Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ҰМЫТПАҢДАР МЕНІ
Ақиқаттың жоқтаушысы...

24.10.2018 7400

Ақиқаттың жоқтаушысы

Ақиқаттың жоқтаушысы - adebiportal.kz

Тар жол, тайғақ кешулер

Туған жер нәрін берген,

Дарын берген.

Барын берген.

Өзіңнің тентегіңмін әлі де мен.

Жақсылық Сәмитұлының қаламынан шыққан «Туған жер» атты әннің сөзі. Алтай даласындағы бүкіл оқырманын «Атамекен», «Ақтілек», «Гүлсара» сияқты повестерімен жаулап алған жазушы Жақсылық Сәмитұлы әдебиетке деген алғашқы қадамын поэзиямен бастағанын көпшілік біле бермейді. Жақсылықтың әдебиетке өлеңмен келмеуі мүмкін еместей. Өйткені, туған жерінде Ақыт қажы Үлімжыұлының жырлары том-том кітап болып тарамаса да, оқырманға Алтайдың абыз қарттарының аузымен желдей есіп жетті емес пе?! Ол аз десеңіз, озбыр саясаттың тұзағы мен абақтының азабын көп тартқан күрескер ақын Таңжарық Жолдыұлының өлеңдерінің өзі, Сәмитұлы оқыған сол Үрімжінің сай-саласында кезіп жүргені бәрімізге аян. Осындай зиялылардың рухты жырының жалыны Жақсылықтай есті адамды шарпып өтпеуі мүмкін емес. Содан да болар ол студент кезінде сыршыл өлеңдерімен қатар, шағын әңгімелері арқылы-ақ өз ортасының ыстық ықыласына бөленеді. Халық қаумалаған жерде пәле жүретіні бұрыннан белгілі дүние ғой. Артынан оқырманын ерте білген, жас жазушы Жақсылықтың әдебиетке келуінің өзі Қытайдағы мәдениет төңкерісімен тұспа-тұс келгендіктен, «Қазақ ұлтшылы», «оңшыл оппортинист» деген саяси айып тағылып, екі жылдай тергеуге алынған. Оны империялық саясат 1960 жылы Корладағы жаз лагеріне айдайды. Осыдан соң 1963-1978 жылдары Жеменей аудандық белсенділердің бақылауында еңбекпен түзету колониясына жібереді. Осындай қудалаудан Шынжаңдағы сорпа бетіне шыққан, көзі ашық дейтін қазақтардың аман қалғаны болмады. Бұл озбырлық Мао өлгенге дейін жалғасып жатты. Ал Жақсылықтың осындай тар жол, тайғақ кешуінің өзі жазықсыз айыптау еді. Әйтпесе Мао үкіметін төңкеріп тастауға әрекет жасаған ұлтшылдардан емес, тек Үрімжіде білім алып жатқан студент-жастарды ұйғыр тілінде жазылған оқулықпен оқытуға қарсылық білдіріп, қазақ жастарын қазақ тілінде оқытуды талап етті. Соны желеу еткен үкімет оны айдауға жіберді. Ол туралы Қабдеш Жұмаділов өз естелігінде былай дейді: «...Үрімжіге келіп түссек, біз ойлағандай емес, дүние өртеніп тұр. Көше толған әлем-жәлем плакат, дабыл қаққан «дазыбулар». «Ұлтшылдарды арамыздан аластайық!», «оңшыл оппортинистердің көзін жояйық!» деп өңештерін жырта айғайлап жүрген белсенділер». Совет одағынан келген бізді «сауатымызды ашып» жағдайға қанықтыру үшін, университеттегі «күрес жиналыстарына» қатыстыра бастаған. Сондай жиындарда төрт қазақ студентінің есімі ерекше аталып тұрды. Оларды «қазақ ұлтшылдарымен тіл біріктірген» және «университетте астыртын ұйым» құрған деді. Кешікпей аттарын да білдік: Задахан, Жақсылық, Оразхан, Талыпбай.

Ал енді осылар не бүлдірді екен дейміз ғой. Сөйтсек, сыныққа сылтау іздеп, шулатып жүргендері студенттердің: «Университетте қазақ бөлімдері ашылсын. Мұнда ұйғырша оқып шыққандар ертең қазақ мектептерінде қалай сабақ береді?» - деген сөздері екен.

Осылайша Жақсылық Сәмитұлы қысқа ғана 68 жылдық ғұмырының 20 жылын қуғын-сүргінмен өткізді.

Өлмеген құл алтын аяқтан су ішер

Мао Цзы өлгеннен кейін билік басына Хуа Гопың келеді. Хрущевтің «жылымық» жылдарындағыдай Хуа Гопыңның арқасында түрмедегі қылмыскерлер бостандыққа шығарылып, айыптылардың қалпақтары шешіліп, өлгендеріне құн төленіп, тірілері өз жұмыстарына қайта оралды. Осы «жылымықта» Қытайдың Дэн Саяопиндері босап шықты. Ал қазақтан Ақыт қажы, Таңжарықтар ақталып, Жақсылықтардың қалпағы шешіліп әдебиетке қайта оралды. «Дэн Саяопин сияқтылар билікке келсе, Жуңгоның бет-бейнесі өзгереді», - деп Мао Цзы бекер айтпаса керек. Дэн Саяопин билікке келген кезеңді Шынжаң қазақтарының «алтын дәуірінің» басталуы деуге болады.

Алтайдағы сол дәуірдің басында Жақсылық Сәмитұлындай жазушылар тұрды. Бірақ олар том-том кітап жастанып, бірден жазушылық әлеміне кете алмады. Өйткені Маоның тұсында тұқыртулармен қатар ұлттық салт-дәстүрлерге «ескілік» деп айып тағылып, діні мен ділін ұстанғандар қудаланып, қазақтың еңсесі түсіп, әр таудың сағасында бір-біріне аңша үркектеп, үрпиісіп қалған еді. Сол кездегі Дэнның тиімді саясатын қарманып қалғысы келген қазақ ұлтшылдары Алтай даласын қайта жаңғыртуға бір кісідей ат салысып, тер төкті. Сол қатарда Жақсылық Сәмитұлы да бар еді. Аудан-ауылдарды аралап, ұлттық ойындар мен қазақ айтысын қайта сахна төріне алып шықты. Сонымен қатар, Жақсылық бастаған «Алтай аясы» журналындағы қаламгерлер Алтай қазағын сонау ауыз әдебиеттен бастау алатын, батырлар жырлары мен жыраулар әдебиетімен қоса, Абайға дейінгі бір дәуірмен халықты қауыштырып, қалғып кеткен рухты қайта оятты. Осыдан-ақ Жақсылық Сәмитұлының қалам ұстаған қатардағы көп жазғыштардың бірі емес, нағыз ұлтшыл екенін көруге болады.

«Алтай аясы» журналы Жақсылық Сәмитұлының жеке шығармашылығына мол табыс әкелді. Олай дейтінім, Алтай жұрты әлі күнге дейін Жақсылықты осы журналмен егіз ұғымдай қабылдайды. Өйткені, жазушының қаламынан туған әр туындысымен оқырман осы журнал арқылы танысып, табысып жатты.

Жақсылық – әдебиеттегі шебер суреткер. Ол – әдебиеттің, көркем шығарманың ғана емес, оқырманның тілін меңгерген жазушы. Ол оқырманның ығына жығылып, «не жазсам оқиды?» дегенді ойламаған жазушы. Қайта оқырманын жазған әңгіме-повестерімен тәрбиелей отырып, соңынан ерте алған талант. Оның әңгімелері мен повестеріндегі оқиғалары оқырманның алдына қойылған айнадай айқын да шынайы болды. Сонысымен шығармасы өз оқырманын тапты. Оның шығармаларында:

  1. Озбыр саясаттың қара халықты бишікпен иіріп, илеуге салған зорекерлігін әшкерлеу;
  2. Жеке басқа табынушылардың ездігі мен екіжүзділігін айнытпай ашу;
  3. Екіжүзділіктен халықта тұрақтылық пен бірліктің болмайтынын көрсету;
  4. Адамдық пен адалдық озбырлық пен аштық жүрген жерде жойылатынын меңзеу;
  5. Адамның ең жанды да, әлсіз тұсы махаббат пен жылулықта екенін айту орын алған.

Сонымен қатар, ұлттық салт-сананы жаңғыртуға деген жазушының ұмтылысы да шығармаларында айқын көрініс тапқан.

Жақсылық жиырма жылын қуғын-сүргінде өткізсе де, бар-жоғы он бес жылдың ішінде бүкіл Шынжаң халқы сүйіп оқитын, сүйікті жазушыға айнала алды. «Өлмеген құл алтын астаудан су ішеді» дегенді халық осындайда айтса керек. Өйткені Жақсылықтың әдебиеттегі шебер суреткерлігі оқырманның ыстық ықыласымен ғана өлшеніп қалмады. Сол кездегі Қытай билігі де оны көкке көтерді десек артық айтқандық емес. Оған Шынжаңдағы аз ұлттарға арналған Қытайдың мемлекеттік сыйлығы да берілді. Ол сыйлықты «Атамекен» повестер жинағы арқылы алды. Көп ұзамай Жақсылықа Үрімжіден үй беріліп, Шынжаң телевидениесінің редакторлығына ауыстырылды. Осы кезден бастап Жақсылық Сәмитұлы көркем фильммен қатар әлем әдебиетін де аударумен айналыса бастады. Осылайша Шынжаңдағы шығармашылыққа арнаған 15 жылын қорытындылап, 1993 жылы елге оралды.

Тұғыры биік туынды

Жақсылық Сәмитұлының «Қаhарлы Алтай» трилогиясы дұрыс бағаланбады дегенді жиі айтамыз. Роман туралы сөз бола қалса, әдебиеттің басы-қасында жүргендердің көбісі оқымаса да, дақпырттық әдетпен «Оспан батыр туралы» дей салады. Ол дегеніңіз, Кеңес үкіметі кезіндегі арнайы идеология арқылы тұлға жасау емес пе? Біздің қоғамда мінсіз тұлға мен көзсіз батырлар сомдалған романдардан аяқ алып жүре алмайтынымыз ақиқат. Ол аз болғандай тәуелсіздік алғалы әдебиетке ата-бабасынан батыр жасайтын романдар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткені соншалық, оқырман айналып қашатындай дәрежеге жетті емес пе? Сонда, біз, «Қаhарлы Алтай» трилогиясын «Оспан батыр туралы» деу арқылы оқырман қашатын сол қоқысқа лақтыра салған жоқпыз ба?! Шын мәнінде «Қаhарлы Алтай» трилогиясы – тұлғалық сипаттан гөрі Шынжаңдағы 1941-1951 жылдардағы қазақтардың бостандыққа деген ұмтылысы. Ол – он жылға созылған, миллиарттаған адамның өліміне әкелген, қиян-кескі соғысты орыс пен қытайдың ауыз жаласа отырып, өршіте түсуін баяндайтын шығарма. «Қаһарлы Алтай» – бостандыққа ұмтылған қазақтарды босқынға айналдырып, толассыз қудалау мен қырғындаудан азғындалған аз ұлттың аңша тау-тасты аралап, ақыры Алтайдан Анадолға дейін босқан қазақтың бірін-бірі жоғалтуы туралы ащы шындықты суреттеген роман. Бұл күнде әлем алдында мінсіз көрінуге тырысқан Қытай мен Ресейдің сол кездегі шынайы бетпердесін жұлқа тартқан тұңғыш туынды. Сондықтан «Қаhарлы Алтай» трилогиясы қатардағы көп романның бірі емес. Ол 1929 жылы әлемді дүр сілкіндірген үш романнан (Рэ Марк «Батыс майданда өзгеріс жоқ», Эрнест Хемингуэй «Қош бол, қару!», Ринчард Олдингтон «Қаhарманның ажалы») кейінгі Азиядағы үстем таптарға тағдыры ұрланған аз ұлттардың трагедиялық трилогиясы екені анық.

«Қаhарлы Алтай» трилогиясы Жақсылық Сәмитұлының осындай тұғыры биік туындысы еді. Бірақ оның бағасын қойып, қандай роман екенін де ешкім білмейді. Өйткені әдебиетті оқып, сараптайтын сыншы да, шындықты көретін жазушы да қалмағандай. Әлде ақиқатын айтатын нағыз әдебиетшілердің қолына кітап тимей жүр ме?

«Қаhарлы Алтай» трилогиясын Жақсылық Қытай елінде жүргенде жазса, Қажығұмар Шабданұлындай өмір бойына бас бостандағынан айрылар еді. Өйткені, Қытайда Оспан батыр бастаған топ әлі күнге ақтау көрмеген және Шынжаңдағы қырғынның ақиқатын айтпауға, көмулі қазан қалпында қалдыруға тырысқан. Тіпті, Қытай билігі бұл романды оқыған адамдарды қудалауын әлі жалғастыруда. Ал Жақсылық Сәмитұлы, қуғын-сүргіннен оралғаннан кейін, бүкіл Алтайдағы Оспан батыр көтерілісіне қатысқан адамдардан соғыстың ақиқаты мен шындығын іздеп, мәлімет жинап, 1986 жылдан бастап аталмш трилогияның алғашқы томдарын жаза бастады. Соған қарағанда автор шығармашылығының соңғы нүктесін осындай батыл қадаммен аяқтауға әу бастан бел буса керек. Бірақ Жақсылық Сәмитұлының жолы болып, Қазақстан тәуелсіздігі жарияланды. Енді оның Қытайда қалуға еш себебі қалмаған. Өйткені Жақсылықтың ұлт алдындағы миссиясы қалтарыстағы қазақтардың трагедиялық өмірін әлемге көрсету. Сондықтан Жақсылықты «ақиқаттың жоқтаушысы» дер едім.

Айжамал Көпеева


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар