Ең әділ де, қапысыз таразы – кешегі мен бүгінді салғастырып, ертеңгіге жалғастырушы, уақыт. Уақыттың сынынан өткен ақпарат, ұғым, түсінік, туынды – салыстырмалы түрдегі мәңгілік. Салыстырмалы деп отырғанымыз, сана мен материяға қатысты «мәңгілік» деп ұғынатын заттар, құбылыстар, сана-сезімдік қалып-күйлер де өзгермей ме?
Адамзат қоғамы үнемі ілгерілеп, дамумен келе жатыр. Тіпті осы ілгерілеп, дамудың өзі де шартты түрде салыстырмалы. Білім-ғылым алға жылжыған сайын адамзат баласы өзінің бұрынғы, тіпті күні кешегі ата-бабасының өңі түгілі түсіне де кірмеген мүмкіндіктерге қол жеткізіп, игіліктерге бөленуде. Мұны ілгерілеушілік десек те, қазіргі адамдар физикалық күш-қуаты тұрғысында өзінен жоғары буындармен салыстырғанда әлеуетті деп айта алмаймыз ғой. «Мал істейтін жұмысты, от пен суға түсірді» деп ХІХ ғасырда Ыбырай Алтынсарин бабамыз айтқанындай, тіпті мал істейтін жұмыстың өзі қалмай, Аустралияның көлік түйесі мен сиыры жабайы жануарға айналып үлгерді. Адамзат баласының ғылым-білімді игеруі арқылы мүмкін болған мұндай үрдіс алдағы кезеңде тіпті жылдам қарқын алмақ. Заман өзгеріп, қоғамдық құрылыс өзгереді. Ескі буын жаңасымен алмасады, орын береді. Бұл – анық ақиқат.
Бұл ақиқат – әдебиетке, оның тарихы мен теориясына да тікелей қатысты. Әдеби процестер де заманға сай өзгереді. Ағымдар мен бағыттар бірінен кейін бірі келіп жаңашылдықтан дәстүрге айналып жатпақ. Осы орайда туынды жасаушы тұлғалар да «әдебиет сахнасына» кезегімен келіп-кетіп жатпады. Шығармашыл жандардың үнемі ойында жүретін, кейбірінің жанын жегідей жейтін сұрақ: «Мен ертең тарихта қаламын ба?» болса керек. Қалай болғанда да осы бір сұрақ ара-тұра талқыға түсіп жататыны бар.
Уақыт бәрін ұмытады, ұмыттырады. Оған мысал: қазақ әдебиеті тарихында өз тұсында «менмін» деген қаншама қаламгердің шығармасын оқымақ түгілі, аты-жөнін жұрт ұмытып та үлгерді. Бұл тоқтаусыз үрдіс. Жылдар алға жылжыған сайын ұмытыла түспек. Бірақ, қалам ұстағанның бәрінің көзі кетсе, барлығы бірдей тарихтың шаңына көміліп, мәңгі ұмыт қалады деуге болмайды ғой.
Біздерді де іздейтін жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз, -
деп Мұқағали Мақатаев бекер жырламаған ғой. Күллі қазақ іздемесе де, өмірден өткен көптеген қаламгердің жазған дүниесін ауылы-аймағы, ел-жұрты, ұрпақ-жұрағаты құнттап, лайықты насихаттап жататыны бар. Мүлде ескерусіз, жоқтаушысыз қалғандары барлығы да тағдырдың жазуы шығар.
Кеңес Одағы тұсында атағы дүркіреген бірталай ақындар мен жазушылардың атында аудандар мен ауылдар, көшелер мен мектептер, мекемелер бар. Уақыт өте келе, кешегі мен бүгінгіге өз көзқарасымен қарайтын жаңа буын келгенде, бұл атаулардың да безбенге түсері анық. Оны алдағы уақыт көрсетеді.
«Алдағы уақыт көрсетеді», - дегенімізбен, қазақ халқы мен оынң әдебиеті барда бірге жасай беретін советтік дәуір қаламгерлері аз болмайтынын олардың елге сіңірген еңбегі, қалдырған құнды мұраларынан бағамдауға болады. Осындай қабырғалы қайраткер тұлғалардың бірі – Сәбит Мұқанов. Өз заманында қазақ совет әдебиетінің негізін салушылардың бірі атанған, аса көрнекті жазушы, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі. Сәбит Мұқановтың өмір жолы, шығармашылығы туралы ХХ ғасыр жүзінде аз айтылып, жазылмаған. Сәбит Мұқановтың туған аулында, Алматы қаласында мемориалды музейі бар. Қазақстанның көптеген ірі қалалары мен аудандарында, ауылдарында жазушының атында көшелер бар. Он жеті жасынан бастап әдебиет майданына араласып, елу жылдан астам ғұмырын шығармашылыққа арнаған жазушының рухани мұрасы да толымды.
Сәбит Мұқановтың шығармашыл тұлғасы, әдеби мұралары турасында көптеген әдебиет зерттеушілері үлкенді-кішілі ғылыми еңбектер жазды. Олардың арасында Темірғали Нұртазин, Тұрсынбек Кәкішұлы, Айқын Нұрқатов, Құлбек Ергөбек қатарлы белгілі ғалымдар бар.
Горбачевтік қайта құрудан соң өткен ғасырдың сексенінші жылдары соңында ақтаңдақ жылдар ақиқаты батыл айтыла бастады. Отызыншы жылдардың арғы-бергі жағында құрбан болған Алаш арыстарының, өзге де тарихи, әдеби тұлғалардың есімі халқымен қайта қауышты. Олар туралы көптеген шындықтың беті ашылып, басылым беттері қызу тартыс-таластарға толы болды. Кеңес Одағы құлап, тәуелсіздік алған тұста бұл үрдіс қарқындамаса, бәсеңдеген жоқ. Бөгеттен лықсып шыққан мол судың арнаны керней тасқындап барып, біртіндеп арыны қайтып, алқапты суаратыны сияқты, сол кезеңдердегі әдеби, тарихи мәселелерге қатысты айтыс-тартыстар да бүгінгі күні өз арнасына түскендей. Сол кездердегі материалдардың көшірмелері әредік ғаламторда, әлеуметтік желі беттерінде көрініс тауып, заманауи көзқарастардың көкпар алаңына айналып жататын сәттері де аз емес.
Өткен жылдардағы айтыс-тартыстардың негізгі ауаны – сталиндік зұлмат құрбаны болған арыстардың өмірі солай қалыптасуына әсер еткен, өзі аман қалып, кейін коммунистік дәуірдің игілігін көріп өткен тұстастарының іс-әрекеттерін әшкерелеуге құрылатын еді. Олардың іс-қызметіне, әрекетіне қатысты түрлі құжаттар ашыққа шығып жататын. Әрине, ақ пен қараны айыру, әрбірін өз орнына қою қажет еді. Қоғам да осыны талап етті. Солай болды да. Отыз жылдан астам уақыт ішінде тарихи ақтаңдақтардың орны толтырылды. Қаншама танымдық, көркем әдеби, ғылыми зерттеу еңбектер жазылды. Сабырлы, сауатты зерттеулерге негізделген іс-әрекеттермен қатар, советтік дәуірдің қайраткер, қаламгерлерін бірыңғай даттап, оларды ұлт санасынан мүлде өшіруге тырысушы айғай-ұраншылар мен зиянкес бірыңғай қаралаушылар да табылды. Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығы да жоғарыда аталған кезеңнің шаңды дауылынан шет қалған жоқ. Қалуға да тиіс емес болар. Дүлей дауыл соншалықты екпінмен шайқалта тербеп ышқынғанымен, тамырын терең бәйтерек мызғыған жоқ. Себебі, қай дәуір болмасын, туған халқының өткені мен бүгінін жалғастырып, жыртығына жамау, жұқасына қамсау болатын тұлғалар болады. Сәбит Мұқанов – осындай тұлғалардың қатарынан.
Жасынан жетім өсті дегенімізбен, «Өмір мектебін» және Сәбит Мұқановтың өміріне қатысты еңбектерде келтірілетін деректерді оқығанда, жазушының анау айтқандай қаратабан, қарақасқа кедей болмағанын көреміз. Кеңестік дәуірдегі тарихнамасында жазушының Омбы мен Орынборда, Ленинградта, Мәскеуде білім алып жүрген кезінде Алаш ардақтыларының рухани ықпал-тәлімі жайында айтылмауы заңдылық еді. ЧОН-ның өкілінен бастап, бірнеше беделді газеттің редакторы қызметтерін атқарған Сәбең 1937 жылы Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болды. Алғашқы кезеңде ақындық қырымен («Сұлушаш», «Ақ аю») танылған Сәбит Мұқанов кейінгі кезеңде проза жанрында өнімді еңбек етті. «Адасқандар» (1928), «Ботагөз» (1938), «Менің мектептерім» (1941), «Өмір мектебі» т.б. романдары мен көптеген очерктер мен әңгімелерін жазды. Сәбит Мұқанов 1943-1951 жылдар арасында екінші рет Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы болды. Осы бір алмағайып қатерлі жылдарда Қазақстан Жазушылар одағының басында Сәбит Мұқановтай кең толғамды, кесек тұлға отыруының өзі де тағдырдың қазаққа қарасқаны болар. Қазақ әдебиетінде жаңа буын жас кадрлар тәрбиелеу, жаңа тақырыптарды игеру, заманға сай көлемді шығармалар беру – Сәбит Мұқанов басшылығы алға қойған маңызды міндеттер болатын. Қазақ зиялыларының қаймағы сыпырылып, құлазып қалған үрейлі кезеңде, өртеңге шыққан көк өскіндей қадау-қадау қаламгерлердің шығармашылықпен шұғылдануына бас болу – оңай болмағаны анық. Қия бассаң, қылдан таятын қатерлі шақ қой. Сәбеңнің шығармашылық тұрғыда өнімді еңбек еткен кезі де 40-50 жылдар екенін көреміз. Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов туралы толымды зерттеу еңбектерінен өзге қазақ фольклоры мен ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті туралы зерттеу еңбектерінің өзі қазақ әдебиеттану ғылымына қосылған зор үлес қой. Өз тұсындағы айтулы ақын-жазушылар шығармашлығына зерттеу жасап, лайықты баға беруде де Сәбеңнің аты озық: «Ақындық жағынан келгенде Мағжан‚ әрине‚ қазақтың күшті ақындарынан саналады. Қазақтың тілін байыту ретінде‚ әдебиетке жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның еңбегі көп‚ Абайдан кейін тіл өнегесінде Мағжаннан асқан ақын жоқ», - деген тұжырымды жасаған да Сәбит Мұқанов.
Замананың желі солынан соққан зұлматты жылдардың тегеуріні қалам ұстаған адамның өз қалауындағы дүниені қағазға түсіруге мүмкіндік берген жоқ қой. «Ананы жазуға болмайды, мынаны атауға болмайды» заманда, жаңбыр-жаңбырдың арасында, соцреализмнің жіктемесімен айтқанда «жағымсыз кейіпкер» ретінде болса да қазақтың аяулы тұлғаларының есімдерін, іс-әрекеттерін кітабына енгізу – екінің бірінің қолынан келген іс пе еді? «Қара пиар да – пиар» деп қазіргі заман тілімен айтпақшы, Сәбең өзінің мемуарлық еңбегінде Алаш ардақтыларын қарсы беттен сипаттай отырса да, совет дәуірінің ойламды оқырмандары қазақтың осындай белгілі адамдары өткендігінен хабардар болған жоқ па? Сәбең туындыларының тарихи деректік құндылығы қазіргі күні де маңызын жойған жоқ. «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» деген бар ғой. Қарабайыр болса да, осы мәтелді ойымызды жеткізуге қолдансақ, кезінде бұл деректерді, оқиғаларды, құжаттарды Сәбең өз еңбегінде айтпаса, көптеген жағдайлар көмескі қалар еді ғой?
Жазушылық, қайраткерлік өмір жолына көз жіберіп қарағанда Сәбит Мұқановтың да алдында тақтайдай тегіс даңғыл жатпағанын бағамдау қиын емес. Жазушы бірыңғай «сөз – советтік армия» тұрпатты ұраншылдықпен өмір сүріп, партия мен үкіметтің алқауында өтті десек – бұл біршама жаңсақ түсінік болар еді. Әр кезеңде қызметтен шеттетіліп, лайықты сый-марапатқа қол жеткізбегенін білеміз. Кеңестік кезеңдегі сан алуан түйткілді тұстардың, қиыншылық кезеңдердің бәрінен аман өтіп, шығармашылықпен өнімді айналыса жүріп, халқының қалаулы қаламгері, қадірменді қариясы болып өткен Сәбеңнің дара болмысын түсіну үшін қаламгердің шығармаларын көбірек зерделеп оқу керек болар.
Жалпы өндірте жазған қаламгер Сәбит Мұқановтың прозалық туындылары арасында «Ботагөз» романының орны ерекше. 1938 жылы «Жұмбақ жалау» деген атпен жарық көрген туынды кейін оқырмандардың сұрауымен қайта өңделіп, «Ботагөз» деп өзгертіліп басылып шықты. Бұған дейінгі «Адасқандар» романыа да, «Ботагөзге» де қазақ даласындағы әйел теңдігі мәселесі арқау болды. Қараңғы қапас түнектегі қазақ қызының жаңа дәуір берген мүмкіндіктерді пайдаланып, бас бостандығына, білім мен ғылымға ұмтылуы, жалпы әйел теңдігі, бостандығы мәселесі – тек Сәбит Мұқанов туындыларына ғана емес, сонау алғашқы романдар «Қалың мал», «Қамар сұлу» т.б. шығармалардың да көтерген тақырыбы, идеясы еді ғой.
Кейінгі кезеңдегі «жоққа шығарушылық сарынның» бірі де осы әйел теңдігі мәселесі. Бодандық бұғауында мешеуленген қазақ қоғамында расымен де ХХ ғасыр басында әйел теңдігі, қыз баланың білім алуы, ел ісіне араласуы дегендер болды ма? Әйел затының ерлермен бірдей игіліктенуі – жалпы әлемде, оның ішінде кеңестік қоғамда өзекті мәселе еді. Бұдан қазақ қоғамы шет қалған жоқ. Әрі ұтпаса, ұтылмағаны да анық. Қазіргі талап-сұраныс, көзқарас тұрғысынан алғанда, «Ботагөздің» де, «Аққан жұлдыздың» да кедір-бұдыр тұстары көп болуы сөзсіз. Бірақ ондағы қазақтың шұрайлы тілі, баяндаулар мен суреттеулер ескірген жоқ қой. «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы, ерінбе» дегендей, қазіргі күні жас буын әлдебір сөздің мән-мағынасын түсінесе: «Ол диалект ғой», - дей салатын болды. Мәселе, бұл сөздің диалект немесе диалектеместігінде емес, мәселе қазақ журналисі қазақ кітабын молынан парықтап оқымағанында болып отырған жоқ па?
Сонымен бірге, «Ботагөздегі» қанаушылардың тұтастай бір легі қазіргі күні жоқ деп айта аламыз ба? Аз-мұз жалақымен жұмысқа жегіліп, оның ақшасын қолына тигізе алмай жүрген бүгінгі ауылдан келген қазақ пен кекірігі азған байшікештердің арасындағы жағдай – кешегі Темірбектер мен Итбайлардан қандай айырмашылығы бар? Біздіңше, ешқандай. Қазақстанда туып-өсіп, алыс АҚШ-та, Чехияда т.б. елдерде аса жоғары лауазымды қызмет істеп жүрген қазақ қыздары сол Ботагөздердің бүгінгі көрінісі емес пе? Бұл күнге, қыздарымыздың осындай деңгейіне бірден жете қалған жоқпыз ғой. Әйел затына қатысты күні бүгінге дейін діни, салт-дәстүрлік тыйым-салттардың шылау-шырмауындағы кейбір мемлекеттерге қарағанда, қазақ қоғамы көш ілгері болуының негізі кешегі кеңестік дәуірде, «ботагөздердің» тұсында қаланған жоқ па? «Артық қыламын деп, тыртық қылған» дегендей кері салдардың барлығын да жоққа шығармаспыз.
«Ботагөз» өз дәуірінің сәтті туындысы. Романның сюжеті, композициясы, тілі, бейне жүйелері, оқиғалардың өрбу, өсу, аяқталу кезеңдері, кейіпкерлердің сырт суреті немесе ішкі мінез-құлқын, оларды жеткізу мәнері, баяндау сазы, хабарлау формасы – барлығын да електен өткізе отырып қайта оқыр болсаңыз, қазақ прозасы дамып қарқын алар тұстың әлеуетін бағамдаған болар едіңіз. Біздің айтпағымыз: «қағынан жеріген құландай», қазақ әдебиеті тарихының аса маңызды бөлігі «Қазақ совет әдебиеті» атты кезеңнің өкілдерін, олардың шығармаларын орынды-орынсыз мансұқтаудан мүмкіндігінше бой тартсақ дегенді айту еді. Бәріне төреші – уақыт екенін тағы да еске ала отырып, сол бір сындарлы дәуір қаламгерлерінің туындыларына сергек санамен көз салайықшы. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» дегендей, қазіргі буын кешегілердің жеке басын, туындысын мәніне жетпей жатып мансұқтаса, ертеңгілер де бүгінгілерді дәл солай тарихтың шаңына лақтыруға бейім болмасына кім кепіл? «Мен тарихта қаламын ба?» деген гамлеттік сұраққа жауап қандай болмақ. Ал Сәбит Мұқанов тұлғасы мен шығармашылығы – келесі дәуірлерде де халқымен бірге жасай берері сөзсіз.
«Егемен Қазақстан» газетінің өткен жылғы бір санында филолог ғалым Күләш Ахметованың Сәбит Мұқанов тұлғасына қатысты мақаласын оқыған едік. Аталған мақалада мынадай жолдар бар екен: «...Ал Сәбит Мұқановтың атына айтылып жүрген қате пікірлердің белең алғаны сондай, жауапсыз жасамыс та, атақ қуған «ғалым» да, аузынан шыққан әр сөзі сатулы бизнесмен де, тіпті классик жазушы да ойланбастан Сәбеңнің шалғайына «жармасуда». Осылардың біреуінің қолында дәлелдейтін құжат болса кәні?! Сәкен мен Сәбеңе қатысты мәселеде кім болса да Тұрсынбек Кәкішевтің қазылығына жүгінері хақ. Себебі Тұрсекең – КГБ архивіне түскен санаулы ғана ғалымның бірі. Сәкен мен Сәбеңді зерттегенде екеуінің де Алаш азаматтары алдында ар тазалығына көзі әбден жеткен». Бұл мәнзелдес айтылым әрі-беріден соң тіпті тек Сәбит Мұқанов тұлғасына ғана қатысты болмауы да мүмкін. «Ақиқат айтылмасын, жабулы қазанның қақпағы ашылмасын» дейтін заман емес қой, қазіргі дәуір. Алдыңғы дәуірдің айтылуы тиіс ақиқатын да «тисе тереккелетіп» үстетпей, дәйектетіп, деректеп айта білейік, жаза білейік. Сонымен бірге олар жасаған туындыларға да, олар өмір сүрген кезеңге де бір мезет үңіліп қояйықшы. Сонда бәрі орнына келеді. Сәбеңді оқиықшы...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.