Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Букерді отандық қаламгерлер қашан алады?...

28.11.2023 1118

Букерді отандық қаламгерлер қашан алады? 12+

Букерді отандық қаламгерлер қашан алады? - adebiportal.kz

Әлемге танымал әдеби марапат дегенде жұртшылықтың есіне әу дегенде Нобель сыйлығы оралатыны анық. 1901 жылдан бері табысталып келе жатқан Нобель сыйлығының 2023 жылғы иегері норвег драматургі Ион Фоссе болды. Әлем әдебиетінде Нобель сыйлығынан өзге де беделді, әрі табысталатын қаржысы да қомақты сыйлықтар бар. Нобель сыйлығының сомасы – шамамен 150 мың АҚШ долларына тең болса, 2002 жылы Швеция үкіметінің тағайындауымен беріліп келе жатқан Астрид Линдгрен сыйлығының бәсі – 700 мың долларға жетеді. Балалар мен жасөспірімдердің әдебиетке деген қызығушылығын арттыру және әдеби туындылардың күллі әлемдегі балаларға қолжетімді болдыру үшін балалар тақырыбында туындылар жазатын қаламгерлер мен қызықты иллюстрациялар салатын суретшілерді ынталандыру үшін шведтің көрнекті балалар жазушысы Астрид Линдгреннің (1907-2002) құрметіне берілетін бұл сыйлықтың 2023 жылғы иегері америкалық жазушы Лори Халс Андерсон болды. 

Әлемдік аренадағы беделді әдеби марапаттардың бірі – Букер сыйлығы. 1969 жылдан бері беріліп келе жатқан Букер сыйлығына ие болу үшін автордың туындысы Ұлыбританияда немесе Ирландияда жарық көрген болуы керек. Әрбір сыйлықтың артында, оның әдебиетті дамыту мақсатынан өзге, белгілі бір мемлекетті, тілді, ұлттық әдебиетті дүниежүзілік ауқымда насихаттау, ықпал арттыу жататыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Букер сыйлығы 2013 жылға дейін Британдық ұлттар достастығы, Ирландия және Зимбабве ауқымындағы, ағылшын тілінде жазылған романдарға беріліп келген болатын. 2014 жылдан кейін Букер сыйлығын тағайындаудағы бұл шектеу автордың қай елдің азаматы болуына қарамастан, жазған романы ағылшын тілінде болса берілетіндей мүмкіндікке өзгертілді. Жеңімпаз 50 мың фунт стерлингке ие болады. 

Букер сыйлығының бір ерекшелігі – үміткерлер тізімін түзу процедурасы. Букер сыйлығын беру үшін ең әуелі құрамы жыл сайын жаңартылып отыратын консультативтік комитет шамамен жүз кітаптан тұратын тізім әзірлейді. Бұл консультативтік комитетке беделді баспа өкілдері мен қаламгерлер, әдеби агенттер, кітап сатушылар мен танымал кітапханалар мен Букер сыйлығы қорының өкілдері кіреді. Комитет өз ішінен бес адамды төреші етіп сайлайды. Олар негізінен танымал әдеби сыншылар, жазушылар, қоғам қайраткерлері болып келеді. Тамыз айында төрешілер 20-25 романнан тұратын ұзыннан ұзақ тізімді, яғни «лонг-парақты» жариялайды. Ал қыркүйек айында осы романдардың ішінен алтауын қалдырып қысқа тізімді, яғни «шорт-парақты» ұсынады. Ал қазан айында иегердің есімін атайды. 

Букер сыйлығы уақыт өте келе «балалары» пайда болды. Яғни «Халықаралық Букер сыйлығы», «Азиялық Букер» (Азиялық авторлардың үздік роман үшін), «Орыс Букері» (орыс тіліндегі үздік роман үшін) тағайындала бастады. Халықаралық Букер сыйлығы 2004 жылдан бері «Man Group қорынан, Букер сыйлығының үстеме қосымшасы ретінде беріліп келеді. Бұл әдеби сыйлықтың Букер сыйлығынан айырмашылығы – ағылшын тіліне аударылып, Ұлыбритания мен Ирландияда жарық көрген кез келген ұлттың жазушысына берілетіндігі. Жаңа пұрсат бойынша бұл сыйлыққа лайықты деп танылған туындының 50 мың фунт стерлингтік қаржысы автор мен аудармашыға теңдей етіп бөліп беріледі. Сонымен қатар шорт-параққа аты-жөні енген авторлар мен аудармашылар да 2500 фунт стерлингке ие болады. 

2023 жылғы Букер сыйлығына ирланд жазушысы «Пайғамбар жыры» атты антиутопиялық романы үшін Пол Линч ие болды. Бұл сыйлықтың шынайы иесін айқындау үшін қазылар алқасы алты сағат бойы талқылау жасап, бірнеше мәрте дауыс берген. «Пайғамбар жыры» – ирландиялық жазушының бесінші романы екен. Букерге лайық деп танылған романның басты кейіпкері – Ирландияда орнаған тиранияға қарсы күрескен ғалым әйел. Құпия полиция күйеуін ереуілге қатысқаны үшін ұстап әкеткен соң, төрт баласын қаншама қиындықтарға тап келе жүріп өзі асырап өсіруге мәжбүр болған қайсар ананың өміріне құрылған бұл туынды туралы Букер сыйлығы қазылар алқасының төрағасы, канадалық жазушы Эси Эджуан былай деп атап көрсеткен екен: «Бұл роман – селт еткізерлік әсерлі, әрі оқиғасы оңайға ұмытыла қоймайтын нәзік туынды. Қимылы әбжіл әрі рақымсыз, тап келген кедергіден жалтарып та үлгереді. Бұл авторлық биікте тұрып айтылған ерекше батыл, соншалықты әсерлі суреттеу». 46 жастағы жазушының айтуынша өзінің туындысына Сириядағы соғыс пен босқындар мәселесі және оған деген Батыс әлемінің немқұрайлы көзқарасы негіз болған. 

Букер сыйлығына ие болған біршама жазушы кейін Нобель сыйлығының иегері болғанын атап өткен дұрыс. 

Ал Халықаралық Букер сыйлығының 2023 жылғы иегерлері – болгариялық жазушы Георгий Господинов болды. Аудармашысы – ұлыбританиялық Анджела Родель. 

Қазақ жазушыларының арасында әзірге ағылшын тілінде жазып, өз туындысымен осы аса ауқымды аудиторияға танылғандар турасында әзірге хабарымыз жоқ. Бірақ қазақ, орыс тіліндегі шағын жанрларда жазған дүниелерін ағылшын тіліне аудартып, еңбегінің аз да болса жемісін көріп жүрген бірлі-жарым қаламгерлеріміз де баршылық. Бұл – болашақ биіктерді бағындырудың баспалдағы екені сөзсіз. Отандық қаламгерлердің Букер, Нобель, Кафка, Астрид Линдрген және басқа да беделді әдеби сыйлықтарға ие болатын күні жақын дегенге сенеміз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар