Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Патша көңілім, не дейсің?!»...

03.01.2024 1378

«Патша көңілім, не дейсің?!»

«Патша көңілім, не дейсің?!» - adebiportal.kz

Жаңа жыл алдында (27 желтоқсан) Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры көрерменін премьерамен қуантты. «Патша көңілім, не дейсің?!» аталатын комедияға жұртшылық көп жиналды. Туынды авторы  –  «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, жазушы Қуаныш Жиенбай. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов, қоюшы суретшісі – Тимур Қоесов, композиторы – Қайрат Тоқымбетов екенін айта кетейік. Жаңа спектакльде (екі құрамда) танымал театр және кино артистері өнер көрсетті, атап айтсақ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ақыш Омар, Лейло Бекназар, Боранбай Молдабаев, «Құрмет» орденінің иегері Майра Омар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Асылбек Қапаев, Жанқалдыбек Төленбаев, Алтынай Нөгербек, Сырым Қашқабаев, Ерлан Малаев, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Ботагөз Мақсұтова, Дастан Әлімов, Самат Байыров және театрдың жас артистерінің ойыны көпшілік көңілінен шықты. 

Қойылым залдағы бүкіл көрерменнің көңіліне ыстық көріністен, ауыл қазағының өмірінен, сәкі қойылған, қораға баспа сүйелген ауласынан басталды. Ауылда қалған, балаларымыз енді қашан соғар екен деп күткен кәрі әке-шеше. Аты  көрші болғанмен, туыстай болып кеткен Қойлыбай.  «Балаларыма әкелерің қайтыс болды деп хабарла» деп туыстан да жақын болып кеткен ақкөңіл көршісіне өзімсініп өтініші мен базынасын айтқан қарияны, үйдің тірлігінен етегіне сүрініп жүрген кемпірін танитын сияқтысың...

Өмірде көбіне былай болады: ерлі-зайыптылар жаңа қосылған жас кездерінде тек екеуі тұрады, одан кейін балалардың дүниеге келгеніне, қаз басқанына, былдырлап сөйлегеніне қуанып жүргенде бір күні олар ержетіп, бойжетіп, туған ұясын тастап алысқа, қалаға кетеді, бара-бара ата-анасына сирек келетін болады. Бүкіл  керемет пен жақсылықтың бәрі алда тұрғандай көрінетін кездерді, ащы-тұщыны бірге өткерген әке мен шеше болса шашын қырау шалып, қартайған шағында иен үйде тағы екеуі қалады. Шындығында бұл әркімнің басында болуы мүмкін жағдай. Осыгүні «бос қалған ұя синдромы» дегенді психологтар айтып жүр. Ағайын-туыспен араласатын, әруақытта көпшіл келетін біздің қазақ ондайды соншама ауыр қабылдамайды десек те, перзентке, немереге сағыныш деген бар, бір кезде шаңырақтың ақар-шақар болып жататын кезін аңсап, оңашада көңілді мұң кеулейтіні бар. Мұндағы «Әке-шешенің тері сіңген қарашаңырақта еш жерден кезіктіре алмайтын ғажап бір тәтті иіс бар. Сендер бұл иісті ұмытқалы қашан. Естеріңде болсын, әке-шешенің тері сіңген иіс сендерді бәле-жаладан, өсек-аяңнан қорғап жүреді. Бәрің де жолдардың жетегіне еріп кете бардыңдар... Жанымда қалған тек «Отыздың бірі жиырма тоғыз»... Патша көңілдің не қалайтындығын кім білсін?!...» деп келетін монологтың көрерменді бей-жай       қалдырмағаны анық. 

Бәтима мен оның «Бәтима біледі» дей беретін күйеуі  жиі көретін образдар. Қит етсе төркініне телефон соға беретін келін де «таныс», осы күні келіндер де әр сағатын айтып есеп беріп, шешелері де күніге он сөйлесіп, жас отаудың ішкі мәселесіне араласатынының бір мысалы бұл да. Бірақ, келіндер тап солай енеге жақын емес. Оны жас келіннің шешесімен сөйлескенде: «Менің қайынатама уақыт болды» деудің орнына, күйеуінің атын атап, соның әкесінің сағаты соқты деп хабарлағанынан да байқауға болады.  Бұл жерде келіндердің аталарын жоқтап жылағандары да жасанды, өйткені, ата-енемен бірге тұрмағасын,  сирек, пәленбай жылда бір көретін болғасын жатбауыр болып кеткен. Әрине, бұл комедия. Спектакль күлдіріп отырып, ауыл адамының аңқылдақ мінезін көрсетеді, сонымен бірге әрнәрсені ойлап та отырасың, мысалы, бүгінгі қала адамының басыбүтін  қала тірлігіне,  тұрмысқа тастай батып, жұтылуы, туған әке-шешесіне де бұрылуға мұршасы жоқтығы, бауырлардың өзара қатынасында (әкеден қалған бір гектар жерге мейрамхана саламыз дегенде әңгіме ауанының өзгеруі) дүние араласса бітті, араларында жарықшақ, сызат пайда болуы, келіндердің өз аяғымен кіріп-шығып жүрген, ешкімге ауыртпалығы жоқ енемен тұруды ауырсынып, бір-біріне ысыруы… бұл біздің дәстүрлі қазақ шаңырағындағы қалыптасқан қағидалардың өзгеріске ұшырағанын байқатады. Жалпы ендігі жерде баланы ержеткесін ата-анасын бағады, парызын өтейді деп күтудің өзі қаншалықты қисынды? Парыз дегенді қалай түсінеміз, деген сұрақтар да бар. Өйткені, осы шақта жас ата-аналардың өзі шетелдің: «кәмелетке толған бойда ата-анаңнан алыста да, өзіңді тап» дегенін дұрыс көретін пікір айтатын болды. Әлеуметтанушы Зигмунт Бауман өзінің «ағымдағы мәдениет» термині арқылы осы кезге дейін адамдар арасындағы қатынасты нығайтып, ұстап тұрған қағидаттардың енді бұрынғыдан өзгеріп, мәнін жоғалтуын сипаттайды. Сонда бұл терминге салсақ, ол осы жерде біздің бәріміздің бір бүйірімізде тұратын, көбіне ата-ана өмірден өткеннен кейін барып маза бермейтін моральдық қарыз сезімі дегенді жоққа шығара ма? 

«Баланы өмірге әкелген екен, оны тәрбиелеу, асырау – ата-ананың өз міндеттері, ал мен (баласы) не себепті ол үшін өзімді олардың алдында қарыз сезінуім керек?» дегендер де шықты. Жалпы парыз деген салыстырмалы ұғым деп есептейді екен кейбір психологтар, яғни егер ол қарыз жайында жазбаша не ауызша келісім болса ғана оның күші бар, ал егер ондай ештеңе болмаса, онда бұған қатысты қарым-қатынастар тек екі тараптың өз еркімен болуы керек-мыс. 

Қойылым соңы әйелдік бақытына асыққан, жетім қалған бес балаға ана болуға тәуекел еткен  Гүлжәмиланың ауылға қайтып келуімен аяқталды. Бір жағынан Гүлжәмиланың шешіміне қуанасың. Бес балаға ана болатыны өз алдына, бұл оның ата-анасы үшін де жақсы, не шал, не кемпір көз жұмса, әйтеуір, жалғыз қалдырмайтыны анық қой дедік ішімізден. Тіпті Қойлыбайдың бес баласының да кіріп-шығып, қарттардың үйін толтырып жүретініне сендік. Өйткені, төрт ұлдың әйелдерімен ауылға, әке үйіне сирек келетіні, көп болса бір қуаныш, бір қайғыда ғана төбе көрсететіні анық болды ғой. Дегенмен, осы ойымызды пьеса авторына айтып көргенімізде ол бұл ойымызға келіспейтіндігін білдірді. «Шығармадағы ауырлық нүкте – Гүлжәмиланың айтайын дегені ол емес, ол сәби сүймеген әйел. Ал Қойлыбайдың әйелі қайтыс болған. Екеуі кезінде бір класта оқыған. Бір кезде екеуара бір-біріне сезімдері де болған. Бұл жерде оның кемпір-шалдың қолында қалайын деген ойы жоқ, ол өзінің өмірден көп қиындық көріп, күйеуден айрылып кеткен, балалы болмаған тағдырын туған жерде басқа арнаға түсіруді ойлайды. Әке-шешемді бағайын деген ой емес ол жерде, осыны кей адамдар түсінбей қалды ма, әлде сахнада кей жері ашылмай қалды ма екен деген де күмәнім бар. Гүлжәмиланы әке-шешесінің жанында отырады деп түсінбеу керек. Балалардың киімін әкеліп, «Қойлыбайдың отбасына пенде, балаларға ана бола аламын ба?» деген сұрақ қоятын Гүлжәмиланың тағдыры ойланатын тағдыр, көрермен қалай түсінеді, өз еркі», – деп пікір білдірді автор. 

 

 

Біреулерге кәдеге асар дедім

Қойылым соңында туынды авторы Қуаныш Жиенбай ағамызға екі-үш сұрақ қойған едік.

Балаларын сағынып, үйге бір кіріп, бір шығып, сағынышын қалай басарға білмеген шалдың образы әр ауылдағы бір әкені еске түсіреді. Шешесінің балаларының бәрін бір мезгілде қатар көрген кезде қуаныштан есі шыға жаздағаны да соншалықты иланымды.   Негізі арасында комедия элементтері болғанымен, бұл өзі драма ма дедік. Сіз бұған не дейсіз?

– Қойылымнан кейін бір қыз бала: «комедия тек қана күлдіру емес» деп жазыпты ғой, рас, драма элементтері де қабаттасып жүр деп ойлаймын. Ия, шалдың ролі әр ауылда кездесетін образ.

Комедиядағы қарт айта беретін: «Отыздың бірі – жиырма тоғыздың» астары не болды сонымен?

–  «Отыздың бірі жиырма тоғыз» – режиссердің ойлап тапқаны. «Жиі қайталанатын сөздер болады, осыны кіргізейікші», – деп өтініш айтқан еді. Қойылымның ішінде 1-2 жерде айтылады. Қайта-қайта айтыла бергенде жұрттың құлағына сіңіп, есте қалатын сөздер болады ғой, «қырықтың бірі – қыдыр» деген сияқты...

  «Қайтыс болды» деп хабар берген әкелері тірі болып шығып, балаларының көңілі жайланды, дегенмен, бұл комедия болғанымен мұң көтеріп шыққандай болғанымыз рас. Автор дәстүрлі қазақ шаңырағының басты қағидаларының осыншалық трансформацияға түскенін айтқысы келетіндей…

– Қанымызға сіңген ой бар ғой,  көбіне ата-аналар «біз қартайдық, мына үйге ие бол, қара шаңыраққа кел», – деп жатады, ондай жаттанды ситуациялардан барынша қашуға тырыстық. Бүгінгі жастарға ақыл айтудың қажеті жоқ.  Қалада семьясы бар адамдарға ауылға кел деу де қисынсыз. Баланың ата-ана алдындағы парызы оның өмір бойына мойынында жүретін қарыз ғой. Бір күнде бір сағатта орап, орнықтырып тастау мүмкін емес. 

«Байқоңырдан спутник 351 рет ұшты» деген жеріңіз ше? Соған тағы акцент бере ме дедік, сосын барып түсіндік, байғұс қарттар бірі бошалаған жалғыз түйені алданыш, ермек қылып, екіншісі спутниктік ұшқанын санап өмір бойы сол жерге кіндігі байланып отырғанын айту... 

–  Дәл солай. Шығармада оған біраз орын берілген еді, бірақ сыймай қалған.

Сізді ел прозаик ретінде таниды, пьеса жаза бастағаныңызға көп болды ма?

– Бұдан басқа да жазып жүрген 6-7 драмалық шығармам бар, бір-екеуі облыста және Қ.Қуанышбаев театрының ескі ғимаратында қойылды. Біреулерге кәдеге асар, басымдағы идея қалмасын деп, кейде прозадан суығанда драма жаздым, бұны жасым елуден асқанда қолға алдым. Кейде ойда жүрген идеяңды жүз бет романнан бөлек отыз беттік драмаға салуға болатындығына көзім жетіп келеді. Қазақ әдебиетінде драмаға бармаған қаламгер сирек. Қолдан келгенше тырысып жатқан жағдай. Анау-мынау кемшіліктері барын көріп отырдым, кейбір кемшіліктері жолға қойылатын шығар деп ойлаймын. Әрине, драманың негізгі идеясын берген болды, кейбір элементтер ішіне кірмей қалды, бұл жерде уақыттың шектеулі екендігін, көптеген эпизодтарды тықпалау керек еместігі белгілі. Драматургияның ішкі құпияларын, сахнаның көзге көрінбейтін сырын, иірімдерін беруді автордың ұғынуы сияқты мәселелерді режиссермен жұмыс істегенде байқайды екенсің, осы жолы соны ұқтым. 

– Әңгімеңізге рахмет.

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар