Ол кезiнде «шарж» деп менің де суретімді салған. Салғаны құрысын, өз түрімнен өзім шошығамын. Онсыз да жетісіп тұрғаны шамалы еді, ендi тiптi албастының өзі боп шыға келіппін. Бәрінен бұрын «аузыма» қараймын. Жоқ, бұл ауыз емес, апан секілді. Бетім бет емес, тек ауыз секілді. Қобыландының Тайбурылы секілді «астыңғы ернім жер тірейді, үстіңгі ернім көк тірейді». Жә, ерінді қойшы, Оспанхан ағам айтқандай, оның о бастан «бір кусок ет секілді» екені рас қой, ал... сәл сүйірлеу біткен иегіме аса ренішім жоқ еді, енді бұны да әкемнің қайыңнан шапқан шөмішіндей етіпті. Жә, бұны да қойшы, Әкемнің шөміші төрімнің басында тұрмаса да ернімнің астында тұрғанына да шүкірлік, ал мына «қара шыбынға» не деймін!? «Шыбын» деп отырғаным – мұрнымның үстінде басқа түгілі әйелім де байқай бермейтін тарыдан үлкен, бидайдан кіші бір меңім бар еді, соны енді екі көздің қиылысар тұсына «қара шыбын» қып қондыра қойыпты. Бұнысы не, мазақ па? Шаш мынау. Бір айыр топанды атқорадан алып, басыма шашып жібергендей. «Өзіме де обал жоқ» деймін «жер тіреген» астыңғы ернімді тістей отырып. Таяуда ғана редакциямызға («Қазақ әдебиетіне») бір топ жазушының осындай «әдемі» суреттерін алып келген Еркін: «Сені де салайын ба?» – дегенде, мен күліп тұрып: «Салсаң, сал», — деп едім. Ал енді күл! Салған түрі мынау!
— Түрің бұзылып кетті ғой. Ұнамады ма? – дейді ол менің қарсы алдымдағы орындықта күле отырып.
— Мынадай суреттен түріңді қойып, қаның бұзылар, — деймін мен.
— Енді не істейін?.. – дейді ол күлкісін тия қойып, Обалы нешік, мені сыйлайтын, мені тыңдайтын әдеті бар еді, соны пайдалы қалған мен:
— Құрығанда мына еріндердің жартысын құрт! — деймін.
— Сонда несі қалады?
— Жартысы қалады. Сол да маған жетеді.
— Саған жеткенмен шаржға жете ме ол? Шарждағы басты детальды құрту бүкіл мазмұнды құртумен бірдей ғой.
— Менің бүкіл мазмұным аузымда тұрса да соның жартысын ғана қалдыршы, — деймін мен енді жалынғандай.
Оның жапалақ көздерінен бір қу күлкінің ұшқыны жылт ете қалды да, сосын:
— Сенің мазмұның аузыңда емес, Көзіңде ғой, – деген салмақты түрде. Деген де, жылы қоштасып шығып кеткен.
Арада бір апта өткенде өз газетіміздің жаңа нөмірін қарап отырсам, бесінші беттің балағындағы «Достық әзілдерде» мен де тұрмын. Өткен жолғы сурет. Бірақ имантаразылау. Бастысы, «Тайбурылдың еріні» өз ерніме жақындап қалыпты. Мұрын үстіндегі «қара шыбын» мен «әкемнің шөміші» өз орнында тұрғанмен аса оғаштығы жоқ. Бәрі дұрыс. Алайда... бір нәрсе жетпей тұрған сияқты. Не жетпейді? Түсінбеймін. Осы мезетте бөлмеге Ғылым Академиясында істейтін бір жас ғалым келе қалған. Ол газетте «менің» жанымда тұрған екі суретке — (ұмытпасам, я Тұрсындiкi, я Ұлықбектікі) қарап, ал кеп күлсін.
— Қатырыпты, ей! Өлтіріпті, ей! – дейді мәз болып, Сосын бір сәтте:
— Сізді де салыпты ғой, – деген жай ғана. — Мына жердегі көзіңізден біреуді сөзбен қағып жібергелі тұрғаныңыз байқалады. Тонкий дүние!
Мен суретке қайта қараймын. Рас, сығырайған Көзіме ұялай қалған болмашы күлкі бар. Бір нәрсе айтар алдын- да көзімнің күні бұрын «сатқындық жасап» қоятынын талайдан естігем. Еркін дос соны дәл ұстаған, мінеки. Ал осы көздің астында алғашқы нұсқадағы «жер тіреген, көк тіреген» ерін тұрса ше? Мен күлдім. Елестетіп күлдім. Ал суретте елес жоқ. Демек, мұнда ой бар, күлкі жоқ. Күлкіні құртқан өзіммін. Демек, әп-әдемі шаржды құртқан өзіммін. Қап! Бекер-ақ істеген екенмін!
Еркiн кейін де менімен үш рет «әзілдескен». Бірақ соның бірі де біріншісіндей шыққан жоқ, тегі беті бір қайтып қалған қол ерінге келгенде ылғи да қалтырай берсе керек. Қайран менің байлығым! Ерінім!
— Осы сенің суреттеріңді «натурщиктер» қалай қабылдайды? – дегем мен оған бірде.
– Қалай қабылдайды? Көбі баяғы сен сияқты қабылдайды. Бірақ олар сен сияқты газет-журналға шықпай тұрып артық-ауыс жерлерін сыздырып-бұздырып тастауға мүмкіндіктері болмай қалады да, артынан Қыр- жиып, тыржиып жүреді. Мысалы, Кәдекең (жазушы Кәдірбек Сегізбаевты айтады) қыржиған жоқ, тыржиған жоқ, алайда: «Әй, бауырым, ағаңды моржадан шыққан мысықтай қап-қара ғып қойғаның не? Бұның осы «достық әзіл ме, қастық әзіл ме?» дегені бар. Ал Асқар Сүлейменов: «Мыстан кемпірден аумай қалыппын. Ну и что-ж, ұқсап тұрған соң, амал не!» деген имек мұрнын шүйіре күліп.
— Шерағаңмен де «әзілдесіп» едің ғой...
— «Әзілдескем». Бір емес, бірнеше рет... Оны еске алмас бұрын мына жайды айтқан жөн. Осы өнер жолында мен екі адамға қарыздармын. Біріншісі — бүгінде ұлттық өнердің үлкен жанашыры болып жүрген, өзің білетін журналист, суретші Мұхаметжан Әлімбаев. Бірде оның үйіне барғанда, ойнап отырып Зылиқа замандастың «суретін» шимайлай салғамын. Күлдірейін дегеннен басқа ойым жоқ еді. Рас, күлді. Мұхаметжан да, Зылиханың өзі де ішектері қатқанша күлді. Сосын бір мезетте Мұхаметжан күлкісін кілт тия қойып:
— Мынау керемет! Бұл – өнердің көкесі. Бірақ осы өнермен түпкілікті айналысып жүрген ешкім жоқ. Тиіп- қашып Казанцев айналысады. Кейде жазушы Қалмұқан Исабаевтың суреттерін көріп қалам. Бұны Олжас пен Герольд та ермек етеді деп естимін... Давай, сен осымен тұрақты айналыс, Еркiн. Белгілі-белгілі деген екі-үш адамның шаржын тез қағазға түсір де, маған алып кел. Екеуміз оны «Қазақ әдебиетіне» алып барайық, – демесі бар ма.
Мен келістім.
Көп өтпей-ақ Мұхаметжан екеуміз Ғабиден Мұстафин, Оралхан Бөкеев, Асқар Сүлейменовтің суреттерін көтеріп, “Қазақ әдебиетіне” бардық. Бас редактордың орынбасары Әбiраш Жәмішев оларға күле қарап, қабылдап алды. Сөйтіп менің қолымнан шыққан үш шарж алғаш рет аталған газеттің 1982 жылғы наурыз айындағы бір санында Мұхаметжанның алғысөзімен жарық көрді. Кейін бас редактор Шерағаңның өзі шақырып алып, тапсырма беріп тұрды. Кездесе қалған жерде: «Еркін мырза-а, сурет қайда-а?» дейді. Маған осы жетеді, жаңа дүниелерімнің сиясы кеппей жатып алып келемін, Шерағаң нөмірге салып жібереді. Сөйтіп 1990 жылдарға дейін «Қазақ әдебиетінде» жүзден астам адаммен «әзілдескенім» бар. Айтпақшы, сол жылдары осы газетте істеген саған бұның бәрі белгілі емес пе?..
— Маған белгісізі...
— Шерағаң өз суреттерін қалай қабылдады дейсің ғой?.. Бір күні ол кісінің алдына барып: «Аға, сіздің де шаржыңызды жасап едім...» деп едім, ол: «Ешкімді аямаушы едің. Мені де оңдырғаның шамалы шығар, Әкеел, көрейік», – деді. Көрсеттім. Мұрты едірейіп, көзі шатынап, жауына атылғалы тұрған жолбарыс сияқты суреті еді, ол мырс ете қалды да, қағаз сыртына «Ш.М.» деп, қол қойып берді. Бұдан кейін де басқа басылымдардың заказымен оның бірнеше суретін салдым. Бәрін де «оңдырғаным шамалы». Қыза-қыза тым артық кеткен де кезім бар. Бірақ Шерағаңнан бір ауыз өкпе естіген емеспін. Өнерді түсінетін адамдар сөйтеді, әне!
Соңғы сөзі – мені сүйкеп өткені. Ренжуге болмайды. Өнерді біз түсінбесек, басқа кім түсінеді? Бірақ... түсінбейтін жөнiмiз де бар. Француздың сайқымазақ суретшілері XVIII ғасырдың өзінде корольдердің аузын қисайтып жіберген. Орыстың қылқалам шеберлері ХІХ ғасырда патша сарайындағылардың бірін ит, бірін доңыз Қылса, XX ғасырдың басында П.Н. Лепишинский деген қу Лениннің өзін мысық қып «миаулатқан». Жә, тақтан кеткен, өліп қалғандарды қойшы, Мәскеудің қазіргі карикатура қасқырлары Путинді де оңдырып отырған жоқ. Ал бізде... сондай бір «тосын өнерді» дәстүрге айналдырам деп Еркін деген ер шыға келсе, біз қалай оған үдірейе қарамаймыз? Үдірейгенбіз, үріккенбіз. Сосын ол берісі Алматыдағы, арысы Мәскеудегі жақсылар мен жайсаңдарды шетінен көгендеп қойып, бастарына маска кигізіп жібергенде, бәріміз бірігіп күлгенбіз.
Еркіннің «қисық» суреттері туралы ұзақ хикаяның бір тарауы – осы міне. Мен келідей емес, келісаптай кезінен білетін Еркін Нұразханның өнер жолы осындай міне...
19 шілде күні ҚР Ұлттық музейінде суретші Еркін Нұразханның "Шарайна" атты жеке көрмесі ашылды. Көрме 10 қыркүйекке дейін жұмыс істейді.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.