Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы – байырғы заманнан келе жатқан “көктемгі жаңару” мерекесі екені белгілі. Наурыз - бес мың жылдан астам уақыттан бері тойланып келеді. Бұл мейрам Орта Азия халықтары, соның ішінде қазақ халқының да ұлттық мейрамы екені баршамызға аян.
Бұл көне мереке Наурыздың тарихына көз салсақ, әлем халықтарының басым бөлігі аталмыш мейрамды әлі күнге дейін тойлап келеді. Бұл мейрам көбінесе Наурыз, Невруз, Навруз, Новруз Байрам деп атаса, ал тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, татарлар “нардуган”, буряттар “сагаан сара”, ежелгі гректер “патрих”, бирмалықтар “су мейрамы”, чуваштар “норис ояхе”, тәжіктер “гүл гардон”, “бәйшешек”, “гүлнаурыз”, хорезмдіктер “наусарджи” деп түрліше атайды.
Наурыз сөзі “Жаңа күн” деген мағына береді. Мейрам кезінде тазалыққа мән беріліп, мерекелік “Наурыз көже” дайындалады. Көже – еліміздің әр өңірінде әр түрлі жеті түрлі дәмнен жасалатынын да байқауға болады. Наурыз мейрамында бір-біріне қонақ болып, тойлап арқа-жарқа болып жатады. Ал, енді әлем елдерінде Наурыз қалай тойланады? Қысқаша тоқталып өтейік...
ҰҚСАС МАҚАЛА: Наурыз мерекесінің тарихы туралы 7 дерек
Әзірбайжан
Әзірбайжанда Наурыз мейрамы – күн мен түннің теңескен күні ретінде аталып өтеді. Ел тұрғындары бұл мейрамды қатты ұнатады. Мереке күні ас дайындайды, адамдар бір-біріне бақыт пен молшылық тілейді. Дәстүр бойынша «тонгал» деп аталатын от жағып, одан жеті рет секіретін болған.
Мерекелік дастарханны басты тағамы шекербура дайындалады. Ол - Ай пішіндес қамырдан жасалған тәтті тағам. Ал, өсіп тұрған жасыл бидай сабақтары “Күн символын” білдіреді. Бидай қуырылып, жұмыртқалар қызылға боялады.
Әзірбайжан халқында Наурыз күні жаңбыр жауса, “келер жыл өте жақсы, берекетті” болады деген сенім қалыптасқан.
Қырғызстан
Көрші айыр қалпақты ағайындар елінде бұл мейрам айрықша тойланады. Мейрамда дастархан жайылып, май, қант және бидай ұнынан жасалған дәстүрлі ұлттық тағам – сумелек (сүмөлөк) және көже дайындалады. Халық арасындағы сенімге байланысты “су” және “мелек”(періште) сөздерінен құралған. Және бұл тағам жәннәт тағамы, қасиетті екендігі айтылады. Қарызынан құтылып, адамдар бір-бірімен татуласады. Кейбір жергілікті сенім бойынша мейрам күні нәресте дүниеге келсе, есімін "Нооруз" деп қояды. Ал, қар жауу да - жақсылықтың нышаны.
Қазіргі таңда, Қырғызстанда бұл мейрамда алаңдарда жалпыхалықтық серуендер, мерекелік концерт пен ұлттық ойындар өтеді.
Өзбекстан
Көктемгі Наурыз мейрамын оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстан да ерекше құрметтеп атап өтеді. Наурызды қалай күтіп алса, жыл толығымен солай өтеді деп сенеді. Сол себепті бір-бірін кешіріп, жақындарына сыйлық ұсынып, қуанышқа бөленген.
Өзбекстанда жыл сайын 21 наурыз күні тойланады. Дәстүрлі түрде жәрмеңкелер, жалпы халықтық шерулер, ит және әтеш шайқасы, ат шабысы ұйымдастырылады. Ұлттық киімдерімен ән айтып, би билейді. Көпшілігі қазіргі күнге дейін ежелгі дәстүрлерін сақтап келеді. Негізгі тағамдары - сумаляк (бидай ұнынан жасалған тағам) самса, хош иісті палау, халим (бидай етпен) мен жасыл желек қосып дайындалған нишалда тәтті бәліші әзірленеді. Сумаляк – өмірді, денсаулықты, молшылық пен жылықты білдіреді.
Сонымен қатар, Өзбекстанда аналар қыздары мен келіндерін жанына алып түрлі жеміс пен көкөніс тағамдарын жасап, дастархан жаяды. Қазанды толтырып тамақ пісіреді. Бұны “қазан толды” дейді, онысы “ризығымыз толы болсын” деген ниетке саяды.
Түрікменстан
Түрікмендерде көктем мейрамы Наурызға байланысты қазіргі таңда халыққа танымал кейбір ырымдар бар. Мәселен, “Егер наурызда күн бұлтты болса, онда осындай ауа-райы маусым айына дейін созылады" деп күткен немесе “Наурызда қар немесе жаңбыр жауса – жыл егінге қолайлы әрі өнімді болады” топшылаған. Наурыз мерекесінде алғашқы жаңа маусым басталады. Яғни сол мерзімде, шопандар қасқырларға шабуыл жасайтын алабайлар шайқасын ұйымдастырады.
Сонымен қатар, тағы бір жаңашылдық үрдістің пайда болып келеді. Түрікменстан "Наурыз Байрамы" кезінде әйелдердің қоғам өміріндегі рөлінің танылуы мақсатында Әйелдер күнін, Аналар күнін атап өтіп келеді.
Әдетте, мейрамда ұлттық киім киген ерлер ас әзірлейді.
Тәжікстан
“Навруз” деп атайтын Тәжікстан тұрғындары мереке күндері бір-бірімен ерекше түрде сәлемдеседі: “Наврузотан пируз бод!” немесе “Навруз муборак бод!” (“Наурыз мейрамы құтты болсын!”).
Мерекенің басты тағамы – кәуап және дәндерден қосып жасалған тәтті палау. Дәстүрлі түрде палауды ерлер дайындайды. Тәжіктерде Наурыздың басты символы – от. Яғни, жаңару мен емдік қасиеті бар деп сеніп, отқа байланысты көріністер қойып, көрсетілімдер орын алады.
Дастарханда “с” әрпінен басталатын ең аз 7 түрлі тағам дайындалады. Олар: суманак пен сипанд, сирке мен сэмени, сабзи және т.б. Бұл тағамдардан басқа үстелде айна, балауыз және боялған жұмыртқалар болады. Осы барлық аталғандардың символикалық мән-мағынасы бар: балауыз – адамды жаман рухтан сақтаушы жарық пен от, ал жұмыртқа мен айна – ескі жылдың аяқталуын білдіріп, жаңа жылдың алғашқы күнінің басталғанын сипаттайды.
Үстелдің сәні ретінде самбуси (самса), сабси (көкөніс) және өсіп тұрған жас бидайдың сабағы қойылады.
Қытай
Қытайда күн мен түннің теңелген Наурыз мейрамын этникалық ұйғыр, қазақ, өзбек, дүнген т.б. халық мекендеген Шыңжаң-ұйғыр автономиялық округінің тұрғындары атап өтеді. Адамдар ашық түсті киімдер киіп, ғибадат үйлеріне барады. Мерекелік киімдердің түстері - ақ, қара, жасыл және сары болады. Олардың әрқайсысы от, су, ағаш, металл және жерді әспеттейді. Мұнда дәстүрлі тағам ретінде жеті түрлі дәмнен дайындалған ботқа жасалады. Мерекеде би билеп, ән айтылады.
Үндістан
Үндістан мұсылмандары да шырайлы көктем Наурыз мерекесін атап өтеді. Оларда айрықша ырымдар мен сенімдер жоқ. Керемет үстел дайындап, әдемі киім киініп барлық нәрсені гүлмен көркемдейді. Мұнда да үлкен етіп от жағады және үндістер "түтінмен бірге кетер жылдың барлық сәтсіздіктері осы отпен бірге кетеді" деп сенген.
Ауғанстан
Ауғанстанда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы 21-наурызда тойланады. Мынадай оғаш салт-жоралғылары бар: 20-наурыз түнгі сағат 1-ден, 21-наурыз күндізгі 12-ге дейін ешкім көшеге шықпауы тиіс. Яғни, бұған байланысты сенім: егер кімде-кім сол уақытта үйден шықса, онда келе жатқан жылда жанұясының бір мүшесі дүниеден өтеді деген наным болған.
Біраз уақыт мейрамға дейін жанұяның барлық мүшесіне жаңа киімдер тігіледі. Жақындарына сыйлықтар беріліп, үйге тазалық жасалады. Мейрам күні дастарханда жемістер мен дәндер, жеті түрлі жемістен дайындалған компот және 5 түрлі тағам болады. Атауы “с” әрпінен басталатын бұл тағамдар барлық достар мен таныстарға ұсынылады. Әдетте, жанұядағы баланың санына байланысты алдын-ала жұмыртқа пісіріліп, түрлі-түске боялады. "Бақытсыздықты өзімен бірге алып кетеді" деген ырыммен, жанұядағы әр балаға кем дегенде бір дана жұмыртқа жегізетін болған.
Иран
Ирандықтар Наурыз мейрамын 13 күн тойлайды. Алғашқы 5 күнін дос-жаран, туыс жақындарымен бірге наурызды күтіп алуға арнаса, тоғызыншы күн Шахрйаран Навруз (шах Навруз) ретінде тойлайды. Ал, он үшінші күн Сизда‑бедар («Он үшіншісі үйден тыс») ретінде атап өтіледі. Дәстүр бойынша ирандық әйелдер, мейрам қарсаңында “осы уақытқа дейін болған барлық жамандық атауы кетсін әрі өздері үшін денсаулық пен әсемдікті қалау” ниетімен оттан секіретін болған. Ерлер болса, қызыл түсті киім киіп беттерін қара күйе немесе қара бояумен бояп қала көшелерін серуендейді.
Наурыз – басқа мемлекеттер сияқты Иран елінің де маңызды мерекелерінің бірі болып саналады. Мерекелік дастархан “хафт-син”, яғни “с” әрпінен басталатын 7 түрлі тағаммен әрленеді. Олардың арасында міндетті түрде болуы тиіс: монета (секке), сірке су (серке), сарымсақ (сир), дәмдеуіштер және мерекелік тағамдар бар. Үстелде міндетті түрде айна мен жанып тұрған балауыз қойылады. Ал, тазаланған зығыр дәні немесе бидай - денсаулық пен жаңарудың символы іспеттес дастархан көркін келтіретін болған.
Түркия
Наурыз - Aнадолуда “Султан-ы Невруз”, “Невруз Султан” сияқты аттармен танылған.
Салт-дәстүр бойынша Наурыздың алғашқы күні не көрсе немесе байқаса, адам жыл бойы сонымен бірге болады деп жорамалдаған. Бұл тек адамдарға ғана емес, қарапайым тұрмыстық заттар мен тағамдарға да байланысты. Сол себепті, мейрамда Түркияда алдын-ала дайындалып, өзіне заттар сатып алып және жақсы амалдар жасауға тырысады. Түркияның Наурыз мейрамынының негізгі атрибуты – қасиетті от болып саналады. Ол – қазіргі таңда бірте-бірте отшашулармен (фейерверк) алмастырылып келеді.
Сонымен қатар, фольклорлық аспаптар тобы да өз өнерлерін көрсетеді. Мейрам қарсаңында көптеген тағамдар жасалады. Олар – жапырақшамен дайындалған бөрек, юфка, леблеби, локум және тәттілердің сан алуан түрі...
Түркияда 23-наурыз Наурыз мерекесінің алғашқы күні ретінде аталып өтеді. Ол күні таңертең ерте тұрып, жаңа киімдерін киеді. Зират басына барып дұға жасайды және шәй, кофе ішеді. Содан кейін, бәрі бір дастархан басына жиылып ас ішеді. Сол мезетте аспаптар ойнатытылып, жыр-ән, өлеңдер айтылады. Ағашқа әткеншектер құрады. Балалар “байрақ” жазуы бар батпырауықтарды ұшырады.
Мейрамда туыс-жақындары мен көршілер бір-біріне қонаққа барады. Әулеттің үлкендеріне барып құттықтап, батасын алып қайтады. Мейрамның тойлануы елдің әр өңірінде түрлі болғанымен, жалпы ұқсастықтары өте көп байқалады.
Қазақстан
Қазақ халқы "жер мен көктің жаңаруы", "тіршіліктің бастауы" және "күн мен түннің теңелген уақыты" деп Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамын ұлттық мереке ретінде атап өті келеді. Еліміздің батыс өңірлерінде Наурызды 14-наурыздан бастап "Амал мерекесі" немесе "Көрісу күні" ретінде тойлай бастайды.
Еліміздің басты көшелері мен алаңдарында ақ киіз үйлер тігіліп, мерекелік концерттер өтеді. Ұлттық спорттық ойындар ойналады және құсбегілер де өз шеберліктерімен халықты тәнті етеді. Мейрамның басты тағамы – Наурыз көже жеті түрлі дәмнен жасалады. Қазақтар, "ырыс-береке молаяды" деген сеніммен құйылған Наурыз көжені тауысып қою керек деп сенген. Наурыз көжеден басқа бауырсақ пісіріп, ұлттық сүт өнімдерінен жасалған тәттілер мен ет тағамын дайындайды.
Қазақтар - наурыз айында туған бота, құлын, бұзау және қозы-лақты “Наурыз төл” деп атаған.
Мейірімділік пен қамқорлықтың айы болған Наурыз мейрамында ізгі тілектер айтылып, ізетті қамқорлықпен қарсы алған.
Өзіміз байқап отырғандай, “Наурыз”, “Невруз”, “Ноуруз”, “Невруз Байрамы” мерекесінің тойлануы мен уақытының өзгеше болуы әр елде түрліше болса да, мақсаты тек - бір болған. Яғни, көптен күткен көктем мен тіршіліктің қайта жандануы, денсаулық пен ырыстың, бақыт пен қуаныштың символына айналған. Мейрам қарсаңында міндеті түрде үйге тазалық жасап, ескі-құсқы заттарды тастаған. Ал, мерекеде бір-біріне тілектер тілеп, кешірімде болып мұқтаж жандарға қол ұшын беретінін байқауға болады. Ең бастысы - дастархан сәнін келтірген. Барлық халықтарда, бай дастархан – келе жатқан жаңа жылда молшылық пен ырысты алып келеді деп сенгенін пайымдауға болады.
Тәуелсіз елімізге ит жылы енді кіріп келеді. Жыл басы, Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз құтты, ақ мол болсын!
Әзірлеген
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.