Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ДРАМАТУРГИЯ
Жан-Поль Сартр. Жабық есіктің ар жағында ...

12.11.2020 5438

Жан-Поль Сартр. Жабық есіктің ар жағында 12+

Жан-Поль Сартр. Жабық есіктің ар жағында     - adebiportal.kz

Француз философы, жазушы, драматург және эссеші, педагог Жан-Поль Шарль Эмар Сартр атеистік экзистенциализм өкілі. Әдебиет тарихында Нобель сыйлығынан бас тартқан (1964 ж.) жалғыз адам.

Сартрдың «Жабық есіктің ар жағында» драмасы 1943 жылы, Екінші жаһан соғысы Еуропаны тұтас жалмап болған алмағайып күндері жазылған. Ол кез – қаламгер Қарсылық қозғалысының күрескеріне айналып, Францияны азат ету, жаңа қоғам құру ісіне бел шеше кіріскен шақ.

Аталған драма 1944 жылы 10 маусымда Парижде, «Вьё Коломбье» театрында тұңғыш рет сахыналанады.

Осынау философиялық интерпретацияға құрылған әйгілі пьесаны өздеріңізге қазақ тілінде ұсынуды жөн көрдік.

ЖАБЫҚ ЕСІКТІҢ АР ЖАҒЫНДА

Бір актілі пьеса

«Сол Әйелге» арналады

Қатысушылар:

Инэс.

Эстель.

Гарсэн.

Күтуші-бала.

Бірінші сахна

Гарсэн, Күтуші

ІІ Империя стиліндегі қонақ үй нөмірі. Камин үстінде қола мүсін тұр.

Гарсэн (кіреді де жағалай көз тастайды). Міне, осылай.

Күтуші. Осылай.

Гарсэн. Осылай болды...

Күтуші. Сөйтті.

Гарсэн. Мен... уақыт өте келе бұл жағдайға да үйренісіп кетуге болар деп ойлаймын.

Күтуші. Адамына байланысты.

Гарсэн. Сонда не, барлық бөлме осындай ма?

Күтуші. О не дегеніңіз! Бізге қытайлар да, үндістер де келеді емес пе. Оларға ІІ Империя стиліндегі креслоның не керегі бар?

Гарсэн. Ал маған оның не керегі бар? Менің кім болғанымды білесіз бе? Жә оны қойшы, маңызды емес. Қысқасы, мен үнемі өзіме ұнамайтын жиһаздардың қоршауында болдым, және сол бір жалған көріністер өзіме ұнайтын. Луи-Филипп қонақ үй стиліндегі жалған көріністер сізге ұнар ма еді?

Күтуші. Әлі-ақ көзіңіз жетеді: ІІ Империя қонақ үй стилі де жаман емес.

Гарсэн. А, иә-иә. (Айналасына қарайды.) Қалай дегенмен де бұл менің ойыма келмес еді... Сіз, әрине, білесіз ғой, анда не айтатынын?

Күтуші. Не туралы?

Гарсэн. Енді... (ұғынықсыз ишара жасап) мынаның бәрі туралы.

Күтуші. Ондай ақымақтыққа қалай ғана нандыңыз? Оның бәрін шығарып жүрген бұл араға танауын да тығып көрмеген адамдар ғой. Егер солар осы жерге тап болса ғой...

Гарсэн. Иә.

Екеуі де күледі.

Гарсэн (кенет байыпты түр танытып). Қазық қайда?

Күтуші. Не?

Гарсэн. Қазық, сақылдап қайнап жатқан қазан, мыс түтік?

Күтуші. Сіз қалжыңдап тұрсыз ба?

Гарсэн (оған мойын бұрып). А? Жарайды... Жоқ, қалжыңдап тұрғаным жоқ. (Бөлмені шарлап кетеді.) Бәсе-бәсе, не айна, не терезенің шынысы. Шағылатын ештеңе жоқ. (Оқыс ашуға беріліп.) Тіс шөткемді неге алып қойды а?

Күтуші. Әп бәрекелді. Қадыр-қасиетіңіз оралды-ау, өзіңізге, ақыры. Ғажап!

Гарсэн (ашумен креслоның жақтауын төмпештеп). Өтінем, тап осы көлгірсуден құтқара көріңіз, мені. Жағдайым өзіме мәлім, бірақ сіздің бұлай мұқатуыңызға төзе алмаймын...

Күтуші. Ләппай, тақсыр. Сонда қайтпек керек – бәрінің сұрайтыны осы. Келмей жатып бірден: «Сақылдаған қазан қайда?» Және сол сәтінде, сеніңіз сөзіме, былай жөнделіп, қалыпқа келу деген олардың миына да кіріп шықпайды. Ал сосын, сабасына келді бітті, естеріне бірден тіс шөткелері түседі. Ағатай-ау, Құдай үшін, жақсылап ойланыңызшы, бұл жерде тіс жуудың не керегі бар? Айтыңызшы?

Гарсэн (сабасына түсіп). Шынымен де, неге керек ә? (Айналасына қарап.) Айнаға қараудың маған не керегі бар деші? Есесіне қола мүсін керек жерінде тұр... Меніңше, әлі талай нірсеге үңіле қарауым керек. Үңіле қарауым керек, дұрыс па? Жә-жә, жасыратын ештеңесі жоқ: қайталап айтам, жағдайымды ешқашан естен шығармаймын. Керек пе, оның қалай боларын айтып берейін? Адам тұншығып, су түбіне кетіп бара жатады, тек көздері ғана тұңғиыққа тесіреюмен болады, сонда ол нені көреді дейсіз ғой? Қола мүсінді. Сұмдығы осы! Е иә, сіз маған, әрине, жауап беруіңізге болмайды, тиым салынған, мәжбүрлемеймін де. Бірақ есіңізде болсын, мені қапыда қолға түсірген жоқ, таң-тамаша қылдым деп өзіңізді алдарқатпаңыз: мен өз жағдайымды сау ақылмен саралап тұрмын. (Бөлмені тағы кезіп кетеді.) Сонымен, тіс шөтке болмайтын болды. Төсек те жоқ. Мұнда, өйткені, ұйықтамайды ғой?

Күтуші. Сайтан!

Гарсэн. Бәс тігуге бармын, менікі дұрыс. Несіне ұйықтайсың? Ұйқы байқатпай келеді. Біртіндеп кірпігің айқаса бастайды, бірақ ұйқының не керегі бар? Диванға жантая кетесің, бітті! – ұйқы сап тиылады. Сөйтіп көзіңді уқалаған күйі орныңнан тұрып, бәрін басынан қайта бастауға тура келеді.

Күтуші. Романтиктің нағыз өзі екенсіз!

Гарсэн. Доғарыңыз. Мен жыламаймын да, жоқтамаймын да, бірақ шындықтың көзіне тура қарағым келеді. Ол менің мойын бұруға да мұршамды келтірмей, ту сыртымнан қадалғанын қаламаймын. Романтик? Тіпті түстің де қажеті шамалы... Ақыры түс көрмеген соң, ұйықының не керегі бар? Бәрекелді. Тоқтай тұрыңыз: сонша неге ауыр? Неге үнемі ауырлық басып тұрады? Білем: сәулесіз өмірдің көрінісі.

Күтуші. Қандай сәуле?

Гарсэн (қитығына тиіп). “Қандай сәуле?” (Күдіктене қарап.) Бері қараңызшы. Өзім де солай ойлап едім! Адам төзгісіз дөрекі түр беріп, желімше жабыса қалуыңыздың сырын енді ұққандаймын. Ал керек болса – нағыз өлі көз!

Күтуші. Не деп кеттіңіз?

Гарсэн. Кірпігіңізді айтам. Біз... біз жыпылықтаймыз. Кірпігіңді қағып қалдың, бітті: шымылдық жабылды – қараңғылық, шымылдық қайта ашылды – қайтадан жап-жарық! Көзің суланады, әлем жоқ болады. Сіздер бұның қаншалықты жұбаныш болатынын елестете де алмайсыздар. Сағатына төрт мың жарқыл. Сағатына төрт мың қасқағым. Ал мен төрт мыңды айтқанда... Ол қалай сонда? Мен кірпіксіз өмір сүремін бе? Ақымақ бола қалмаңызшы. Кірпіксіз бен ұйқысыз – екеуі бір нәрсе. Енді ұйықтамаймын. Бірақ өзімді қалай ұстаймын? Түсінуге тырысыңыз, күш салып көріңіз: мен бір тынышсыз адаммын, үйренгем... өзімді өзім ызаландырып үйренгем. Бірақ ол үздіксіз жалғаса бермейді ғой: ана жақта түн деген болған. Ұйықтайтын едім. Тып-тыныш ұйқыға кететінмін. Қуып жетуім үшін. Қарапайым түстер көретінмін. Мысалы, даланы... Даланы көрем. Түсімде дала кезіп жүрер едім. Қазір күндіз бе?

Күтуші. Өзіңіз де көріп тұрсыз ғой, жарық екенін.

Гарсэн. Сайтан алғыр! Сіздерде ғой ол, күндіз. Ал сырта?

Күтуші (аптыға). Сыртта?

Гарсэн. Иә, сыртта. Мына қабырғаның арғы жағында.

Күтуші. Ол жақ дәліз.

Гарсэн. Ал дәліздің түкпірінде ше?

Күтуші. Өзге де бөлмелер, сосын дәліздер мен сатылар.

Гарсэн. Одан әрі?

Күтуші. Бары сол.

Гарсэн. Сіздерде, әрине, демалыс күндері бар. Сол кезде қайда барасыз?

Күтуші. Ағайыма, аға күтушіге, үшінші қабаттағы.

