– Қуат, әлеуметтік желілерде өзің жасаған аудиокітаптарға қатты қызығушылық байқалады. Парақшаларыңда оқырмандарың да мыңдап саналады екен. Мәнерлеп оқу өнеріне қалай келдің?
– Рахмет, Анар ханым! Бала кезімде аудиопластинкадан спектакльдерді тыңдағанды ұнататынмын. «Мен де осындай спектакль оқысам ғой, шіркін!» деген бала арманым болды. Оқушы кезімде мәнерлеп оқуға қызығушылығым өсті, кез келген мәтінді іштей емес, дауыстап оқығанды жақсы көретінмін, сол әдет бойымда әлі де бар. Кейін радиода жұмыс істеп жүргенде, жарнама оқыдым. Он сегіз-он тоғыз жасымда «Хабар арнасында» алғашқы рет дубляжға қатыстым. Сол кезде мені көпшілігі «Жүргенов атындағы Өнер академиясының» студенті деп ойлап қалады екен, менің мәнерлеп оқуға өз ынта-талабымның арқасында келгенімді естігенде, таң қалатын. Сериалдарға дубляж жасап жүрдім. Шеберлігім бірден шыңдалып кетті дей алмаймын, сөздің аяғын жеу, т.б. қателіктер көп болды. Республикалық радиолар мені жұмысқа алмайтын. Бірде менің бұл өнерге деген ықыласымды байқаған Рита Әбішова деген режиссер: «Менімен жұмыс істегің келе ме? Мәнерлеп оқудың қыр-сырын үйретейін, күнде келіп жүр», - деп, қасына алып, білгенін үйретті. Он жылдан кейін ұстазымды іздеп барып, алғысымды айттым.
– Өзіңмен әдебиетсүйер қауым белгілі жазушы Р.Отарбаевтың аудиокітаптары арқылы таныс. Әлеуметтік желілерде бұл аудиокітаптар көп тыңдалымға ие болды. Өткен тәжірибелеріңе сүйене отырып, аудиокітаптың болашағы туралы қандай ой түйдің?
– Бірде Семейге келіп, марқұм ағамыз, жазушы Талғат Кеңесбаевпен таныстым. Ол кісімен көп жыл аралас-құраластығымыз мені әдеби ортаға етене жақын етті десем болады. Жазушының «Олар екеу еді» деген кітабын оқып, қатты әсерленіп, аудиокітап жасағым келді. Идеямды Талғат ағаға ұсынып едім, кішіпейілділігі мен қарапайымдылығы басым ол кісі: «Алдымен Абай мен Әуезовтен бастағаның жөн болар» деп, ұлылардың шығармашылығына назарымды бұрғызды. Екеуіміз ұзақ ақылдаса келе, «Көксеректі» оқитын болдым. Ол кісі бастан-аяқ қасымда болды. Сол алғашқы аудиокітабымызды басып шығардық. Біраз уақыт өте келе, Талғат ағаға әңгімесін оқығым келетінін тағы да айтып едім: «Менен гөрі Рахымжан ағаңның әңгімелерін оқығаның дұрыс, сол кісінің шығармалары әбден лайық», - деп, бұл жолы мені Рахаңмен таныстырды. Марқұм Рахымжан ағаның «Актрисасынан» бастап, отыз шығармасын оқыдым. Бұл мен үшін әрі ауыр еңбек әрі үлкен тәжірибе болды. Ең соңғы оқыған ұзақ шығармам Фатима Забурқызының қырық бес минуттық «Тасжүрек» әңгімесі. Өз тәжірибемде қазақ ақындарының поэзиясын көп оқыдым. Аудиокітаптың болашағы зор деп ойлаймын. Қазіргі үнемі қозғалыстағы өмірімізде құлаққап арқылы тыңдауға, ұзақ жолға шыққан жолаушылардың көлік ішінде тыңдауына аса қолайлы.
– Қазір қысқа оқуларға көшіп жатыр екенсің, мәнісі неде?
– Рас, екі-үш минуттың айналасындағы қысқа, тәлімді сөздерді оқып жүрмін, бұл әлеуметтік желіге салу үшін аса ыңғайлы. Себебі, қазіргі адамдардың ұзақ шығармаларды тыңдап отыруға уақыты шектеулі, сондықтан қысқа дүниелерге қызығушылығы жоғары болып келеді.
– Фейсбук, инстаграмм, телеграмм парақшаларыңда тыңдармандарыңның белсенділігі жоғары екені байқалады...
– Анар ханым, бірде сіз маған Сәуле Досжанның «Тірі жесір» әңгімесін жібергеніңіз есіңізде ме? Дауыстап үйдегілерге оқып беріп едім, қатты ұнатты. Өмірден алынған сюжет, қазақ әйелінің басында жиі болатын ауыртпалық суреттелген шығарма екен. Сол шығармадан үзінді оқып, әлеуметтік желіге салып едім, айналасы жарты сағаттың ішінде жеті мың адам тыңдады. Бұл – карантин кезі болатын. Осы оқшаулану кезінде шығармашылығыма ел назары қатты ауғанын аңғарамын. Жиын-тойға шықпай қалған әнші, әртістердің өздері менің оқығандарымды парақшаларына салып, таратып жатқанын байқап жүрмін. Бұған қарсылығым жоқ, бірақ аты-жөнімді жаза кетуді ұмыт қалдырып жататыны өкінішті.
– Аудиокітап жалпы кітап оқу белсенділігіне әсері болады деп ойлайсың ба?
– Әрине. Жақсы шығармалардың үзінділерін тыңдаған әлеуметтік желі қолданушылары жаңағы шығарманы іздеп жүріп оқитынын жазылған пікірлерден аңғаруға болады.
– Оқырмандарды қазір қандай тақырыптар қызықтырады?
– Ырым-тиымдар, салт-дәстүр туралы, аңыздар мен ел аузынан жазылып алынған фольклорлық шығармаларға қатты аңсары ауатыны байқалды. Осы дүниелерді қысқа да дәмді етіп беруге тырысамын. Бала кезімізде үлкендер «Қолыңды шошайтпа», «Жағыңды таянба» сынды ырым-тыйымдарды көп айтатын, бірақ неге екенін сұрасаң, «жаман болады» дей салатын. Мен ақын-жазушы, ғалым достарыммен ақылдасып отырып, ырым-тыйымдардың мағынасын анықтап, оқып берсем, оқырмандарым ризашылығын білдіріп жатады.
– Алда қандай жоспарларың бар?
– Алда шығармашылық жоспарларым көп. Тыңдармандарыма ұсынғым келетін қазыналы дүниелер баршылық. Аудиокітаптар жасасам деймін. Бірақ қазіргі кезде барлығы қаражатқа келіп тірелетіні рас. Алдағы уақытта жеке сайт ашып, шығармашылығымды сол жерге салып, қысқа үзінділерден толық шығармаға сілтеме арқылы өтетіндей, оңтайлы дүние жасасам деген ойым бар.
– Мағыналы әңгімеңе рахмет, Қуат! Шығармашылығыңа сәттілік тілеймін!
Әңгімелескен Анар Кабдуллина
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.