Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Абай мен Шәкәрім шығармашылығындағы дәстүрлі үндес...

01.12.2018 11394

Абай мен Шәкәрім шығармашылығындағы дәстүрлі үндестік

Абай мен Шәкәрім шығармашылығындағы дәстүрлі үндестік - adebiportal.kz

Қазақ әдебиетіндегі ұлы дәстүр – Абай дәстүрі. Абай дәстүрі деген ұғымның сан салалы, күрделі екендігі баршаға мәлім. Абай мұрасы тақырып-мазмұн жағынан алғанда да, ақындық өнер, шеберлік тұрғысынан келгенде де ұлан–ғайыр. Қазақ әдебиеті тарихында Абай дәстүрі деген ұғымның қалыптасып, кең қанат жайғаны бүгінгі әдеби үрдістің даму барысында зор маңызын көрсетіп отыр. Себебі Абай дәстүрі деген деген тақырып өте кең ауқымды әрі өзекті, ғылыми айналымға түскен сала.

Абай дәстүрінің Шәкәрім шығармашылығындағы жалғастығын зерттеген ғалым Б.Әбдіғазиевтің пікірін негізге алсақ: «Абай дәстүрі – қазақ әдебиетінің даму тарихында заңды жалғасын тауып, жан-жақты байып келе жатқан асыл арна», - дейді. Қазақ әдебиеті тарихында Абайдың әдеби мұрасын жоғары бағалап, алғаш пікір білдірген қалам қайраткерлері – Алаштың ардақты азаматтары. ХХ ғасырдың басында-ақ Алаш арыстарының бірі Ахмет Байтұрсынов Абайға «қазақтың бас ақыны» деп, ал Мағжан Жұмабаев «хакім ақын» деп, Сұлтанмахмұт Торайғыров «ақындар пайғамбары» деп лайықты бағаларын берген.

Қазақ халқының ой алыптары Абай және Шәкәрім тағдыры мен шығармашылығында ұқсастықтыр мен айырмашылықтар бар. Олардың есімдері ылғи бірге аталады: аға және іні, рухани туысқандар, ұстаз және шәкірт, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан.

Екі ой алыбы өз туындыларында қазақтың қоғамдық ой санасындағы шешуші әрі күрделі философиялық тақырыпты көтеріп, оның өзегіне айналған жантану ілімін танып білу жолында толассыз ізденіске түскен.

Қазақ фольклоры, шығыс классикасы, батыс мәдениеті екеуіне ортақ дүниетанымның қайнар бұлағы болса, осы дүниетанымды игеруге көмектескен өз тәлімгерлері болған. Ағартушылық жолына, ғылым жолына мені әкелгендер деп Абай ағасы Халиолланы, әжесі Зерені, орыс достарын атап кеткен. Ал, Шәкәрім шәкірттік ризашылығын атасы Құнанбайға, ағасы Абайға білдірген.

Шәкәрім Құдайбердіұлы 16-17 жасынан бастап Абайдың ықпалымен өлең жаза бастайды.

«Мынау Абай бір ғалым жол шығарлық

...Кісі емес, ескерусіз бос қаларлық»,

- деп жазады ол алғашқы өлеңдерінің бірінде. Бірақ жасында шығармалық еңбек жазумен онша әуестенбей, Шәкәрім ел ішінің жұмыстарына көбірек айналысады, оқиды, ел аралайды, жылқы бағады, аңшылықпен айналысады, ауыз әдебиетінің байлығынан үйренеді, тарихи деректер жинап, кейін шежіре жазады. Оның жазушылыққа біржола ден қойып кірісуі қырық жасынан, яғни 1898 жылдардан басталады.

Шәкәрім Батыс пен Шығыс елдерінің әдебиетіне көз жіберді. Пушкин мен Толстойды, бертінде Некрасовты ұстаз тұтты. Ол Шығыс әдебиетінен Қожа Хафиз, Науаи, Физулиді жоғары бағалады. Ол «Дубровский» аудармасының алғы сөзінде былай деп жазған:

Айтқан сөзі ауруға ем, жанға құмар,

Тауып айтқыш тәтті тіл, сайраушылар.

Байрон, Пушкин, Лермонтов, Некрасов,

Қожа Хафиз, Науаи Физули бар.

– деп Пушкин мен Толстойды Абай қандай сүйсе, Шәкәрім де сондай сүйеді.

Абай өзінің мұрасымен классик ретінде танылып қана қоймай, өзіне тән дәстүрі бар ақындық, адамгершілік, ағартушылық мектебін ашқан, өз маңайындағы шәкірттері қанаттанып ұшуына үлкен ықпал жасаған ұстаз ретінде танылады. Белгілі абайтанушы М. Әуезов көрсеткендей, қазақ еліндегі басқа ақындармен салыстырғанда Абайдың үлгісін алған шәкірттері болуы – тарихи жаңалық.

Ақылбай, Әріп, Уәйіс, Әубәкір, Бейсембай, Кәкітай, Көкбай, Шәкәрім – Абай мектебінің мақтанашы, жаңашыл, ойшыл, ағартушы, тәлімгер болған тұлғалар. Қанымен, жасымен, рухымен ұстазына ең жақын болған – Шәкәрім.

Шығармалық өнерінде Шәкәрім Абай қандай бағыт ұстанса, сондай бағыт ұстанған. Барлық шығармаларының идеясы қазақ қоғамын еңбекке, мәдениетке, адамгершілікке, әділдікке шақыру болады, адал махаббатты жырлайды, әлеуметтік теңсіздікті сынайды, соның ішінде әсіресе әйел теңдігінің жыршысы болады, әйелдерді кем санап, тағылық, деспоттық жасаушыларға қарсы шығады.

Тақырып, мазмұн жақтарынан ұстаз бен шәкірттің өлеңдері, карасөздері ұштасып жатады. Абайдың тәлімдік, тәлімгерлік таланты Шәкәрімнің сегіз қырлылығында өз көрінісін табады. Ұстазында кездесетін, өзіне дейін қазақ мәдениетінде ұшыраспайтын құбылыстарды дамытқан. Қазақ халқының этногенезі туралы Абай екі ауыз сөз қалдырып, сол сөзінде этногенезді зерттеу бағдарын анықтаған. Абайдың тапсырмасымен 19 жасынан мәліметтерді жинаған Шәкәрім мазмұн және форма жағынан ерекше «Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресін» құрастырған. Өзге дәстүрлі шежірелерден айырмашылығы – тек қана жүздер мен рулардың пайда болуы туралы аңыздардың жазба түрдегі жинағы емес, бұл автордың қазақ елінің тарихи санасын, ұлттық сезімін жоғары көтеретін тәлімдік ойлар қорытындысы еді.

Ұстазы Абай сияқты Шәкәрім де алдымен реалист ақын. Жоғарыда айттық, ол да шығармаларында өмір шындығын, әлеуметтік қайшылықтарды, өткендегі үстем таптың зорлық-зомбылығын, бұқара халықтың ауыр күйін жырлайды. Дәулетті таптың өкілдерін ақын мынадай сөздермен шенейді:

«Мақсаты жаман жанды өзі білмек,

Ол қашан өзгелерді көзіне ілмек.

Сатса мейлі, қонаққа сойса мейлі,

Халықты қой есепті айдап жүрмек».

Ол ағасы Абай сияқты, өлеңді өнер деп білген, оған мол талантын, еңбекқұмар жігерін барынша жұмсап, қасиет тұта кіріскен. Оның әрбір өлеңі ұйқасқа қысылмайды, сөздері сара-сара, мағыналы да терең мазмұнды да, бейнелі де кестелі.

«Ән - өлшеуіш, өлең – күміс,

Қоспаңыз мыс аралас.

Артық алу, не кем салу

Қапы қалу жарамас...»,

- дегенді өзі ұстанып, өлеңнің буынына, әрпіне, ауаздылығына, әсерлілігіне қатты көңіл бөледі.

Сондай-ақ Абайдың «Қарасөздері» - қазақ философиясының негізгі ой түрткісі болса, Шәкәрімнің «Үш анығы» - қазақ философиясының шыңы. Форма жағынан Абай туындысы әдеби эссе болса, «Үш анық» - трактат.

Оқырмандар жақсы түсініп, берік меңгеріп, есте сақтауына ыңғайлы болуы үшін трактат стилі қолайлы, өз ойларын автор бірнеше рет қайталап жазады, негізгі дәлелдерін келтіреді, қорытындысын анықтайды. Араб, орыс терминдерін міндетті түрде қазақ тіліне аударады, дербес терминдер ұсынып, қазақ тіліндегі философиялық категориялар, атаулар негізін қалайды.

Екі ойшылды қызықтырған жан мәселесі. Табиғат өлсе де жан өлмес деген Абайдың пікірін Шәкәрім түрлендіреді. Оның пайымдауынша, дүниедегі барша нәрсенің жаны бар, жан өлмейді, өзгереді, өзгерген сайын өседі, жоғарылайды: сезімді жан (инстинкт), аңғарлық жан (сознание), ойлайтын жан (мысль), ақылды жан (ум).

Жан мәселесін зерттегенде Шәкәрімнің буддизм қағидаларымен таныс болғаны шығармаларынан белгілі. Кәктайдың айтуынша, Абай буддизм негіздерін зетрреп үлгермедім деп өкінген екен. Абай мен Шәкәрім екеуіне ортақ ой – діндердің бәрі шатақ, екеуі де соқыр дінге, жұртты жеген молдаларға қарсы шыққан. Бірақ екеуі де негізгі діни қағидаларды жоғары рухани-құлықтық (моральдық) қағидалар деп түсіндірген.

Қазақ поэзиясының асқар шыңы Абай қалдырған шығармашылық дәстүрді жалғастыра отырып, өз жаңалықтарымен байыта өрнектеген Шәкәрім Құдайбердіұлының көркем мұрасы төл әдебиетіміздің асыл қазынасы іспетті.

Ақын қазынасы көптеген өлеңдер мен поэмалардан, мысалдар мен нақылсөздерден, әңгімелер мен философиялық толғаулардың негізінде құралғанын білеміз. Оның қай туындысын алып қарасақ та жаңа лебімен, сазды үнімен, ойлылығымен, сұлулығымен ерекшеленіп, оқырманды баурай түсетіні анық. Шәкәрімнің танымдық әлеміне Абай мұрасы арқылы кіру – ұтымды боларына айрықша ден қою керек, өйткені бұл жол жантану ілімін танып білуде адастырмас темірқазығымыз.

Екі ой алыбы өз туындыларында қазақтың қоғамдық ой санасындағы шешуші әрі күрделі философиялық тақырыпты көтеріп, оның өзегіне айналған жантану ілімін танып білу жолында толассыз ізденіске түскен.

Алдымен, Абай өз поэзиясында 1889 жылдан өмірінің соңына дейін түп иені танып білу жолында жүрек культін көтере жырлау арқылы толық адам ілімінің негізін салуға батыл қадам жасауға ұмтылды. Бұл ұмтылысты Шәкәрім дәстүрді жалғастыра дамыту арқылы XІX ғасыр аяғы мен XX ғасыр басындағы әдебиетте философиялық лириканы классикалық биік деңгейге көтере білді. Әсіресе, бұл өте күрделі, шешуі қиын мәселені Шәкәрім XX ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің ояну дәуірінде мүлде тереңдей зерттеп, соны танып, тың ойлар желісін тартты. Әрі оны философиялық лирика табиғатына сай молынан қамтып, зерттеп терең мән бере қарады. Анығына келсек, Абай мен Шәкәрімдегі философиялық лириканың өзекті тақырыбына айналып отырған аса күрделі де ұғынуы қиын ғарыштық танымдағы жантану ілімі туралы мәселе таза ақыл қуатымен танып жырланған өзіндік қайталанбас терең сыры бар тылсым құбылысқа айналды.

Қазақ поэзиясының биік белеске көтерілуіне, әдеби тілдің ауқымының кеңеюіне Абай шығармашылығығының үлкен үлес қосқаны анық. Шәкәрім де Абайдан соңғы қазақтың ең көрнекті тұлғаларының бірі. Абай мен Шәкәрімнің мол әдеби мұрасынан өзгеше мәдениет, кең өріс, бедерлі өрнек танимыз. Қос ақынның өлеңдерінде, поэмаларында, философиялық ой-толғауларында бір пендеге ғана емес, бүкіл адамзатқа тән сырлы мұң жатыр. Бұл өлең өрісін, өнер көкжиегін айқындайтын биік меже. Біздің туған тілімізде, ұлттық әдебиетімізде Абайдан соң ғана мүмкін болған биік жетістік. Шәкәрім Абайдан соңғы ең танымал есім, ең көрнекті тұлға. Сондықтан да қос алыптың шалқар дүниетанымы, нұрлы жаны, талантты тебіренісі, өзгеше бітімі, биік мақсұты, ақыл-ой тереңдігі қазақ халқының арымайтын рухани биігі болып қала бермек.

АЛДАБЕРГЕНОВА А.Қ.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және

әдеби-мемориалдық қорық-мұражайының ғылыми қызметкері,

Филология магистрі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Әбдіғазиев Б. Асыл арна. – Алматы: Қазақ унивеситеті, 1992. – 128 б.
  2. М.Мырзахметов. «Абай жүрген ізбенен». Алматы, «Қазақстан», 1985ж.
  3. «Мұтылғанның» тағдыры (Құраст. - Ж.Әубәкір).– Семей. - Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы, 2011.- 267 б.
  4. Мырзахмет М. Абайтану тарихы. - Алматы: Ана тілі, 1994.- 192 б.
  5. Ш. Құдайбердіұлы Шаһкәрім шығармаларының үш томдық жинағы. Алматы: Халықаралық Абай клубы, 2008ж.
  6. «Абай» журналы № 1-2, 1995ж.
  7. Шәкәрім шығармашылығының дәстүрлік және көркемдік негіздері. – Алматы: Кенже-пресс. 2000. – 214б.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар