Қазақтың танымал қаламгері Ұлықбек Есдәулеттің эсселер жинағынан жыл басынан бері үзінділер жариялап келе жатқан болатынбыз. Бүгін ақын Қазақстан жазушылар одағының төрағасы болып бірауыздан сайланды. Осы қуанышымен құттықтай отырып, жұмысына жеміс тілейміз!
«ЕРТІС МҰХИТҚА ҚҰЯДЫ»
Бала кезімде кездейсоқ қолыма түскен қомақты бір романның аты маған ерекше тартымды болып көрінді - «Ертіс мұхитқа құяды». Өйткені сол Ертіс өзені біздің ауылдың іргесінен ағып өтетін еді. Жалма-жан үйдегі үлкен картаны жайып жіберіп, ирелеңдеген Ертістің көгілдір шимайдай арнасын қуалап қарасам, шындығында да ол Солтүстік мұзды мұхитқа құятын болып шықты. Таң-тамаша болдым. Бұл деген мен үшін Американы ашқандай жаңалық еді. Тек біздің Ертісіміздің атын жол-жөнекей неліктен Обь деп өзгертіп жібергендеріне түсінігім жетпеді. Əлгі кітапты құмарта оқып шықтым, авторының есімі де содан бері есімде қалып қойды. Сол Рамазан Тоқтаровтың «Терістік шұғыласы» атты жолжазба кітабы іле-шала табыла кеткен- де де үлкен бір қазына тапқандай қуандым. Жазушы бұл кітабында Ертіс өзенінің мұхитқа құятын сағасына барып, қалай құйғанын өз көзімен көру үшін арнайы жасаған саяхатын шұрайлы тілмен қызықты баяндаған екен.
Ертіс Қытайдан ағып келіп, біздің Үлкен Қаратал ауылының тұсынан он бес-жиырма шақырымдай жерден көлде- неңдеп өте бере, алдымен Зайсан көліне құятын. Көлге құйғанша Қара Ертіс, ағып шыққанда Ақ Ертіс атанады. Ағысы қатты, толқыны дамасаң қайығыңды төңкерердей асау. Үлкендерге ілесіп Ертіске бара қалғанда осы бір асау өзеннің шымырлаған толқындары сонау сан мыңдаған шақырым жердегі алыс мұхитқа қанша уақытта жететінін ойлап басымды қатырушы едім. Сонда өз қолымнан суға лақтырып жіберген қайдағы бір тал бұтағы қазір қай тұсқа жүзіп барып қалды екен деп сол балалық шақта талай ойланғаным есімде.
Кейінірек Рамазан Тоқтаровтың өзін көріп, сөзін естіп жүрсем де бұл балалық əсерім туралы ол кісінің өзіне айта қоюдың реті келмеді.
Кезінде Мұқағали Мақатаев бізге: «Бұл – менің досым Рамзай», – деп таныстырғанмен, есімін ертерек естіген жазушы ағамен Мəскеуде екі жыл үзеңгілес боламын деп ойлаппын ба?
«МОҢҒОЛ-ТАТАР ШАПҚЫНШЫЛЫҒЫ»
М. Горький атындағы Əдебиет институтының Жоғары əдеби курсына оқуға түскен қырық жазушының ішінде бізбен бірге екі моңғол оқыды. Саяси экономикадан Горбачевтың ұстазы болған атақты профессор Ищутин ақсақал өзінің ең алғашқы сабағында-ақ біздің əрқайсымызбен жете танысуға тырысты. Əр тыңдаушының шыққан республикасы мен ұлты тізімдегі аты-жөнінің тұсында көрсетулі тұрған. Əр елден келген бес татар, екі қазақ, бір-бірден қырғыз, өзбек, қарашай, балқарға қоса əлгі айтылған екі моңғолды көрген кезде профессор Ищутин басын шайқап:
- Иə, Əдебиет институты биыл моңғол-татар шапқыншылығына ұшыраған екен! – деп еді.
Сол екі моңғолдың мінез-құлықтары да, шығармашылығы да екі түрлі. Үнемі ыржиып күліп жүретін сылыңғыр арығы – Юмсурен комсомол-партия белсендісі екен, жазғандарының жілігі татымайтын көкжасық болып шықты. Ал түрі қазанның тұтқышындай шойқара Пурэвсурен ауызы құрғамайтын ішкіш болғанымен, шын мəніндегі дарынды қаламгер екені көп ұзамай анықталды.
Бірде жатақханада түн ортасында Пурэвсуреннің біздің Кеңес өкіметіне қатты ренжіп, түңіліп тұрғанын көрдім. Ол Кеңес адамдарын орысшалап шешесінен түк қоймай сыбап тұр екен. Əншейінде орысшаға əрең тілі келетін ол боғауыз сөзге келгенде қамшы салдырмайтын болып шықты. Бұл Андропов заманы болатын. Дүкенде арақ-шарап қат, ішімдікті таксистер сататын. Анықтап білсем, Пурэвсуреніміз түн ортасында бір таксисті тоқтатып, арақ алмақ болса, ол пəтшағар ақшасын алып, өзін итеріп тастап, аңсаған ащы суын бермей кетіпті. Көліктің нөмірін де байқай алмаған. Күйінген түрін көріп, əкеміздің құны емес қой деп, түн ортасында, жатақханаға жақын таксопаркке ерінбей барып, бір жартылығын əкеліп, алдына тарттым. Бұған қатты мəз болып, жүрегі жарылардай қуанды. Ол содан бері мені орысша не айтса да сөзіне «а» əрпін қосып айтатын əдетімен, «мой казаха» деп өзімсініп айтатын болды.
Осы Пурэвсурен өзінің жерлесі Юмсурен туралы: «Я его боюсь, он – монгольский КГБ!» – дегені есте.
Бір күні екеуі Мəскеудегі моңғол елшілігіне қонаққа кетіп еді. Пурэвсуреннің бір көзі қанталай көгеріп, күмпиіп ісіп қайтты.
- Не болды? Жолда біреулер ұрып кетті ме? – деп жанашырлықпен сұрап едім:
- Ештеңе де болған жоқ. Өзіміздің Елшімен төбелесіп қалдым, – деді.
- Неғып?
- Елшілік үйінде моңғол архиын ішіп отырып, сөзге келіп қалдық. Елші мені: «Оқудан шығартып, елге қайтарып жіберемін», – деп қорқытпақ болды. Мен: «Мə, шығартасың!» – деп Елшіні тұмсықтан бір қойдым. Ол да атып тұрып, жұдырықпен менің көзіме салып жіберді. Онысы жақсы болды, есесіне мені оқудан шығартпайтын болды. Мұндағы менің ішкен-жеген, жүрген-тұрғанымды Елшіге жеткізіп жүрген анау Юмсурен ғой, – деді Пурэв.
Ол сол тұста Моңғолияның тұңғыш Президенті болған Очирбат туралы айта келіп:
- Очирбаттың идеологі – Зардыхан Қинаят деген қазақ ғалымы. Біздің елде оның абырой-беделі аса жоғары. Зардыханның лекцияларына жұрт іздеп жүріп барады. Залға сыймай, аузы-мұрнынан шығып отырып тыңдайды деуші еді, – деді.
Кейін Моңғол Халық Республикасының барлық марапатына ие болған осы Пурэвсурен Мəскеуде жүргенде біздің Рамазан Тоқтаровпен қыл өтпестей достасып кетті.
«ҚАРАТОРҒАЙ» ƏНІ
Өзім өнерден мақұрым болсам да, Мəскеуге жазушы Жəркен Қабышев ағамыз жасап берген жақсы домбырамды ала барған едім. Сол шешен домбыраның қызығын қарашайдың Шымкентте өскен жазушысы Білəл Аппаев пен өзіміздің Рамазан Тоқтаров көрді.
Бірде Мəскеуге ақын Қайрат Сəуірбекұлы Бақбергенов келіп, Жазушылар одағының біздің жатақханамен қабырғалас қонақүйіне тоқтады. Тек есігі ғана бөлек. Екеуміз кешке қарай қонақүй асханасында кофе ішіп, Алматы мен Мəскеу жаңалықтарын айтып отыр едік, ұзын бойлы, иықты, толқын шашты, пошымы келіскен бір жігіт кіріп келіп, бізге қарап тұрды. Көзінің сəл қысықтығы болмаса, бітімі Олжас Сүлейменовке ұқсайды.
- Мына қазақ кім екен? – дедім мен.
- Ол қазақ емес, бурят. Екеуміз бір бөлмеде жатырмыз, – деді Қайрат. Ол тамақ алып, біздің қасымызға отыруға рұқсат сұрады. Таныстық. Бурят драматургі Владимир Осипов екен. Дəм үстінде мен оған буряттан гөрі қазаққа көбірек ұқсайтынын айтып қалдым.
- Ол біраздан кейін маған қарап:
- Сіз қателескен жоқсыз. Менің əкем қазақ, соғыстан келмей қалған, шешем бурят қызы, он екі жасымда қайтыс болып, балалар үйінде өстім. Содан ұлтым бурят, аты-жөнім орысша болып жазылып кетті. Алматыда əкемнің туыстары бар деп ертеректе естігенмін. Жалғыз əпкем іздеп тауып жүрген. Мен олардан бейхабармын. Орыстың атақты драматургі Александр Вампиловпен бірге өстім, соның əсерімен драма жаза бастадым да, орыс жазушысына айналдым. Бірақ ішімдегі бір арманым қазақ жазушыларымен танысу еді, бүгін соның реті келгеніне қуанып тұрмын, – деді Владимир Осипов. Мен бас салып:
- Ендеше сізді қазақтың нағыз романшысымен таныстырайын, жатақханаға қонаққа жүріңіз, – дедім.
Ол кезде Алматыда табылмайтын еттің түрлері Мəскеудің дүкендерінде сіресіп тұратын. Өзі өте арзан. Бар да ала бер. Кейде Алматыдағы бала-шағаға ет көтеріп келген кездеріміз де болған. Самолетте үш жарым сағат ұшқанда мұзы ерімей жететін. Сөйтіп, көрші дүкеннен ет сатып əкеліп, қолма-қол қазан асып, дастарқан жайып жібердік. Төрге Владимир Осиповты шығарып, Рамазан Тоқтаровпен таныстырдым. Екеуі бірден тіл табысты. Рамазан біраздан кейін қолына домбыра алып, əдемі қоңыр даусымен толқытып Арқаның əндеріне басты.
- Володя, сен қазақтың ішінде қаракесек болуың керек, пошымың ұқсайды. Бізбен жиі араласып тұрсаң қайта қазаққа айналасың, – дейді Рамазан.
- Жоқ, енді менен қазақ шығара алмайсыңдар. Буыным да, қаным да қатып кеткен, – дейді Владимир Осипов. Оған «Қараторғай» əні ерекше ұнап, қайта-қайта айтқызып тыңдады. Мəжілісіміз ұзаққа кетіп, кеш жаттық. Владимир менің бөлмемде қонып қалды. Бос диванға төсек салып бердім. Күн демалыс.
Таңертең ұйықтаңқырап қалған екенбіз, бөлмеге Рамазан ағам амандасып кіріп келді. Сонда қонағымыз Владимир Осипов төсектен басын жұлып алып:
- Рамазан, «Қараторғайды» айтшы! Осы əн түнімен менің түсіме кіріп шықты. Осы əннен менің қазақ қаным ойнады. Қазақ екенімді сезініп ояндым, – деп орнынан ұшып түрегелді.
Осы қандасымыз Владимир Осиповтың арқасында ертеңіне Е. Вахтангов театрында қойылған оның «Аңшылық маусымы» спектаклінің тұсаукесеріне қатысып, фуршет дастарқанында спектакльді қойған атақты режиссер Евгений Симонов, басты рөлде ойнаған Лениндік сыйлықтың лауреаты, СССР халық артисі Василий Лановоймен танысып, тост соғысып, төс қағысып қайттық. Бұл бурят қазағы Владимир Осиповтың осы театрда қойылып жатқан екінші спектаклі болып шықты. Дарынды драматург екені көзге ұрып тұрды. Арқауы – өзі туған Сібірдің өмір-тұрмысы. Жазушылар одағына əлі қабылданбай жүр екен. Мұндай драматург бізге де артықтық етпес еді. Біз Владимир Осиповты атажұртыңа кел деп Қазақстанға шақырдық. Ол Алматыға жиі келгіш бурят ғалымы, өз көршісі Ердени Улановтан кейін бізге анда-санда сəлем жолдап жүрді. Қазір байланысымыз үзілді. Біз Рамазан ағадан айырылдық, ал ол тірі ме екен?
МЕРЕЙТОЙ МЕН МАШАҚАТ
Жақында Кереку қаласы өз тумасы Рамазан Тоқтаровтың 70 жылдығын тойлап, əсерлі кештер мен кездесулер ұйымдастырды.
Соның бірінде: «Курстасым Рамазан Тоқтаровтың алпыс жылдығына шетелде жүріп қатыса алмадым, ал елу жылдығында өзім асаба болып, тойдың аяғын төбелеске айналдырып жіберіп едім», – деп жұртқа естелік айтып бердім.
Ол былай болды. Біздің Жоғары əдеби курс Рамазан Тоқтаровтың елу жылдығына орай отқа жанбайтын асбест қағазға жапсырылған қабырға газет шығарды. Онда топы киген трусишең Тоқтаровтың машинка басып отырған жартылай жалаңаш суреті, біздің курстас ақындардың Рамазан ағаға арнаған өлеңдері, Александр Родионовтың Рекең үшеуміздің Өскемен мен Зайсанды аралаған сапарымыздан жазған «Поездка в Найманистан» деген жолжазбасы, қаламгер шығармашылығы туралы басқа да материалдар мен суреттер жарияланды. Алматыдан келген Күлмəшкен жеңгеміз бен Əдебиет институтында оқитын қызы Бақыт жайған дастарқан төгіліп тұр. Қырық жазушы өз тілінде əн салып, жатақханадағы той тамаша өтіп жатқан. Біздің курстың партком хатшысы, ставропольдік прозашы Владимир Кожевников деген сабаққа бармай, домалап ішіп жататын қудың өзі еді. Өзімізге жайлы болады деп ішуге бейім жігіттер бəрімізді үгіттеп, сайлап алған. Горбачевтың жерлесімін деп кеуде соққанда төсі сынып кете жаздайтын. Сол парткомымыз Рамазанның тойына майор шеніндегі қотиындау бір əскери жерлесін ертіп келіпті. Үзіліс кезінде əлгі майор маған:
- Сенің атың айтуға қиын, сондықтан сен Олег боласың, – деп қарап тұр... Намыстанып қалдым. Ол тіпті қарсылығыма қарамай, мені «Олег» деп атай бастады. Мен ызаланып:
- Егер менің атымды бұдан былай орысша атайтын болсаң – аузыңды бұзамын. «Ұлықбек» дегенге тілің келмесе атамай-ақ қой! – дедім Тоқаш ағам құсап тісімді шақыр- шұқыр еткізіп. Менен мұндай мінез күтпеген ол бетіме таңдана бір қарап, бұрылып кете барған. Бұл кезде кунг-фу деген Шығыс жекпе-жегімен бір жылдан аса айналысып жүрген менің жұдырығым бір тұмсықты бұзарлық дəрежеге жетіп қалған болатын. Құрдасым, əзілқой ақын Қонысбай Əбілдің менің сүйегімді білгісі келген біреуге: «Ол каратэнің ішіндегі күнпу деген рудан ғой», – дейтіні сол тұста. Тренерім – Михаил Андреев деген «Тополиный пух» сияқты танымал эстрадалық əндердің сөзін жазған томскілік орыс ақыны, өмірін өлең мен спортқа ғана арнаған сүрбойдақ, жетпіс сегізінші жылы Полтавада танысқан ескі досым, бірге оқитындықтан, күнде жаттықтыратын. Бала кезінен бір қытайдан үйреніп шығыпты. Аяғымен аспандағы айды тебердей шебер, қара белбеуі бар. Переделкино орманындағы кунг-фушілер базасына барып, аптасына екі рет өзі де жаттығып келетін. Маған: «Сенің тынысың кең, сондықтан тартып жүрген темекіңде шаруам жоқ, бірақ жынды суды татып алма, ақын болғандықтан эмоцияның адамысың, төбелесіп қалуың мүмкін. Кунг-фуды меңгерген адам кісінің бетіне тіке қарамауы керек, кикілжіңге соқтырар барлық жағдайдан қашқақтай білуі керек», – деп үйрететін. Бірақ мен оның ілімін толық игере алмаған дүмше болуым керек, ара-тұра бір-екі ұрттауға кетəрі емес едім. Төңірегің түгел татса қалай аман қаларсың?
Сонымен, той тарқағанмен жұрт тарқамай, дүрілдеп, жатақхана коридоры жартылай би алаңына айналып кеткен бір тұста құлағыма Александр Родионов досымның: «Ұлықбек, көмектес!» – деген жан дауысы жетті. Қарасам, коридордың екінші бір тұсында біреулер Сашаға жабылып жатыр екен. Жұрттың басы мен қолдарының арасынан сары шашы мен сақалы жалбырап көрініп, бой бермей жағаласып жүр. Алтайда туып-өсіп, бұрын геолог болған, Сібірдің сары аюындай өзі де дүлей күш иесі еді. «Екеуміз жерлеспіз», – деп жақын тартып жүретін. Жүгіріп барып, досымды арашалай бастадым. «Арашаға бір таяқ» деген сөз расқа айналып, менің өзіме де бір-екі соққы тиіп кетті. Сол кезде бір жарым жылдық жаттығуым маған көмекке келді. Ұмтылғандардың бірнешеуі аяқ-қолдары қайырылып, құлап-сұлап түсті. Ішінде мені «Олег» деп атамақ болған сүйкімсіз майор мен Горбачевтың жерлесі де бар. Ортаға «қой-қойлап» Күлмəшкен жеңгем келген соң ғана басыла бастадық. У-шу байырқалап, Рамазан ағамыздың тойы бөлме-бөлмеде жалғасты.
Ертеңіне Саша көршім екеуміз таңғы шайымызды ішіп отырсақ, екпіні үй жыққандай ентігіп Роллан Сейсенбаев ағам жетті. КСРО Жазушылар одағындағы Қазақстан Жазушылар одағының жауапты өкілі. Онсыз да алақандай екі көзі енді тіпті атыздай. Келе:
- Идиоттар, не бүлдіріп жүрсіңдер? –деді.
- Ештеңе. Кеше тойға неге келмедіңіз?
- Сенің идиот ағаң мені шақырған жоқ. Бүгін құлқын сəріден Əдебиет институтының ректоратынан маған қоңырау шалынды. «Осылай да осылай, сенің бір қазағың юбилей өткізеді, екінші қазағың бүкіл қонақтарды сабайды. Сен одан бейхабарсың. Арыз түсті. Таяқ жегендердің ішінде партком хатшысы мен оның қонағы, ішкі əскердің майоры бар. Барып анықтап қайт. Үлкен шу болып жатыр. Жағдай қиын. Мəселе қаралмақ», – деді.
Болған жайды майпаздап айтып, тілін тауып, көңілін орнына түсіргендей болдық. Ол ректоратпен сөйлесіп, жағдайды реттеуге сөзін беріп аттанды.
Курс екіге жарылғандай болды. Бізбен біразы сөйлеспейді. Партияға мүше болмасам да көп ұзамай курстың партия жиналысына шақырылдым. Күн тəртібіндегі мəселе біреу:
«Тыңдаушы Ұлықбек Есдəулетовтің тəртібін қарап, оқудан шығару». Жиналысқа Жоғары əдеби курс проректоры, белгілі ақын Владимир Сорокин өзі қатысып отырды. Бір жарым жыл бірге оқыған орыс достарымыздың көбі бірінен соң бірі мені айыптап сөйлеп, қара аспанды жаудыра бастады. «Орыстан досың болса беліңде балтаң болсын» деген осы-ау», – деп мен отырмын іштен тынып. Ақтап сөйлеген Саша Родионов, Фильдрус Камалов, қырғыз ақыны Асан Жақшылықов, малқар ақыны Абдуллах Бегиев қана. Рамазан Тоқтаров тойын жалғастыруға Алматыға, елге кеткен болатын. Басты айыптаушы жəне жапа шегуші партком хатшысы болғандықтан, көбінің үні шықпай қалды. Басында мəн бермеген екенмін, басқа төнген бұлт тіпті қоюлануға айналды.
Сонда ұғынғаным: менің қол көтеруім талайдың империялық ұлы сезімдерін қорлап кеткен екен. «Қайдағы бір қаймана қазақ баласы қалай ғана батылы барып орыстың беделді білдей азаматын ұрып жығады? Жəне бірін емес, бірнешеуін? Өзі партияда жоқ болғанымен қоймай, адал коммунистерге қол көтереді! Əрі Мəскеудің төрінде! Артына неге қарамайды?!»
Іс насырға шапты. Төнген қауіпті енді шындап сездім. Іштей: «Осы оқуды Олжас Сүлейменов те, Мұқағали Мақатаев та бітірмей кеткен. Олар содан нашар болған жоқ қой. Тек оқи алмай шықты деген аты жаман-ау. Елге не бетіммен барамын?» – деп те ойлап отырмын. Мəселе дауысқа салуға тірелген кезде Александр Родионов орнынан атып тұрып:
- Егер ақын Есдəулетовті оқудан шығаратын болсаңдар, мені қоса шығарыңдар. Ол бұған дейін ешкімді ренжіткен емес. Ақкөңіл, қайырымды жігіт. Шатақ менен шықты. Оны көмекке шақырған менмін. Егер мен: «Ұлықбек, көмектес!» деп айғайламасам, ол бұл төбелеске араласпайтын еді. Сондықтан оқудан оны емес, мені шығаруларың керек. Егер оның бір өзін ғана оқудан шығарсаңдар, сендердің əділетсіз шешімдеріңе наразылық ретінде мен де оқуды тастап кетемін! – деп қайта-қайта сөйлеп, қасарысып тұрып алды. Сібірден шыққан саңлақтар қатарындағы Александр Родионов – Шукшиннің жерлесі, Мəскеудің көптеген көзі тірі классиктері мен кеудесі көк тіреген мықтылары, Жазушылар одағы басшылары да санасатын беделді жазушы болатын. Оны сыйлайтын, қарсы келе алмайтын былайғы орыстар енді бұлғақтап, беті бері қарай бастады. Бағанадан қоздап тұрған шовинизм шоғы əлсіреп, өлімсіреп қалды. Осы кезде буырқанған жиналыс басынан бері үндемей отырған проректор Владимир Сорокин сөз алып: «Оның тəртіп бұзып, біреулерге қол көтергені кешірімсіз-ақ, тіпті ақтауға жатпайтын жат қылық. Бірақ жолдастық, достық парызға адалдығы үшін бір жолға кешірім жасауға болмай ма? Бізге мұндай сенімді адамдар керек. Менің ұсынысым – қатаң сөгіс беріліп, оқуда қалдырылсын», – деді. Осы сөз қаулы болып бекіді.
Кейін мені проректор өзіне жеке шақырып алып, ұзақ əңгімелесті. Сөз соңында: «Байланысымызды үзбейік. Егер біздің Жоғары курсқа оқуға жібергің келетін дарынды ақын-жазушың болса аты-жөнін атап айтып, хат жазып жібер немесе телефон соғып хабарлап қой. Біз оны өз адамымыз ретінде квотадан тыс қабылдаймыз. Өзім деген бір екі қаламгерге қашанда орын табамын», – деді. Біз дос боп тарқастық. Мен оның осы аманатын бір-екі рет орындадым да. Мысалға, Ғабиден Құлахметов Мəскеуге оқуға солай қабылданған болатын. Оған ақын Аманхан Əлімовті де тапсырған едім.
Жазушы Александр Родионов болса қазір Барнаулда аман-есен тұрып жатыр. Ресейдің Демидов, Шукшин атындағы бірнеше беделді сыйлықтарының лауреаты атанды.
Осыдан бес жыл бұрын Семейде Роллан Сейсенбаев ұйымдастырған Абай күндеріне келіп, біз «ұлы», ал түріктер «жынды» атайтын І Петр өзінің отаршылық қанқұйлы саясатына қарсы болғаны үшін дарға асып өлтірген Сібірдің алғашқы генерал-губернаторы, князь Матвей Гагарин туралы «Азъ грешный» атты тарихи жаңа романын: «Сені туған жеріңде кездестіргеніме қуаныштымын. Астана– Барнаул көпірін орнататын кез келді. Алтайда өзіңнің досың бар екенін ұмытпа!» – деген қолтаңбасымен сыйлап кетті. Кітабының форзацында сол тұстағы қазақ ордасының картасы жарияланған екен. Екеуміз Рамазан Тоқтаровты сағына еске алдық. Жəне кетерінде:
- Ұлықбек, мына трилогияны жазу үстінде қаншама мұрағатты ақтардым. Сонда біздің Барнаулдың мұрағатында қазақ тарихына қатысты қаншама құжаттар мен материалдардың мұрты бұзылмай қат-қат, том-том болып шаңға көміліп жатқанын көрдім. Сендерге өз тарихтарың керек емес пе? Бірде-бір қазақ ғалымының саусағы тимеген. Тисе аты-жөні жазылып қалар еді. Егер сендерден біздегі өз тарихтарыңа құмартатын біреу-міреу табыла қалса маған жібер. Мен оны тура қазынаның үстінен түсірейін, – деді.
Дос деген осы. Сібірде жүріп, орыс басымен біздің тарихымызға жаны ашиды. Бұрынырақ ол менен Əлкей Марғұлан еңбектерін сұрап алған болатын. Мен жақында Родионовтың сол ұсынысын қазіргі бас тарихшымыз Мəмбет Қойгелдіге айтып едім, ол жерден жеті қоян тапқандай қуанып кетті. Бұйыртса, жаз шыға екеуміз итжеккенге аттанатын шығармыз... Родионовқа... Рамзайсыз...
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.