Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ
/
Нобелиат туралы сұхбат...

Нобелиат туралы сұхбат

20.10.2025

4039

Нобелиат туралы сұхбат - adebiportal.kz

2025 жылғы Нобель әдебиет сыйлығын Венгрия (Мажарстан) жазушысы László Krasznahorkai (Ласло) еншіледі.

Нобель комитетінің айтқан уәжі: «Ақырзаманға беталған дүниенің үрейге толы сәттерінде көркемөнердің күш-қуатын қайталай дәлелдегені үшін.»

Жазушының «Satantango», «Қарсылық қасіреті», «Барон Венкхаймның оралуы» және «Мейірімділік қатынасы» сынды кітаптары Қытайда ертеде-ақ жарық көрген. Жиырма жылдан бері Қытай топырағына Венгрияның отыздан астам әдеби туындысын аударып жеткізген аударушы Үй Цзэминге Венгрия үкіметі «Венгрия мәдениет үлескері» сыйлығын берген.

1993 жылы 29 жастағы Үй Цзэмин Венгрияға барғанда, жазушымен танысып, екеуара достық қалыптасады. Жазушының «Рузэн қақпаны» деген шығармасын оқығаннан кейін, оның шығармаларын қытай тіліне аударуға мықтап бекиді. 1998 жылы мамырда жазушы Үй Цзэнминмен бірге Қытайға келіп, осы сапарында жазған «Жұлдызды аспан» атты эссесі «Әлемдегі ойранмен опық» атты жинағына енеді. 

Жазушы Ласлоның (László Krasznahorkai) Нобель сыйлығын алуына орай, 11 қазан «Осы заман лездік газетінің» тілшісі Чыен Ши аудармашы Үй Цзэнминге хабарласып, сұхбаттасқан еді.

- Әйгілі жазушыны түсінетін қаламгер ретінде, Швеция академиясының жазушының шығармашылығы жөнінде: «Ақыр заманға бет алған дүниенің үрейге толы сәттерінде көркемөнердің күш-қуатын қайталай дәлелдегені үшін» деген сөзін қалай түсінесіз?

- Оның шығармашылығының өзегі адамзат тағдыры төңірегінде өрбиді. Ол бейғам, көзсіз үмітшілдікті (оптимизм) бейнелеудің орнына, адамзат қоғамының дамуына нар күмәнмен қарайды, сайып келгенде, бұл бір ескерту. Оның шығармалары саналы оқырманды мынадай сұрақтарға жетелейді: Адамзат шынымен ілгерілеуде ме, әлде «Сатантанго» кітабында бейнеленгендей, ілгері басқан қадамы кері кетіп бара ма? Қарамаққа, «алға дамып» бара жатқандай көрінгенімен, шын мәнінде адамдар «өздері қазған ордың үстінде билеп» жүр ме? 

Тарихта бірсыдырғылық мүлде жоқ. Қанды соғыс бұрқ ете түсіп, бейбітшіліктің берекесін кетіреді. Оның шығармашылық жүлгесі айқын әрі дәйекті. Негізгі тақырыпты берік арқау етіп, замана шырайы ашыла түседі. Марапаттың дәйексөзі осы түйінді дәп басқан.

- Венгрия оқырмандары жазушының Нобель сыйлығын алуына қандай көзқараста?

- Оның марапатталғаны туралы хабар тарасымен, тұтас ел шулады. Тіпті Премьер-Министрдің өзі қоңырау шалып, құттықтау айтты. Оның жағдайы 2002 жылы Нобель сыйлығын алған тағы бір Венгриялық жазушы Kertész Imreден мүлде басқаша болды. Kertész Imre сыйлыққа ие болған кезде, венгерлердің көбі оны біле бермейтін. Ол кісі концлагерьлер тақырыбын көтерді. Ол кезде, тарихи ауыртпалықтан әлі толық арылмаған Венгрия бұл тақырыпқа аса құлықсыз болды. Тіпті ол кісіні Кертес есімді басқа бір жазушымен шатастырып, ол жазушының кітаптарының саудасы жанданып кетті. Ал, Ласло басқаша. Елге ерте танылған жазушы. Еңкейген кәріден тартып, еңбектеген жасқа дейін біледі. Шығармалары фильмдерге бейімдендірілген. Халықаралық Букер сыйлығын да алған. Сондықтан, жазушының Нобель сыйлығын алуы басқаларға тосын жай емес.

- Жазушының алты бірдей шығармасын аудардыңыз, және біреуін аудару үстінде екенсіз. Оның жарық көрген және жарық көретін шығармасына дейін пайым жасасаңыз, оның жазу стилі мен тақырыбы өзгерді ме? Сіздің аударма жүлгеңіз осыған сай өзгерді ме?

- Жазушының әдеби жасампаздығының өзгеше бір даралығы бар, ол: ӨЗГЕРМЕУ. Нобель сыйлығын алған жазушылар – көбі осындай. Олар негізгі бір тақырыпты нысана етіп, сол арнадан шықпайды. Мысалы, Albert Camus, Kertész Imre және Ласлолар осы топтағылар. Бұлар берік майдан, айқын бағыт, тұрақты стильді сақтайды. Оның жазу силі «Сатантанго» атты шығармасында айқын аңғарылған. Байыпты баян, баяу леп, үзілмес жүлге бар. «Барон Венкхаймның оралуы» атты шығармасында, жазушы «Сатантанго» тақырыбын қайталай жаңғыртады. Мазмұн жағында, тіпті әуелі, ұқсастық та байқалады. Жазушының бұл кітабында Бразилиядан ауылына оралған Барон сөз болады. Дәуір өзгерсе де оның жан дүниесі әлемтапырыққа және үмітсіздікке толы. Ласло – әдеби нанымы өте берік жазушы.

- Оқырмандарға жазушының қай шығармасын ұсынар едіңіз?

- Жазушы шығармасының ой иіріміне бойлаймын деген оқырман оның «Сатантангосын» оқыса болады. «Мейірімділік қатынасы» да тамаша шығарма. Шағын болғанымен, тілдік бейнелеуі айшықты, ойы өте терең.

- Жазушының шығармалары жөнінде: «адам адасатын шытырман секілді құрмалас сөйлемдерге толы» деген пікір бар екен. Әуел десеңіз, венгер оқырмандарға да оңай соқпайтындай. Аудару барысында қандай қиындықтарға жолықтыңыз?

- Меніңше, қиындық – сөйлемдердің ұзақтығындағы мәселе емес, қайта, жазушының баяндаудағы емеуіріні мен үзіліссіздігін қалай сезінуде. Венгер тілінде сала құлаш құрмалас сөйлемдер көп кездеседі. Тіпті кейде он неше сөйлемге дейін салаланады. Мұндай грамматикалық құрылымды қытай тіліне сөзбе-сөз аудару мүлде мүмкін емес. Жазушы сөйлемін аяқтатуға асықпай, басқа бір оқиғаны да осы сөйлемімен жалғастыра береді. Оқырман кейде тыныстай алмай да қалады. Мұндай сезімдік бояуды солғындатпай, ойын шашыратпай, бір жүлгеден ауытқымай үзіліссіз баяндау  - үлкен шеберлік.

- Kertész Imre, Márai Sándor және Ласло қатарлы жазушылардың тіл қолданыс өзгешеліктері кәдімгідей парықты. Тәржімалау барысында қандай түйсікте болдыңыз?

- Бұл үш жазушы үш дәуірдің түлегі болғандықтан тілдік стильдерінің парықты болары қалыпты жағдай. Венгер тілін үйренген адам тек оның грамматикасына ғана назар аудармауы мүмкін. Венгриядағы отыз жылдық тұрмыс-тіршілік амалиятыма сай, олардың тіл айырмашылығын бірден парықтай аламын. Осылардың арасындағы екі жазушымен етене араласқан өзімді бақытты сезінемін. Бұл, олардың тілдік ырғағын меңгеруіме өте пайдалы болды. Márai Sándorмен жолықпасам да оның дыбыс жазбаларын таба аламын. Ласлоның жайшылықта сөйлегендегі қоңыр дауысы мен байыпты баяндаулары шығармаларынан көрініс табады. 

- Жаңа ғасыр басталғаннан бері, Czeslaw Milosz, Milan Kundera және Kertész Imre қатарлы әдебиет алыптары ілгерінді-кейінді дүниеден озды. Кейбіреулер: «Ласлоның марапаты Шығыс Еуропа әдебиетін жаһан назарына қайта әкелді» дейді. Шығыс Еуропа әдеби шығармашылығының жасампаздық кеңістігі қалай? Кейбір әдебиеттанушылар айтып жүргендей, жаңа буын қаламгерлер тарихтың жүгінен біртіндеп құтылып, «таза әдеби шығармашылыққа» бет бұрып бара жатқаны рас па?

- Әрбір жазушының әдеби жасампаздық өрісіне ат басын бұруда өзіндік талғам-тәсілі бар. Бастан кешірген өмір тәжірибелерінің ұқсамауына сай, әртүрлі көзқарас ұстанып, әркелкі тақырып таңдайды. Келесі ұрпақ жазушыларда алдыңғы ұрпақ жазушылардың өмір тәжірибесі жоқ. Олар тың жолдарды іздеп, тақырып таңдаумен шығармашылық баяндауға жасампаздық енгізулері тиіс. Мысалға 2018 жылы Нобель әдебиет сыйлығын алған Польша жазушысы Olga Tokarczukты алайық. Оның шығармалары метафораға өте бай. Кейбіреулер оны «дара жол тапқан» жазушы дейді. Бұл, тарихтан әдейі бой тасалау емес, керісінше, өз дәуіріндегі тәжірибелері мен әуесі негізінде қоғамдық танымға басқаша көзқарас ұстанған. Жазу тәсілі тек алдыңғы буын жазушылардан парықты болғаны ғана. Bohumil Hrabal, Milan Kundera қатарлы жазушылардың қырғи қабақ соғыс жөніндегі талдаулары мен тілдік стильдері айрықша, жазу тәсілдері де өз мәресіне жеткен. Жаңа ұрпақ жазушылар жетістікке жетеміз дейді екен, міндетті түрде түпнұсқалықты арқау етуден айнымай, мұрагерлікпен тың жолдар ашулары керек.  Бірақ бұл, олардың аға буындардың бұйдагерлігінен әдейі бас тарту дегеннен дерек бермейді.

- Венгрия әдебиетінде Kertész Imre және Esterházy Péter қатарлы стилі бөлекше жазушылар болды. Ласлоның «постмодерндік дистопиясы» аға буын жазушылармен қандай мұрагерлік қатынаста болды?

- Еуропалық жазушылар «тәуелсіз дараққа» көбірек ұқсайды. Әрқайсысы өз шығармашылық мотивтерін іздейді, ешқашан басқаларға еліктемейді, көшке көзсіз ілеспейді. Тамаша жазушылар тәуелсіз тәжірибемен байсалды пайым арқылы есейеді. 30 жасынан бастап Ласлоның тілі мен тақырыбы толық қалыптасып болған. Бақандай 40 жыл бойы өзгеріссіз келеді; Kertész Imreні айтар болсақ, 14 жасында концлагерьге түсіп, өмір бойы қанды қасап қырғынды жазудан айнымай келеді.

Esterházy Péter болса, өзінің ақсүйек әулетінің тарихы арқылы Шығыс Еуропа тарихын көрсетіп, адам табиғатын айшықтап келеді. Бұл жазушылардың ортақтығы – жазушылық борыштарлық басым, тарихтың куәгерлері, тек ғана тұрғылары басқа-басқа.

Ласло тарихты аңыз-ертегі ретінде жазумен қатар адамзаттың түпкілікті табиғатын зерттейді. Ол қанды қасап қырғынды бастан кешірмесе де, қырғи қабақ соғыс жөніндегі мол түйсігіне сүйенеді. «Сатантанго» шығармасындағы ауыл тірлігі, оқшауланған өмір, құлазыған тұрмыс дегендердің бәр-бәрі сол кездегі Шығыс Еуропа қоғамының картинасы.

- Кейбіреулер: Ласлоның марапатын Нобель сыйлығының «көлемді хикаяларға» назар аудара бастағанының нышаны деп санайды. Бұл жөніндегі ойыңыз қалай? Оның шығармалары қазіргі әдеби жасампаздыққа қандай шабыт сыйлай алады?

- Бұл, «көлемді хикая» терминін қалай түсінуге байланысты. Менің ойымша, егер бұл терминді венгер жазушыларының басына таңсақ, қазіргі заман жазушыларының шығармашылық тәсілі кезіндегі «Соғыс және бейбітшілік» немесе «Тынық Дон» сияқты шығармалардан парықты болады. Олар жеке өмір тәжірибелеріне сүйене отырып, өздері берік сенім байлаған түйсіктерді шығар түйін етті. Тарих пен адам табиғатына терең үңілді. Реалдыққа таскенеше жабысып алмай, постмодернизмге көбірек бет бұрды. Осы тұрғыдан айтқанда, олар «көлемділікке» ұмтылмаған. Мысалы, Esterházy Péterдің әулеттік тарихы 700 жылдан асыпты. Бұл оның мол рухани мұрасы, әрі осы барыстағы ахуалдарды тек сол кісі ғана егжей-тегжейлі жаза алады.

- Нобель сыйлығын іріктеу үрдісі қандай деп ойлайсыз?

- Менің ойымша, Нобель сыйлығы өте тамаша таратылып келеді, қалыппаздық атымен жоқ. Кездейсоқтық арқылы әртүрлі шығармашылық жасампаздығына құшақ ашқан. Мысалы, өткен жылы бұл сыйлық Оңтүстік Кореядан шыққан әйел жазушы Хан Гаңға берілді. Оны бұл сыйлыққа сай емес дегендер де аз болмады. Десе де, осы арқылы осындай тақырыптармен стильдерге ат басын бұрып жүрген жазушыларға мүмкіндік берді. «Күйсандық мұғалімі» шығармасының авторы, адам табиғатының қараңғы тұстарына баса назар аударып жүрген Австрия жазушысы Elfriede Jelinek шығармаларының тақырыбы өте зор болмаса да, 2004 жылы Нобель әдебиет сыйлығын еншіледі. Әдеби шығарма сара және қарабайыр деп бөлінсе де, абсолютті жақсы немесе жаман деген ұғым жоқ. Кейбіреулері әйдік көзқарас, терең философиялық ойға жүкті керемет туындылар, кейбіреулері жеке тұлғаға, жынысқа немесе өмірдің тарыдай ғана қуаныш-жұбанышына сезімтал. Нобель сыйлығының құндылығы:  әр түрдегі авторлардың танылуына мүмкіндік беруде.

- Ласлоның жақын досы ретінде жайшылықтағы барыс-келіс барысында, сіз ол кісінің жазғаны мен істегені қарама-қарсы келетін тұстарын байқай алдыңыз ба?

- Өте байсалды адам. Суретінен де байқау қиын емес. Мейірімді әрі жұмсақ жан. Ол анамды өте құрметтейді, әр жылы Қытайдың көктем мерекесі кезінде, жұбайына құттықтау картасын жасатып, анамның мекенжайына салып жібереді. Бірде, ол кісі шетелде жүргенде, Қытайдан анам мен інім келе қалды. Ол кісі үйінің кілтін қайда қойғанын айтып, топты жан ол жазушының үйіне барып жаттық. Үйі тауда, еңселі әрі көрінісі көз тартатын жерге орналасқан. Бейжіңдегі үйде күйсандығымыз бар, ол Қытайға барған сайын анама күй орындап береді.

Қытай тілінен аударған: Қаусылхан Қасымханұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan