Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Ұлықбек Есдәулет. Ақсақ әнге аяқ салу...

23.05.2019 4669

Ұлықбек Есдәулет. Ақсақ әнге аяқ салу

Ұлықбек Есдәулет. Ақсақ әнге аяқ салу - adebiportal.kz

Мен кірген бөлменің бір қабырғасына мүйізі шаңырақтай бұғының басы қағылған екен. Əлдеқашан сөнген жанарларына шыныдан қос қарашық орнатылған. Тұмсығы сүйір, құлағы жұқа, сірə, жас бұғы болса керек.

Кітаптарға сірескен сөрелердің, люстра, стол, кресло, телевизордың қатарында бұл табиғат еркесі қалай келген? «Қай өңірдің шүйгінін шалып, суын сүзіп іштің екенсің, жас бұғы?». Ішімнен оған осылайша сұрақ қоямын. Жас бұғы мызғымайды. Қос жанары люстра аясында суық сұспен жарқырап, қабырғадан қарап тұр. Тарам-тарам айбарлы мүйізінің бір бунағына шыбын қоныпты. Назарым бұғыға ауа берді. Мұны байқап қалған қарт ана:

– Бұл – Жəнібекжанымның Дегелең тауынан əкелген сыйы. Дəулетқали Қошаев деген аңшы жігіт Жəнібекті қонаққа шақырыпты. Өзі де ағып тұрған домбырашы адам екен. Таң рауандаған мезгілде атқан бұғының басын қаратікен тұзбен қатырып Жəнібекке сыйлапты. Өнерлі адамның, өнерді түсіне білген жанның көрсеткен құрметі ғой. Жарығымды тіл мен көзден сақтасын! – деп келіні Тотымен бірге ас қамдауға кірісті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Бодаухан Тоқанұлы. Ән өнерінің антологиясы еді

Үй иесі, жас əнші Жəнібек те бұғы басына бұрылып бір қарап алды да жымиып:

– Осы бұғыға қарасам-ақ болды, «Аңшының əнін» салғым кеп тұрады. Кейде бір саят құмарлығыңның оянатыны болады. Қансонардың қызығы бір төбе де, өзге қызықтар бір төбе ғой, – деп қолына домбырасын алып, құлақ күйіне келтіре бастады.

Бұғы басына ту сыртымды беріп, бұрылып отырсам да əлгі суық жанары жотамнан қадалып тұрғандай болып, берекем кетті. Жəнібек əн бастады. «Аңшының əні». Ойнақы, көңілді сазды сұлу əн Жəнібек айтқанда тіпті құлпырып кетеді екен. Жанға жайлы сазды дауыс пен саят əуені мені біртіндеп өз иіріміне тартып, ырқына бағындырып бара жатты.

Көз алдыма көктен сорғалап шүйілген құс, қашқан аң, жүгірген тазы елестеп, саятқұмарлық сері сезім көкейімді қытықтағандай болды.

Бұрылып бұғыға қарасам, əлгіндегі мұздай суық жанары жұмсарып кеткендей екен. Кəдімгі жадыраған жарқын нұрлы жанарға айналыпты. Көңілімді қобалжытқан мазасыз ой-сезімдер де ада болғандай. Көкірегім кеңіп, жаңғырып, қунап қалыпты. Күйімнің кілт өзгергені өзімді де таңырқатты. Бұл қалай? Əннің құдіреті ме, əншінің құдіреті ме?

– Cен жақсы келдің. Бүгін үйде əн «атасы» Жүсекең болады, əдебиетіміздің ақсақалы Сапекең де келмек. Сапарғали ақсақал Əсет деген ұлымның кіндік атасы еді. Бүгін сол Əсеттің туған күнін атап өтеміз. Бірге бол, əн тыңда, шежіре шалдардан дəріс ал, – деп Жəнібек енді мені жібергісі келмеді.

Кешікпей-ақ біз күткен қадірлі қонақтар – Жəнібектің ұстазы, қазақтың қаз дауысты əншісі Жүсіпбек Елебеков пен халқымыздың қадірменді адамдарының бірі, жазушы Сапарғали Бегалин ақсақалдар да келіп, отырыс қызығы басталып кетті. Жүсекең өзінің концерттік сапарынан қызықты əсерлерді əңгімелеп, Сапекең Жамбыл мен Тəттімбет өмірінен шежіре шертті. Жүсекең біздің өтінішіміз бойынша Қасымның «Өзім туралысы» мен Естайдың «Жайқоңырын» шырқады. Жақсы отырыстың қызығы жалғаса берді. Қонақтар енді Жəнібектің «əу» деуін қолқалады. Осы кезде Жəнібектің досы Құныпия деген əнші, жас ғалым жігіт:

– Жүсеке, Жəнібек Абайдың жырына əн шығарыпты, соны өзінен тыңдап көрсек қайтеді? – деді.

– Абайдың жырына деймісің? Рас па, Жəнібек? – Жүсіпбек мол денесін шапшаң бұрып, оған қарады. Өңі қату, көзінде сұрақ белгісі бар. Ұстазының мысы басқан Жəнібек:

– Жай сөз ғой, аға... Ұлы өлеңге əн шығару қайда бізге?.. – деп күмілжіді.

– «Жел соқпаса, шөп басы қимылдамайды». Сонда мына жігіт өтірікші демексің бе? Əн шығарғаның рас болса, жасырма, айт, кəне, айт!

Атақты əнші қанша бұйыра сөйлегенімен, Жəнібек оның алдында өз туындысын сарапқа салуға батпай отырды.

– Осы күнде кім көрінген Абайға əн шығарғыш болып алды. Тыңдағанмын талайын! Тағы да тыңдайын, айт! – деп Жүсекең шынымен ашуланып, қызына сөйледі. Жаңа ғана «Жайқоңырды» айтып болып, жадырай қалған жүзі қазір тіпті сұстанып кетті. Өткір көздерінен суық ызғар ұшқындайды.

Жүсіпбек Елебеков пен Жәнібек Кәрменов

Жөпелдемеде абдырап қалған шəкірті:

– Əншейін, жай ғана... Ақын сөзі көңілімді мазалай берген соң, əн ырғағына салып едім... Əйтпесе маған əн шығару қайда, Жүсеке?.. – деп бұлтара жауап берді.

Абай əнін, жырын қатты құрметтеп, сөзімен де, өнерімен де оған кіршік жуытпауға тырысатын Жүсіпбек бұл сөзге тоқталмады.

– «Арсыз болмай атақ жоқ, алдамшы болмай бақ қайда?!» деген Абай. Кемеңгер сөздің қасиетін ұғынар кімдер бар? Айтшы, қане, Абай жырына шығарған əніңді, сен Абайға əн шығарған екенсің ғой. Ал тыңдайық! – деп жас əншіге шаншыла қарап, домбыраны ұсынды.

Жəнібекке шегінер жер қалмады. Жаңағы сөз батыңқырап кетсе керек, өзін-өзі қамшылап, ширыға түскен сияқты. Өңі қатуланып, қолына домбыраны алды. Жазық маңдайынан тер шықты. Сыншыл көзге əнім ұнамай қалар ма екен дегендей қынжылуы басым сияқты. «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» деп басталған сазды əуен лықсып төгіле жөнелді. Əн иірімі терең, сыры тұңғиықта екен. Тыңдаған сайын шымыр-шымыр қайнаған толқынды əсермен өзіне баурай берді. Жүсіпбек қарағайдай қатайып отырып тыңдап қалыпты. Жүзінен толқу белгісі аңғарылды. Жас əншіге ілесіп, əн əуенін іштей қайталап отырған секілді. Басын изеп қояды. Əн аяқталған кезде ашуы тарқап, қуана сөйледі.

– Жəнібек-ау, əнің аяқталмапты ғой. Жақсы-ақ əн екен, бірақ ақсақ əн екен! Сенікі бірыңғай мұңға жуық. Мұңның өзі асқақ, ойдың өзі терең де жарқын болуы керек. Абай жырының қасиетінің өзі сонда ғой. Сен бір күні маған кел, əніңе мен былай деп аяқ салып берейін, – деп даусын толқыта, құбылта шырқап-шырқап жіберді. Жаңа ғана мұңды сезімді қозғаған əуен енді серпіліп, қанаттанып кеткендей əсер берді.

Жəнібек те, біз де арқамыздан ауыр жүк түскендей көңілденіп сала бердік.

Сапарғали Бегалин

– Абай сөзінің мəнін дөп басып тұрған əуен екен бұл, – деп Сапекең де өз бағасын беріп жатыр.

Өнер тарландарынан осындай жоғары баға алған Жəнібекте не арман бар деп ойладым мен. Қандай орта болса да шаршы топты өз аузына қаратып, əнімен де, шешен тілімен де жұртты ұйытып əкететін қасиет нағыз өнерпазға тəн десек, ол осы Жəнібек бойында да мол жатыр.

Желпініп алған Жəнібек енді «Жайқоңырға» басты. Естайдың бұл əнін Жүсекең жастыққа тəн жігермен, қызу жалын қосып айтушы еді. Жəнібектің «Жайқоңыры» өзгешелеу екен. Өзгешелігі сол, ол бұл əнді өз мінезіне сай етіп, жайдары жымия түсіп, асықпай, баппен, қоңырлата салды. Əн нəзік лиризммен айтылып, көкейге қонып, жан сарайымызды жылытқандай болды. Бір əн ұстаз бен шəкірттің орындауында екі түрлі əсер беріп, екеуінде де тыңдаушыларын тұңғиық тереңіне тартып алды. Мен осы əнді тыңдап отырып, Жəнібекпен алғаш қалай танысқанымды есіме түсірдім.

* * *

Университетке оқуға қабылданған бір топ жастарды ауылшаруашылық жұмыстарына көмекке Шелек ауданына аттандырды. Жастардың жүрген жері қашанда ойын-сауық, думан ғой. Біздің де ортамыз думан еді.

Жұмыс аяқталып, кеш түсе, ел орынға отырар мезгілде студенттердің Қорамдағы жатағында əзіл-қалжың ойын-сауыққа ұласып, жұртты көңілділік жайлайтын.

Алғашқы күндері секірме ырғақты, құлшынған, құтырын-ған музыка ойнатып, желіге билеп жүрген жастардың сезімін селт еткізген бір жайт болды...

Қоңыр мақпал кеш еді. Желікпе əуенге беріліп, делбе болған жылқыдай демігіп, делебеміз қоза биледік. Бір сəтте Қонысбай деген ақын жігіт:

– Балалар, би жалықтырып жіберді. Əн тыңдайық! – деді.

– Радиодан ба? – деді біреу.

– Жоқ, əншінің өз аузынан.

– Немене, бізбен бірге КазГУ-ге Жүсіпбек Елебеков оқуға түсіп пе? – деп қағытты біреу.

– Жоқ, Жүсекеңнің шəкірті Жəнібек Кəрменов бізбен бірге оқуға түсіпті!

Жəнібек Кəрменов! Бұл есімді мен алыс ауылда жүріп-ақ радиодан естіп едім. Əнін бір-екі рет тыңдап, ұнатқаным болмаса, жете таныстығым жоқ еді.

Студенттер орта бойлы, дөңгелек жүзді, толықша келген жігітті дуылдаса қаумалап ала жөнелді. Біреулер домбыра тауып əкелді.

Жəнібек домбыраны қолға алып, аққұба өңі алаулай жанып ортаға шықты. Домбырасын иығына тірей ұстап, шанағына құлағын тоса құлақкүйіне келтірді де, ішектерді қағып-қағып жіберіп, биік дауыспен екпінді бір əн бастады. Жұрт сілтідей тына қалды.

Жанбота, осы ма еді өлген жерім,

Көкшетау боқтығына көмген жерің?

Əнші үнінде буырқанған ыза-кек, ащы запыран бар. Булыққан күштің жанартаудай бұрқ еткен долы қуаты, асау екпіні бар. Осынау биік, зор дауыс əншінің көмейінен емес, əлдеқайда тереңнен, көкірегінен, бүкіл тұлғасынан, жүйке-жүйесінен суырыла шығып жатқандай. Оқуға жаңа түскен барлық студенттердің өңдерінде таңырқаныс нышаны ойнап шыға келді. «Осынау құдіретті əнді бүкіл қасиетін жоғалтпай бізге жеткізіп беріп тұрған əнші, шынымен, өзімізбен бірге темекі жапырағын жинап жүретін томпиған тұйық жігіт пе?» деген ой қыз-жігіттердің санасын торлап алғанға ұқсайды. Бəрі де əншіден көз алмай үнсіз тұрып қалыпты. Бірнеше күн бірге жүріп, ортамызда тамаша əнші бар екенін білмеппіз-ау.

...Қамшымен топ ішінде ұрып еді,

Намыстан, уа, дариға, өлгенім жоқ.

Əншінің əр лебізі аузынан жалын атып шыққандай. Бұл – қорлық пен зорлыққа шыдамайтын, көнбейтін өр мінездің, ер көңілдің тас-талқан жан ашуы. Көктемгі бұзылмаған сеңнің күркіреген үнімен, əлде таудан құлаған қар көшкінінің дүлей күшімен, қаһарлы екпінімен туыс бір сезім екен. Осы сезім бəсеңдеместен биіктеп барып, шиыршық атып, кілт тынды. Тынған кездің өзінде де тынбағандай, əн əлі аяқталмағандай, əлі де айтары бардай, бойындағы бүкіл қуатын сарықпай кейінге сақтап тұрғандай əсерде қалдырады. Күні туып, кезі келгенде шиыршық атып, серіппедей жиырылып тұрған сол күш ақтарыла жөнелердей көрінді.

Əн тынды. Көпшілік күрсінді. Бағана ғана жайраңдап, көңілді жүрген жастар əлдекімге ызамен, кекпен қарағандай болды. Ол Жанботадай, Поштабайдай озбыр күш иелеріне, қайырымсыз сол бір қоғамға, сонау бір келмеске кеткен зұлым заманға деген ашу толқыны мен қарғыс белгісі еді.

Біз, студенттер, Жəнібектен қайта-қайта əн салуын өтіндік. Ол тартынбайды. Басын изеп қойып, бір əннен соң екіншісін төгілтіп ала жөнеледі.

Əн аяқталған сəтте ду ете түсеміз:

– Жəнібек, тағы бір əн!

– Жəке, Ақан серінің əнін шырқашы!

– Исаның «Желдірмесін» желдірт!

Мұндай өтініш сөздер Жəнібек əн бастаған сəтте сап тыйыла қалады. Əнші енді бірде домбырасын асықпай баптап шертіп, сазды бір əуенге салды. Əуенде кең тыныс бар, үлкен кеңістікке аршынды топшымен қалықтай қанат сермеп ұмтылыс бар.

Созады Біржан даусын қоңыр қаздай,

Басқаға бір өзіңнен жүрмін жазбай.

Сабырлы басталып, қоңыржай леппен көтерілген əсем дауыста мөлдір, нəзік мұң сазы байқалады. Дүниедегі қаталдық, қатыгездік атаулыға нəзіктік, сыпайы сұлулық арқылы қарсы тұрған «Адасқақ». Əннің нəзік əуезінде қаншама қайрат, қуат, жігер күші жасырынып жатыр десеңізші. Қайырмасына келгенде Жəнібектің жүзі жанып, үні өрлеп шырқауға шығып, биіктен саулаған күн сəулесіндей түрленіп, құйқылжып құйылды.

– Қайран Біржан!.. – Əн аяқталғанда осы сөз естілгендей болды. Бұл сөзді кім айтты? Əлде барлығымыз да осы сөзді ішімізден күбірлеп тұрдық па екен?

Жəнібек домбырасын біреуге ұстата салып, топтан сытылып шыға бергенде дүркірей қол соғылды. Құлағымызда аспандағы айды қармаған асқақ дауыс жаңғырығып тұрды. Жанға жағымды, кінəраттан, жарықшақтан ада, табиғаттың өзіндей қарапайым əсем дауыс екен.

Қыркүйектің сол бір кеші мөлдіреген ашық аспанымен, сыбдырын ұмытқан қою жапырақты терек-талдарымен, кірбіңсіз ақ дидарлы айымен, жымыңдаған жылы нұрлы жұлдыздарымен жадымызда қалды. Біз сол күні айналамызды, бір-бірімізді бірінші рет көріп, көңілімізбен сезінгендей, бірінші рет шынайы адал сезіммен, ақжүрек сұлулықпен бетпе-бет кездескендей болдық. Ол да бір дəурен екен...

Мен Жəнібек Кəрменовпен алғаш осылай танысқан едім.

* * *

Жəнібек екеуміз Жүсекең мен Сапекең ақсақалдарды үйлеріне шығарып салып, түнгі Алматы көшесінде таза ауамен тыныстап, əңгімелесіп келеміз.

– Жəнібек, репертуарыңда жүзден аса əн бар. Олардың ба-сым көпшілігі – халық əндері мен халық композиторларының əндері. Бүгінгі əндер жоқтың қасы. Осының сыры неде? – деп сұрадым мен.

– Халықтың іші қазына-байлық қой. Халық əндері – осы байлықтың үлкен бір пұшпағы. Олар – ата-бабаларымыздың жан сұлулығының айнасы, ат басындай алтыннан да ардақты асыл мұра. Халық əндерін өз репертуарыма негіз етіп алудың бір себебі осы асыл мұраны жұртшылыққа, келешек ұрпаққа жеткізушілердің бірі болсам деп жасымнан армандауда жатса керек. Əншінің мұраты əр əннің мəнін, мазмұнын, қадірін, қасиетін түсініп, терең сезініп жəне қалың қауымға да жеткізе айту дер едім. «Құр айқай бақырған құлаққа əн бе екен?» деп ұлы Абай атамыз айтқандай, қасиетті мұрамызға жауапкершілікпен қарамайтын əншілер де бар. Тұлпардан қалған тұяқ та, сұңқардан қалған қияқ та жылдар жылжыған сайын шаңға шомып, тозуы мүмкін. Арманым – асылдың құнын уақыт талқысынан тоздырмай сақтап, арзандатпай келер ұрпаққа аманат ету, – деді ол.

Жəнібек бүгін де жазушылық жолға бет бұрғанымен де, өзі жасынан етене болған сүйікті өнері – əншілігінен қол үзіп көрген емес. Əн – ол үшін өзімен бірге туған егізіндей, өмірдегі ең қымбат, іңкəр дүние.

Жəнібек салған əндерді тыңдап отырғанда менің есіме орыстың ұлы жазушысы Н.В. Гогольдің: «Халық əндері – халық өмірінің барлық жағын бейнелейтін, шындыққа, сырға толы, жарқын, көзі тірі халық тарихы», – деген сөздері оралды.

Біз халық əндерін орындаушы бүгінгі күміс көмей, жезтаңдай халық таланттарын өткен ғасырлар рухын бейнелеушілер ретінде бағалауға тиістіміз.

1976 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар