Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Абайдың фольклорға көзқарасы...

17.07.2018 8820

Абайдың фольклорға көзқарасы

Абайдың фольклорға көзқарасы - adebiportal.kz

Абай өз халқының әдебиетін сүйе де,

сынай да білді. Ол өзіне шейінгі әдебиеттің

жақсы табыстарын дамытты, сол үлгіде

жаңартып, ілгерілетті, кемшілігін

қайталамады

Қ. Жұмалиев

Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,

Ойлансаңшы, бос қақпай елең-селең.

Қамшының келте сабындай қысқа ғұмырында “жақсы менен жаманды айыруға тиіс ақыл иесі – адам” (Абай) өміріндегі өлеңнің әлеуметтік маңызын дәлме-дәл анықтап, қорытынды пікірді бұдан асырып айту мүмкін де емес.

Халық ауыз әдебиетінің негізі өлеңмен қаланған. Жан тебірентер өмір құбылыстары өрнектелген лирикалық сазды жырлардың, елдің елдігін сақтай білген ерлік туралы, ер туралы таң мен кешті жалғастырған жыр-дастандардың да, “құланның қасуына мылтықтың басуы” дәл келіп қалғанда сақпанның тасындай сақ еткен қысқа болса да, дәл айтылған мерген сөз – мақал-мәтелдердің, шешендік нақыл сөздердің, қанатты сөздердің де поэтикалық өрнекпен, ырғақпен айтылатыны белгілі.

Жазу-сызу өнері дамымай тұрған кезде ауыз әдебиетінің үлгілері, әсіресе поэзия, халықтың рухани серігі болды. Ел намысы үшін атқа қонған ерлердің даңқын асырып, қажетті жерінде намысын қайрап, от пен суға түсірген, тең сөйлесіп келгенде Шыңғыс тұқымынан тараған хан әулетінің өздерін де айтқанына көндіріп, айдағанына жүргізген жыраулар (Асан қайғының Әз Жәнібекке, Жиембеттің Есімге, Бұқардың Абылайға айтқаны) мен “сөйлесе сөздің шешені, бастаса елдің көсемі” болған, қара қылды қақ жарған дуалы ауыз қариялар, аспандағы аққуға әнін қосқан әншілер, құйма құлақ қазына кеуде күйшілер, суырыпсалма, от тілді, орақ ауыз ақындар, түгел сөздің түйінін тауып, шешімін адам таппас дауларды сары майдан қыл суырғандай етіп таратып жіберетін шешендер халық ауыз әдебиетін жасаушылар болды.

Адамның ой-өрісін қалыптастырып, жас толқынға аға ұрпақтың ерлік өмірін, сөз мергендігі мен кемеңгер көсемдігін жеткізуде ауыз әдебиеті өз ролін тамаша атқарып шықты.

Ауыз әдебиеті үлгілерінің бүгінгі күнде де маңызы жоғарылылығына ешкімнің де таласы жоқ. Адамның дене күшін толықтырар ана сүті болса, оның рухани қуатының өсуінің қайнар көзі сөз жоқ әдебиетте: поэзия, прозалық туындылардағы кемел ой, көсем пікірмен әдіптелген кейіпкер бейнесінде жасырынған қаламгер қуатында жатыр.

Шоқан Уәлихановша айтқанда: “Бұл халықтың ертеден өзіне тән тұрмысында есте қалдырмаған бірде-бір маңызды оқиғасы, бірде-бір тамаша адамы жоқ деуге болады. Олардың бірін суырыпсалма ақындар не жыршылар жыр етсе, екінші біреулерінің атын кейінгі ұрпақ естерінде ұмытылмастай етіп белгілі бір сыбызғышы не қобызшы музыканттар тастап кеткен”.

Алайда, бұл әдебиеттің де бағыты мен бағдарын айқындап, жетістігі мен кемістігін таразылар, адасқанды жөнге салар, жеткіншекке жол сілтер сыншысы өз “Белинскийі” болмады.

Орыс поэзиясының даму кезеңдері туралы Виссарион Григорьевич Белинский былай деген болатын: “Сөз өнері өзінің әдебиеттік шын дәрежесіне жеткенше, сөзді көп талғамайды; жаман сөз де, жақсы сөз де өлеңге кіре береді де, сол күйі есте сақталып, жалпы сөздіктен орын алады.”

Бұл жағдай барлық ауыз әдебиетіне, әсіресе біздің ауыз әдебиетімізге тән нәрсе болды. Көптеген жырларда, әсіресе айтыс өлеңдерде, қайым айтыста, қара өлеңдерде ұйқас толтыру мақсатында айтылатын басы артық жолдар көптеп кездеседі.

Мысалы, Мұрат ақын мен Жантолы деген қыздың айтысында былай делінеді:

Мұрат: “Болғанда сары жұлдыз, қаз келеді,

Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.

Болғанша тапа-тал түс, ұйқың қанбай,

Деп пе едің қас әулие таз немені?”

Жантолы: “Болғанда сары жұлдыз, қаз келеді,

Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді.

Айтқаның қатын өсек, басыңа сын,

Құдаеке,-дардай етіп аз немені”,

- дейді.

Екі ақынның айтпағы - “талтүске дейін ұйықтайтын тазды әулие деп едің” -деген пікір ғана.

Алдыңғы: “ Болғанда сары жұлдыз, қаз келеді,

Қыс өтсе, оған жалғас жаз келеді,

- деген тармақтардың айтар ойға еш қатысы жоқ, тек өлең жолын толтыру үшін ғана алынған.

Немесе қайым айтыстың мына үлгісін алуға болады.

Қыз: Атымды шешем сүйіп қойған Еркін,

Той болса түзетемін қамшат бөркім,

Қолыңда еркің болса мені алғандай

Неше жүз үйіңде бар сенің жылқың ?

Жігіт: Атыңды шешең сүйіп қойған Еркін,

Той болса түзетесің қамшат бөркің,

Ер күшінен тау аударылар деген бар ғой,

Алармын, болмаса да жалғыз жылқым.

Ауыз әдебиетіндегі осындай олқылықтарды көре, ұға білген Абай бұған былай деп баға берді :

“Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы,

Ол ақынның білімсіз бишарасы”

- деп өлеңде айтар ойға еш қатысы жоқ сөз қолданушылықты үлкен кемшілік деп танып, оған қарсы болды. Ондай ақындарды дәрменсіз, бишара деп жерлеуге дейін барады.

Қазақтағы өзіне дейінгі өлең үлгісін осылай сынап алған кемеңгер ақын адам баласы жасап келген мәдениеттің ең асылы сөз өнері туралы, ақындық туралы өзінің анық сыншылдық көқарасын танытатын шоқтығы биік туындысы “Өлең сөздің патшасы-сөз сарасы” өлеңінде өзі былай деп баға береді :

“Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы,

Қиыннан қиыстырар ер данасы.

Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,

Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы”...,

- дейді.

Мұнда Абай сөз асылы - өлеңге көркемдіктің жаңа шартын қойып, оның эстетикалық міндетін жариялайды. Алынған өлең шумағындағы ойдың түп қазығы өлең өнерінің таза үлгісін жасауды, ешқандай қоспасы жоқ өнер тілін жасауды алдына мақсат етіп қойған білімдар ақынның өзіне ғана емес, өзінен кейін де өлең өнеріне құлаш ұрмақшы жас дарындарға белгіленген меже, зор міндет, үлкен талап екенін ұғу еш қиын емес.

Абай бұл туындысында өлеңді биіктететін қасиеттер мен оны төмендететін олқылықтарды да ең алдымен ашып жазады.

Шын жақсы өлең даналықтың айғағы. Абай айтар ойы да терең, сыртқы түрі мен ішкі мазмұны келіскен, айтары мол, сырлы өлеңді аңсайды. Ондай өлеңді ердің ері, дананың данасы ғана жаза алмақ дейді.

Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы,

Сонда да солардың бар таңдамасы.

Іші - алтын, сырты- күміс сөз жақсысын,

Қазақтың келістірер қай баласы ?!

Осылайша армандап, аңсап отырған ақын, өзіне дейінгі айтылып жүрген өлең-жырлардың бұл деңгейге әлі де болса көтеріле алмай келуінің шын себептерінің барлығын дәлелдеп береді. Айтушы мен тыңдаушының білімі жетіспей, надандықтың шырмауында жүргендігінен поэзияның өз биігіне шыға алмай , зор қасиеті танылмай жүргендігін тап басып таныды. Сөз қадірін кетірушіліктің басы сол баяғы сатымсақтық, тіленшілік екенін ешбір бүркемелемей айтады.

Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,

Мақтау өлең айтыпты әркімге арнап.

Әр елден өлеңменен қайыр тілеп,

Кетірген сөз қадірін жұртты шарлап.

Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,

Жиса да, бай болмапты, қанша малды ап.

Қазаққа өлең деген бір қадірсіз,

Былжырақ көрінеді солар дандақ.

Абайға дейін өлеңге, ақындыққа осындай үлкен мақсат, әлеуметтік міндет жүктеген, өлеңдегі талғамсыздықпен бел шеше күрескен ойшыл, зерделі өнер иесі, білімдар ақын, мықты сыншы болған емес.

Ал , Абай бұл салада алғашқы ақын. Алғашқы ізашар жасаған жаңашыл ақын.

Сәбит Мұқановша айтқанда: “Ақын біткеннің бәрі данышпан емес, данышпан біткеннің бәрі ақын емес. Ал Абайда екеуі де болған”.

Өз дәуіріне дейінгі және өз тұсындағы көркемөнердің биігі болып табылатын поэзияға, әдеби танымға, көзқарасқа, ақындыққа ешбір академия бітірмей-ақ сындарлы пікір, салиқалы ой айту Абайдың үлесіне тиді.

“Зер қадірін зергер білетінін” растағандай, сөз қадірін алысқа бармай-ақ танып, орнықты пікірімен асыл мен жасықты ажырата танытып, сөз өнерінің тоқымын қағып, киізін білектеушілерге дұрыс жол сілтеп, өлең өнерінің асыл затын танып, жыр жазудың бұлжымас ережесін жасаған біліктілігін даналықтың, данышпандықтың қай қырына жатқызсақ екен ?!

Абайдың “Біреудің кісі өлсе, қаралы ол” деген өлеңі - “өзінің өлең өнері туралы, ақындық туралы көзқарасы толысып, кемелденіп, өмірлік мақсаты айқындала түскен шағындағы шығармашылыққа, өлең құдіретіне деген, оның көпшілік, қалың қауымға қандайлық игі ықпалы, қадір- қасиеті бар деген төңіректен туындаған құнарлы көкірек көкірек толғаулары болса керек. Қазақ ауылы тіршілігінің адамдардың ғұмыр харекеті, бүкіл мән-мағынасы, салт-санасы, әдет-ғұрпы арқылы арқылы ең маңызды мәселеге ден қойдырмақ, жөн сілтемек. Ол- халықты халық ететін, халық, ел құдіретін мәңгі сақтайтын, ұрпақтың қолдан түсірмейтін туы - тілі мен діні, мәдениеті мен өнері.

Абай бұл туындысында ең алдымен қауымның әрекет-тіршілігіне көз жібереді. Айналаға сырлы сұрақ, саналы сауал қояды.

Адам жаны дүниеге келеді, жақсылы-жаманды, алла өлшеп берген өмірін өткізеді, сөйтіп пәниден бақиға көшеді. Тумақ бар - өлмек бар, бұл - өмір заңы. Мәңгілік жасайтын құдайдың еш пендесі жоқ. Сондықтан да “біреудің кісі өлсе қаралы ол”, қайғылы бой, жан жүрегі жараланбақ, көз эасын тыймай, тыя алмай жыламақ, қасірет тартпақ, шер төкпек, зарлап жоқтау айтпақ, мұңды әнге салмақ. Неге ?! Неге десеңіз, өлеңмен шер шығару - адамға қуат бермек, жанын жұбатып, бойына жігер екпек, нұр құймақ, сенім сеппек. Кімге сенеді, неге сенеді? Келешекке, жалғасар жарық дүниеге сенеді, қайта келер басқа ештеңе де жоқ. Өнер ғана өлімге араша тұрмақ, қарсы болмақ.

Жарық дүниенің үрдісі “күйеу келтір, қыз ұзат, тойыңды қыл”.

Бала – адамның базары, өмірдің қызығы. Дүниеге шырылдап мирас келсе, мәз-мәйрам боп, қуаныш шілдехана тойыңды жаса; ұлың ер жетсе үйлендіріп , “Қынаменде, жар-жар мен беташар” ғып өлеңдетіп, думандатып, тойыңды жаса. Өйткені өлең - адам жанының гүлі, уақытының мәні мен сәні. Өйткені, өлеңсіз өмір жоқ.

Ұлы ойшыл ақын ақ пейіл, сері мінез жұртына елең-селең жүрмеуді ұқтырмақты мақсат тұтқан.

Рас, қайсы біреу “өлеңді айтпақ түгілі ұға алмайды”. Бірақ ұға алмасаң да құп ал. Жақсы тыңдаушы болып, айтылған жайдың үдесінен шығуға тырысу керек. Сен өлең білмейді екен деп көкірегі күйлі жан үнсіз қалмақ емес, бұлбұлдай сайрап кетері анық. Өлең деген жаны жомарт адамға қиямет ауыр жүк емес. “Өлең деген әр сөздің ұнасымы. Сөз қосарлық, орайлы жарасымы”. Ойлы, мағыналы, түзу, тәтті сөзді қарыны тоқ, қас надан ұға алмайтынын, ал оны көкірегінің көзі бар, жаны сергек, асылды бағалай білетін азамат қана қадірлейтінін ақын соншалық шынайы шындықпен жайып салады. Ел арасында, ауыл ішінде айтқан әні, өлеңі үшін сый дәметіп, алақаны қышып, дүние қуғандарды қатты сынайды.

“Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан” деп сақтандырады. Өнердің, өлеңнің бағасы дүниемен, малмен есептелмейтін киелі қасиеті барын даналықпен ескертеді. Олай-бұлай жалтақтамай “түгел сөзді тыңдауға” үндейді. Өлең шығарған, жыр жазған арғы-бергі ақын-жырауларды да еске алады. Қазақ арасында аты қалған шешен-билердің өнеріне де бір ауық назар салу керек дейді.

Бұқар-жырау, Дулат-дүлдүл, Шортанбай-шайыр екеніне ешкім де таласпайды. Бірақ осындай салмақты ақын-жыраулардың жырларында орынсыз сөз қолданушылық кездесетінін, белгілі жайларды, көне сүрлеулерді шиырлап, уағыз айтып діни бағытта ұзақ толғап, шешенсіп кететіндіктерін ғана сынайды”. (Т.Әлімқұлов “Жұмбақ жан” )

Жаратушының берген үлкен өнерін өнер етіп ұстаудың орнына күн көрістің қамына жегіп, еңсесін түсіріп, төрдегі басын есікке сүйреушіліктен шын өнер тумайтындығын ескертеді.

Абай шын поэзияны қоғамдағы кемшіліктер мен олқылықтарды түзетуге шамасы келетін және жақсы мінез, биік адамгершілік қасиеттерді үлгі-өнеге ете отырып, адам баласын тәрбиелеуге ықпал ете алатын әлеуметтік күрестің мықты құралы деп таныды.

“Халықты тәрбиелейтін анық ұстаздық сөз өзінше бөлек бір алуан болсын. Онда терең оймен, ашық шындықпен аралас үлкен тәрбиелік мән, мағына болсын дейді”.

Бұрын қазақ тарихында болмаған жаңалықты әкелуші Абай ақын мен ақындық туралы, олардың қоғам тірлігіндегі міндет, мүддесі туралы өзіне үлкен өріс алып, бұдан кейінгі шығармаларында дәл осы өлеңде қалыптаған негіз бойынша әрекет етеді”. (М.Әуезов).

Өмірінің соңғы кезеңдерінде “ақ қағаз, қара сияны ермек қылған” кемеңгер ақын енді мәдениетті елдердегі үрдіспен өзінің бір алуан ойларын қарасөз үлгісінде жазуға көшті.

Бірінші қарасөзінде мал бағудан, ел бағудан, бала бағудан безініп шыққан ақын ендігі жолын өзіне етене жақын сөз өнерінен іздейді. Іздегенде өлеңнен емес, қарасөзден іздейді.

Өзі көрген, басынан кешірген “ғаділеті мол жүректің” сезгені мен білгенін талабы мол жасөспірімдерге, адамдық жолға талпынған, “ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректің” дегеніне көніп, өмірден мансап емес, адамшылықтың жолын іздеуші жандарға өмір, адам болмысы, мінез-құлқы мен пайда, мақтан, өнер, ғылым-білім, қазақтың мақал-мәтелдері туралы бұрын-соңды қазақ тарихында болмаған үлгімен ой бөліседі.

Өзінің жиырма тоғызыншы сөзінде данышпан Абай былай дейді :

“Қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар.

“Жарлы болсаң, арлы болма, - дейді. Ардан кеткен соң, тірі болып жүргені құрысын. Егер онысы: “Жалға жүргеніңде жаныңды қинап, еңбекпенен мал тап”, - деген сөз болса, ол ар кететұғын іс емес. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпен мал іздемек- ол арлы адамның ісі.

“Қалауын тапса, қар жанады”, “Сұрауын тапса, адам баласының бермесі жоқ” деген - ең барып тұрған құдай ұрған сөз осы. “ Сұрауын табамын, қалауын табамын” - деп, қорлықпен өмір өткізгенше, малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой.

“Атың шықпаса, жер өрте”, - дейді. Жер өртеп шығарған аттың несі мұрат ?

“Жүз күн атан болғанша, бір күн бура бол”, - дейді. Тәңіріге жазып, мінбей, түспей, арып, шөмеңдеп, диуаналықпен бір күн болған буралық неге жарайды ?

“Алтын көрсе, періште жолдан таяды”, - дейді. Періштеден садаға кеткір-ай! Періште алтынды не қылсын, өзінің көрсеқызар сұмдығын қостағалы айтқаны.

“Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті”, - дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғаннның тәтті дерлік не жаны бар? Ата-анасын малға сатпақ - ең арсыздың қылығы емес пе? Ата-анасы, шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да: ”Артымда балаларыма қалсын”,- дейді. Ол ата-анасын сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе ? Осындай білместікпен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек!”, - дейді.

Осы қарасөзіндегі мысалға алған мақалдардың мағынасына ғылыми талдау жасаған Абай ауыз әдебиетінің көркем үлгісі деп саналатын мақалдардың көпшілігінің мінін ашып, бәрінің де бірдей заман, өмір талаптарына, адамгершілік мұраттарына сай еместігіне тоқталады. Осынау мақалдардың қай кезеңде, қандай жағдайда айтылғандығына назар аудармай-ақ, олардың түпкі мағынасының, тәрбиелік мәнінің адамшылыққа жат, теріс түсінікте екендігіне оқырман назарын аударады.

Осы жиырма тоғызыншы сөзінен басқа бесінші, алтыншы қарасөздерінде де ақын қазақ мақалдарын сынап, олардың мінін тауып, тигізер пайдасынан зияны басымдығын айтады.

Мысалы бесінші сөзінде: “Түстік өмірің болса, кештік мал жи”, “­Өзіңде болмаса , әкең де жат”, “ Мал адамның бауыр еті ”, “Малдының беті - жарық, малсыздың беті - шарық”, “Байдан үмітсіз - құдайдан үмтісіз”, “ Қарның ашса, қаралы үйге шап ”, “Берген перде бұзар” деген осындай сөздері көп, есепсіз толып жатыр.

Бұл мақалдардан не шықты ? Мағұлым болды: қазақ тыныштық үшін, ғылым үшін, білім үшін, әділет үшін қам жемейді екен, бірақ мал үшін қам жейді екен, ол малды қалайша табуды білмейді екен. Бар білгені малдыларды алдап, мақтап алмақ екен, бермесе, онымен жауласпақ екен, егер малды болса, әкесін жаулауды да ұят көрмейді екен...” , - дейді.

Аталған мақалдарды мысалға ала отырып, олардың адам тәрбиесіне, өмірлік мақсатына тигізер кеселін айқындап, олардың мағынасының жалпы адамдық құндылықтардан аулақ жатқандығына қынжылады. Өз тұсындағы малдыларды арбап, алдап, не олармен жауласып, қулық-сұмдық жасау ұят емес те, малды қалай табуды ойлау олар үшін үлкен қайғы. Қазақтар қайғысыз болғанды ұнатады. Халықтың көпшілігінің ынтасы мал табуда. Ал оны адал еңбек, табан ақы, маңдай термен табу көп еңбекті қажет етеді. Осы жолға әлі де түсе алмай жатқан халық тек жас баладай армансыз болуды мақсат етеді. Осы бір берекесіз түсінік ақынды қатты қынжылтады. Қазақтың ғылым, білім үшін қынжылмай тек мал үшін қынжылуы жетімсіз іс. Ғылым-білім болмаса, соқыр тұмандай тұмшалап басып алған надандық пен қараңғылықтан құтылу еш мүмкін еместігін түсінбей жатқан елдің жағдайы Абайды еріксіз ойландырады. Елдің осындай болмысын, түсінігін таныған ақын : “ Жас бала қызыл ошақтан қорқушы еді, бұлар тозақтан да қорықпайды екен. Жас бала ұялса, жерге ене жаздаушы еді, бұлар неден болса да ұялмайды екен.Сол ма артылғаны ?

Қолымыздағыны үлестіріп талатпасақ, біз де өзіндей болмасақ, безеді екен. Іздеген еліміз сол ма?!” деген ащы оймен қорытынды пікір жасайды.

Өмір шындығына осылайша бойлаған ойшыл ақын қашанда ел жайы мен қамын ойлаудан, толғанудан бір сәтте болса да арылған емес.

Қолынан қаламы түскенше “ қалың елі, қазағы, қайран жұртына” адамшылықтың жолын нұсқап, өнер-ғылым үйреніп сарт пен ноғайдан, орыстан өнер - ғылым асырып, іргелі ел болудың жолында күрескен ақынның жеке өміріндегі еңсесін басқан қайғылардың, ел ішін жайлаған берекесіздік, “ алты бақан алауыздықпен, күш сынасқан күндестікпен шырқы бұзылған ”, ай-күннің аманында “басын дауға, малын жауға қор қылған” қазақтың “баяғы жартас күйінің” зілмауырдай салмағы адамды сүйген жүрегін жүрісінен жаңылдырып, қанын тасытып, өмір сапарының ерте үзілуіне себепкер болды.

Ұлы Абайдың ізгілік пен адамшылықтын жолын сілтеген “нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрегінің” берерін толық бере алмай мезгілсіз дүние салғаны өкінішті.

Абай поэзиясының жасампаздық қасиетін кемел таныған заңғар жазушы М.Әуезовтің: “Менің бала күннен бойыма сіңірген нәрімнің барлығы да Абайдікі. Абай деген дария ғой. Мен одан қасықтап қана алдым”,- дегені ұлы ақынның өмір, адамшылық жайлы, өнер жайлы қағидалары күллі қазақтың өмір сүру салтына, ережесіне айналар ма екен деген ізгі арманын өзінің “Абай жолы” деп аталатын роман-эпопеясында жарқын суреттеп бере алды. Тарихта болған Абай бейнесін көркемдік шындықпен әрлей отырып, ақынның күллі поэзиясы мен қарасөздерінде айтқандарын романдағы әрбір ісінің негізі, әрекетінің қозғаушы күші ретінде бейнелей алды.

Қалай деген күнде де кемеңгер Абай қара қордалы қазақ ауылында туып-өсіп, ат жалын тартып мінгелі сабақты тікелей өмірдің өзінен алып, күллі адамзат баласының өміріне негіз боларлықтай ой ордасын, пікірі мен қағидасын қалдырып кетті.

Осы айтылған ойларымызды жинақтай келіп, мынадай қорытынды жасауымызға болады деп санаймын.

Бірінші: Ауыз әдебиетінің үлгілерін өзі кемел меңгере отырып, оған сындарлы талдау жасай білді. Өлең өнерінің, ақындық өнердің шын бағасын беріп, жаңа өлшемін жасады.

Екінші: Қоғамдағы жасампаз тұлға - адамның адамдық қасиеттерінің қалыптасуына кедергі келтіретін барлық зиянды мәселелерді өлеңдері, қарасөздері арқылы әшкерелеп, оны жоюдың да жолы деп поэзияны таныды. Поэзияның әлеуметтік өмірдегі жасампаздық күшін бағалай білуді үйретті.

Үшінші: Өлең өнерінің тәрбиелік мәніне, айтар ойының дәлдігі мен көркемдігіне, оның мағына мен мазмұн жағынан көркем де келісті келіп, тыңдаушының эстетикалық сезімін тәрбиелеуге ықпалды болуына назар аударды.

Төртінші: Өзі поэзияға жоғары санатты талап қоя отырып, оны орындаудың биік үлгісін көрсетті, қазақ ауыз әдебиетінде бұрын-соңды кездеспеген, жазылмаған мәдениетті, парасатты поэзияны қалыптастырып, қазақ жазба поэзиясының бүгінгі биігінің негізін қалады.

Бесінші: Халықтың ауыз әдебиетінің бір саласы- мақалдардың мазмұны мен идеясына терең ғылыми талдау жасай отырып, пайдалылық пен зияндылық қасиеттерін саралап ашып беруге қол жеткізді. Өзінен кейінгі ұрпаққа оңды жол көрсете білді.

Жарқын ӘЛІ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар