Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Қабдеш Жұмаділов туындысындағы портреттер...

24.04.2021 7529

Қабдеш Жұмаділов туындысындағы портреттер 12+

Қабдеш Жұмаділов туындысындағы портреттер - adebiportal.kz

Көркем шығармадағы кейіпкердің болмыс-бітімін, мінез-құлқын танытуда портреттің маңызы зор. Сөзбен жазылған портреттің бояуы анық та қанық әрі өзіне тән даралыққа, сондай-ақ белгілі бір ұлттың сипаттың аясында болуы шығарманың да құндылығын арттыра түсетін шеберлік екені айтпаса да түсінікті. «Қара жерге қан тамар, қанды көр де бетім көр» деп, алуан құбылысты шеберлікпен шендестіре отырып, хас арудың өз бейнесін суретпен салатын фольклорлық дәстүрімізден қазіргі кемелденген жазба әдебиетке дейінгі ұзыннан ұзақ көркемдік дәуіріндегі қазақ әдебиетінде мұндай суреттердің небір көркемдікке толы галереясы қалыптасты. Кейіпкерлердің алуан түрлі жағдайдағы іс-әрекетін, психологиялық ахуалдарын суреттеу арқылы көркем шығарманың қуатын арттырып, идеясын, мазмұнын, образдар жүйесін ашып, ширата түсу үшін жазушы өз шығармасында көбінесе әдеби портрет жасауды мақсұт тұтады. Мұны жай ғана жазу машығы деп қана қарастырмай, шындығында жазушының сезімталдық қырын, эстетикалық танымының деңгейін, жалпы қаламгерлік қабілет-қарымын білдіретін белгілі бір биіктік өлшемі деуімізге әбден болады. Өйткені, танымал немесе талапкер деңгейдегі кез келген жазушының көлемі шағын немесе толымды туындыларында азды-көпті мөлшерде портреттердің болуы – әдепкі жағдай. Бірақ бір ескеретін мәселе – туындыда портреттің болу-болмауында да емес. Басты мәселе – туындының көркемдігі келісті, образдар жүйесі нық, композициялық құрылым нық, портреттік, пейзаждық бояулары қанықтығында, көзделген идеялық мақсатқа сай, анықтығында болса керек. Сексен бес жасын атап өтуге азғана күн қалғанда өмірден өткен абыз ақсақал, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділов шығармашылығындағы портреттер жүйесін қарастыру барысында біз жоғарыдағы атап өтілген критерийлерді басшылыққа ала отырып «Соңғы көш» романындағы кейіпкерлерге шолу жасауды жөн көрдік.

Әдебиетке ақын ретінде келген Қабдеш Жұмаділов шығармашылдық тұрғысында толыса келгенде проза саласына біржола ауысқанын көреміз. Оның ішінде толымды арна роман жанрында жазушының айы оңынан туды деуге болады. «Соңғы көш» роман-дилогиясы – Қабдеш Жұмаділов шығармашылығындағы орны ерек туынды. «Соңғы көш» – қазақ әдебиетіне Қабдеш Жұмаділов алғаш әкелген шетелдегі қазақтар тағдырын баяндайтын, оқиғасы күрделі де толымды роман ретінде, қазақ әдебиетінің қазынасына қосылған зор табыс екендігін туынды алғаш жарық көрген кезден бастап, әдебиет сыншылары тарапынан өз бағасын алды. Оқырмандар да жылы қабылдап, күні бүгінге дейін оқылымды шығармалардың бірі ретінде халық кәдесіне жарап келе жатыр.

Қабдеш Жұмаділовтің өзінің нендей тақырыпты қандай стильде, қалай жазу керектігін білетін, қаламы қарымды қаламгер болғанын қалың оқырманы жақсы біледі. Жазушының қай туындысын алып қарастырсаңыз да онда қанық портреттер, жымдаса қиюласқан монологтар мен диалогтар, шығарманың жалпы құрылымынан балталаса бөлінгісіз сюжеттер мен детальдер, штрихтар бар. Және бір ескерерлігі, Қабдеш Жұмаділов туындыларының тақырыптық ауқымы қаншалықты сан алуан болса, ондағы кейіпкерлердің бейнесі де соншалықты өзіндік даралыққа, өзгешелікке ие. Кейіпкер портретін жасаудағы автордың шеберлігіне еріксіз тәнті болғандайсыз. Көркем туындының барлығындағы портрет сәтті шыға бермеуі де мүмкін. Көркем туындыдағы портрет жасауға қатысты академик Зейнолла Қабдоловтың мынадай тұжырымды пікірі бар: «Әдебиеттегі адамның сырт бітімін, кескін-кейпін, жүріс-түрысын суреттеуді портрет дейтін болсақ, бұл да – образ жасаудың өзгеше бір тәсілі, жолы, амалы. Бұған да айрықша суреткерлік, шеберлік керек.. Портрет адамның бүкіл анатомиясын түгел қамтып, жіпке тізе беруі шарт емес. Әр портретте әр адамның ең бір ерекше сипаты ғана нақты, затты, қысқа, қызық суреттелгені жөн. Портрет сонда ұтымды шықпақ.» Академик Зейнолла Қабдоловтың портрет турасындағы пікірін тиянақтап, нақты мысал бола алатындай, нақты, затты, қысқа, қызық суреттелген протреттерді Қабдеш Жұмаділов романдарынан іздестіріп көрелік.

«Соңғ көш» романындағы кесек те айқын образдардың өзіне тән дара бейнесі оқырман көңіліне бірден қонақтайды. Сондай кейіпкердің бірі – Нұғыман. Нұғыман – сталиндік саяси қуғын-сүргін, тәркілеу кезінде туған жерден жырақтап Қытай өткен ел ағасы. Нұғыманды социалистік реализм шарттарына сәйес жағымды-жағымсыз деп бірден тараптай салатын кейіпкерлердің қатарына жатқызу қиын. Ол – ақылдылық пен қаражүректік, бегзаттық пен бейопалық бір басына қатар сыятын, күрделі тұлға. Сондықтан, оның шығармадағы бейнесі де алуан түрлі: «... Байлықтың, тоқшылықтың лебі есіп тұрған қоңырқай жүзіне әлі дендеп әжім түсе қоймаған. Сақалын қырып тастап, әдемі кене мұрт жіберіпті. Үстіндегі киімі де қала үлгісінде: ақ көйлек, қайырма жағалы қара бешпет-шалбар, қисық табан хром етік. Омырау қалтасынан сағаттың күміс бауы салбырап түр. Өңкей қаптал шапан, жарғақ тон, шекпен киген кеңқолтық қыр қазағының арасында Нұғыман өзге бір дүниеден келгендей көзге оқшау шалынады». Мінез-құлық, іс-әрекет ахуалында ұңғыл-шұңғылы мол, адымы кесек, алымы мол кейіпкер Нұғыманның портретін де автор осылайша, өзгеден ерек сипаттайды.

Жалпы, жазушы роман мәтінінде кейіпкердің сыртқы келбет-шырайына, сымбат-мүсініне баса мән беріп қана қоймай, оның рухани табиғатын қоса таныта отыруды мақсат еткенін аңдамау мүмкін емес. Осылай жасағанда ғана көркемдік компонент тұтас, эстетикалық деңгейі биік болатынын жазушы жақсы білгендіктен де осы ұстанымды нық ұстайды. Нұғыманның бойындағы құбылғыштық, екіжүзділік, жасандылық, алуан түрлі ұлт өкілдерімен сырмінез араласу арқылы олардың жақсылы-жаманды әдет-қылықтарына қанықтығын төмендегі суреттеуден аңғаруға болады: «Басында қара пүліштен тігілген, төбесі жайпақ дүңген тақиясы, үстінде сарғыш-күрең қымбат торғынмен тысталған кестелі қытай халаты, аяғына шұлықтың сыртынан ілген қайқы қытай башмағы... мына қалпында оны ішкі Қытайдан осы өлкеге дін тарата келген Будда өкілі десе, нанасың... Жып-жылтыр, жалпақ беті мен қиылған қара мұрты ғана оның кешегі дала шонжары екенін аңғартқандай. Бет әлпетіне де бір мүләйім момындық бітіпті. Адамға адырая қарауды қойып, көзін төмен салып, кірпік астынан мөлие қарауды, жымысқылана жалған жымиып күлуді үйреніпті. Қимыл-қозғалысы да баяу, төгілмелі жібек халатының жеңінен саусағын ғана шығарып, піл сүйегінен жасалған жималы желпуішпен анда-санда тершіген жүзін желпіп қояды». Бірінші үзіндідегі салқам, заңғар кейіптегі дала шонжары Нұғыманның отырықшы жұрттың адамына тән қалып пен киім киіс мәнеріне еніп, мүләйім бола қалуы – романдағы оқиғалардың ауанымен астасып жатыр. «Соңғы көш» романындағы кейіпкерлерді суреттеуде автор мінездеме, сипаттама, психологиялық портреттерді тиісіне қарай қолданып отырғанын көреміз. Және оның әрқайсысын қолдану барысында кейіпкер бойындағы қасиеттерге, белгілерге орай лайықты сөздерді дұрыс талғап ала білгенін атап өткен жөн.

«Соңғы көш» романында бір-біріне қай жағынан болмасын, мүлде қарама-қарсы сипаттағы немесе жас ерекшелігіне, ұлтына, т.б. қарамастан ұқсастықта ие кейіпкерлер әлемі бар. Осы сипат-белгілеріне орай кейіпкерлерінің портреттерін де алуан түрде береді. Жазушы кейіпкерлердің сыртқы бет-бейнесін, киім кию қалпын, өзіне тән қимыл-әрекетін олардың қоғамдағы орнын, білім, білік деңгейін, әлеуметтік дәрежесін қоса көрсетуге дейінгі кешенді мақсатты іске асырып отырады: «... Елтірі тымақ, қазақы қаптал шапан киіп, олпы-солпы отырған ауыл кісілерінің арасынан – Шөншіктің сырт келбеті де бөлекше көрінеді. Үстінде қара сукнадан қалаша тігілген бешпет-шалбар, аяғында қисық табан етік, басына қызыл-ала татар тақиясын киіпті. Отырған отырысы да елден ерек: Басқаларша малдас құрып жайылмай, ұстаз алдындағы шәкірт баладай жүгініп отыр. Тәмпіш танауының алдында тұжырылған қап-қара мұрт бар. Онысы дүрдиген қып-қызыл қалың ернінің үстінде бір түрлі сүйкімсіз болып көрінеді». Жазушы суреттеп отырған бейнесіне, елден ерек киімі мен отырысына қарап-ақ оқырман бұдан кейінгі тарауларда Шөншіктің жағымды міне-құлықпен көрініс таппайтын кейіпкер екенін бірден бағамдай қоятыны анық.

Расымен де солай болып шығады да. Бір кездері игі жақсылардың қолына су құюға ділгер болып жүрген Шөншік енді міне, күні туып, дәурені басында тұрған шақта бейне, бұзау терісі «шөншік» емес өгіз терісі «талысқа» айналғандай. Автордың кейіпкерлеріне ат қоюының өзінде де үлкен мән бар. Болып-толып тұрған Шөншіктің қазіргі бейнесін, өзін ұстау қалпындағы құбылыстарды суреттеп, мінездеуде еріксіз таңғалыс пен ащы сарказм аралас екендігін көреміз: «Адам деген қалай тез өзгереді, апыр-ау?! Кеше ғана жанын алдап, сауда жасайтын, Қанағаттың алдында мүрит баладай жүгініп қана отыратын бұрынғы Шөншіктен із де қалмаған. Қазір Шөншік дегеніңіз – адам баласын көзге ілмей, дүниеге жегелеп қарайды... Үстінде қазіргі белсенділер киетін көк шиямбудан тіккен мақталы бешпент-шалбар. Оның төрт қалтасы бірдей қағазға сіресіп түр. Омырау тұсынан бірнеше автоқаламның басы қылтияды». Шөншіктің «төрт қалтасы бірдей қағазға сіресіп», «омырау тұсынан автоқаламның басы қылтия» отырысының өзі де кейіпкердің ішкі-сыртқы бейнесін бұрынғыдан да анығырақ суреттеу үшін қолданып отырған жазушының ұтымды әдісі.

Жазушы шығармасында алуан түрлі ауыр зардапты тарихи жолдардан өтіп, бодандық күй кешкен дәуірлерде қазақ халқының бойына біткен кейбір жағымсыз қылықтарды, әсіресе, бірін бірі сатуға дайын тұратын жалтақтық, табансыздық, аярлықты психологиялық портрет арқылы беруге ұмтылады. «Соңғы көш» романындағы мұндай кейіпкерлердің мысалы болушы Шөншіктің психологиялық портреті арқылы оның шолақ белсенділігін, әпербақандығын ашып көрсетсе, Нұғыманның психологиялық портреті арқылы аярлығын, тайғанақтығын, жымысқылығын сәтті көрсете алған. Бір айта кетерлігі: аталып отырған екі кейіпкер де сатқын, екіжүзді, аяр адамдар. Бірақ Нұғыман мен Шөншіктің бұл нашар қасиеттерін өздерінің қоғамдағы орнына, қабілет-қарымына сай стильдік мәнермен бере білген. Қазақ халқын отарлаушылардың назарына ілініп, солардың идеясының құлы болып, туға халқына, оның бас көтерер көрнекті адамдарына қарсы қиянатты іс-әрекеттерге барушы мұндай адамдардың жиіркенішті образдарын жеріне жеткізе сомдап шығуы – автордың қапысыз суреткерлік шеберлігінің, туындыгерліктегі әбден машықты қалыптасқан мол тәжірибесінің жемісі екендігі анық.

Романдағы ел сүйінген жақсы ісімен, ерлігімен қолайланған кейіпкерлердің бейнесін танытуда жазушы ұзын-сонар баяндаулар арқылы емес, тақыл-тұқыл шағын суреттеулер арқылы біртіндеп тұтастырып отырады. Мысалы, романдағы Нартайдың портретін жазушы былай суреттейді: «Нағыз батырға біткен тұлға: ұстарамен тақырлап қырғызған басы кішігірім қазандай, сақалын алдырып, әдемі қою мұрт қойған. Алақандай көздері от шашып жарқ-жұрқ етеді». Жазушы өзі бейнелеп отырған кейіпкерінің сырт пішініндегі жеке сипат-белгілерді жай ғана суреттеп қоймай, оны кейіпкер мінез-құлқындағы құбылыспен, сөйлеу мәнерімен жымдастыра отырады. «Садықтың екі көзі шүңірейіп, ішіне түсіп кетіпті, жанына пышақ жанындағыдай, иегі шошайып, қоңқақ танауы тіпті үлкейе түкен. Бойы бұрынғысынан да ұзарып, арса-арса болған сүйегін киімнің сыртынан санап алғандай». Кешегі қайратты заманында шекара асып арғы беткен өткен Садықтың бүгінгі аштықтан бұралып, күйі кетіп, жүнжіген, қажыған кезін автор осылайша суреттейді.

Шыбын жанын олжа көріп, ұрпағының қамы, амандығы үшін шекарадан үркін-қорқынмен ары асқан жадау жұрттың психологиялық ахуалы, жан күйзелісі, сол мезеттегі қалпы романдағы суреттеу арқылы анық берілген. «Нұрбек әкесіне енді ғана түс тоқтатып, анықтап қарады. Жасы елуге келіп қалса да жас жігіттей қылаң ұрып тұратын Жанғабыл өткен екі жылда күрт қартайып кеткен екен, сақал-шашына дендеп ақ кіріпті. Бет-ауызын әжім қаптаған, екі көзі қанталап, өңінде ереуілді, ұйқысыз түндердің ізі сайрап түр. Айналасына сауысқандай сақ қарайды: сырт киімдерін ғана тастай, белін шешпей, әйт десе, тұра жөнелуге дайын отыр». Тұтастай бір образдық деталь дегеніміз – осы.

Қабдеш Жұмаділов – ұлттық характерді бейнелеудің шебері. Ұлттық характерді берудегі шеберлік деп біз романдағы тек қазақ кейіпкерлерді ғана айтып отырғанымыз жоқ. Бүтіндей бір халық бірізді мінезге ие болады демесек те, ғасырлар бойғы жүріп өткен тарихына, шаруашылық жүргізу салты, климаты, басқару билігі т.б. факторларға қатысты әлемдегі ұлттардың белгілі бір ортақ мінез-құлықтық сипатқа ие болып қалыптасатынын жоққа шығару қиын. Қабдеш Жұмаділов романында қазақпен ғасырлар бойы көршілес, аралас-құралас өмір сүріп келе жатқан түрлі халықтардың өкілдері бар. Түрлі жағдаяттарға орай олардың портреттерін де жазушы тікелей немесе жанама суреттеп, мінездеп отырады. Және де бұл – белгілі бір ұлтты жек көрушілікке емес, нақты жағдайға байланысты, қисынды құрылған суреттеу, мінездеулер. Автор ақгвардия генералы Бакичтің ішкі сезім күйі арқылы қытай ұлықтарының характерін ашады: «Апыр-ай, өздері бірінен-бірі аусайшы, өңкей қысық көз, қайыстай қатқан тәштек қаралар. Беттеріне селт еткен сезім нышаны білінбейді, мүләйімсіп күлгендері қандай жалған?! Саған іш-бауыры елжіреп тұрған сияқтанады, ал шын мәнінде сені атарға оғы жоқ... Дауыстарын көтермей бір қалыпты ызыңдап сөйлегені қандай сұмпайы?!» Бұл жерде автордың қытай ұлықтарына, тіпті ұлтына деген позициясын, сонымен қатар, өзі елінен қуылып қаңғырып жүрсе де, өзге елдің халқына менсінбеушілікпен қарап отырған орыс генералының шовинистік пиғылын да аңдатып отырғандай. Өктем ұлт өкілдерінің бәрі бірдей жағымсыз кейіпте суреттеле бермеген. Соның бір дәлелі – Ли Хуң секретарь бейнесі. Романда Нұрбектің ойы арқылы мынадай портрет берілген: «Нұрбекке секретарь бір көргенде-ақ ұнай бастады. «Өзі бір туысы бөлек, жылы жүзді адам екен, - деп ойлады ішінен. - Дене бітімі кесек... Қытай атаулы жып-жылмағай көсе болушы еді, мынау қырма сақал нағыз еркек. Бітік көз, қатқан қара емес, қасы қою, жанары дөңгелене біткен, аққұба толық адам, өңі қытайдан гөрі ұйғырға келіңкірейді». Мұнда автор секретарь Ли Хуңды жағымды образда суреттеумен қатар, түркі текті ұйғыр ұлтының да жалпы сырт келбетін жанама салыстырып өтеді. Ал романдағы Лан-Кенің түр-сипаты болса, жоғарыда суреттелген ұлт өкілінің жалпы пішініне сайма-сай келіп тұрғандай. «...Көзілдіріктің астынан адамға ішіп-жеп тесіле қарайтын, бет-ауызында бір тал қылтанақ жоқ, сидиған тарамыс денелі, түсі суық, қара сұр жігіт екен. Шақшадай басын кекжитіп, иілмей тік жүрген қалпында...». Романды оқығанда орыс, қытай, дүңген, ұйғыр т.б. халық өкілдерінің алуан түрлі қалыптағы портреттері еөз алдыңыздан өтеді.

Жазушы қаламының тағы бір ерекшелігі – портрет арқылы өзі суреттеп отырған дәуір адамының этнографиясын шебер көрсетуі. «Өңірінде күміс түймелер үймелеген қызыл қатипа камзол бәденді жас әйелді тіпті сұлу етіп көрсетеді. Тобығына түскен торғын көйлектің етегі жүргенде сусыл қағып, маңайына бұл өлкеде жоқ иіссудың жұпар лебін тартады» немесе «... басында үкілі құндыз бөрік, үстінде қос етекті ақ көйлек пен қынама қызыл камзол». Бұл – даланың еркін өскен ерке аруының, қыр сұлуының киім кию қалпы. Қазақ халқының киім кию әдебі, сұлулық пен дегдарлыққа деген құштарлығының айнасы. Сонымен қатар, заманға сай этнографияның өзгеріске түсуін, осыған орай портреттің де жаңалана түскенін аңғарамыз. «... басында шипон жаулық, үстінде қынап тігілген келте көйлек, аяғына шұлық пен хром етік киген. Бұрын ұзын етек, кең көйлектің ішінде көзге түсе қоймайтын дене бітімі айқындалып, қаланың бәденді жас көрікті әйеліне айналған» Бұл – кешегі дала әйелінің қала келіншегіне айналған кездегі портреті. Романда қазақ әйелінің: мамырлаған бай бәйбішелері мен көркем келіншектердің, ару қыздардың қанық салынған портреттері бар. Автор олардың барлығын да кітаптың идеялық концепциясына орай, алуан ракурста ала отырып суреттейді.

Қайсыбір қазақ қаламгерлерінің туындыларында кешегі қазақтың өмірі, тұрмыс-тіршілігі, киім-кешегі тым қарабайырланып, сұрғылт бояуы мол жағылып суреттелетіні бар. Мұны таптық әдебиеттің сұранысы, талабы деп қарастырамыз. Кемелденген коммунизмге кетіп бара жатқан, пролетариаттың арқасында капитализмді аттап өтіп жаңа озық қоғамға келіп түскен халықтың бұрынғы өмірінде қызығарлықтай ештеңе де , ешкім де болған жоқ, болуға да тиісті емес деген идеяны басшылыққа алған заманның штампына ұрынбаған жазушылардың бірі – Қабдеш Жұмаділов. Оған дәлел – «Соңғы көш» пен өзге туындыларындағы сән-салтанатты қазақ өмірі. Байлығы мен билігіне, қоғамдағы орны мен дәрежесіне сай сәнді де таза киінген қазақтарды көресіз. Ажар бәйбішенің қалпы мынау: «Бұл күнде жасы елуден асып, еті ауырлап, толыса түскен Ажар бәйбіше бір ауылдың анасындай, қолы ашық дастарханы мол, аса байсалды кісі еді... Аппақ шатырдай кимешек-шаршысына өмірі қылау түспейтін, қызыл күрең қатипа камзолының екі өңірінде қапсырмалы күміс түймелер үймелеген, екі қолының салалы саусақтары алтын жүзіктерге толы»

Жазушы портреттер жасауда көркемдеуіш эпитеттер мен теңеулерді орнымен мейлінше қолданады. Әсіресе, юморлық, сарказмдық сипаттағы портрет жасау арқылы кейіпкердің характерін ашу, толықтыру үшін бұл тәсіл ұтымды қолданылған. Мысалы: «... ала көз, арық қара жігіт... қол басындай кеңірдегі бұлтылдап», - деген оқыс сөйлемдегі суреттен-ақ Қожанның бейнесі оның әрі қарайғы іс-әрекетімен астасып жүре береді.

Автордың романдағы басты кейіпкерлердің портретін сомдауда олардың сыр бейнесіндегі өзіндік даралық ерекшеліктерді қоғамдағы статустық орнымен жымдастыруды әрдайым көздейтіні айқын аңғарылады. Сондықтан да ол портреттерді бірде тікелей авторлық баяндау арқылы берсе, ендігі бір тұста өзге бір кейіпкердің көзімен сипаталып, сараланады. Бұған жоғардағы Бакичтің ойы мысал болады. Ал Жолбарыс пен оның сүйген аруы Дүрияның кездесуі мынадай портретпен өріледі: «Алғаш рет көрген Жолбарысқа Дүрияның қос жанары ботаның көзіндей тіпті үлкен боп шалынды. Кірпіктері сабаудай, аппақ балғын жүзі батар күннің шапағымен нұрланып, қызара толқып тұр. Оң жақ бетінің ұшында тарыдай ғана меңі бар екен. Бейне, кірпігінен үзілген бір тамшы жас домалап барып, сол тұсқа келгенде мәңгі қатып қалған тәрізді». Әсерлі де, әдемі сурет. Романда екі жастың әрі қарайғы өрілетін тағдыр жолын суреттеуде автор мұндай портреттердің талайын алға тартады. Қыздың әдемілігі мен сымбаттылығына, жігіттің айбынды да айбарлы бейнесі өзара жарасым тапқандай әсер береді.

Автор портрет жасауда детальге айрықша мән беретіндігін байқаймыз. Жалпы алғанда, әдебиеттің өзі – образбен, суретті сөзбен салынатын көркемдік дейтін болсақ, сол көркемдіктің кішкентай бөлшегі – деталь. Нақтылай айтқанда портреттік деталь. Портреттік детальдер Қабдеш Жұмаділов шығармаларында жиі ұшырасады. Шығармадағы бір ғана сәтті детальдің өзі кейіпкер образын беруде үлкен рөл атқарып кететіні белгілі. Бұл – портретке де тән. Қабдеш Жұмаділов туындысында сырт пішіндегі көзге түсер белгілі бір детальдер мәтінде кейіпкерді ауыстырып, өзге мағынаға, қызметке ие болып жататынын байқаймыз. Мысалы, «Қарасақал қасындағы жастау серігіне бұрылды».

Романдағы сан қилы кейіпкерлер образы арасында аңғал да күлдіргі Ұзақ атты адам бар. Күлдіргі, әрі аузын ашса жүрегі көрінетін даланың нағыз аңқауы – осы Ұзақ. Ұзақтың түрлі жағдаяттар барысында сөйлеген сөзімен, іс-әрекетімен ауыр тұрмыс қалпы қажытқан қазақ шаруасының типтік бейнесі осы. Ұзақтың портретінен ішінде кірі жоқ, қиындық пен қағажуды көп көрген қарапайым ауыл қазағының психологиялық қалпы танылады. «... Ұзақтың киімінде қысы-жазы бір өзгеріс болмайды, собаяғы қатқан тон-шалбар, үрты сөгілген бұзаубас етік... Жыртық тымағын тізесіне баса, малдасын құрып отыра қалды да, шегір көзі күлімдеп, Естайды айналдыра бастады.»

Қабдеш Жұмаділовтің портрет жасаудағы шеберлігіне барлау жасап, мысалдар қарастыру үшін жазушының «Соңғы көш» романын нысан ретінде алдық. Мұндағы кейіпкерлердің мінездемелік, сипатталамалық, психологиялық портреттері шығарманың құндылығын барынша арттыра түсуге молынан қызмет етіп тұрғандығы анық сезіледі. Қабдеш Жұмаділов шығармаларының алпыс жылдан астам уақыттан бері бірнеше буын ұрпақ оқырман үлкен қызығушылықпен оқып келе жатуының астарында ұлт жазушынысының қапысыз қаламгерлік шеберлігі жатқандығы сөзсіз. Қабдеш Жұмаділов шығармашылығы туралы көрнекті жазушы Әкім Тарази былай деген екен: «Қабдеш – өз ұлтының жазушысы. Енді, міне өмірден көрген, бастан кешкен сол ұланғайыр мол материал жазушының сарқылмас азығына айналып отыр. Бір елде туып-өсіп, есейген шағында екінші бір елге келіп, сол ер туралы көркем шығарма жазу – екінің бірінің қолынан келер жеңіл нәрсе емес. Бірақ Қабдеш ол сыннан сүрінбей өтті».

Тақырыптық ауқымы, суреткерлік шеберлігі тұрғысында Қабдеш Жұмаділов шығармашылығы қазақ әдебиетінің биік жетістіктерінің бірі ретінде қабылданды және болашақта да сол деңгейінде қалары сөзсіз. Қаламгердің шеберлікпен жасаған әдеби портреттері оқырманның көңілін сүйсінтумен қатар қазақ прозасында қаламын төселдіремін деген кейінгі буын жазушыларға шығармашылық сабақ болары сөзсіз. Қабдеш Жұмаділовтің кейіпкерлер портретін жалаң суреттеп қана қоймай, әрбіреуінің ішкі сыр-сипатын, характерлік болмысын тікелей, жанама түрде бірден немесе біртіндеп, детальдап толықтыру, молықтыру, динамикаландыру арқылы беруі – идеялық ой-пікірді барынша тереңдетуге қызмет етіп тұратын тиімді де ұтымды тәсіл, автордың шығармашылық қуаты мен айқын қолтаңбасы. Айқын қолтаңбалы шығармалар оқырман әлемінің әрдайым назар ауанында болар сөзсіз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар