Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ЖАҢАЛЫҚТАР
/
«Түркі жас қаламгерлері» фестивалі мәресіне жетті...

09.07.2025 1021

«Түркі жас қаламгерлері» фестивалі мәресіне жетті 12+

«Түркі жас қаламгерлері» фестивалі мәресіне жетті - adebiportal.kz

Кеше Маңғыстау төрінде «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы мен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аясында халықаралық «Түркі жас қаламгерлері» фестивалі өтті.

Халықаралық фестиваль Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Танымдық шараны халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырды. Фестивальге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия және Түрікменстан елдерінен 20–40 жас аралығындағы жас қаламгерлер қатысып, үш номинация бойынша бақ сынады.

Форум тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасы Мереке Құлкенов былай деп сөз бастады.

«Биылғы жылы, 2025 жылы, қасиетті қарт Каспийдің жағасындағы әсем қаламыз – Ақтау Түркі әлемінің мәдени орталығы атанды. Осы үлкен мерекеге бәріміз жиналып, бірге тойлап отырмыз.

Түркияда құрылған бұл ұйым – біздің мәдениетіміз бен әдебиетіміздің басын құрап, барлық түркітілдес халықтарға қамқорлық жасайтын үлкен ұйым болып отыр. Бүгінгі фестиваль – Қазақстан Жазушылар одағы мен Түрксой ұйымының бірлесе ұйымдастыруымен өтуде.

Бұдан тура 100 жыл бұрын, яғни 1926 жылы, түркітілдес халықтардың алғашқы құрылтайы Баку қаласында өтті. Сол кездегі делегаттар құрамында – Ахмет Байтұрсынов, Нәзір Төреқұлов және Елдес Омарұлы бастаған тұлғаларымыз болды. Сол жолғы құрылтайда бүкіл түріктің тілі, алфавиті, әдебиеті туралы әңгімелер қозғалды, болашақтағы тілдің дамуы талқыланды.

«Бүгінде біз сол тарихи құрылтайдың армандарының қайта жаңғырып жатқанын көріп отырмыз. Қазіргі жастар – жас ақын-жазушылар арасындағы шығармашылық байланыс айтарлықтай нығайып келеді. Өзбек, қырғыз, түрікмен, түрік сынды бауырлас халықтардың барлығы әдебиетке деген шынайы жанашырлығын танытып отыр. Бұл – рухани тұрғыдан аса маңызды әрі жүректі толқытатын жағымды құбылыс», – деді ол фестивальдің кең ауқымына тоқтала келе.

Ақтау қаласының әкімі Байпақов Әбілқайыр келген қонақтарға ыстық лебіз білдіре, жүлделі жүйріктерді құттықтады.

«2025 жыл – Ақтау қаласы үшін ерекше жыл, себебі бұл қала Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланды. Осыған орай Маңғыстау өңірінде, Ақтау шаһарында бірнеше маңызды іс-шара ұйымдастырылып отыр.

Сол шаралардың бірі – тұңғыш рет өткізіліп отырған Халықаралық «Түркі жас қаламгерлерінің» фестивалі. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш әрі сүйінші жаңалық деп есептейміз.

Фестиваль бағдарламасы ауқымды: арнайы ұйымдастырылған іс-шаралар көп. Мысалы, Әбіш аға Кекілбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі, Маңғыстаудың тарихи мұражайларымен танысу және біз қатысып отырған әдеби форумды ерекше атап өткіміз келеді.

Аталған шараның басты мақсаты – түркі елдерінен келген жас қаламгерлерге Каспий теңізінің жағасында жаңа идеялармен, тың серпінмен шабыттанып қайтуға мүмкіндік жасау.

Шараға бірнеше елден жалпы елу тоғыз жас қаламгер жиналды. Барша қатысушылардың шығармашылық шабыттары артып, өнерлері одан әрі шыңдала береріне сеніміміз мол!» – деп жас жазарман қауымының қаламына шабыт тіледі.

Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымындағы ҚР өкілі Нышангүл Қаратаева былай пікір білдірді:

«Алдымен, сіздерге Халықаралық Түрксой ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев атынан жылы лебізімізді жеткіземін. Өкінішке орай, ол кісі бүгінгі шараға қатыса алмады, себебі жұмыстағы міндеттеріне байланысты жолы түспей қалды.

Бұл халықаралық «Түркі жас қаламгерлерінің» фестивалі – талантты жастардың басын қосатын рухани көпір болмақ. Түркі әдебиетінің жаңа толқынын тудырып, дамытатын маңызды мәдени оқиға болып отыр.

Жас қаламгерлердің шығармашылығы – болашаққа бағдарлаған түркі әлемінің үкілеген үміті деп айтуға болады. Түрксой ұйымы әрдайым осындай рухани ынтымақтастықты нығайтуға, жас буынның шығармашылық байланысының дамуына қолдау көрсетуді басты мақсаттарының бірі ретінде ұстанып келеді.

Осы орайда, жас ақындар мен қаламгерлерге сарқылмас шабыт, табыс және биік шығармашылық белестер тілейміз!» - деді.

Белгілі ақын, Дарын мемлекеттік сыйлығының лауреаты Светқали Нұржан жас ақындар туралы былай деп толғады:

«Жүз жыл бұрын Бакуде өткен түркітанушылардың съезінен нәр алған бұл бастама өзінің тамырына ұмтылған, түпкі негізіне қайта оралған үрдіс еді. Шынында да, сол съезд бір тұтастыққа ұмтылудың алғашқы кезеңі болатын. Бірақ, өкінішке қарай, ол ұмтылыс өз уақытында жүзеге аспай, тарихи беймезгілдікке тап болды.

Сол кездегі алапат күштер мен обыр идеологиялар съезде айтылған бірлік туралы қорытындыларға қарсы әрекет етті. Біздің тағдырымызға сырттан ықпал етіп, қазақ даласының түкпір-түкпірін аямай шарпыды. Содан кейін, бізден шыққан талай ой, идеялар, армандар оталып, тұншықтырылды. Бұл жолда қаншама адам қуғындалды, атылды, бірақ атылған олардың өздері емес, олардың идеялары еді. Сол рухани шабуыл кезінде ортақ санамызға сызат түсті. Бізді бір-бірімізден алыстатып, ажыратты.

Бұрын бір тілде сөйлеген халық бүгінде әрқайсысы өз тілінде баяндама жасайтын күйге жетті. Баяғыда тілмәшсіз-ақ бірін-бірі түсінетін бауырлар, ендігі бірін-бірі түсінуге аудармашы іздейтін халге түсті. Қолдан жасалған бұл құбылыс, жүз жылдың ішінде тұтастығымыздан ажыратып тастады.

Ал бүгінгі ұмтылыс – Түркі әлемінің тұтастығы мен рухани бірлігін қайта жаңғырту талпынысы кісі қуантарлық. Бүгінгі ұрпақ – жас буын өткеннің кешкен тағдырынан сабақ алып, қан мен қайғыдан емес, рухани нұрдан шабыт алса екен дейміз», - деп сөзін түйіндеді.

Белгілі қаламгер Рысбек Дәбей аударма аясында былай деді:

«Қазіргі таңда түркі дүниесінің жазушылары арасында Орхан Памук секілді Нобель сыйлығын алған түрлі халықаралық деңгейдегі әдеби сыйлықтарға лайықты жазушылар бар.

Біздің тілшілер мен аудармашыларымыз қазақ және түркі тілдері арасында көп еңбектенуде. Мысалы, «Махаббаттың қырық қағидасы», «Тасбауыр дүниедегі он минут отыз сегіз секунд» деген керемет романдарды аудардық.

Болашақта біз шетел әдебиетін аудару жұмыстарымен ғана шектелмей, түркі дүниесінің қаламгерлерін ағылшын, неміс және басқа әлем тілдерінде де танытуға, олардың шығармаларын жаһандық деңгейге шығару бойынша жоспар жасап жатырмыз.

Мысалы, Мақсат Тәж-Мұраттың Димаш туралы жазылған еңбектері секілді дүниелерді түрлі көрмелерге қойып, ұсынып жүрміз.

Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табатын болады. Біз өзіміздің әдебиетімізді дамыту арқылы түркі әлемінің рухани бірлігін нығайтып, мәдени кеңістікте өз орнымызды айқындау жолында еңбек ете берміз деп сеніммен айта аламыз», - деп сөзін аяқтады.

Форуым соңында байқауға қатысқан Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия және Түрікменстан елдерінен жалпы саны 63 үміткердің ішінен қазылар алқасының шешімімен 12 үздік қаламгер іріктеліп, үш номинация бойынша үздіктер жүлделі орындар мен арнайы марапаттарға ие болды.

ПОЭЗИЯ:

 • Шерхан Талап (Астана) – I орын

 • Мирас Асан (Астана) – II орын

 • Олжас Қасым (Абай облысы) – III орын

 • Дүйсенәлі Әлімақын (Астана) – арнайы дипломат

ПРОЗА:

 • Нұрбек Нұржанұлы (Меркі) – I орын

 • Қанат Алтынбеков (Алматы) – II орын

 • Жавлон Жовлиев (Өзбекстан) – III орын

 • Ғалымнұр Кәдірбай (Астана) – арнайы дипломат

ДРАМАТУРГИЯ:

 • Мұрат Қолқанат (Алматы) – I орын

 • Есентүгіл Асылзат (Астана) – II орын

 • Шавкат Дўстмуҳаммад (Өзбекстан) – III орын

 • Караев Довлетмурат (Түрікменстан) – арнайы дипломат

 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@qcontent.kz 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар