Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Көшеге Шандор Петөфи есімі берілді...

03.11.2023 1302

Көшеге Шандор Петөфи есімі берілді 12+

Көшеге Шандор Петөфи есімі берілді - adebiportal.kz

Еуропаны көктей ағып Қара теңізге құйып жатқан кәрі Дунай өзенінің бойында жатқан ежелгі ғұндардың ұрпағы, бүгінгі Венгрия мемлекеті – Қазақстанның Еуропадағы сенімді сауда-экономикалық әріптесі ғана емес, арғы тарихын Еуразияның Ұлы Даласынан бастау алатын туыстас мажарлардың құтты қонысы – бауырлас ел. Сондықтан да қазақ халқы қандас, бауырлас бұл мемлекетті Мажарстан деп бауыр тартады. Мажарлар да Қазақстанды өздерінің түп төркіні санайды және екі елдің арасындағы өзара бауырластық, ынтымақтастық кешегі кеңестік заманда да жақсы жолға қойылған болатын. Оның бір себебі – Венгр Халық Республикасы аталған елдің коммунистік мемлекеттер қатарында болғандығы еді. 

 

Венгрия да өткен ғасырдың сексенінші жылдары коммунистік түзілімнен еркін демократиялы қоғам құруға көшіп, бұл мақсатты сәтті жүргізген мемлекеттердің бірі. Осы тұрғыдан да Венгрия мен Қазақстанның өзара тәжірибе алмасуы, ынтымақтастық қарым-қатынастары маңызды.

Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңнен бері екі елдің арасында дипломатиялық, сауда-экономикалық, мәдени қарым-қатынастар одан әрі нығайып, мемлекет басшылары ресми сапарлар жасаған болатын.

Осы тығыз абйланыстардың көрінісіндей Венгрияның Премьер-Министрі Виктор Орбанның елімізге ресми сапары аясындағы кездесуде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Құрметті Премьер-Министр мырза, ең алдымен, қазақ жеріне қош келдіңіз! Себебі Сіз – қыпшақсыз. Бұл деректі қазақтар жақсы біледі әрі Сізді сыйлайды. Сондықтан атамекеніңізге келдіңіз деп айтсақ, артық болмайтын шығар. Менің шақыруымды қабыл алып, Қазақстанға ресми сапармен келгеніңіз және Түркі мемлекеттері ұйымының мерейтойлық саммитіне қатысуға ниет танытқаныңыз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл сапарыңыз екі ел арасындағы ынтымақтастыққа тың серпін беретіні сөзсіз», - деп бауырлас елдің басшысына ілтипат көрсетсе, өз кезегінде Мажарстан басшысы: «Атажұртқа оралу әрдайым керемет. Мажарлар Қазақстанға келгенде ерекше сезімді бастан кешеді. Өйткені екі халықты ғасырлар қойнауынан бастау алатын тарихи тамыр байланыстырады. Соңғы он жылда біз ынтымақтастығымызды дамытуға барынша күш-жігерімізді жұмсадық әрі жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Өзіңізбен ынтымақтаса жұмыс істеу – мен үшін зор мәртебе. Мажарстан әрдайым Қазақстанның сенімді стратегиялық серіктесі болған. Алдағы уақытта да солай бола береді», - деп ыстық ықыласын білдірген екен.

Өзара сауда-экономикалық, мәдени-рухани ынтымақтастық, ықпалдастығы аясында жүзеге асырылған игілікті істің бірі – Астана қаласында мажар әдебиетінің классигі Шандор Пөтефидің есімімен аталатын көшенің салтанатты ашылуы болды.

Салтанатты рәсім Венгрияның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Питер Сийярто, Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу және елорда тұрғындарының қатысуымен өтті. Салтанатты рәсімде сөз алған ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мажардың ұлы ақыны Шандор Пөтефидің 200 жылдығы атап өтілгенін, бүгінгі есімін көшеге беру рәсімі соның жалғасы және бұл – бауырлас екі халықтың арасындағы шынайы достықтың белгісі екендігін атап өтті.

Венгрияның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Питер Сийярто мырза сөз алып, Қазақстан мен Мажарстан – мәдениеті бай және тарихи ерекшеліктері де ұқсас елдер екенін, сондықтан да екі елдің ынтымақтастығы өзара түсіністікке негізделгенін, мұндай сенімді қарым-қатынас екі елдің алдағы даму жолындағы тамаша қолдау екендігін атап өтті. Сонымен қатар елші мажар классигі Шандор Пөтефидің мыңнан астам туындыдан тұратын жинағы қазақ тілінде жарық көретіндігін айтып, қазақ-мажар қарым қатынасының одан әрі нығая беретініне сенім білдірді.

Астана қаласына есімі беріліп отырған, әрі 200 жылдығын әлем тойлап жатқан венгрдің ұлы ақыны Шандор Петөфи – венгр халқының ұлттық поэзиясының ең көрнекті өкілі және 1848-1849 жылдардағы Австрия билігіне қарсы ұлт-азаттық төңкерістің белсенді қайраткерлерінің бірі болғандығы тарихқа аян. Төменде ақынның өмір жолы туралы қысқаша мәлімет беріліп отыр:

Шандор Петөфи – 1823 жылы 1 қаңтарда Мажарстанның Кишкёрёше деген шағын қаласында дүниеге келген. Әкесі – серб текті, анасы – словак текті болғанымен, ол өзін жан-тәнімен нағыз мажармен деп, ұлтының бостандығы жолында өмірін қиған жалынды ақын 1848-1849 жылы Мажарстанда өрістеген төңкерістің белсенді қайраткерлерінің бірі болды.

Шандор отбасы жағдайына байланысты он алты жасында әскерге өз еркімен жазылып аттанады. 1841 жылы денсаулығына байланысты әскери борышын өтеуден босатылады. Еуропада сол кезеңде дәстүрлі болған кезбе актерлікпен айналысады, сонымен қатар аударма жасау, хат алмасумен де шұғылданады. 1842 жылы «Ішкіш» атты тұңғыш өлеңін жазады. 1844 жылы алғашқы поэмалар жинағы жарық көреді. Ақынның бұл жинағындағы өлеңдер халықтық әндерге айналып кетеді. 1844 жылы шығарған «Ауыл балғасы» комедиялық поэмасы мен «Алып Янош» фольклорлық ертегі поэмасы ұлт әдебиетіндегі тың жаңалық болады.

Қызуқанды ақынның махаббат жолындағы сәтсіздіктері, мінез-құлқындағы кейбір кемшіліктерге қатысты айтылған сындар оны рухани күйзеліске әкелді. Осы күйзелісті кезеңде ол «Бұлттар» поэтикалық циклін, «Пишта Силай» және «Шалго» трагедиялық поэмаларын жазды.

1846 жылдан бастап Шандор Петөфи өзінің жақын досы әрі жазушы Янош Аранмен бірге мажар ұлт-азаттық қозғалысын құрып нығайтуға алғашқы ұмтылыс жасайды.

Сөйтіп осы жылы Пешт қаласының радикалды жастары арасында демократиялық әдебиет үшін күресетін «Ондық қауым» атты төңкерістік ұйым құруға ұмтылыс жасап, жетістіктерге жетеді. Осы жолда ол үлкен танымалдылыққа ие болады. 1847 жылы Юлия Сендерейге үйленеді. Осы жылы ол төңкерісшілдік іс-әрекетті ұлғайта түседі. Осы жылы «Жас Венгрия» атты ұйымды басқарады. Мажарстанда буржуазиялық төңкеріс жасау бағдарламасын әзірлеуге қатысады.

1848 жылғы төңкеріс алдындағы Петөфи поэзиясы өзінің төңкерісшілідік рухымен ерекшеленеді. Туындыларының мазмұны ғана емес, атауының өзі осыны танытатындай: «Бір іс мені алаңдатады», «Халықтың атынан», «Кенептегі қаһармандар», «Сарай мен лашық», «ХІХ ғасыр ақындарына» т.б. туындылар оның азаматтық демократтық поэзиясының айқын көрінісі болды.

1748-жылғы Париждегі төңкерістің әсерімен 1848-1949 жылдары Венгрияда да ұлт-азаттық көтерісі ауқымды жүрілгені белгілі. Көтеріліс басшысы Лайош Кошутпен тізе қоса әрекет еткен Шандор Петөфи осы кезеңде мажар демократиялық төңкерісінің бағдарламасы болған «12 пунктті» әзірлеуге қатысады.

П.Вашваримен бірге 1848 жылы 15 наурызда Пешт және Буда қалаларында басталған қарулы төңкеріске қатысады. Ұлттық жиылыс сайлауында дворяндардан жеңілген соң 1848 жылы қыркүйекте төңкерісшіл армияға қосылады. Шандор Петөфидің тәуелсіз демократиялық Венгрия республикасын құру жолында жұртшылықты ынтымақты күреске үндеген жырлары оны ұлт ақыны, ұлттық батыр деңгейіне көтерді. «Корольдің дар ағашына», «Ұлттық ұран», «Ұлтқа» қатарлы жырларында ол халықтың мұң-мұқтажын жырлап, биліктен қарапайым халықтың, еңбеккер шаруалардың мүддесін қорғауды, феодалистік қарым-қатынастың сарқыншақ әдет-салттарын жоюды талап етті.

1849 жылдың ақпанында Шандор Петөфи Юзеф Закариаш Бемнің бастауындағы мажар төңкерісшілері сапында австриялықтар, саксондар мен орыс интервенттерінің төңкеріске қарсы күштерімен шайқасқа енеді. Осы кезеңде де ол қолы қалт еткенде мажар жауынгерлерінің рухын көтеретін жауынгерлік әндер шығарады.

Ержүрек жауынгер, талантты ақын, мажар халқы ұлт-азаттық көтерілісінің қаһарманы Шандор Петөфи 1849 жылы 31 шілдеде патша армиясының казагі Паскевичтің құрамымен болған шайқаста қаза тапқан делінген. Дегенмен ақынның өлімі туралы түрлі аңыздар да бар. Ресей әскерінің тұтқынына түсіп, кейіннен Сібірдің алыс түкпірі Бурятия жерінде жүріп, осындағы Баргузинде қайтыс болған-мыс деген аңыз да айтылады.

Шандор Петөфидің ерлік рухы мажар халқының рухын қайрағандай еді. Ұлтқа қызмет еткен ақынның жасын өлшеудің өзі Шандордай қыршын жастың ғұмырымен өлшегенде абсурд болып көрінетіні бар. Себебі Шандор Петөфи небәрі жеті-ақ жылы туған әдебиетіне қызмет етті.

Шандор Петөфи шығармашылығы қазақ халқына өткен ғасырда белгілі болды. Сексенінші жылдары “Әлем әдебиеті жауһарлары” сериясымен шетелдік ақындардың өлеңдері жеке-жеке шағын кітапша болып шығарылған болатын. Ондағы өлеңдерді қазақтың белгілі ақындары аударды. Соның ішінде Шандор Петөфи өлеңдері Қадыр Мырза-Әлінің аудармасы бойынша қазақ оқырмандарымен қауышты. Шндор Петөфи өлеңдері өзінің тұстасы, қазақтың әйгілі ақыны әрі батыры, ұлт-азаттық көтерілісің қаһарманы Махамбет Өтемісұлының жырларымен сарындас екендігін атап өткен жөн. Мұның өзі де кездейсоқ емес. Екі ақынның жырларына да туған елінің бостандығы, елін сүйген ерлердің елеулі іс-қимылы арқау болған жоқ па!

Өкінішті.

Жазылмай қалған жыр қанша?!

Айтылмай кеткен ой қанша?!

Түгесілмейтін асыл арман қанша еді?! -

деп жалындаған жас шағында арманда кеткен жас ақын Шандор Петөфидің есімі әлем жұртшылығына жақсы таныс.

Шандор Петөфи шығармашылығы мен іс-қызметі венгер халқы үшін аса маңызды екендігіне оның туындыларының туған халқының жүрегінде жатталуынан көреміз. Шандор Петөфи – венгердің осы заманғы поэзиясының негізін қалаушы әрі ұлттық батыры болып саналады. Орыс әдебиетіндегі А.Пушкин, татар әдебиетіндегі Ғабдолла Тоқай, украин әдебиетіндегі Тарас Шевченко өз халқына қалай әспеттелсе, мажар әдебиетіндегі Шандор Петөфидің де орны дәл солай және оның күрескерлік рухы мен тағдыры, отты жырлары үш ғасыр бойына ұлтының ұранына айналып жырланып келе жатыр.

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар