Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕТЕЛ ӘДЕБИЕТІ
Джалал Але Ахмад. Бөтен бала...

15.04.2019 6410

Джалал Але Ахмад. Бөтен бала

Джалал Але Ахмад. Бөтен бала - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Мен не істей алар едім? Күйеуім мені баламмен бірге асырағысы келмеді. Бала одан емес еді. Бала мені тастап кеткен, оған да қарағысы келмеген бұрынғы күйеуімнен болған. Егер менің орнымда басқа біреу болғанда не істер еді? Менің де өмір сүруім керек қой... Егер екінші күйеуім де тастап кетсе не істеймін? Қалай болғанда да баладан құтылуым керек болды. Мен сияқты сауаты жоқ әйелдің ойына бұдан басқа ой келмеді. Не жолды білмедім, не басқа амалын да таба алмадым. Жерді білмедім демеймін. Баланы бөбектер үйіне немесе басқа бір жерге тапсыруға болатынын білдім. Бірақ, ол жерлер менің баламды қайдан қабылдасын? Тұрғызып қойып, абыройымды төкпейтіндігіне, өзім мен балама мың-сан ат қойып, айдар тақпайтындығына кім кепіл?! Қайдан?! Істің былай аяқталғанын қаламадым.

Сол күні кешке істі бітірген соң үйге келдім. Істегенімді анам мен көршілерге айтып бердім. Қайсы екенін білмеймін, біреуі:

– «Қатын, балаңды бөбектер үйіне тапсырғың келді ме, әлде жетімдер үйіне ме?» деп сұрады. Тағы қай жерлерді айтқанын білмеймін, бірақ сол кезде анам оған «Бұған рұқсат береді деп ойлайсың ба? Сен де айтады екенсің!» деді. Мен өзім де бұл туралы ойлағаныма қарамастан, көрші әйел айтқан кезде жүрегім зу етіп, ішімнен өзіме: «Қатын, сен бардың ба, саған жол бермеді ме?» дедім де анама: «Әттең, сөйтуім керек еді» дедім. Алайда, мен олардың рұқсат беретіндігіне сенімді болмадым ғой.

Енді кеш еді. Әлгі әйелдің сөзінен қайғымның үстіне ауыр қайғы жамалғандай болды.

Есіме баламның барлық қылығы, әсіресе тілінің тәттілігі түсті. Бұдан ары шыдай алмай, мұқым көршінің алдында зар еңіреп жыладым. Бірақ, қандай сұмдық іске бардым?! Олардың бірінің ернінің ұшымен: «Жылайды екен! Ұялмайды, тіпті!» дегенін өз құлағыммен естідім. Тағы анам араша түсіп, мені көп жұбатты. Сөзінің жаны бар. Мен әлі жаспын ғой. Бір балаға бола несіне соншалықты таусылуым керек? Оның үстіне екінші күйеуім мені баламен алмайды. Әлі үш-төрт бала табатын уақытым бар. Тұңғышым болғаны рас. Былай істемеуім керек еді. Бірақ, іс бітті. Енді ойлайтын ештеңе қалған жоқ. Мен мұны өз еркіммен істейін деген жоқпын, табандап тұрып алған күйеуім. Бөтен бір еркектің баласын дастархан басынан көргім келмейді дегенін түсінемін. Өзім де ақылға салып, ойланғанда оның айтатын хақы бар дедім. Мына менің өзім күйеуімнің балаларын өз баламдай жақсы көре алатын ба едім? Оларды өз өміріме ауыртпалық, масыл санамас па едім? Міне, ол да солай. Оның да менің баламды, менің балам емес, өзі айтпақшы, басқа бір еркектің баласын дастарханының басынан көргісі келмейтін құқығы бар.

Үйінде болған екі күн бойы бар айтқан сөзі бала туралы болды. Соңғы түні ұзақ сөйлестік. Сонша сөйлескен де жоқпыз. Ол тағы бала туралы айтты, мен тыңдадым. Соңында: «Жақсы, қайт дейсің маған?» деп сұрадым. Күйеуім ештеңе айтпады. Сәл ойланып отырды да: «Қайтеріңді білмеймін. Білгеніңді істе. Мен басқа біреудің баласын өз дастарханымның басынан көргім келмейді» деді.

Алдымнан ешқандай шара қалдырмады. Сол түні қасыма да келмеді. Маған қырсығып қалды. Ортақ өміріміздің үшінші түні бірге болдық. Бірақ, реніші әлі тарқамаған екен. Баланың ісін жылдам бір жаққа шығаруым үшін мені азаптағысы келетінін өзім де білдім.

Таңертең есіктен шығып бара жатқанда: «Түсте келгенде баланы көрмейтін болайын!» деді. Мен өз міндетімді сол уақыттан бастап білдім.

Қазір ойласам, жүрегімнің қалай дауалағанын түсінбеймін. Бірақ, менің еркімнен тыс болды. Жамылғымды басыма жауып, баланы қолынан ұстап, күйеуімнің соңынан сыртқа шықтым.

Балам үш жастар шамасында еді. Аяғы шыққан бала болатын. Бір жаманы, оған үш жылымды кетірдім. Сонысы қиын болды. Бар қиындығы аяқталған. Түн баласын ұйқысыз өткізген күндер артта қалған. Жан тынышығым енді басталған. Алайда, мен істі тындыруым керек.

Машина бекетіне дейін соңынан еріп бардым. Бәтіңке, үстіне жақсы киім кигізгем. Бұрынғы күйеуім сатып әперген көгілдір түсті шалбар мен жейдесін кигізгем. Киімін кигізіп жатқан кезде «Қатын, несіне жаңа киімін кигізіп жатырсың» деген ой келді. Бірақ, көңілім жай таппады. Оны не істейін деп едім? Үстіне киімін кигізіп, шашын тарадым. Сондай сүйкімді болып кетті. Қолынан ұстап, екінші қолыммен намаз жаулығымды беліме басып, ілбіп келе жаттым.

Енді тезірек жүр деп ұрсудың қажеті жоқ. Қолынан ұстап, көшеге апарғаным соңғы рет.

Екі-үш жерде тәтті сатып беруімді сұрады. «Алдымен машинаға отырайық, кейін сатып берем» дедім.

Сол күні де басқа күндер сияқты сұрақ қоя бергені есімде. Бір аттың аяғы арықтағы шұңқырға түсіп кетіпті. Адамдар айналасына жиналып тұр екен. Не болып жатқанын көргісі кеп, көтеруімді сұрады. Көтердім. Аттың алдыңғы аяғы жырылып, қан ағып тұрды. Жерге түсірген кезде: «Апа, аяғы жалаланып қалыпты» деді. «Ия, жаным. Апасының тілін алмаған соң жараланған» дедім де, машина бекетіне дейін аяңдап жеттім.

Әлі ерте болатын. Көлік сапырылысып жүріп жатты. Машина ұстау үшін жарты сағаттай бекетте тұрған шығармын.

Баламның мазасы кетті. Өзім де шаршадым. Сұрай берген соң шыдамым таусылды. Екі-үш рет: «Енді не болды, апа? Машина жоқ қой. Жүл, тәтті сатып алайық» деді. Мен оған тағы «Қазір келеді» дедім. Машинаға отырған кезде оған тәтті сатып әперетінімді айттым.

Ақыры жетінші линияға отырып, Шаһ алаңында түстік. Балам тағы сөйлеп, әр нәрсені сұрай берді. Бір рет «Апа, қайда баламыз?» дегені есімде. Мен түсінбестен, неліктен «Әкеңе барамыз» дегенімді білмеймін.

Балам маған аңтарыла қарап тұрды да: «Апа, қай әке?» деді. Менің енді төзімім таусылған еді: «Жаным, қалай көп сөйлейсің. Енді сөйлесең, тәтті әпермеймін!» дедім.

Қазір ойласам, ішім қалай ашиды. Мұндай нәрселер адамның жүрегін ауыртады. Соңғы рет қасымда болғанда баламның көңілін неге қалдырдым?

Үйден шыққан кезде өзіме жұмысымды аяқтағанға дейін ашуланбаймын, баламды ұрмаймын, оған ұрыспаймын, жақсы қараймын деп уәде берген болатынмын. Қазір жаным қатты ашып отыр. Неге аузын жаптым? Балам тоң-торыс қалды.
Оған қарап, бет-аузын қисалаңдатқан жүргізушінің шәкіртімен сөйлесіп, күліп отырды. Бірақ, мен не оған, не маған қарай берген балама мән бермедім. Жүргізушіге «Шаһ алаңында» дегенімде тоқтады. Түскен кезде баламның күлкісі әлі тыйылмаған еді.

Алаң шулы. Автобустар қаптап жүріп жатты. Мен істі тындырудан жүрексініп тұрдым. Біраз жүрдім. Мүмкін, жарты сағат өткен болар. Автобус азайды. Алаңның шетіне келіп, қалтамнан он «шаһи»[1] алып балама бердім. Балам маған таңдана қарады. Ақша алуды әлі білмейтін. Қалай түсіндірерімді білмедім. Алаңның арғы жағынан асқабақ пістесінің сатушысы айғайлап жатты. Саусағыммен соны нұсқап: «Ал, бар, тәтті сатып ал. Өзің барып, сатып алуды білесің бе, көрейін...» дедім. Балам ақшаға бір қарап, маған бір қарап: «Ана, сен де жүлші» деді. Мен: «Жоқ. Мен осы жерде сені қарап тұрам. Сен бара ғой. Өзің сатып ала аласың ба, көрейін» дедім. Балам тағы ақшаға қарады. Екі ойлы күйде, қалай зат сатып алу керек екенін білмейтіндей көрінді. Бұған дейін ондай істі үйретпеген едім.

Маған таңдана қарады. Қандай көзқарас еді. Сол сәтте жүрегім ауырып, көңілім бұзылды. Көңілім қатты бұзылды. Райымнан қайтпаққа аз қалдым.

Балам кетіп, мен қашқан соң және осы уақытқа дейін де, тіпті есіктің алдында көршілердің алдында күштеп жылаған кезде де жүрегім осыншалықты ауырып, көңіліп осыншама бұзылған жоқ еді. Тағатым таусылуға аз қалды.

Қалай қарады десеңізші... балам қаңғырып қалды... Менен әлі бірнәрсе сұрағысы келгендей. Өзімді қалай ұстағанымды білмеймін.

Асқабақ пістесін тағы нұсқап: «Бара ғой, жаным. Мына ақшаны бер де, пісте сұра. Сөйте ғой, бәрекелді!» дедім.

Балақаным асқабақ пістесіне қарап, жылауға сылтау іздейтін кезіндегідей: «Апа, маған пісте келек емес. Тишмиш келек» деді. Мен шарасыз күйге түстім. Егер балам енді сәл аялдағанда, егер сәл жылағанда міндетті түрде ойымнан қайтар едім. Бірақ, ол жылаған жоқ. Ашуланып кеттім. Шыдамым таусылды. Айғайға басып: «Кишмиші де бар. Қалағаныңды сатып ал. Бар енді» дедім.

Жүргіншілер өтетін жолдың жанындағы арықтан көтеріп өткізіп, көшенің ортасындағы асфальтқа түсірдім. Қолымды арқасына қойып, ақырындап алға қарай итеріп: «Бар енді. Кеш болады» дедім.

Көше тыныш. Көшенің ортасынан соңына жеткенге дейін баламды басып кетеді дейтіндей бір де бір автобус, не арба көрінбеді.

Балам екі-үш қадам жасағаннан кейін қайтып келді де: «Апа, тишмиш те бал ма?» деп сұрады. Мен: «Ия, жаным. Он «шаһиге» кишмиш бер де» дедім.

Ол кетті. Көшенің ортасына жеткен кезде бір машина дыбыс берген кезде қорықанымнан денемді діріл басты. Не істеп, не қойғанымды түсінбестен көшенің ортасына атылып, баламды құшағыма алып, жүргіншілер өтетін жолға жүгірдім де, адамдардың арасына қойып кеттім. Бет-аузымды қара тер жапты. Алқынып, демімді зорға алдым.

Балақаным: «Ана, не болды?» деп сұрады. «Ештеңе, жаным. Адам деген көшенің ортасынан жылдам өтеді. Сен ақырын өтіп бара жаттың. Сөйттің де, көліктің астына түсе жаздадың» дедім. Осыны айтқан соң жылап жібере жаздадым. Құшағымдағы балам: «Жарайды. Ана, мені желге түсілші. Бұл жолы тез жүлемін» деді.

Егер балам мұны айтпағанда не үшін келгенімді бәлкім, ұмытып кетер ме едім.

Бірақ, бұл сөзі не үшін келгенімді есіме қайтадан түсірді. Әлі көз жасымды сүрте қоймағам. Ия, не үшін келгенім есіме түсті.

Мені азаптайтын күйеуімді есіме алдым. Баламды бетінен соңғы рет сүйіп, жерге түсіріп, құлағына: «Тез жүр, жаным. Машина келіп қалады» дедім.

Көше тағы бос қалды. Бұл жолы балам жылдамырақ жүрді.

Кішкентай қадамын асығып басты. Мен екі-үш рет аяғы шалынып, жығылып қалмаса екен деп қорықтым.

Көшенің арғы бетіне жеткен кезде маған қарады. Жамылғымның етегін жинап алып, кетіп бара жатқам. Балам басын бұрып, мен жаққа қарады. Мен орнымда сілейіп тұрып қалдым.

Қашып бара жатқанымды түсінгенін қаламағаным анық. Бірақ, орнымда қалшиып тұрып қалмауым керек еді.

Ұрлық жасаған жерде білегінен шап беріп, қолға түскен ұрыдай болдым. Білегімді сыбанған күйде мелшиіп тұрдым да қойдым.

Тура күйеуімнің қалтасын қарап жатқан кездегідей болды. Бұрынғы күйеуімді айтам. Бірде қалтасын тексеріп жатқан кезде күйеуім есіктен кіріп келген. Сол кезде тап осылай қаққан қазықтай қадалып қалғам.

Тағы терге малшындым. Басымды төмен түсіріп, қиналып, көтерген кезде баламның жолын жалғастырғанын көрдім. Асқабақ пістесіне жетуге аз қалыпты.

Менің ісім аяқталып қалған еді. Балам көшенің арғы бетіне аман-есен жетті. Сол кезден бастап мүлдем балам болмағандай күй кештім. Балама соңғы рет қараған кезде дәл бір бөтен баланы көріп тұрғандай болдым.

Оған бір жұрттың аяғын енді апыл-тапыл басқан, сүйкімді баласына қарағандай қарадым. Жұрттың баласына қызыға қарағандай оны көргеннен ләззат алдым.

Асығып, жаяу жүргіншілердің арасына еніп кеттім. Бірақ, тағы қатты қорқынышқа бой алдырдым.

Ілгері басқан қадамым кері кетіп, орнымда қалшиып тұрып қалуға шақ қалдым. Біреу құпиямды біліп қоймасын деп зәре-құтым қашты. Бұл ойдан төбе шашым тік тұрып, жүрісімді жылдамдаттым. Екі-үш көше төменірек, шолақ, тар көшелерге түсіп, қашайын деп ойладым.

Көшенің басына әрең жеткен кезде кенет, арт жағымнан бір такси тормозын басып, тоқтады. Қазір білегімен шап беріп, ұстай алатындай буыным босап, денем дірілдеп кетті.

Сақшы жолдың қиылысында мені аңдып, таксимен жетіп, енді арт жағымнан келіп, білегімнен ұстай алады деп ойладым.

Қайтып барып, арт жағымды қарауға қалай дәтім барғанын білмеймін. Таксидің жолаушылары ақшаларын төлеп, түсіп жатты. Мен көңілім жайланып, жеңіл тыныстағанда басыма басқа бір ой келді.

Түсінбестен, көзім тұмшаланған күйде таксиге мінген соң, есікті тарс жаптым. Жүргізуші бұрқылдап сөйлеп, жолға түсті. Жамылғым таксидің есігінің арасын қысылып қалыпты. Такси алыстаған кезде батылданып, есікті ақырын аштым. Жамылғымды арасынан шығарып алған соң қайта жаптым. Орындықтың арқалығына сүйеніп, жеңіл тыныс алдым. Түнде таксидің ақшасын күйеуімнен қайтарып алдым.

Шаһи - Иранның ертедегі мыстан соғылған тиыны.

Парсы тілінен аударған Айнаш Қасым

АВТОР ТУРАЛЫ:

Джалал Але-Ахмад (1923-1969 ж.ж.) – Иранның жаңа дәуір әдебиетіндегі проза жанрының белді өкілі. Ол жазушылықпен қатар аударма мен сын салаларында да өзіндік қолтаңба қалдырған.

Джалал Але Ахмад 1923 жылы Теһранда діндар отбасында дүниеге келіп, 1969 жылы Гилан облысының Асалем қаласында дүние салды.

Жазушының атағы 1961 жылдан бастап шығып, Иранның зиялы қауымы мен жазушылары ортасында үлкен ықпал мен беделге ие болды. Надер Ибраһими мен Ғоламхосейн Саеди сияқты танымал жазушылар Джалал Але Ахмад шығармаларынан үлгі алды.

Джалал Але Ахмад Иранның жаңа проза жанрындағы қарапайым, ауызекі сөйлеу тілінде жазу тәсілін бастаған Мохаммад Али Джамалзаде мен Садеқ Һедаяттың бастаған жолын жалғастырды. Шынтуайтында, жазудың осы тәсілі мен қарапайым тіл Джалал Але Ахмад шығармашылығында шыңына жетіп, оның өзіне ғана тән стилі қалыптасты. Але Ахмадтың шапшаң, ауызекі тілдегі ұшқыр прозасы қысқа әрі нұсқалығына байланысты «Жеделхат проза» деп танымал болды.

Фото: pirooog.ru


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар