Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДРАМАТУРГИЯ
Жан-Поль Сартр. Жабық есіктің ар жағында (соңы) ...

24.11.2020 4253

Жан-Поль Сартр. Жабық есіктің ар жағында (соңы)

Жан-Поль Сартр. Жабық есіктің ар жағында (соңы)     - adebiportal.kz

Бір актілі пьеса

«Сол Әйелге» арналады

БАСЫ МЫНА ЖЕРДЕ

Инэс (әмірлі үнмен). Гарсэн!

Гарсэн (бір адым шегінеді де, Инэске Эстельді көрсетіп). Мынадан сұраңыз.

Эстель (Гарсэнге жабысып). Кетпеңіз! Еркексіз бе жоқ па? Қараңызшы маған, көзіңізді тайдырмаңыз: несі қиын, бұның? Алтын шашым бар, біле білсеңіз, мен үшін біреу атылып өлген. Өтінем, әйтеуір бірдеңеге қарауыңыз керек қой. Маған болмаса да, мүсінге, стөл мен диванға. Бәрі бір маған қараудың ләззаты бөлек. Тыңдашы, мен ұядан құлаған балапан секілді олардың жүрегінен түсіп қалдым. Мені таңда, жүрегіңнен орын бер – көресің, сүкімдіңе айналам.

Гарсэн (оны күшпен кері итеріп). Айтып тұрмын ғой, анадан сұраңыз.

Эстель. Мынау ма? Бұл есепте жоқ – бұл әйел емес.

Инэс. Мен бе, есепте жоқ? Бірақ, балапаным-суық торғайым, сен көптен бері менің жүрегімдесің. Қорықпа, көз тайдырмаймын сенен, тіпті кірпік қақпаспын. Күн нұры сүйген құм секілді, сен менің жанарымда ғұмыр кешесің.

Эстель. Күннің нұры? Ах, мазамды алмасаңыз етті. Әрекетіңізден түк шықпағаны жаңа ғана емес пе еді.

Инэс. Эстель! Менің жанды суым, менің кристаллым!

Эстель. Кристаллым? Сандырақ. Кімді алдағыңыз келеді? Баламды терезеден лақтырып жібергенімді бәрі біледі. Кристалл сынықтары жерде шашылып жатыр, бірақ оған түкіргенім бар. Менен жалғыз-ақ сынық қалды – және ол сіздікі емес.

Инэс. Келші бермен! Жанды су ма, жоқ әлде шалшық па, не болғың келсе сол боласың; менің жанарымның түкпірінде сен өзіңді қалаған бейнеде көре аласың.

Эстель. Аулақ жүріңіз! Соқырсыз ба, немене? Маңайыма жуымауыңыз үшін не істесем болады? Мә, керек болса!

Бетіне түкіреді. Инэс бірден жібере салады.

Инэс. Гарсэн! Бұныңыз үшін әлі опық жейсіз!

Пауза.

Гарсэн иығын қиқаң еткізеді де, Эстельге қарай жүреді.

Гарсэн. Ал не? Еркек керек пе?

Эстель. Жоқ, еркектің керегі жоқ. Сен керексің.

Гарсэн. Сөзді доғар. Бұл жерден кім болсын шыға алады. Мен тек қапыда қолға түстім. Жарайды. (Оны иығынан ұстайды.) Білесің бе, саған ұнай қоюым екіталай – мен ақымақ емеспін, әрі танго да билей алмаймын.

Эстель. Осы болмысыңмен-ақ қабылдаймын, сені. Мүмкін сені мен өзгертетін шығармын.

Гарсэн. Күмәнім бар. Мен... салғырт қараймын. Ойым басқа нәрселермен әуре.

Эстель. Не нәрсемен?

Гарсэн. Саған қызық емес.

Эстель. Менімен айналысқаныңды күтіп, диваныңда отыра тұрамын.

Инэс (қарқылдап күледі). Салдақы! Жат! Онда кісі қызығарлық сымбат та жоқ қой.

Эстель (Гарсэнге). Құлағыңа ілме. Ол енді соқыр, саңырау. Еспеке алма, оны.

Гарсэн. Барымды беруге тырысам, мүмкіндігінше. Көп емес. Сүйе алмаймын: өйткені сені жақсы білемін.

Эстель. Мені қалап тұрсың ба?

Гарсэн. Иә.

Эстель. Маған басқа ештеңенің керегі жоқ.

Гарсэн. Онда... (Еңкейіп төне түседі.)

Инэс. Эстель! Гарсэн! Естерің ауысқан ба! Мұнда мен тұрмын ғой!

Гарсэн. Көріп тұрмын. Тұрсаң не болыпты?

Инэс. Менің көзімше ме? Сендер... сендер олай ете алмайсыңдар!

Эстель. Неге? Мен үй күтушінің алдында да шешінгем.

Инэс (Гарсэнді жұлқылап). Жіберіңіз оны? Жіберіңіз! Еркек мүңкіген арам қолдарыңызбен ұстамаңыз оны!

Гарсэн (итеріп жібереді). Мен сыпайылар санатынан емеспін, әйелге қол жұмсаудан қорықпаймын.

Инэс. Сіз маған сөз бергенсіз, Гарсэн, сіз маған сөз бергенсіз! Өтінем, уәде бергенсіз!

Гарсэн. Келісімді бұзған өздерің.

Инэс оны жібере салып, бөлменің түкпіріне қарай шегінеді.

Инэс. Білгендеріңді істеңдер, сендер жеңдіңдер. Бірақ естеріңде болсын, мен осындамын, сендерге қараймын да отырамын. Көзімді тайдырмаймын, Гарсэн, менің көзімше аймаласуларыңа тура келеді. Екеуіңді де жек көрем! Құмарларың қансын, бірақ ұмытпаңдар: біз тозақтамыз және менің де кезегім келеді.

Келер сахнада ол үн-түнсіз екеуіне қарайды да отырады.

Гарсэн (Эстельге қайта барып, иығынан қапсыра құшақтайды). Сүй мені.

Пауза. Оған қарай иіле беріп кенет бойын тіктеп алады.

Эстель (ашулана). Ей!.. Стоп. Оған назар аударма демеп пе едім, саған.

Гарсэн. Мәселе басқада. (Пауза.) Редакцияға Гомес келді. Олар терезені жапты: демек, қыс түскен. Алты ай. Алты ай өте шығыпты-ау... Кейде өстіп шашырап кететінімді саған ескертіп пе едім? Олар суықтан қалтырап тұр, пиджактарын да шешпепті... Қызық: олар анда тоңып отыр, ал мен мұнда ыстықтап отырмын. Бұл жолы олар мен туралы айтып жатыр.

Эстель. Ұзақ көсілді-ау. (Пауза.) Болмағанда, не деп жатқандарын айтшы.

Гарсэн. Ештеңе. Бос сөз. Нағыз антұрғанның өзі. (Құлақ түреді.) Қаскүнем! (Эстельге жақындайды.) Өз ісімізбен айналысайық. Сен мені сүйесің бе?

Эстель (күліп). Кім біледі?

Гарсэн. Маған сенесің бе?

Эстель. Күлкімді келтірмеші: сен үнемі көз алдымда боласың, мені Инэске айырбастамайсың.

Гарсэн. Дұрыс. (Пауза. Эстельдің иығынан қолын алады.) Мен басқа сенім туралы меңзегем. (Құлақ түреді.) Іркілме, ойыңдағыны түгел жайып сал, мен қорғанбаймын да. (Эстельге.) Эстель, сен маған сенуің керек. Эстель. Қиындық көп! Саған өзімнің ернімді, қолдарым мен тәнімді де берем; бәрі оп-оңай!.. Ал сенім? Оны уәде ете алмаймын; өйтіп мені ұялтпағаның абзал. Менен сенім туралы сұрауыңа қарағанда, сұмдық бірдеңе істеген болуың керек. Мені атып тастады.

Эстель. Білем – кетуден бас тарттың. Сосын?

Гарсэн. Мен... мен біржола бас тартқам жоқ. (Назарын көрінбеске аударып.) Жақсы сөйлеп жатыр, мені жарыққа сүйремекші, бірақ не істеу керегін айтпайды. Мен сонда генаралдың алдына барып: «Менің генералым, мен ешқайда кетпеймін», - деуім керек пе. Сандырақ! Олар мені қапасқа қамап тастар еді. Мен куәгер болғым келді, түсінесіңдер ме? Аузыма қақпақ қойғанын қаламадым. (Эстельге.) Мен... мен пойызға міндім. Шекарада қолға түсірді.

Эстель. Қайда бармақ болдың?

Гарсэн. Мехикоға. Сол жақта пацифистік журнал шығарам деп ойлағам. (Үнсіздік) Қане, бірдеңе деші маған.

Эстель. Менен не естігің келеді? Әрекетің оң болған, өйткені күрескің келмеді.

Гарсэннің ашуы бетіне шығады.

Ах, қымбаттым, саған не деп жауап берерімді де білмеймін.

Инэс. Алтыным менің, оған арыстан секілді тұра қаштың деуің керек. Өйткені сенің мына сымбаттың жәй ғана табанын жалтыратқан. Сол үшін де ашулы.

Гарсэн. Табанын жалтыратты, тайып тұрды – не десең о де.

Эстель. Әрине, қашуың керек болды, егер қалып қойғаныңда, тұтқынға түсер едің.

Гарсэн. Соны айтам. (Пауза.) Эстель, қалай ойлайсың, мен қорқақпын ба?

Эстель. Білмеймін, сүйіктім, мен сенің орныңда болып көрген жоқпын ғой. Өзің ойланып көр.

Гарсэн (шаршаңқы). Соған шамам болмай тұр.

Эстель. Онда есіңе түсіруге тырыс; солай етуіңе, шамасы, бірдеңе түрткі болған.

Гарсэн. Иә.

Эстель. Не нәрсе?

Гарсэн. Осы айтылғандар жеткіліксіз бе?

Эстель (ашуланып). Қиындата бердің-ау!

Гарсэн. Дәлелдегім келген... ұзақ ойландым... Бұлтартпас негіз болды ма, менде?

Инэс. Ах, мәселе қайда жатыр. Бұлтартпас негіз? Авантюраға барғың келмеді, бетін ғана қалқып өте шықтың. Бірақ үрей, жек көру мен басқа да тасада тұрған ұятсыздықтар негіз бола алады. Бар, өзіңнен сұрап көр.

Гарсэн. Өшір үніңді! Сенің ақылыңа құлақ түреді деп ойлайсың ба? Камерада күні-түні есік пен терезенің арасында сенделіп жүрдім де қойдым. Өзіме терең үңілдім. Өзімді бақылаумен болдым. Бақсам, өмір бойы тындырғаным сол, өз-өзіме сұрақ қоюмен болыппын, ал содан кейін әрекетке көшетін кез келді. Мен... мен пойызға міндім, оны білемін. Бірақ неге? Неге? Ақыр соңында мынаны ойладым: бар мәселені өлімім реттейді; егер ажалға қасқайып қарсы тұрсам, өзімнің қорқақ емес екенімді дәлелдеймін.

Инэс. Ал ажалды қалай қарсы алдың, Гарсэн?

Гарсэн. Нашар.

Инэс сықылықтап күледі.

О, ол тек тәннің әлсіздігі болды. Оған бола еш қысылмаймын. Тек бәрі мәңгілікке шешусіз қалды. (Эстельге.) Жақын келші. Қарашы, маған. Жерде мен туралы айтылып жатқанда, біреудің өзіме қарап тұрмағы керек. Маған жасыл көздер ұнайды.

Инэс. Жасыл көздер? Қарай гөр! Ал саған, Эстель? Саған қорқақтар ұнай ма?

Эстель. Маған бәрі бір екенін білсең ғой, шіркін. Қорқақ па, жоқ па, әйтеуір сүйісе алса болғаны.

Гарсэн. Аналар мүлгіген күйі бастарын бұлғақтатып, сигароларын будақтатып отыр – іштері пысқан. Олар Гарсэн қорқақ деп ойлайды. Енжар әрі әлсіз. Бірақ дегенмен әйтеуір бірдеңе жайлы ойлап отыр. Сужүрек Гарсэн – достарым солай деп түйді. Енді бір жарты жылдан кейін құдды Гарсэн секілді сужүк дегенді айта бастайды. Екеуіңіздің жолыңыз болды; жерде сіздерді ешкім ауызға алмайды. Менің жайым қиындап тұр.

Инэс. Ал әйеліңіз ше, Гарсэн?

Гарсэн. Әйелді айтқанда... Ол қайтыс болған.

Инэс. Қайтыс болған?

Гарсэн. Иә, сіздерге айтуды ұмытып кетіппін. Ол жақында көз жұмған. Шамамен екі ай бұрын.

Инэс. Қайғыдан ба?

Гарсэн. Әрине, қайғыдан. Басқа неден болушы еді? Қазір жағдай қалыпқа түскен: соғыс бітті, әйелім өлді, өзім тарихта қалдым.

Бетін қолымен басып алып, көзінен жас шықпай еңкілдеп жылайды. Эстель жанұшыра құшақтайды.

Эстель. Қымбаттым, қымбаттым! Бері қарашы, қымбаттым! Ұсташы мені. Омырауыма қолыңды салшы.

Оның қолын өзінің кеудесіне қояды. Гарсэн сытылып шықпақшы болады.

Тарпа қолыңды, қыбырламашы. Олар бірінен соң бірі өледі: не ойласа да бәрі бір емес пе. Ұмыт оларды. Менен басқа ешкім қалған жоқ.

Гарсэн (қолын босатып алады). Олар мені ешқашан ұмытпайды. Олар өлсе, басқалар келеді де эстафетаны жалғастырады: менің өмірім солардың қолында қалды.

Эстель. Сен тым көп сөйлейсің!

Гарсэн. Амал не? Бұрын әрекет ететін едім... Ах, бір күнге қастарына оралсам ғой... неткен әшкерелеу! Ойыннан шығып қалдым: өзі жоқтың – көзі жоқ, мен өлген соң, өздері-ақ нәтиже шығарып жатыр. Арам қатқан атжалман секілдімін. (Күледі.) Мен бір қоғамдық игілікке айналдым.

Пауза.

Эстель (елжіреп). Гарсэн!

Гарсэн. Осында ма едің? Тыңдашы, қызметіңе жүгінсем. Жоқ, бас тартпа. Білем, көмек сұрап тұрғандай көрінеді, сен әрі ондайға үйренбегенсің. Бірақ, егер ниеттенсең, күш салсаң, біз расымен бір-бірімізді шын сүюіміз мүмкін. Көріп тұрсың, қараңғы халық мені қорқаққа балап жатыр. Бірақ оларда менің шаруам қанша? Менің қашып кетпегенімді, тіпті қаша алмағанымды, ержүрек, адал екенімді бар күшімен қайталайтын бір тірі жан табылғанда ғой, мен... мен аман қаларыма сенімдімін. Маған сенгің келе ме? Өйтсең мен үшін жарық дүниедегінің бәрінен қымбаты өзің боласың.

Эстель (күледі). Ақымағым! Аңғалым! Сонда мен шынымен қорқақты сүйеді деп ойладың ба?

Гарсэн. Бірақ сен...

Эстель. Қалжыңдағам. Мен, Гарсэн, еркетті, терісі қалың, қолы қатты нағыз еркекті сүйемін. Сенің бұғағың қорқақтың бұғағына, аузың – қорқақтың аузына, үнің, шашың – сужүректің үні мен шашына ұқсамайды. Мен сені аузыңа, үнің мен шашыңа бола сүйемін.

Гарсэн. Шын ба? Шын сөзің бе?

Эстель. Ант берейін ба?

Гарсэн. Онда ана жақтағылар мен осында кім бар, бәріне түкірдім. Эстель, біз тозақтан шығамыз.

Инэс сықылықтап күледі. Гарсэн сөзін үзіп, оған қарайды.

Не болып қалды?

Инэс (күліп тұрып). Ол өз сөзіне өзі де сенбейді. Осындай да аңғал болуға болады екен-ау. «Эстель, мен сонда қорқақпын ба?» Біліп қой, оның түкіргені бар!

Эстель. Инэс. (Гарсэнге.) Мән берме оған. Егер менің сеніміме кіргің келсе, бәрін маған сенуден баста.

Инэс. Міне-міне. Сеніміне кір. Оған еркек керек, белінен орай тартатын еркек қолы, еркектің иісі, еркектің құштарлығы мен көзі керек. Басқа ештеңе... Ха! Ол сені Құдай-әке деуден тайынбас, егер сол шынымен жаныңа жағатын болса.

Гарсэн. Эстель! Шын ба? Жауап бер: рас па?

Эстель. Менен не естігің келеді? Мен бұл жайында көп ештеңені түсіне бермеймін. (Жер текпілейді.) Шаршатты бәрі! Шынымен қорқақ болсаң да, бәрі бір сені сүйеген болар едім, түсінікті ме? Жетпей ме осы?

Пауза.

Гарсэн (әйелдердің екеуіне де). Неткен жиіркенішті едіңдер! (Есікке беттейді.)

Эстель. Не істемексің?

Гарсэн. Кетем.

Инэс (шапшаң). Алысқа бармассың – есік құлыптаулы.

Гарсэн. Есікті ашуларына тура келеді.

Кнопканы басады. Қоңырау соғылмайды.

Эстель. Гарсэн!

Инэс (Эстель). Тыныш, қоңырау сынып қалған.

Гарсэн. Айттым ғой, олар ашады. (Есікті дүңкілдетеді.) Бұдан әрі сендерге төзе алмаймын, шаршадым.

Эстель жүгіріп қасына барып еді, итеріп жіберді.

Жоғал әрмен! Сен анадан да жиіркеніштісің. Көзіңе түскім келмейді. Сен желімсің! Былжырақсың! Сегізаяқ... жоқ батпақ секілдісің. (Есікті дүңкілдетеді.) Ашыңдар деймін!

Эстель. Гарсэн, жалынам, кетпеші, енді жұмған аузымды ашпаймын, мазаламаймын, тек кетпеші. Инэстің қандауырынан қорқам, жалғыз қалғым келмейді.

Гарсэн. Білгендеріңді істеңдер. Бұл жерге сені мен шақырғам жоқ.

Эстель. Қорқақ! Қорқақ! Сен нағыз сужүректің өзісің!

Инэс (Эстельдің қасына келеді). Жабырқама, суық торғайым! Оған ұнау үшін менің бетіме түкірдің, осының кесірінен ренжістік. Бірақ ол кетеді, бақытымызға орай, сосын екеуміз әйелдердің аяулы ортасы болып оңаша қаламыз.

Эстель. Бұныңмен бірдеңе ұтам деп ойлама: есік ашылды бітті, қашып шығамын.

Инэс. Қайда?

Эстель. Қайда болса да. Сенен аулақ кетсем болды.

Гарсэн әлі есікті тоқпақтап жатыр.

Гарсэн. Ашыңдар! Ашыңдар! Бәріне келісем, испан етігі, бүрге, балқыған қорғасын, қысқаш, қыл арқан – алдымда күтіп тұрғанның бәріне, мен шын азап шеккім келеді. Мына ой азабынан, еш ауртпай аялай құшқан елес қысастан гөрі, шешекпен қинап, жонымнан таспа тілгені артық. (Қос қолдап ұрғылайды.) Ашасыңдар ма, жоқ па? (Кенет есік шалқасынан ашылып, ол екпетінен құлап түсе жаздайды.) Ал керек болса!

Ұзақ үнсіздік.

Инэс. Не болып қалды, Гарсэн? Кетіңіз.

Гарсэн (шапшаң). Қызық, есік неге ашылды?

Инэс. Не қарап тұрсыз? Тез кетіңіз.

Гарсэн. Кетпеймін.

Инэс. Ал сен, Эстель?

Эстель тұрған орнынан тапжылмайды. Инэс күледі.

Қане! Кім? Үшеуміздің қайсымыз? Жол ашық, бұл не іркіліс? Күлкіден өлетін шығармын! Біз бір-бірімізден айрылмаймыз.

Эстель оның ту сыртынан атылады.

Эстель. Айрылмаймыз? Гарсэн! Көмектес. Тезірек. Мынаны сыртқа сүйреп шығарып тастап, есікті іліп алайық: бұның барар жері сол жақта.

Инэс (қорғанып). Эстель! Эстель! Жалынам, осында қалдыр мені. Тек дәлізге қуып шыға көрме!

Гарсэн. Жіберіңіз оны.

Эстель. Есің ауысқан ба, бұл сені жек көреді.

Гарсэн. Осында соған бола қалдым.

Эстель Инэсті жібере салып, Гарсэнге таңдана қарап қалады.

Инэс. Мен үшін? (Пауза.) Жапсаңызшы енді! Есік ашылып еді, мына жер бұрынғыдан бетер ысып кетті.

Гарсэн есікті жабады.

Мен үшін бе?

Гарсэн. Иә. Сен қорқақтықтың не екенін білесің.

Инэс. Білемін.

Гарсэн. Қатыгездік, ұят, үрейдің не екенін білесің. Өз жаныңа үңілген сәтте-ақ өзіңді қоярға жер таппай кеткен минуттарың болған. Ал сосын, ертеңіне, не ойларыңды, бұл қайшылықты қалай тәпсірлеріңді білмедің. Иә, сен қатыгездіктің құнын білесің. Және маған қорқақсың дегенің, оны да жақсы білгендігіңнен емес пе?

Инэс. Иә.

Гарсэн. Көзіңді жеткізгім келетін бір нәрсе – екеуміздің қанымыз бір. Сен шынымен мені кете қалады деп ойладың ба? Мен сені жеңімпаз кейпіңде әрі мен туралы мына ойларыңмен бұл арада қалдырмас та едім.

Инэс. Сонда шынымен мені сендіре аламын деп ойлайсың ба?

Гарсэн. Басқа қайран жоқ. Білесің бе, мен оларды енді естімеймін. Менің әңгімем аяқталды. Іс бітті, жерде маған қатысты ештеңе қалған жоқ, мен енді тіпті қорқақ та емеспін. Инэс, біз оңаша қалдық: енді мен жайлы тек екеуіңіз ғана ойлай аласыздар. Эстель есепте жоқ. Бірақ сен мені жақтырмайсың ғой, егер маған сенсең, мен құтқарыламын.

Инэс. Менің бірбеткейлігім саған оңайға соқпас.

Гарсэн. Оған қанша болса, сонша уақытымды сарп етер едім.

Инэс. О! Сенде шынымен де уақыт көп.

Гарсэн (оны иығынан ұстап). Тыңдашы, әркімнің өз мақсаты бар, солай ғой? Маған ақша мен махаббатың көк тиын еді. Мен адам болғым келді. Қатал адам. Бәрін соның жолына тіктім. Ал қорқақтар қауіпті жолды таңдайтын ба еді? Бүкіл өмірді бір оқиғамен ғана талқыға салуға бола ма?

Инэс. Неге болмасқа? Отыз жыл бойы менде жүрек бар деген бір үмітті қайраумен болдың; қалған ұсақ-түйек әлсіздіктеріңе мән бермедің, өйткені батырға бәрі кешірімді. Қандай ыңғайлы! Ал сосын қауіп төнгенде, сені жазаламаққа бекінгенде... Мехикоға кеттің.

Гарсэн. Бұл жасанды ерлік емес. Таңдау солай болды. Біз өзімізді қалай көргіміз келеді – сондаймыз.

Инэс. Дәлелдеңдерші соны. Алдын-ала ойластырмағаныңды дәлелдеші. Қажеттіліктің құнын тек әрекет қана анықтайды.

Гарсэн. Мен тым ерте өлдім. Әрекет етуге уақытым болмады.

Инэс. Біз әрдайым сол, не тым ерте, не тым кеш өлеміз. Өмір түгесілсе – нәтижесін шығару керек. Сен – өз өміріңнің айнасысың.

Гарсэн. Оңбаған! Бәріне жауабың дайын.

Инэс. Қане-қане! Батылырақ! Бар болғаны мені иландыруың керек. Күш сал, дәлел ізде.

Гарсэн иығын қиқаң еткізеді.

Ал? Айттым ғой, осалсың деп. Енді сен бәріне жауап бересің. Сен қорқақсың, Гарсэн, қорқақсың, өйткені мен соны қаладым. Маған сол керек, естіп тұрсың ба? Ал мен жел секілді жеңілмін, Гарсэн; мен тек көзқараспын – және сені көріп тұрмын, мен бар болғаны түссіз оймын – және сен жайлы толғанамын.

(Гарсэн қолын жайып, оған қарай жүреді.)

Мына еркек қолдары маған неге керек? Неден үміттісің? Ойды қолмен ұстай алмайсың. Сонымен, басқа амалың жоқ: мені иландыруың керек. Сен менің қолымдасың.

Эстель. Гарсэн!

Гарсэн. Саған не керек?

Эстель. Төлемін бер.

Гарсэн. Қалай?

Эстель. Мені құшақта, естіп тұрсың ба, ол сондай сайрап қоя береді.

Гарсэн. Бұның енді жөн, Инэс. Мен сенің қолыңдамын, сен де менің уысымдасың.

Эстельге қарай иіле төнеді. Инэс айғай салады.

Инэс. Қорқақ! Қорқақ! Әйелден қайыр тіле!

Эстель. Сайра, Инэс, сайра!

Инэс. Келіскен жұп! Арқаңа жабысып, көйлегіңді жиырып, денеңе батып бара жатқан күректей алақанын көрсең ғой! Оның өне бойын тер жапқан. Көйлегіңде дағы қалады.

Эстель. Сайра, бұлбұлым, сайра! Қатты құшақта, Гарсэн, ол ашуға тұншыға түссін.

Инэс. Иә-иә, қапсыра түс! Ыстық демдерің шарпыссын. Қалай екен, Гарсэн, махаббат деген жақсы шығар? Ұйқыға кеткендей балбырап барасың, бірақ бәрі бір кірпік ілуіңе мұрша бермеспін.

Эстель. Тыңдама. Сүйші мені, барым сенікі.

Инэс. Неменеңе болбырап тұрсың? Айтқанын істе: сужүрек Гарсэн нәрестесін өлтірген Эстельді құшақтап тұр. Бәс тігіңдер! Қорқақ Гарсэн сүйер ме екен? Сендерге қарап тұрмын, менің өзім бір қауым қараңғы халықпын. Гарсэн, халықтың үнін естимісің? (Күбірлеп.) Қорқақ! Қорқақ! Қорқақ! Қорқақ! Қанша қашсаң да, бәрі бір саған тыныштық бермеймін. Одан не алам деп үміттенесің? Ұмыту? Бірақ мен сені ұмытпаймын! Сен мына мені иландыруың керек. Мені. Қане-қане. Күтем сені. Қара, Эстель, құшағы айқасып барады, ол ит секілді берілген... Сен оны көре алмассың!

Гарсэн. Қашан түн болады?

Инэс. Ешқашан!

Гарсэн. Мен мәңгі көз алдымдасың ба?

Инэс. Мәңгілікке.

Гарсэн Эстельді босатып, бөлмеде бірер қадам жүреді. Каминге жақындайды.

Гарсэн. Мүсін... (Оны сипайды.) Бұл сәт те жетті! Міне, мүсін, оған қарап тұрып өзімнің тозақтық екенімді түсінемін. Айттым ғой сендерге, бәрі ойластырылған. Каминнің алдына келіп, сендердің көздеріңмен мүсінге қол тигізетінімді білді олар. Мына ішіп-жеген көздермен... (Кенет теріс бұрылады.) А! Екеуің ғана ма? Бұдан да көп шығар деп ем. (Күледі.) Тозақ деген осындай екен ғой! Ешқашан ойламаппын... Естеріңде ме: күкірт, темір тор, қайнаған қазан... Пішту. Қайнаған қазан адыра қалсын: тозақ деген – Басқа.

Эстель. Сүйіктім менің!

Гарсэн (оны итеріп жіберіп). Жолама. Анау, басқа біреу ортамызда тұр. Анау қарап тұрғанда, сені сүйе алмаймын.

Эстель. Ах солай ма! Онда ол бұдан былай бізге қарай алмайды.

Үстел үстінде жатқан қағаз кесетін пышақты алады да Инэске тап беріп, оған бірнеше рет сілтейді.

Инэс (күлген күйі қорғанып). Бұл қайткенің, ақымақ? Менің өлік екенімді ұмыттың ба?

Эстель. Өлік?

Пышақты тастай салады. Пауза. Инэс пышақты қолына алады да, ашумен өзіне сұға бастайды.

Инэс. Өлік! Өлік! Өлік! Пышақпен де емес, у мен де, қыл арқанмен де емес. Бұл баяғыда істеліп қойған, ұқтың ба? Біз мәңгі біргеміз. (Қарқылдап күледі.)

Эстель (сақылдап күледі). Мәңгілік, құдайым-ау, неткен күлкілі! Мәңгілік!

Гарсэн (екеуіне қарап тұрып күледі). Мәңгілік.

Сол күлген қалпы әрқайсысы өз-өз диванына құлай кетеді. Ұзақ үнсіздік. Күлкілерін тиып, бір-біріне қарайды. Гарсэн орнынан тұрады.

Гарсэн. Ал, қане, жалғастырайық.

Шымылдық

Көрнекі сурет ашық интернет көздерінен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар