Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай-175
Абайды көрген Қалайы ақын...

11.05.2020 5117

Абайды көрген Қалайы ақын 12+

Абайды көрген Қалайы ақын - adebiportal.kz

Алтай – түркінің түп бесігі, қазақтың байырғы мекені. Алтайдың әр тауы, әр тасы – бағзыдан бергі бабаларымыздың басынан өткен тарихтың куәсі. Бұл – жай бір жаза салған жаттанды, жауыр сөз емес. Мысалы, біз туып-өскен Үш Ойғыр өлкесінде әлденеше шақырымға созылған тас бетіндегі ескерткіштер мен сын тастар бар. Дайын-Сырғалыда да мұндай сын тастар мен жазулардың талайы бар. Осы өлкеде, яғни Алтайдың күншығыс бетінде өмір сүретін Баян-Өлгей қазақтары – біртұтас қазақ әлемінің шағын бір бөлшегі ретінде өмір сүріп жатыр. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарына дейін Атажұрт Қазақстанмен тікелей шекара арқылы қарым-қатынас жасасып келді. Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақбоз аты» ол кезде ешқандай қиял емес еді. Қазақ шекарасының шеткі аулынан күн көтеріле шыққан салт атты жолаушы шаңқай түсте біз туып-өскен өлкенің шеткі ауылына жетіп-ақ келер еді. Амал не, ертеңін ерте ойлаған іргелі жұрттар ортаны шекара сызығымен бөліп қойған.

Шекара сызығы демекші, бала кезімізде, біз туып өскен ауылда арғы бетте қалған төркінін, туыстарын айтып, мұңлы бір әуенге салып отыратын әжелер көп еді. Арғы бет дегеніміз – Алтайдың Қытайға, Совет Одағына қараған шекарасының іші. Катонқарағай, Шүй, Қаба-Қанас, Буыршын, Бурылтоғай т.б. жер-судың аттары – өзіміз көрмесек те, сол әжелеріміз арқылы құлаққа біршама қанық еді.

«Туған жерім-ай, елім-ай, қайран туысқан бауырларым-ай», - деп өксігенде өзегі өрт болған ол кісілердің сағыныштан туған мәңгілік қасірет-күйігін үлкендер болмаса, сол кезде кішкентай бала біздер түсіне алған жоқпыз. Қазіргідей ары-бері сапырылыс емес, ұшқан құс, жорғалған аңнан өзге жан иесі аса алмас, мелшиген меңіреу шекаралар еді ғой, ол заманда.

Бұл күндері сол әжелердің бәрі де туған ел-жер, аға-бауырына деген сарытап сағыныштарын жүрегінде сақтаған бойы мынау пәни жалғаннан мәңгілік бақиға озып кеткен. Біз осындай өкісікті күйді бастан кешіп өткен аналардың бірі, ел-жерге деген сағыныш күйін өлең-жырмен өрнектей жүріп, соңына әдеби мұрасын, өнерсүйер ұрпағын қалдырған ақын Қалайы Дөненбайқызы туралы сөз қозғамақпыз.

Айта кетерлігі, Қалайы ананы өз басым көрген жоқпын. Мен өмірге келерден он жылдай бұрын Қалайы әже өмірден өтіпті. Ес біле бастаған бала кезімде ол кісінің ұл-қыздарының өзі немере сүйіп үлгерген кісілер еді. Қалайы әженің немере-шөберелерімен тай-құлындай тебісіп ойнап өстік, кейбірімен мектепте бірге оқыдық. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдар соңы, сексенінші жылдарында біздің Ойғыр-Соғақ елінің той-томалақтарында «Қалайының айтысы», «Қалайының сөздері» деп, өлең-сөзге бейім үлкендер жиі айтатын. Қалайы ақынның аты құлаққа осылай етене болған еді. Кейіннен жасымыздан есімі құлағымызға сіңген бұл ақын әжеміздің өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтерді іздестіре бастадық.

Қалайы Дөненбайқызының өлеңдері мен айтыстары баласы Байғалым Жүкейұлының жинақтап тапсыруымен 1971-жылы Өлгей қаласында жарық көрген «Замана жыршылары» атты жинаққа енгізілген екен. Бұдан өзге «Шұғыла» журналына бірнеше өлеңі жарияланған. Және Байғалым ақсақалдың анасы туралы жазған эссесі бар. Барлық мәлімет осы. Сонымен Қалайы Дөненбайқызы кім?

Жоғарыда аталған «Замана жыршылары» атты жинақта ақынның қысқаша өмірбаяны берілген: «Д.Қалайы – Улаанхус сұмыны Үш ойғыр өлкесінде қарапайым малшы семьясында малшылық кәсіпшілікпен өмір сүріп өткен ана. Туған жері – Сответтік Шүй өлкесі», - дей келе, ақынның жасында молдалардан оқып сауат ашқаны, айтысқа түсіп, өзі де өлең шығарғаны, халық жыр-қиссаларын жатқа айтқан жыршы болғандығы, 1891 жылы туып, 1964 жылы өмірден өткендігі қысқаша ғана баяндалған.

Бірақ ақын ұрпақтарының айтуынша, Қалайы ананың туған жері Шүй өлкесі (қазіргі Ресей Федерациясы, Алтай Республикасы, Қосағаш ауданы) емес, қазіргі Қазақстан аумағы болса керек. Оның да өзіндік дәлелдері бар және мұны мақала барысында қарастырамыз. Жалпы ақынның туған жері Шүй өлкесі деп айтылуына ақын өлеңіндегі мына шумақ себеп болса керек:

Жататын Шүй басында қаратайым,

Жан едім қашаннан-ақ қарапайым.

Жер аудым, дәм ауысып осылайша,

Өлең қылам жүрегім толған сайын.

Иә, Ресейге қараған Шүй басында найман ішінде алты қаратайдан тарайтын көптеген рулар мекендейтіні, күні бүгінге дейін мекендеп отырғаны рас. Қалайы ақынның келген жұртымен қоныстас, бір белдің астында ғана отырған бұл елдің қазағының көбі мұнда кезінде қазіргі Баян-Өлгей жері арқылы барған және қиын-қыстау күндері 1931-жылдарға дейін екі мемлекетте болса да бір-біріне үдере көшіп келіп пана тауып отырған, әрі туыстық байланысын үзбеген тағдыырлас қазақтар.

Қалайы ақынның кенже ұлы, айтыскер ақын, қырық жыл ұстаз болған ұлағатты қария Байғалым Жүкейұлының жазуынша, анасы қазіргі Қытайға қараған қазақтар ортасынан Қобда бетке, яғни Баян-Өлгей жеріне ұзатылып келген. Келген жері – Қобда бет қазағына танымал ел ағасы Бейсен зәңгі әулеті еді. Бейсеннің Садықтан туған немересі Жүкей Қалайыны сән-салтанатымен арғы беттен асырып әкеліпті. Дәм жазып жат жұртқа келген Қалайы қыздың ендігі ғұмыры Қобда бетте өтіп, еншісіне осы елдің бастан кешірген шым-шытырық шырғалаңы мен қызық-қуанышқа толы тағдырын өлеңмен бейнелеу тиген екен.

Қарадым жолға шығып бағанадан,

Бар ма екен, қыз сорлыда бағалы адам.

Жетер ме айтсам сәлем, қайран жерге,

Ызыңдап соққан желмен сабалаған, -

деп туған жерге деген сағынышын өлеңмен кестелей жүріп, өмірге төрт қыз, төрт ұл әкеліп қатарға қосып, ел қатарлы колхоздың жұмысын атқарып, ұрпақтарының ортасында бақытты ғұмыр кешсе де, Қалайы ананың өмір бойғы арманы – арғы бетте қалған туыстарын бір көру болған екен. Бұл турасында баласы Байғалым Жүкейұлы өз естелігінде былай деп жазады:

Айтсам, сайрап берер ем талай-талай,

Ол екең, бұл екең деп, қарайламай.

Бетіне Аякөздің шым бітеді,

Су қайда Жайсаң көлдей түбі сарай.

Балығы су түбінде ойнап тұрған,

Бұлбұлы жағасында сайрап тұрған.

Беу дүние-ай, ел-жерімді ойлап тұрам,

Жүйріктей кермедегі байлап тұрған. –

деп боталаған көздерін жаулығының ұшымен сүртіп қойып, тігін машинаның толассыз зырылдаған үнімен елтіп отыратынын енді ғана ойлап, өзіміз де сол қалыпқа түсетініміз қызық-ақ. Ел-жерімен қоса ата-анасын, бірге туған үш інісі (Қуанған, Жуанған, Зәкерхан), үш сіңілісін, (Қалампыр, Қампара, Дәнекер) өте көп есіне алатын. 1964-жылы шілденің 22-сі күні дүниеден, бақиға аттанар алдында, өзінен туған жанынан да артық көретін төрт ұл, төрт қызды біржола ұмытып, ұлдарын шақырса, Қуанған, Зәкерхан, Жуанған деп, қыздары мен келіндерінен көз айырмай тесіліп қарап жатып, Қалампыр, Қампара, Дәнекер - деп ат қойып алды. Қара жүрегін қақ айырып шыққан балалары үшін, аналық мейірімі шексіз төгіліп тұратын шешеміздің бұл ниеті, адам біткеннің бәрінде бірдей кездесе бермейтін, өте арлы, намысты, бауырмашыл, адамдық рухта болатын ірі құбылыс еді».

Біз Шүй қазағының, яғни қазіргі РФ Алтай Республикасы Қосағаш ауданының бүгінгі даңғыл көкірек шежіресі, осы елдің тарихы жайлы бірнеше кітап жазған Пионер Мұхтасыров ақсақал мен өзге де көзі қарақты адамдардан Қалайы ақын және әкесі Дөненбай жөнінде, жоғарыда аталған ұрпақтары туралы сұрастырғанда, әзірге ол кісілердің бұл өңірге қатысы жайлы еш мәлімет кездестіре алмадық. Осыған байланысты, Қалайы Дөненбайқызының Шүй өлкесіне қандай да бір туыстық қатынасы жоқтығына көз жеткізгендей болдық. Демек, жоғарыдағы өлең жолдарына қарап Қалайы ақынның туған өлкесі қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз, Зайсан маңы деген болжам жасауға негіз бар.

Және бір ескерерлігі, ақынның әкесі Дөненбайдың болыс болғандығы туралы да еміс-еміс мәлімет айтылады. Найман шежірелерін сүзіп, көзі қарақты кісілерге сұрау салғанымызда, Зайсан маңында сәл қиыспаушылықтарын есептемегенде, жоғарыдағы аталған есімдерге ұқсас адамдардың солар өмір сүрген мөлшерде болғаны және ол әулеттердің кезінде Қытай бетке өтіп шашырай қоныстанғаны белгілі болып отыр. Бұл дерек – найман дөртуылдың ақбарақ руының Көпен болыс билеген еліне қатысты. Осы болжамның бір сенім туғызатын тұсы: найманның Көпен болысы мен Көбеген ұлы Кәрібайдың құдаласуы туралы әңгімелерді Қалайы келін болып түскен елдің қариялары күні бүгінге дейін айтады.

Қалайы ақынға қатысты тағы бір қызықты жағдай бар. Ол – ақынның кішкентай кезінде Абайды көргендігі. Иә, Абай өмірден өткенде он үште екенін ескерсек, мұның толық мүмкін жағдай. Тағы да Байғалым Жүкейұлының естелігіне кезек берейік: «...Ол кісінің үнемі айтып отыратын әңгімесінде: «Данышпан Абайдың соңғы әйелі Дөненбай аулының қызы еді. Өте жас бала кезімде есіл ерді сыртынан көргеміз», - дейтін. «Кәкең (ауыл-аймағы бұл кісіні «Кәкем» деп атаған екен) Абайды көзімен көрген адам», - деп МХР-ға еңбегі сіңген мұғалім С.Шолтай аға да айтып отыратын. Адам болған соң кейде көңіл-күйден құлап, біреуге ренжігенде, Абайдың «Сегіз аяғынан» үзінділер айтып отыратын». Бұл бекер айтыла салған сөз емес болса керек. Ақынның шыққан елі мен жеріне қатысты мына бір шумақты да назарға ұсына кетелік:

Сұрасаң арғы атамды: арғын-найман,

Төртуыл, қазақ өтпес Қабанбайдан.

Қыздың дәмін алысқа жазған құдай,

Жер аудым дәм ауысып осындайдан...

Жоғарыда келтірілген шумақтардағы ру, жер-су атауларына қарап, расымен де Қалайы ақынның шыққан тегі мен елі Шығыс Қазақстан өңірімен байланысты екендігі анық. Ақынның әкесі Дөненбай туралы жіптің ұшығы қолымызға әлі тимей отыр. Мүмкін, осы мақаладан соң қолға тиер. Қазақ даласында орыс отаршылдығы әбден асқынған тұста ел қазағына бұйыртқан ең жоғарғы мәнсап – үш жылдық болыстық болып қалғаны белгілі. Патшалық Ресей билігінің «бөліп ал да билей бер» дейтін жымысқы саясаты улы жемісін беріп, ел іші партия болып алатайдай бүлінген бір замандарда Дөненбай әулеті де туған ел-жерден ауа көшіп, Қытай бетке кеткен болар, бәлкім.

Жалпы жұртқа белгілі жағдай – Абайдың Ділдадан кейінгі әйелдерінің шыққан тегі туралы айтқанда: Әйгерім Бекейқызы – арғын-тобықты ішінде жуантаяқ байшора, Еркежан Ибаққызы – арғын тобықты ішінде мәмбетей тасболат екені анық жазылған. Қарға тамырлы қазақ болған соң, бәлкім бұл аналарымыздың Қалайы Дөненбайқызы шыққан әулетке қандай да бір туыстық қатысы болуы да мүмкін ғой. Сондықтан да Қалайы ақын кішкентай кезінде ұлы Абайды көршілес жатқан найман еліне туыстық, құдандалдық жолмен келіп жүрген бір сапарында көрген де болар. Абайдың найман руларымен, әсіресе Қалайы өлеңінде айтылған Аягөз маңындағы елмен қарым-қатынаста болғаны туралы мәліметтер көп. Ал арырақ жатқан Зайсан өңірінде болды ма, жоқ па, ол турасында айтарымыз жоқ. "Абайды кішкентай кезімде көрдім", - деген Қалайы ақынның өмір жолы жайындағы шешілмеген бір жұмбақ осындай. Ендігі кезекте ақын өлеңдерінің мазмұны арқылы өзі өмір сүрген дәуірдің оқиғаларына зер салалық. Қалайы ақынның өлеңдерінде өзі өмір сүрген дәуірдің шындығы, өз көзімен көрген, басынан өткізген, ел өмірінде із қалдырған оқиғалардың сорабы мен суреттері бар.

Қобда деген жері бар,

Белес-белес белі бар.

Қоңыр аңдай елі бар,

Қопарылған кені бар, -

деп келін болып түскен елінің жалпы көрінісін, елінің мінезін сипаттаған ақын Қобда беттің шынайы тіршілік күйін, шаруашылық жүргізуге деген қолайлылық қалпын былайша толғайды:

Қобданың жері жазық, күні суық,

Табылмас жаңбыр жауса сынық уық.

Елінің мақтан етер байлығы сол,

Тоқты мен қызықтырар шыбыш туып.

Кезінде әйгілі Ақыт қажы Үлімжіұлы да Қобда беттің көп өңірі ну орман, ен тоғайға кедейлігіне, отынға тартықтығына қарап: «Ұлаңқұсын, Сақсайды: Оны несін мақтайды? Отыны жоқ суы жоқ, кемпір-шалы қақсайды», - деп жырласа, Қалайы ақын да Қобда беттің жазғытұрымғы сүркей бір кездерін осы сарында былай деп суреттейді:

Қар жатар Ағутының кезеңінде,

Соғақтың ел қыстайды өзеніне.

Қобдада қарағай мен тал тұрған жоқ,

Жүгірер бұл ілінсе, тезегіне.

Көрінген мұнан былай – Бағыбұлақ,

Бар дейді ар жағында тағы бұлақ.

Жерім деп осыны да мақтай ма екен,

Қоймайды қойға қозы, ешкіге лақ.

Қалайы ақын – айтар сөздің жүйесі келгенде, кемшілік, қиянатты көргенде, алдында тұрған кім болса да, тайсалмай айтып салатын батыл адам болыпты. Бұл турасында Байғалым ақын былай деп жазған екен: «Бұл кісіні, анамызды өзіміз, «Кәке» деуші едік. Айтулы тентек адам болды. Қандай топты қақ жарып, елдің сөзін сөйлейтін. Ешкімнің бет-жүзіне қарамайтын. Елдің мұң-мұтажын айтып жіберетін. Сондықтан ел ол кісіні алдына салып, өз ойларын жеткізуді қош көретін. Бірде тек өзі мен туыс-туғандарына тарта шешім шығаратын әділетсіз бақ бастығы: «Осы жолғы жер дауы мүлтіксіз дұрыс шешілді ғой», - депті. Сонда Кәкең тұрып: «Шешіміңіз қайдан дұрыс болады? Өзі шөп шықпайтын құнарсыз жердің ең тәуірін Дөйекеңізге бердіңіз, онан кейінгісін Жәйекеңізге бердіңіз. Енді мына шулап тұрған қорғансыз халыққа майекеңізді бересіз бе?» - депті. Әдейі Кәкеңнің пікірін тосып тұрған халық дүрк көтеріліп, жерді қайта бөліске салған екен.

Ел өміріне белсене араласып, ауыл-аймағында беделді келін атанған Қалайы ақынның өлең-жырлары, айтыстары жұртшылыққа кеңінен тарайды. Ақын өлеңінде өз дәуірінің кірбіңді күндері мен қуанышты сәттерінің мұңлы да жарқын суреттері бар. Сондай кірбіңді күндердің бірі – 1921-жылы күз айында Қобда бетке Сарсүмбеден асып келген қашқын ақ орыстың салған лаңы еді. «Атаманның ақыры» фильмінде суреттелгендей, Шыңжанда генерал Дутовты қызылдар өлтірген соң, оған бағынышты болған әскери құрамдар әр өңірде бас сауғалап кеткен болатын. Солардың бір бөлігі, генерал-лейтенант Андрей Бакич бастаған үш мыңдық қол Қытай жерінен қуылып, Қобда бетке жеткен соң, мұндағы елді атып-шауып, тонай бастайды:

Ақ қашып, қызыл қуып, тырағайлап,

Пысықтар елдің шетін жүр абайлап.

«Әркімнің бір ойы бар» дейтін қайда,

Қит етсе мен өлімді тұрам ойлап, -

деп мынау қамшының сабындай бес күндік жалғанда ажал мезетінің кез келген уақытта пенденің басына орнар алмағайып күйін айтады. Қобда бет қазағының айрандай ұйыған мамыражай, бейғам тірлігін тұтқиылдан келген жау, қашқын ақ орыстар іркіттей ірітеді:

Көшкенде осы жерден асып-сасып,

Елде ес жоқ, келген жаудан жүрген қашып.

«Арсылдап жауға дыбыс береді», - деп,

Ауылда ит біткенді тастады атып, -

дейді ақын. Осылайша, ақтардың салған ылаңына қарсы істер шарасы жоқ қойдан қоңыр ел шыбын жанын сақтау үшін жанталасқа түседі. Ақтың найзасы мен қылышынан келер төтен ажалдан қашқан ел үй-жай, мал-мүлкін тастап, сай-салаға безіп кетеді.

Итиген өң жоқ, түс жоқ, бүрсең қаққан,

Құтқармай кезі келсе малды да атқан.

Аяғы илеп қойған сабынды да,

Тамақ деп шайнай берер қарғыс атқан, -

деп кетеуі кетіп, моральдық тұрғыдан әбден азып-тозған ақгвардияшылардың сол тұстағы шынайы қалпын суреттеп, қарапайым халыққа жасаған жауыздығын ашына жырлайды. Жат елде қаңғырып тозып келе жатса да, қарулы әскердің аты – қарулы әскер. Сондықтан да Қобда беттің қойдан қоңыр елі бұл қаңғыбас жауыздарына еш қайран қыла алар емес:

Кемпір-шал жалбарынып тәңіріне,

Еріксіз отыр көніп отыр әміріне,

Жігіттер тауға қашып жоқ боп кетті,

Жоламай безініп жүр өз үйіне.

Мағжан Жұмабаев қазақ тіліне аударған орыс жазушысы Всеволод Ивановтың «Бала» атты әңгімесінде дәл осы өлкеде ақтардың бұлан-таланына ұшыраған қазақ ауылының аянышты күйі суреттелетін еді. Расымен де Қызыл Армияның тепкісіне шыдамай Қобда бетке өткен Кайгородов, Казанцев т.б. ақтың жүздеген адамнан құралған қалдықтары мұндағы елдің тынышын әбден кетіріп тұрған шақ еді. Бұлар – елді тонап, әбден тойынып іші пысқан қанішерлер болатын. Соларға қосылуды көздеп, ішерге тамақ, киерге киім таппай Алтайдың құба жонында сандалып келе жатқан Бакичтің жаяу-жалпы әскерінің салған лаңын бала кезімізде үлкендер қапалана, жырдай қылып әңгімелеп отыратын.

Үстінде киімі жоқ, аста көлік,

Ілініп бір-біріне әрең еріп.

Аямай сөйте тұра дінсіз кәпір,

Кезіккенді тоздырып, жатыр бөліп, -

дейді Қалайы ақын, Қобда беттегі момын елдің есінде «Бәкіш шапқан» деген атпен қалған тұтқиыл тонау, жазықсыз қырғын туралы.

Елдің де есі кетті басы қатып,

Жазғы жұрт, қашқын орыс табы батып.

Халқы үшін қара лақ боп алға шыққан,

«Жұртына кетті – дейді – Дөкейді атып».

Қалайы ақынның толғауындағы бұл оқиғалардың бәрі де өмірдің өзінен алынған шындық еді. Қазіргі Баян-Өлгейдің батысындағы Шеруші қошуны аталған елдің басшысы Дөрбетхан тәйжі Сүкірбайұлы ақтарға көмек көрсетуден бас тартқаны үшін Бакич оны інісі Дәлелханмен қоса тұтқындап, олармен не көрсем де бір көремін деп еріп жүрген немере ағасы Мұқа молла үшеуін кепілге ұстап отырып, ақыры Тұлбаның Қарасайы деген жерде атқызғанда, Дәлелхан қашып құтылып, екі ағасы сол жерде қаза тапқаны белгілі. Ақын жау шауып, әбден беймаза күйге түскен алаң көңіл елдің үрейлі де торыққан күйін шебер тілмен бейнелейді:

Бұл күйге ел ашынып кетті зарлап,

Қалмақшы, келсе шама жауды қармап.

Әр үйде қатын-бала үрпиісті,

Тұрғандай от басында ажал сарнап...

Қалайы ақынның қазақтың дәстүрлі қара өлең үлгісіндегі барлық жырлары құрылысы тұрғысында селкеусіз нық, мазмұнына орай идеясы айқын болып келеді. Бұл да болса ақынның ежелден өлеңге төселген машығының айқын көрінісі болса керек. «Қалайының жерді мақтаған өлеңдері» атты цикльді топтамада өзі ұрпақ жайып, өсіп-өнген өлкенің сұлу табиғаты мен ондағы жаны жайсаң еңбеккер халықтың тыныс-тіршілігін қоса алып жырлайды. Ақын өлеңдерінде шебер кестеленген сәтті кейіптеулер жиі ұшырасады. Мынау – Жасылкөлдің суреті:

Жасылкөл – жалғыз көздей, мөлдіреген,

Анадай қыз ұзатқан елжіреген.

Ел көшіп, күзек қуып құлдағанда,

Жайлауда жалғыз қалып селдіреген.

Қалайы ақын қазақ ауылының той-томалағында алыс-жақын өлкедегі мен деген ақындармен сөз додасы айтысқа түсіп, оларды өрелі ой, ұтқыр тілмен матап, жеңіске жетіп отырған. Ақынның айтыстары өз тұсында көп болғанымен, солардың арасында Әкежанмен, Аманбаймен, Базарғалимен айтыстарының үзіндісі ғана сақталған.

Коммунистік идеология билік құрған тұста Жамбыл бастаған халық ақындары биліктің саясатын елге насихаттауға тартылғаны сияқты, Қалайы ақынды да үкімет пен партия елге өз саясатын түсіндіруге бағыттағанын аңғарамыз. Себебі, «Әйелдерге», «Бірлестікке еңбек ет» т.б. өлеңдерінен осындай сипат байқалады. Ұрпақтарына арнаған өсиеттері мен өмірден көрген талқысы, келіні қайтыс болғандағы жоқтауы т.б. өлеңдері – ақынның терең ой, көркем кестесінен хабар береді.

Қолымнан дүние шіркін ұшпақпысың,

Келмейтін ұстауыма пұшпақпысың.

Кәрілік науқаспенен қабат келіп,

Екеуің екі жақтан қыспақпысың, -

деп күш кеміп, қайрат қайтқан дауасыз кәріліктің келгенін еріксіз мойындайды. Өзінің өмірлік ұстанымы жайлы ақын пәни жалғанды тастап кетер алдында былайша толғайды:

Көрмедім қабақ шытып денім сауда,

Мейілі айқассам да ата жауға.

Айқайлап азаматша шаппасам да,

Сан түстім еһелескен қия дауға.

Қалайы ақынның ақындық, жыршылық, айтыскерлік қырларына қоса он саусағынан өнер тамған ісмер жан болғандығы туралы баласы Байғалым Жүкейұлы былай деп толғанған екен: «Ерекше іскерлігімен ауыл-аймағына аты мәлім шешемізге, ел тапсырыс беріп тымақ тіктіруші еді. Төрт төбелі қазақ тымақты көбінде шетіне құндыз ұстаған қара қасқа пұшпақ тымақты, біздің шешеміз ғана істей алатын. Оны ел тіктіру үшін айлап кезек күтетін, сондағы алатын еңбек ақысы – «Рахмет!» - деген жалғыз ауыз сөз ғана. Көзіне көзілдірік киіп алып, шамның жарығымен үнемі түнде істеуші еді. Енді ойласам, қаншама баласы бар, малы бар, малшысы бар, анамыздың шаруасы ұшан теңіз, сонда да ешкімнің көңіліне дақ салмайтын, кең пейіл, дархан мінезіне таң қаласың». Жетпіс үш жылдық ғұмырында айналасына дархан мінезінің нұрын шашудан танбаған Қалайы ана соңына саналы тәрбиеленген салиқалы ұрпақ қалдырды:

Өмірден ойлаушы едім: кеш қалман деп,

Жаманды ақылы жоқ еске алман деп.

Жетпіс жыл жер бетінде ғұмыр кешіп,

Өкіндім: түк бітірмей кеш қалғам деп, -

деп өкінген ақын өзі жетпеген биігіне соңында қалған ұрпақтары жететіндігіне сенеді. «Әркімнің өзінің туған анасы – өзінің саялы нұры, шуақты күні. Анаға тең келер дүние бар ма екен шіркін?! Осындай қажырлы анамыз – біздің мақтанышымыз. Мәңгі өлмейтін, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып беретін, үлгі-өсиет, мұрағатымыз», - деп жазады баласы Байғалым Жүкей ұлы.

Мінеки, Атажұртта дүниеге келіп, тағдырдың жазуымен Қытай жеріне өтіп, одан соң Монғолия Алтайындағы қазаққа тұрмысқа шығып, сол елде ұрпақ өрбітіп, ақындық дарын-қабілетімен танылған, балалық шағында ұлы Абайды көрген Қалайы Дөненбайқызы туралы айтылар әңгіме осылай болды. Ақынның соңында оншақты өлеңі мен бірнеше айтыстары, әр түрлі жағдайда тауып айтқан ұтқырлыққа, өткірлікке құрылған сөздері қалды. Ана сүтімен дарыған ақындықтың арқасында өткен ғасырдың 70-90 жылдары Монғолия қазақтарындағы айтыс көшбасшыларының бірі болған кенже ұлы Байғалымнан өзге, Қалайы ақынның оншақты немере-жиендері айтыскер, ақын, әнші, музыкант ретінде өнер жолын қуған жандар. Жүкей ата мен Қалайы анадан тараған әулеттің көбі бүгіндері Атажұртта өмір сүріп, адал еңбегінің нәсібін теріп жүр. Абайдың көзін көрген Қалайы ананың төркін жұрты, олардың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы тың мәлімет табу – олардың да асыл арманы. Бұл да бір күні орайымен орындалары сөзсіз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар