Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Арнайы жобалар
Аударма
Маржан Ершу: "Күй-Құдырет"

02.03.2016 3501

Маржан Ершу: "Күй-Құдырет"

Негізгі тіл: Күй-құдырет

Бастапқы авторы: Маржан Ершу

Аударма авторы: Гүлнұр Қорқыт

Дата: 02.03.2016


Түрік тіліндегі нұсқасы (Türkçe)      

                                                             

Маржан Ершу

 


«Домбыра шіркін!

Атадан қалған сенің де, менің жиһазым,

Мәңгіліксің-ау, мұратым, сол бір-

биязы, қоңыр, бипаз үн!

…Бабаңның жасы үлкен ғой, жаным,

өзгеге мүлде табынба,

Домбыраның ғана аяғына жығыл,

аяғына жығыл, күйпазым!»

 

Меңдекеш Сатыбалдиев


Құрманғазы.jpg 


Атырау қойнауының тынышын кетірген ақпанның ақырған ақ бораны дала етегін желпілдетіп сақ-сақ күлді. Аспан да ашулан­шақ адамдай қабағы шытынап тұрып алды. Бұраң қағып бораған қар қорадағы мал, үйдегі жанның өкшесін бастырмай тұр. Ат құлағы көрінбейтін ақ боранда қос салт атты батар күнмен жағаласып , жүріп келеді. Күрең ат құлағын қайшылап, баяу алға жылжиды. Боран да бір сәт ішін тартқандай саябырсыған сәтте Қашаған жанындағы серігіне бар дауысымен айқай салып, сөйлеп кетті.


– Құрман аға, мына боран екеумізді қия­­мет­тің түбіне тартып кетер ме екен деп қор­қып келе жатыр ем. Әйтеуір, күн ашылды-ау.


– Әй, Қашаған-ай! Қарағым-ай! Сен екеуміз дауылдан да, жауыннан да бой тасалап көріп пе едік?! Бізге қашан мейірім, шуағын төгіп еді мына өмір? – деп Құрманғазы маңдайын басқан қара сеңсең бөркін бір көтеріп қойды.


– Сөзіңізге құлдық, Құреке, – деген Қаша­­ғанның жанары жасаурап барып, бойын тіктеп алды. Жасымыздан бұл даланың аптабын да, боранын да жатсынбадық, жастанып өстік.Кешкен өмір де – сойқан, күн де – әбігер. Бет бақтырмай маңдайдан соққан мынау ызғар – қырдан да, тасадан да табылатындай мына бізге. Соны ойлап, қамығып, қалжырап келе жатқаным ғой, Құреке! Өзіңізге ерген осы он күнде жол сүреңінен қажыған сәтімде, Сізге қарасам серпіліп қаламын. Қалғымайтын, шаршамайтын, талмайтын қандай биіктік деп тамсанам. «Қайтпаған қалың жаудан Құрманғазы,Тағдырдың бөгелмейді дырауына» дегеніңіз де қандай маңғаздық!


– Әй, орақ тілді ақыным-ай! «Қылыш кетіл­мей ме, жігіт жетілмей ме?» дейтіндей жас­та емессің. Сенің сөз жүйріктігіңе шек кел­тіруге бола ма екен?! Атаны ата деп сыйламай, астамшылық жасаған бір бейпілауыз ақынға ашуланғанда айтқан сөзің есімнен кет­пейді. «Пілдің тірі бәсі де мың ділдә, тері бәсі де мың ділдә» дегенің жүрегіме қонады.


– Құреке! Сіздің өнеріңіздің жанында біздің ақындығымыз жәй әшейін нәрсе ғой.Сіз домбыраны қолға алғанда, қас қағымда нөпір толқын шиыршық атып, күтпеген жерден күн күркіреп, шөл даланың кезерген ерні жібігендей еріп жүре бермей ме?


– Қашаған-ау, тағы да не деп кеттің? «Төбеден тау, титтейден дәу жасама» дегенді ұмытпа. Қас қарайып келеді. Алыстағы анау жарқыраған отты көріп келесің бе? Ауыл болса керек-ті. Аттың басын бұралық, жан жолдасым солай қарай, – деді жалы көтеріліп.


Екі жолаушы суықтан әбден қалжырап, тоңып, әлі құрып келе жатса да, тағдырдың мазағына көнбеске белді бекем буған жан­дар-ды. Ақ боранмен алысқан екеудің бір сәт жан-жүрегі мұңға шалына қалса, мынау тәкаппар табиғаттың тұтқынында жұтылып кетер ме еді?! Соры мен бейнеті бір арылмаған қасқа маңдайды тасқа тигізгендей тойтарар ма еді, кім білсін?! Ұйтқи көтеріліп, жолбарыстай ыңырсыған боранмен алысқан Құрманғазы мен Қашағанның ішкі табиғаты да борандай шамшыл, өзінше бір ширығып, іштей қайнап жатқан бір дүлей-ді…


Бұлар мұржасынан түтін будақтаған қараша үйге келгенде, жүдеу өңді, жұқалтаң келген жас жігіт жерошақтың басында қазан астын ұзын көсеумен қайта-қайта қопарыстырып, біресе қазандағы сорпаның тұзын ағаш қасықпен татып қарап отыр. Екіншісі, шаршағаннан көздері ісініп, қанталап кеткен мұртты, елуді еңсерген малшы енжарлау қалыппен қаптан тезек алып, отқа салады. Қалған екі малшы жігіт отқа жылынғандай боп, қалғып-мүлгіп отыр екен. Қараша үйдің есігі сарт етіп ашылып, үйге бір құшақ суықты көтеріп кіріп келген екеуді көргенде, үйдегі төртеу де орындарынан атып-атып тұрған еді. Келгендердің малдың қожайыны емес, бөтен бір жолаушылар екенін көрген соң ауыздарын жыбырлатты да, сәлемдесуге жарамай орындарына отыра кетіп, алаңсыз өз тіршіліктеріне кіріскен. Біреуі Құрманғазының қанжығасындағы домбыраны байқады да, жанына келді:


– Қонатын жай, ішетін ас сізге бізден та­­­­­­­былмас. Төбе астында – Есқали сұпының ауы­лы қонған. Есқали сұпы елге аты шыққан иман­ды кісі. Домбыраңды байқап тұрмын, бү­гінгі түн Есқали сұпының сыйлы мейманы боларсыздар деп екеуге жол көрсетіп шығарып салды.


Ол келгенде үйде қалған үшеуі: «Бұл не қылғаның?! Есқали сұпының сұмдығын бүркемелегенің не? Жарлы-жақыбайдың діні – шала, ойы – пасық Есқали сұпыдан көрген азабы аз ба еді?! Мына бейшаралардың боранда көрген азабы аздай, енді сұпының төбеттері таласын дейсің бе?» деп жан-жақтан дүрсе қоя берді. Әлгі адам өзінше ширай түскендей болып, бетінің бар қызылы дуылдап шыға келді. Сәлден соң әлденеден есесін қайтаратын адамдай қызына сөйлеп: – Барсын, Есқали сұпыныкіне. Байқасаңдар, бұлар тегін адамдар емес. Есқали сұпының сұсын қашырмаса, маған сәлем бермей-ақ қойыңдар деп өзінше кесіп пішті.


Құрманғазы мен Қашағанның: – Құдайы қонақпыз! – деп дауыстары саңқ еткенде, сұпы түлкі ішігін жамыла түсіп, қабағы жауар бұлттай түнеріп кетті. Есік алдындағы екеуді елең қылмай, жалшы жігітке: Әй, жалшы-құл, шәй ішерде есікті ашпа демедім бе мен саған. Боран азынап, қара суығы тепті-ау басыма. Іргемді айналдырып қымта да, қаптан отқа тезек таста. Сосын қарап отырма , су алып кел, дәрет алармын, жылытып қой, – деп шайпау тілімен шағып өтті де, «Әй, менің тігіп қойған ақ отауым жоқ қаңғырған елге. Босағамнан аттамасын домбырасын арқалаған қайыршылар. Бар, мал қораға барыңдар» – деп жүзін күйші мен ақынға бұрды. Сұпының сұрқиялығы Құрманғазы мен Қашағанның жүрегін тілгілеп өтті. Қашаған жұлып алғандай:


Өлеңім он төрт жастан жолдас едің,

Қызыл тілім сөйлегенде алмас едің.

Бай-сұпы, хан-кәкімнен ығар болсаң,

Сен – өлең, мен – Қашаған болмас едім.

Қарасайшы абайлап жөн-жобаға,

Домбыраны асынған дорбаға да.

Алты қанат ақ боз үйің тұрған кезде,

Неге бізді қуасың мал қораға.

Кісілігің неткен кіші сұпы аға?

Түсінігің – месқарын құты ғана.

Сорлылығыңды сорғалатып бетіңе айтсам,

Басқа шапшып, бүлініп, шытынама – деп салды.


Сұпы асып-сасып, қисайып кеткен сәлде­­сін түзей сала «бір Аллаға берілген адал жан­мын»дегендей, жайнамазын төседі. Қолын жа­йып, Құдайына құлшылық етті, дауысын сар­натып. Өзі ішінен сақылдап күлгендей ме, ең­кілдеп жылағандай ма, бір шарасыз күйде тұр. Намазы да бітер емес. Сыртта – ақ боран. Ақ боранды елең қыла қоймағандардың да қы­­лығы қызық. «Іште не қызық боп жатыр, біз де құр қалмайық» деп елеңдесіп есік алдын­да тың тыңдағандардың саны көбеймесе, азаяр емес…


Құрманғазы қалың ойдың құшағына енген. Мұндайда «қобыланшылық» танытып, ерлік шақыру да қиын-ау. Қашағанның жүзі күреңітіп, қабағы тарс түйіліп кеткенін көріп, Құрманғазы сырт киімін шешіп төрге қарай оза берді. Сол кезде алты қанат ақ боз үйдің түндігі желпілдеп, дір-дір еткендей болды. Сасып қалған сұпы бетін сипай сала, қос қо­нақ­қа бүкіл денесімен бұрылды. Не деген құды­рет десеңізші! Жүздерінде – қорқу мен қым­сынудың еш белгісі жоқ. Дала қазағына тән еркіндіктің желі есіп тұр. Екі кештің орта­­сында келген аттылы екеу сұпының сұсын қа­шырып, мысын басып барады. Мынау сұс нет­кен сұс еді?! Сұпының тұла бойы қал­шыл­дап, бір ысып, бір суынды. Үй ішіндегі үнсіз­­дікті сұпының кішкентай баласы бұзды. Жү­гіріп келіп домбыраны қызықтады. Кіш­­­кен­­тай саусақтарымен ішегін дың-дың еткізіп шер­тіп қалды да, шыққан дауысқа таң болып, күліп жіберді. Сол сәтте сұпының жан дауысы шықты.


– Өй, бақа болғыр, әрі кет! Құдай мен Құранның шаңырағы ғой, бұл. Ластамақ болып, жын-шайтандар кіріп, шалқайып төрге жайғасып отырып алғанын көрмеймісің?! Шайтанның қу ағашын тамашалап тұрмысың, сен иттің күшігі», – деп баланы жағынан тар­тып-тартып жіберді. Үйді басына көтере бақырған бала жүгіріп барып, қара тастай боп бір орнында қатып қалған бәйбішенің кең қойнына кіріп кетті.


– Тоқтат, сұпы, сандырағыңды, – деп Құрманғазы ашулы жанарын жарқ еткізгенде, Қашаған домбыраны қолына алып, шертіп-шертіп жіберді де, көкке шаншылған ащы дауысымен жырына басты:


Қолымдағы қу ағаш,

Сөйлеп тұрған бұл ағаш.

Қолымдағы ағашым,

Алып жүрген домбыра.

Домбыра күнә деген сөз,

Тек бір айтқан дабыра.

Таңда машқар болғанда,

Кімнің жақсы-жаманын,

Алла білер соңыра.

Өзіңді тақсыр молда дейді,

Боқтағаның қай ағаш?

Хазіреті Мұсаға

Аса болған бұл ағаш.

Жәнеттерге тұзақтан

Таса болған бұл ағаш.

Зауықты күнә демеңіз,

О да айт пен тойдыкі.

Сазды күнә демеңіз,

Атамыз адам пайғамбар.

Жеті сазбен жерге кеп,

Күй шертіпті деген бар.

Ол күндегі о да саз,

Бұл күндегі бұ да саз.

Сазды күнә деп жүрген


Молдеке, сенің ақылың аз», – деп дүмше сұпыны жерден алып, жерге салды. Үй ішіндегі басын төмен бұққан адамдардың жүздері жадырап сала берді. Сырттағы тың тыңдағандар «мына ақынның тілі шардан шыққан қылыштай екен-ау. Сұпыны мықтап бір соқты» десіп мәз болысты.


Жар басында жалғыз қонған дуадақтай сұпының басы салбырап кетті. Бір уыс боп, бір шөкім боп құнысты бір бұрышта. Елдің назарын өзіне аударта қызылшырайлы келіншек сырғасы сыңғырлай бұрала басып, дастарқан жайды. Бауырсақ төкті дастарқанға. Қызыл шоққа сарқылдап қайнаған самауырын келді ортаға. Қазандағы ас бұрқ-сарқ қайнап, жылқының жас етінің исі үйдің ішін алып кетті. Құрманғазы қаймақ қатқан күрең шәйін сызылта құйып, кесесін ұсынған қызылшырайлы келіншектің жанарынан бір оттың ұшқынын байқап қалды. Ол от – өнерге деген іңкәрлік еді. Сұңғыла күйші жалт еткен ұшқынды өзіне қадалған сансыз көздердің ішінен де көрді. Көрді де аруақ көтергендей арқасы қозып, шаттықтан бойындағы қан тасыды. Іле-шала асау желмен жарыса шапқан арғымақтарша алпыс екі тамыры шымырлап, тұла-бойы қара терге малшынды. Бұл – оның өзі кешкен ішкі сезім күйі еді. Бұл – туар күйдің құдыретімен оны ту-у биікке көтерген бір дүлей күштің әсері еді. Сол-ақ екен, қос ішекті «дың» еткізген Құрманғазының салалы саусағына шешеннің тілі біткендей күмбірлеп қоя берді.


Домбыра тілінде – дүлей дауыс, көркем саз. Кейде кәрі Каспийдің тау толқындарындай ақырып кетеді, кейде маздап жанған оттың жарығындай жарқылдап кетеді, кейде көк жүзіне қанатын қақкан қырандай шарықтап кетеді, кейде ауыздығымен алысқан тұлпар­дай күмбір-күмбір кісінейді, бұл күй!.. Алты қанат ақ боз үйдің төріндегі тіршілік – Құр­манғазының қара домбырасының қоңыр үнінен қуат, шуақ алып жатқандай көңілді. Қамкөңілді емес, кілең нар көңілді жандар жиналғандай бұл жерге. Бұрышта бір уыс боп бүктелген сұпы сұрғылт өңін қанша бүркесе де, домбыра үніне құлақ түреді амалсыз…


Күй – құдырет! Құрманғазы да құдырет қой, шіркін!..

Көп оқылғандар