Гарсэн. Қалай ғана ойыма келмеген... Жарықты қай жерден сөндірем?

Күтуші. Ол бұл жерде жоқ.

Гарсэн. Демек, жарықты өшіруге болмайды?

Күтуші. Дирекция электрді үзе алады. Бірақ осы қабатта ондайдың болған-болмағаны есімде жоқ. Электр дегенің бізде асып төгіледі.

Гарсэн. Тамаша. Демек, көз ілмей өмір сүретін болдық қой...

Күтуші (Кекесінмен). Өмір сүру...

Гарсэн Сөзден тосудың керегі жоқ. Кірпік ілмей. Үнемі. Көз алдымда үнемі күндіз тұрады. Басымда да солай болмақ. (Пауза.) Ал егер люстраны мүсінмен күл-талқан қылсам ше, сөне ме?

Күтуші. Мүсін тым ауыр.

Гарсэн (мүсінді көтеріп көрмекші болады). Дұрыс айтасыз. Тым ауыр екен.

Пауза.

Күтуші. Қажетім болмаса, жүре берейін.

Гарсэн (қалшылдап). Кеттіңіз бе? Сау болыңыз.

Күтуші есікке таман барады.

Тоқтай тұрыңыз.

Күтуші бұрылып қарайды.

Мынау қоңырау ма?

Күтуші бас изейді.

Бассам бола ма, қажет кезде, сіз міндетті түрде келесіз ғой?

Күтуші. Негізі, солай. Бірақ ол дұрыс істемей тұр. Бірдеңесі бұзылған ғой деймін.

Гарсэн (кнопканы басады, қоңырау шырылдайды.)

Істеп тұр ма?!

Күтуші. Істейді! (Қоңырау шырылдайды.) Бірақ үміттенбегеніңіз жөн, ұзаққа бармас. Қызметіңізге әзірмін.

Гарсэн (оны тоқтатпақ ниетпен ұмсынып). Мен...

Күтуші. А?

Гарсэн. Жоқ, ештеңе. (Бөлмеге барып, қағаз кесетін пышақты қолына алады.) Мынау не нәрсе?

Күтуші. Көріп тұрсыз ғой – қағаз кесетін пышақ.

Гарсэн. Мұнда кітап бар ма?

Күтуші. Жоқ.

Гарсэн. Онда бұның не керегі бар?

Күтуші иығын қиқаң еткізеді.

Жарайды. Барыңыз.

Күтуші кетеді.

Екінші сахна

Гарсэн жалғыз.

Мүсінге жақын барып, оны сипайды. Бір отырып, бір тұрады. Кнопканы басады. Қоңырау соғылмайды. Екі-үш қайтара басады. Нәтижесіз. Есікке барып, оны ашпақшы болады. Түк шықпайды. Айғайлап шақырады.

Гарсэн. Күтуші! Күтуші!

Еш жауап жоқ. Есікті тоқылдатып, күтушіні шақырады. Кенет сабасына түсіп, әлгіндегі орнына барып отырады. Сол сәтте есік ашылып, ішке Күтушіге еріп Инэс кіреді.

Үшінші сахна

Гарсэн, Инэс, Күтуші

Күтуші (Гарсэнге). Сіз мені шақырдыңыз ба?

Гарсэн жауап бергелі жатып, Инэске көзі түседі.

Гарсэн. Жоқ.

Күтуші (Инэске бұрылып). Міне, сіз де өз орныңыздасыз, мадам.

Инэс үндемейді.

Егер қандайда бір сұрағыңыз болса...

Инэс сол үндемеген қалпы тұра береді.

Күтуші (таңданысты кейіпте). Әдетте клиенттер сұрақтың астына алар еді... Бірақ мен мәжбүрлемеймін. Оның үстіне тіс шөткесі, қоңырау мен қола мүсіннің жайын мына мырза менен тәуір біледі.

Күтуші кетеді. Үнсіздік. Гарсэн Инэске қарамайды. Инэс айналасын бір шолып шығып, сосын екпіндей дамдап Гарсэннің қасына жетіп барады.

Инэс. Флоранс қайда?

Гарсэн жауап бермейді.

Флоранс қайда деп тұрмын ғой?

Гарсэн. Мен ештеңе білмеймін.

Инэс. Ойыңызға келгені осы-ақ па? Үнсіз азаптау ма? Сонымен, ештеңе шығара алмадыңыз. Флоранс – ақымақ, мен де оны титімдей де аяп тұрғаным жоқ.

Гарсэн. Кешіріңіз, сіз мені кім деп тұрсыз?

Инэс. Сізді? Сіз жендетсіз.

Гарсэн (қалш-қалш етеді, сосын өтірік күледі). Сандырақ! Сіз мені шынымен жендетке ұқсатып тұрсыз ба? Кірдіңіз, мені көрдіңіз, сөйттіңіз де, жендет екен деп ойладыңыз ба? Неткен ақымақтық! Күтуші де бір мылжың екен – сіз екеумізді таныстыруы тиіс еді ғой. Жендет! Мен Жозеф Гарсэнмін, публицист әрі жазушы. Бар болғаны сіз екеумізді бірге орналастырды. Бикеш...

Инэс (сүлесоқ). Инэс Серано. Мадемуазель.

Гарсэн. Бәрекелді. Тамаша. Қысқасы, сең қозғалды. Көзіңізге, сонда, жендет болып көріндім ә? Ал сонда жендетті, мейіріміңізді төге көріңіз, қандай белгілеріне қарап таниды екен?

Инэс. Олар үрейленіп тұрады.

Гарсэн. Үрейленіп? Қызық екен. Сонда ол кімнен қорықпақ? Өзінің құрбандарынан ба?

Пауза.

Инэс. Қалай? Мен не айтып тұрғанымды білемін. Айнадан да өзімді көрдім.

Гарсэн. Айнадан? (Жан-жағына қарап.) Бұныңыз адам төзгісіз нәрсе: мұнда айнаға ұқсайтын ештеңе жоқ. (Пауза.) Қалай болғанда да, сеніңіз, мен қорықпаймын. Жағдайым қаншалықты мүшкіл екенін түсінемін және барынша байыппен қараймын. Бірақ мен қорықпаймын.

Инэс (иығын қиқаң еткізіп). Ол өз шаруаңыз. (Пауза.) Мына арадан сыртқа шығып, серуендей алдыңыз ба?

Гарсэн. Есік құлыптаулы.

Пауза.

Инэс. Жетіскен екенбіз.

Гарсэн. Менен қысылып тұрғаныңызды жақсы түсінем. Мен де, сәті келсе, жалғыз қалғанды теріс көрмес едім: ес жиып, қайтіп те болсын өмірімді қолға алуым керек. Бірақ бір-бірімізге үйренісіп кетерімізге сенімім кәміл: көп сөзім жоқ, жуаспын әрі жүріс-тұрысым да білінбейді. Тек сізге мынадай бір ұсыныс жасауға мұрсат етіңіз: бір-бірімізге барынша сыпайы болсақ. Қорғаныстың ең оңтайлы жолы осы.

Инэс. Мен дөрекімін.

Пауза.

Гарсэн. Онда екеуміз үшін мен-ақ сыпайы болайын.

Үнсіздік. Гарсэн диванда отыр. Инэс бөлмені ары-бері кезіп жүр.

Инэс (оған қарап). Еріндеріңіз.

Гарсэн. Не дейсіз?

Инэс. Ерніңізді жыбырлатпай отыра аласыз ба? Құдды шыр айналған зырылдауық секілді.

Гарсэн. Кешіріңіз, мән бермеппін...

Инэс. Соны айтып отырмын ғой.

Гарсэн ернін жыбырлатып қояр емес.

Тағы да! Сіз сыпайылық сақтаймын деп едіңіз, бет-аузыңызға мән беруді қойдыңыз. Жалғыз отырған жоқсыз, өзіңіздегі қорқынышпен мені де шырмауға еш құқыңыз жоқ. Гарсэн орнынан тұрып, оған жақын барады.

Гарсэн. Сіз қорықпайсыз ба?

Инэс. Неден қорқуым керек? Қорқыныш артта қалған, ол үмітті шағымызда қажет еді.

Гарсэн (жұмсақ сөйлеп). Енді үміт жоқ, бірақ біз әлі өткен шақтамыз. Тартар азабымыз әлі басталған жоқ, мадемуазель.

Инэс. Білемін (Пауза.) Ары қарай не? Тағы кім келеді?

Гарсэн. Білмеймін. Күтемін.

Үнсіздік. Гарсэн орнына барып отырады. Инэс теңселіп жүре бастайды. Гарсэн тағы да жыбырлай бастайды да, Инэска бір қарап, бетін қолымен басып алады. Эстель мен Күтуші кіреді.

Төртінші сахна

Инэс, Гарсэн, Эстель және Күтуші.

Эстель тұқырайып төмен қарап тұрған Гарсэнге назар аударады.

Эстель (Гарсэнге). Жоқ! Жо-жоқ, басыңды көтерме. Қолыңмен не жауып тұрғаныңды білемін, білем, сенің бетің енді жоқ.

Гарсэн қолын алады.

Ах (Пауза. Таңданыспен.) Мен сізді танымадым.

Гарсэн. Мен жендет емеспін, мадам.

Эстель. Сізді жендет деп ойлаған да жоқпын. Мен... мені біреу мазақ қылғалы тұр екен деп ойлағам. (Күтушіге.) Сіз не күтіп тұрсыз!

Күтуші. Басқа ешкім келмейді.

Эстель (жеңілейіп). Демек, үшеуміз қалатын болдық қой: месье, мадам және мен? (Күледі.)

Гарсэн (сүлесоқ). Күлкілі ештеңе көріп тұрғам жоқ.

Эстель (күлкісін жалғастырып). Мынау бір сүрепетсіз диван екен. Қараңдаршы, қалай қойылған – құдды қазір Жаңа жыл секілді, ал мен Мари тәтемдікіне бас сұққандаймын. Шамасы, әрқайсысы әрқайсымызға арналған-ау? Міне біреуі менікі ме? (Күтушіге.) Бірақ бұл маған келмейді, тым сиықсыз: мен көксұр киінгем, ал диван күңгірт-жасыл.

Инэс. Қажет болса, ауысайық?

Эстель. Күрең? Мейірімді екенсіз, бірақ анаусының мынадан артылып тұрғаны шамалы. Жарайды, жасылы маған тиген екен, солай-ақ болсын. (Пауза.) Маған таритын жалғыз біреуі мына мырзаның еншісінде екен.

Үнсіздік.

Инэс. Бері қараңызшы, Гарсэн?

Гарсэн (селк ете түсіп). Диван ба? Ой, кешіріңіз. (Орнынан тұрады.) Мінекейіңіз, мадам.

Эстель. Рахмет. (Пәлтесін шешіп, диванға отырады. Пауза.) Ақыры бірге тұрады екенсіз, қане, танысайық. Менің есімім Эстель Риго.

Гарсэн басын иіп, аты-жөнін атағалы жатыр еді, Инэс алдын орап.

Инэс. Инэс Серано. Өте қуаныштымын.

Гарсэн тағы да бас иеді.

Гарсэн. Жозеф Гарсэн.

Күтуші. Менің қажетім бар ма?

Эстель. Жоқ, боссыз. Сізді өзім шақырамын.

Күтуші бас иеді де, кетіп қалады.

Бесінші сахна

Инэс, Гарсэн, Эстель.

Инэс. Қандай сұлусыз. Қолымда бір шоқ гүлдің жоғына өкініп тұрғаным, әйтпесе өзіңізге сыйлар едім.

Эстель. Гүл? Иә, гүлді өте жақсы көрдім. Бірақ мына жерде ол солып қалар еді – тым қапырық. Бастысы – көңіл-күйді түсірмеу керек, солай емес пе? Сіз қашан?...

Инэс. Мен бе? Өткен аптада. Ал өзіңіз?

Эстель. Мен? Кеше. Салтанатты жиын әлі тараған жоқ. (Тап бір әлденені суреттеп тұрғандай, табиғи қалыпта сөйлейді.) Бетіме жапқан пердені жел желпіп тұр! Сіңілілерім. Олар бар күшімен жылағысы келеді. Қанекей, қане тағы бір рет талпынып көрші. Сөйтті-ау әйтеуір. Перде сыртында екі тамшы жас жылтырайды. Ольга Жардэнің жағдайы бүгін мәз емес. Сіңілімнің қолтығынан ұстап тұр. Бояуым ағып кетпесін деп көзінен бір тамшы жас шығармайды, ал оның орнында мен болғанда... Ең жақын құрбым еді ғой.

Инэс. Қатты қиналдыңыз ба?

Эстель. Жоқ. Қатты шаршаған болуым керек.

Инэс. Неден?..

Эстель. Пневмониядан. Ал, осымен бәрі бітті, ел тарап жатыр. Сау болыңыз, сау болыңыз. Бітпейтін қол алысу! Күйеуім қайғыдан қан жұтып, үйде қалды. (Инэске.) Ал сіз неден?..

Инэс. Газдан.

Эстель. Сіз, мырза?

Гарсэн. Он екі оқтан. (Эстельге ишара жасап.) Кешіріңіз, салиқалы марқұмдар тобына қосылар сиық жоқ, менде.

Эстель. О, мырзам, ондай қораш сөзден аулақ болсаңыз екен. Ол... ол жүйкеге тиеді. Тіпті өзі, сонда не мән бар? Өзімізді тап осылай тірі сезіндік пе екен, әуелі? Осы жағдайымызды шынымен бірдеңе деп атау керек болса... онда мен өзімізді «жоқ болғандар» деп атауды ұсынамын. Жұмсақ естіледі. Қай уақыттан бері жоқсыздар?

Гарсэн. Шамамен бір ай.

Эстель. Қай жақтансыз?

Гарсэн. Риодан.

Эстель. Мен Парижденмін. Ана жақта жақындарыңыздан біреу-міреу қалды ма?

Гарсэн. Әйелім. (Эстельдің өз ырғағына салып сөйлейді.) Ол әдеттегідей казармаға келді; бірақ ішке кіргізген жоқ. Қоршаудың торынан ішке үңіледі. Менің жоқ екенімді әлі білмейді, бірақ сезетіндей. Қайтып барады. Қап-қара киініп алған. Сонысы дұрыс болған, киім ауыстырып жатпайды. Көзінен бір тапшы жас шыққан жоқ: ол өмірінде жылаған емес. Күн күлімдеп тұр, ал ол боса иен көшеде жападан-жалғыз кетіп барады, қап-қара киініп алған, айналасына құрбанның көзімен қарайды. Ах, тітіркеніп кеттім ғой! Үнсіздік. Гарсэн ортаңғы диванға барып отырады да, қолымен бетін басады.

Инэс. Эстель!

Эстель. Гарсэн мырза!

Гарсэн. Сізге не керек?

Эстель. Менің диваныма отырып алдыңыз.

Гарсэн. Кешіріңіз. (Түрегеледі.)

Эстель. Өң-түстен айрылып қалыпсыз.

Гарсэн. Өмірімді ретке келтіремін.

Инэс күледі.

Күлгенше, сол адам менен үлгі алса етті.

Инэс. Менің өмірім тамаша. Тап-тұйнақтай. Ана жақта-ақ реттелген, оған бола бас қатырудың қажеті де жоқ.

Гарсэн. Шын ба? Сіз бұны жеңіл-желпі бірдеңе деп ойлайсыз ба? (Қолын маңдайына апарып.) Неткен ыстық! Рұхсат етсеңіз? (Пиджагын шеше бастайды.)

Эстель. Ах, жоқ! (Жұмсақ үнмен.) Жоқ. Пиджаксыз еркекті суқаным сүймейді.

Гарсэн (пиджагын қайта киеді). Жарайды. (Пауза.) Редакцияда жиі қонып қалатынмын. Тозақтан бетер күйіп тұратын еді, ол жер. (Пауза. Тағы да есіне түсіріп.) Мұнда да күйіп тұр. Қазір түн бе екен?

Эстель. Иә, түн болды. Ольга шешініп жатыр. Жердегі уақыт қалай тез өтеді деші.

Инэс. Қазір түн. Аналар менің бөлмемнің есігін мөрледі. Қараңғы бөлме қаңырап бос тұр.

Гарсэн. Олар пиджактарын орындықтың арқасына іліп, жейделерінің жеңін, шынтақтан жоғары жағын кептіруде. Адам мен темекі исі мүңкіп тұр. (Үнсіздік.) Пиджаксыз жігіттердің арасына жүргенді жақсы көретін едім.

Эстель (сүлесоқ). Демек, талғамымыз әр түрлі. (Инэске.) Ал сізге пиджаксыз еркектер ұнай ма?

Инэс. Пиджагы болсын-болмасын, мен жалпы еркек атаулыны жақтырмаймын.

Эстель (екеуіне таңдана қарап). Неге, неге бізді бірге орналастырды?

Инэс (ашулы үнмен). Сіз нені айтып тұрсыз?

Эстель. Екеуіңізге қарап, бірге тұратынымызды ойлап тұрмын. Осыннан достарым мен туыстарымды көретін шығармын деп ем.

Инэс. Маңдайында тесігі бар сүйкімді досты.

Эстель. Иә, оны да. Ол тангоны кәсібилерше билейтін. Бірақ мына бізді неге бір жерге жинады?

Гарсэн. Кездейсоқ жәйт. Олар адамдарды іс-әрекеттеріне қарай қайда болса сонда орналастырады. (Инэске.) Несі күлкілі?

Инэс. Кездейсоқтық туралы талқыңыз тым күлкілі екен. Сонда шынымен бәріне көз жеткізуіңіз керек пе? Оларда кездейсоқ деген болмайды.

Эстель (қорқақтай). Мүмкін, біз бұрын кездескен шығармыз?

Инэс. Жоқ, ешқашан. Сіз есімде қалар едіңіз.

Эстель. Әлде, мүмкін, ортақ таныстарымыз бар шығар? Сіз Дюбуа-Сеймуровты білетін бе едіңіз?

Инэс. Қайдам.

Эстель. Оларға көп адам баратын.

Инэс. Немен айналысушы еді?

Эстель (таңданыспен). Ештеңемен. Олардың қамалдары бар. Коррезе мен...

Инэс. Мен поштада істегем.

Эстель (сәл шегіншектеп). Шын ба? (Пауза.) Ал сіз, Гарсэн мырза?

Гарсэн. Мен Риодан аттап басқан емеспін.

Эстель. Онда сіздікі жөн – бізді кездейсоқ қосқан.

Инэс. Кездейсоқ? Онда мына жиһаз да бұл араға кездейсоқ келген. Оң жақта күңгірт-жасыл, сол жақта күрең диванның тұруы да кездейсоқ болды ғой? Кездейсоқ қой? Онда орындарын ауыстырып көрейік, бірдеңе өзгерер ме екен? Ал қола мүсін ше – ол да кездейсоқ па? Мына қапырық ыстық?! (Үнсіздік.) Маған сеніңіздер, бәрі ойластырылған. Титімдей детальдарына дейін, өте мұқият түрде. Бұл бөлме бізді күтті.

Эстель. Бұл қалай болғаны? Мұндағының бәрі сиықсыз, қатты, бұрышы көп. Мен бұрышты жек көретінмін.

Инэс (иығын қиқаң еткізі). Мені ІІ Империя стиліндегі қонақ үйде тұрды деп ойлар ма едіңіздер?

Пауза.

Эстель. Бәрі осылай ойластырылған ба?

Инэс. Түгел. Бізді де арнайы іріктеген.

Эстель. Менің сіздерге тап болуым да кездейсоқ емес пе? (Пауза.) Олар не күтіп отыр?

Инэс. Не екенін білмеймін, бірақ күтулі бірдеңе бар.

Эстель. Өзімнен бірдеңе күткенін суқаным сүймейді. Бәрін керісінше істеуге құмартып шыға келем.

Инэс. Сөйтпейсіз бе енді! Айтасыз-ау. Оларға не керегін де білмейсіз ғой.

Эстель (жер тепкілеп). Төзе алмаспын! Сонда әлгі «бірдеңені» сіздерден күтуім керек пе? (Екеуіне қарайды.) Әрқайсыңыздан. Кісінің ішіндегісін бет-жүзінен оқитын едім. Ал сіздер бежірейіп тұрсыздар.

Гарсэн (Инэске қарап, екпіндей сөйлеп). Сонымен біз неге біргеміз? Сіз көп нәрсе айттыңыз, айта түсіңіз.

Инэс (таңданыспен). Мен ештеңе білмеймін. Мүлдем.

Гарсэн. Білу керек. (Азырақ ойланады.)

Инэс. Егер айтуға батылымыз жетер болса...

Гарсэн. Не?

Инэс. Эстель!

Эстель. Тағы не?

Инэс. Не істеп қойып едіңіз? Сізді неге осында жіберді?

Эстель (жұлып алғандай). Білмеймін, ештеңе білмеймін мен. Бұның қателік екенін жоққа шығара алмайсың. (Инэске.) Күлмеңіз. Өзіңіз ойлаңызшы, күніне қанша адам... жоқ болып кетеді. Осында мыңдап келіп жатады және тек бағыныштыларымен, шенеуніктермен себепті-себепсіз істес болғандар. Қателіктен қалай айналып өтпек! Күлмеңіз. (Гарсэнге.) Бірдеңе десеңізші. Егер олар менің жағдайымда қателескен болса, онда сіздің жағдайыңызда да қателесуі мүмкін ғой. (Инэске.) Сіздің де жағдайыңызда. Бәріміздің осында тап болуымыз қателік екенін ойлауда тұрған не қайшылық бар?

Инэс. Бар айтпағыңыз осы-ақ па?

Эстель. Сізге тағы не керек еді? Жасыратын ештеңем жоқ. Жалаңаяқ жетім едім, бауырымды асырап-бақтым. Әкемнің ескі досы маған көңіл білдірді. Ол бай әрі мейірімді адам еді, келісім бердім. Менің орнымда болсаңыз сіз қайтер едіңіз? Аурушаң баурыма үнемі күтім керек болды. Күйеуіммен шәй деспей алты жыл отастық. Екі жыл бұрын қалаған адамымды жолықтырдым. Бір-бірімізді бір көргеннен ұнаттық. Ол етегінен ұстап, бірге кетуімді өтінді, мен бас тарттым. Содан кейін өкпем қабынды. Бітті, сонымен. Қандай да бір принципке бола, жас өмірімді кәрі шалға арнағанымды айыпқа бұйырмас. (Гарсэну.) Сіздіңше бұл қателік пе?

Гарсэн. Әрине, жоқ. (Пауза.) Ал өз принципіңмен өмір сүру, сіздіңше, қателік пе?

Эстель. Ол үшін бізді кім сөкпек?

Гарсэн. Мен пацифистік журнал шығардым. Соғыс басталды. Қайтпек керек? Бәрі менен бір әрекет күтті. «Мынаның батылы барар ма екен?» деп. Мен қайыспадым. Қолымды айқастырып тұрып алдым, атып тастады. Қай жері қате? Осының қай жерінде қателік бар?

Эстель (оның иығына қолын артып). Ешқандай қателік болмаған. Сіз...

Инэс (мысқылмен іліп әкетіп). ...қаһармансыз. Ал әйеліңіз ше, Гарсэн?

Гарсэн. Не, әйелім? Мен оны ағыннан алып шықтым.

Эстель (Инэске). Көрдіңіз бе?!

Инэс. Көріп тұрмын. (Пауза.) Кімді келеке қылып тұрсыз? Арамызда бөтен ешкім жоқ. Бәрі өзіміз.

Эстель (менменсіп). Өзіміз?

Инэс. Иә, біз бәріміз қылмыскерміз. Біз тозақтамыз, балақай, мұнда қателік деген болмайды, адамдарды да мұнда себепсіз сынамайды, азаппен.

Эстель. Үніңізді өзіріңіз.

Инэс. Тозақтамыз! Қарғыс атсын, қарғыс атқыр!

Эстель. Доғарыңыз. Аузыңызды жаба аласыз ба?! Шу шығаруға үзілді-кесілді тиым саламын.

Инэс. Қарғыс атқан кішкентай әулие. Қарғыс атты ғой, мінсіз қаһарманды. Қас қағым бақытымыз бар еді ғой, рас па? Адамдар біздің кесірімізден соңғы демі шыққанша қиналатын, және ол өзімізге ұнайтын еді. Ал қазір жауап беруіміз керек.

Гарсэн (теңселіп кетті). Доғарыңыз дедім ғой!

Инэс (оған қорқынышсыз, бірақ аса таңдана қарап тұр). Ха! (Пауза.) Тоқтаңыз! Түсіндім, мен енді білемін, бізді неге бір жерге жинағанын.

Гарсэн. Бірдеңе демес бұрын, әуелі ойланып алыңыз.

Инэс. Қараңыздаршы, бәрі қарапайым. Екіге екіні қосқандай қарапайым. Тәнімізді қинап жатқан жоқ, бірақ бәрі бір тозақтамыз. Және басқа ешкім келмейді. Ешкім. Осында мәңгі қаламыз, бірге, жалғыз. Сонымен? Мұнда тек жендет қана жетпей тұр.

Гарсэн (күбірлеп). Иә, солай.

Инэс. Олар қызметшілерден үнем жасап отыр. Бар болғаны сол-ақ. Клиент бәрін өзі істейді – асханада артыңды өзің жинайтының секілді.

Эстель. Сіз нені меңзеп тұрсыз?

Инэс. Әрқайсымыз қалған екеумізге жендет боламыз. (Пауза, ойланып қалды.)

Гарсэн (баяу). Менің жендет болғым келмейді. Сіздерге оғаш бірдеңе тілемеймін, тіпті сіздерде шаруам жоқ. Бәрі оп-оңай. Былай деп келісейік: әркім өз бұрышынан шықпайды. Сіз мұнда, сіз әне жерде, ал мен мына тұста. Сосын үніміз шықпасын, жарай ма? Аса қиын да емес қой. Әрқайсымыздың өз ойымыз бар. Мен бе, мен он мың жыл бойы сөйлеспей отыра аламын.

Эстель. Мен үндемеуім керек пе?

Гарсэн. Иә. Сонда бәріміз құтқарыламыз. Үндеме, өзіңмен-өзің отыр, басыңды көтерме. Келістік қой?

Инэс. Келістік.

Эстель (сенімсіз). Келістік.

Гарсэн. Ендеше қош болыңыздар.

Гарсэн өз диванына барып, бетін қолымен басады.

Үнсіздік.

Инэс баяу әндетеді:

Инэс.

Блан-Марто жолағында

Жендет тұрды ертемен,

Бір қыжыл бар маза бермей

Көкірегін өртеген.

Аямайды ол ешкімді –

Кісі өлтіру мәртебе.

Блан-Марто жолағында

Канша тағдыр түңілер

Шықты әйел сылаң қағып

Үйіріп алар үнімен.

Кенет, ешкім күтпеген-ді

Блан-Марто өзенінің

Басы кетті түбіне.

Инэс әндетіп отырғанда Эстель бетіне опа жағып, ернін бояуға кіріседі. Жан-жағына тінте қарап, айна іздейді. Сөмкесін ары-бері ақтарыстап көреді де, Гарсэнге бұрылады.

Эстель. Мырза, айнаңыз жоқ па?

Гарсэн жауап бермейді.

Болмағанда қалтаға салып жүретін алақандай бірдеңе бар шығар?

Гарсэн жауап бермейді.

Мені жалғыз қалдырады екенсіздер, тым құрығанда айна тауып беріңіздерші.

Гарсэн сонда да жауап қатпайды.

Инэс (сөмкесін ақратып жатып). Сөмкемде айна бар. (Сөмкесін ақтарады. Сосын жеңіл күрсініп.) Айна енді жоқ. Канцелярияда алып қойған.

Эстель. Шаршадым бәрінен!

Пауза. Ол көзін жұмып, теңселіп кетеді. Инэс жүгіріп барып сүйейді.

Инэс. Сізге не болды?

Эстель (көзін ашып, жымияды). Түсініксіз бірдеңе. (Өзін ұстап көреді.) Сіздерде де сондай бола ма? Өзіңді ұстап көресің, бірақ бос әуре: құдды жоқ секілдісің.

Инэс. Сіздікі, қайта, жақсы. Мен үнемі ішімдегі бірдеңені сезіп тұрамын.

ЖАЛҒАСЫ БАР...

Көрнекі сурет ашық интернет көздерінен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар