Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
УАҚЫТ ПЕН КЕҢІСТІК
Оралхан Бөкей шығармаларындағы уақыт өлшемі. (Жалғ...

21.04.2022 5004

Оралхан Бөкей шығармаларындағы уақыт өлшемі. (Жалғасы) 12+

Оралхан Бөкей шығармаларындағы уақыт өлшемі. (Жалғасы) - adebiportal.kz

Басы мына жерде

Көктем мезгілінде табиғат жаңарып, жылғалардан су ағып, өсімдік атауы бүршік атып, ағаштар ақ гүлден моншақ тағынады, төрт-түлік төлдеп, тіршілікке жан бітеді. Наурыз – жылдың әрі көктемнің үшінші айы. Парсының нау – жаңа, руз – күн деген яғни жаңа күн деген сөзінен шыққан. Демек наурыз аты бір-ақ күнді бейнелесе де, ол толық ай атын иеленген. Наурыздың 22-сі күні күн мен түн теңеліп, қазақтың жаңа жылы Наурыз мейрамы аталып өтеді. «Ұлыстың ұлы күні» деп ерекше құрметтейді. «Наурызнама» думаны, «Наурызкөже» дәстүрі осы айда жасалынады. Күн ұзарады. Оны қазақтар «ұзын сары» деп атайды. Бұл жуанның созылып, жіңішкенің үзілетін кезі болғандықтан дәмді, қуатты тағамдарын халық осы кезге әдейі сақтап отырады. Күн жылынып, мал төлдей бастайтын ай. Наурыздың соңғы айында өкпек жел соғып, қар күрт еріп, жер лайсаң болып, жол бұзылады. Қай жағынан алып қарасақта наурыз біздің халқымыз үшін қасиетті ай ретінде бағаланған. Осыған орай көптеген ұлттық салт-дәстүрлер де қалыптасқан.

Сәуір - көктем мезгілінің төртінші айы. Бұл ай көкектің алғаш шақыра бастайтын уақыты болғандықтан «көкек айы» деп те аталады. Дәл осы мезгілде қар еріп, сулар тасып, күн жылына бастайды. Ағашта бүр жарып, көк шығып, табиғат жандана бастайды. Малдар төлдеп, жұрттар уызға, қаймақ, майға қарық болады. Құстар ұя салып, Қазақстанның оңтүстік аймақтарында егіс жұмыстары басталады. Қазақта «Сәуір болмай, тәуір болмас» деген сөз бұл айдың жанға жайлы мезгіл екенін меңзесе керек. Көкек айының үшінші онкүндігінде «Құралай салқыны» деп аталатын амал келеді. Бұл кезде киіктер төлін яғни құралайын аяқтандырады, өргізеді.

Мамыр – бесінші ай. Көктемнің ең сұлу шағы. Күн жылып, жер бусанып, өсімдік құлпырып, төл көбейетін шақ. Барлық малдың балалары төл деп атайтыны сияқты барлық құстардың балапанын «мамыр» деп атайды. Ай аты осы сөзден шыққан дейді халық. Бұл пікірді тілші, ғалым, профессор С. Аманжолов та қостайды. Мамыр – тоқшылық, семіру деген ұғымды білдіреді. Ең қызығы бие байланып, қымыз-мұрындыққа шақыратын дәстүр осы айдың еншісіне тиген.

Келер жылдың көктемі (келер жылдың көктемі шығып, жабағыланған сіреу қар еріп таусылып, арқырап өзен тасып, ағаш бүрлеп, гүл бас жарғанда, Ерік жылдағы әдетінше қатын суын құлдап, тарихи мекеніне барған).

Көктем туып (ал көктем туып, ой-қырдың қары еріп, көк шыққанда, ауылдың тамам жұрты тайлы-таяғы қалмай жайлауға көшті)

Қыз көктемінен бері, күндіз-түні (міне, осынау алтайдың қыз көктемінен бері көз алдынан көлеңдеп, бейне бір қол жетпес армандай, күндіз-түні қиялынан, не түсінен шықпай қойды).

Наурыз айында (бұл өр Алтайда наурыз айында да қардың көбесі сөгілмей, сіресіп жататын).

Наурыз туа (наурыз туа, әбден тулақ болған сиыр көзі алайып қорада қатып қалған).

Күз мезгілі. Айнала толған сары жапырақтар, қоңыр салқын ауа-райы, жабырқаулы көңіл-күй, қара суық жер күзге тән қасиет. Күз – береке бастауы. Мектепке асыққан бала, қоймасын астыққа толтырған диқаншы, қыс азығын жинаған шаруа, еңбекпен біте қайнасқан тірлік күз мезгіліндегі қызықты жайттар. Бұл мезгілдің тағы бір ерекшелігі күздік мерекелерге толы болуы. Соның алғашқысы 1 қыркүйек білім күні. Бұл күні барлық жерде оқушылар мектепке барады. Аяулы ұстаздарымен, достарымен қауышады. Ұстаздар мерекесі де айтулы мерекелердің бірі. Күз молшылықтың, байлықтың, берекенің мезгілі болып саналады. Себебі айналаға қарасаң көзің тоймайды. Һакім Абай атамыз айтпақшы:

Сұр бұлт түсі суық қаптайды аспан

Күз болып дымқыл тұман жерді басқан,

Білмеймін тонғанымды, тойғанымды,

Жылқы ойнап, бие қашқан, тай жарысқан.

Жасыл шөп, бәйшешек жоқ бұрынғыдай,

Жастар күлмес жүгірмес бала шулай,

Қайыршы шал кемпірдей түсі кетіп,

Жапырағынан айырылған ағаш қурай. — демекші осы көріністер тек күз мезгіліне ғана тән табиғат құбылыстары.

Қыркүйек – тоғызыншы ай. Бұл мал шаруашылығына орай шыққан атау. Қой-ешкінің төлдейтін уақытын көктем айына келтіру үшін, қазақтар қошқар мен текеге күйек байлап, оны осы айда ағытатын болған. Қыркүйекте шаруашылықтың жиын-теріні аяқталып, жұрт қыс қамын ойлай бастайды. Бұл күз айы. Яғни жайлаудан мал келді, суық келді деген мағынада айтылған. Күннің салқындауы басталып, шық түсе бастайды. Қыркүйектегі шуақты күндерді мизан шуақ деп атайды.

Қазан – оныншы ай. Осы айда күн салқындап, құстар жылы жаққа ұшып кете бастайды. Ауа райы құбылып, жаңбыр жиі жауып, кейде алғашқы қар ұшқындары білініп, бұлттар қоюлана бастайды. Малшылар күзекке көшеді. Пісіп үлгермеген көкөніс пен егін суыққа ұрынып, үсиді. Мұны қазан ұрды дейді.

Қараша – он бірінші ай. Бұл айда мал семіреді. Ертеде салық малы осы айда жиналатын болған. Оны халық қаражашы яғни қаражат жинаушы деп атап, ақыры ол ай аты болып қалыптасып кеткен көрінеді. Қарашада жер оты азайып, тақырланып, күн суыйды. Қара жердегі суықты жұрт қара суық дейді. Жұрт қыс қамын аяқтап болады. Қар түсе бастайды, мұны халық қарашаның қары деп атайды.

Күзде (Жастар жағы Алтайдың омырауынан саулаған сансыз бұлақтың өн бойын қуалап, белуардан су кешіп, балық ұстап жеді, күзде балқарағай дәнін талғажу жасады).

Күздің шабарман бұлттары (Соңғы бір аптада шайдай ашық тұрған аспанның әр жеріне шарбыланып, көп кешікпей келетін күздің шабарман бұлттары жүзе бастады). Қоңыр күздің (Тек қоңыр күздің аяғында ғана ашуы қайтып, сабасына түскенде, жоғары сағасынан кеудесі мықты атпен өтеуге болатын). (Ызғар, суығы жоқ біркелкі жайлы күз).

Қыркүйектің алғашқы күні (Қыркүйектің алғашқы күні жаңбырсыз басталғанмен, көп сағындырмай келетін жаңбырдың хабаршысы кісінеп жатыр).

Қыркүйектің таза аспанына сұғынып (Ұшар басында жаулықтай байланып, төбесін перделеп тұрар бұлт жоқ, қыркүйектің таза аспанына сұғынып кірген аппақ алып найза жарықтық Мұзтаудың дәл өзі еді).

Қысы мен жазын, күзде (Арқаның апай төс даласы болса бірсәрі, қысы мен жазын айырып болмас Алтайдың алақандай алаңқайы игеруге игеруге көнбей шамданып қалды ма, әлгі жыртылған жердің бәріне алабота мен кендір өсіп, күзде қурайға айналып, үп етіп жел соқса болды, сай-сүйегіңді сырқыратар азалы үн шығарар еді).

сары ала күз, қоңыр күз, ақ жауыны аралас сылбыраң күз, алғашқы қар, қыс... (Содан соң сары ала күз, содан соң қоңыр күз, ақ жауыны аралас сылбыраң күз, содан соң алғашқы қар, белуардан келер қар, қыс...)

Сары ала күзден (Сары ала күзден сән кетіп, әшекейі мен айшығы бірсіндеп оңып, өзенді қуалай өскен талқайыңның жапырағы ақырғы әнін айтып қалғысы келгендей, сумақылай желдің өтінде дәрменсіз дірілдейді).

Күн уақытына байланысты уақыт атаулары.

Таң. Қазіргі тіл қолданысымыздағы таң атқанда, таң құланиектегенде, таң бозарып атқанда деген тіркестер бар. Ал халық тілінен таң мезгілін білдіретін сөздердің бұдан басқа да небір түрін кездестіреміз. Ереуіл таң «Шолпан жұлдыз батқанда, пәлінің алды қайтқанда, Ереуіл таңдар атқанда, қызара келіп күн шықты» («Ер Қосай»). Көгалаң таң «Желпіндіріп ту байлап, Ерлерім тұрды ат сайлап, көгалаң таң болғанда» (Қашаған Күрімжанұлы). Рауан таң «Рауан таң біліне, жемісті сайдың бойына бастап келді ол енді» («Құбығұл»).

Таң мезгіліне байланысты қолданылатын сөздің бірі – сахар (арабша «таң шапағы», «жарық түскенге дейінгі шақ»). Сахар сөзі халық тілінде тек діни салтқа байланысты ғана емес, «таң ерте» деген мағынада да жұмсалған: Сары атанға сахарда жүк арттырдың («Алпамыс»). Таң сөзімен тіркесе айтылатын сәрі (таң сәрі) – осы сахар сөзінің дыбыстық өзгеріске ұшыраған түрі (сахар – сәр/сәрі) екені зерттеушілерге мәлім. Діни салтқа байланысты сахар, сәре сөзі «таң ертеңгі тамақ» дегенді білдіреді. Кейбір қария адамдар ораза ұстамаған жай күндері де сәре сөзінің «таң ертеңгі тамақ» мағынасында қолданады. Ораза тұтқан діндар адамдар сәресін (сахарын) құлқын сәріден ішеді. Құлқын – арабша мағынаны білдіреді. Бұл сөздің тіліміздегі ауыспалы мағынасы – «тамақ». Осы сөз құлқыны құрыды деген бейнелі сөз тіркесінде де кездеседі. Осындай салыстыруға қарағанда құлқын сәрі «тамақ сахары (сәрі)», «Таң мезгіліндегі тамақ» дегенді аңғартады. Құлқын қолданылатын белгілі: «Құлқын сәріден қыстауға барып, қыстыгүні несін жейді». Таң аппақ атқаннан кейін, уақыт мерзімі күннің қимыл-қозғалысы арқылы өлшенген. Мысалы, күн шығар алдында, күн шыға келгенде, күн арқан бойы көтерілгенде, күн найза бойы көтерілгенде, сәскеде, шабдар сәскеде, сәске түсте, күн еңкейгенде, күн ұясына кіргенде (отырғанда), күн батқанда т.б. Оралхан тілді жақсы біледі. Орынды, образды түрде қолдана, пайдалана алады. Салыстырып қарағанда «Қар қызы» повесінде таңның сыз беруін былай суреттейді: «Олар тысқа шыққанда, шынында да, шығыстан таң саз берген екен. Аспан ашық. Шолпан жұлдыз ғана түнгі арулардың отырыңқырап қалған ең соңғы қонағындай, сөнбей жарқырайды. Батыс жақ алқара көк те, шығыс көкжиек жұқалаңдап ағараң тарта бастаған.

Күн ұясына кіргеннен кейін түн мезгілі басталады. Мұны да халық бірнеше кезеңге бөліп қараған: жеті түнде, қас қарайған кезде, күннің қызылы сөне, ақшам жамырай, екі кештің арасы, алагөбеде, ел орынға отыра, көз байлана, қас қарая, ымырт жабыла, апақ-сапақта, іңірде т.б. Аталған сөз тіркестері Ислам дінінің қазақ даласында таралуымен байланысты намаз оқу, ораза тұту мерзімдері де қазақтар үшін уақыт өлшеміне айналып кеткен. Мәселен, таң намазы кезінді, бесін,үлкен (ұлы) бесін, кіші бесін, екінді, екінді мен бесіннің арасы, ақшам, ауыз ашар, құтпан, намаздыгер, намазшам, сәресі (сахар) дегендердің бәрі де дін адамдары үшін уақыт өлшемдері болып есептелген. Бұл сөздердің бірсыпырасы қазақ тілінде қазіргі кезде көнеленіп, архаизмге (пассив сөзге) айналды. Жеті түнде, жеті қараңғы түнде – дегеніміздің мағынасы «түннің дәл ортасында» дегенді білдіреді. Бұл жердегі «жеті» саны құпиялық сыр білдіріп тұр, ал «қараңғы» түннің қара екенін білдіре отырып, қара түс жеті санының екі есе құпиялығын арттырса керек. Бұл фразеологизм ...жеті қараңғы түнде...//...жеті қараңғы түнмен санаспай... //...жеті түн демей... деген нұсқалары да қолданылады.

Оралхан өмірді, табиғатты өзінше тануға тырысады. Сондықтан да оның образдары тың, қайталау емес. «Қас қарайып, қара шашын жайып түн келгенде», «Айсыз түн албастыдай басып жатыр», «Әрқайсы өз ойын малта ғып сорып отыр» деген тіркестегі образдар жаңа, жауыр болмаған дүниелер, «Маған жұлдыздар жауып тұрғандай сезілді, - ұстайын дедім: аузымды аштым, алақанымды жайдым - маңаламады», - деп жазады автор түнгі даланың маужыраған жұлдызды түнін суреттей отырып.

Қас қарайды (Күн батып, қас қарайды). Кешқұрым қараңғы түсу мезеті туралы айтылады.

Батар күннің бояуы (Батар күннің бояуы қандай қою болады дейсің, алқызыл, сәуленің алауына оранған Бек- Алқа мүлдем көрінбей қалды).

Ертеден қара кешке дейін (Ашық күннің әр сәтін, тіпті адамзаттың өзінен де артық пайдаланып қалғысы келгендей, омартадан ұзап ұшып, шырын сорып, нәр тартып ертеден қара кешке дейін дамыл таппайды-ай).

Жарты кеш айдың шеті (Өздері әзірде ғана асып түскен жотаның ар жағынан жарты кеш айдың шеті қылтиды).

Кешке (Бара ғой, балам, кешке моншаға түсуді ұмытпағайсың).

Кешқұрымның (Әлгінде ғана қандалып, содан соң жезденген су жүзі алабұртқан кейпінен лезде айрылып, қара көк барқыттан ақирет киімін кигендей өкпелі өксікпен кешқұрымның құрым киізін де біртіндеп қымтана түсті).

Күн бата, қас қарайғанша (Күн бата өз аралары жым-жырт жатып қалғанда, қас қарайғанша зу-зу ұшып, тыным таппайтын мазасыздығына қайран қалар еді).

Күн жамбасқа ауып (Күн жамбасқа ауып, аспан аясын армансыз кезген шарбы бұлт Мұзтаудың ұшпа басына ұжымдаса бастаған).

Күнде кешке (Ондай ерлік екеуміздің де еркімізде емес, бірақ күнде кешке моншаға түсесің, жатар алдында сыраны аузыңа татып алмайсың).

Күні тез батады, жай шығады (Таудың күні тез батады, жай шығады).

Қара кеш (Ертеңді қара кеш ермек етер енесінің әңгімесі де жалықтырғандай ма,...).

Қас қарайғанша (Ертеден қас қарайғанша созылған осына әбігерлі жұмыс әбден титықтатты білем, үшеуі бірдей тамақ ішуге шамалары жетпей тырапай асты).

Қас қарая кіріп (Ерік үйге қас қарая кіріп, анасының тамырын ұстады, алақанын маңдайына басты).

Тым ерте, күн батқан соң, екі сағат (Жұмысын жергілікті шыбындардан гөрі тым ерте бастайды да, күн батқан соң да, екі сағат нәр таситын).

Сәске. Күн ұясынан көтеріліп, қыза бастаған шақтан сәске басталады. Сәске мезгілі байырғы жылдарда сәске маһал деп айтайтындығын ұшыратамыз: «Сәске маһал болғанда, қыз іздеген Төлеген ... көшкен бір елге жолықты» («Қыз Жібек»). Мұндағы маһалдың мағынасы –кез,шақ», қырғыз тілінде маһал, время,момент». Маһал сөзі дыбыстық өзгеріске ұшырап, кейбір тұрақты сөз тіркесінің құрамында мәл түрінде айтылады. Сәске мезгілінің өзін халық бірнеше шаққа бөледі. Күн ұясына құрық бойы көшірілген шақ – сәске немесе ерте сәске. Бұдан кейінгі мезгіл –Ұлы сәске –қан сәске деп те, жалған түс деп те аталады. Еліміздің батыс аймағында тәуліктің осы мезгілін білдіретін сиыр түсі деген атау да қолданылған. Сөз тегін айтылмайды. Сәскенің бұл мезгілі неге төрт түліктің бір түлігімен аталған? «Ұлықбектің келтірген ұйғырлар, тәулікті он екіге бөліп, әр үлесін чағ деп атаған. Чағдың ұзақтығы екі сағат болды. Ұйғырлар кешкі чағ,ут (сиыр) чағ,барыс чағ т.с.с.деген. Моңғолдар да тәулікті он екіге бөліп, бөліктерді цағ деп атаған. Оларда хулугун цағ (тышқан шақ), хукар цағ (сиыр шақ), барыс цағ т.с.с. болған» деген қызықты дерек келтіре отырып, М.Ысқақов: «Бірақ бұл цағтарды абыздар ғана білген. Байырғы қазақ календарында тышқан шағы, сиыр шағы, барыс шағы т.с.с. болғандығы немесе жұлдызшалар мен есепшілер ғана біліп, ұмыт болуы мүмкін» -дейді. Бұл жерде зерттеушінің түркі –моңғолдарда қолданылған он екі шақ туралы қызықты дерегі қазақ тіліндегі сиыр түсі деген атауды ут (сиыр) шағымен байланысты қарауға түрткі болатын тәрізді. Халық тіліндегі бұл атаулардың бәрі түске дейінгі мезгілге қатысты. Халық ақындарының жыр кестесінде кездесетін түсі мәлі сөзі «түскі шақ,түс кезі» дегенді білдіреді.

Түске таман (Түске таман аудан орталығы – Катоннан милиционер жігіт келіп, Нюраны таба алмады).

Келесі күні түске таман (Келесі күні түске таман Нюра Фадеевнаның сүйегін Қатын өзенінің жағасына жерлейтін болды).

Күн едәуір көтеріліп қалған (Күн едәуір көтеріліп қалған).

Күн қыза (.... күн қыза дестедегі шөпті жинай бастады).

Күндіз есінен, түнде түсінен (Әсіресе, жайлаудың жап-жасыл шалғынына малша жайылған бала-шаға, әйел-еркек, кемпір шалдардың сол кеспірі мен ұсқыны күндіз есінен, түнде түсінен шықпайды).

Күннің қызуын (Аралар күннің қызуын күтіп әлі де тым-тырыс жатыр еді).

Тал түс шалқар түске ойысып, екі тәуліктен (Тал түс шалқар түске ойысып, екі тәуліктен бері төбеден төңкеріле қараған күннің шуағына масайраған тау табиғаты таңғажайып қуанышпен жарқырай жайнап, қуана құлпырып тұр еді). Күннің тас төбеге келген тұсы.

Тал түске көтерілген күн (Тал түске көтерілген күн ағаш үйдің терезесінен сығалап, ептеп сыздау тартып, қоңыр көлеңкеленіп тұрар бөлмелерге жып-жылы сәулесін құйды).

Түс ауа (Түс ауа жұмыссыз қалғандай, омартаның ішін аралап, ұса-түйек істің басын қайырып жүргені де содан еді).

Түске дейін (Түске дейін ашық тұрған аспанның әр жеріне шабарман бұлт шығып, бірге қоғамдасып кетуге бір-бірін менсінбегендей, көк жүзінде бытырай жүз-жүзге бөлініп жеке-дара жүзеді).

Түстен кейін (Түстен кейін қолы қалт еткенде, қаз –қатар орналасқан ұяларды қарап, кейбірінің қақпағын ашып, балдың қорын тексеріп келе жатқан Айна «жауыз араның» үйінен айналып өтті).

Түн. Марқа туған. Тілімізде күн сипатына қарай айтылатын айдың жарығында,айдың қараңғысында тәрізді атаулармен бірге бұрынырақта айдың көрінуіне байланысты марқа туған деген тіркестің қолданылғанын кездестіреміз. Айсыз қараңғы түнді тастай маң қараңғы деп те атаған: Ел ұйқыға жатқаннан кейін, шамамен екі сағат өткен кез түннің бір ұйқысында делінсе, бұдан кейінгі екі сағат түннің екі ұйқысында деп айтылады. Түн жарымда, түн ортасы ауған кез, жеті түнде тәрізді қолданыстар түннің осы айтылған мезгіліне қатысты деуге болады. Ал таңға бір ұйқы қалғанда деген тіркес Жетіқарақшы жұлдызының қозғалысына қарап ажыратылады. Түн ұйқысын төрт бөлді деген фразелогизм түннің осындай төрт бөлігіне орайлас айтылған деуге болады. Ал түннің таңға ұласар шағы таң қараңғысы деп аталады.

Айлы түннің астында (...Бірақ айлы түннің астында абақ бақтарды қыдырып, қызуы мол қызық жорықтарға шыққан емес-ті).

Ақтық түнін ( Ол - Айна, шеше орнына шеше болған енесінің ақтық түнін күзете отырып, бұған дейінгі жүріп өткен бүкіл өміріне шолу жасап еді).

Батар күнге қол бұлғап, ертең атар таңнан (Самала саумалға шомылып,тәңірдің тарысын теріп жеп, аман-есен жүрген бір күніңе – тіршіліктің жалғыз сәтіне ара риза сезіммен батар күнге қол бұлғап, ертең атар таңнан үміт күтер едің: “ Құдайым-ау, айналайын, алла тағалам-ау, мен бұл өмірде бармын! ” деген қанағаты мол сөздің қадіріне жетуден, алдағы аз ба, көп пе ғұмырыңның құранына – ұранына айналдырудан озық не бар бұл жалғанда).

Жым-жырт түннің ортасына дейін (Жым-жырт түннің ортасына дейін кірпігі айқаспай, әрі аунап, бері аунап ұйықтай алмайтын әдет тапты).

Кеше түнде ұйықтар алдында (Кеше түнде ұйықтар алдында «ертең күн шықпай тұруым керек» деген оймен жатқан).

Күн батып, қас қарая түсер салқын, түннің дене қалтырар суықтығы (Көп тостырмай келер күздің хабаршысы тек қаймақшыған бұлт қана емес, күн батып, қас қарая түсер салқын, түннің дене қалтырар суықтығы да; көп ұзамай келер күздің нышаны орман-тоғай, тау шалғынынан да біліне бастаған).

Күндіз күлкі, түнде ұйқыдан (Москва, Ленинград архивіне өз қаражатыммен барып, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалып, аш-жалаңаш жүріп көз майын тауысуға тура келді).

Түн ішінде (Айнаның түн ішінде далаға жалғыз шығуы бір бұл емес болса да, осы жолғыдай осқырына қорықпаған).

Түн ішінде (Түн ішінде қобыраған мол шашын барынша жайып жіберіп, сұлық отырған келіншектің қазіргі пошымы қолқаңа қол салатындай аса қорқынышты еді...).

Түнде түсінен, күндіз есінен (Көз алдындағы көкмұнар айқара ашылғанда, ар жағынан, тәңірім-ау, түнде түсінен, күндіз есінен шықпайтын ақ боз атты Қыз тотыдайын таранып, өзеннің жарқабағында тұрды).

Түннің етегін түріп (Қара шапанды түннің етегін түріп ай шықты).

Күн санау. Шығыстық ғылым мен дәстүрге сай қазақтар да жоғарыда айтылғандай уақытты ғасырдан бастап жылға, тоқсанға, айға, аптаға, күнге бөлген де оған жеке-жеке ат берген. Оны жыл санау,ай санау, күн санау, деп атайды. Дүйсенбі, Сейсенбі, Сәрсенбі, Бейсенбі, Жұма, Сенбі, Жексенбі. Күн санауды халқымыз өткен күндерді алдынғы күні, кеше, бүгін, келер күндерді – ертең,арғы күн деп атайды. «Құдайды күннің бәрі сәтті» дейтін қазақ жұманы ислам дініне сәйкес қасиетті күн санайды.

Ай санау. Көшпенді өмір сүретін, мұсылман болмаған түркілер жылды маусымға бөліп, әр үш айды бір атпен атайды. Жылдың өтеуін сол тәсілмен белгілейді. Ай – отыз күннен тұратын уақыт өлшемі. Бір айлық уақыттың өтеуі – айдың дәуір сүруімен есептелгендіктен, жылдың он екіден бір бөлігі де ай деп аталады. Халқымыз жылды он екі айға бөледі де оны ай санау деп айтады. Бұл ерте замандардан қалыптасқан дәстүр. Түркі халықтары жылды тағы да төрт маусымға (яғни тоқсанға) бөледі. Әр айдың атаулары немесе оны тоқсанға яғни әр маусымға бөлуде табиғат құбылыстары, ауа райы ескертілген. Сондай –ақ оның шаруашылық жағынан мән –маңызы бар. Бұл жағынан халқымыз үлкен шеберлік пен білгірлік танытқанын да айта кету керек. «Ай –уақыт өлшемі, жылдың бөлігі. Айдың жері бір айналып шығатын уақытына тең». Шығыс елінде жыл басы наурыздан басталады. Ежелгі астрономиялық есепте әр айға сәйкес келетін жұлдыз аттары да бар. Мұны жұлдыз ай деп атайды. Кейбір елдерде, сол сияқты Қазақстанның кей аймақтарында қазіргі азаматтық айлары жұлдыз ай атымен де атай береді. Сол сияқты рамазан айы деген де бар. Бұл қазақша жеке айы аты емес: ораза айы осылай аталады. Қазақ есепшілерінде Айдың Үркерді «басып өтуі» тоғыс деп аталады. Тетелес екі тоғыстың арасында өтетін уақытты қазақ халқы тоғыс айы деп атайтыны белгілі. Ол іштей бір тоғыс айы, төрт тоғыс, алты тоғыс т.с.с

Халықтың ай санау дәстүріне сәйкес көптеген сөз тіркестері бар. Мысалы: ай туды, ай толды, ай отырып қалды, ай кешігіп туды, айдың қараңғысы сынды тіркестер. Айды жақсылық нышанына ырымдап «Айы туып оңынан», «Жүзің бар он төртінші айдай көркем», «толған айдай» сұлулық бейнесінде де қолданылған. Қыздардың атын Айсұлу, Айтолған, Айтолқын, Айкүміс, Толғанай қою да осындай тілектен шыққан.

Екі-үш күннен бері (Екі-үш күннен бері ғана қабағы ашылған күнінң әр сағатын пайдаланып қалу үшін, жалғыз өзі жанталасқан Айна ертеңнен қара кешке дейін тыным таппай шөп үйеді).

Айы-күні жетіп толғақ қысқанда (Айы-күні жетіп толғақ қысқанда да, құр керіп, «түс-түстеп» келсап түйген, перзентінің кіндігін кесіп, тұмсығынан сығып алған да – айналайын Аналық еді-ау).

Алғаш осы үйдің табалдырғын аттаған күні (Алғаш осы үйдің табалдырғын аттаған күні Айна жерге кірердей ұялып еді).

Аптаның аяғында (Біржола түңіліп; аптаның аяғында барғысы келмей қасарысқанмен, дәт шіркін шыдамай солай қарай-жағаға қарай жетелейтін).

Аптасына жалғыз рет, жұма күні (Еріктің есіне Қатын суының ар жағынан аптасына жалғыз рет, тек жұма күні ғана көрінер қызыл орамалды Қыз түсті).

Ауылдан келгеннен бері аптадан астам (Ауылдан келгеннен бері аптадан астам уақыттың ішінде «Неге тамақ ішпейсіз?» деген жалғыз-жарым тілдесуден басқа әңгіме болған емес).

Әнеугүні (Әнеугүні мен ойға кеткенде, екі баласын ерткен кірекей омартаны торуылдапты).

Әп-сәтте, күндердің күні (...өздері берген қантты өздеріне қайтадан саңғытып беріп, бал емес әп-сәтте қоймалжың тартып, көпке бармай беріш болып қатып қалар езілген қант жеген кісілерге миығынан «күліп» қарар еді; әлемдегі әрі ақылды, әрі аңқау адамзаттың жан-жануар, құрт-құмырсқағажасаған аярлығы күндердің күні болғанда қайта айналып өздерін табарын парықтамайтын және жер жаһандағы барлық тіршілік иелерінің ішінде тек адамзат қана алданып отырғанын пайымдаған емес;).

Биыл, күні-түні (Міне, биыл кештеу келген есесін алғысы келгендей күні-түні қапалақтап жауып, тізеден келетіндей омбыға айналды).

Бүгін жексенбі (Айдың аты, күннің сәтінен календарьсыз жаңылмайтын Нюра Фадеевна бүгін жексенбі екенін білетін).

Бірер күн ғана (Әсіресе, бірер күн ғана ашылып, қалған мезгілде төпелеп жаңбыры құйып тұрар өлкенің шөбін шірітпей, қораға үйіп алудан азапты жұмыс жоқ).

Дәл сол күні (Ең ғажабы, дәл сол күні – бір жағы ақ, бір жағы қызыл бұршақ жауды).

Екі-үш күн (Осы ойды тұжырымдаған Таған, дегенмен, әлі де екі-үш күн, егер Ерік басы-көзге сабалап, бағанағыдай абалап қуаламаса, алғашқы қар түскенше, аялдай тұруға тиянақтатты ойын).

Ертеңгі күні белгісіз, ертеңгі күні тұманды – ертеңгі күніне (Қол ұшын берер, қолтығынан демер, алыстан арбалап астық тасыр ешкімі жоқ, қайран ғана аңқау да адал ел - ертеңгі күні белгісіз, ертеңгі күні тұманды – ертеңгі күніне саусақ жая талпына дірілдеп, жел қопарған діңгектей құлады-ай; сұлық түсіп сұлады-ау...).

Ертеңінде, кешегі (Ертеңінде шөп басын сілбі басып, кешегі жаңбыр мұздақтап тастап еді).

жансызы болмаған күннің өзінде (Сен тіпті Жапонның жансызы болмаған күннің өзінде, помещиктің сілімтігісің).

жеті күн елден, жеті күн жерден (Қай үйдің шайы бұрын қайнаса, содан іше салатын және де кәсібі жеті күн елден, жеті күн жерден болып келетін қайсыбір сатушының әдетінше Бекзат та ошағының түтінін анда-санда ғана шығаратын).

Құдайдың құтты күні (Құдайдың құтты күні аузым құрғамай ішіп жүрген кезімде, әйел мен еркекті айырмаушы едім).

Он күнге, бір аптадай еру болды (Он күнге ғана сұранып келген Қандауыр бір аптадай еру болды да, айыпкер батальонның сапында, аяғы шепке аттанып кете барған... ).

Табаны күректей екі ай (Елге оралған соң, табаны күректей екі ай шыдадым). Толық, аттай деген мағынада.

Үшінші күн (Үшінші күн дегенде: шолақ қол хабар жіберіпті, Нюра Фадаеевна ешқайда кетпесін қал-жағдайын біліп қайтамын) [3, 419б].

шайдай ашылғанына (Қас қылғандай күннің дәл Ерік кеткенде шайдай ашылғанына налыды).

Адамның жасына байланысты уақыт атаулары

Халық жыл санау дәстүрін он екі жылдан қайырып отырады да оған жыл басын тышқан, соңын доңыз деп атайды. Жыл қайыру жылды есептеуге де, сол сияқты адам жасын анықтауға да өте ыңғайлы. Біріншісін 13 жылдан, одан кейінгілерге 12 жылдан қосып есептеп, оны бір мүшел деп санап адам жасын оңай шығарып ала берген. Қазақтар «Он үште – отау иесі» деп те айтып жатады. Дәстүрлі қазақ қоғамында баланың 13 жасқа толуы алғашқы мүшелі делінеді, одан кейінгі мүшел жасы әр 12 жыл қайталанған сайын есептеліп отырады. Ол 25-ке толғанда екі мүшел, 37-ге толғанда үш мүшел, 49-ға келгенде төрт мүшел, 61-ге келгенде бес мүшел деп есептеледі. Халықтың адам өмірін кезеңдерге бөлуіне байланысты қалыптасқан шартты түрдегі бөліністері мен мүшел санау үрдістері қоғам мүшесінің әлеуметтену жағдайын, яки қоғамдағы орны мен мәртебесін белгілеуді білдірді. Бірақ бір мүшел жастағы ерекшеліктен келесі мүшел жасқа өтуді әлеуметтік құбылыс деп тануға негіз жоқ. Өйткені ол адамның биологиялық қасиеттеріне де тән құбылыс болғандықтан, әр мүшел ішінде адамның өзіне тән қасиеттері мен болмысы қалыптасады. Мысалы, 1-і мүшел балиғатқа толуға байланысты болса, 2-і мүшел ат жалын тартып мінген жастың есейген шағы, 3-і мүшел ақыл - парасаттың толысу шағы деген адамның физиологиялық - психологиялық жетілулерін меңзейді. Мүшелдер арнайы ғұрыптар арқылы аталып өтілген. Олар: жарты мүшелге келген ұл баланы сүндетке отырғызып, “атқа мінгізу” мен қыз баланың құлағын тесіп, “сырға тағу” тағы басқа. Мүшелден мүшелге өту аралығындағы жаста адамға қауіп-қатер жуық болады деп есептеліп, тән мен жанның өзгеріске ұшырайтын тоқырау кезі, белесі деп саналды.

1 – мүшел – 13 жас (ер жете бастау). 13 кіреді - 14 шығады

2 - мүшел - 25 жас (жігіттік шақ). 25 кіреді - 26 шығады

3 – мүшел – 37 жас (ақыл тоқтату). 37 кіреді - 38 шығады

4 – мүшел – 49 жас (орта жас). 49 кіреді - 50 шығады

5 – мүшел – 61 жас (орта жас). 61 кіреді - 62 шығады

6 – мүшел - 73 жас (қарттық). 73 кіреді - 74 шығады

7 – мүшел – 85 жас (кәрілік). 85 кіреді - 86 шығады

8 – мүшел – 97 жас (қалжырау). 97 кіреді - 98 шығады

9 – мүшел - 109 жас (шөпшек сүю). 109 кіреді - 110 шығады

10 – мүшел – 121 жас (немене сүю). 121 кіреді - 122 шығады

Адамның жасына байланысты қазақша атаулар

1 жасқа дейін – шақалақ, нәресте

1 жастан 10 жасқа дейін – сәби

1 жастан 2 жасқа дейін қыз бала – бөпе, ұл бала – бөбек

2 жастан 3 жасқа дейін – бүлдіршін

3 жастан 5 жасқа дейін – балдырған, балауса

6 жастан 7 жасқа дейін – бала, балақай

8 жастан 12 жасқа дейін – ойын баласы, жеткіншек

13 жастан 15 жасқа дейін – ересек бала, жасөспірім

16 жастан 19 жасқа дейін – бозбала, бойжеткен

20 мен 30 жас аралығы – жас жігіт, қыз

30 бен 40 жас аралығы – дүр жігіт, аға, еркек, кәрі қыз, келіншек

40 пен 50 жас аралығы – ер түлегі, отағасы, әке, көке, әйел, ана, тәте

50 мен 60 жас аралығы – жігіт ағасы, сары кідір әйел

60 пен 70 жас аралығы – қарасақал, ата, қара кемпір, апа, әже

70 пен 80 жас аралығы – ақсақал, ақбұрым

80 мен 90 жас аралығы – ақ үрпек шал, ақ үрпек ана, қарт, қария

90 мен 100 жас аралығы – селкілдек шал, селкілдек кемпір

100 жастан жоғары – кейуана, баба

10 жасқа дейін – қозы жасы деп қозы-лақ бақтырған,

10 мен 20 жас аралығын қой жасы деп қой, ешкі бақтырған,

20 мен 30 жас аралығын жылқы жасы деп жылқы бақтырған,

30 жас – орда бұзар,

40 жас – қылыш жас, қырықта қамал алар,

50 жас – ел ағасы, ердің жасы,

60 жас – пайғамбар жасы, алпыстың асқары, алпыстың асуы, асқарлы алпыс,

70 жас – жетпістің белесі,

80 жас – сексеннің сеңгірі.

Ес білгеннен бері (Ес білгеннен бері – тірі жанға қарыз емес екенімді, бір адамнан бір сом қарыз алмағанымды, өзімді өзім асырап жеткізгенімді ғана білемін). Үлкейіп ақыл кіріп, адам болды.

Жас кезімнен (Жас кезімнен менде тағы маралды тау-тастан қуып, ат құлағында ойнап өстім).

Жастық дәурен – қыз кезі (Көзден де, көңілден де баяғыда қашаңдап кеткен жастық дәурен – қыз кезі, бірге өсіп, біте қайнасқан достары, туған-туысқандары есіне түседі).

Жетпестің жетісіне (Әйтпесе жетпестің жетісіне келердей Алла тағалаға не өткізіп қойыппын деп ойлайтын).

Қызыл шақа кезінде (Қандауырдың тым-тым қара қылды қақ жарған әділдігі тұқым қуалап, Ерікке жұға қойған жоқ - ты; әкесін көзі тірісінде көрмей, мұның қызыл шақа кезінде күні бүгінге дейін түсініп болмас белгісіз сапарға аттанып кетуі тәлім- тәрбиесіне әсерін тигізгендей; сондықтан да оу бастан тек өзі таңдап алған жолға түсті).

Қырықтан асқанша (Қырықтан асқанша не үй, не күй жоқ Тағаннан не қайыр, не үміт).

қырықтың қырқасына шыққанда (Шын махаббат қырықтың қырқасына шыққанда оянары ойымызға келмей жүр ме?).

Он жастан енді ғана асқан (Он жастан енді ғана асқан балалрдың шаруақой пысықтығы Тағанға қатты әсер етті).

Отыздан асқан жасында (Отыздан асқан жасында өңіне қылаудай қырбаң түсірмей, таңғажайып әдемі күйінде сақталып қалуы – мәңгі мәңгіріп жүрер Тағанды тамсандырған-ды).

Өмір бойы (Бұл дертке ұшырамаңыз, бір рет ауырсаңыз, өмір бойы тас кенедей жабысып айрылмайды).

Пайғамбар жасына келгенде (Енді пайғамбар жасына келгенде, елден іргесін аулақтап, Алтайдың құзар басына көшіп кетті). Шашына ақ кіріп қартая бастаған кісі; жасы алпыстан асқан кісі. Діни әдебиетте Мұхаммед пайғамбар 63 жасқа келіп өлген, ал оны жас мұсылмандарда киелі болып есептеледі. Осы наным «пайғамбар жасына келді», «пайғамбар жасынан асты» деген жас өлшемін туғызған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар