Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
Маржан Ершу: Әйелдің сөзін сөйлеуді парызым деп бі...

02.07.2025 2736

Маржан Ершу: Әйелдің сөзін сөйлеуді парызым деп білемін

Маржан Ершу: Әйелдің сөзін сөйлеуді парызым деп білемін - adebiportal.kz

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында белгілі ақын Маржан Ершудың «Әйелдер галереясы» мен «Шығармашылық лаборатория» атты кітаптарының таныстырылымы өтті. Қазақтың ақын қыздарының көш басында тұрған Фариза Оңғарсынова залында емен-жарқын, еркін стильде өткен әдеби кешке белгілі қаламгерлер, кітапхана қызметкерлерімен, оқырмандар қатысты.

Кеш тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағы Астана қаласы филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы былай деп сөз бастады:

«Маржан Ершу – жан-жақты қаламгер. Ақындығы, ғалымдығы, зерттеушілігі, аудармашылығы – әрқайсысы бір-бір әлем. Ол – тыным таппайтын еңбекқор тұлға. Біз бүгін оның өміріндегі сәулелі сәттерінің біріне куә болғалы отырмыз. Маржан кешегі күнге дейін қасымызда жүрген талай үлкендерден көзі тірісінде батасын алған, ақ тілегіне бөленген ақын.

Бүгінгі кешіміз бір қалыпты, ресми форматтан тыс, еркін сұхбат ретінде өткізгіміз келіп отыр. Сондықтан еркін отырып кітап туралы әңгіме дүкен құрсақ дейміз. Маржан – кез келген тақырыпта ашық сөйлей алатын, өз ойын бүкпесіз жеткізетін адам. Сондықтан кеш барысында әдебиетке, шығармашылыққа, өмірге қатысты сұрақтарыңызды қойып, пікір алмасып отырсақ», - деді. Сондай-ақ Б.Бабажанұлы тағы былай деп сөзін жалғады: «Менің бір ұнататын сөзім бар: «Ел қамын жеген ерлердің, сөз білген жанда хақы бар!» Расында да, Маржан – сөз білген жан. Ол ел үшін, ұлт үшін қажырлы еңбек етіп келеді. Оның аудармалары, зерттеулері, поэзиясы – барлығы қазақ оқырманы үшін өте құнды. Орхан Памук секілді әлемдік авторлардың шығармаларын қазақ тіліне тәржімалауының өзі қазақ руханияты үшін өлшеусіз үлес.

Бүгінгі таныстырылып отырған екі кітаптың бірі Маржан Ершудың «Шығармашылық лабораториясы». Әдетте жазушылардың шығармашылық процесі – құпия күйінде қалады. Мәселен, Төлен Әбдік ағамыз: «Тек түнде ғана жазамын, күндіз бір жол да жаза алмаймын», - деген еді. Бұл – әр қаламгердің ішкі «кухнясы», шығармашлық  ерекшелігі еді», - деген пікірлерімен Б.Бабажанұлы кеш шымылдығын ашты.

Белгілі қаламгер Айгүл Кемелбаева Маржан Ершудың мінезі, шығармашылығы туралы былай деп лебіз білдірді:

«Маржан – мінезі бар ақын. Айтқысы келсе – айтады. Айтпаймын деп тығылып жүретіндерге де, ішіндегі сөзді жұтып қоятындарға ұқсамайды. Кейде біз айта алмайтын нәрсені, Маржан оңай ғана айта салғанда риза боласың.

Бірде өзім қатты сыйлайтын, мықты журналист Айгүл Ақанбайқызы телефон шалды. Мен әлеуметтік желіге көп кірмеймін, Facebook дегенді де қарамаймын ғой. Бірақ Айгүл бәрін бақылап отырады екен.

-  Қазақ поэзиясы әдебиетіндегі қыз, келіншектер ұятсыз өлеңдерді көп жазып кеткен еді, соның  бәрін Маржан тыйды ғой, - дейді риза болып. Әдебиетке жалаңаштық емес, жауапкершілік керек екенін осылай Маржан Ершу нәзік жанды ақындардың есіне салғаны бар еді.

Айгүлдің сол сөзі менің де ішкі ойыма дөп келді. Расында, Маржан поэзияда еркіндік пен мәдениеттің, шынайылық пен шектен шығудың арасын бөліп тұратын бір шек бар екенін еске салды. Ашық айту - біреуді сынау үшін емес, әдебиетке деген адалдығы үшін еді», - деп ақынға деген жақсы көңілін жеткізді.

Кітап авторы, ақын Маржан Ершу «Әйелдер галереясы» кітабы туралы былай деп түсіндіре кетті:

«Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің әйгілі сөзі бар: «Адамдық негізі – әйел!» - деген. Біз әдебиетті бастаған кезде, Мұхтар Әуезовтің әйел туралы түсінігі ерекше мәнге ие болды. Оның шығармаларында әйел тағдыры, әйелдің болмысы мен табиғаты үлкен құрметпен суреттеледі. Әуезов әйел махаббатын асқақтатып, әйелдерді әлемнің тірегі, шуағы деп сипаттайды.

Әуезовтен кейін қазақ әдебиетінде әйел тақырыбына ерекше мән берген тағы бір қаламгер – Ғабит Мүсірепов болды. Ол да ана табиғаты туралы кеңінен жазып, әйелдердің өмірі мен сезімдерін тереңінен толғады. Бұдан соң көптеген ақын-жазушыларымыз әйел тақырыбына келді, бірақ көбі бұл тақырыпты айналып өтіп кетіп жатты.

Ал әйелдер тақырыбын шын мәнінде терең меңгергендердің бірі – Фариза Оңғарсынова. Ол қазақ поэзиясында әйелдер галереясын жасаған ақын ретінде ерекше көзге түседі. Фариза өзінің поэзиясында әйелдің махаббатын, қыздардың жүрегіндегі сезімдерін, әйел тағдырын шебер бейнеледі. Оның шығармаларында ы, Ғазиза Жұбанова, Сара Тастанбекқызы сияқты тұлғаларға арналған поэмалар мен циклдік өлеңдер бар. Сондай-ақ, оның публицистикалық еңбектерінде де әйел тақырыбы кеңінен қамтылған.

Бізде әдебиеттің ерлер поэзиясы мен әйелдер поэзиясы деп бөлу дәстүрі бар. Әйелдер поэзиясының тарихында Сара Тастанбекқызы, Ұлбике сияқты ақындардан бастау алып, кейін Мариям Хакімжанова, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева секілді заманауи ақындар шығып келді.

Фариза поэзиясында батылдық, қаһармандық рух бар. Сондықтан оның қазақ поэзиясындағы алар орны ерекше. Мен де жиырма жылдан астам уақыт бойы шығармашылықпен айналысып, әйел тақырыбына көп көңіл бөлдім. Әйелдің табиғатын ашуға, олардың образын жасауға ұмтылдым.

Осылайша, менің «Дина», «Хиуаз», «Бопай ханым» сияқты поэмаларым дүниеге келді. Сонымен қатар, түрік әдебиеті мен поэзиясына аударма жасаған кезде де әйел тақырыбы маған ерекше қызық болды. Бұл тақырыпты зерттеп, сатиралық туындылар жазып, әйелдердің мәселелерін кеңінен қамтуға тырыстым», - деп қысқаша тоқтала кетіп, кітаптың қалай дүниеге келгені туралы былай деп сөз қозғай кетті. «Мен қандай жанрда жазсам да – мейлі мақала, мейлі проза болсын – шығармаларымның басым бөлігі әйелдер тақырыбына арналғанын аңғардым. Осыны көп ойландым. Ақыр соңында ойларымды бір арнаға тоғыстырып, әйел бейнесіне арналған шығармаларымды бір жинаққа біріктіріп, өзімше «Әйелдер галереясын» жасамаққа бел будым. Бұл – қазіргі қоғамға ауадай қажет дүние деп есептеймін.

Бүгінгі күні интернетті ашып қалсаңыз да, газет қарасаңыз да, теледидар қоссаңыз да, әлдекімдердің қорлығына ұшыраған, тағдыр тауқыметін тартқан әйелдердің бейнесі алдыңыздан шығады. Бұл – жүрекке ауыр, жанға бататын жағдай. Біз, қазақ халқы, әйелді қорғансыз, әлсіз кейіпте қалдырып көрмеп едік. Қазақ әйелі – батыр да болған, дана да болған. Ақылымен ел басқарған, өнерімен ұлттың рухын көтерген, ғылымның шыңына шыққан аруларымыз аз емес. Ендеше, біз неге соларды ұмыт қалдырамыз? Неге әйелді үнемі жылаған, қорланған кейіпте ғана көрсетеміз? Бұл – мені мазалаған үлкен мәселе болды.

Мен әйелдің сөзін сөйлеуді парызым деп білемін. Өйткені өзім де – сол нәзік жаратылыс иесімін. Шығармашылығымда да әйел бейнесіне, әйел тағдырына, олардың ерлігі мен күрескерлігіне жиі ораламын. Бұл бағыттағы туындыларым кездейсоқ пайда болған жоқ – ол менің ішкі жан дүниемнің, азаматтық ұстанымымның көрінісі.

Шығармаларымды саралай келе, бұл тақырыпқа арналған дүниелерімнің өзі бір үлкен кітапқа айналып кеткенін байқадым. Әуелде шағын ғана жинақ болар деп ойласам да, біртіндеп ол үлкен, мазмұнды, алты бөлімнен тұратын тұтас бір кітапқа айналды. Бұл жинаққа поэзия, проза, драма, аударма, сатира және публицистикалық шығармаларым енді. Таңғаларлығы – осы алты жанрдың бәрінде де әйел тақырыбы қызыл жіптей тартылып жатыр. Бұрын жазылған дүниелер де бар, соңғы жылдары қалам тартқан шығармаларым да бар. Бұл жинақ – менің жылдар бойы әйел бейнесіне деген сүйіспеншілігімнің, құрметімнің, терең танымымның жемісі», - деп сөзінің түйінін шығарды.

Ақынның Хиуаз туралы поэма жазған тарихы да қызық екен. 

«Хиуаз Доспанова жайлы алғаш мәліметті 2004 жылдың соңында газеттен оқыдым. Ол кісіге берілген "Халық қаһарманы" атағы мен ордендер туралы мақала мен Атыраудан шыққан ұшқыш қыздың ерлігі маған қатты әсер етті. Неге біз оны осы күнге дейін білмедік? Неге ол кісі туралы бұрын айтылмады? Осы ойлардан кейін Фариза апаймен кеңестім. «Сіз кезінде «Пионер» журналын басқардыңыз, неге кезінде мұндай батырлар туралы басылмады?» - деп сұрадым.

«Біз Хиуаз туралы ертеден естідік, білдік. Бірақ бізге ЦК-дан тыйым болды, жаздырған жоқ. Рұқсат бермеді», - деді Фариза апай.

Ол кісі рас айтады. Кеңестік дәуірде көптеген шындық жасырын қалып, ерлік жасаған адамдардың өзі үнсіз қалуға мәжбүр болған.

Содан мен «Ойбай, онда бұл апай туралы мен жазайын», - деп шештім. Бірақ ол бірден жазыла салатын дүние емес қой. Ақын үшін кейіпкерімен сырласу, жан дүниесіне үңілу – ең маңызды кезең. Сондықтан ең алдымен Хиуаз апайдың байланыс нөмірін тауып алып, өзіне тікелей қоңырау шалуға бекіндім. Кейін біз жиі сөйлесіп тұрдық. Әңгімеміз біртіндеп тереңдей түсті. Бір күні мен батыр ұшқыштан:

-  Сіздер соғысқа он сегіз, он тоғыз жас шамасында аттандыңыздар. Қорқыныш болды ма? Өліп кетеміз деген ой келді ме?

Ол кісі сәл үнсіз қалды да:

- Қазір ойласам, біз ол кезде періштедей едік. Біз сәнді көйлек, тәтті тағамды емес, тек жаудың жеңілгенін ғана армандадық. Біздің бар тілегіміз – бейбітшілік еді. Өлеміз бе, тірі қаламыз ба – оны ойлаған да жоқпыз, - деді.

Бір күні Хиуаз апай маған:

- Сенің жүзің ақ па?- деп сұрақ қойды.

Бұл тосын сұрақ мені сәл састырып тастады. Себебі «жүзің ақ па?» деген сөзде астарлы мағына бар емес пе екен деп үндемей қалдым. Содан ол кісі сөзін ар қарай жалғап:

- Сенің дауысыңды естіп, көз алдыма сенің портретіңді елестете бастадым. Сен - талдырмаш қызсың. Жүзің аппақ, нәзік жансың. Сен сондай аққұба, нәзік жанды адамдардың қатарынансың, - деді

Сонда түсінгенім: ол - сөзден сыр тартып, жан сарайыңды сезетін ерекше жан екен. Ол бір ғана әскери тұрғыда батыр емес, жүрек танитын, ішкі дүниеңді байқап отыратын үлкен рух иесі екен. Тіпті Бауыржан Момышұлы секілді сарбаздың көзіне қарап тұрып, ішкі жайын аңғара алатын сұңғыла жандардың бірі екенін түсіндім.

Осы әңгімелер менің Хиуаз апай жайлы поэма жазуыма түрткі болды. Батырдың тек қолына қару алған жауынгерлігі емес, жүрегіндегі ұлтқа деген шексіз сүйіспеншілігі, адалдығы, жанкештілігі мен үшін басты тақырыпқа айналды», - деп Хиуаз Доспановамен үздіксіз телефон арқылы хабарласып, поэманың өмірге қалай келгені туралы тамаша естеліктерімен бөлісті.

Кезек оқырман сауалына оралған шақта, ақынның шығармаларын жіті қадағалап оқитын оқырманы ақын Маржан Ершудан: «Осы сіз халқымыздың тарихындағы белгілі тұлғалар туралы көп жазасыз, осы тақырыптарға не үшін келедіңіз, мысалға Дина Нұрпейісова туралы қаншама дүние жазып тастадыңыз, себебі неде?» - деген сауалға Маржаны былай деп қызықты оқиғасымен бөлісті.

«Жиырма бес жас кезім. Жас ақын үшін ерекше кезең. Атырауда жүрген шағым еді. Содан бір күні түнде түс көрдім. Түсімде басында ақ жаулығы бар Динаны көрдім. Телефон шырылдап жатыр екен деп қоям, барып көтерсем, арғы жақтан қоңыр дауыстымен:

- Маған Маржан Ершуова керек, - деді. – Иә, Мен, - дедім. Сосын маған - Сен неге мені іздемейсің? Менің үйім сегізінші март көшесінде, - дейді. Содан қорқып оянып кеттім. Дина апамыз түсіме бекер кірмеген шығар. Халық арасында бір наным бар ғой: «Түсіңде өмірден өткен адам шақырса, бір белгі бар », - деген. Солай қатты қорққаным бар.

Сол күннен кейін көп уайымдаумен болдым. Уайымымды ешкімге айта алмаймын, қорқамын. Айтсаң жұрт түсінбейді. Қорқынышпен басталған сол түс мені өзгертті. Неге Дина түсіме кірді? Ол не айтқысы келді? – деп ойландым. Сөйтіп Динаны іздей бастадым. Ол кезде интернет жоқ, бәрін кітаптан қарайсың. . Көп дүние жоқ, қысқа-қысқа өлеңдер ғана екен. Жеке поэма арнаған ешкім болмапты. Қалай болса да поэма арнайын деп шештім. Содан Дина мені өзі алға жетелегендей, ішімде бір құлын секілді серпіліп тұрған рух пайда болды. Поэма жазып болдым да, бір сәт жеңілдегендей болдым. Бірақ ол сезім ұзаққа бармады. Ішкі күйдің қайнағаны сондай – ол маған тыныштық бермеді. Содан кейін поэмаға сурет керек деп шештім. Совет заманында поэма мен сурет қатар жүретін. Суретші Камиға Жапаловаға бардымда маған Дина Нұрпейісованың портрет керек деп қолқа салдым.

2009 жылы өмірім жаңа бағыт алып, Түркияға оқуға аттанып кеттім. 2011 жылы елге оралғанымда бәрі ұмытылғандай көрінген. Бірақ Дина ұмытпаған екен. Камила деген таныс қызым бір күні хабарласты:

-  Маржан, сен Атырауға келесің бе? – дейді.

- Жоқ, елге жаңа ғана келіп жатырмын, – дедім.

- Мен Динаның картинасын салып қойдым ғой, – дейді.

Мен ол кезде Камилаға Дина туралы поэмамды оқып беріп, сурет салуын өтінгенімді ұмытып кеткенмін. Ал Камила болса бір күні отырып, шабытпен салып тастаған екен. Жай ғана емес, ерекше бір сезіммен салыпты.

- Жақсы болған екен. Бір күні барып қалуым  мүмкін, сол кезде қарармын, -дедім

Содан бір қызық оқиға болды. Неше жыл иесіз қалған кітап сөрелерімнің үстін шаң басып тұр екен. «Жинап тастайын», - деп, үстіңгі кітаптарды ала бергенім сол еді, бір кітап өзінен өзі құлап, тура тақ маңдайыма келіп түсіп жерге құлады. Қарасам Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» жерде ашық күйінде жатыр. Ашық беті дәл Дина Нұрпейісованың өмірбаяны туралы парағы екен. Ол кітапта Дина апамның туған жылы 1861 жыл деп жазылып тұр екен. Ал мен 2011 жылыда тұрмын. Маңдайға кітап қалай тиді, Динаның 150 жылдығы деген ой солай келе қалғаны. Тұла бойым дір ете қалды. Бұл жай сәйкестік емес еді. Бұл – белгі дедім. Бірден Камилаға хабарласып Атырауға барамын дедім. Облыста, тіпті ел көлемінде Динаның 150 жылдығы ұмыт қалғандай ешкім ескеріп жатқан жоқ.

Картинаны алып, Камила екеуміз облыстық тарихи-өлкетану музейіне бардық. Директор Жылқышиев мырзаға бардым:

- Ертең Динаның 150 жылдығына байланысты сағат төртте презентация жасаймыз, - дедім.

Басында ол сенбей қалды.

- Қайдағы 150 жылдық?! – деп таңғалды.

- Міне, Ахмет Жұбановтың кітабы, өмірбаяны, нақты туған жылы – 1861 жыл – дедім.

Бір-біріне қарап қолжазбалар мен ескі деректерді тексеріп көрді. Шынымен де, Дина Нұрпейісованың 150 жылдығы еш жерде ескерілмеген, ешкім ресми атап өтпеген. Тіпті министрлік те, Құрманғазы атындағы консерватория да хабарсыз.

Бір кезде телефоным шыр ете қалды. Көтерсем, әкім орынбасарының көмекшісі. – Әкімдікке кел, - деді. Келсем Мәдениет басқармасының бастығы отыр:

– Әй, сен не бүлдіріп жүрсің? – деп ұрысты

– Қайдағы 150 жыл, оны 2000 жылы Тасмағамбетов өткізіп тастаған жоқ па? - деді.

Мен:

– Жоқ, ол 140 жылдығы. Ол кезде 1861 емес, 1851 деп шатасып есептеп қойған. Кітапты, архивті қараңыздар! – дедім.

Ұзақ даудан кейін, бәрі дәлелденіп, Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына арналған кеш өтті. «Ақжайық» дейтін газетте істейтін Сәния Тойкен есімді журналист келіп таңғалып, соны газетке жазды. Осылайша Дина туралы көпшілік қайтадан еске алды.

КейінТүрксойдағы Дүйсен Қасеновке хат жазып, Дина оркестрін Түркияға шақыртып, «Дина Нұрпейісованың 150 жылдығы» деп концерт өткізілді.

Осылайша Динадан құтылған шығармын деп ойладым. Бірақ, Дина – менің тағдырым. Ол мені емес, мен оны іздедім деп жүрсем, шын мәнінде, ол мені тапқан екен. Динаның аруағы, рухы мен шығармашылығы – мені өнер жолына жетелеп, шығармашылығымды шыңдауға серпін берген екен. Қайда барсам да, не істесем де, осы бір қасиетті есім менің шығармашылық өмірімнің өзегіне айналған екен», - деп әсерлі әңгімесінің түйінін жинақтады.

Кеш соңында басқа да оқырмандары мен тілектес қаламдас серіктері ақыннан кей шығарманың қалай жазылғаны, кейіпкерлерінің ішкі «менін» қалай ашатыны жайлы сұрақ-жауап болып, ақынмен суретке түсіп, кештің шымылдығын жапты.

(Суреттер фотограф Арман Мухатовтікі)


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар