Әр істің бір бастауы, бастапқы себебі, қозғаушы күші болады. Жазу өнеріндегі жүйке талшықтарын шүйкелейтін сондай суыртпақтың ой ұйытқысы – шабыт. Ол ұлы жебеуші күш. Онсыз істің сәті мен мәті түспейді. Онсыз кез-келген жазушы қолына қалам алмайды. Ендеше, шығармашылық психологиясына қатысты тәпсірді сол Шабыттың өзінен бастағанымыз ләзім.
Ал осы шабыт дегеніміздің өзі – түсініксіз тылсым ұғымның бірі. Оны «бар» деп те, «жоқ» деп те үзілді-кесілді кесіп айтуға келмейді. Абай да оны «оянып ой өлкесі»,«жарасып өңкей келісім» деп дәріптеп, «ақылдың гүлденуіне» теңеген. Егерде тұла бойың иіп, «ой сәулесі ашылып», көңілдің «көк ала бұлты сөгілмесе», ойдың жинақталуы да, дамуы да, қорытылуы да мүмкін емес. Сондықтан «шабытсыз» жазылған шығарма – көңілсіз махаббаттан туған бала сияқты. Бейне бір әкеліктен бас тарта алмағанымен де ет жүрегіңді елжіретпейтін, көңілің түспеген нәресте іспетті өгейсіп тұрады.
Шабытсыз туған шығармаға автордың өзі де исіне бермейді. Ал «шабытты» күтіп отыра берсе, төрт кітаптан тұратын Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігі», Ромен Ролланның «Жан Кристофы», Томас Манның «Буденброккиі», Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» аяқталмай қалар еді.
Демек, «шабыт» дегеніңіз «кінәмшіл келіншек» сияқты шығармашылық иесінің сенімсіздеу серігі. Ал әдемі келіншектің бапшыл келетіні белгілі. Сондықтан да, «Бап шаба ма, бақ шаба ма» деген сұраққа өнер иелерінің өздері де әр қилы жауап береді. Оның үстіне «шабыт» деген сиқырлы сылқым келіншектің» құшағына бір ілінсеңіз, елітіп, адастырып әкететіні тағы бар. Мысалы...
Шиллер шабытты «Неожиданности души» – «көңілдің күтпеген сыйы» деп бағалапты.
Сол бір «шабыт» деген ұғымды Флобер бұзып, жүйелі жұмыс істеу машығын әдетке айналдырды. Флобердің: «Все вдохновение состоит в том, чтобы ежедневно в один и тот час садиться за работу» – «Шабыт атаулының барлығы – күн сайын белгілі бір сәтте жұмысқа кірісуден тұрады» деген сөзі өзінен кейінгі жазушылардың барлығының күнтәртібіне айналды, яғни, жазу – кәдімгі кәсіби жұмыс, күніңді көрудің амалы, қаражат көзі ретінде қаралды.
«Шабыттың» мойнына «еңбек торысы» ретінде «қамыт кигізіп», әбден діңкесін шығарған жазушы – Бальзак. Ол: «Шабыт дегеніміздің тоқсан тоғыз пайызы еңбектен тұрады, одан басқа түк те емес» – деп «қылықты әрі кінәмшіл келіншектің» көңілін қалдырған. Мүмкін, сол еңбектің нәтижесінде дүниеге келген, «Бальзактің келіншектерінің жасы» атанып кеткен отыз үш пен қырық үш жастың арасындағы «сылқым да кербез бикештердің», яғни, өзінің қиялындағы кейіпкер келіншектердің қылығы – қолдан жасалған не «үмітсіз шайтанның кебіндегі» «кесірлі кербездерден» көрі сүйкімді әрі тиімді, нәтижелі әрі қаражат көзі ретінде жан мен тән құштарлығын оятқан болар. Өзі «әрі өмірлік көңілдесі, әрі қайырымды әпкесі, әрі мейірімді шешесі» ретінде мойындаған «Дала гүліндегі» Дэдлей сылқымның бейнесін сомдау үстіндегі «шабытты шағын» өмір бақи ұмыта алмауына қарағанда, бұл уәжді де жоққа шығара алмайсың.
Алайда Абай айтқандай «ой өлкесінің» ұйықтап, не ояу жүретін сәттері айтулы адамдардың өмір тәжірибесінде жиі кездескен. Тіпті шабыт пен шығармашылыққа түк қатысы жоқ «сезімнен ада мамандық иелерінің» де, яғни, «есеп қуған» есепшілердің де жүйкесін иітетін көрінеді. Мәселенки, француздың ұлы математигі Анри Пуанкаре бір есепті 10 ай зерттеп, шығара алмайды. Ұзақ жылдан соң аяқ астынан «ой өлкесі гүлденіп», «ақылдың көзі ашылып» әлгі есептің амалы есіне түсіпті. Сонда, тура сол сәтте Пуанкаренің шабыты ұстап кеткен бе, әлде, шайтан құлағына сыбырлаған ба. Екеуінің де жөні келмейді. Ендеше бұл қандай құпия?
Қазақ арасында халықаралық деңгейде танылған, отызға жетпей ғылым докторы, академик атанған математик Асқар Жұмаділдаев бойын күй кернеп, өлең буа бастаса бітті, өзінің қиналып жүрген есебін шығара қояды екен. Қазақтың ХХ ғасырдағы жас перені атанған Асқар Жұмаділдаевтің қиын есептердің шешуін таба алмаған сәттерде қолына домбыра алып, өлең жазып, шабыт шақырып, бусанып отырғанынында келген қисапты есептің қисынын табуын, оның «ой өлкесін» ашқан поэияның математика әлеміне ұлы жаңалық әкелуіне себепші болуын қалай түсінуге болады. Өлеңнің құдіреті ме, киесі ме? Киесі шығар. Мүмкін оның түйсік түкпірінде, арғы озандар заманында қобыз тартқан абыз бабасының рухыкеп жебеген шығар. Қалай дегенмен де, шығармашылықтың бір құпиясы сонда жатыр.
Ал Альберт Эйнштейн өзінің «салыстырмалы теориясының авторы – скрипка» екенін мойындаған.
Демек, шабыттың көзі – қуатты көркем қиял, сол қуатты көркем қиял – өмірдің өзінен ыстық әрі сұлу «кінәмшіл келіншектен» – көркем әлемнен тоятын табады. Сөйтіп, суреткердің «ой өлкесі гүлденген» шақтағы ұлы құштарлығы, оны отыз үш пен қырық үштің арасындағы «қырыпсал кербездердің» қулығы бойламаған құпияларды ашуға жетелейді екен. Ықылым заманда өмір сүрген, шабыттың жалынан ұстаған шешен Декарт дегдар өзінің кезекті дәрісінен соң есінен ауыса жаздайтындай күй кешкен. «Әнді айтсаң да – жаныңды жеп айтасың» – деген сол, әне.
Нағыз шабыттың «жыны буған» кезде, сау адамды Мәжнүн еткен зәңгі Ләйлә құсап, жүйкені шүйкелеп, адамды шалыққа да ұшыратып, ұшынған тамағына қайтып тәбеті шаппайтын адам сияқты, шығармашылықтан мүлдем жеріндіріп, не ессіз күйге түсіріп, «енді беттемейтіндей» етіп ұшындырып та жібереді екен. Мысалы, поляктың ұлы ақыны Адам Мицкевичтің ақындық ғұмыры үш-төрт-ақ жылға созылыпты. Шабыты ұстап шабынған дер шағында ол өзінің атақты «Пан Тадеуш» балладасын ақ таңертеңнен кешке дейін алаңдағы жиналған жұрттың алдында тұрып суырып салып шығарған, яғни, флейтамен қосылып бір күн «импровизация» жасаған. Дастан аяқталатын кезде түрі өзгеріп, шашы ағарып, талып түскен. Содан еске ұстау қабілеті нашарлаған. Бұдан кейін шабыты қайтып оралмаған. Мицкевичтің қалған өмірі саясатпен өтті. Ал қазақ ақындары таңды таңға ұрып айтысады. Сонда олардың жаны не деген сірі десеңші!
Мысалы, Ташкент қаласындағы Салар өзенінің жағасындағы пәтерде бірге тұрған Мұхтар Әуезовтің куәлік бере айтуына қарағанда, Мағжан Жұмабаев «Батыр Баян» дастанын бір тәулікте жазыпты. Бұл дастан Мағжанның да «ақындық өмірінің» соңғы нүктесін қойды. Өйткені, «Тоқсанның тобыры» ақындық шабыттың жебеуімен туған жоқ, қалайда қара жер басып тірі жүрудің амалын қарастырудан туған «махаббатсыз жаратылған» жат бауыр, шикіөкпе.
Ал Мұхтар Әуезовтің өзі 1927 жылдың қыркүйегі мен 1928 жылдың ақпан айының аралығында шығармашылық өмірінің ең талмауытты туындыларын – «Қараш-Қараш оқиғасы» хикаятын, «Қилы заман» тарихи романын, «Хан Кене» пьесасын жазған. Мұндай алапат шабыттың ұйытқысы не? Отызында бауырына басқан үшінші қосағының бал айының өтеуі ме, жоқ, басынан өткен жастық кешуінің салдарына өкінген уыт па? Әйтеуір, кең дүниедегі тар заманның қыспағына тура келген тұста «ұстаған шабыты» қайтып оралмаған. Әрине, «Абай жолының» әуені – орайы басқа әңгіме, әуені өзге ырғақ. Ол ұлы ой иірімнің ағысынан туған толғағы тосын құбылысты дүние.
Адам Мицкевич пен Мағжан Жұмабаевтің, Мұхтар Әуезовтің бұл арадағы шабытты шақтарының «шалығы», яғни, себепкері біреу. Ол – сол сәттегі булығып тұрған ұлт азаттық идеясы. «Ессіз» беріле суреттеулерінің себептері де сонда. Өйткені, үшеуі де өздерінің ертеңгі тірлігіне сенбеген, сол идеясы үшін құрбан боп кету қаупі төніп тұрған. Шындығында да, көп ұзамай үшеуі де тұтқындалды. Қудаланды ғұмыр кешті.
Ал шартты түрде алғанда тыныш заманда ғұмыр кешіп, шабытты тәрік ете қалам тербеген Стендальдің жүйелі жұмысқа үйренгені сондай, «Пармь тұрғындарын» 2-ақ айда бітірген. Ол: «Я не начинал писать до 1806 года, пока не почуствовал в себе гениальности» – « Мен қашан өзімнің данышпандығыма көзім жеткенше, яғни, 1806 жылға дейін жазуды бастағамын жоқ» депті. Жастықтың желігінен сақтанған. Ал поэзияға бұл талап қойылмаса керек-ті. Кексе тартқан сайын шабыт та шау тартып, қалам да «ақылды» сағалайды. Стендальдің шабытқа онша мойынсынбауының себебі сонда жатуы да мүмкін.
Ал енді осы «шабыт» дегеніміздің өзі күй талғай ма, жоқ па? Егер «кінәмшіл келіншекке» ұқсайтыны анық болса, бабы оңайшылықпен келе қоймаса керек еді. Күйт қаласа керек-ті. Ондай болса, онда Жан Мореастың өзінің негізгі шығармаларын көшедегі шамның түбінде жазғанын оның қай мінезіне жатқызамыз. «Құлақ күйінің» тосындығы ма, әлде, жағдайсыздығы ма, жоқ, жүйкесінде кәдік бар ма? Қазақтың майталман әңгіме шебері Бейімбетте де сондай «оқыс әдет» болған. Ол өзінің әңгімелерін көшеде, бекетте, жолда, вокзалда, тіпті, ай жарығымен де жаза береді екен. Бірақ, екеуінің де «шабыт» деген «сиқырлы келіншектің» құшағынан сытылып шықпағаны тағы да анық. Өйткені шығармалары шынайы тебіреніске құрылған. Тек күй талғамаған. Бұл да бір шығармашылық психологияның құпия тылсымының бірі шығар, сірә.
Керісінше, шабыттың көңіл-күйге түк қатысы жоқ дейтіндер де бар. Бәдәуи мәнерлі Бодлер: «Вдохновение зависит от регулярной и питательной пищи» – «Шабыт дегеніміз тұрақты және нәрлі тағамға тікелей тәуелді» – депті. Бұл қалжың емес. Нәрсіз өмір – мәнсіз. Нәр сызбаған суреткер қағазды да сыза алмайды. Әлгі «кінәмшіл келіншегіңіздің» өзі құшағыңызға енуін енгенімен, емексіте алмайды. Шабыт, Абай айтқандай, «қуатты ойдан бас құрайды». Миға ол қуатты асқазан береді. Қазақтың «оның ақылы – тамағында» дегенінде бір шындық бар. Қу құлқынды қаншама тәжікелегенімізбен ол да қажетті ағза.
Қазақ жазушыларының арасында табандап жазуға кіріскен кезде міндетті түрде түскі асында бір табақ ет жеп барып, қайтадан жазуға отыратын аса көрнекті тұлғалар болған. Феодализм дәуірінде «етпен ауызданған» Сәбит Мұқановты алдыға тарпай-ақ қоялық, бірақ солардың қатарында социализмның «нормасымен» есейген қалам иелері де бар. Ендеше, Бодлер мен Сәбеңді сөгудің еш реті, айып-шамы жоқ. «Ас – адамның арқауы» деп қазақ тегін айтпаған. Оған француздардың да кет әрі емес екендігі соған дәлел.
Ал «бар келісімі жарасқан», «шабыт» атты сылқымның құшағында балқыған «мәжнүн суреткерлер» өздерінің қалай көзі байланып, «шындықты өткізу үшін ішіне өтірікті қалай қосып жібергенін» (Қадыр) байқамай қалғандарын мынадай мысалдардан байқауға болады.
Напалеонды көп жазушы ақбоз атпен суреттеген. Фредерик те солай бейнелеген. Әйгілі император ақбоз аттан қашқан (мінбеген). Қазақта ақбоз аттың, бақырауық түйенің құны – жарты. Себебі, ақ боз атты түнде жау алыстан көреді –деп есептеген. Ал майданда ақбоз атқа мінген қолбасшы бірден білініп, басына қатер төнеді, яғни, өзін өзі әшкерелейді. Қанша ержүрек болса да, ешқандай сардар өзінің әскер ордасын қатерге ұшыратпайды. Демек, Напалеон да ұрыс кезінде ақбоз атқа мінбеген. Бұл, кәдімгі көркем әсірелеуден туған әсер.
Мұндай жаңсақтық барлық шығармашылық иесіне тән. Мысалы, Пушкин арыстанның ұрғашысын «жалы күдірейген» деп суреттейді. Негізінде, ұрғашы арыстанда жал болмайды. Мұны байқаған Абай оны еркек арыстан ретінде аударған.
Америка ақындары ХХ ғасырға дейін бұлбұл мен бозторғайды жырлаған. Сөйтсе, ол құс Америкада жоқ екен. Ақындар ағылшын поэзиясының ықпалымен кеткен. ХХ ғасырдың басында ғана бұл шындық анықталып, ақындардың жыры енді қараторғайға ғана арналатын болыпты. Қызық па? Қызық.
Несиелі ақын Несіпбек те: «Аққудың көз жасындай көлге тамған» деп жырлайды. Әнді естігеннің бәрі тамсанады. Әдемі-ақ. Бірақ аққудың көзінен жас шықпайды. Бұл табиғи шындық. Егерде аққудың көзінен жас шығатын болса, онда аспанда көзі жасаурап ұзақ ұша алмас еді. Алайда көркем шындық үшін жарасып-ақ тұр. Елдің барлығы сол жалған теңеуді шындықтан бетер ұнатып қабылдайды. Шығармашылықтың бір тылсымы осында. Оны асқақтатып тұрған шығармашылық шабыттың әсері. Ақын не жазушы өзінің шабыт қуатымен оқырманды баурап, «өтірігіне» сендірген. Артық кетсе – мін, орнында тұрса – құп жарасады.
Демек, көркем өтіріктің өзінде де өлшем бар. Тек алтын ғана өзге металлмен тотықпайды. Бұл «тәсіл» поэзияға ғана жарасымды болса керек. Прозада ондай «ессіз» шабыт – мін ретінде қабылданады. Өйткені қара сөзді оқырман асықпай, ойланып оқиды. Жалпы, суреткер атаулының жазу кезінде бір сиқырдың арбауына түсетіні анық, бірақ соның өзінде де еңбексіз еш нәрсе өнбейді. Сұлуды тамсанумен сүйсіндіре алмайсың, оған да еп пен еңбек керек.
Шабыт та сондай кірпияз мінезді құбылыс. Ондай көңіл-күйді қазақта Абайдан асырып түбіне жеткізе суреттеген дегдар аз. Осы үрдістің үлгісі ретінде Абайдың сол өлеңін толық келтірумен щолақ шолуымды тиянақтаймын. Сонымен, Бальзак «отыз үш пен қырық үштің арасындағы қылықты келіншек» ретінде бағалаған «шабыт» атты «кінәмшіл сылқымның» қалаулы азабы мен ыстық құшағына Абай дана қалай кірген, яғни, қалай сезінген екен, соған назар салыңыз:
Адамның кейбір кездері,
Көңілде алаң басылса.
Тәңірінің берген өнері,
Көк бұлттан ашылса.
Сылдырап өңкей келісім,
Тас бұлақтың суындай.
Кірлеген жүрек өзі үшін,
Тұра алмас әсте жуынбай.
Тәңірінің күні жарқырап,
Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.
Сонда ақын белін буынып,
Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп (кәрленіп, қаһарланып) ойға сөз салар.
Қыранша қарап қырымға,
Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан, зұлымға,
Шиыршық атар, толғанар.
Әділет пен ақылға,
Сынатып көрген, білгенін.
Білдірер алыс, жақынға,
Солардың сөйле дегенін.
Ызалы жүрек, долы қол,
Улы сия, ащы тіл.
Не жазып кетсе – жайы сол,
Жек көрсең де өзің біл.
Демек, Абайдың бұл суреттеуіне қарағанда «шабыт» дегеніміздің өзі кәдімгі көңіл қошы, қарабайыр арабилатып айтқанда «адамның мүжәзі» сияқты. «Адамның ...көңілдегі алаңы басылған», «кейбір кездерінде» құштарлықтың қошы келіп, ағзалық мүжәзің құшырланып, «тәңірінің берген өнері, көк бұлттың арасынан ашылса», «кірлеген жүрек өзі үшін жуа алмай тұра алмайтындай» күйге ұшыраған шақта – түйсіктің түкпіріңдегі түнек санаға сәуле түсіп, «ұйқыдан көзін ашпақ».
Міне, осындай «тас бұлақтың суындай сылдыраған толық келісім» жүректі қытықтап, сезім арқылы «қуатты ойдан бас құраған» соң барып – «сөз», қасиетті «сөз еркелене шығады» екен. Бұл жәй «ерке сөз емес», «дүние кірін жуып» тазарту үшін «мұң мен зарды қозғаған», «надан мен зұлымға» «қаһарланып, кәрленіп, қыранша шүйілген, тек «әділет пен ақылға» ғана жүгінген қайырлы да қасиетті шақ. «Әділет пен ақылдың» дегенін «ызалы жүрек, долы қолдың» күшімен «улы сия, ащы тіл» арқылы қағазға түсіреді.
Сондай шапағатты шақта хатқа түскен сөзді қайтып өзгертпек емес. Өйткені «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Айшықты мезет сәтінде дүниеге келген, ессіз таза махаббаттан туған туындыны қайыра өзгертуге жаратқаннан басқаның қолы батпақ емес. Ал пенде атаулы не айтса да «өзі біледі». Сөз де, сөз иесі де нәби, яғни, «өлең, сөздің патшасы». Шабытты шығарма сонысымен де киелі.
Шабынған шабыт иесін бұдан артық дәл суреттеу, түсіндіру, сірә, біздің қолдан келе қоймас.
Біздің қазіргі «заманның ырқына күйлеп», шығармашылық психолгия, жазушы психологиясы, шығармашылқ шеберлік, жазушы лабораториясы дегенді жатсынып, нарратология, нарратив, нарратор-баяндаушы деп бұлдыратып жүрген тегі белгісіз пәніміздің түп төркіні – осы шабыттан, шабыттың тоқсан толғауынан, алпыс екі тамырынан, қырық буынынан, саналы-санасыз түйсік тебіренісінен, шабынған шақтағы көзіңе қос көрінуден (раздвоенин личности), қос жарылудан (екіойлылықтан), ойсоқтылықтан, жүйкенің шүйкеленуінен, аян қабылдаудан, кие мен мыстан араласа жаратылған, соған орай «бейнет сусынын ішем деп, аласұраған асау жүректің алқынуынан» (Абай), яғни, әр қилы әдеби тәсілдер мен түрлерді қолдануынан – бастау алатын түйсік ілімі.
Онсыз да тылсымы мен құпиясы көп, түсіндіріп беруге келмейтін, ықылымнан бері дүние ғалымдары түсіндіріп бере алмай келе жатқан жан құпиясын одан бетер түсініксіздендірудің мақсаты бізге де түсініксіз. Өзі түсінбейтін құбылысты түсіндіріп беруге ұмтылған сараместік – тек шығармашылық психологиясынан бейхабар дүмбілездердің ғана бопсасы болса керек. Бірақ, білім бәсекесі көнге қойылды. Енді ойын шартына бағынудан басқа амал жоқ.
Осы жолдар да екі кештің ортасында, ойда жоқ жерден басталып кетті. Неге? Қай нарратор түсіндіріп береді? Қырық жыл бойы қатирада қаттаулы жатқан істің сәт сағаты неге екі кештің ортасында келе қалды. Қай нарраотр – «баяндаушы» желкемізден қарап тұрып, жазуға мәжбүр етті?
Менің ойымша бұл шығармашылық психологиясының, жазушы психологиясының, суреткер шеберханасының, жалпы адамның түйсігі мен жүйке талшықтарының шүйкеленуіне, көңіл қошына, мүжәзіне байланысты шетін мәселе. Яғни, біздің де көңіл қошымыз, мүжәзіміз енді ғана үйлесім тауып, тақырыптың «көзі ашылып», зар күйіне түскен тәрізді.
Әттең, жастау кезде қолға алғанда, әлгі қылықты келіншектер көңіл көгінде емес, көз алдымызда тұрар ма еді, кім білсін. Ал мына жолдар – қалам ұстаған көп жылдардағы тәжірибеге сүйенген, әбден тақыстанған сөз иесінің «ақылға ғана жүгінген» құрғақ тәпсірі ғана болып шыққаны өкінішті. Амал қанша. Бұл да «кірлеген жүректің өзі үшін жуынғаны» шығар.
Иә, «шабыт» дегеніміз, сол дана Абай айтқан «бейнет сусыны» болса керек-ті. Не сусының қанбайды, не жирене алмайсың. Түңіліп қойып іше бересің, іше бересің. Одан басқа жұбаныш – еш жұбаныш әкелмейді. Грибоедевтің «ақылдың азабы» дегені де осыған саяды.
Оған қырық бес жыл бойы татқан жазудың кермек дәмі, бейнет ырыздығы толық дәлел. Соған да шүкіршілік.
Дарвин: «Талант – это сочетание всех способностей» – «Талант дегеніміз – барлық қабілет атаулының тоғысуы» – депті.
Демек, тебірене, таңдана, қиялдай білу де сол қабілеттің бірі шығар.
Біз суреткерге септігін тигізетін атау септігінің: кім? – деген сұрағына «Шабыт» деп жауап бердік. Ал енді сол: «Сені мұншама асқақтатып қуаттандырған кім?» – дегізген шабытты шамырқана шарықтататын Не?
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.