Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
«Замандас пікірі». Бақыттың түр-түсін көріп, күлкі...

«Замандас пікірі». Бақыттың түр-түсін көріп, күлкісін естіген ақын

07.12.2025

4325

«Замандас пікірі». Бақыттың түр-түсін көріп, күлкісін естіген ақын - adebiportal.kz

Бұл «Замандас пікірі» айдарының кезекті шығарылымы. Бұған дейін бұл айдарда талантты ақын Ерлан Жүніс, Жанат Жанқашұлы, Қалқаман Сарин және Мерей Қарттың шығармашылығы туралы замандастарының шынайы пікірлерін жариялаған едік.

Ал «Замандас пікірі» айдарының бүгінгі кейіпкері – ақын Динара Мәлік.

Динара Мәлік – әдеби ортаға жастайынан танылып, аға буын мен замандастарының жақсы бағасын алып үлгерген ақын. Ол бүгінгі қазақ поэзиясындағы нәзік лиризм мен ішкі еркіндікті қатар алып жүрген ақындардың бірі. Оның өлеңдерінен жасандылық емес, табиғи сыршылдық, ішкі жан тебіренісінің шынайы дірілі сезіледі. Динара көбіне әйел болмысының психологиялық терең қатпарларын, жалғыздық пен сағыныштың, үміт пен күдіктің ішкі диалогын дәл әрі ұстамды суреттейді.

Динара Мәліктің поэзиясындағы тілі жеңіл, қарапайым, бірақ қарабайыр емес. Ол күрделі философиялық ойды оқырманға түсінікті тілмен, қарапайым тіркестер арқылы жеткізе алады. Бұл – оның өлеңдерін оқырманға жақындататын басты қасиеттердің бірі деп білемін. Ал замандастары не дейді? 

***

Мен сені көрдім,

Мен сені көрдім шуақтан,

Тіріліп шықтым, тағы бір мәрте сынақтан.

Күрмелген сәтім, бұғып қалды да білдірмей,

Гүлденген кезім саусағын жайды қуантқан.

"Жаным-ау" деймін, күбірлегендей мына әлем,

Тағы бір қара, қиығыңа сыйып құлар ем...

Түгелдей бұрыл, адымдамай-ақ мен жаққа,

Кеудеңе қарай қалықтап қонсын жыр-әуен.

Тапжылмай тұршы, табаныңды аңдап бағайын,

Бойымнан құлап, сәулесін сүйсін арайым.

Кешегі мұң ба, өткенде айтқан өкініш...

Бәрін де бүгін жүзік қып тағып алайын.

Ғимарат әсем, адамдар адал көрініп,

"Жақын бар"-дейді, көздер мен сөздер бірігіп.

Уақыттың ғана жүрегі жоқ па қайғысыз,

Қабырғалардай қалада қалдық бөлініп.

Ақ пейіл жандар, пәк көркем жандар аңғалым,

Өмірден ұзақ болады қашан арманым?

Бір сәтте гүлдеп, бір сәтте түк жоқ кеудемде ,

Сағынған жанда, жабығып жүрсе бар ма мін?!

 

***

Гүлдер құстай қалықтап, бұлтқа қарай,

Тым нәзік боп, жалғанып ұшқаным-ай...

Көкке сіңген әрбір гүл, жылым екен,

Қып-қызыл қауызға ұқсап құшқан-ұдай..

Армандауға болмай ма, енді мүлде,

Бола ма екен, оралып, келді деуге?

Гүлмен бірге ұшады жаным менің,

Үндемей-ақ бола ма көндігуге!

Бізден кейін, өзгерер қара жер де,

Жарық дүние жасап-ап бала-кеуде.

Жап-жаңа боп жазылар жасыл жыр да,

Қайталанып қателік қалар елде...

Сүю деген, "қателік" ұғынбасаң,

(Өлемін деп, сол үшін туылмасаң.)

Жаңылысу, сүюмен егіз ұғым,

Ішкізер деп, бал емес, уын қашан?

Теңіз болса, тып-тынық сәуле сүйген,

Сол сүю ма, толқытпай "әуресімен"?!

Тербетсін де жағада дауыл болып,

Жұлқып алып, тыныштық түрмесінен. 

 

***

Өлімнен пенде қорықпайды ғой бәрібір,

Тағдыры басқа салған соң.

Жоқтайтындардың, жоқтағандардың әні бір,

Жүрегің тоқтап қалған соң...

Өмірге деген құштарлық еді үніңде,

Жүрсе де мейлі жылатып.

Ажалың ғана бақытты боп тұр бүгінде,

Құшағына алған құлатып...

"Адамның басы, Алланың добы" болмайды,

Алла да сүйер пендесін.

Көзіміз көріп, көметініміз жанды қинайды,

Қара жер орын бергесін...

Динара Мәлік.

Жазушы, Бейбіт Сарыбай

Бақыттың түр-түсін көріп, күлкісін естіген ақын

Ақын Динараны танығаныма жиырма жыл болыпты. Әуелде түрлі басылымдарда жарияланған жырларымен таныстым. Еркіндеу көрінді... Кең көсіледі екен. Егемен елдің тәуелсіз ақыны. Қанша еркін дегенмен, ұятына тәуелді ғой, ар аттап кеткен кезі жоқ. Мөлдір сезімі мен орамды ойларын жеткізуде сөз құдіретін таныды, танытты. Әйелдің жанын әйелден артық кім жырлар?.. Ұлықбек Есдәулет ағамыз бұны ашық мойындаған:
«Қыздардың махаббатын ұғу үшiн
Жаз болып жайнап,
Қыс болып суу керек;
Қыздардың махаббатын ұғу үшiн
Қыз болып туу керек!».
Қыздар өз махаббаттарын өздері жырлады. Соның қатарында біздің Динара да бар.
Қазақ поэзиясында нәзік жандылардың әрқайыссының өзіндік орны бар. Қазақ өлеңінің анасындай болған Мәриям Хәкімжановаларды айтпағанда, берідегі ақын апаларымыздың әрқайыссы өзіндік мектебін қалыптастырды. Фариза Оңғарсынованың жұлдызы ерекше жарқырады. Бірер жас кіші Қанипа Бұғыбаева апамыз тынып ақан терең өзендей қасиетімен ерекшеленді. Ақұштап, Ханбибі, Күләш апаларымыздың жырлары әр қазақтың жүрегінен орын алды. Кейбір шумақтары афоризмге айналды. Сондай бір күндерде Гүлнәр Салықбаева әпкеміз шықты. Талантты қыздардың көбіне обал жасады. Гүлнәрдің әсерінен шығып, өз жолын тауып кетуі қыздарға оңай соқпады. Дегенмен Роза Сейілхан, Танакөз Толқынқызы, Назира Бердалы сынды ақын қыздар өз соқпақтарын сала білді.
Солардың соңынан ерген сіңілісі, біздің замандасымыз Динара Мәлік те өлең өлкесінен өз орнын іздей бастады. Ешкімге ұқсамаймын, өзім болам, менің өз орным бар деді. Әрине айқайлап ашық айтпады. Әр өлеңінің астарында осындай талпыныс жатқанын сездік, байқадық. Тілектес болдық. Динараның ол қадамы сәтсіз болмады. Кіл махаббатты жырлап қана қойған жоқ. Тақырып аясын кеңітті. Қыздың, келіншектің, әйелдің сезімдерін жиып қойып, ана махаббатын жырлады.
«Ұлым!
Сен бар кезде өзге мұңға оранып,
Жүрегіңнен кеттім бе екен жоғалып.
Қарызымды Құдай ғана біледі,
Парызымды сезіндіріп аналық.
Тоғыз ай, күн, жүрегіме түнетіп,
Тәңір сені берді маған тірі етіп!
Меніменен сен де өлең жаздың-ау,
Меніменен бірге кейде дір етіп...
Бағалауға жетер ме екен бұл күшім,
Періштенің естідім-ау күлкісін!
Мен бақытты іздемеймін ешқашан,
Құшағымнан күнде көрем түр-түсін.
Ең биіктен, ең биіктен жанатын,
Жұлдызың бар жанарыңа қонатын.
Сәл мұңайсам, емдеп жібер күлкіңмен,
Күндерім жоқ, сағынусыз қалатын!
Пендеден де періштелер жаралып,
Уақытпенен жақұттар тұр қаланып.
Бір бөлмеме құйылады бар бақыт.
Құлынымның табанынан таралып...
Құрсағымнан қайғымды бір ұғынған,
Өзің едің мендегі бар ғұмырлы-ән...
Адаммын ғой, ақылыңды қи маған,
Қымсынамын сен оқитын жырымнан!».
Ғажап емес пе? Өстіп жүрген ана Динара жыр қылып жүрген ұлынан қапыда айырылып қаламын деп ойлады деймісіз? Тағдыры солай жазған екен, амал нешік?. Енді қаралы Динараның, қаралы ананың қаралы жырларын оқуымызға тура келді. Кейбір өлеңдерінің алғашқы шумағынан арықарай оқи алмадық. Өлеңнің нашарлығынан емес! Қарс айырылған жүректен шыққан жырды оқу, қабылдау оңай емес.
Майгүлін жоқтаған Мұқағали, Құралайын жоқтаған Тұманбай, Мұнарын жоқтаған Иран-Ғайыптың күйін кешті.
Сол Мұқағалидың өзін-өзі қайраған жырының бір шумағын Динараның есіне салғым келеді:
«Бұлданба, жүрек, бұлданба!
Жиылып досың тұрғанда.
Қызығы тайып, қызы өлген,
Жалғыз-ақ сен бе бұл маңда?!».
Динара, басыңды көтер, еңсеңді тікте. Жырыңа ешкім тоқтау салмайды. Жаз! Сүйенерің де сол өлеңің ғой.
«Аһ ұрғанда өлең жазып аршылар,
Ақындарда арман бар ма деуші едің». (Жарасхан).
Динараның поэзиясы зерттеуді қажет ететін, зерттеуге татитын поэзия. Ол жыл өткен сайын өсіп келе жатыр демеймін. Жұрттар жылдап жететін биігіне бұл қыз сол жиырма жасында шығып алған. Сол биігінде тұр. Төмендеме, досым.

Жазушы Салтанат Әбдіғали

Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен еңбегің екі жақтап.

​Дәл қазіргі заманда жыр жазу, ақындықтың жүгін арқалау – өте ауыр, жауапты іс. Осындай ешкімге ештеңе маңызды болмай қалған заманда өлең жазу, ақын атану ерлік дер едім. Ақындық талант табиғаттан беріледі. Сондықтан да өлең ақынның төл перзенті сияқты. Ал оған дұрыс тәрбие мен жақсы көңіл бөлу керек. Ол үшін оқу, іздену, өзін дамытып отыру маңызды. Бұл жерде мен Абайдың өлеңін бекер келтіріп отырғаным жоқ. Бірінші – талантың, екінші – еңбегің, үшінші – ақылың, тағы басқа көптеген адами жақсы қасиеттер ақын етіп қалыптастыратын атрибуттар. Мақтаншақтық, орынсыз "мен талантпын", "мен мықтымын" деп күпіну ақынның жауы. Кейде біреулер өтірік мақтаса, енді біреулері кісінің көңіліне қарап шынайы пікірін айта алмауы мүмкін. Шындықты айта білу де – ерлік, бірақ жүрекке салмақ түсіреді.

​Мен Динараның өлеңдерін әлеуметтік желілерден, мерзімді басылым беттерінен оқып, сүйсінгенім бар. Поэзияға деген махаббатына, ынтықтығына таң қалмасқа шараң жоқ. Мына өлең шумақтары сол сезімнің нышанындай сезіледі:

​​​"Аппақ бұлттан құлап жатыр ақ хаттар,

​​​Жазуы жоқ сыбырларды жаттап қал!

​​​Бір Аллаға жарасады бұл кеңдік,

​​​Күн көзінен төгіледі көркемдік.

​​​Жапырақтар – мың адамның жүрегі,

​​​Сырғаларын сыбдырлатып күледі.

​​​Біледі олар құлайтынын түбінде,

​​​Өмір жайлы өлең жатыр үнінде".

​Нәзік үн. Ақынның философиясы. Бұл – поэзия тілі, қара сөзбен жеткізіп көр! Соңғы жағы мұңдылау ма?! Әйтеуір ойға жетелейтіні анық. Динараның өлеңдері негізінен мықты. Жақсы ақын екені байқалады.

​​​"Пендеге керектің бәрі бар,

​​​Әйелмін баласы, жары бар!

​​​Адам боп жүремін ақылды,

​​​Жан екем жалғанда бағы бар.

​​​Бақытты болуға талпынып,

​​​Ешқашан болмады жарты үміт.

​​​Түн сайын тілеймін тыныштық,

​​​Күн сайын атады таң күліп".

​Ана, жар бақытына ие болу, ақындықты қатар алып жүру әйел затына оңай емес, дегенмен бұл ақын қыз қайсар екен.

"​​​Құдай-ау, қалайша жүре алам,

​​​Жүректің тыңдамай жарлығын?!" – деп жырлайды ол.

​Абай айтқандай: нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек барлық адамға бірдей бұйырмаған. Ал Динараның жырларынан өз жүрегін тыңдай білген нәзіктігі сезіледі.

Журналист Аманғали Қалжанов

Өмірде жүрген іздері - өлеңдерінде

Динараның «Гүл қауызындағы хаттар» атты жыр жинағы шыққанда «Астана ақшамы» газетінде бұл кітап туралы журналист, ақын, сатирик Еркеғали Бейсеновтің «Мәлікованың мәнері» деген мақаласы шықты. Сонда мынандай жолдар бар:  
«...Атының өзі-ақ түсіндіріп тұрғандай, ондағы жүзден астам тақырыпты қамтыған жүйелі жырлар шынымен де жаңа заман ағымынан жұпар аңқыта құлпырған жауқазын дерсің! Ал, өлеңге әр берген әрбір жол – гүл жапырағының ұшында тұнып, таңғы шапақпен шағылыса жалт-жұлт еткен шық тәрізді. Бұл – Динара ақынды әлдебір желеумен асыра мақтағандық, асыға ақтағандық емес, көз тойып, көңіл тұшынғанды жасыра жаппағандық…»
Мақала авторының ойымен толық келісемін. Динараны ақын ретінде танығаныма 15 жылға жуықтаса, содан бері Мәлікова өлеңдегі өз мәнерінен жаңылмай келе жатыр. Динара – лирик. Өлеңдерінде бір жылылық, ең бастысы шынайылық бар. Әлдебір ақындар секілді ол жазғанын сырлап, өңдемейді, сезім қалай келеді, солай қағазға құйылып түседі.
Жұрт танымал адамдардың өмірі туралы білгісі келетіні белгілі. Ал Динараның өмірі өлеңдерінде сайрап жатыр.    
Күнәмді кімнен іздедім,
Кінәмді неге сезбедім.
Өлең боп сайрап жатыр ғой,
Өмірде жүрген іздерім... – дейді ол бір өлеңінде.
Осы өлеңді:
Арманға нені сыйғыздым,
Жырымнан қамал тұрғыздым.
Тұрлаусыз кеткен дүние,
Қорғаусыз қалған бір қызбын! – деп түйіндейді.
Сол өзі айтқандай, Динара жырларынан бұзылмас қамал тұрғызды. Ал оның қорғаушысы, қолдаушысы – өлең. Мемлекеттік тапсырыспен «Шуағым менің» атты жаңа жыр жинағы шыққалы жатыр екен. Динара ақынның өмірінде шуақты күндердің көп болғанын тілеймін!

Филолог Гүлнұр Алтынбекова 

Әлеуметтік желі қолданысқа қатты еңген 2012 жылдан бастап, поэзиядағы жас ақындардың өлеңдері өз оқырмандарына жол тартты. Оқырмандар оларды іздеп оқып, тіпті сырласып, ішкі күйін сол ақындардың өлеңдерімен білдіріп отырды.
Менің де әлеуметтік желіден тапқан сондай сыршыл, сезімге малып алған ақыным Динара болды. Динара кешегі қазақ ақын қыздарының жалғасы ғана емес, өлеңімен барлық күйін жариялайтын, өзін де, өзгелерді де солай емдейтін, жан емін өлеңнен тапқан дәруіш ақын.
Сыры да, мұңдасы – өлең. Бір өлеңінде: « Аппақ-аппақ сезімдер, Қара жердей төзім бер! Оралмаса сол бір жан, Үмітімді үзіңдер!» десе, тағы бірде: «Пендеге керектің бәрі бар, әйелмін, баласы, жары бар!, Адам боп жүремін ақылды, Жан екем жалғанда бағы бар» деп, отбасылық құндылықты жоғары қояды.
Динара мәңгілік сағынышты, жақсы көруді, сүюді өлеңінен тапқан ақын. Әлеуметтік желі ұр тоқпақтың ордасы, өлеңіңді де, өзіңді де аямай тоқпақтап алады. Бір-біріне айтылған сынның соңы жеке басқа да өтіп жатады. Менің тағы бір байқағаным Динара ешкіммен сөз таластырмайды, ешкімге қарсы жаман сөйлемейді. Үндемей қалуды немесе сыпайы түрде рақметін айтып отыруды жөн көреді. Ішкі мәдениеті қалыптасқан ақын, өлең бар жерде сын болатынын қабылдай алады. Әйтпесе, өлең оның өзегінен шыққан баласы ғой.
Замандасым соңғы уақытта адам жаны төзбес ауыр қайғыны басынан өткеруде. Қазақтың «аталатсаң да, боталатпа» деген сөзінің мағынасын жанымен түсініп, көзінің қарашығы, ұлынан айырылды. Осы кезде Динараның жанынан мыңдаған адам табылған шығар, бірақ, ақын жанын өлеңмен жұбатты. Барлық жоқтауы, мұңы киелі қазақтың қара өлеңімен шықты. Өйткені, ол ақын, оның соққан жүрегі де, тамыры да өлеңмен сусындаған. Өзін қояр бір жер болса – ол өлең, өзің табар бір жер болса- ол өлең. Осылайша өз жарасын өлеңмен таңды.
Мен өлең оқитын оқырман ретінде Динара Мәліктің өз оқырманы қалыптасқан, іздейтін ортасы бар, поэзияның киесі қонған ақын деп танимын.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan