Мо Янь. «Қызыл гаулияң әулетін» не үшін жаздым

232

Мо Янь. «Қызыл гаулияң әулетін» не үшін жаздым - adebiportal.kz

Мен жазған тоғыз романның бірі – «Қызыл гаулияң әулеті», және бірегейі, ықпалы жағынан да күні бүгінге дейін алдыда тұр. Біреулер Мо Янь туралы сөз қозғаса оған міндетті түрде «Қызыл гаулияң әулетінің» авторы деген анықтаманы қосып айтады. Осы романның бірінші бөлімі «Қызыл гаулияңды» 1984 жылдың қысында аяқтадым.

 Ол кезде азаттық армия көркемөнер институтында оқуда едім. Алғашқы шабыт кенеттен болды. Бір жолғы әдебиет талқысында қарт жазушылардың біразы: «Коммунистік партия құрыла сала жиырма сегіз жыл бойы соғыстан көз ашпады. Аға буын жазушыларымыздың  барлығы соғыстың дәмін татқан. Жинаған материалдары да көп. Десе де, қазір оларда жазатындай шама қалған жоқ. Нағыз жазатын тұстарында, ақыл-қайраттары толық кездерінде «мәдениет төңкерісіне» тап болды. Ал жастарда соғыс туралы тәжірибе жоқ, сондықтан олар соғыс тарихын шығармаларында қалай көрсетіп бере алмақ?» деген мәселені ортаға қойды. Сол тұста, мен орнымнан тұрып былай дедім: «Ондай кемшіліктердің орнын біз басқа әдістер арқылы толықтыруымызға болады. Мылтық пен зеңбіректің дауысын естімесек те салют атқанды көрдік. Кісі өлтіргенді көрмесек те шошқа сойғанды көрдік. Тіпті мен өз қолыммен тауық сойғанмын. Албастылармен бетпе-бет келіп найзаласпасақ та кинодан көріп өстік. Жазушының шығармасы тарихтың көшірмесі болмаса керек. Себебі, ол тарихшылардың ісі. Жазушы соғысты жазатын болса – адамзат тарихындағы небір надандықтар ашылады. Соғыстың адам жанын арпалысқа салатыны немесе адамдық қасиеттің өзгеріске түсетіні суреткерлікпен көрсетіледі. Осындай жақтардан алып қарағанда, соғыс көрмеген жазушы да соғысты жаза алады». 

Мен осылайша сөзімді айтып болдым. Жиында отырғандардың арасынан біреулер мұрнын шүйіре күліп мазақ етті. Жиын аяқталғаннан кейін тағы біреулер мені «әлінен асқан ақымақ», «Құдайын білмеген біреу», «су көрмеген терең мен таязды қайдан білсін?» деп сөкті. Шығармашылық жолда өзімді талай рет құз басына апарып тірегенім бар. Өз көзқарасымның дұрыс екенін дәлелдеу үшін дереу қолыма қалам алып, соғыс тақырыбында роман жазуға бекідім. Солай дегенмен де, қалам тербеуден бұрын жан-жақты ойландым. Бір байқағаным «мәдениет төңкерісінен» бұрын жазылған шығармалардың біразы соғыс туралы екен. Алайда ол жазылғандардың барлығы соғыстың барысын көрсетуге ғана тырысқан. Шығармалардың көбі соғыс алдындағы қозғалыстармен басталып, соғыстың жеңісімен аяқталады. Жазушы соғыстың барысын көрнекті орынға қояды, себебі шығарма бағалаудың өлшемі де соғыстың шындыққа қаншалықты жақын болуымен өлшенеді. Егер жаңа заман жазушыларына да сондай талап қойылатын болса, онда олар ешқашан да аға буын жазушылардан асырып ештеңе жаза алмайтыны анық. Тіпті олардың жазғандары аға буын жазушылардың жазғандарымен тең түсіп жатса да ешқандай мәні болмас еді. Меніңше, соғыс шығармадағы бейнеленетін орта ретінде көрсетілуі керек. Жазушы сол ортаны пайдалана отырып, ерекше жағдай тұсында адамдар психологиясындағы өзгерістерді көрсете алады. Бұған мысал ретінде Кеңес одағының әйгілі «Қырық бірінші» атты киносын атауға болады. Кинода таптық көзқарасы айқын, қызылдардың қыз әскері өз қолымен ақтардың қырық әскерін атып тастаған соң тұтқындарды жөткеу міндетін мойнына алады. Жол ортада соғыс болып армияның тоз-тозы шығады. Қыз әскер мен ақ гвардияшы капитан иен аралда бөлектеніп қалады. Капитан тәрбие көрген, мәдениетті де сымбатты жігіт. Осылайша күндер өте келе жалғыздықтан шаршаған екеу бір-бірімен үйірлесіп, соңы махаббатқа ұласады. Екеуі де өз шыққан таптарын ұмытады. Бір күні ойда жоқта, аралға ақ гвардияшылардың кемесі келіп тоқтайды. Кемені көрген ақтардың капитаны жағаға қарай жүгіреді. Сол тұста қыздың да таптық көзқарасы қайта оянып, мылтығын қолына алады. Ақтардың капитаны жағадағы қайраңда оққа ұшады. Мұндай іс өмірде болмақ емес, алайда жазушы сондай орта жаратып, оған адамдарды қатыстырып, сынақ жасаған. «Адам жанының лабораториясы» дегеніміз – міне, осы. Мұндай көзқарас, мұндай жазу әдісі бүгінгі таңдағы әдебиеттің талаптарына үйлесетін сияқты. Ал сонау 80 жылдардың басында, ұзақ уақыт бойы солшылдық идеологияның бұғауында болғандар бұған күдікпен қарайды немесе қабылдай алмайды. 

Осындай бір бастау нүктесін тұрақтандырғаннан кейін өз ойымды жинақтай бастадым. Ең алдымен есіме түскені өзімнің туған ауылым болды. Бала кезімде ауылдың ауа райы қазіргідей емес еді. Үнемі жаңбыр жауатын, жаз, күз маусымдарында су тасып, сел басатын. Сабағы қысқа астық ексең су астында қалатын, сондықтан тек гаулияң ғана егілетін. Өйткені, гаулияңның сабағы ұзын болады. Ол кезде адам аз, жер кең. Күз кезінде ауылдан шықсаң болды көз алдыңда ұшы-қиыры жоқ гаулияң егіні жайқалып тұратын. «Менің атам» мен «менің әжем» өмір сүрген сонау бір заманда жаңбыр бұл кезден көп, адамдар тым аз, гаулияң өте мол болған. Гаулияңның молдығы соншалық, қысқа дейін толық орылмай қалатын да, орылмай қалған бөлігі жортуылшы батырлардың тасаланатын қорғанына айналатын. Сол үшін де мен осы гаулияң егінін сағына отырып, жапондарға қарсы соғыстағы оқиғалар мен махаббат хикаяларын сол арадан өрбітуге бел будым. Кейін көптеген әдебиет сыншылары менің осы романымдағы қызыл гаулияңды жай бір өсімдік ретінде қарамай, оны ұлт рухының символы деп бағалады. Шығарманың композициясы тұрақталғаннан кейін, жаңа әдебиет айдынындағы ең ықпалды шығарманың алғашқы қолжазбасын не бары бір аптада жазып шықтым. 

«Қызыл гаулияң» негізі шын болған әңгіме еді. Оқиға менің туған ауылыммен көрші ауылда болған. Сол кезде партизандар алдымен Жяулай өзенінің көпірінде тығылып жатып, жапондардың шағын отрядын жойып, бір машинасын өртеп жібереді. Сол кез жөнінен алғанда бұл үлкен жеңіс еді. Арада бірнеше күн өткеннен кейін жапондықтар толық қаруланған қомақты күшпен кек қайтаруға келеді. Бұл кезде партизандар ізім-ғайым жоқ болып кетеді де, жапондар ауылға кіріп жүздей кісіні өлтіріп ауылдың түгін қалдырмай өртеп жібереді. 

«Қызыл гаулияңда», «менің әжем» сынды көркі көз тартатын сымбатты әйел образы сомдалып шықты. Сонымен бірге «Қызыл гаулияң» киносындағы артист Гуң Лиді да керемет жасап шықты. Мен өзім әйелдер туралы көп біле бермеймін. Менің жазғаным өз қиялымдағы әйел болатын. 30 жылдардағы шынайы өмірде, ауылдарда, менің шығармамдағы сияқты әйелдер кемде-кем еді. «Менің әжем» де қиялдағы образ, шығармадағы әйелдер мен шынайы өмірдегі әйелдер ұқсас келмейді. Олардың еңбекшіл қажырлығы ұқсас болғанымен, романтикалық жігерлері өз алдарына өзгеше еді. 

Мықты жазушыда сөзсіз даралық болу керек. Жақсы шығармада да сондай бөлек стиль болғаны жөн. Бұл менің танымым. «Қызыл гаулияң» атты осы бір романның керемет даңққа ие болуындағы себептің өзі де оның бойынан кішкентай болса да жаңашылдықтың байқалуы. Бұл шығарманы жазып шыққаныма да жиырма жылдан астам уақыт өтті. Бірақ әліге дейін оның баяндау ракурсына тәнтімін. Бұрынғы прозалық шығармаларымда бірінші жақпен баяндау, екінші жақпен баяндау, үшінші жақпен баяундау түрлері кездеседі. Ал «Қызыл гаулияң» басталған беттен «менің әжем», «менің атам» деп бірінші жақпен баяндалған сияқты болғанымен, ондағы бұрыштық линияның өрісі көп қырлы болып кетеді. «Мен» деп жазғанда бірінші жақпен жазсам, менің «әжем» деп жазғанда тезден «әжем» тұрғысына өтіп, оның ішкі дүниесін ашып, ыңғайлы баяндау жолын табамын. Сол заман жөнінен алғанда бұл да бір жаңалық. 

«Қызыл гаулияң әулеті» атты желілес романымдарымды әлде біреу Маркестің ықпалымен жазылған деп тон пішіпті. Бұл тек күдік қана. Өйткені, Маркес жазған «Жүз жылдық жалғыздықтың» қытай тіліндегі аудармасын мен 1985 жылдың көктемінде оқыдым. Ал «Қызыл гаулияң» 1984 жылдың қысында жазылып біткен. «Қызыл гаулияң әулетінің» үшінші бөлімі «Ит жолын» жазып жатқан тұста барып осындай бір керемет кітапты оқып шықтым. Дегенмен, «осындай үлгіде неге жазбадым екен?» деген өкініште қалдым. Егер қалам тербемей тұрып Маркестің шығармаларын оқыған болсам, «Қызыл гаулияң әулеті» басқаша болып шығар ма еді. 

Меніңше, менің жасымдағы жазушылардың барлығы батыс әдебиетінің ықпалына ұшырағаны сөзсіз. Өйткені, 80 жылдардың алдында қытай елі жабық болды. Ол кезде батыс әдебиетінде қандай өзгерістер болды, қандай жазушылар шықты, қандай керемет шығармалар жарияланды, ешкім білмейтін. Реформа, есік ашудан кейін батыс әдебиеті толассыз аударылып таратылды. Сөйтіп бізде екі-үш жылға дейінгі кітап оқудың ауқымды үрдісі жүрді. Осыдан кейін барып, табиғи түрде ықпал қалыптасып, кейбір батыс жазушылардың стилі біздің жазушылардың шығармаларынан көріне бастады. 

Тарих және соғыс туралы жазылған осындай бір романның ерекше ықпалға ие болуының себебі не? Меніңше, бұл шығарма сол кездегі қытайлықтардың ортақ көңіл күйін бейнелеп бере алды. Адам еркіндігі ұзақ уақыттық шектеуге ұшырағаннан кейінгі тұста «Қызыл гаулияң» тұлғаның батыл айта алатын, батыл ойлай алатын, батыл істей алатын азат рухын ашыққа шығара алды. Сол кезде шығармашылықтың қоғамдық мәнін, бұқараның осындай дүниені қажет ететінін мен ойлап көрмеппін. Дәл қазіргі таңда тағы бір «Қызыл гаулияңды» жазсам да, тіпті оның жазу шеберлігі бұрынғысынан бірнеше есе жоғары болса да, түкке әсері болмас еді. Қазіргі оқырмандардың оқымаған дүниесі қалды ма екен? Сондықтан да бір адамның өз тағдыры болатыны сияқты, бір шығарманың да өз тағдыры болады. 

Қытай тіліндегі түп нұсқасынан аударған Қалбан Ынтыханұлы

Негізгі дереккөз: 20121016 09:49  金羊网-羊城晚报

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan