Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Кітаптар көрмесіндегі келелі кездесулер...

19.06.2017 7132

Кітаптар көрмесіндегі келелі кездесулер

Кітаптар көрмесіндегі келелі кездесулер - adebiportal.kz

Жуырда «Егемен Қазақстан» газетіне шыққан белгілі жазушы Мархабат Байғұттың «Қош бол, Кітап» атты әңгімесін оқыдық. Сонда кітаптың оқырманы азайып бара жатқаны суреттеле келе, өзінің қой бағып жүріп кітап оқимын деп қойларды қасқырға жем қылған әрекетінен соң кітаптарды суға ағызбақ болатыны әсерлі суреттеледі. «Бір жылдың ішінде тұп-тура елу қойымды қасқырға жегізіппін. Осы бір жылыңызда ше, елу кітап оқыппын», дейді де: «Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» дейтұғын қызғылтым кітабынан бастадым. Ақкөбіктене сарқыраған суға лақтыр¬дым. Қош бол, кітап… Бір батты. Бір шықты. «Ақбілек». Шыркөбелек қақты қайран кітап. Асау ағыс асығып ала жөнелді. Ақбілек қыз сыңсығандай. Аянышты дауыс естілгендей. Бір-бірлеп лақ¬ты¬рамын. ...Бір қарасам, сіздің де кітаптарыңыз… Көке-е-е-е! Бес-алты кітапты лақтырған сайын үзіліс жасаймын. Айқайлап жылаймын. Өксимін. Өкіремін-ай. Өкінемін-ау», деген жолдардан кітапқа деген қаншама махаббат бар десеңізші.

Бүгінгі технократтық қоғамда, жазушы айтпақшы, кітапқа әркімнің «Қош бол, Кітап» дегізер ме деген қауіп болғаны рас. Дегенмен, олай ешқашан болмайтын секілді. Себебі, Ғабит Мүсіреповшелеп айтсақ, «Кітап дегеніміз - алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік».

«Көрмедегі» кітап нөпірі

Ертеңгі күнге рухани өсиет болған кітап нөпірін біз кеше ғана Елордамыз Астанада ЭКСПО аясында сол жағалаудағы "КӨРМЕ" павильонында Еуразия кітаптарының халықаралық Көрме-жәрмекесі кезінде көрдік. Еуразия кеңістігіндегі ең ірі мәдени-ағартушылық шара болып табылатын «Eurasian Book Fair-2017» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Фолиант» баспасының ұйымдастыруымен жоғары дәрежеде өтті. Екінші рет өткізіліп отырған айтулы шараға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, құттықтау сөзінде кітап форумы маңызды жаһандық оқиға – «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесімен тұспа-тұс келгенін айтып, білімнің салтанат құру мәселесі негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы міндеттерді іске асыру барысында көрменің өзектілігі зор екенін, биыл Қазақстанның бас қаласына 25 мемлекеттен, соның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Германия, Түркия, Иран, Үндістан және басқа да елдерден 20 компания мен ұйымдардың өкілдері келгенін атап өтті. Көрмеге келген кітапсүйер қауым төрт күн бойы ғылыми-танымдық, іскерлік және техникалық әдебиеттермен танысып, баспа ісінің соңғы жетістіктеріне куә болды. Көрме аясында бас-аяғы 100-ге жуық шара, соның ішінде дөңгелек үстел жиындары, семинарлар, оқырмандар форумы, жаңа кітаптардың таныстырылымы өтті.

Қалың көпшілік әдебиет әлемінің әлі сиясы кеппеген дүниелерімен танысты. Оның ішінде кинотанушы, киносыншы, кино тарихшысы, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университеті Өнертану кафедрасының доценті, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі Назира Рахманқызының ұлттық кино өнерінің өткені мен бүгіні баяндалатын «Қазақ киносы: кеше және бүгін» кітабының, көрнекті мемлекет қайраткері, түрколог ғалым, руханият жанашыры Мырзатай Жолдасбековтің 80 жылдығына орай шыққан «Дүние, шіркін!» (толғаныстан, терең тебіреністен туған әндері мен күйлері топтастырылған партитуралар жинағы), «Кісілік келбеті» (мемлекеттік мүдде, адамгершілік, кісілік турасында жазған мақалалары мен сөйлеген сөздері жинақталған кітабы) және жазушы, баспагер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Болат Бодаубайдың ел ағасы М. Жолдасбековтің өнегелі өмір жолын баяндайтын «Таңғаламын өмірдің ғажабына» кітаптарының, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Күлтегін сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ғалым әрі жазушы Қойшығара Салғараұлының ежелгі көне заманнан бастап орта ғасырда өмір сүрген түрік халықтарының тарихы жөнінде жазылған «Түріктер» атты зерттеу кітабының, халқымыздың көрнекті қаламгері, ұлт руханиятының жанашыры болған марқұм Ақселеу Сейдімбектің 75 жылдығына орай басылған қазақ этнологиясына қатысты тың пайымдаулар жинақталған «Қазақтың ауызша тарихы» кітабының тұсаукесері болды.

Ұлықбек ақынның «Періште қызы»

Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ұлт ақыны - Ұлықбек Есдәулеттің "Періште қыз" кітабының тұсаукесері әнмен әрленіп, көрерменге ерекше әсер сыйлай білді. Ақынның өлеңдеріне бұрын-соңды жазылған 60-шақты əндердің басын нотасымен қосып жинақтап, "Фолиант" баспасы шығарған "Періште қыз" атты жаңа кітабының басқа кітаптардан ерекшелігі осында. Кітап ішіне Төлеген Мұхамеджановтың "Заман-ай", "Құс жолы", "Ақ желкен", "Беу, балалық" сынды, Алтынбек Қоразбаевтың "Қара пима", Лена Əбдіхалықованың "Көздеріңе ғашықпын", сонымен қоса И.Крутойдың, Б.Оралұлының, М.Ілиясовтың, Б.Есдəулетованың, М.Маниярованың, тағы да басқа əндері топтастырылған.

Ақын кітабының тұсаукесеріне испан халқының бас ақыны, аудармашы Хусто Хорхе Падрон, арқалы ақын Серік Ақсұңқарұлы, ақынның курстасы, ақын Қонысбай Әбілов бастаған көптеген қаламгерлер қонақ болды. Кешті белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді Серік Ақсұңқарұлы алып, Ұлықбек есдәулеттің әдебиеттегі орыны мен ақындық болмысына тоқталды.

«Алматыға жастайынан келіп, жүрегін таза күйінде сақтап қалған санаулы ақындардың бірі осы – Ұлықбек. Оның «Киіз кітабының» өзі қазақ поэзиясында ғана емес, әлем поэзиясындағы құбылыс. Мен ол туралы әркез айтып жүремін. Яғни, біз бүгін көп ақынның бірі емес, қазақ әдебиетіне құбылыс болып келген ақынмен кездесіп отырмыз», деді Серік Ақсұңқарұлы ағынан жарылып.

Кеште Ұлыбек Есдәулеттің әпкесі, кітапқа әні енген композитор Бағдат Есдәулетова «Жаңбырлы таң» әнін әуелетсе, курстасы Қонысбай Әбілов ақынның жастық шағы жайлы қызықты естеліктерімен бөлісті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ұлықбек Есдәулеттің сөзіне жазылған халықтың құлағында қалған талантты композиторлардың әндері жинақталған «Періште қыз» кітабының тұсаукесері осындай әсерге толы болды.

Тың дерек, тарихи кітап тұсаукесері

Ақын, жазушы, Монғолия және Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, тарих ғылымының кандидаты Сұраған Рахметұлының Шығыс Түркістан ұлт-азаттық көтерілісінің қолбасшысы – «ХХ ғасырдың алтын аңызы» аталған Оспан батыр Ісләмұлы мен Моңғолияның даңқты маршалы Хорлоогийн Чойбалсан арасындағы қарым-қатынастың жалпы қазақстандық оқырмандар біле бермейтін тұстары тарихи тың деректермен баяндалған «Оспан-Чойбалсан» кітабының тұсаукесеріне тарихқа қызығушылығы бар жандар көп жиналды. Алдымен кітап авторы кітаптың қалай жазылғаны мен оның тарихына шолу жасады.

- Оспан батыр өте күрделі тұлға. Ол елу екі жыл ғұмыр кешті. Сол елу екі жылының жарымы ат үстінде азаттық үшін арпалыспен өтті. Империялардың қылы- шынан қан тамып тұрған қиын кезеңде, үлкен мемлекеттердің арасында көзсіз ерлікке барып Ер Жәнібектің ақ туын көтеріп шығып, Шығыс Түркістанның азаттығы үшін күресіп кеудесін оққа төсеуі сол дәуірмен салыстырғанда қандай қазақтың да қолынан келмейтін ғажайып батырлық еді. Бұл ерлікті халқының бір туар ұлы Оспан Сламұлы ғана жасай алды.

Бүкіл ғұмырын осы азаттыққа арнады. Ең бастысы ол қызыл империяны, қызыл төңкерісті мойындағысы келмеді. Ендеше өзіндік геосаясаты, мүддесі, ірі мемлекеттік бағыты бар делінген алып елдердің аранына жұтылып кетпей, ағынға қарсы жүзген, қызыл империяның баянсыздығын баяғыда-ақ сезген, оған қасқая қарсы шапқан Оспанды үлкен ғұлама, данышпан деп айтуымызға толық негіз бар. Әрине, ол қазақтың ұлттық рухына ұран болатын ең мықты, ең батыр ұлдарының бірі.

Оспанға қатысты айтылар оқиғалардың ішінде оны хан көтерген әңгіме сөз болады. Бұл шын мәнінде хандық таққа отырды дегенді білдірмегенімен, қазақтың мүддесі үшін халқы хан көтерген ұлы тұлғаға айналуы еді. Қабанбайды «хан батыр» деп атайтынымыз сияқты Оспан да қазақтың ең соңғы хан батыры болып, тарих бетінде мәңгі сақталады.


Кітаптың бірінші бөлімінде Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысы, Шыңжаңдағы ахуал. Аз ұлттардың азаттығы үшінгі талпынысы баяндалса, екінші бөлімінде Моңғолия жерін мекендеген қазақтардың қоғамдық өмірінің әрқилы нәзік тұстары кестеленеді. Сонымен қатар Моңғолия қазақтарының басынан өткен оқиғалары яғни Жалама оқиғасы, «Кенжебек айдаған» 30-шы жылдардағы оқиғалар және Сталиндік қудалау қатарлы көптеген көмес қалған тарихнамалардың нақты деректері ашылады. Сонымен қатар Өр Алтайдан бері асқан қазақтар, Өр Алтайға қарай көшкен ел-жұрттың жай-күйі һәм басынан өткендерінен мағлұматтар өріледі. Үшінші бөлімінде Батыс шекарадағы орын алған саяси-әскери оқиғалардың бір парасы нақты деректермен беріледі. Сындарлы маршал, Үкіметбасы Хорлоогийн Чойбалсан Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының бас қолбасшысы Оспан батыр Ісләмұлының кездесулеріне қатысты тың деректер осы бөлімде егжей-тегжейлі сараланады. Кітаптың соңғы төртінші бөлімінде Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының тығырыққа тірелу кезеңі баяндалады. Шығыс Түркістан ұлт-азаттық қозғалысына қатысқан тұлғалар Құрманхан Мұқамәдиұлы, Қамқаш Исаұлы, Ноғай Шымшырұлы қатарлы тарихтағы нақты тұлғалардың ғұмырнамасына қатысты деректерді осы бөлімнен оқуға болады, - деп таныстырып өтті ақын. Кітаптың «Оспан-Чойбалсан» деп аты айтып тұрғандай бұл еңбекте автор 1944 жылдың 5-6 наурызында МХР маршалы Чойбалсан мен әйгілі Оспан батыр Сламұлының кездесуіне кеңінен тоқталған.

«Шындығында бұл халықаралық деңгейдегі үлкен кездесу еді», дейді автор. «Оған КСРО билеушілері тарапынан 5-6 әскери генарал келіп қатысқан. Чойбалсан мен Оспанның кездесуі - Шығыс Түркістан республикасының жаңадан құрылып келе жатқан құрылымдық мемлекет болуының алдындағы азаттық үшін майданға шыққан ұлт күрескерлері мен Кеңес одағының жол-жорығын ескерген моңғол мемлекеті басшыларының кездесуі еді.

Сондықтан осы мәселеге үлкен саяси тұрғыдан, қоғамдық тұрғыдан баға беру бүгінгі күн тәртібіндегі ірі тақырып болғандықтан біз осы мәселенің қыр-сырына жете назар аудардық. Әрине, мемлекеттік мұрағаттарда сақталып жатқан көптеген қорлар бар, мәліметтер бар. Бұлардың бетін толық аштық деп айта алмаймыз.

Моңғолия мен Қытайды мекендеген қазақтардың басынан өткен яғни Алтай, Баян Өлгий, Қобда аймақтары, Бәйтік-Қаптық маңындағы оқиғаларды зерттеп, ғылыми айналымға түсіру басты мақсатымыз болды. Десе де қаншама демократия, адам бостандығы бар десек те Қытай тарапының мұрағатындағы деректерге қолымыз жетпеді. Сондықтан да болашақта тек қана 1940-1951 жылдар аралығындағы саяси оқиғалардың өзі қайта зерттеуді қажет ететін үлкен ғылыми жұмыс екенін де ескерткіміз келеді, - деп толғанды автор.

Сұраған Рахметұлының бұл кітабының тұсаукесерінде жазушы Асқар Алтай, Тұрсынхан Зәкенұлы кітаптың көтерген жүгінің молдығына, автордың келер ұрпақ алдындағы үлкен еңбегіне тоқталса, Бекзат Смадияр, Шерхан Талап, Әлімжан Шөңгербай сынды ақын інілері ақынның өлеңін нәшіне келтіре оқыды. Дәстүрлі әнмен әрленіп, өлеңмен өріліген бұл тұсаукесер де қалың көрермен көңіліне айырықша әсер қалдырды.

Өлеңдер мен әдеби әңгімелер өрілген кездесулер

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Дәулеткерей Кәпұлының «Терісбұрау» өлеңдер жинағының тұсаукесерін ақын Дәурен Берікқажы жүргізді. Кештің иесіне ақын ағалары Ұлықбек Есдәулет, Серік Ақсұңқарұлы ағалық батасын беріп, өлеңінің өшпеуіне тілектестігін білдірсе, студент шәкірттері Толғанай Әукенова мен Кәмшат Жұбатқан ақынның өлеңдерін жатқа оқыды.

Кеш тізгінін қолын алған ақын Дәурен Берікқажы Дәулеткерей ақынның поэзиясы туралы Қазақ ақындарының испан тілінде шыққан антологиясында Хусто Хорхе Падрон ақынның Дәулеткерей Кәпұлы туралы сөзін келтірді. Онда: «Дәулеткерей Кәпұлы – бұл креативті және тамаша ақын, оның бейнелі сөзі өте батыл. Оны ақынның «Жол беремін» атты өлеңінен көруге болады. Ақын өз шығармаларында әсірелеуді, мысқылды, сатираны қолданады. ...Д.Кәпұлы - адамның топастығына қарсы, бәрі бір-бірі…» деген жолдар бар екен. Кеш соңында ақын өзінің рухты жырларынан қалың оқырманға оқып беріп, кітабын табыстады.

Ал испан халқының бас ақыны, аудармашы Хусто Хорхе Падронның испан тіліне аударған қазақ поэзиясының үш ғасырлық антологиясы және Танагөз Толқынқызы аударған "Тозақ шеңберлері" кітабының таныстырылымы да өзіндік ерекшелігімен ерекшеленген кеш болды. Онда ақын Серік Ақсұңқарұлы Хусто Хорхе Падрон мырзаға: «Сіз Лорка секілді ұлы адамсыз. Қазақ жырлары испан тіліне алғаш аударылды. Батысқа қазақ өлеңін танытқан сіз тарихта қаласыз» деп баға берсе, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті испан ақынына оқу ордасының «Құрметті профессоры» атағын берді. Бұл кеште талантты ақын Танагөз Толқынқызының елге келген қонақ ақынға испанша мүдірмей сөйлеп, ақ тілегін жеткізгені де көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.

P.S.
Төрт күнге жалғасқан кітап жәрмеңкесінде оқырмандардың қарасы мол болды. Рухани мұраға қарқ болған астаналық тұрғындар көңіліндегі кітабын сатып алып, әсерлі әдеби әңгімелер мен зиялы қауымдармен кездесу бақытына ие болды. Сиясы кеппеген, жаңа шыққан кітаптарды автордың өзінен алған оқырмандар көптігіне қарап біз ешқашан «Қош бол, Кітап» деп айтпайтынымызға сенімімізді тағы да бір нығырлап қайттық.

Наурызбек САРШАЕВ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар