ТҰМАШ-АУ! Құдайы бір Құрдасым-ау!.. Туған жерін қимай, өскен жеріне симай кетіп бара жататын қайтқан құстарыңның биылғы тобына ілесіп кеткенің бе шынымен?!.
Мөлдір махаббат жырларыңды жаныңда отырып тыңдап, әзіл-қалжыңымыз жарасып, сырласып жүргенімізге 45 жыл болып еді.
Алыс-жақын сапарларға бірге шыққан кездеріміз біріне бірі ұқсамаған қымбат сәттер еді.
Мен үшін де аса ауыр болған мынау күннен аптажарым бұрын: «Сөйле, Бас лирик!» деп қалжыңның тиегін ағытуға кіріскенімде: «Тек, Абекеңнің аруағын ренжітіп аламыз!» - деп едің. Абайдың «Ғашықтық тілі – тілсіз тіл» дегенін есіңе алып: «Ғажап, ә?!. Өзіне еліктеп айтсам: - Абекеңнің теңеулеріне тең келер теңеу жоқ-ау!» - деп бас изей жымидың.
Қадыр екеуің қыранның қос қанатындай едіңдер... Көңіл күйлерің көздеріңнен танылатын...
Жаңа жинағы шыққан сайын шәкіртше шаттанатын Тұмаш: «Құрдас жігіт, көрімдігіңді ала кел!» - деп хабарласатын. Мен бөгелмейтінмін. Кездесетінбіз. Көрмегелі көп болғандай шүйіркелесетінбіз. Ол жымыңдап отырып қолтаңба жазатын. Жеке шыққан соңғы жинағын ұсынған сәтте ғана байсалды болды: «Ғаббас! Жер бетінде жүре берейікші. Қалғанын көре жатармыз. Тұмаш», - депті.
Менің ТҰМАШЫМ! Жылы жүзің көз алдымда, жұмсақ үнің құлағымда, жауһар жырларың жүрегімде болады. Хош, Қазақтың ТҰМАШЫ!..
Құрдасың Ғаббас.
10.10.2011 ж.
Қапалы көңілдің бұл азасөзі айтылғалы, міне, бүгін бір жыл өтті. Мен үшін азынаған жыл болды. Құрдастарымның қатарындағы ерекше жақын Қадыр Мырза Әли мен Тұманбай Молдағалиев бақиға аттанып, жүрегім мен өкпе-бауырым кішірейіп, кеудемнің жартысы қаңырап қалғандай күй кешіп жүрмін. Алматының көшелерінде кісі де азайғандай. Жазушылар одағы ғимаратының бөлмелері тарылғандай. Жан-жағыма қараймын, алаңдаймын, елеңдеймін... Екеуі де жоқ...
«Ғаббасия», «Қадырия» десіп жүретін Қадырдан айрылған күні тағдырмен іштей тәжікелесуімде қаламымды дереу қару етіп, айтарымды қағазға тез түсірдім. Әлде нені, қалайда ұмытып қалардай асықтым. Жоқ, олай емес, қимасым Қадырияммен соңғы рет, сырттай да болса, сырласуға асықтым. Ол қашанда, қайда болсын асығып жүретін еді, сол ғадеті мені де ілестірсе керек. Ол әзіл-қалжыңға да шапшаң еді, сол қыры да мені соңғы рет сынаса керек. Қалайда естелігімді тез жаздым.
Тұмаш ешқашан, ешқайда асықпайтын. Өлең-жырға қаламы шапшаң болса да, тірлік-тұрмыста қимылы баяу еді. Әзіл-қалжыңды дәу домалақ басын ақырын не бір изеп, не бір шайқап, үнсіз жымиып отырып тыңдайтын да, сонсоң бірер мырс етіп, қарымтаны асықпай қайтаратын, немесе «Сен де айтқышсың-ақ!» деп күліп құтылатын. Жауапқа шапшаң емес-ті.
Екеуіміздің қарым-қатнасымыз қызық еді. Көбінесе кеңседе, қызмет бөлмемізде айына бір-екі рет кездесетінбіз. Түскі үзіліс әлетінде. Тұмаш: «Әй, жігіт, жыр тыңдауға қалайсың?» - деп телефон шалады. Ал мен: «Тұмаш, ей! Солай отыра бересің бе?» - деп қоңыраулатамын. Күлісіп, келісіп, бас қосамыз. Әзілмен басталатын әңгімеміз сырласумен аяқталатын. Балалық шақ, өмір, тірлік, әдебиет, қаламдастарымыз, алғы ой-жоспар... дегендей. Тақырыбымыздың ыңғайына қарай бірде көңілділік, бірде көңілсіздік үстемдеу болады. Бәрібір, ой-пікіріміз өрісінен адасқан емес, не туралы болсын таяздықтан тартынып, астамшылдықтан сақтанып бақтық. Рас, қыз-келіншектер хикаятын да ұмытпайтынбыз, сондай «шабытты жырдың» бірінде Тұмаш: «Күлтайдың көзінше тым тентек қалжыңдамасаңшы, ол кейде шын көріп қалады, әнеугүні Әдекеңнің үйінде айтқаның... сен ондайыңды қой, бәтіреке», - деп күлді. Әдекеңі – Шәріпов Әди ағамыз. Сол үйде үстел басында қарама-қарсы отырыса қалғанымызда Күлтайына қарап қойып, Тұмашқа: «Қараторыңмен келіпсің ғой, анау жолғы аққұбаң қайда?» - дегенмін. Сірә, үйге барған соң бәйбішесі менің сұрағымды қайталаса керек.
Ақын Тұмаш сыршыл еді. Лирик дейміз ғой. Өзі сыр шертуді ұнатқандай, менің де сыр шерткенімді қалап, мол ілтипатпен тыңдайтын. Кейде қойын қалтасынан бүктеулі парақ алып: «Түнде жазып едім, тыңда, қалай екен», - деп, бірқалыпты қоңыр даусымен он шақты шумақ өлең оқитын. «Мықтысың!» - деймін. «Бір ауыз болса да, пікіріңді айтпайсың ба?» - дейді. «Тұмаш, ей, «мықтысың!» дегеннен артық не керек? Сатириктің лирика туралы сұңқылдағанын естіген күнің бар ма?» - деймін.
Гәзет-журнал беттерінен өлең ұшыратқан сайын Тұмаштың сол бір жайсаң бейнесі көз алдыма келе қалады, қоңыр дауысы естілгендей болады, нәзік жырларының тармақ-шумақтары жадымда жаңғырады. «Тұмаш жоқ» дегенді ой-санам қабылдамайды... Бір жыл бойы осындай ойсыраулы күйде болдым. Естелік жазу қайда, ауызша айтуға да дәтім бармай жүрдім... Енді, ақырында, міне, қолыма қалам алдым. Жазайын. Жазуым керек. Сүйікті Ақынын іздеуші Халқының естелігіне шамама қарай үнімді қосайын.
Бірде Тұмаш телефон шалып: «Сенің Өскеменіңде бір апта болып келдім, сонда мен Қаскеңді есіме жиі алып, сағынып жүрдім. Өскеменге арнаған өлеңімде мынадай бір шумақ бар, тыңда», - деп оқып берді:
«...Күмбезін көңілімнің гүл мекендеп,
Тұмекеңе айтпады ешкім «бұл бөтен» деп.
Келдім мен Ер Қасекем туған жерге,
Ағамыз мені күтіп жүр ме екен деп».
Қаскесі – марқұм Қасым Қайсенов. Ол Тұмашты ерекше жақсы көретін, «золотойым» дейтін. «Тұмашша елжірететін ақын жоқ» деп те қоятын. Тұманбай екеуімізді алғаш таныстырған да – Қасым ағамыз. Ол кісі «Жазушы» баспасының шаруашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары. Тұманбай сол баспаның поэзия бөлімінде редактор екен. Мен шәкірт кезімде аздап өлең жаздым, облыстық гәзетте жарияланғаны бар он шақты өлеңімді Алматыға ала келіп (Мемлекеттік университеттің журналшылар факультететінде сырттай оқитынмын, кезекті сессияға келгенмін), Қаскеңе барып, өлеңдерімді ақындардың біріне оқытып беруді өтіндім. «Тұмаштан мықты ақын жоқ, жүр, таныстырайын» деп мені ертіп барып таныстырды да: «Тұмаш, мына құрдасыңның қарқынын байқа», - деді де, шығып кетті. Бөлмеде екі-үш жігіт отыр екен. «Өлеңдерімді бұлардың көзінше қалай оқимын?» деп ойлап үлгіріп, қатты ыңғайсыздандым. Құлағы қалқиған домалақ бас Тұманбай бір орындықты алып келіп, мені қасына жайғастырды да: «Өлеңдерің қайда?» - деді, маған көзәйнегінің үстінен қарап. Қойын қалтамдағы дәптерімді алып ұсындым. Ол өлеңдерімді үнсіз оқып болды да, орнынан тұрып: «Жүр, бауырым», - деп сыртқа беттеді. Дәлізге шықтық. Биік терезенің алдына тоқтадық. Тұманбай маған жымиып қарады да:
- Құрдас, мен «Ара» журналынан, тағы бір гәзеттен сенің сықақ әңгімелеріңді оқыдым, маған ұнады, ал мына өлеңдерің, шынымды айтайын, онша ұнамады. Сенің қолың өлең емес, сатира сияқты. Арғы жағын өзің ойлап байқа, маған ренжіме, жарай ма? – деді де, дәптерімді қайтарып беріп, бөлмесіне кетті. Өлеңдерімнің ең болмаса біреуін талдамастан шолақ пікір айта салғанына іштей наразы болдым. Бірақ тілін алдым. Өзгелерден жақсы жаза алмағаным шын екеніне көзім жетті де, өлеңнің мазасын кетіргенді қойдым...
Құдай берген талантының, өзі еселей білген талабының арқасында Тұмаш өлеңді көп жазды. Қасиетті де киелі нәзік сезімнің – махаббатың жыршысы атанды. Көңіліңді көктем етіп, сана-сезіміңді әлдилеген өлеңдері исі қазақтың кәрі-жасына жақсы мәлім, оған дәлел келтіру керек емес: жинағын аш та оқи бер. Маған әсіресе ұнайтындары – жасы алпыстан асқаннан кейін де қағаз бетіне түсірген ой өрнектері. «Құдайы бір құрдастың» сезім салмағы да бір болмағынан ба әлде?
Жасының алпысқа толуын тойлап отырған Тұмашқа: «Қазақта жетім өскен жалғыз өзің бола бермей, «жетіммін» деп жылағанды бұдан былай қой, немереңе күлкі боласың!» - деп қалжыңдадым. Келесі аптада Жазушылар одағы ғимаратында кездесе қалғанымызда құшағын аша амандасып: «Құрдас, ей! Баяғыда сен менің тілімді алып, өлеңді қойып едің, енді сенің тіліңді мен алып, «жетіммін» дегенді қоятын болдым», - деді. Арқа-жарқа болыстық.
Мұның алдындағы «Қадыриядан» үзінді: «Алпыс жылдықтарымыздың алдында Тұмаш та, Қадырия да «Қазақ әдебиеті» гәзетінде шығарған жыр топтамаларына маған арнаған әзіл өлеңдерін қосыпты. Оқыған жолдас-жораларымыз телефон соғып: «Ай, құрдастар-ай, бәрекелді! 100 жасаңдар!» деп риза болысты. Екеуінің де әзіл нысанасы менің жазмыштың бұйрығымен екінші рет үйленгендігім болды. Қадырия: Ғаббас жасарды, енді бізге жолай қоймас деп сыпайыласа, Тұмаш: Жас қатын алып, өрге озды, деп төтелепті.
Сол күндері ақын құрдастар бір-біріне де әзіл өлең жазды, бірақ гәзетке ұсынбады. Қадырия маған көшірмесін берді, ал Тұмаш әне-мінелеп, өзі де ұмытты, маған да ұмыттырды».
(Ескерту: Қадырдың шығармасы және менің Тұмаш екеуіне жазғаным мұның алдындағы «Қадырияда» айтылған соң, мына «Менің де Тұмашымда» қайталамадым.)
...Тұмаш қуанғанды жақсы көруші еді. Иә, жақсы көретін. Бәріміз де жақсы көреміз ғой, бірақ Тұмаш балаша ашық, ұзақ қуана білетін. Мысалы, өлеңдерінің жаңа жинағын бір күннен, бір аптадан, бір айдан кейін силай ма, қашан болсын жаңа ғана алғандай жайраңдап, жазған қолтаңбасын оқып жіберіп: «Құрдас, ей, қалай? Дұрыс па?» - дейтін. Мен отбасын екінші рет құрған 1987 жылы шыққан «Тынық мұхит дәптері» жинағын «Жас арманмен ойна, күл, жүзге дейін өмір сүр!» деген қолтаңбамен беріп тұрып: «Бұдан былай ойын-тойда сенің жас қатыныңмен – Задаңмен ғана билеймін. Әнеугүні көрдің ғой, қандай жарасып биледік,ә?!» - деп қулана күлгені әлі көз алдымда. Кең маңдайы күмбездің беталдына ұқсап, қиықша көзі жылылық тарата күліп жүруге жаратылған жан еді. Әсіресе талапты жас ақындардың гәзет-журналдағы өлеңдерін оқығанда: «Тұтастай алғанда орташалау, бірақ мына жолдарын қарашы, сөз қолданысы, ой өрнегі – өзінікі!» - деп мақтайтын. «Жақсы!» деп бағалағанын оқығанда оны өзі жазғандай жайраңдап, масаттанып, кейбір тармақтарын, шумақтарын да қайталап оқып, «жағасы жайлауына кетіп» отыратын. Сондай сәулелі сәттерінің бірінде:
- Тұмаш, ей! Сен бар ғой, жас ақын шәкірттеріңнің арасында жүргенде балапандарын шұбыртқан мекиенге ұқсап кетесің, ә?! – деп «шымшып қалғанымда» ол басын шайқай мырс-мырс етті де:
- Однако әтешіміз сен емессің, сені бұл жақтан баяғыда-ақ қуып тастадым ғой! – деді.
- Оның рас. Осы өміріңде бір білгендік жасағаның сол болды! – дедім. Күлкіміз тағы табысты, тағы жарасты.
«Таңның айтқан жырына қабақ шытпан,
Ләззәт алып тұрады жаным шықтан.
Бұтақтарды сәндеген жас жапырақ
Менің кеше кеудемді жарып шыққан».
Аға ақындары Тұманбайдың осы бір шумағынан іні ақындарының «бұтақтарды сәндеген жас жапырақтар» екенін аңғарамын!..
Тұмаштың қатты күңіренген екі сәтін көрдім.
Өскеменде едім. Марқұм болған апайымның жылын өткізуге ауылға барғанмын. Жиналған ағайындар, таныстар тарқап, оңашаланған әредікте сондағы журналшы досым Тоқан Берғалиев жаныма келіп, әншейіндегі аңқылдап қатты сөйлейтін әдетінен тыс пәс үнмен: «Ғабке, Тұманбай құрдасың, Тұмашың қиын жағдайға душар болыпты. Құралай атты қызы қайтыс болыпты, гәзеттерде көңіл айту жүр», - деді. Өнебойым ысып кетті...
Екі күннен соң Алматыға оралып, Тұмаштың үйіне бардым. Диванда бүріскендей болып отырған қайран құрдасым көзінен жасы тамшылай тұра беріп: «Сен қайда жүрсің?!» - деді. Құшақтастық. Жас төктік. Қолорамалмен бетін басып, иығы дір-дір еткен Күлтайды да жұбатып бақтым...
Құралайының іңгәләп келгенін, бесікке бөленгенін, отау шыққанын, нәрестелі болғанын әкелік шексіз қуанышпен шаттана сан жыр жазған Тұмаш... жо-жоқ, жоқ... Тұмаштың құлыншағынан айрылған қайғылы халін кейін кімге болсын айта алған емеспін, енді жаза да алмаймын...
Екінші сәті. Қадыр көз жұмған күні есігі алдында ұшыраса қалғанымызда: «Ғаббас! Құрдас! Енді қайттік?! Не болдық?!» - деп құшақтай алды. Құшағымыз да, көз жасымыз да қосылды. «Тұмаш, жазмыш қой! Тағдыр ғой, Тұмаш!» - дедім. Басқа не айтқандай едік?!.
«Шынымен Қадыр келмей ме елге қайтадан?..
Көңілім менің көңілсіз бүгін айтады ән.
Бермей ме маған: тапқандарынан сұратпай,
Білгендерінен, көргендерінен байқаған...
......................................................................
Қадырым менің, қадірлі асыл құрдасым,
Кеттің-ау ерте, дүниеге симай бір басың...».
Бұл – егіздей екі дос ақындардың бірі бақиға аттанғанда фәниде қалған екіншісінің жоқтау жыры.
«Доссыз ауыз тұщымас...». Тұмаш Қадырды жоқтап жүрді. «Ойға да, тілге де бай еді-ау!.. Әзіл-қалжыңға кезек тигенде қай-қайсысымызды да қырқа шалып тастаушы еді, ә?!» деп, Қадырияның өлеңдерін келтіре, әзілдерін қайталай естелік айтатын. Бірақ Алматыда құрдастық жарасыммен, ақындық өнер жарысымен бірге өткізген жарты ғасырдағы қызықтарын Тұмаш жазып үлгірмеді – арада екі ай өте бере өзі де бақиға бет түзеді...
- Құрдас, ей, соңғы кезде қалайда шаршап жүрмін, төсекке жантая бергім келеді, - деген еді бірде Тұмаш.
- Жәкеңнің жүзіне болмаса да, тоқсанға жетуге қамдан, жантая бермей! - деп едім мен, Жамбыл атамызды еске алып.
- Жәкеңнің сүйегі асыл болған ғой, - деді ол.
- Сен аққұбаларың азайып... – дей бергенімде ол қолын сілтеп:
- Қойшы, ей! – деп, кеудесін аралап әрең шығатындай қырылдақ үнмен қарқылдап күлді.
Тұмашымның күлкісін естімегеніме, міне, бір жыл...
«...Қайдан келдім, қайда барам,
Қайда барам мен осы?
Көрінгендей кейде маған
Дүниенің төбесі.
Мәңгі тірі жүрермін бе,
Айтып өмір бір әнін.
Ұрпақтардың жүрегінде
Болар соңғы тұрағым...», - деп еді...
2012 жыл.
...Тұмаштың 80 жылдығы туған жері – Еңбекші қазақ ауданы орталығында (Алматы облысы) сәуір айында аталып өтті. Осы естелігімді Тұмаштың бес фотосын қоса қолкітапша етіп, той сахнасында «келіншегі» Күлпәшқа күміс білезікпен бірге силадым.
2015 жыл. Сәуір айы.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.