Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Ахмет Байтұрсынұлы: Жазығым не?!...

05.09.2017 7086

Ахмет Байтұрсынұлы: Жазығым не?! 12+

Ахмет Байтұрсынұлы: Жазығым не?! - adebiportal.kz

Партияны тазалау жөніндегі

Губерниялық комиссияға

(Аудандық комиссия арқылы)

РКП мүшесі Ахмет Байтұрсынұлынан

ӨТІНІШ

Қырғыз-қазақ халық ағарту комиссариатының коммунистік ұясының хатшысы партияны тазалау жөніндегі аудандық комиссияның қаулысы бойынша менің партиядан шығарылғанымды мəлімдеді. Маған жеткізілген хабарға қарағанда, менің шығарылуыма, біріншіден, партия жиылыстарына қатыспағандығым, екіншіден, мүшелік жарнаны уақытысымен төлемегендігім жəне үшіншіден, менің Алашорда ұйымына қатысқандығым болса керек.

Маған қойылып отырған бұл айыптардың қайсысынан болсын мен бас тартпаймын. Қазақстандағы Кеңес үкіметі өмірінің үш жылы ішінде РКП ұйымдарының қазақтар арасында жүргізген жұмысының қай саласын алсақ та ешқандай алға жылжушылық болмады. Неге осылай болды? Жұмысқа кедергі жасаған не? Бұл сауалды ешкім де өзіне қоймады жəне ешкім де бұл туралы байыппен ой жүгіртіп көрген емес. Жаңа шындықты түсіну үшін секунд де жетіп жатады, ал оған бой үйретуге, оны игеріп кетуге ондаған жылдар аздық етеді. Жеке адамның немесе қоғам тіршілігі қағидаларының орташа дəрежесіне азды-көпті сай келетін ақиқаттар мен идеялар ғана біршама жеңіл қабылданып, меңгеріліп кете алады. Көптеген утопистердің экономикалық жоспарларының іске асыру үстінде сəтсіздікке ұшырауы – олардың мəн-мағынасының жоқтығынан емес, өз заманының жағдайына сəйкес келмегендігінен жүзеге аспай қалды, өйткені адамдар санасында айтарлықтай даярлығы бар негіз таба алмауының салдары болды.

Қашан да болса теория жедел түрде алға басады да, практика болса баяу жылжиды, өмір жалқаулана сүйретіліп, үнемі артта қалады да, алысқа ұзап озып кеткен ғылым сəулесін əрең сезінеді. Адам еркіне ұзақ уақыт бойы əсер еткен сезімдер оның жанына өте терең еніп, дағдыға, салтқа айналады да, содан соң іргетасын қиратып, тірегін шайқаса да өзінің орнын қорғай береді. Біздің алдымызда білім жағынан артта қалған, сезім тұрғысынан қарағанда өзінің əдет-ғұрпына берік батқан, сонымен бірге жедел түрде даму қажеттігін сезінген, əр кезеңде прогресс (өрлеу) дөңгелегіне жармасатын қазақ халқы тұр. Бұл халықта əдеби кітаптар ғана емес, өзінің ана тіліндегі оқулықтары да жоқ, яғни қандай болса да мəдени-ағарту жұмысын бастауға негіз боларлық басты құралдың өзі жоқ...

Негізінде қазақтар арасында саяси-ағартушылық, үгіт-насихаттық, партиялық жəне əр түрлі басқа да жұмыстарды жүргізу қажеттілігі мойындалып, бұл үшін бір қатар ұйымдар мен мекемелер құрылған болатын. Аталған жұмыстар қазақ арасында жүргізіліп отыр ма? – Жоқ. Қазақтар ортасындағы жұмыстың ең қарапайым түрі – кітапханалар мен оқу үйлерін ашудың өзі мүмкін болмай отыр. Қазақ тілінде əдеби кітаптарды шығармай тұрып, қазақтарға кітапханалар мен оқу үйлерін ашамыз деудің өзі күлкілі жайт болып табылады. Қазақтар үшін де, жалпы алғанда қараңғы қалың бұқара үшін де коммунизм идеясы, Гейненің сөзімен айтқанда «шақырылмаған бөтен қонақ». Халық бұқарасының саналылық жағынан алғанда мешеулігі, ал сезім жағынан түрлі тереңірек өзгерістерге деген бейімсіздігі көпке белгілі шындық. Коммунизм идеясы қазақтарға тез арада қонбайды. Біз оны «атты əскер шабуылымен» енгізе алмаймыз, біз оны ұзаққа созылатын қатаң жүйелі ісіміз арқылы орнықтыра аламыз. Ал бұл үшін ешқандай қолайлы алғы шарттары болмаса да, шапшаң түрде табысқа жетеміз деп сенетін жолдастар қатты қателеседі. Қазақ өлкесінің кең байтақтығы, тұрғын халықтың шашыранды орналасуы себепті, темір жолдардың жоқтығы жəне басқа да қатынас құралдары мен байланыстың қиыншылықтары, қазақтар арасында қандай да болмасын жұмысты тез қарқынмен жүргіземін деп, əсіресе үгіт-насихат жəне мəдени-ағарту жұмыстарын жүргіземін деп армандаудың артық екендігін көрсетеді. Аталған салалар бойынша жұмыс жоспары ұзақ мерзімге арналып жасалынып, айқын жетістіктерге жететіндей болуы керек. Біз қазақтар ортасында коммунизм идеясын тарату жұмысын қазақ халқына қызмет етуге даярланған үгітшілер мен насихатшыларды Қазақстанға толтыру арқылы, не болмағанда қазақ тілінде əдебиетті мол етіп шығару арқылы, ал дұрысында, осы екі тəсілдің екеуімен де жолға қоя аламыз. Бірақ мұның алғашқысы немесе соңғысы болсын, ең басты негіз – қазақ тілінде оқулықтар жасалмайынша бос қиял болып қала береді. Қандай болмасын тілде дұрыс оқып, жазу үшін алдымен осы тілдің ережелерін білу қажет, ал тілдің ережелері осы тілдің өзінен, оның қасиеттері мен заңдылықтарынан келіп шығады. Қазақ тілі жеткілікті түрде танылып, зерттелген жоқ. Тіліміздің өзіне тəн ерекшеліктері мен қағидаларын игере отырып, зерттеу үстінде оның ережелерін тұжырымдауға тура келеді. Ереженің əрқайсысы оның дұрыстығын растайтын халықтың ауыз əдебиетінен алынған көптеген үгіт-нұсқаларын зерделеп түйіндеуден келіп шығады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жұмыс қиындығы мол, еңбекті көп керек ететін іс, көп уақыт пен орнықтылықты қажет етеді. Мен қазақтар арасында жүргізілетін мəдени істердің ішінде қазақ тілінде оқулықтар жазу жөніндегі жұмысымды өзімнің басты қызметім санай отырып, өзге жұмыстарға тек аса қажеттілік туғанда ғана белгілі мөлшерде уақыт бөліп отырдым. Мен РКП программасын (бағдарламасын) ұзақ уақыт бойы қазақ халқын азат етудің жолдарын іздестіруден соң барып қабылдаған едім. Өтінішімнің 3, 4 жəне 5 бапта- рында мен неліктен партияға кіретінімді айқын жазған едім. Партияның бағдарламасын ешқандай жеңіл ойсыз жəне өзімді өзім алдаусыратпастан саналы түрде қабылдай отырып, мен өзімнің пікірімді айтуға құқым бар деп есептеймін, қазақтар арасындағы жұмыстардың бағыттары мен əдіс-тəсілдері жайында өзіндік ой-пайымдауларымды білдіруге еркінмін деп санаймын. Халық ағарту комиссары бола отырып, КЦИК (ҚОАК) төралқасының мүшесі əрі қазақ оқулықтарын жасау жөніндегі редакциялық алқаның төрағасы ретінде мен екінің бірін таңдауға: не қазақ тілінің оқулықтарын даярлау ісімен айналы- суды, немесе шынын айтатын болсақ, мен сияқты басқа да қазақ жолдастарға ешқандай пайдасы жоқ партиялық жиналыстарға қатысуды қалауға мəжбүр ететін жағдайға тап болдым. Мен мұның алғашқысын қаладым, неге десеңіз, өзімді қазақ тілі турасындағы еңбекке икемдірек жəне пайдалырақпын деп ойлаймын. Бұл саладағы менің қызметім партиялық жина- лыстардағы отырыстармен салыстырғанда анағұрлым нəти- желірек болатындығына еш шүбəм жоқ. Партия жиналыстарына жұмсалуға тиісті уақытты мен босқа (ойын-сауыққа) йаки партия қызметіне еш пайдасыз істерге жұмсаған болсам ғана, жиналысқа қатыспауым тура- лы айыпталуымның мəн-мағынасы болар еді. Дəл осы сияқты жарнаны уақытысында төлемеуім жөніндегі кінəлауды да баспа станогы РКП қолында болмаған жағдайда орынды болар ма еді, ал станок партия қолында тұрғанда мүшелік жарнаның төлену мезгілі партиялық істерде айтарлықтай маңызды рөл ойнамайды. Менің Алашорда ұйымына қатысуым туралы айыпталуыма келсек, бұл жөнінде мені партияға алған партия ұйымы жақсы білді. Менің өтінішімді жəне партияға кіргенімді хабарлап, өлкелік басылымда жария еткен де солар еді. Мен «Алашорданы» алғашқы құрушылардың бірімін жəне осы ұйымның ішінен Кеңес өкіметін бірінші болып мойындаған да мен едім. Кеңес үкіметі жағына шығуға мəжбүр етілдім дейтіндер жаңылысады. Бұған аса қажеттілік ол кезде болған жоқ, өйткені мен Кеңес үкіметі жағына 1919 жылдың басында, Колчак əскері Самара маңында тұрғанда өткенмін. Осы айтқанымды ескере келе, менің іс-қимылдарымның маңызы кемдеу жағын көріп, жұмысымның маңыздырық тұстарын көрмеген партияны тазалау жөніндегі аудандық комиссияға мүше жолдастардың бұл іске қатынасында жеткілікті дəрежеде байыптылық таныта алмаған деп түйемін. Егер де мені коммунистік идеяға қайшы келетін əрекеттерім үшін партиядан шығаратын болса, жұмған аузымды ашпас едім. Ондай қадамдар мен қылықтарға мен барғаным жоқ, сондықтан мені партиядан шығару туралы комиссияның қаулысын қанағаттандырарлық негізі жоқ деп есептеп, оны өзгертуді өтінемін.

Ахмет Байтұрсынұлы. 1921-ші жылдың 15-қарашасы.

Орынбор қаласы.

(«Алаш ақиықтары», 221-224 б.)

Ескерту:

Бұл маңызы зор құжатты 1996 жылы қазақ тіліне тəржімалап, «Ақиқат» журналының 9-санына (Б.80-81) жарияла- ған – Ж.Сүлейменов, ҚР Президенті мұрағатының қызметкері. 2006 жылы жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың құрастыруымен «Алаш» баспасынан жарық көрген «Алаш ақиықтары». Мақалалар, деректі құжаттар аудармалар» атты жинақтың екінші бөлімі осы ресми құжатпен ашылған. Қазақ тіліне аударылған нұсқасы еніп отыр. Өтініштің түснұсқасы ҚР Президентінің мұрағат қорында сақтаулы.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар