немесе тылсыммен тілдескен жазушылар (жалғасы)
Қыста, аязды күні аяғы тайып құлап, сылтып басып, дәріхана аралап жүрген жас әйелді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Әйелдің әлемтапырық түрі, мұң тұнған жанарына қарап, бұл адамның жақынын ауыр дерттен құтқарғысы келіп, жанталасқанын түсінесіз. Бәлкім, әйелдің жалғыз ұлы өлім алдында жатқан шығар, әлде сүйгені ажалмен арпалысып жатыр ма?
...Әйел әр дәріханаға кірген сайын «сізде морфий бар ма?» дейді жалынышты үнмен. «Жоқ» деген жауапты ести салысымен келесі көшедегі дәріханаға қарай сүрініп-қабынып жүгіреді. Бұл – бұдан бір ғасыр бұрынғы Киев көшесіндегі картина.
Ұқсас мақала: Тылсыммен тілдескен жазушылар
Әрине, әйелдің әрекетін түсіне де, қабылдай да алмайсың. Морфий әйелдің өзіне емес, күйеуіне керек еді. Оның күйеуіне деген сезімі, махаббаты, отбасын сақтап қалғысы келіп жанталасуы, күйеуін нашаға тәуелділіктен құтқарғысы келіп арпалысуы – бәрі тым-тым қымбатқа түсті. Оның күйеуі кім еді дейсіз ғой? Әйгілі жазушы Михаил Булгаков.
Әйелін морфийге жіберіп, күтуге шыдамы жетпей, көше бойында жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап тұрған жазушының әрекетін, болмысын қабылдай аласыз ба? Бірақ... жазушының құнды дүниелер жазу үшін өмірінің құнын төлегенін, «оқырманыма ақиқатты танытамын» деп үлкен құрбандыққа барғанын білеміз бе? Ақиқатты іздеу мен оны танудың жүрекке, жүйкеге қаншалықты салмақ түсіретінін пайымдай аламыз ба? Қарама-қайшылыққа толы болмысымен алысып, өзін бірде жеңіп, бірде жеңе алмай, өзін құтқара алмай жүріп, әлемді құтқарғысы келіп жанталасқанын, әлемнің мұңы жалғыз өзінің мойнында тұрғандай, адамзаттық мәселелерге бас қатырып, күрсінгенін ести алдық па? Жалпы үлкен дарынды көтеріп жүрудің өзі ауыр екенін, Ібілістің өзі осындай ерекше жандарға «ғашық» екенін, талантты адамды жиі арбайтынын түсіне аламыз ба?
Егер Булгаков бізге «паралельді әлеммен» «байланысқа» түспесе, өз басынан мистикалық жағдайлар өтпесе, «Шебер және Маргаританы» жаза алар ма еді? Жоқ!
Булгаков күнделігіне 1918 жылдың күзінде ауырып, қалшылдап, морфийге тәуелділіктен құтыла алмай, қиналып жатқан кезінде бөлмеге Гогольдың кіріп келіп, өткір көздерімен кіналай қарап, саусағымен «сес көрсеткенін» жазады. Булгаков Гогольдың өзінің морфийге тәуелділігін құптамағанын түсініп, сол күннен бастап нашадан бас тартады. Жас дәрігер туралы «Морфий» атты шығарма жазып, өзгелерге ой салады. Анығы өзі туралы жазды, Булгаковтың негізгі мамандығы дәрігер. Булгаков дәрігер болып жүрген кезінде ауруларға тегін берілетін морфийдің «қызығын» аз көрген жоқ. Әрине, Булгаков Гогольді көруін жақсылыққа жорыды, «шығармашылығым да, өмірімде сәттілік болады» деп қуанды.
Бұл оқиғадан кейін арада тоғыз жыл өтті, тағы да Булгаковтың өмірінде сәтсіздік пен құлдырау. Бұл кезде қиыншылықта қасында болған, тіпті дәріхана аралап, морфий іздеген, жоқшылықта бірде ата-анасынан қарыз алып, бірде алтындарын ломбардқа өткізіп, күйеуіне сүйеніш болған Татьянамен ажырасып кеткен еді. Екінші әйелімен үйлесімнің болмауы, ұрыс-керіс, шығармаларының жарық көрмеуі, жоқшылық, депрессия... бәрі жазушыны шаршатып, қажытып еді.
Бірінші жары Татьяна Булгаковқа жазуға, шығармашылықпен алаңсыз айналысуға жағдай жасады. Екінші әйелі Любовь көңілді ортаны жақсы көретін, жазушының қас-қабағына қарай бермейтін жан еді. Бірде музыканы айқайлатып қойып, өзі де музыкаға қосылып, ән айтып, билеп жатады. «Люба, мен жазу жазып жатырмын» дейді тыныштықта ғана жаза алатын жазушы. «Сен Достоевский емессің ғой» деп кекетеді әйелі. Әрине, әйелінің көзқарасы, түсінігі Булгаковқа ұнаған жоқ.
Осындай шаршап жүрген күндердің бірінде Булгаков Мәскеу көшелерінде ұзақ жаяу жүрді. Үйіне қайтқысы келмеді. Бір кезде тағы да баяғы өткір көзқарасты сезінді. Тағы да қарсы алдында Гоголь тұрды. «Маған жазушы көзімен сәулетті үйді меңзеді. Арада көп уақыт өтпей, сол үйде тұратын болашақ жарым Еленамен кездестім. Гоголь маған өмірімнің ең қиын шақтарында көрінді» деп еске алады Булгаков.
Тылсыммен тілдескен жазушының өмірі мистикаға толы. Булгаков романындағы «...примусты жөндеп жатырмын» деген эпизодты өңдеп жатқан кезінде жазушы тұратын үйдің жоғарғы қабатынан өрт шығып, айнала у-шу болып кетеді. Мына сәйкестікке қараңызшы, әлгі үйдің ас бөлмесіндегі примусты қосып, ұмытып кетеді, содан өртті әзер сөндіріпті.
Біз, қарапайым адамдар әлемдегі ақ пен қара бояуды ғана көреміз, оны әділдік пен әділетсіздік, шындық пен өтірік, шынайылық пен жасандылық, табиғилық пен жағымпаздық, шынайы құрметтеу мен өтірік көлгірсу, ақ пейіл мен қара ниеттің формасында сезінеміз. Өмірдің ақ пен қара бояуы – ізгілік пен жамандықтың бейнесі. Әрі кетсе, өмірді кемпірқосақ кейпінде көреміз. Жо-жоқ, біздің қарапайым, қарабайыр түсінігіміз Булгаковқа жат еді. Себебі, ол уақыт пен кеңістіктің біз білмейтін құпиясын, олардың «ойын ережесін», қара күштердің қандай адамдарды өздерінің қуыршағына айналдыратынын түсінді. Адамзатқа «паралельді өмірдің» кейіпкерлерін көру, олардың адамзатқа қаншалықты жаман жағынан ықпал ете алатынын түсіну жүйкесі онсыз да әлсіз жазушыға, әрине, оңай болмағаны анық. Булгаковтың «Шебер және Маргарита» романындағы жамандық пен қорқынышқа толы №50 пәтерді есіңізге түсіріңізші. Саналы адам баласы өмірінде бір рет болса да, қандайда бір үйдің немесе сарайдың, малхананың, сарайдың қасына барса, бойын түсініксіз бір үрейдің билегенін бастан кешеді. Әйтеуір сол жермен байланысты бір құпия бардай қорқынышпен көз салады. Ал Булгаковтың №50 пәтері – бізге «паралельді әлемнің» кейіпкерлері өмір сүретін, адамға үрей сыйлайтын қорқынышты пәтер.
Булгаков «Шебер мен Маргарита» романында кейіпкерлерін «паралельді әлеммен» бірде бет-бет кездестірсе, бірде оларға «паралельді әлемді» айна арқылы көрсетеді. Мысалы, Степа айнадан үлкен қара мысықты көреді, сол сәтте ол жоғалып кетеді. Әйнек сынығынан Маргарита әртүрлі «бейнелерді» көреді.
Шаршаған, қажыған Маргарита өзіне қолжұмсамақ ойда жүргенде шайтандардың балына қатысады. Кеште Маргарита әйгілі музыканттар Иоганн Штраусты, Анри Вьетанды кездестіреді. Кейбір әдебиетшілер Булгаков «кейбір адамдар талантты Ібілістен алады» деген ойды айтқысы келген» деген пікір айтады.
... Бодлерді өмір бойы бір сауал мазалады: «Оның құлағына өлеңді сыбырлайтын Құдай ма, әлде Ібіліс пе?». Ол осы сұраққа бас қатырып, жауабын таба алмады. Әйгілі скрипкашы Паганиниді көзі тірісінде-ақ «шайтанға жанын сатқан» деп айыптағандар аз емес. Тіпті Паганини дүние салғанда шіркеу қызметкерлері «шайтанға жанын сатқан композиторды зиратта жерлеуге қарсымыз» дейді. Достары Паганинидің мүрдесін әрі-бері тасып, арада біраз ай өткесін бір досының үйінің ауласына көмеді. Арада 36 жыл өткенде ғана Паганиниды христиан жоралғысымен қайта жерлейді. Сол секілді Булгаков жайлы да «шайтанмен шарт жасасқан» деген әңгіме қарапайым оқырман түгілі, әдебиетшілер арасында аз айтылмайды. «Булгаков Ібіліспен кездеспесе, шайтандардың әлемін білмесе, «Шебер және Маргаританы жаза алмас еді», мұндай романды жазуға талант пен түйсік, білім мен еңбек аздық етеді» дейді олар.
Өмірде жолы болмаған, сәтсіздіктен шаршаған адамдардың бір тобы Құдайға сыйынып, сұрағына жауап іздейді. Құдайға жақындау арқылы өмірден мән табады. Құдайдың махаббатынан саналы түрде күдер үзіп, қара күштер арқылы (Ібіліс, шайтан) тез арада мақсат-мүддесіне жеткісі келетін (анығында, адамзатқа жау шайтан адамды ешқашан мақсатына жеткізген емес), өздерін қара күшке билетіп, олардың табанында тапталып, өмірлерін шын мәнінде тозаққа айналдыратын әлсіз, ашкөз адамдардың әлемін Булгаков шебер суреттейді. Құдай – мейірім мен шексіздік. Ал Ібіліс адамзатты ешқашан бақытсыздықтан құтқарған емес. Маргарита мұны білмеді емес, білді, бірақ шеберге деген сезімі үшін, махаббаты үшін ол бәріне дайын еді, Воландпен (шайтанмен) келісім-шарт жасасады. Оның ендігі өмірі қара күштердің қолында, саналы түрде өзі таңдады. Құдай алыстан адамдарға бір сәуле көрсетсе де, көзімізді жұмып алып, ашпаймыз. Айтпақшы, Маргарита шайтандардың балына түсінде барады, бірақ біздің түсіміз – санамыздың түкпірінде жасырынып жатқан ойымыз бен құштарлығымыздың, ниетіміз бен арман-мақсатымыздың көрінісі шығар?
«Шебер және Маргаританы» театрда сахналамақ болғанда не роман желісімен кино түсірмек болғанда режиссерлер мен актерлер сәтсіздікке ұшыраған оқиғалар аз емес. Себебі, мистикалық шығарманың тылсым қуаты бар. Тіпті режиссер Михаил Ром: «Шебер мен Маргарита» сынды шығармаларды киноға айналдыруға болмайды. Қауіпті, өте қауіпті» деді.
Театрда, әсіресе Воландтың (шайтан) рөлін ойнауға актерлер қорқады екен. Себебі, олар бұл рөл бақытсыздық пен қайғы әкеледі деп сенеді. Шайтан бейнесін сомдаған актерлердің бірі бір айдан соң, дүниеден өтсе, енді бірі спектакль ойнап жүргенде жүрек талмасы ұстайды, енді бірі спектакль басталарға аз уақыт қалғанда ес-түссіз құлаған. Шайтан бейнесін ойнаған актерлер көбіне бір-екі айдан кейін осы рөлден кейін сәтсіздіккетап болғанын айтып, бас тартады екен. Сахналаған режиссерлердің өмірінде де сәтсіздік аз болған жоқ.
Юрий Караның «Шебер және Маргаританы» фильмге айналдырмақ болғандағы сәтсіздігін айтпағанда, фильмнің операторы, композиторы, суретшісі және актерлер Альфред Шнитке, Роман Ткачук қайтыс болады.
Булгаков кеңестік кезеңде «мен мистик жазушымын» деді. Бұл ол кезде «мен сиқыршымын» дегендей әсер қалдыратын. Бәлкім, жазушы «атеист қоғамға» Құдайдың да, Ібілістің де бар екенін, олардың жай аңыз-ертегі кейіпкерлері емес екенін, бізге «паралельді әлемнің» «табылдырығын» аттаудың қаншалықты қорқынышты екенін түсіндіргісі келген шығар?!
Өмірінің соңғы сәтінде Булгаков әйгілі «Шебер және Маргарита» романындағы Маргаританың «Табыттың соңынан келе жатқан әдебиетшілер ме?» деген сөзін редакциялайды. Осыдан кейін көп өтпей жазушы қайтыс болады.
Булгаковтың масон болғаны туралы, оның қара күштермен байланысты болғаны соңғы кезде жиі айтыла бастады. Булгаковты тану – бұл жазушыны ғана тану емес, бізге беймәлім тылсым әлемнің, «паралель әлемнің» сырын ұғу.
Аягүл МАНТАЙ
(жалғасы бар)
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.