Бұл мақалада біз Абай ақындығы туралы ертеді кеш айтылып жүрген әр түрлі сөздерді, әр алуан жайлардың көбіне соқпаймыз. Бұл көп тексеріліп, зерттелмеген, сонылау бір саланы ғана сөз қылмақпыз. Ол - Абай ақындығының, Абай шығармаларының айналасы. Ақын өзі көріп, сезіп, өзі ойлап қорытқан өмір материалынан басқа басқа әдебиет дүниесінен де бұйым алады. Абайдан қалған мұраның ішінде көп оқушыға даусыз боп, айқын сезілетін сыртқы әдебиеттер белгілері бар. Ол - Шығыс әдебиеттері мен Батыс әдебиетінен қосылған белгілер. Екінші, бұдан бөлек, ақынның өз тұлғасы сияқты боп қалыптанған барлық әдеби мұраларынан бұтақша таралып өсіп, жырыла шыққан тұмалар бар - әдебиет тұмалары.
Қазіргі қарастыратынымыз осы екі жай. Көлденең тұрып, көз жіберсең, бұл ақынның шығармалық еңбегі ұзын аққан ағын су сияқты. Ия сыр, ия Ертіс десек, соның ұзын арнасы бізде қазақ жайлаған жағаны, бірде Шығыс елдері, не еуропалықтар қоныс қылған жағаны сызып өтеді. Кейде тастақ, керіш арна мен шағыр мөлдір сулы Ертіс басындай боп, кейде құмды сартопырақты еспе арнамен сусып Сырдың аяғындай құла түсті боп ағады. Жолшыбай өзіне көп құятын әр түрлі тың арналардың неше алуан суларын сіміре барып, әр жерде өзінен де кейде көлшік, кейде өзен тармақ шығарып кете барады. Осы айтылған жағырапиялық теңеу, ақыннан қалған мұраның тарихи орын, мәнін алсақ, көңілге қонымды, үйлесімді теңеу сияқты көрінеді. Барлық Абай шығармалары Шығыс пен Батыстың мәдени, тарихи жапсарын, ой-саналық шек араларын жүлгелей жүрген қазақ даласының бір ақыны сияқты. Тағы бір теңеу. Абай бала күнынде екі шешенің қолында қатар тәрбиеленгендіктен, жеңгелері «Телғара» деп атандырған екен. Шынында бұның ақындық өмірі де өзіндік, қазақтық қалпынан басқа жаңағыдай екі жағадан қатар нәр алу арқылы бір әдеби «Телғаралықпен» ерекшеленіп тұрған сияқтанады. Әрине, бұған қарап Абайдың өз пішіні, қазақ тұлғасы жоқ демейміз. Жаға - жаға да, арна - арна. Ұлы арнасы мен жол арнасының түп-түбімен шығап жатқан қайнар көздер ақынның негізгі қазақтық тұлғасын құрайды.
Екі анаға тел болуда екеуінен нәр алу болғанмен, соны өзінше қорытып, өзінше сіңіріп пайдаланып отырып бала денесі өседі. Анадан алған сүттен бұның сапасы басқа. Физика-химиялық сипаттан да өзгеше... Жоғарыдағы теңеулерге бұл қосымшаны тіркей отыру шарт.
Осымен Абай шығармаларының ішінен «мен мұндалап», атой беріп тұрған Шығыс-Батыс ақындарына көз салайық. Әуелі Шығыстан бастаймыз.
Түн дүниесіндей тынысы ауыр схоластик медресесінде, Ахмет Риза имамның медресесінде, болашақ ақынның оқу, тәрбиесі басталады. Айналасы басқа сәлде, үстіне ұзын шапан киіп, көзді сүрмелеп, мұртты таңқита қырып, бес уақыт намаз, ораза (...) арасында таспих-шәхилимен кер кеткен күндерін көріп, қайыр-ниязда құзғындай таласатын кәрі қалпе, қараңғы шәкірт, соқыр қазірет болады.
Сол күнде бұл ортаға ой сезім, қиялдарының ешқайсысы бойұсына алмаған, үйлесе алмаған қыр баласы, жас талапкер дұғалық жаттаудың ара-арасында өз бетімен тімтіне бастайды. Бала қиялын мыналар ортасынан, мыналар дүниесінен бөлегірек бір тұрғылар өзіне қарай бой ұрғызады. Жақсы жайлау өзгеше бір қоныстың шебі тартады. Науаи, Шәмси, Сайхали... аттарын атап кеп: «Мәдет бер ия шағири пәрият!» деп, қыстығып «мәдәт» тілейді. Сенеді. Үлгі, ұстаз қылмағы да солар. Араб, парсы, түрік әдебиетінің талайын шарлап тастаған бала ақын жаңағыларға еліктеп, ғаруз әуәзінімен (мәд уәзнімен) бәйіт, жыр жазады.
Иузи - раушан, көзи - гауһар
Лағилдек бет үші әхмәр... –
жыры - сол күнгі іздену нәтижесі. Тілінде араб, парсы көп. Өзі танысқан Науаи, Құсайын, Байғара, Бабыр, Мұқамбет-Салық сияқты шағатай ақындарының ізін қуалай бастау, алғаш талпынудың бұраң жолы өз тілінен, ана тілінен қашаңдатып әкетеді. Сұлуды шығыс поэзиясының салтымен мадақтау. Бұл тілде ғана емес, өлеңнің ұйқасын да, ырғағын да билейді. Жаңағы өлең қалыпты «рубағи» - төрттік. Алғашқы үш жол бір ұйқасып, төртінші жол келесі төрттіктің төртінші жолымен ұйқасатын өлең үлгісі. Жыр ішіне кіретін «иузи», «көзи» деген сияқты бірен-саран түркі сөзі болса, оның айтылуы да басқаша. Араб, парсы поэзиясының әсері түркі топырағына көшкенде, бұл тілді өкпеге тепкілеп, талқылап та созғылап, мәд уәзініне көндіруді дағды қылған.
Осы халыққа сынсыз бой иген жас ақын Абай да «көзі», «жүзі» деудің орнына «иузи», «көзи» деп майсаңдайды. Бұл өлеңін бәйтретімен (бәйт деп өлеңнің екі жолын, екі мысырағын айтады) жіктесек, ғарұз уәзінінің «пағылатын пағылат» схемасында «мұғағылын, мұғағылын, мұпағылын, мұпағылын» болады. Бізше он алты буынды бәйіт.
Осы сияқты «әліп-би»ді тәпсірлеу арқылы қазға жазған жастық хаты да аяқ кезінде:
Үтірмен асты-үстілі жазу да бар,
Болуға асты-үстілі көнсең өзің, -
деген қазақы әзілмен бітіп тұрса да, анығында жаңағы еліктеу белгісі зор шығады. Сырты он бір буынды өлең, қазақы төрт жолды ақсақ ұйқас болғанмен де, бұл өлең де ғарұз өлеңмен жазылған. Уәзіні – «мұпағылын, пәғұлән».
Бұл кез Абайдың шағатай поэзиясына таза еліктеу ретінде ілеспек болған талабын көрсетеді. Онда тақырып, тіл, ырғақ, кейде ұйқас және теңеу, салыстыру суреттерін («көзи гауһәр» сияқты) - бәрі де өз төркіні кім екенін танытып тұр.
Шығыс жағасына Абай ағынына құятын бір саласы, тұңғыш саласы, осындай. Тегінде кітапшылаған, сиыр жорға жыр қазақ поэзиясына жалғыз Абай тұсында кірген жоқ, Ыбырай, Албан Асан, Мәшһүр, Ақан сері сияқты Арқа, Жетісу ақындары және, әсіресе, Сыр-Түркістан ақындарынан Шортанбай бастаған Шәді, тағы басқа көп ақынның шығармаларында бұл әсер көп. Соның көбінде араб, парсының өз сөздері көрінуден басқа қазақтың «дейді»-сін «дейди», «көрді»-сін «көрди» сияқты ғып созғылау көп болған. Барлығының өкше ізі сол жаңағы шағатай арқылы дін хиссалары немесе «Шах-нама», «Жүсіп-Зылиха», Ләйлі-Мәжнүн»-дей дастандар арқылы кірген ғарұз уәзініне барады. Қазақ әдебиетінің көлеміндегі ғарұз әсерін тексеру және соның бір жағын Абайға тірей тексеру – әдебиетшілердің алдындағы бір соны проблема.
Абайға келгенде, жаңағы айтылған өлеңдер өзінің шығыстық тұлғасын өзгертпейді. Абай аузында бұның қазақ ақыны екенін білдірмей, танытпай тұратын нәрселер болады. Қорытылмай, сұрыпталмай, өз тәні бола алмай тұрған еліктеу, таза еліктеу.
Медіресе түнінен саңылау іздеп, алғаш бұлқынғанда, жас ақын Шығыс поэзиясына осылайша шылбыр созады да, жаңағыдай жағаға бір соғады.
Басы осы. Содан әрі балалық күннің еліктеу үлгісін тастағанмен, өмірінің ақырына шейін Абай осы жағадан қол үзбейді. Абай ақындығының ішінде Шығыс арқауы ұзыннан ұзақ тартылған желідей болып созыла келіп, ең ақыры 1902 жылы «Масғұт» пен «Ескендір» әңгімелері жырланады.
Тегі Абай әңгіме, жыр жазбаған, оны бұның шәкірті есепті болған ақын да және қолға алады. Абай өзі:
Батырды айтсам ел шауып алған талап,
Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап,
Әншейін күн өткізбек әңгіме үшін,
Тыңдар едің бір сөзін мыңға балап...-
деумен әңгімелі жырды өзіне өзі рұқсат етпейді. Бірақ сонымен қатар жаңағы екі жыр бар. Және «Мың бір түннен» «Әзімді» жыр ғып шығады. Бұнысы мұсылман дүниесінде жайылған сөздердің қазақ оқушысына ғибрат боларлық үлгі мәжіліс боларлық мысал, өсиет айтам дегеннен шыққан. Һарон Рәшит халифа заманы мен «Шах-нама» уақиғаларын алу құр «қызық әңгіме айта салайын»-нан тумаған.
Содан әрі 89 жылы «Қор болды жаным», 91 жылы «Көзімнің қарасы» жазылады. Бұл өлеңдердің тұсында алғашқы ғарұз уәзінімен жазылған шағатайша бәйттердің жотасы қайта көрінеді. Бірақ енді ақын Шығыстағы «Тассафуп» (сопышылдық) поэзиясының ұрығын, ішкі-тысқы үлгісін, негізгі сарынын терең түсіне бастаған. Сондықтан бұдан былай олар үлгісін қорытып, өз ырқына көндіріңкіреп, баурай алып қолданады. Өлеңі қазақ ақынының өзі-ақ айтарлық сөздер тәрізденеді. Бірақ, азырақ бойлай қарасақ, махаббатты: «Қор болды жаным», «Тағдырдан келген зұлым», «Бүгілді белім», «Тағдыр етсе Алла, Не көрмейді пәндә» деген сияқты сөзбен сырлау Шығыстың «Тассафып» ақындарының үлгісі, «ЛәйліМәжнүн» махаббатының үлгісі боп көрінеді. «Көзімнің қарасындағы»:
Сенсің жан ләззаты,
Сенсің тән шәрбәті.
Сұлуды сүймектік
Пайғамбар сүннәті...-
деген сияқты сарын да Шығыстан келіп тұрған леп. Тақырып махаббат болғанмен, не қазақ, не Еуропа үлгісіндегі махаббат сыры емес. Денең қорлық көреді, зар шегеді. Сол арқылы жаның тазарады.
Тазарған жанмен Құдайыңды, иеңді танисың деген сопы ақындардың махаббат пәлсапасы бұл арада екіұдайысыз, шіркеусіз ашық көрініп тұр. Соған орай тілдегі «зұлым», «бек бітті», «ләззат», «шәрбат» сияқтылар қиыстырылған.
Бұлардағы ұйқас пен ырғақ та өзге қазақы өлеңдей емес. Осы өлеңге арнап ақынның бәйіт күйіндей күй шығарып, қырлап, өзгеше сөзбен айтуы да еске аларлық нәрсе. Мұны, әсіресе, «Желсіз түнде жарық ай», «Қызарып, сұрланып» немесе «Айттым сәлем, Қаламқас»пен салыстыра қарағанда, ерекше боп көрінеді. Шығыс жағасының осылардан басқа бір таласы Абайдың діншілдік өлеңдерінен көрінеді. 1894 жылы жазылған:
А, Құдай, бере көр,
Тілеген тілекті, -
деген сияқты немесе:
Алланың рақметін,
Жар тұтып әр неге,
Әррахман ол атын
Үйреткен жүлеге...-
деген өлеңдері баласы Әбіш ауырып жатқанда айтылған сыйыну, дұға, жалбарыну көздері боп шығады. Бұлардың тұсында Абай - мұсылман. Мұсылман құдайына табынған «ғаси бәндә» өлеңі, дәрмен кеткен қарт көңілдің намаз артынан күңіреніп айтып отырған мінажаты, сынық кішік көңілдің қоңыр үнді дұғасы сияқты сезіледі. Бұл Абай басына келген соқпа күй емес. Көңілдің сынып, жамалып отыратын әлде қалайы да емес. Өмірінің қысталаң шағында айтылған шыны. Дәл бұл жері ақын шығармаларында жарыққа шықпай, айтылмай, ашылмай да кете баруға мүмкін еді. Бірақ басына келген кезі мен хәлі ішкі пердесін осы арада аша кеткен. Сонда ақын мен діндармын, мен инанушымын деп отыр.
Бірақ осының бәрімен қатар Абай фанатик те емес. Мұсылманның көп молда, көп кітабы даттаған фанатик, схоластик дінді ұстанбайды. Шығыс жағасынан алған нәрдің бәрін Абай өз ақылымен, сыншы, ойшыл ақылымен, бірақ, әрине, жаңашылдық жолымен өзінше қорытып алады. Бұған кірген бұйымдардың басы ислам діні, онан соң Шығыс поэзиясы және мұсылман ғылымының ілгері-соңды ғұлама философтарының сөздері болады. Мысалы, 1895 жылы «Ылай суға май бітпес қой өткенге...» деген өлең жазады. Мұнысы, жаңа «Алланың өзі де рас, сөзі де рас...» деген қорытынды өлеңі ақынның діни философия ретімен сөйлеген сөздері сияқты.
Сонда басы ашық:
Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ
.............................................................
Құран рас, Алланың сөзідүр ол
немесе:
Тә’уиліне жетерлік ғылымым шақ, -
деп,
Алланың, пайғамбардың жолындамыз,
Ынтамызды бұзбастық иманымыз...-
деп, қатардағы көп діндар, көп мұсылманның бірі екенін даусыз айқын көрсете отырып, солармен қатар:
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және сүй «хақ жолы» деп әділетті, -
дейді де:
Осы үш сүю болады имани гүл,
Иманның асылы осы деп сен тахқиқ біл, -
деу арқылы надан молдалардың үгітінен жырақтап шығып алып:
Руза, намаз, зекет, хаж талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртін
Қылғанменен татымды бермес жеміс...-
дейді. Мұнысы - өзі тұтқан ислам дінінің негізін сыншы ақылмен, жаңашылдық пәлсапасымен, морал (мінез-құлық) пәлсапасымен сұрыптап аламын деген рационалшы ойшылдың ісі. Абай діншілдігінің түп қазығы, негізгі сипаты осы. Осындай «молда айтты», «кітап айтты» дегенге қалт қарап тұрып қалмай, әр жағынан түбін үңгіп қарайтын тімтінгіш ой:
Өзгені ақыл ойға қондырады,
Біле алмай бір Тәңіріні болдырады.
Талып ұйқтап, көзіңді ашысымен
Талпынып тағы да ойлап зор қылады, -
дейді. Бұл арада қараңғы сопылар көзінде Абвй күпірлік жағасына да жақындап қалады. Шеттігіне іліне барып, қайта оңалғанда айтатыны:
Көңілге шекшүбәлі ой алмаймын,
Сонда да оны ойламай қала алмаймын.
Ақылдың жетпегені арман емес,
Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын, -
дейді. Мұнда Шығыс ойшылының бірталай күнәкәр қылатын күдіктері көрініп тұр. «Бес парыз», «иман», тақсыр» деп ой-сананың бәрін тұмылдырықтап, тұмшалап тастайтын исламның тігіс-тігісі ыдырай бастап, бірталай сауыты жыртыла бастайды.
Осы жайлары қара сөздерінде де айқын көрініп отырады. Міні Шығыс жағасына Абайдың барлық тұлға мазмұнына орнаған поэзиялыұ, ойсаналық іргелері осындай. Аз нәрсе емес. Үстіңгі бір жамылысы ғана, бір қабат жұқа қабыршақ қана емес. Көңіліне орнаған терең тамырлы бұйымдар. Абайда Батыстан кірген белгіден гөрі Шығыс белгісі басымырақ, нығырақ. Батысқа келгенде, ол арқасын Шығысқа, ақылмен қорытып алған мұсылмандыққа нық тіреп алып келеді.
Сонымен өз тұсында, ХІХ ғасырдың екінші жартысында Шығыс ілімінде майданға шыға бастаған жаңашыл, рационалшылдар дін реформашыларының шеніне араласады. Абай татардан шыққан Қаюм Насыри алдындағы Шихабиддин Маржаниды қостайды. Бұл екеуі мен Смағұл Гаспиринскийдің алдында мұсылман әлемінен шыққан рационалшылар 60-жылдарда өз елдерінен қашып шығып, Парижге орнаған Жәләлиддин Ауғани, Мұхаммет ҒабдуҺи еді. Соңғысы Мысыр арабтарының жаңашылы болатын. Кезі келіп, өріс ала алса, әлеуметтік жұмысқа ру мен ауыл шегінен шығып, мемлекеттік масштабта араласса, Абайдың шындап тоғысатын кісілері осылар мен Қаюм Насырилер болар еді. Ол Абай қазақ қоғамының буржуаздық жолмен өсуіне ат салысқан Абай болар еді. Осыған жетпесе де ескіден аяқ кезде сытылып шыға бастады, сол жаңағыға қарай бой ұра бастаған Абайды біз ақынның Еуропаға қараған жүзінен байқаймыз, көре аламыз.
Осы айтылғандай рационалшылдықпен салтсана, ойөнер жүзіндегі жартылаған жаңашылдыққа бейім болмаса, Абайдан Еуропа жағасының белгілерін көре алмас едік.
Жәләлиддин Ауғани мен Мұхаммет ҒабуҺи Еуропа капиталының орта шабуылына қарсы пәнисламдық ұранды бастай жүріп, өздері Париждегі масондар ложысына мүше болған.
Абай Будда жайын оқи келе: «Шіркін, Будданың сөзі қалай терең еді, жас шағымда кез болмады-ау!»- дейді. Миссионер Сергей поппен мәжілісі жарасып, кең әңгімелеседі. Сөйте отыра: «Дарвинде кісіні құлатып ап кетерлік күш бар екен, бұған дін қазығыңды мықтап алмай соқтығу қатер екен», - дейді. Осыларының барлығын қарағанда, баласы Әбдірахман өлгенде айтқан:
Жаңа төлдің басы ол,
Мен ескінің арты едім...-
деген сөз әншейін өзінің жасы ұлғайып қалған кәрілігіне ғана сілтей салған сөз болады.
Шынында Абай - феодал ішіндегі либерал топтың өкілі Пушкиннің либерал ақ сүйектер өкілі болғаны сияқты бұл да өз қауымының өзінше бөлек біткен ерекшеліктерін ала келген, феодалдан буржуаздық дамуға қарай бой ұра бастаған топтың басы сияқты болады. Мұны Шығыс жағасын кездіріп-сүздіре келіп, Еуропа жағасына тағы қонақтатып жүрген де осы ерекшелік, осы жағдай.
Батыс жағасына келгенде, Абай көбінесе өз іргесін бермеуге тырысады. Бұл жақтан мұның алдына тартылған тың жаңалықтың барлығын талғап-талғап қана ала алады. Дүниеге оның көзін ашқан Михаэлис, Грос, Долгополовтар халықшылдық, патша үкіметіне қарсылық сияқты өз бағыт, талаптарының еш қайсысын Абайға дарыта алмады. Замандағы патшалық үкіметіне қарсы арналған саяси, әлеуметтік, мемлекеттік пікірлер, көзқарастар Абайдан ныспы білінбейді. Бұқарашыл, төңкерісшіл ақын, жазушылар Чернышевскийдей саяси, салт-саналық басшылардың да еш бір пікірін алмайды. Көз салып құнттамайды.
Пушкин, Лермонтовтар, Крыловтар сарынына қарай бой ұра береді. Онда да ешқайсысының атағына жығылмайды. Мәдениетті жұртшылық түгел қостаған, даттаған Пушкинге Абай өз басын кем санамай, тең санағандай болып, «олай айтпай, былай айтса нетер еді» деген кісіше, аз ғана бойкүйездікпен бұрылады. «Татьяна, Онегинге» өз сөзін, өз түсінік, теңеулерін қосып:
Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем, -
деп, немесе:
Өз қораңның қақпасын сен
Қатты жаптың, не айтайын...-
деп қана қоймайды. Бірталай қошқар мүйіз салады. Татьяна хатынан аз сөз, Онегиннің екі көздесудегі ауыз айтқан сөздерінен біраз шерлерін алғаны болмаса, көбінесе Онегин, Татьяна хаттары Абайдың Пушкин желісімен өзі шығарған сөздері болады. Бұл екі жастың әңгімесін Пушкиндегі мазмұн, тақырып, идеядан басқаша, өзгеше қып қорытады.
Ең әуелі хаттар дегеннің өзі де Пушкинге жасаған зорлық. Пушкинде көп хаттар жоқ. Абай алдымен түрін өзгертіп, эпистоляр роман (екі кісінің кезек жазысқан хаттарынан құрылған роман) қылып шығарады. Өз тұсындағы аө сүйек қауымының бір тобына мұны айна қып, құнсыз, нәрсіз айна қып көрсетеді. Тарихи орны сол жағынан бағалы, маңызды боп, мәңгі каейіп боп қалған. Абай бұл жерлерімен, орыс тарихымен есептеспейді. Ол Еуропа жағасына келгенде, өз аулына осыдан сарқыт ала қайтам деп, керегіне жаратам деп келген. Сондай есебі мен бағытының барлығына опасыз Онегин дәл келмейді. Оның ғибрат аларлық, үлгілі жігіт болуы шарт. Сол себепті, әңгіме бітер жерде Пушкин күлкі қып тастап кеткен Онегинді Абай қолтығынан сүйеп тұрғызып алып, қолына мылтық ұстатып, аузына:
...Сенен басқа еш жерден
Таба алмадым орнымды.
Атам-анам қара жер,
Сен аша бер қойныңды...-
деген сөз салып, өзін өзіне атқызады. Жігіт болсаң, осылай сүй деп, өз ортасының жасына тағылым айтпақ болады.
Мұнысы Еуропадан ұстаздық іздей, қоңсы қона келу емес, дара иінге келген келісі сияқты, ірге бермей, бөксесін қашық сала ұстағаны сияқты.
Крыловта да мақал, мәтел, нақыл, мысал көздерін аударғанда: «аларын көп кісі айтқан сөз, ендеше сол көп ішінде мен де ортақ» деген кісіше тағы да өз бетіндегі нығыздығын, тұтастығын жоймай кеп алады. Өзі айтып жүрген қазақы өсиет өлеңдеріне мынаны қосымша ғана қып ұсынады.
Абай Батыстың өнер мәдениет көрінісіне қазақ сахарасының, Шығыстан шығып, сапар шегіп келіп, әдейі не барын, нендей сырлы екендігін танып қайтайын деген кісі сияқты. Бірақ шын өнер, шын мәдениетті көру мұң. Көрген соң, дәмін татып, нәрін алған соң, жым-жылас, түк жұқтырмай кету мүмкін емес. Басында кердең басып, тай-талас түспек боп келген беті біраздан соң өзгере береді. Рас Еуропамен таныса келе: «Шығысым батыс, батысым шығыс боп кетті», - деген сөз Абайдың ішкі дүниесінің барлығы бірдей қопарыла өзгеріп кетті дегенді білдірмейді. Еуропаның ғылым, өнер, мәдениеті мұны барған сайын қызықтыра тартып, соңына шындап телмірткенін білдіреді. Бірақ Абай іші бұрынғыша дін қазығына арқасын нық тіреп алып келген іш екені жоғарыда айтқан сол қалпы негізінде өзгермейді. Бірақ барған сайын икемделіп, сыпталып, сырт буындығынан арыла береді. Рационалшы, жаңашыл Абай пішіні айқынданып, ашыла береді. Өз ішін бермеймін деп жүрсе де ақын көп жанасу арқылы бір қатар жаңғырып, түлей бастайды. Ой білімінде ақындық өнерінде тереңдеп, өсе бастаған сайын Еуропадан үлгі таңдап, нәр алады. Онысы Еуропа көрмесінің ішінде бұған ерекше көрінген кейбір жаңалыққа қатты қатты қызығуынан басталады. Жаңалық ішінен жаңалық талғап, бұрын өзі көрмеген үлкен тұлға, «өзгеше туыс» әздеп, өз кеудесіндегі сынменен қыдырып келе жатқанда Абай Пушкин асынан солғын қарап өтеді. Бірақ соай жеңіл жанап, ат үстінен жоғарыдағыша үстірт шолып өткенммен, сол Пушкин маңынан іздегенін табады. Өз сынынша «махаббаты ашуға улаған» Лермонтовқа кеп үйіріледі. Мұны таңдана, талмаурай сүйеді.
Ел ішіндегі қаққы-соққы, алыс-жұлыстан кекесін мен ашу алып шығып, ызамен сазарып, уайыммен уланып келгенде, Лермонтовтың құлақ күйі бұның өз күйі, өз сарынындай болып дөп келе кетеді. Сонсоң Лермонтовтан әрі аударады, әрі үлгі алып, күйіне күй қосады. Лермонтов сөзін өз сөзіндей нашаланып, мейірленіп, емірене жыр қылады да, өзінікі мен оныкінің шек арасын жойып, «мал басын» рарластыра қосып, «еншілес» боп кеткендей болады.
Кей өлеңдерді мынау Лермонтовтікі дегендей қып, үлкен ұқыптылық, дәлшілдікпен тырыса аударады. «Жолға шықтым бір жымжырт түнде жалғыз», «Тұтқындағы батыр», «Жалау», «Қараңғы түнде тау қалғып» (Гете, Лермонтовтан), «Сал демеймін сөзіне ықыласыңды» сияқты өлеңдер - Лермонтовтың кім екенін танытам деп, бұлжытпауға тырысып, басын ала жазған өлеңдері. Бұдан кейінгі «Терек сыйы» сияқты кейбір өлеңде «Қарасам қайғыртар жұрт бұл заманғы» деген Абай Лермонтов текстінен кейде кем, кейде ілгері соғып отырады. Бірақ дәлдікті ұқыптамайды. Ойын да Пушкинге істеген тайталасты бұған да істемек болады. Лермонтовтың қара сөзбен роман қып жазған «Вадимін» бұл аударма қып, өлеңмен аудара бастайды. «Демонды» өз түсінігіндегі (...) жырлайды. Осы сияқты Лермонтов оригиналына істеген еркіншілік (...) мінездер бір емес, талай жерде көрінеді.
Міне, осылайша көп араласып, көп жанасу арқалы Абайдың ақындық (...) ойлары, шығармашылық түр, тақырыбы, негізгі сарындары енді көп жерде Лермонтов жырымен туысып, бірге жасасқандай болады.
Абайдың Еуропа ақындарынан жасаған аудармалары жоғарыда көрсетілгендей, екі алуан болғанмен де, оның бәрін түбі аударма... Бір төбе қып шығарып қойып, енді екінші бір негізгі ерекшелікке көшеміз. Онымыз - ақынның Еуропа жағасынан алған нәр, жаңалықты қалай қорытып, қалай пайдаланғаны жайындағы сөз.
Абай Шығыс жағасына араласу арқылы жоғарыда тексерілген махаббат жайындағы, көңіл күй жайындағы, дін-құлық жайындағы жырларды шығарса, Батыс жағасының өз кемесіне соққан ағымдарын қорытқанда да сол жаңағыдай бірнеше тақырып үстінде еңбек етеді. Бұлары Лермонтовтан жасаған аударма емес, бірақ сол Лермонтов сияқты ақындардың үлгі желісін нық қорытып, керекке жарату белгісі. Осы жайға көз жіберіп байқасақ, Абайда Еуропалық төркіні бар, екі алуан өлеңді көреміз. Бірі - ашықтық жайының өлеңі (махаббат лирикасы), екіншісі - көңіл күйінің өлеңі (настроение лирикасы).
Араб, парсы сопыларының үлгісімен «Қор болды жаным» жазылса, Еуропа жыршыларының үлгісімен «Желсіз түнде жарық ай», «Қызарып, сұрланып» жазылды. Алғашқы түрдегі махаббат жырында табиғат араласпайды. Уәзін - ғаруз үлгісі, ырғақ - бәйітше. Мына соңғыларда бұрын қазақ поэзиясында құлағы көрінбеген басқаша ала бөтен түрдегі бір сарын үстем боп шығады. Мұнда махаббат табиғат ұйқысына бөленеді:
Желсіз түнда жарық ай,
Сәулесі суда дірілдеп...-
деген әсерлі, көрікті суретпен басталып келіп:
Тау жаңғырып ән қосып,
Үрген ит пен айтаққа...-
деген сияқты қазақ ауылының түнгі қалпын бере отырып:
Тұрмап па еді сүйеніп,
Тамаққа кіріп иегі, -
деген көрініске келіп, екі ашықтың тасысу мүйнетімен бітеді. Өлең көрінісі, жалпы сурет-тақырып - Абайдың өзінікі. Бірақ махаббат осылайша оттай ыстық көрініспен жалт еткізіп, бір ғана елес еткізіп, аяғын «қалғанын өзің ұға бер» деумен шұғыл тұжыра салумен бітіретін Еуропа романтиктерінің үлгісі. Ондағы жұмбақты жыр поэзиясы - шұғыл қайырғыш емеуріншіл лирикасының (интим лириканың) үлгісі. Бұл жырда:
Тыншығарсың сендағы,
Сабыр қылсаң азырақ...-
деп тұқыратын Гете, Лермонтов сөзі білініп тұр. Осы айтылған күйге орай өлең ұйқасы қандай? Жеке-жеке әсерлі суреттер үздік-үздік леп бергендей жалт-жұлт етумен бірге ұйқас та қазақы өлең не шығыс үлгісіндегі өлеңнің қалпын тастап, шалыс ұйқасқа ауысады.
Бірінші мен үшінші, екінші мен төртінші жол ұйқаса келіп, әдейі бір лықсып толқып отырған ырғағы мол, күйлі ағынды тапқандай болады.
Дәл осы сарын, осы үлгімен жазылған өте шебер «Қызарып, сұрланып» та өлең жолдары мен сөздері аса бір сараңдық дәрежесіне жетіп қысқара түсіп:
Елбіреп, қалтырап,
Жігіт пен ол қыз да...-
деген негізгі күйдің әмірі бойынша шолақ-шолақ боп алады да, рақат түннің күрсінуі сияқты сезіледі. Еуропа жағасынан Абай қорытыпған үлгінің бірі осындай болып, махаббат жырының өте шебер, өте нәзік, көркем түрін туғызады. Көңіл күйінің жырларында да осындай түр, сарын жағынан жаңарып, Еуропа шеберлерінің жоғарғы сатыдағы жыр мәдениетін меңгеріп алғандық көрінеді. Онда да кейде көңіл күйін табиғат суретімен қабыстырып, ұластыра келіп:
Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса, -
деумен қатар:
Күңгірт көңілім сырласар
Сұрғылт тартқан бейуаққа, -
деген жалын атады. Ойшыл, мұңлы сыршылдың бар денесімен құлай мүлгіп:
Көңлім менің қараңғы, бол, бол ақын,
Алтынды домбыраңмен келші жақын, -
деп бір тебіреніп кетеді.
Бәрін санауға орын тар. Қалайда осы үлгідегі өлеңдер Абайда өте көп. Сырт қараған көзге Абай көп үлгі, көп сарынды Еуропадан алып, ақындық таразысының сол жағын көбірек басқан сияқтанып көрінетіні де осыдан. Көңіл күйінің лирикасын Абай бертін келгенде тұтасымен Гете, Лермонтовша жырлайтын болып, сол атақты романтиктермен туысып кеткендей болады. Еуропа жағасының пәрлерін қорытып, өз тәні қып алуда Абай осындай ірі мәдениет, ірі шеберлікке жеткен. Оларды аударса:
Елсіз жер тұрғандай боп қаққа мүлгіп,
Ымдасып сөйлескендей көкте жұлдыз...-
деген тәрізді, бір алуан әсерлі, романтикалық сөздермен аударудан басқа, өз жырларын да осындай сумен суарып соға бастайды. «Үстіне зәр төгілген құрыш. Болат тіл» Абайдың өз тілі сияқтанып кетеді. Бірақ бұл айтқанның бәрі Абайдағы Шығыс жағасының әз, сарынын жоймайды. Жуып жаймайды. Тілде, үлгіде ғана қолданып, өзінің шығыстық қазақылық ішін сыртқа шығармауда тұтынған кестесі сияқты. Бұлар Абайдың біз бұл мақалада сөз қылмаған қазақтық және жоғарыда саналған шығыстық тұлғасын, ішкі нанын, бақыт, негіз дүниесін бұзбайды. Өзгертіп әкетпейді. Соны жарыққа, сыртқа әсерлі қып шығару үшін ұстанған әдіс, өрнек есепті болады. Рас, кейде Еуропа үлгісі бұған айрықша тақырып ұсынатыны да бар.
Осы бітімді өлеңдерінің ішінде (мысалы, қысты сипаттау үлгісі сияқты) маған әсіресе ерекше көрінетін - «Ақынға» деген өлеңі. Біздің көп оқушы ол өлеңнің аты осы айтылғандай боп тұрмаған соң, ақындық жайындағы жыр екенін байқамайтыны да болады. Біздің сөз қылып отырғанымыз - «Адамның кейбір кездері» деген өлең. Бұл - Пушкин, Лермонтовтардың «Ақын», «Ақынға» деген өлеңдерін оқумен қатар өзінен шығарып, аналармен жарыса айтқан жыры. Тақырып Еуропа айтып жүрген үлгіден алынады да, жырлауда Абай ақынның, үздік пішіні айқын тұрған ақынның өз ағымы, өз бағасы беріледі.
Мақала мақсұты әдеби «Телқараның» Шығыс, Батыс сияқты екі жағадан алған нәрін ұзын-ырға атап өту. Түгел зерттеп қана, тексеру емес, сондай тексерушіге бір қысқаша нобай айту. Сондықтан бұл мақала толықпын деп шірене алмайды.
Мақсұт екі жағының ақынға берген бұйым, белгілерін атау болғандықтан, Абайдың үздік тұлғасын, анайы арнасын, қазақы қалпын атап зерттегеніміз жоқ. Ол - өз бетінде бір төбе сөз.
Енді бқл уақытқа шейін ақынның айналасы деген тақырыпты сөз қылғанда, біз өзіне әсер еткен жайларды, өз қорына құйылған салаларды алып келдік. Бірақ ақындық айналасы Абайдың өзі алған нәрді санаумен түгелденбейді. Екінші қатарда тұрған тағы бір алуан мәселе Абайдың өзгеге берген нәрі турасында.
Бұл мәселеде біз Абай ақынның төңкеріс алдында не төңкерістен бергі қазақ ақындарына еткен әсерін айтпаймыз. Ол айрықша, ұзақ талдауды керек етеді. Бергілер және дәл айналасы деген тақырыпқа сыя да қоймайды. Сондықтан біз Абайдың дәл өз тұсында, өз дәуірінде еңбек еткен бірнеше ақын туралы ғана қысқаша айтып өтеміз.
Мұндай ақын төртеу. Оның екеуі Ақылбай, Мағауия - Абайдың өз балалары. Мұның екеуі де 1904 жылы, Абай өлген жылы өлген. Қалған екеуі - Көкпай, Шәкерім. Осы төрт ақын - Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері. Абайдан аталық, ағалық, ұстаздық тәрбие алудан басқа, оның өлеңі мен қара сөздерін әрі оқушы, әрі таратушы, бағалаушы-тұтынушы болудан басқа, бұлар Абай басшылығымен өз жандарынан жырлар да жазған.
Абайды зерттеуге осы төрт ақын атын қыстыратын бір себеп: бұлардың шығармалары арқылы Абай өзі істемесе де бой ұрған бірталай тың еңбек туады. Абай оларға тақырып беріп, өлеңдерін сынайды, түзейді, қалай түзеудің жолын айтады. Дәлін айтқанда, мыналар Абайдың ақын шәкірттері де, Абай алды оларға жазушылық мектебі сияқты болады.
Және бір ерекшелік, бұның төртеуі де әңгімелі жырлар жазады. Әдеби мектеп деген ақынның өзі алған түр, өзі жырлаған тақырыпты ғана тебіндей беруде емес, сол басшы ақын берген екпін, бағыт, негізгі күйлерінің бетімен тың жол іздей өсуде. Ұстаз ақынның өзі айтуға үлгермеген немесе заманында әдейі айтқысы келмеген жайларды тереңдеп үңгіп, бірталай өріске апарып тастауда.
Абай әңгңмелі өлеңге қызықса да, өзінөзі әдейі тежеп, тыйып отырған. Мына төрт ақын сол соныны жазады. Сонда Ақылбай, Мағауия романтикалық поэмаларды жазғыштайды, ана екеуі өзге үлгінің соңына түседі. Ақылбай «Дағыстан», «Зұлыс» деген поэмалармен қазақ әдебиетінде Байрон, Пушкин үлгісін (олардың Шығыс поэмалары, Түстік поэмалары деп аталған романтикалық поэмаларының үлгісін) тұтынады. Мағауия да «Қасым» деген поэмада осы үлгімен бастап, аяғы қазақ тұрмысынан алынған тарихи жыр (Абылай жыр) немесе салт жыры «Еңлік-Кебек» жайын жазады. Көкпай Абайдың өзі әңгіме қып тақырыбын таратып берген желі бойынша Абылай мен Қасым балаларының жайын жыр етеді. Бұлардан гөрі өзгешерек жол іздейді, қазақ тарихынан салт жырының тақырыбын таңдаған Шәкерім Қалқаман, Мамыр, Еңлік-Кебектерді жазады.
Осылардың бәріне Абай әңгіме желілерін талқылап беруден басқа, кейін өлең шыққан кезде жеке жолдарын түзейді. Әңгімедегі кейіптерін түзеттіреді. Мағауия Кеңгірбайдың «Қабекең» деген атын қабан деген сөзден шығарған екен. Оның өткенге қатты тиіскенін жақтырмай, Абай бұл өлеңнің жарыққа шықпайын дұрыстайды. Көкпай Наурызбайдың қызыл ауыз атын онша жақсы жүйрік қып шығара алмаған соң, Абай «Шоқпардай кекілі бар»ды жазып береді.
Бұлардың барлығы ана ақындарға Абайдың нақтылы ұстаз боп, баулып, бастап отырғандығын көрсетеді. Олар шығармаларының ішінде аңқып тұратын адамшылық, санашылдық үгіті, аздаған рационалшылдық, сонымен қатар кей біріндегі діншілдік, ханшылдық идеялары және осының бәрінің үстіне қосылған Еуропаның әңгіме құру желісі, түр, бояу үлгілері - барлығы да мыналар арқылы Абайдың өз шығарма, өз тұлғасын мынадай айнала кеп, қосымша бұйымдар қосып тұрады. Абайдың бұрынғы өзінен байқалған мүсінінен ары асыра, тереңдей түсінуге көмекші болады. Абайға шеттен құйған салалардан басқа бұның өзінен шыққан тарау-тармақтың да осындай маңыз, мазмұны бар.
1934