Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

20.04.2022 2867

Eurazian Book Fair – 2022 12+

Eurazian Book Fair – 2022 - adebiportal.kz

Бүгін елордамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «EXPO» көрме орталығында V Еуразия халықаралық «Eurazian Book Fair-2022» кітап жәрмеңкесінің алғашқы күні өтті. Еуразия халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі – ТМД, Еуропа мен Азия елдерінің баспа ісі, кітап саудасы, ағарту мақсатындағы ғылыми білім беру және полиграфия компанияларының басын қосып отыр. Көрме алаңында Ресей, Ұлыбритания, Әзірбайжан, Иран, Түркия, Қытай елдерінің кітаптары қойылған. Кітап жәрмеңкесі жиырма төртінші сәуірге дейін жалғаспақ.

«Eurasian Book Fair-2022» Еуразия халықаралық кітап жәрмеңкесінде жасөспірім оқушылар мен студенттердің, және жасы ересек оқырмандардың қызығушылығын оятарлықтай мәдени бағдарламаларды ұйымдастыру жоспарланған. Көрмеге қатысушы қала қонақтарын балалар әдебиеті, көркем әдебиет, танымдық және танымал әдебиеттердің тұсаукесері, шеберлік сабақтары, поэзия кештері және дөңгелек үстелдер күтеді.

Халықаралық кітап жәрмеңкесінің ашылу салтанатында алғаш болып сөз сөйлеп, ақжарма тілегін білдірген Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Еуразия кітаптарының көрме жәрмеңкесі осымен бесінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл көрме – жас, жаңа баспалардан бастап, өзінің оқырмандарын тапқан қабырғалы баспаларға дейін барлық кітаптың басын қосқан баспагерлер мен ақын-жазушылардың, музыканттар мен суретшілердің үлкен мерекесі. Сонау Мысыр заманында ІІ Рамзес перғауын кітапхана ашып, оған «дәріхана» деп жазып қойған екен. Кітапты адамның жанын емдейтін дәріге теңеген. Бүгінгі халықаралық көрмеде адамның жанын емдейтін дәрілер қаншама мемлекеттен келіп, құйылып отыр. Жас баспалардың бағы ашылсын. Жас қаламгердің кітаптары шет елдерге таныла берсін. Баспалардың бір-бірімен байланысы арта берсін! Осы ұйымдастырылған кітап жәрмеңкесі ел мен елдің, халық пен халықтың, әдебиет пен әдебиеттің арасындағы алтын көпір болсын! Мол табыс тілеймін», - деп өз құттықтауын білдірді.

Көрмеге кемеңгер Абай Құнанбайұлының қайраткерлік тұлғасына қатысты сирек кездесетін дереккөздер де қойылыпты. Қазына қорындағы хакімнің өміріне қатысты ең құнды мұраларды осыннан көруге болады. Алыстан ат арылтып келген Шығыс Қазақстан облысы, Семей қалалық «Абай» атындағы кітапхананың мерзімді басылымдар бөлімінің басшысы Жаңылгүл Әділбекқызы:

«Біз бүгінгі халықаралық көрмеге кітапханамыздың алтын қорындағы ең бір ғажап қазына мұраларды әкеліп отырмыз. Абай Құнанбайұлы өзінің саяси пікірлес дос-жақындарымен бірігіп, ақылдасып ашқан кітапханамыздың іргетасы 1883 жылы қаланған. Хакім атамыз өмірінің соңына дейін осы кітапханамен байланысын үзбеген. Ақын Семей қаласындағы Әнуар Молдабаев үйінің бір бөлмесін жалдап, жабдықтап қойған. Сол үйде айлап жатып, күнделікті кітапханаға келіп, сүйікті авторларын іздеп, тауып оқитын болған. Және кітапханамызда тек кітап оқып ғана қоймай, өзінің саяси достарымен бас қосып, пікірлеседі екен. Мұхтар Омарханұлының «Абай жолы» эпопеясында Абай мен Михаэлистің достығы осы кітапханада басталғанын айтады. Кейінгі абайтанушылардың еңбектеріне сүйене отырып, 1870 жылдардың ішінде ақын полицмейстерлердің бақылауында жүрген шағында Михаэлиспен достығы басталғанын біле аламыз. Нұр-Сұлтан шаһарынан келіп отырған қонақтарымыз Абайдың мұрасын білсін, танысын деген ниетпен әкеліп отырмыз. Қазына қорымыздағы ең құнды дүниелер – 1886 жылдың төртінші мамырынан бастап Абай мүшесі болған Семейдің ресми мекемесі облыстық статистикалық санақ комитетінің естелік-кітапшалары. Кітаптарымыз оқырман қауымға қолжетімді болуы үшін үшінші мыңжылдыққа да аман-есен жеткізіп отырмыз. Сирек кездесетін бұл жазбаларды бізден кейінгі ұрпақтарымыз үшін түпнұсқадан цифрлық форматтағы электронды кітапшаларға да көшірдік. Сайтымыздан да таба аласыздар», - деді..

Халықаралық көрмеге сексенге жуық баспа ұйымдары қатысып отыр. Бес, алты жылдың бедерінде кітаптары оқырманның көңілінен шыққан «Foliant» баспасы айтулы көрмеге біршама классикалық туындыларын, әлем әдебиетінің аударма нұсқаларын, балалар жылы қарсаңында жарық көрген шығармаларын қойыпты.

Мысалы, биыл әйгілі әнші Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толып отыр. Осыған орай, бүгінгі көрмеде кеңес заманында да, тәуелсіздік жылдарында да жоғары мемлекеттік наградаларға ие болған Роза Тәжібайқызына арналған «Роза Бағланова» кітабының таныстырылымы өтеді. Бұл кітапта Р.Бағланованың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндалған. Сонымен қатар, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықовтың «Ұлы дала құндылықтары», жазушы Мәди Айымбетовтың 18-ғасырда өмір сүрген қазақтың бас ханы Әбілқайырдың жары Бопай Сүйіндікқызының өмірнамасына арналған «Бопай ханым» кітаптарының презентациясы өтеді.

21 сәуір күні Якутияның халық жазушысы Николай Алексеевич Лугиновтің «Шыңғыс хан әмірімен» кітабының таныстырылымы өтіп, осы тақырыпқа қызығушылық танытқан ғалымдардың, әдебиетшілердің арасында ғылыми пікірталас ұйымдастырылады. Ал, 22 сәуір күні жазушы Николай Лугиновтің өзі осы көрмеге келеді. Оқырмандарымыз өз сауалын қойып, бұл еңбегін өз қолтаңбасымен сатып ала алады. Және дәл осы күні шығармалары бірнеше тілге аударылған жазушы, әрі суретші, Түркия мемлекетінен арнайы келген Нұр Домбайжы ханымның «Шатақ қыздың шатпақ күнделігі», «Қабағы тұнжыр балақай» кітаптарының таныстырылымы өтеді. Автор жазушылыққа қалай келгенін, кітап жазудың қызығы мен шыжығы турасында әңгімелеп бермек.

23 сәуір күні ағылшын жазушысы, заманауи фэнтези жанрының атасы Джон Рональд Руэл Толкиннің тұңғыш рет түпнұсқадан қазақ тіліне тәржімаланған әйгілі «Сақиналар әміршісі» атты кітабының таныстырылымы өтіп, оқырмандарға озық туындыны таныстыру мақсатында викториналар мен конкурстар ұйымдастырылмақ екен.

«Отбасы хрестоматиясы» баспасының белді өкілі, аудармашы жазушы Айбек Нәби:

«Кітап шығару мәселесінде біз мынадай оқиғаны негізге алғанбыз. 1917 жылғы революцияға дейінгі кезеңдегі кітаптарды ғана шығарамыз. 1922 жылы Әлихан Бөкейханұлы Мәскеуде үй қамаққа алынады. Сол жылдары Әлихан Бөкейханұлы жанына Тұрағұл, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев секілді інілерін алып, тізім жасап, әлем әдебиеті классикасын аударумен шұғылданады. Тәржімаланған еңбектерді «Интернационал» баспасына жіберіп отырады. Біз осы кітаптарды алып, қайта шығару үстіндеміз. Яғни, 1937 жылғы репрессияға дейін қазақ даласында 300-400-дей кітап аударылған екен», - деп өз баспасының жұмысымен таныстырып өтті.

Санжар Керімбай, Мұхит Төлеген, Айбек Нәби сынды үш автордың жұмыстануымен «Логотерапия», «Махаббаттың мәні», «Бейсен болмыс» атты еңбектер жазылып шыққан. Жиырма үшінші сәуір күні экзистенциялық талдаудың негізінде жазылған «Қисса сул әнбия» еңбегінің таныстырылымы өтеді.

Халықаралық «Еуразия» жәрмеңкесіне алғаш рет қатысып отырған «Steep and World» баспасы бұл көрмеге отызға жуық кітап әкеліпті. Кітаптардың көбі балалар мен жасөспірімдер үшін аударылған. Бұл баспада балалар әдебиетіне арналған «Тентек балақайдың күнделігі» жинағы, және типографиялық жұмыстарын айтпағанда, шытырман оқиғалы «Хәрри Поттер» романының жеті кітабы да ана тілімізде тәржімаланған екен. «Steep and World» баспасы Раиса Қадырдың құрылтайшылығымен 2018 жылы құрылып, алғашқы кітабы Монғолия астанасы Ұлан-Батыр қаласында басылып шыққан.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар