Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІ
Әлібек Байбол. Әріптер әлеміне саяхат...

03.12.2019 8520

Әлібек Байбол. Әріптер әлеміне саяхат 12+

Әлібек Байбол. Әріптер әлеміне саяхат - adebiportal.kz

(1-4 сынып аралығындағы оқушыларға арналған музыкалық ертек)

КЕЙІПКЕРЛЕР:

Жақсыбек.

Бұзықбек/Досбек.

А.

Z (З).

Б (В).

Ө (О').

Р (R).

і (І).

С (S).

Т.

Латын әліпбиі.

Тілші.

БІРІНШІ КӨРІНІС

Шымылдық. Сахнаға Жақсыбек деген кейіпкер әндетіп шығады.

Жақсыбек. Сәлем бердім достарым!

А-а-а!

Қосылыпты бастарың.

А-а-а!

Түсіңсеңдер астарын,

Жаңа ертек бастадым!

Қайырмасы.

Жақсыбек есімім,

Жақсылық несібім,

Келіңдер, еріңдер!

Ғажапты көріңдер,

Көріңдер, еріңдер! А-а-а!

Сәлеметсіңдер ме, балалар?! Менің атым Жақсыбек!

Уа, құрметті көрермен!

Бүгін сіздер ғажайып,

Қызықты ең бастысы,

Танымдық ертек көресіз!

Ендеше, ертекті бастайық! (Дүрбі салады) Мәс-с-с-с-саған! Әріптер елі қандай ғажап. Ал, анау кім болды екен-ей?! Түр-тұлғасы – келісті, бойы... бойы – ұп-ұзын, оған қоса сары алтындай салмақты! Е-е-е-е, енді есіме түсті, ол сол елдің патшасы ғой! Әліпби ауысты, естідіңдер ме, балалар?! Ой, бүкіл жаңалықтан құр қалыпсыңдар. Бұрын Кирилл еді. Бірақ, қазір қазақ әліпбиі кириллицадан латын қарпіне көшуде. Ал, анау тұрған сол Әріптер елінің жаңа патшасы – Латын! Ал, анау кім? Қайсы, кім айтады? Ол – А! Кәдімгі өздерің білетін А әрпі! Онда, оны ортаға шақырайық! Еһе-ей! Әне, өзі де келе жатыр.

Музыка. Зал арқылы өтіп, сахнаға А әрпі шығады.

А. Есенсіңдер ме, көрермендер?! Сәлеметсіңдер ме, балалар?! Көңіл-күйлерің қалай? Балалар, жаңа жыл құтты болсын! Наурыз мерекесі әр шаңыраққа шаттық, бекере-бірлік, ырыс-құт алып келсін! Сендермен қауышуға келіп ем. Менің есімім кім? Дұрыс! Мен А-мын!

Жақсыбек. Ал, менің атым – Жақсыбек!

А. Ата-анаң атыңды жақсылыққа жаны құмар, ізгі жан болсын деген ниетпен қойған ғой?

Жақсыбек. Дәл солай! Балалар! Ал, сендер А әрпінен басталатын қандай сөз білесіңдер?

А. Қане, қане!

Залмен ойын.

Жақсыбек. Ата!

А. Аға!

Жақсыбек. Айпад!

А. Ағаш!

Жақсыбек. Айран!

А. Ағайын!

Жақсыбек. Ай!

А. Ас! Тағы?

Жақсыбек. Абырой!

А. Арман!

Жақсыбек. Асық.

А. Апа!

Жақсыбек. Айфон!

А. Ана!

Жақсыбек. Қазақта А-дан басталатын сөз өте көп.

А. Расында да, айтып тауысудың өзі қиын.

Жақсыбек. Абай атамыздың аты да А-дан басталмай ма?!

А. Міне, тамаша!

Музыка. Саханаға ентігіп Z әрпі жүгіріп шығады.

Z (З). А-а-а... а-а-а... Ағажан! Ағажан!

Жақсыбек. Бұл кім, тағы?

А. Оу, зуылдағым-ау, тағы қандай асығыс хабар алып келдің?

Z (З). (Демігіп) Сұмдық, аға, сұмдық! Әріптер елі қақ жарылды. Уф! Бұған себеп – әліпбидің ауысуы. Олар толығымен Латынға көшкісі кеп жүр. Алайда, ішіндегі алтауы бар ғой, бөлек шығып, басқаларға қосылғысы жоқ. Өйткені, олар қалыптасқан таңбалануынан өзгергісі келмейді! Дәл қазір Латын патшалығына қауіп төніп тұр. Егер әріптер бөлініп кетсе, онда балалар кітап оқудан, тіпті жазу жазудан да мақұрым болмақ.

Жақсыбек. Ой-ой-ой!

Z (З). Уақыт аз, ағажан!

А. Ендеше, аттанайық!

Жақсыбек. Аттанайық, Әріптер еліне!

Z (З). Кеттік, кеттік! Тез, тез!

Олар залды кесіп өтеді. Музыка.

ЕКІНШІ КӨРІНІС

Супер-шымылдық ашылады. Әріптер елінде Бұзықбек жүреді.

Бұзықбек. Сәлеметсіңдер ме, балақайлар! Менің кіп-кішкентай достарым! Қалдарың қалай? Бәрекелді! Менің кім екенімді білесіңдер ме?! А?.. Қане, қане, кім айтады? Ешкім білмейді! Менің атым – Бұзықбек! Ұқтыңдар ма, Бұ-зық-бек! Бала кезден қолға түскен бұйым-затты бұзып... сындырып, шашып, бұтарлайды екенмін. Содан бері мені осылай атап кеткен. Себебі, бұзықпын! Өздерің секілді мен де бір бұзықтық істемесем, ішкен асым бойға тарамайды. Әріптер елі атты патшалық бар. Ол оқудың ордасы боп саналады. Әлгілер ауызбірліктен айырылып, патшалық екіге бөлініпті. Ха-ха-ха! Маған да керегі осы боп тұр ғой, ехе-хей! (қос алақанын ысқылап). Онсыз да бір-бірімен араз ақымақтардың ортасына от жағайық! Келістік пе?! Онда, мен достарымды шақырайын! Еһе-хей, әріптерім, жиналыңдар!

Б (В). Не боп қалды?

С (S). Не жағдай?

Т. Неге шақырдың?

Ө (О'). (Есінеп, ұйқысырап) Ө-ө-ө-ө, шақырдың ба-ей, Бұзықбек?..

Бұзықбек. Иә, шақырдым! Әріптер еліне Жақсыбек пен А, Z келе жатыр.

Р (R). Не үшін?

і (І). Қашан? Қайда?

Бұзықбек. Не айтса да сенбеңдер! Себебі, олар бәріңе қастық ойлап жүр!

Р (R). Ух, оңбағандар! Көкесін көзіне көрсетейік, р-р-р-р.

Ө (О'). Ө-ө-өй, келсін, келсін, жақсылап күтіп алайық!

С (S). (Сақауланып) Берейік, с-с-с-сазайын!

Музыка. Бұзықбек пен әріптер ән айтып билейді.

Бірге. Бұзықбен бірге!

Иә! Бірге! Бірге! 3рет қайталанады.

Бұзықбек. Мен Бұзықбек жақсы бала болмаймын!

Бұзық балаларды әр кезде мен қолдаймын!

Латын әріптерін үйретуге шақырса,

Мен, иә, мен ешқашанда бармаймын!

Бірге. Бұзықбен бірге!

Иә! Бірге! Бірге! 3рет қайталанады.

Бұзықпен бірге!

Р. Мен Р-мын, иә, иә осындаймын,

Ұстаздар ұрысса-дағы басылмаймын!

Т. Мен Т-мын, мен Т-мын,

Жақсыларға мүлдем қосылмаймын!

С. Мен С-мын, сойылым бар сотқармын,

Әр қашанда Бұзықбекті жақтармын!

Ө. Өңкиген Ө боламын өгіздей,

Өзімшілмін, тек өзімді мақтармын!

Бірге. Бұзықбен бірге!

Иә! Бірге! Бірге! 3рет қайталанады.

Бұзықпен бірге!

І. Ілмиген қалпымменен симаймын

Ілгіштей боп жамандықты жинаймын!

Б. Ал мен ше Б болсамда биязымын,

Жамандыққа достарымды қимаймын!

Бірге. Бұзықбен бірге!

Иә! Бірге! Бірге! 3рет қайталанады.

Бұзықпен бірге!

Бұзықбек. Әне! Келе жатыр! Тығылыңдар!

ҮШІНШІ КӨРІНІС

Бұзықбек пен әріптер тығылып қалады. Саханаға Жақсыбек, А мен Z шығады.

А. Ал, келдік пе зуылдағым?!

Z (З). Е-е-е-ей, кім бар?

Жақсыбек. Тып-тыныш!

А. Ешкім жоқ қой деймін, иә?! Біз тура таптық па, өзі Z?

Z (З). Тура таптық ағажан!

Жақсыбек. Қайдасыңдар әріптер?

Z (З). Т-с-с, біреулер жақындап келеді...

Бұзықбек пен әріптер ақырындап шыға бастайды.

Бұзықбек. Ха-ха-ха! Біздің патшалықта...

А. Бұл сенің емес, біздің патшалық!

Бұзықбек. Солай ма?!

А. Иә, солай!

Б (В). Ағам! Ағам келді, алақай!

Бұзықбек. Ей, былай тұршы!

Ө (O'). Жетпегені сендер едіңдер, ө-ө-ө-өй!

Z (З). Ағама өйтіп сөйлеме!

Р (R). А әрпі жағдайды ушықтырған үстіне, ушықтыра түспекші ғой!

Б (В). Біреуі ары тартады, біреуі бері тартады. Бірақ, бірін-бірі мүлде түсінбейді.

А. «Елдестірмек елшіден» деген.

і (І). І-і-і-і, елшінің түріне қараңдар?! Ха-ха-ха!

А. Ей, і-і-і-і-і-і-і... біз сендерді татуластыру үшін келдік.

Z (З). Иә, татуластыру үшін келдік!

Жақсыбек. Тыңдаңдаршы, әріптер! Көшке ілесу үшін бұрынғы Кириллицадан латын әліпбиіне ауысуымыз керек. Онсыз болмайды! Сондықтан, өздеріңді ғана емес, мына балалардың да болашағын ойлаңдар.

Б (В). Мен де бағанадан бері осыны айтып жүрмін. Бірақ, ешкім естімейді, ешкім тыңдамайды. (Жылайды)

Ө (О'). Ақымақ, ө-ө-ө-ө!

Б (В). Мен бе ақымақ?

Ө (О'). Мен бе, енді, ө-ө-ө-ө?!

Б (В). Өзіңе қарап ал! Нағыз ақымақ мына – сен!

Ө (О'). Ұқпадым?..

Б (В). Ұқпасаң ұқпа, Бөжай, м-ө-ө-ө-ө!

Ө (О'). Мен бе, бө-ө-ө-өжай? Кө-ө-ө-өрсетемін, саған, бө-ө-ө-өжайды!

Б (В). Мө-ө-ө-ө-ө... бөжай, бөжай, бөжай!

Екеуі төбелеседі. Бәрі шулай бастайды

А. Доғарыңдар! Доғарыңдар, деймін!

Жақсыбек. Балалар, әріптер, достарым, біз латын әліпбиіне көшіуміз керек.

Бұзықбек. Не деп тұр-ей, мынауың?! Бұл не деген сорақылық! Балалар, ол әліпбиге көш-пең-дер! Мұны айтып тұрған мен – Бұзықбек! Кириллицада қала беріңдер! Латынның бізге керегі жоқ!

С (S). Мен де Бұзықбекпен келісемін.

Т. Мен де!

Р. Мен де!

І. Мен де келісемін! Мәселен, мен І әрпі өзгермеймін.

Р. Иә, өзгермейсің!

І. Өзім арықпын, өзім ұп-ұзынмын.

Ө. Мынадай сызықсың!

І. Әліпби өзгергенімен, менің табиғатым өзгермейді екен.

С. Дұрыс айтады!

І. Мен соны түсіндім. Сондықтан, соқа басым сопиып жүре берейінші. Ой, тиіспеңдерші, маған.

С (S). Ал, мен С әрпі сол баяғыша дыбысталамын. Тек үйрек ұқсап майысып, жыланша ирелеңдеп мынандай S-ға айналамын. Ал, не өзгерді, айтыңдаршы? Не өзгерді? Есқандай айырмас-с-сылық зоқ қой, иә? Зоқ! Олай болса, бұрынғы қалпымда қала бергенім жөн!

Т. Дұрыс айтасың, С! Мен латынға ауыссам да, ауыспасам да жаным, жаратылысым, ең бастысы өзегім өзгермейді екен. Сондықтан, маған, бәрібір.

А. Неге бәрібір?! Егер біз Латын әліпбиіне көшсек, онда ағылшынша үйренеміз. Жақсы емес пе?! Ғылым дамиды. Жан-жақты боламыз! Салт-дәстүр, тарих, мәдениет, әдебиет, өнер туралы деректеріміз өзге елдерге қолжетімді болады.

С (S). Маған латынның да, ағылшынның да, бас-с-қаның да қазеті зоқ.

Z (З). Өй, мынауың, қызық қой-ей. Сыртың ғана өзгереді. Бірақ, мән-мазмұн қалады. Жаңа ғана өзің айттың ғой.

С (S). Қажеті жоқ!

Z (З). Сен ше?

і (І). Не, мен?

Z (З). Достас!

і (І). Ондайды айта көрме!

Ө (O'). Иә, айта көрме!

Б (В). Өйтпесеңші, сен!

Ө. Мен – Ө әрпі, өзімшілмін. Біреу ұнамаса мүйіздеймін кеп! Сондықтан, өзім білемін, ұқтың ба?..

Жақсыбек. Сенің атыңмен басталатын басқа да жақсы сөздер бар.

Ө (O'). Мысалы?

Жақсыбек. Мысалы, өзгеріс!

Z (З). Өмір!

Жақсыбек. Өзен!

Z (З). Өнер!

Жақсыбек. Өркениет!

Z (З). Өркеш!

Т. Өркеш, өркеш. Ха-ха-ха!

Бәрі күледі.

А. Әріптер, тоқтаңдаршы! Бөлінбейік, бірге болайық! Тағы да қайталап айтамын, әліпби болмаса сөйлемді былай қойғанда, сөз де құралмайды.

Б (В). Ағам А дұрыс айтады. Жалғыз әріп сөз құрай алмайды.

С (S). Қалай с-с-сонда?

і (І). І-і-і-і, иә, қалай сонда?

А. Мысалы, сен Ө әрпі, егер әліпбиде болмасаң, орның үңірейіп, балалар өркеш деген сөзді ркеш деп оқиды. Ал, егер т сен болмасаң, тасбақа дегенді асбақа деп оқиды. Ал Іні деген сөзден н әрпі ғана қалады.

Жақсыбек. Ал, сары дегенді ары деп оқитын болады.

Бұзықбек. Жақсы ғой!

Жақсыбек. Несі жақсы?

Бұзықбек. Олардың басын қатырмай жайыңа жүр!

А. Сондықтан, ондай бассыздыққа жол бермейміз. Өйткені, біз жалғыз емеспіз. Біз – көппіз! Солай емес пе, әріптерім?

Бәрі. Иә, солай! Біз – көппіз. Біз – көппіз.

Бұзықбек. Тыныш-ш-ш! Мыналарың не деп тұр-ей?

С (S). Ой, мен, мен, ештеңе деген жоқпын!

Ө (O'). Мен де!

І. Еш кінәм жоқ.

Р (R). Менің де!

Бұзықбек. Әріптерім! Неге достасқыларың келмейді?

С-дан сұрайды.

Бұзықбек. Ей, С, неге достасқың келмейді?

С. Бөліп тастады...

Бұзықбек. Айтшы, неге достасқың келмейді?

Т. Иә, қалған әріптер бізді бөліп тастады.

А мен Жақсыбекке айтады.

Бұзықбек. Міне, көрдіңдер ғой!

Б (В). Өтірікші-өрмекші, сендерді ешкім бөлген жоқ. Бөлінген өздерің!

Z (З). (Т-ға) Иә, бөлінген өздерің!

С (S). Сонда, сен бізді қалдырып барамысың?

Б (В). Жоқ, қайта бірге болуға шақырамын! Мен сендерге қосылдым ағажан!

Z (З). Жарайсың, Б (В)! Дұрыс шешім қабылдадың!

С (S). Сендейлерді сатқын дейді!

Р (R). Иә, Сатқын!

Бәрі. Сатқын! Сатқын! Сатқын! Сатқын!

Б (В). Мен сатқын емеспін! Мен сатқын емеспін! (Жылайды)

А. Сабыр! Сабыр сақтаңдаршы! Сендерге не болған?! Жүріңдерші!

Z (З). Оңбағандар! Б сатқын емес. Бөлініп, бөлек кеткен өздерің! Сондықтан, нағыз сатқын мына – сендер!

А бәрін сахнаның ар жағына алып кетеді. Сахна ортасында Б жалғыз өзі қалады. Жылайды.

Б (В). Мен сатқын емеспін! Мен оларды керісінше, достасуға шақырдым. Ал, бұлар мені тыңдамайды.

Б-ның әні.

Б (В). Кінәм не, айтқанға көнбейді,

Достыққа шақырсам тыңдамай...

Сөзіме неліктен сенбейді,

Айтыңдаршы балалар, бұл қалай?

Қайырмасы. Жаңаша әріппен жаңа өмір бастар,

Өздерің достарым сөзімді қостар.

Көңілді күйге еніп, латынша үйреніп,

Тек жақсы оқиық, келіңдер достар!

Z (З). Б! Уайымдама! Ағамыз оларды міндетті түрде достастырады. Сен қазір латын әрпіне көшуің керек! Қане, көрейік!

Б (В). Иә, мен дайынмын!

Б латын әрпіне айналады. З әрпі көмектеседі.

Б (В). Мен әріптердің ішіндегі ең әдемісімін ғой иә, Z?!

Z (З). Иә, сен е-е-е-ең әдемісісің!

Екеуі билейді.

Арғы жақтан бәрі шулап келеді.

Т. Ей, Б! Сен әдемі емес, сен әдепсізсің!

Б (В). Ее-е-ей!

Z (З). Сіңліме, өйтіп сөйлеме. Ұқтың ба? Онда, бар ғой!

Т. Онда не? Онда не?

Z (З). Онда, онда...

С (S). (З-ға) Сен зуылдамай тыныш тұр, білдің бе?. (Б-ға) Сен – мақтаншақсың!

Т. Иә, мақтаншақсың. Мақтаншақ, мақтаншақ, мақтаншақ!

Б (В). Мен бе мақтаншақ? Мен бе әдепсіз? (Жылайды)

Т. Иә!

Б (В). Онда сен... онда сен... тазбассың! Иә, тазбассың! Тазбас!

І. (Б-ға) Онда сен... онда сен... әңгүдіксің.

Т. Әң-гү-дік?

С (S). Ол қандай сөз, тағы?

І. Білмеймін. Ойыма келген соң, айта салдым!

Б (В). (І-ге) Ал, сен бар ғой, сен... сен сәбізсің? Ал, сәбізді не істейді? Сыртын аршиды да «Кәріс салаты» – хе жасайды. Ха-ха-ха! (Бәрі күледі)

Т. Сәбізді қояндар жемеуші ме еді? Әріпсің ғой!

Б (В). Үйретпе, тазбас!

Т. Мен таз емеспін! Шашым бар! Бірақ, оны қалпағым жауып тұр.

Б (В). Қалпағыңнан түк пайда жоқ... жараспайды.

Т. Жарасады.

Б (В). Жараспайды, тазбас.

Т. Жарасады деймін.

Б (В). Жараспайды!

Т. (Құлағын жауып алады) Жарасады, жарасады, жарасады!..

Бұзықбек. Тыныштал! Сендерді көргім келмейді. Мен қатты ашуланбай тұрғанда табаңдарыңды жалтыратыңдар!

Жақсыбек. Кетпесек ше?!

Бұзықбек. Кетпесеңдер, күштеп кетіремін.

Жақсыбек. Қолыңнан келмейді.

Бұзықбек. Келеді.

Жақсыбек. Келмейді.

Т. Тиіспеңдер, Бұзықбекке!

Р(R). Ол біздің досымы!

Z (З). Е-е-х, тапқан екенсің досты.

С (S). Ол менің де досым!

Ө (O'). Ө-ө-өй, менің де!

І. Менің де!

Жақсыбек. Ол – дос емес, ол – қас.

Бұзықбек. Мен бе қас?

Жақсыбек. Мен бе, енді?!

Т. Кешірім сұра.

Жақсыбек. Сұрамаймын. Өзі бірінші бастаған.

Т. Сұра дедім!

Жақсыбек. Сұрамаймын! Бастаған өзі дедім ғой!

Т. Солай ма?

Жақсыбек. Солай!

Бұзықбек. Жекпе-жек! Кел, бері! Сені ермексаз сияқты езейін! Ха-ха-ха!

Ө (О). О!

Бәрі. Жекпе-жек! Жекпе-жек! Жекпе-жек!

Музыка. Жақсыбек пен Бұзықбек соғысады. Бұзықбек жеңеді. Бұзықбектің жақтастары қуанады.

Бұзықбек. Мен жеңдім!

Ол күшін көрсетіп, мақтанады.

Бұзықбек. Мен – мықтымын! Көрдіңдер ме, мен – мық-ты-мын! Мендей қара күшті жеңу мүмкін емес. Сендер не... қорқып қалдыңдар ба?

А. Иә, мойындаймыз, ұтылдық! Күрестік, сен жеңіске жеттің! Бірақ, тағы бір сайыс бар.

Бұзықбек. Әй, әріптердің атаманы, сенің де таяқ жегің кеп тұр ма? Кел, шық!

А. Енді, біліммен күш сынасайық, Бұзықбек! Кім көп сөз біледі екен, көрелік. Егер, мен ұтылсам онда әліпбидегі әріптер ешқашан достаспайды. Ал, егер де сен жеңілсең, онда достасады. Келістік пе?

Бұзықбек. М-м-м!

А. Көп ойланба!

Бұзықбек. Келістік! Қай әріпті таңдаймыз?

А. Сенің атың Б әрпінен басталады. Соны алайық! Олай болса, баста!

Бұзықбек. Жоқ, сен баста.

Музыканың ырғағымен Б әрпіне басталатын сөздерді айта бастайды.

А. Бұлақ!

Бұзықбек. Бөспе!

А. Бөбек!

Бұзықбек. Ы-ы-ы... Бөгде!

А. Бота!

Ө (О'). Бос!

А. Береке!

С (S). Бейауыз!

А. Бау-бақша!

Бұзықбек. Баукеспе!

А. Батыр!

Т. Баклажан!

А. Бата!

Р (R). Басбұзар!

А. Бақ!

Бұзықбек. Бақа!

Б (В). Бармақ!

І. Барымта!

А. Бидай!

Бұзықбек. Базар!

А. Баға!

Бұзықбек. Бақталас!

А. Бақыт!

Бұзықбек. Бөлу!

А. Бірлік!

Бұзықбек. Бөлтірік.

А. Бегзадтық!

Бұзықбек. Бейбақ!

А. Бастау!

Бұзықбек. Бейбас!

А. Бал!

Бұзықбек. Бақталас!

А. Байсалдылық!

Бұзықбек. Болбыр!

А. Бауырсақ!

Р (R). Бетбақ!

Бұзықбек. Бетпақ!

Жақсыбек. Бажа!

Бұзықбек. Бақыру!

А. Бастаңғы!

Бұзықбек. Ы-ы-ы...

С. Барс-с-с-елона!

А. Бәйге!

Бұзықбек. Ы-ы-ы...

Ө (О'). Бөжай!

А. Базарлық.

Бұзықбек. Ы-ы-ы...

А. А, ұтылдың!

Бұзықбек. Жоқ, жоқ!

А. Айт, онда.

Бұзықбек. Қазір, қазір...

А. Үшке шейін санағанша үлгер, онда ұтыласың. Бір... екі... екі жарым... үш! Ұ-тыл-дың!

Бұзықбек. Жоқ! Ұтылған жоқпын! Ұтылған жоқпын!

А. Ұтылдың, мойында!

Жақсыбек. Әріптер! Өтінемін, достасыңдаршы, а? Достасыңдаршы!

Бұзықбек. Жоқ дедім ғой, жоқ,, бітті!

А мен Бұзықбектің тобы бір-бірімен айтысады.

Бұзықбектің тобы. Әліпбиді үйреніп,

Үйрен дейді қалайда.

Ұнамайды бұл сөзі,

Үйренбейміз алайда!

Жақсыбекпен А-ның тобы. Әліпбиді үйреніп,

Болар бала өсем дер.

Жамандықтан жиреніп,

Жақсы болам десеңдер!

Бұзықбектің тобы. Керек емес ол бізге,

Өздерің-ақ біліңдер!

Қосылмаймыз сендерге,

Бізден ары жүріңдер!

Жақсыбекпен А-ның тобы. Қосылсаңдар балалар,

Жұмыстар көп сан игі.

Оқысаңдар латынша,

Барлық әлем таниды!

Бұзықбектің тобы. Ал біздің топ ешқашан,

Қосылмайтын шығармыз.

Өйткені, біз әрқашан,

Төбелеске құмармыз!

Айқас сахнасы. Күн күркіреп, жай түседі. Латын ортаға қарай ойысып, барлығын сиқырлы таяғымен қатырып тастайды. Сол кезде Э, Ю, Щ, Ъ, Ь, Я, Ц секілді қазіргі латын қарпінен түсіп қалған әріптер қол ұстасып, кетіп бара жатады.

Қоштасу әні

Әріптер. Сендермен бір болған

Жүректе сыр толған

Өкінбеймін ешқашан өткеніме.

Алыстап арамыз

Қиялай барамыз

Қоштасар уақыттың өткені ме?

Ақыл ой сенделді

Қимаймын сендерді

Мәңгіге ал енді қош болыңдар!

Біліммен ұштасқан

Қолдарын ұстасқан

Айырлмас достардай дос болыңдар!

Қайырмасы. Сендермен өткен әр күн

Жаттаған бізді әр түн

Тек жақсылықтарға әр кез толады

Жаңа әріптер бастар

Қош болыңдар достар

Бәрі, бәрі, бәрі жақсы болады!

Осы әріптер кетіп бара жатып, латын әріптерін оята бастайды. Кетеді.

Латын. Әріптерім! Бір-біріңмен тіл табысып, келісімге келе алмадыңдар-ау!

Бұзықбек. Ұлы мәртебелі Латын ағзам және Жақсыбек! Сендерге ортақ бір сұрағым бар! Жарайды, біз латын қарпіне көшелік! Сонда мына балаларға, тіпті баршамызға мұның қандай пайдасы, қандай қажеттілігі бар?

Жақсыбек. Пайдасы да, қажеттілігі де өте көп, Бұзықбек! Сөзім дәлелді болу үшін мына жерге қара! Ұлы мәртебелім!

Латын таяғын көтергенде төбедегі ағаш қақ жарылып, арасынан экран шығады.

Тілші. Нью-Иорк қаласынан тікелей репортаж! Балалар! Сендер бүгін Латын әліпбиінің Әлемде қандай мән-маңызы бар екенін түсінесіздер! (Лед-экранды көрсетіп) Назар аударыңдар! Қазір мен американдық азаматқа «Сәлем, балалар!» деген сөзді оқытамын! Сәлеметсізбе! Hello! Біз Қазақстаннан келіп едік. Мынаны оқи аласыз ба, мистер?! (Қағазға кириллицамен жазылған: «Сәлем, балалар!» деген жазуды көрсетеді)

Американдық. Ноу, ноу!

Тілші. Ал, енді мына сөзді ше?! (Латын қарпімен жазылған: «Sa'lem, balalar!» деген сөзді көрсетеді)

Американдық. О, иес, иес! Sa'lem, balalar! Рахмет! (Кадр ауысады)

Тілші. Ал, енді Парижден тікелей эфир! Қалыңыз қалай, мсье?! Сізге айтар өтінішім бар! (Кириллицада жазылған «Астана. Домбыра. Қымыз. Қазақстан» дегенді сөзді көрсетеді)

Француз. Napas compris! («Түсінбедім» деген сөз)

Тілші. Олай болса, мына сөзді оқыңызшы! (Соның латынша нұсқасын көрсетеді)

Француз. Qazaqstan, Astana, dombyra, qymyz! Maintenant compris! (Енді түсіндім) Superbement (Керемет).

Тілші. Рақмет! (Кадр ауысады) Біз Жапония астанасы – Токиодамыз! Сәлеметсіз бе!

Жапон. Konnichiwa! (Сәлеметсіз бе?!)

Тілші. Мына жазуды оқып көріңізші, сан! (Кириллицада жазылған «Кел балалар оқылық» деген сөзді көрсетеді)

Жапон. Rikai shite inai! (Түсінбедім)

Тілші. Ал, мына жазуды ше? («Кел балалар оқылық» дегеннің латынша нұсқасын көрсетеді)

Жапон. Kel balalar oqylyq!

Тілші. Рақмет, Сізге! Көрдіңдерме, балалар! Біз көшкелі жүрген Латын жазуын жалпақ Жаһан білетініне көздерің жетті. Егер оған ауыссақ, салт-дәстүр, тарих, мәдениет, әдебиет, өнер туралы деректеріміз өзге елдерге қолжетімді болады. Осымен біздің тікелей эфиріміз аяқталды! Сау-саламат болыңыздар!

С (S). Е-е-е-е, түс-с-с-сіндім! Латын қарпі – әлемдік өркениетке бағыттайтын күре жол екен ғой!

Ө (О'). Ө-ө, латын қарпі Қазақ елін дүйім дүниеге әйгілі етеді.

І. Әлемге кеңінен таралған жазбаның бірі – латын екен ғой!

Р (R). Р-р-р-расында да, Біз латын әліпбиіне ауыссақ, күшті боламыз!

Т. Адасыппын! Адасыппын! Енді, мен Латынға толықтай өттім!

Бұзықбек. Ай-ай-ай! Ақымақ болған басым-ай! Мен Латын әліпбиінің сырын енді ғана түсіндім! Осыған шейін өзімшілдікке салынып, өзгелерді ұмытыппын. Бәрін түсіндім, бәрін түсіндім. Латын қарпіне күмәнданып, сеніміме селкеу түсіп еді! Енді, барлық күдігім сейілді. Сендім! Сендім сендерге! Бәріңе рақмет! Кешіріңдерші, мені!

Жақсыбек. Б әрпінен басталатын тағы бір сөз бар...

Бұзықбек. Қандай?

А. Бұл – бауыр деген сөз! Бүгіннен бастап сен – менің бауырымсың!

Бұзықбек. Шын айтып тұрмысың?

А. Шын!

Бұзықбек. Онда, сен де – менің бауырымсың!

Z (З). Алақай, екеуі достасты!

Жақсыбек.. Енді сені Бұзықбек емес, Досбек дейік.

Р (R). Жар-р-р-райсың!

Бұзықбек. Досбек деген әдемі есім екен! Мені кешіресіңдер ме, әріптер?

Бәрі. Иә, кешіреміз!

Бұзықбек. Рақмет, сендерге, рақмет!

А. Дұрыс, біз бір-бірімізге кешірімді болуымыз керек!

Жақсыбек. Балақайлар! Барлық жамандық атаулыны жеңетін күштің аты қандай? Кім айтады? А? Ол күштің аты – Достық!

А. Қане, бәріміз бірге! Ол күштің аты – Достық!

Музыка басталған кезде, әріптер сапқа тұрып, DOSTAR деген жазуды құрып, бәрі ән айтып билейді.

Финалдық ән

Пролог. Достыққа біз адалмыз,

Білімді боламыз! 4 рет

Әріптер. Жас достарға әр кез,

Үйрете аламыз,

Талаптанса егер...

Қасына барамыз!

Қол ұстасып достар,

Назар сап қараңыз,

Достыққа біз адалмыз,

Білімді боламыз!

Досбек. Ал мен түзелдім достар,

Тәртіпті енді боламын!

Жақсы жолға бастар,

Үздік оқушы атанамын!

Бәрі. Лә! Лә! Лә!

Жақсы жолға бастар,

Лә! Лә! Лә!

Үздік оқушы атанамыз! 2 рет

Жақсыбек. Адал доспыз мәңгі,

Ұстазың тыңдайтын!

Әліпбиді жаттап,

Бұзықтық қылмайтын!

Бәрі. Біз бақытты баламыз!

Айтқан тілді алатын.

Достыққа адалмыз,

Білімді боламыз!

Бәрі. Біз бақытты баламыз!

Айтқан тілді аламыз.

Достыққа адалмыз,

Білімді боламыз!

Бәрі. Лә! Лә! Лә!

Жақсы жолға бастар,

Лә! Лә! Лә!

Үздік оқушы атанамыз!

Речетатив. Достыққа біз адалмыз,

Білімді боламыз! 3 рет.

Достар! Достармыз!

ШЫМЫЛДЫҚ

Ән мәтінінің авторы: Әсет Иманғалиев.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар