті шытырман оқиғалы роман жазып, шығармагерлік жолында тағы да бір белеске көтерілген Қалмұқан Исабайдың “Комендант” романы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған шығармалардың аламан бәйгесіне түсіп отыр. Соған “Иә, сәт” дейміз.

Көп оқылғандар